2. Прокурор:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға;
2) мінез-құлықтың әдептілік нормаларын сақтауға;
3) өз құзыретіне сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғауға;
4) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараумен байланысты құжаттар мен материалдарды заңнамада көзделген шекте оларға танысуға ұсынуға;
5) заңдылықты бұзушылықтардың, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайлардың алдын алу және анықтау, сондай-ақ кінәлі адамдарды жауаптылыққа тарту үшін заңда белгіленген тәртіппен прокурорлық ден қою актілерін және прокурорлық қадағалау актілерін қабылдауға;
6) тексерілетін субъектілердің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіретін әрекеттерге (әрекетсіздікке) және актілердің қабылдануына жол бермеуге;
7) тексеріс барысында алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын, мемлекеттік құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпия туралы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге;
8) заңсыз ұстап алынған және бас бостандығынан айыру орындарында, арнайы мекемелерде, мәжбүрлеу сипатындағы шараларды орындайтын мекемелерде, қызметтік үй-жайларда заңсыз ұсталатын адамдарды дереу босатуға;
9) өзінің қызметін халықтың сенімін арттыру басымдығымен жетілдіруге;
10) заңда көзделген өзге де өкілеттіктерді орындауға міндетті.
45-бап. Прокурор қызметiнiң құқықтық кепiлдiктерi
1. Прокурорға өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруына кедергi келтiру немесе заңсыз шешiм қабылдату мақсатында қандай да болсын нысанда ықпал ету заңда белгiленген жауаптылыққа алып келеді.
2. Прокурордың талап етуi бойынша органдар, ұйымдар және лауазымды адамдар:
1) мемлекеттік құпияларды, коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге заңда белгіленген талаптар мен шектеулерді сақтай отырып, жүргізілетін тексеріс және осы Заңның 21-бабына сәйкес қаралатын өтініштер мәселелері бойынша қажеттi материалдар мен мәлiметтердi беруге міндетті.
Прокурор мемлекеттік құпияларды, коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария еткені үшін заңда белгіленген жауаптылықта болады;
2) тексерiске қатысу және қорытынды беру үшiн мамандар бөлуге мiндетті.
Мемлекеттік емес ұйымдардың қызметкерлері және өзге де адамдар тексеріске мамандар ретінде шарттық негізде тартылады.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген, жүргізілетін тексеріс немесе қаралатын өтініш мәселелері бойынша прокурордың талаптары органдардың, ұйымдардың және лауазымды адамдардың орындауы үшін мiндеттi.
4. Сұратылатын ақпарат прокуратура органдарына заңнамада белгiленген нысандарда, тәртіппен және мерзiмдерде берiледi.
5. Лауазымды адамдар мен азаматтар жүргізілетін тексеріс немесе қаралатын өтініш мәселелері бойынша түсініктер беру үшiн прокурордың шақыруы бойынша ол белгiлеген уақытта келуге мiндеттi.
Лауазымды адамдар мен азаматтарды прокуратура органдарына шақырту, төтенше жағдайлар немесе бұл кезде алдын алу мүмкін болмайтын мән-жайлар туындаған жағдайларды қоспағанда, прокурордың мәртебесі мен құзыретін сақтай отырып, шақырылатын адамның уақтылы келуі және түсініктеме беруге дайындалуы үшін жеткілікті мерзім болатындай есеппен жүргізіледі.
Шақыру бойынша тағайындалған мерзiмде келуге кедергi келтiретiн себептер туралы шақырылған адам шақырған прокурорды хабардар етуге мiндеттi.
Дәлелді себептерсіз келмеген жағдайда лауазымды адамдар мен азаматтар Бас Прокурордың, оның орынбасарларының, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлардың, олардың орынбасарларының, аудандық және оларға теңестірілген прокурорлардың уәжді қаулысы бойынша күштеп әкелуге (мәжбүрлі түрде жеткізілуге) ұшырауы мүмкін.
Прокурордың күштеп әкелу туралы қаулысын iшкi iстер органы орындайды.
Күштеп әкелу түнгi уақытта жүргiзiлмейдi.
Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар және он сегiз жасқа толмаған адамдар олардың заңды өкiлдерiне хабарланбастан, жүктi әйелдер, сондай-ақ дәрiгердiң куәландыруына жататын денсаулық жағдайы бойынша өзiнiң тұрып жатқан орнын тастап кете алмайтын немесе тастап кетпеуге тиiсті адамдар күштеп әкелуге жатпайды.
6. Прокурордың заңды талаптарын орындамау не прокурордың талап етуі бойынша дәлелді себептерсіз келмей қалу заңда белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
Прокурорлардың тексеріс жүргізу барысында заңдарда көзделмеген талаптарды қоюы заңда белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
7. Прокурор заңда көзделген жағдайлар мен тәртiптен басқа кезде, өзiнің іс жүргiзуіндегі iстер мен материалдардың мәнi бойынша қандай да бiр түсiнiктемелер беруге, сондай-ақ оларды кiмге де болсын танысу үшiн беруге мiндеттi емес. Іс жүргізіп жатқан прокурордың рұқсатынсыз тексерістер мен iстердiң материалдарын жария етуге ешкімнің құқығы жоқ.
46-бап. Прокуратура органдарының жауаптылығы
1. Прокуратура қызметкерлері өз қызметін жүзеге асыру кезінде заңда белгіленген жауаптылықта болады.
2. Прокуратура органдарының әрекеттерімен келтірілген залал заңнамада көзделген тәртіппен өтеледі.
47-бап. Прокуратура органдарында еңбекті құқықтық реттеу
Мыналардың:
1) прокуратура қызметкерлерінің еңбек қатынастары «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктерімен, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында реттеледі;
2) прокуратураның әскери қызметшілерінің еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында реттеледі;
3) прокуратураның өзге жұмыскерлерінің еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында реттеледі.
48-бап. Прокуратура органдарындағы қызмет
Прокуратура органдарындағы қызмет - Конституцияға, осы Заңға және өзге де заңнамаға сәйкес прокурорлар жүзеге асыратын құқық қорғау қызметінің бір түрі.
Прокуратура органдарында қызмет өткеру тәртібі мен ерекшеліктері «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.
49-бап. Қызметтік куәліктер және мөр
1. Бас Прокурорға, Бас Прокурордың орынбасарларына белгіленген үлгідегі қызметтік куәліктерді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі береді.
2. Бас Прокурор, прокуратура ведомстволарының, мекемелерінің және білім беру ұйымының басшылары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар бағынысты қызметкерлеріне белгіленген үлгідегі қызметтік куәліктер береді.
3. Бас прокуратураның, оған бағынысты прокуратуралардың және прокуратура ведомстволарының, мекемелері мен білім беру ұйымының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және қазақ және орыс тілдерінде өз атауы жазылған мөрлері болады.
50-бап. Прокуратура органдарын қаржылық қамтамасыз ету
Прокуратура органдарының жүйесін қаржылық қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Прокуратура органдарының қазынашылық органдарда тиісті шоттары болуы мүмкін.
51-бап. Прокуратура органдарының қызметкерлерін материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету
1. Прокуратура органдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасы Конституциясының 66-бабының 9-1) тармақшасында белгіленген тәртіппен бекітілетін мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын органдар жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде белгіленеді.
2. Прокуратура органдарының қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектігіне байланысты және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар төлеу заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
52-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Прокуратура туралы» 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 24, 156-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 184-құжат; 1998 ж., № 15, 208-құжат; 1999 ж., № 8, 247-құжат; № 21, 774-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 6, 142-құжат; 2001 ж., № 20, 257-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 15, 139-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 15-16, 63-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; № 24, 121-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28-құжат; № 24, 151-құжат; 2011 ж., № 1, 3-құжат; № 16, 128-құжат; № 19, 145-құжат; 2012 ж., № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 15, 97-құжат; 2014 ж., № 16, 90-құжат; 2015 ж., № 20-I, 111-құжат; № 20-VII, 115-құжат; № 22-V, 156-құжат; 2016 ж., № 7-I, 47-құжат; № 24, 126-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2017 жылғы маусымның 30-ы.
№ 81-VІ