2-КІШІ БӨЛІМ. ТАЛАП ҚОЮ ІСІН ЖҮРГІЗУ
14-тарау. ТАЛАП ҚОЮ
148-бап. Талап қою арызының нысаны мен мазмұны
1. Талап қою арызы жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында бірінші сатыдағы сотқа беріледі.
2. Арызда:
1) талап қою арызы берілетін соттың атауы;
2) талап қоюшының тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның туған күні, тұрғылықты жері, жеке сәйкестендіру нөмірі, ал егер талап қоюшы заңды тұлға болса, онда оның толық атауы, орналасқан жері, бизнес-сәйкестендiру нөмiрi мен банктік деректемелері; егер арызды өкіл берсе, өкілдің атауы мен оның мекенжайы көрсетілуге тиіс. Арызда, егер бар болса, талап қоюшы мен өкілдің ұялы байланысының абоненттік нөмірі мен электрондық мекенжайы туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс;
3) жауапкердің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның тұрғылықты жері, жеке сәйкестендіру нөмірі (егер ол талап қоюшыға белгілі болса), егер жауапкер заңды тұлға болса, онда оның толық атауы, орналасқан жері, банктік деректемелері (егер олар талап қоюшыға белгілі болса) мен бизнес-сәйкестендiру нөмiрi (егер ол талап қоюшыға белгілі болса). Арызда, егер талап қоюшыға белгілі болса, жауапкердің ұялы байланысының абоненттік нөмірі мен электрондық мекенжайы туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс;
4) азаматтың құқықтары мен бостандықтарын немесе талап қоюшының заңды мүдделерін және талап қоюшының талаптарын бұзудың немесе бұзу қаупінің мәні;
5) талап қоюшы өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар, сондай-ақ осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелердің мазмұны;
6) егер бұл заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе, жауапкерге жүгінудің сотқа дейінгі тәртібін сақтау туралы мәліметтер;
7) егер талап қою бағалауға жатса, талап қоюдың бағасы, сондай-ақ өндіріп алынатын немесе дауланатын ақшалай сомалардың есебі;
8) талап қою арызына қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Прокурор мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделер үшін берген талап арызда мемлекеттік немесе қоғамдық мүдденің мәні неден көрінетіндігіне негіздеме, қандай заңды мүдделердің бұзылғаны, сондай-ақ қолдануға жататын заңға сілтеме болуға тиіс. Прокурор жеке не заңды тұлғаның мүдделері үшін өтініш жасаған жағдайда, талап арызда жеке не заңды тұлғаның өзінің талап қоюды беруі мүмкін еместігінің себептеріне негіздеме болуға тиіс. Талап арызға, әрекетке қабілетсіз тұлғаның мүдделері үшін талап қоюды беру жағдайларынан басқа кезде, прокурордың талап қоюмен сотқа жүгінуіне жеке не заңды тұлғаның немесе оның заңды өкілінің келісімін растайтын құжат қоса берілуге тиіс.
4. Талап қою арызына талап қоюшы немесе талап қою арызына қол қоюға өкілеттігі болған кезде оның өкілі қол қояды. Талап қою электрондық құжат нысанында берілген кезде ол талап қоюшының немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 5-бөлікпен толықтырылды
5. Соттарға электрондық құжат нысанында құжаттарды беру, оларды тіркеу, өңдеу, олармен танысу құралдарын техникалық қолдану қағидаларын соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган бекітеді.
149-бап. Талап қою арызына қоса берілетін құжаттар
1. Талап қою арызына:
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) жауапкерлер мен үшінші тұлғалардың саны бойынша талап қою арызының және оған қоса берілген құжаттардың көшірмелері;
2) мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат;
3) өкілдің өкілеттігін куәландыратын сенімхат немесе өзге де құжат;
4) талап қоюшы өзінің талаптарын негіздеген мән-жайларды растайтын құжаттар;
5) дауды сотқа дейін реттеу тәртібінің сақталғанын растайтын құжаттар, егер осы тәртіп заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе;
6) егер дәлелдеме жауапкерде немесе үшінші тұлғада болса, талап қоюшының дәлелдемелерді талап ету туралы өтінішхаты;
7) егер талап қоюды заңды тұлға берсе, жарғының, мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің немесе анықтаманың көшірмелері қоса беріледі.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-1-бөлікпен толықтырылды
1-1. Осы Кодекстің 27-бабының төртінші бөлігінде және 28-бабының 2) тармақшасында көзделген тәртіппен берілетін талап арызға:
1) инвестор мен уәкілетті мемлекеттік орган арасында жасалған инвестициялық келісімшарттың көшірмелері;
2) инвестордың инвестициялық қызметін растайтын құжаттар қоса беріледі.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Электрондық құжат нысанында берілетін талап қою арызына осы баптың бірінші бөлігінің 2)-7) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың электрондық нысандағы көшірмелері қоса беріледі.
150-бап. Талап қою арызын қабылдау
1. Судья талап қою арызы келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны соттың іс жүргізуіне қабылдау туралы мәселені шешеді.
2. Талап қою арызын бірінші сатыдағы соттың іс жүргізуіне қабылдап, судья сот ісін жүргізу тілін көрсетумен бірге азаматтық іс қозғау туралы ұйғарым шығарады.
151-бап. Талап қою арызын қабылдаудан бас тарту
1. Егер:
1) арыз азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатпаса;
2) сол тараптардың арасындағы, нақ сол нысана туралы және нақ сол негіздер жөніндегі шығарылған дау бойынша, осы Кодексте көзделген негіздермен іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы заңды күшіне енген сот шешімі немесе сот ұйғарымы болса;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) төреліктің нақ сол тараптар арасындағы нақ сол нысана туралы және нақ сол негіздер жөніндегі дау бойынша қабылданған шешімі болса және бұл туралы сотқа белгілі болса;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) сол тараптар арасында, сол нысана бойынша және сол негіздер бойынша жасалған атқарушылық жазба болса, судья талап қою арызын қабылдаудан бас тартады.
2. Судья талап қою арызын қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарымды ол келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде шығарады, ол талап қоюға қоса берілген барлық құжаттармен бірге арыз берушіге табыс етіледі немесе жіберіледі.
3. Талап қою арызын қабылдаудан бас тарту талап қоюшының нақ сол жауапкерге нақ сол нысана және нақ сол негіздер бойынша талап қоюмен сотқа қайтадан жүгінуіне кедергі келтіреді.
4. Егер іс азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатпаса, соттың талап қою арызын қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарымында талап қоюшыға қай органға жүгінгені дұрыс болатыны көрсетіледі.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Талап арызды қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарымға шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
152-бап. Талап қою арызын қайтару
1. Егер:
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) талап қоюшы істердің осы санаты үшін заңда белгіленген немесе тараптардың шартында көзделген дауды сотқа дейін немесе соттан тыс реттеу тәртібін сақтамаса және осы тәртіпті қолданудың мүмкіндігі жойылмаса;
2) іс осы соттың соттылығына жатпаса;
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) талап арыз осы Кодекстің 148-бабының, 149-бабы бірінші бөлігінің 1), 2), 3) және 5) тармақшаларының, 1-1-бөлігінің талаптарына сәйкес келмесе және істі сот талқылауына дайындау сатысында кемшіліктерді жоюдың мүмкін еместігі анықталатын болса;
4) арызды әрекетке қабілетсіз адам берсе;
5) арызға оған қол қоюға немесе оны беруге өкілеттігі жоқ адам қол қойса;
6) осы немесе басқа соттың не төреліктің іс жүргізуінде сол тараптардың арасындағы, сол нысана туралы және сол негіздер жөніндегі дау бойынша іс болса;
7) егер заңда өзгеше көзделмесе, осы дауды төреліктің шешуіне беру туралы тараптар арасында заңға сәйкес келісім жасалса;
8) коммуналдық мүлікті басқаруға уәкілетті орган, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 242-бабының 3-тармағында көрсетілген жағдайды қоспағанда, жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын орган жылжымайтын затты есепке қабылдаған күннен бастап бір жыл өткенге дейін осы затқа коммуналдық меншік құқығын тану туралы сотқа жүгінсе;
9) талап қоюшы өзі берген талап қою арызын қайтару туралы мәлімдесе, судья талап қою арызын қайтарады.
2. Судья талап қою арызын қайтару туралы ұйғарым шығарады, онда, егер іс осы соттың қарауына жатпаса, адам қандай сотқа жүгіну керектігін, не азаматтық істі қозғауға кедергі келтіретін мән-жайларды қалай жоюға болатындығын көрсетеді. Ұйғарым талап қою арызы сотқа келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде шығарылуға және қоса берілген барлық құжаттарымен бірге талап қоюшыға тапсырылуға немесе жіберілуге тиіс.
3. Талап қою арызын қайтару, егер талап қоюшы жіберілген бұзушылықты жоятын болса, сол жауапкерге, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талап қоюшының талап қоюмен сотқа қайтадан жүгінуіне кедергі болмайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Талап арызды қайтару туралы соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
153-бап. Қарсы талап қою
1. Жауапкер істі сот талқылауына дайындау аяқталғанға дейін бастапқы талап қоюмен бірлесіп қарау үшін талап қоюшыға қарсы талап қоюға құқылы. Қарсы талап қою, қарсы талап қоюды қайтару, оны қабылдаудан бас тарту осы Кодекстің 148, 151 және 152-баптарында көзделген қағидалар бойынша жүргізіледі.
2. Егер жауапкер істі дайындау сатысында істі сот талқылауына дайындау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланбауы себебінен сот талқылауына қатыспаса, сот талқылауы барысында қарсы талап қою қабылдануы мүмкін.
154-бап. Қарсы талап қоюды қабылдау шарттары
Егер:
1) қарсы талап қою алғашқы талап қоюдың есебіне бағытталса;
2) қарсы талап қоюды қанағаттандыру бастапқы талап қоюды толық немесе ішінара қанағаттандыруды жоққа шығаратын болса;
3) қарсы талап қою мен бастапқы талап қою арасында өзара байланыс болса, ал оларды бірлесіп қарау дауларды неғұрлым жылдам және дұрыс қарауға әкелсе, судья қарсы талап қоюды қабылдайды.
15-тарау. ТАЛАП ҚОЮДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
155-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету үшін негіздер
1. Іске қатысатын адамдардың, төрелік талқылау тараптарының арызы бойынша сот істің қандай жағдайында болмасын, егер осындай шараларды қабылдамау соттың шешімін орындауды қиындатса немесе мүмкін етпейтіндей болса, талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қабылдай алады.
Төрелік талқылау тараптары талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызға төрелікке талап қоюды растайтын құжатты қоса беруге тиіс.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-бөлік өзгертілді
2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, қаржы ұйымына, сондай-ақ банк конгломератына бас ұйым ретінде кіретін және қаржы ұйымы болып табылмайтын ұйымға қатысты олар қайта құрылымдауды жүргізген кезде талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қолдануға жол берілмейді.
Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өз құзыреті шегінде қабылдаған, қаржы нарығындағы қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялардың және (немесе) оларға қосымшалардың қолданылуын тоқтата тұру және (немесе) олардан айыру, қаржы ұйымдарын консервациялауды жүргізу жөніндегі дауланып отырған құқықтық актінің, оның жазбаша нұсқамаларының, сондай-ақ қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өз құзыреті шегінде қабылдаған, қадағалап ден қою шараларын (қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шараларынан басқа) қолдану жөніндегі, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банкті өз депозиторлары мен кредиторларының мүдделеріне қатер төндіретін және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына жатқызу туралы, банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызу және оған реттеу шараларын қолдану туралы, дау айтылып отырған құқықтық актінің қолданылуын тоқтата тұруға қатысты талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қабылдауға жол берілмейді.
Салық тексерулерін жүргізу үшін негіз болып табылатын мемлекеттік кіріс органдарының дауланып отырған құқықтық актісінің қолданылуын тоқтата тұру түріндегі талап қоюды қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдауға жол берілмейді.
156-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар
1. Талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар:
2016.26.07. № 12-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.12.12. № 114-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1) тармақша өзгертілді
1) жауапкерге тиесілі және оның өзіндегі немесе басқа да тұлғалардағы мүлікке тыйым салу (банктің корреспонденттік шотындағы ақшаға және сауда-саттық ұйымдастырушылардың сауда жүйелерінде ашық сауда-саттықтар әдісімен жасасқан репо операциялары бойынша нысана не клиринг ұйымының (орталық контрагенттің) кепілдік немесе резервтік қорларына жарналар, сауда-саттық ұйымдастырушылардың сауда жүйелерінде ашық сауда-саттықтар әдісімен және (немесе) орталық контрагенттің қатысуымен жасасқан мәмілелер бойынша қамтамасыз ету болып табылатын маржалық жарналар болып табылатын мүлікке, сондай-ақ жалақы сомалары түсетін банктік шоттарындағы ақшаға тыйым салуды қоспағанда) болуы мүмкін.
Міндетті зейнетақы жарналарына, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына (олар бойынша өсімпұлдарға), зейнетақы активтері мен зейнетақы жинақтарына, мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерге, тұрғын үй төлемдеріне, тұрғын үй төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаға, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу мақсатында жасалатын шарттар бойынша міндеттемелердің орындалмауы туралы істер бойынша сот шешімдері негізінде өндіріп алуларды қоспағанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған жинақтар түріндегі екінші деңгейдегі банктердегі банктік шоттардағы ақшаға нотариус депозиті шарттарында енгізілген, «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша ашылған банктік шоттардағы ақшаға, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтеріне тыйым салуға жол берілмейді.
Шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасының және оның меншiгiнiң юрисдикциялық иммунитетiн бұзуынан келтiрiлген залалдарды өтеу туралы талап қоюлар бойынша шет мемлекеттің корреспондентік шотында Қазақстан Республикасының аумағында тұрған ақшаға тыйым салуға жол берiледi.
Жауапкерге тиесілі және банкте тұрған ақшаға тыйым салу түріндегі талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымда тыйым салынатын ақша сомасы көрсетілуге тиіс. Тыйым салынатын ақша сомасын талап қоюдың бағасын негізге ала отырып сот айқындайды;
2) жауапкерге белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салу;
3) басқа тұлғалардың орындау мерзімі жеткен міндеттемелер бойынша мүлікті жауапкерге беруіне немесе заңда немесе шартта көзделген өзге де міндеттемелерді жауапкерге қатысты орындауына тыйым салу;
4) мүлікті тыйым салудан босату туралы талап қойылған жағдайларда мүлікті өткізуді тоқтата тұру және (немесе) борышкердің мүлкін бағалау нәтижелеріне дау айту;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5) тармақша өзгертілді
5) мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының дауланып отырған құқықтық актісінің (қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өз құзыреті шегінде қабылдаған, қаржы нарығындағы қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялардың және (немесе) оларға қосымшалардың қолданылуын тоқтата тұру және (немесе) олардан айыру, қаржы ұйымдарын консервациялауды жүргізу жөніндегі құқықтық актіні, оның жазбаша нұсқамаларын, сондай-ақ қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өз құзыреті шегінде қабылдаған, қадағалап ден қою шараларын (қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шараларынан басқа) қолдану жөніндегі, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банкті өз депозиторлары мен кредиторларының мүдделеріне қатер төндіретін және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына жатқызу туралы, банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызу және оған реттеу шараларын қолдану туралы құқықтық актіні қоспағанда) қолданылуын тоқтата тұру;
6) борышкер сот тәртібімен даулайтын атқарушылық құжат бойынша өндіріп алуды тоқтата тұру;
7) кепіл нысанасын соттан тыс сату жөніндегі сауда-саттықтарды тоқтата тұру;
8) дауланып отырған актілерді және сот орындаушысының өндіріп алуды мүлікке айналдыруға байланысты атқарушылық іс жүргізуде жасайтын әрекеттерін тоқтата тұру болуы мүмкін.
2. Қажетті жағдайларда сот осы Кодекстің 155-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мақсаттарға сай келетін, талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі өзге де шараларды қабылдауы мүмкін. Сот талап қоюды қамтамасыз етудің бірнеше шараларын қабылдауы мүмкін. Осы бапта көрсетілген тыйым салулар бұзылған кезде кінәлі адамдар заңдарда белгіленген жауапты болады. Бұдан басқа, талап қоюшы талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды орындамаудан келтірілген залалдарды осы адамдардан сот тәртібімен өндіруді талап етуге құқылы.
3. Талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар талап қоюшының мәлімдеген талабына сай болуға және үшінші тұлғалардың жария мүдделері мен мүдделерін бұзбауға тиіс.
157-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды қарау
1. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды, егер ол талап қою арызына қоса берілсе немесе бұл туралы талап қою арызында көрсетілсе, азаматтық іс қозғау туралы ұйғарым шығарылған күні судья қарайды және шешеді. Қалған жағдайларда талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды судья арыз сотқа келіп түскен күні шешеді.
2. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды судья іске қатысатын адамдарға, төрелік талқылау тараптарына хабарламай, сот отырысын өткізбей қарайды және шешеді.
3. Судья арызды қараудың нәтижелері бойынша осы Кодекстің 156-бабында көзделген қамтамасыз ету шараларын көрсете отырып, талап қоюды қамтамасыз ету туралы немесе арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
158-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды орындау
1. Сот:
1) мүлік туралы мәліметтер болмаған кезде «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен борышкердің мүлкіне тыйым салу үшін аумақ бойынша тиісті әділет органына;
2) осы Кодекстің 156-бабы бірінші бөлігінің 6), 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру үшін аумақ бойынша тиісті әділет органына;
3) осы Кодекстің 156-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайда шығарылса, жауапкерге;
4) осы Кодекстің 156-бабы бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген жағдайда мемлекеттік органға немесе жергілікті өзін-өзі басқару органына;
5) осы Кодекстің 156-бабы бірінші бөлігінің 7) тармақшасында көзделген жағдайда кепіл ұстаушыға;
6) осы Кодекстің 156-бабы бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көзделген жағдайда әділет органына немесе мүлікке шектеулі билік етуді іске асыратын уәкілетті органға;
7) осы Кодекстің 156-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген жағдайда жауапкердің дебиторына;
8) даулы мүлікке ауыртпалықты салу үшін тіркеуші органға;
9) жауапкерге тиесілі және банк шоттарында тұрған ақшаға тыйым салу үшін банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға шоттардын нөмірлері мен нақтылы банк белгілі болған жағдайда оны дереу ұсыну үшін қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы өтінішхатты берген адамға талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды жібереді немесе табыс етеді.
2. Қамтамасыз ету шаралары қолданылған мүлік туралы мәліметтер болмаған жағдайда, соттың ұйғарымы орындау үшін аумақ бойынша тиісті әділет органына жіберіледі.
Өздеріне ұйғарым жіберілген органдар мен адамдар талап қоюды қамтамасыз ету туралы сот ұйғарымының орындалуы туралы оны орындау жөнінде қажетті әрекеттерді жасағаннан кейін бес жұмыс күні ішінде сотқа хабарлауға міндетті. Көрсетілген міндетті орындамау заңда көзделген жауаптылықтың туындауына әкеп соғады.
3. Қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы мәселе бойынша атқару парағы жазылмайды.
159-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету шарасын ауыстыру
1. Іске қатысатын адамның, төрелік талқылау тараптарының арызы бойынша талап қоюды қамтамасыз ету шарасының бірін басқасымен ауыстыруға болады.
2. Сот іске қатысатын адамдарға арызды қараудың уақыты мен орны туралы хабарлап, талап қоюды қамтамасыз ету шарасының бірін басқасымен ауыстыру туралы мәселені осындай арыз келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей шешеді, алайда олардың келмеуі осы мәселені мәні бойынша қарауға кедергі болмайды.
3. Судья талап қоюды қамтамасыз ету шарасының бірін басқасымен ауыстыру туралы ұйғарым шығарады.
Арызды қанағаттандырудан бас тартқан кезде сот бұрын таңдалып алынған талап қоюды қамтамасыз етудің шарасын ауыстыруға болмайтын уәждерді ұйғарымда көрсетеді.
4. Жауапкер талап қою бағасына тең соманы сот қабылдаған талап қоюды қамтамасыз ету шарасының орнына соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің депозитіне енгізуге құқылы.
160-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету шарасының күшін жою
1. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін сол сот іске қатысатын адамның, төрелік талқылау тараптарының арызы бойынша немесе өз бастамасы бойынша жоюы мүмкін.
Судья іске қатысатын адамдарға арызды қараудың уақыты мен орны туралы хабарлап, талап қоюды қамтамасыз ету шарасының күшін жою туралы мәселені бес жұмыс күнінен кешіктірмей шешеді, алайда олардың келмеуі осы мәселені мәні бойынша қарауға кедергі болмайды.
2. Талап қоюдан бас тартылған жағдайда талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде қабылданған шаралар шешім заңды күшіне енгенге дейін сақталады. Сот шешімнің заңды күшіне енуімен бірге талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы ұйғарым шығарады. Талап қою қанағаттандырылған кезде оны қамтамасыз ету жөніндегі қабылданған шаралар сот шешімі орындалғанға дейін өзінің қолданысын сақтайды. Қамтамасыз ету шараларының күшін жою туралы мәселе бойынша атқару парағы жазылмайды.
3. Қаржы ұйымын немесе банк конгломератына бас ұйым ретінде кіретін және қаржы ұйымы болып табылмайтын ұйымды қайта құрылымдау туралы істі қарайтын сот қаржы ұйымына немесе банк конгломератына бас ұйым ретінде кіретін және қаржы ұйымы болып табылмайтын ұйымға және (немесе) оның мүлкіне қатысты қайта құрылымдау жүргізу туралы шешім шығарылғанға дейін сот қабылдаған талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жоюға міндетті.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 161-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
161-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұйғарымдарға шағым жасау, прокурордың өтінішхат келтіруі
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Талап қоюды қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұйғарымдарға апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.