2. Мемлекеттік органдар өз өкілеттіліктерін жүзеге асыру үшін хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардан өзін-өзі реттейтін ұйымдар туралы ақпаратты олардан көрсетілген ақпаратты растауды қосымша талап етпей алуға міндетті.
3. Өзін-өзі реттейтін ұйымдар туралы ақпарат мүдделі тұлғаларға, мемлекеттік органдарға жұмыста пайдалану үшін электрондық анықтама нысанында беріледі.
12-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның басқару органдары
Өзін-өзі реттейтін ұйымның басқару органдары мыналар:
1) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы;
2) өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы;
3) өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы;
4) өзін-өзі реттейтін ұйымның бақылау органы (ревизиялық комиссиясы) болып табылады.
Өзін-өзі реттейтін ұйымда алқалы басқару органының функцияларын өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы жүзеге асыруы мүмкін.
13-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы
1. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы осы Заңмен, Қазақстан Республикасының басқа да заңдарымен және өз жарғысымен құзыретіне жатқызылған, өзін-өзі реттейтін ұйым қызметінің мәселелерін қарауға өкілетті, өзін-өзі реттейтін ұйымның жоғары басқару органы болып табылады.
2. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы өз жарғысында белгіленген мерзімділікпен және тәртіппен, бірақ жылына бір реттен сиретпей шақырылады.
3. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының құзыретіне мынадай:
1) өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысын бекіту, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу;
2) өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының басшыларын және мүшелерін сайлау, көрсетілген органның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату немесе басшыларының не оның жекелеген мүшелерінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
3) өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органының функцияларын жүзеге асыратын адамдарды лауазымға тағайындау, оларды лауазымынан мерзімінен бұрын босату, сол сияқты атқарушы басқару органын құру және оның өкілеттіктерін тоқтату;
4) өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында белгіленген тәртіппен өзін-өзі реттейтін ұйымның бақылау органының (ревизиялық комиссиясының) мүшелерін сайлау;
5) ықпал ету шараларын, оларды қолдану тәртібі мен негіздерін, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын, өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болу (қатысу) шарттарын бұзуы туралы істерді қарау тәртібін бекіту;
6) өзін-өзі реттейтін ұйым қызметінің басым бағыттарын, оның мүлкін қалыптастыру және пайдалану қағидаттарын айқындау;
7) алқалы басқару органының, атқарушы басқару органының, бақылау органының (ревизиялық комиссияның) және мамандандырылған органдардың есептерін өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында белгіленген нысан бойынша, тәртіппен және мерзімділікпен бекіту;
8) өзін-өзі реттейтін ұйымның бюджетін бекіту, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу, өзін-өзі реттейтін ұйымның жылдық қаржылық есептілігін бекіту;
9) өзін-өзі реттейтін ұйымды қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдау, таратушыны немесе тарату комиссиясын тағайындау;
10) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінен (қатысушыларынан) шығарып тастаудың негізсіздігіне адамдардың өтініштерін қарау;
11) өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттарын бекіту;
12) өзін-өзі реттейтін ұйымның бухгалтерлік есебі мен қаржылық есептілігін жүргізуін тексеру үшін аудиторлық ұйымды тағайындау;
13) Қазақстан Республикасының заңдарына және өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысына сәйкес өзге де шешімдер қабылдау мәселелері жатады.
4. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы өзінің алқалы басқару органының функцияларын жүзеге асырған жағдайда, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналыстары үш айда бір реттен сиретпей өткізіледі.
14-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысын шақыру тәртібі
1. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналыстары жылдық және кезектен тыс болып бөлінеді.
Өзін-өзі реттейтін ұйым жыл сайын өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жылдық жалпы жиналысын өткізуге міндетті. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өзге жалпы жиналыстары кезектен тыс болып табылады.
Өзін-өзі реттейтін ұйымның, оның ішінде өзін-өзі реттейтін ұйымның құрылтайшылары болып табылатын мүшелері (қатысушылары) өзара тең, олардың әрқайсысы бір дауысқа ие.
Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшесінің (қатысушысының) дауыс беру құқығын өзге адамға, оның ішінде өзін-өзі реттейтін ұйымның басқа мүшесіне (қатысушысына) беруіне жол берілмейді.
Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) бірінші жалпы жиналысы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімінен міндетті немесе ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйым қызметінің жүзеге асырылуының басталғаны туралы қабылданған хабарлама жөнінде үзінді көшірме алынғаннан кейін екі ай ішінде шақырылуға және өткізілуге тиіс.
Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) бірінші жалпы жиналысында өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы сайланады, өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы тағайындалады, өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысы бекітіледі. Шешім өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) айқын басым көпшілігімен қабылданады, бұл өзін-өзі реттейтін ұйымның дауыс беретін мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы санының үштен екісін құрайды.
Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) бірінші жалпы жиналысы олар бойынша шешімдер қабылдау өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелерді қарауға құқылы.
2. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жыл сайынғы жалпы жиналысында:
1) өзін-өзі реттейтін ұйымның жылдық қаржылық есептілігі;
2) өзін-өзі реттейтін ұйымның басқару органдарының өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) алдындағы есебі бекітіледі.
Мұндай мәселелер бойынша шешім өзін-өзі реттейтін ұйымның дауыс беретін мүшелерінің (қатысушыларының) қарапайым көпшілігімен қабылданады.
Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жылдық жалпы жиналысы олар бойынша шешімдер қабылдау өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелерді қарауға құқылы.
3. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жылдық жалпы жиналысы қаржы жылы аяқталғаннан кейін үш ай ішінде өткізілуге тиіс. Өзін-өзі реттейтін ұйымның есепті кезеңдегі аудитін аяқтау мүмкін болмаған жағдайда, көрсетілген мерзім екі айға дейін ұзартылды деп есептеледі.
4. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жылдық жалпы жиналысын - өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы, ал ол болмаған жағдайда өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы шақырады.
5. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) кезектен тыс жалпы жиналысы:
1) өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының;
2) өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органының;
3) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) үштен бір бөлігінің бастамасы бойынша шақырылады.
Қазақстан Республикасының заңдарында, өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) кезектен тыс жалпы жиналысын шақырудың өзге де жағдайлары көзделуі мүмкін.
6. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысын дайындау мен өткізуді:
1) өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы;
2) өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы;
3) өзін-өзі реттейтін ұйымның тарату комиссиясы жүзеге асырады.
Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) үштен бір бөлігінің бастамасы бойынша өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысын дайындау мен өткізуді өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы жүзеге асырады.
7. Егер өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында өзгеше көзделмесе, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысын шақыру, дайындау мен өткізу бойынша шығыстарды өзін-өзі реттейтін ұйым көтереді.
8. Өзін-өзі реттейтін ұйымның басқару органдары өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жылдық жалпы жиналысын шақырудың осы Заңда белгіленген тәртібін бұзған жағдайда, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жылдық жалпы жиналысы кез келген мүдделі тұлғаның талап-арызы бойынша қабылданған сот шешімінің негізінде шақырылуы және өткізілуі мүмкін.
15-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы
1. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) - жеке тұлғалардың және (немесе) өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) - заңды тұлғалар өкілдерінің арасынан қалыптастырылады.
Қазақстан Республикасының заңдарында немесе өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында көзделген жағдайларда, өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органына тәуелсіз мүшелер кіруі мүмкін.
Өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болумен (қатысумен) байланысы жоқ және өзін-өзі реттейтін ұйыммен, оның мүшелерімен (қатысушыларымен) еңбек қатынастары жоқ адам тәуелсіз мүше деп есептеледі.
2. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының мүшесі өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысы туралы жазбаша нысанда мәлімдеуге міндетті.
3. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының мүшесі өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысы және осыған байланысты өзін-өзі реттеу субъектілерінің заңды мүдделеріне зиян келтіру ықтималдығы туралы мәлімдеу міндетін бұзған жағдайда, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы осы мүшенің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдайды.
4. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының әрбір мүшесі дауыс беру кезінде бір дауысқа ие болады.
5. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының сандық құрамы, қалыптастыру, қызмет ету, шешімдер қабылдау, өкілеттіктерін тоқтату тәртібі мен шарттары өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында белгіленеді.
6. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының құзыретіне мынадай мәселелер:
1) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарын бекіту, оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу;
2) өзін-өзі реттейтін ұйымның мамандандырылған органдарын құру, олар туралы ережелерді және олардың қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту;
3) өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органының қызметіне тексерулер жүргізу туралы шешімдер қабылдау;
4) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысына өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органының лауазымына тағайындау және оларды лауазымынан босату үшін кандидатты не кандидаттарды ұсыну;
5) өзін-өзі реттейтін ұйым құрған төрелікте өтініштері бойынша қаралатын дауларға қатысушылардың таңдауы үшін, кандидатуралары төрешілер ретінде ұсынылуы мүмкін адамдардың тізбесін бекіту;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында немесе өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында көзделген негіздер бойынша өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше (қатысушы) болып кіру немесе өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) қатарынан шығару туралы шешім қабылдау;
7) өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында көзделген өзге де мәселелер жатады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген мәселелер өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысымен өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылуы мүмкін.
16-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы
Өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органының құзыретіне өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының және оның алқалы басқару органының құзыретіне жатпайтын, өзін-өзі реттейтін ұйымның шаруашылық және өзге де қызметінің кез келген мәселелері жатады.
Өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы өкілеттіктерінің мерзімі оның жарғысында белгіленеді.
Өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы үш жылда бір реттен сиретпей тағайындауға жатады.
17-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның мамандандырылған органдары
1. Мыналар:
1) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын сақтауына бақылауды жүзеге асыратын орган;
2) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын, өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болу (қатысу) шарттарын бұзғаны туралы істерді қарау жөніндегі орган;
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелері (қатысушылары) мен тұтынушылар және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өзге де тұлғалар арасында туындайтын тұтынушылық дауларды қарау жөніндегі орган;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына және (немесе) өзін-өзі реттейтін ұйымның құрылтай құжаттарына сәйкес өзін-өзі реттейтін ұйымның өзге де мамандандырылған органдары өзін-өзі реттейтін ұйымның мамандандырылған органдары болып табылады.
2. Өзін-өзі реттейтін ұйымның мамандандырылған органы өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы бекіткен ереженің негізінде жұмыс істейді және өз функцияларын дербес жүзеге асырады.
3. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын, мүше болу (қатысу) шарттарын бұзғаны туралы істерді қарау жөніндегі орган өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) қағидалар мен стандарттардың талаптарын сақтауына бақылауды жүзеге асыратын орган жүргізген тексерулердің, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) әрекеттеріне шағымдарды қарау нәтижелері бойынша өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органына оның мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты ықпал ету шараларын қолдану туралы ұсынымдар жібереді.
4. Өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты ықпал ету шараларын қолдану туралы істерді қарау жөніндегі орган өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органына ықпал ету шараларын қолдану туралы ұсынымдарды жібереді.
18-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның құқықтары
Өзін-өзі реттейтін ұйымның:
1) өз мүшелерінің (қатысушыларының) құқықтары мен мүдделерін, олар өтініш білдірген жағдайда білдіруге және қорғауға, сондай-ақ мемлекеттік органдармен, жеке және заңды тұлғалармен өзара қарым-қатынастарда олардың өкілдері болуға;
2) өзін-өзі реттеу субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін қабылданған нормативтік-құқықтық актілер бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізуге;
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға;
4) дауларды сотта және сотқа дейінгі шешуге, оның ішінде төрелiкке қатысуға;
5) мүшелік жарналарды жинауға және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздерден өзін-өзі реттейтін ұйымның мүлкін қалыптастыруға;
6) өзін-өзі реттейтін ұйымның қызметкерлерін, мүшелерін (қатысушыларын) кәсіптік оқытуды, аттестаттау жүргізуді ұйымдастыруға;
7) өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) үшін міндетті қағидалар мен стандарттарды бекітуге;
8) өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелерін (қатысушыларын) олардың өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын, өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болу (қатысу) шарттарын сақтауы бөлігінде бақылауға;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында және өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында көзделген ықпал ету шараларын өз мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты қолдануға;
10) мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасын бұзған адамдарды жауаптылыққа тарту жөнінде ұсыныстар енгізуге;
11) өз жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға;
12) мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен орталық және жергілікті мемлекеттік билік органдарынан және жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан өзіне Қазақстан Республикасының заңдарында жүктелген функцияларды орындауы үшін қажетті ақпаратты алуға құқығы бар.
Өзін-өзі реттейтін ұйымның Қазақстан Республикасының заңдарында және өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында белгіленген өзге де құқықтары бар.
19-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның міндеттері
1. Өзін-өзі реттейтін ұйым:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысын және өзі қабылдаған қағидалар мен стандарттарды сақтауға;
2) өкілеттіктері шегінде тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына жол бермеу жөнінде шаралар қолдануға;
3) мүшелерінің (қатысушыларының) арасында олардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша түсіндіру жұмысын жүргізуге;
4) мүшелеріне (қатысушыларына) ақшаның түсуі және жұмсалуы туралы ақпарат беруге;
5) өз қызметінің және өз мүшелері (қатысушылары) қызметінің ақпараттық ашықтығын қамтамасыз етуге;
6) уәкілетті органмен және реттеуші мемлекеттік органмен міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша әзірленетін қағидалар мен стандарттарды келісуге;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында, өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында немесе өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының шешімімен бекітілген өзге де құжатта белгіленген тәртіппен, кейіннен реттеуші мемлекеттік органдарға бере отырып, өз мүшелерінің (қатысушыларының) қызметіне олар өзін-өзі реттейтін ұйымға есептер нысанында ұсынатын ақпараттың негізінде талдауды жүзеге асыруға;
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) мүшесінің (қатысушының) Қазақстан Республикасының заңнамасын, өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарын бұзушылықтары, сондай-ақ өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты қолданылған ықпал ету шаралары туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының заңдарында, өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында немесе өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының шешімімен бекітілген өзге де құжатта белгіленген тәртіппен реттеуші мемлекеттік органның назарына жеткізуге;
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды
9) тұтынушылардың келіп түскен өтініштері және оларды қарау нәтижелері туралы ақпаратты тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның назарына жеткізуге;
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 10) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
10) өз мүшелері (қатысушылары) туралы жаңартылған ақпаратты тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органға және Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне беруге;
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 11) тармақшамен толықтырылды
11) өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) мен тұтынушылар және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өзге де тұлғалар арасында туындаған тұтынушылық дауларды қарау жөніндегі орган құруға міндетті.
Қазақстан Республикасының заңдарында және өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында өзін-өзі реттейтін ұйымның өзге де міндеттері белгіленуі мүмкін.
2. Өзін-өзі реттейтін ұйым өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысының туындауына әкеп соғатын қызметті жүзеге асыруға және әрекеттерді жасауға құқылы емес.
3. Өзін-өзі реттейтін ұйым Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен және жағдайларда осы Заңның 28-бабының 1-тармағында көзделген мүліктік жауаптылықты қамтамасыз ету тәсілдерінің бірін пайдалану арқылы өзінің міндеттемелері және өз мүшелерінің (қатысушыларының) міндеттемелері бойынша жауапты болады.
20-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттары
1. Өзін-өзі реттейтін ұйым барлық мүшелерінің (қатысушыларының) орындауы үшін міндетті, мынадай мақсаттарды қамтамасыз етуге бағытталған қағидалар мен стандарттарды әзірлеуге құқылы:
1) мүшелеріне (қатысушыларына) қойылатын нақты талаптарды айқындау;
2) мүшелері (қатысушылары) өндіретін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасы мен қауіпсіздігін арттыру;
3) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыруға әкелетін әрекеттердің алдын алу;
4) шығарылатын өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
5) мүліктік жауаптылықты қамтамасыз ету тәсілдерін қолдану;
6) мүшелерінің (қатысушыларының) мүдделерін қорғау.
2. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттары Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмеуге тиіс.
Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттарының қабылдануы, мемлекеттік органдардың өз құзыреті шегінде өзін-өзі реттеу субъектілерінің қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау мүмкіндігін жоққа шығармайды.
2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2019 ж. 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттары Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы және стандарттау саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға, іскерлік этика қағидаларына сәйкес келуге, өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысын жоюға немесе азайтуға тиіс.
4. Өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарында жосықсыз бәсекелестікке, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушыларға және өзге де тұлғаларға моральдық зиян немесе залал келтіретін әрекеттерді, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшесінің (қатысушысының) іскерлік беделіне не өзін-өзі реттейтін ұйымның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерді жасауға кедергі келтіретін талаптар белгіленуге тиіс.
Өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидаларында өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жауаптылығы және оған тарту тәртібі көзделуге тиіс.
5. Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген, кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттары бекітілгенге дейін қорытынды алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жіберіледі.