34. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар (бастапқы келісімшарт) бойынша көмірсутектерді барлау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын не жүзеге асырған жер қойнауын пайдаланушылардың мынадай шарттар бір мезгілде сақталған:
1) жер қойнауын пайдаланушының осы баптың 32 және 33-тармақтарының ережелеріне сәйкес жаңа редакциядағы көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартты жасасу арқылы осы Кодексте көзделген жер қойнауын пайдалану шарттарына өтпеген;
2) осы Кодекстің талаптарына сәйкес бастапқы келісімшарт шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауының мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған кен орнының қорларын есептеу бойынша есепті жасаған және бекіткен;
3) жер қойнауын пайдаланушының құзыретті органның хабарламасында көрсетілген, бастапқы келісімшарт бойынша міндеттемелерді жойылмаған бұзушылықтары болмаған кезде, өтініш негізінде, құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасуға құқығы бар.
Егер бастапқы келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектердің екі немесе одан көп кен орнын ашқан болса, онда жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді өндіруге арналған бір келісімшарт не әрбір кен орны бойынша жекелеген келісімшарттар жасасуға құқылы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайда көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарт дайындық кезеңіне жасалады, оның ұзақтығын жер қойнауын пайдаланушы өтініште айқындайды, бірақ үш жылдан аспайды.
Егер есептеу бойынша есебі осы Кодексте көзделген жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған көмірсутектер кен орнының бастапқы геологиялық қорлары бір жүз миллион тонна мұнай немесе елу миллиард текше метр табиғи газ мәнінен асатын болса, мұндай кен орнына қатысты өндіруге арналған келісімшарттың ережелері осы Кодекстің 119-бабының 7-тармағында көрсетілген міндеттемелердің бірін қамтуға тиіс.
Көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы өтінішті жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға қолданылу мерзімі ішінде не бастапқы келісімшарттың қолданылуы тоқтатылғаннан кейін он екі ай ішінде береді.
Құзыретті орган осы тармақтың бесінші бөлігінде көрсетілген мерзім ішінде, сондай-ақ өтінішті қарау және осы тармақтың тоғызыншы - он алтыншы бөліктерінде көзделген әрекеттерді жүзеге асыру кезеңінде мұндай жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын өзге тұлғаларға беруге құқылы емес.
Көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасау туралы өтініште мыналар қамтылуға тиіс:
1) жер қойнауын пайдаланушының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), атауы;
2) бастапқы келісімшартты тіркеу нөмірі мен күні;
3) өндіру учаскесіне нұсқау;
4) үш жылдан аспайтын дайындық кезеңінің ұзақтығы.
Өтінішке қосымша мыналар қоса беріледі:
1) осы тармақтың төртінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін, жер қойнауын пайдаланушы қол қойған көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарт;
2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған қорларды есептеу бойынша есеп.
Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға жатады. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) осы тармақтың төртінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы шешім;
2) осы тармақтың төртінші бөлігінде көзделген жағдайда, осы тармақта көзделген мерзімдерде және тәртіппен жер қойнауын пайдаланушымен келіссөздер жүргізу туралы шешім;
3) көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасудан бас тарту туралы шешім.
Құзыретті орган өтініш осы тармақта белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасудан бас тартады.
Құзыретті органның бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны осы тармақтың бесінші бөлігінде көрсетілген мерзім ішінде қайта өтініш беру құқығынан айырмайды.
Осы тармақтың тоғызыншы бөлігінің 1) тармақшасында көзделген жағдайда, құзыретті орган мұндай шешім қабылданған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде өтініш иесімен осы тармақтың үшінші бөлігіне сәйкес айқындалған мерзімге көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасады және оның қол қойылған бір данасын өтініш иесіне жібереді.
Осы тармақтың тоғызыншы бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайда, құзыретті орган мұндай шешім қабылданған күннен бастап жиырма төрт ай ішінде жер қойнауын пайдаланушымен осы Кодекстің 119-бабының 7-тармағында көзделген міндеттеменің шарттарын және орындалу тәртібін айқындау бойынша келіссөздер жүргізеді.
Келіссөздер нәтижелері бойынша құзыретті орган бес жұмыс күні ішінде мынадай шешімдердің бірін қабылдайды және бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыны хабардар етеді:
1) көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы;
2) оны жасасудан бас тарту туралы.
Осы тармақтың он төртінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы хабарламаны алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде құзыретті органға өз тарапынан қол қойылған, осы Кодекстің 119-бабының 7-тармағында көзделген міндеттеменің шарттарын және орындалу тәртібін айқындайтын көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жібереді.
Құзыретті орган көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде осындай келісімшартты жасасады және оның қол қойылған бір данасын жер қойнауын пайдаланушыға жібереді.
Осы тармақтың он төртінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайда, бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы кен орындарын табуға және бағалауға жұмсалған шығындарын өтетуге құқығы бар.
Мұндай өтеуді жаңа жер қойнауын пайдаланушы мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ресми статистикалық ақпараты негізінде айқындалатын инфляцияны ескере отырып, тиісті шығындардың толық сомасының біржолғы төлемі тәртібімен жүзеге асырады.
Мұндай шығындарды өтеу мерзімін құзыретті орган белгілейді және жаңа жер қойнауын пайдаланушымен келісімшарт жасалған күннен бастап он екі айдан аспауға тиіс.
Жаңа жер қойнауын пайдаланушы өзі өтейтін шығындардың аудитін жүргізуге құқылы. Жаңа және бұрынғы жер қойнауын пайдаланушылар арасында өтелетін шығындар мөлшері туралы дау болған жағдайда, мұндай дау сот тәртібімен шешілуге жатады.
35. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар (қолданыстағы келісімшарт) бойынша көмірсутектерді өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардың мынадай шарттар бір мезгілде сақталған:
1) осы Кодекстің талаптарына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған кен орнын әзірлеу жобасын бекіткен;
2) көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндіру кезеңі кен орнын әзірлеу жобасы негізінде айқындалған, бірақ бұл өтініш беру кезінде қалған жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарттың мерзімінен аспаған;
3) қолданыстағы келісімшартта көзделген инвестициялық міндеттемелер (олар болған кезде) көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартқа толық көлемде қосылған;
4) өтініш беру кезінде жер қойнауын пайдаланушының құзыретті органның хабарламасында көрсетілген, жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарт бойынша міндеттемелерді жойылмаған бұзушылықтары болмаған кезде, өтініші негізінде құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін жаңа редакциядағы көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасу арқылы осы Кодексте көзделген жер қойнауын пайдалану шарттарына өтуге құқығы бар.
Егер жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшартта көмірсутектердің екі немесе одан көп кен орны бекітіліп берілсе, онда жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді өндіруге арналған бір келісімшарт жасасуға құқылы.
Көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы өтініште мыналар қамтылуға тиіс:
1) жер қойнауын пайдаланушының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), атауы;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты тіркеу нөмірі мен күні.
Өтінішке қосымша мыналар қоса беріледі:
1) құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін және осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген ережелер ескерілетін, жер қойнауын пайдаланушы қол қойған көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарт;
2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған кен орнын әзірлеу жобасы.
Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы шешім қабылдайды немесе оны жасасудан бас тартады.
Құзыретті орган:
1) өтініш осы тармақта белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
2) осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талаптар сақталмаған жағдайларда, көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасудан бас тартады.
Құзыретті органның бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімі ішінде қайта өтініш беру құқығынан айырмайды.
Көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы шешім қабылданған жағдайда, құзыретті орган жиырма жұмыс күні ішінде осындай келісімшартты жасасады және өтініш иесіне оның қол қойылған бір данасын жібереді.
Құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасу шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылу кезеңінде жол берілген Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылығы үшін жер қойнауын пайдаланушыны жауаптылықтан босатуға негіз болып табылмайды.
Осы тармаққа сәйкес жаңа редакцияда көмірсутектер өндіруге арналған келісімшарт жасасқан жер қойнауын пайдаланушылар осындай келісімшарт бойынша жер қойнауы учаскесін (учаскелерін) бөлуді жүргізуге құқылы емес.
36. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес өткізілген, қорытындысы осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шығарылған көмірсутектерді барлауға немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстың жеңімпаздары болып табылатын тұлғалардың (конкурс жеңімпазының) мынадай шарттар бір мезгілде сақталған:
1) конкурс жеңімпазымен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен және шарттарда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасалмаған;
2) конкурс жеңімпазының Қазақстан Республикасы салық заңнамасының талаптарына сәйкес қол қою бонусын толық көлемде төлеген;
3) көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы өтініш осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап он екі ай ішінде берілген кезде, құзыретті орган бекітетін үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жасасуға құқығы бар.
Конкурс жеңімпазы осы тармаққа сәйкес құзыретті органға жіберетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы өтініште мыналар қамтылуға тиіс:
1) көмірсутектерді барлауға немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстың жеңімпазы болып табылатын тұлғаның атауы;
2) осы тармақта көзделген шарттардың сақталғанын растайтын мәліметтер мен құжаттар;
3) осы Кодекстің 96-бабының 2 - 4-тармақтарында көзделген мәліметтер мен құжаттар.
Өтінішке мыналар қоса берілуге тиіс:
1) құзыретті орган бекітетін үлгілік келісімшартқа сәйкес және осы тармақта көзделген талаптар ескеріле отырып әзірленген, конкурс жеңімпазы қол қойған көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшарт;
2) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес әзірленген және келісілген іздестіру жұмыстарының жобасы негізінде немесе тендерге қатысу үшін конкурстық ұсыныста немесе акуционға қатысу үшін өтінімде белгіленген, барлау кезеңіндегі жұмыстардың көлемдері, сипаттамасы және орындалу мерзімдері бойынша шарттар негізінде жасалған, барлау кезеңіндегі жұмыстардың көлемдерін, сипаттамасын және орындалу мерзімдерін қамтитын жұмыстар бағдарламасы.
Осы тармақтың мақсаттары үшін:
1) құзыретті орган бекітетін үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартты жасасу кезінде:
барлау учаскесі осы Кодекстің талаптарына сәйкес айқындалады және «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өткізілген, көмірсутектерді барлауға жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстың шарттарында көрсетілген жер қойнауы учаскесінің көлемінен аспайды;
осы тармаққа сәйкес жасалған көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлау жұмыстарының жобасын әзірлеу және оның сараптамасы осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады;
2) құзыретті орган бекітетін үлгі келісімшартқа сәйкес келетін көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасау кезінде:
өндіру учаскесі осы Кодекстің талаптарына сәйкес айқындалады және «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өткізілген көмірсутектерді өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстың шарттарында көрсетілген жер қойнауы учаскесінің көлемінен аспайды;
көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартта конкурс жеңімпазы осы тармақта көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Кодексте көзделген ережелерге сәйкес (оның ішінде жобалау құжаттарын әзірлеу және олардың сараптамасы бөлігінде, сондай-ақ инвестициялық міндеттемелер және өзге де мәселелер бөлігінде) дайындық кезеңін не өндіру кезеңін бекітіп беруге бастама жасауға құқылы;
3) осы тармаққа сәйкес жасалған көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартта тендерге қатысу үшін конкурстық ұсынысына немесе аукционға қатысу үшін өтініміне сәйкес конкурс жеңімпазы өзіне қабылдаған, келісімшарт бойынша жұмыстарды орындау үшін қажетті кадрлардағы, жұмыстардағы, көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамтуға қатысты міндеттемелерге сәйкес келетін міндеттемелер көзделуге тиіс;
4) осы тармаққа сәйкес жасалған көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартта тендерге қатысу үшін конкурстық ұсынысына немесе аукционға қатысу үшін өтініміне сәйкес конкурс жеңімпазы өзіне қабылдаған, өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуға және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстар мөлшеріне; келісімшарт бойынша жұмыстарды орындау үшін қажетті кадрлардағы, тауарлардағы және көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту үлестеріне; келісімшарт бойынша жұмыстарды орындау үшін қажетті қазақстандық кадрларды оқыту, Қазақстан Республикасының аумағында ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар мөлшеріне қатысты міндеттемелерге сәйкес келетін міндеттемелер көзделуге тиіс.
Өтініш осы Кодексте көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы өтініштерді қарау үшін белгіленген мерзімдерде қаралуға жатады.
Құзыретті орган:
1) өтініш осы тармақта белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
2) осы тармақта көзделген талаптарды конкурс жеңімпазы сақтамаған;
3) осы Кодекстің 97-бабы 3-тармағының 2) - 6), 8) және 9) тармақшаларында көзделген жағдайларда көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартты жасасудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Құзыретті органның бас тартуы конкурс жеңімпазын осы тармақта көзделген мерзімдер ішінде және өзге де талаптарды сақтай отырып, қайта өтініш беру құқығынан айырмайды.
37. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес өткізілген, көмірсутектерді барлауға жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстың жеңімпазымен құзыретті орган бекітетін, үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жасасу тәртібі мен шарттарына қатысты осы баптың 36-тармағында көзделген ережелер (осы баптың 36-тармағы екінші бөлігінің 3) тармақшасын және алтыншы бөлігінің 3) тармақшасын қоспағанда) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес тікелей келіссөздер хаттамасына қол қойылған жағдайда, көмірсутектер саласындағы ұлттық компаниямен көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарттарды жасасуға да қолданылады.
Бұл ретте жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу шарттары тікелей келіссөздер хаттамасының негізінде айқындалады.
38. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған халықаралық шарттарға сәйкес құзыретті орган осындай халықаралық шарттарда аталған тұлғаларға тікелей келіссөздер негізінде көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруі мүмкін деп белгіленсін.
Осы тармаққа сәйкес тікелей келіссөздер негізінде көмірсутектерді барлау үшін жер қойнауы учаскесін пайдалануға алуды ниет еткен тұлға мыналарды көрсете отырып, құзыретті органға өтініш жібереді:
1) өтініш иесінің атауы, оның орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді көшірме немесе өтініш иесі шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжат), басшы туралы мәліметтер, өтініш иесін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын жеке, заңды тұлғалар, мемлекеттер және халықаралық ұйымдар туралы мәліметтер;
2) өтініш иесінің соңғы үш жылда өз қызметін жүзеге асырған мемлекеттердің тізімін қоса алғанда, өтініш иесінің бұрынғы қызметі туралы мәліметтер;
3) өтініш иесі үміткер болып отырған жер қойнауы учаскесінің аумағы.
Өтініш және оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Егер өтінішті шетелдік немесе шетелдік заңды тұлға берсе, оған қоса берілетін құжаттар өзге тілде әрбір құжатқа қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріліп жасалуына болады, олардың дұрыстығын нотариус куәландырады.
Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тікелей келіссөздер өтініш иесінің уәкілетті өкілдері мен құзыретті органның жұмыс тобы арасында жүргізіледі.
Тікелей келіссөздер құзыретті органға өтініш келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде жүргізіледі. Тікелей келіссөздер жүргізу мерзімі құзыретті органның шешімі бойынша ұзартылуы мүмкін.
Тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша құзыретті орган көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт жасасу немесе оны жасасудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт жасасу туралы шешім қабылданған жағдайда, өтініш иесі оны қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша оның мөлшері айқындалған қол қою бонусын төлейді және құзыретті органға:
1) қол қою бонусының төленгенін растауды;
2) көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарттың жобасын;
3) көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарттың ажырамас бөлігі ретінде қоса берілетін, тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша айқындалған барлау кезеңіндегі жұмыстар көлемін, сипатын және орындалу мерзімдерін қамтитын жұмыстар бағдарламасын жібереді.
Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт жобасына мынадай шарттар енгізілуге тиіс:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар түрлері;
2) келісімшарттың қолданылу мерзімі;
3) жер қойнауы учаскесінің (учаскелерінің) шекаралары;
4) жер қойнауын пайдаланушының жұмыс бағдарламасында көзделген жер қойнауы учаскелеріндегі жұмыстар көлемі мен түрлері бойынша міндеттемелері;
5) жер қойнауын пайдаланушының кадрлардағы жергілікті қамтудың ең төмен үлесі бойынша міндеттемелері;
6) жер қойнауын пайдаланушының осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетін жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі, оның ішінде көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін басым жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер тізбесіне енгізілген жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер түрлері бойынша жергілікті қамту үлесі бойынша міндеттемелері;
7) жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелері;
8) жер қойнауын пайдаланушының осы Кодекспен келісімшарттық міндеттемелерге жатқызылатын көмірсутектерді барлау бойынша базалық жобалау құжаттары көрсеткіштерінің бұзылуын қоса алғанда, келісімшарттық міндеттемелердің бұзылғаны үшін жауаптылығы;
9) олардың негізінде жер қойнауы барлау жөніндегі операцияларды жүргізу үшін пайдалануға берілген өзге де шарттар.
Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт жобасы құзыретті органның сараптама жасауына және құқықтық сараптама жасауға жатады. Келісімшарт жобасының сараптамасын құзыретті орган оны алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жүргізеді.
Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт жобасын құзыретті орган оны алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде келісімшарт ережелерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан жүргізілетін міндетті құқықтық сараптамадан өткізу үшін жібереді. Құқықтық сараптама жиырма жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Сараптама нәтижелері сараптамалық қорытынды түрінде ресімделеді, олар теріс немесе оң болуы мүмкін.
Өтініш иесі келісімшарт жобасын сараптамалық қорытындыда жазылған ескертулерді жою мақсатында пысықтайды. Көрсетілген ескертулер жойылған жағдайда, мемлекеттік орган оған он жұмыс күні ішінде қайта сараптама жүргізеді.
Өтініш иесі осы тармақта көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде өз тарапынан қол қойылған көмірсутектерді барлауға арналған келісімшартты құзыретті органға жібереді.
Құзыретті орган келісімшартты алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде көмірсутектерді барлауға арналған келісімшартты жасасады және оның қол қойылған бір данасын өтініш иесіне жібереді.
Жұмыстар бағдарламасында бастапқыда мәлімделген міндеттемелерді қысқартуды немесе алып тастауды көздейтін көмірсутектерді барлауға арналған келісімшартқа қосымша келісімдер жасасуға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2017 жылғы желтоқсанның 27-і.
№ 125-VI