төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған іс-шараларға қатысу;
уәкілетті органның қарауындағы басқару пункттерін күзетуді және оларға қызмет көрсетуді қамтамасыз ету;
төтенше жағдайлар аймақтарына, оның ішінде шет мемлекеттерге де жеткізілетін жүктерді тасымалдау, алып жүру және күзету;
жұмылдыра өрістетуге дайындық және жауынгерлiк әзiрлiктiң жоғары дәрежесіне келтiру жөнiндегi іс-шараларды жүзеге асыру;
оқу объектілерін, полигондарды әзірлікте ұстап тұру;
2) соғыс уақытында:
қорғаныс шептері мен позицияларын құру;
зақымдау ошақтары мен зарарлану аймақтарында радиациялық, химиялық барлау жүргiзу;
зақымдау ошақтарында, зарарлану және апатты су басқан аймақтарда авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу;
әуеайлақтарды, жолдарды, өткелдерді және тыл инфрақұрылымының басқа да маңызды бөліктерін қалпына келтіру, қайта тиеу пункттерін жабдықтау;
эвакуациялық іс-шаралар жүргізуге қатысу;
аумақтық қорғаныстың жекелеген міндеттерін орындау;
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының қорғанысты ұйымдастыру мәселелері жөніндегі нұсқауларын орындау болып табылады.
2. Азаматтық қорғаныс әскери бөлiмдерiнің шет мемлекеттердің аумақтарындағы авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарға қатысуы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалған тәртiппен жүзеге асырылады.
3. Бейбіт уақытта азаматтық қорғаныстың әскери бөлiмдерiн қолдану туралы шешімді уәкілетті органның басшысы қабылдайды.
4. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері азаматтық персоналмен де жасақталады. Азаматтық персонал алмастыратын лауазымдардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен, уәкілетті органның жалпы саны лимиттері шегiнде уәкілетті органның басшысы белгiлейдi.
5. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерін жұмылдыра өрістету үшін штаттарға және тиесілік нормаларына сәйкес: техника, қару-жарақ, материалдық-техникалық құралдардың запастары құрылады және күтіп-ұсталады.
6. Авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу кезінде азаматтық қорғаныс әскери бөлімдері жеке құрамының қызмет режимі мен жұмыс күнінің ұзақтығын төтенше жағдайды жою басшысы бұлардың жүргізілу сипатын, ерекшеліктерін, санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтерді ескере отырып белгілейді.
7. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінің әскери қалашықтарының тұрғын үй-жайлары мен басқа да құрылыстары, полигондары, оқу объектілері, оқу-материалдық базасы, материалдық-техникалық құралдары мемлекеттік меншік болып табылады. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің санамаланған және бөлінген өзге де мүлкі жедел басқару құқығымен оларға бекітіледі.
23-бап. Азаматтық қорғаныс объектiлерi мен мүлкi
1. Азаматтық қорғаныс объектiлерiне: басқару пункттерi, жеке тұрған және қосып салынған паналайтын жерлер, радиацияға қарсы жасырын паналар, азаматтық қорғаныс мүлкiн сақтауға арналған қойма үй-жайлары жатады.
Азаматтық қорғаныс мүлкiне: жеке қорғану құралдары, радиациялық, химиялық барлау және дозиметрлiк бақылау аспаптары, жеке медициналық қорғану құралдары, байланыс және құлақтандыру құралдары және басқа да материалдық-техникалық құралдар жатады.
2. Азаматтық қорғаныс іс-шараларын қамтамасыз ету үшiн азаматтық қорғаудың басқару органдарында азаматтық қорғаныс мүлкiнiң запастары құрылады.
3. Мемлекеттік меншік болып табылатын және азаматтық қорғаныс іс-шараларын қамтамасыз ету мен жұмылдыру тапсырмаларын орындауға арналған азаматтық қорғаныс объектiлерi мен мүлкi иеліктен шығаруға жатпайды.
4. Азаматтық қорғау күштері мен құралдарын жедел басқару үшін қосалқы (қалалық, қала сыртындағы), көмекші және жылжымалы басқару пункттері құрылады.
5. Мемлекеттік органдардың азаматтық қорғанысының қорғаныш құрылыстары бюджет қаражаты есебінен күтіп-ұсталады.
Азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызылған, жұмылдыру тапсырысы бар ұйымдардың аумағында орналасқан, азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстары ұйымдардың қаражаты есебінен күтіп-ұсталады. Азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстары неғұрлым көп жұмыс істейтін ауысымға есептелуге және азаматтық қорғау мақсатында пайдаланылуға тиіс.
6. Азаматтық қорғаныстың объектілері мен мүлкі бар заңды тұлға қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайда, азаматтық қорғаныстың объектілері мен мүлкін әзірлікте ұстап тұру және нысаналы пайдалану жөніндегі міндеттер, сондай-ақ оларды құру мен жинақтау жөніндегі тапсырмалар азаматтық қорғаныс объектілері мен мүлкінің жаңа меншік иелеріне өтеді.
3-БӨЛІМ. УӘКІЛЕТТІ ОРГАННЫҢ АВИАЦИЯСЫ, АВАРИЯЛЫҚ-ҚҰТҚАРУ ҚЫЗМЕТТЕРІ МЕН ҚҰРАЛЫМДАРЫ
24-бап. Уәкілетті органның авиациясы
Уәкілетті органның авиациясы:
1) іздеу-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу, дүлей зілзалалар кезінде көмек көрсету бойынша ұшуды;
2) халыққа медициналық көмек көрсету және санитариялық іс-шараларды жүргізу бойынша ұшуды;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) уәкілетті органның, оның ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының жеке құрамы мен жүгін төтенше жағдайлар аймақтарына жеткізу бойынша көлік-жолаушылар ұшуын;
4) зардап шеккен адамдарды, халықты және мүлікті төтенше жағдай аймақтарынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтарын шет мемлекеттерден эвакуациялау бойынша ұшуды;
5) гуманитарлық жүкті төтенше жағдайлар аймақтарына жеткізу бойынша ұшуды;
6) республикалық және халықаралық оқу-жаттығуларға, халықаралық жобаларға қатысуды;
7) авиациялық техника мен оның құрамдастарына техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу бойынша қызметтер көрсетуді;
8) азаматтық қорғау саласындағы қызметке байланысты жолаушылардың, багаждың, жүктердің және почтаның әуе тасымалын;
9) аэротүсірілім, картографиялық-геодезиялық және авиациялық-химиялық жұмыстарды жүргізу бойынша ұшуды;
10) орман шаруашылығына қызмет көрсету бойынша ұшуды;
11) азаматтық қорғау саласындағы құрылыс-монтаждау және тиеу-түсіру жұмыстарын қамтамасыз ету бойынша ұшуды;
12) вахталық бригадаларды, жабдықты тасымалдау бойынша теңiз кемелерiнен және теңiздегi бұрғылау қондырғыларынан, мұнай-газ секторының жасанды аралдарынан ұшуды;
13) әуежайлық қызметті жүзеге асыруды;
14) төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою үшін далалы, сулы, орманды және таулы жерлерді патрульдеу бойынша ұшуды;
15) өрттердің алдын алу және сөндіру бойынша ұшуды;
16) байқау және құлақтандыру қызметтерін ұйымдастыру бойынша ұшуды (бекеттерді қою және оларға қызмет көрсету);
17) далалық экспедиция жұмыстарына қызмет көрсету бойынша ұшуды;
18) электр энергиясын беру желілерін және магистральдық құбырларды зерттеп-қарау бойынша аэровизуальді ұшуды;
19) ұшу құрамының кәсіби деңгейін ұстап тұруға және жаңа техниканы меңгеруге арналған жаттығу үшін ұшуды орындайды.
6-тарау. АВАРИЯЛЫҚ-ҚҰТҚАРУ ҚЫЗМЕТТЕРІ МЕН ҚҰРАЛЫМДАРЫ
25-бап. Авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарын құру
1. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары кәсіби және ерікті авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары болып бөлінеді.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі азаматтық қорғау саласында шұғыл медициналық және психологиялық көмек, өртке қарсы-құтқару, жедел-құтқару, суда-құтқару, авиациялық-құтқару қызметтерін және өзге де мамандандырылған қызметтер мен құралымдарды құрады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.01.04. № 26-VII ҚР Заңымен (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын ұйымдардың басшылары өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби объектілік авариялық-құтқару қызметтерін құруға құқылы.
4. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары ғимараттар мен құрылыстардың мамандандырылған кешенінде орналастырылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жарақтандырылады.
2021.01.04. № 26-VII ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
4-1. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби авариялық-құтқару қызметтері және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби объектілік авариялық-құтқару қызметтері ғимараттар мен құрылысжайлардың мамандандырылған кешенінде орналастырылады, орындалатын авариялық-құтқару жұмыстарының ерекшеліктері ескеріле отырып, арнайы техникамен, аппаратурамен және жабдықпен жарақтандырылады, құтқарушылармен жасақталады, оқу-жаттығу полигоны, шаң-газ талдау зертханасы болады, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес келеді.
5. Ерікті авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын жеке, заңды тұлғалар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар құрады және олар арнайы техникамен, жабдықпен, жарақпен, керек-жарақпен және құралдармен жарақтандырылады.
26-бап. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының қызметi
1. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының қызметі ерекше сипатта болады, осы қызметтер басшыларының бұйрықтары мен өкімдерін жұмыскерлердің мүлтіксіз орындауын көздейді. Бұл талаптар ерікті авариялық-құтқару құралымдарын төтенше жағдайды жоюға қатысу үшін тартқан кезден бастап оларға да қолданылады.
2021.01.04. № 26-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарының ұдайы әзірлігі кәсiби даярлау бойынша оқу-жаттығулар, сабақтар мен арнайы жаттығу жиындарын өткiзу арқылы қамтамасыз етiледi.
3. Уәкілетті органның авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының жедел көлігі мiндеттi түрде арнайы дыбыс және жарық сигналдары аспаптарымен, сондай-ақ белгiленген үлгiдегi түрлi-түстi бояулы таңбалармен жабдықталады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 27-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
27-бап. Құтқарушыларды аттестаттау
1. Құтқарушылар аттестаттауға және қайта аттестаттауға жатады.
2. Құтқарушыларды аттестаттау:
1) олардың авариялық-құтқару жұмыстарын орындауға әзірлік дәрежесін;
2) құтқарушылардың кәсіби машығына, медициналық даярлығына, дене, психологиялық және моральдық әзірлігіне сәйкестігін айқындау мақсатында өткізіледі.
3. Құтқарушылар бастапқы, қайта, кезеңдік және кезектен тыс аттестаттауға жатады:
1) бастапқы аттестаттауға құтқарушы боламын деп шешкен азаматтар жатады;
2) қайта аттестаттау құтқарушылар қызметін қайтадан бастау үшін алдыңғы аттестаттауда анықталған барлық кемшіліктер жойылғаннан кейін өткізіледі;
3) құтқарушыларды кезеңдік аттестаттау үш жылда бір рет өткізіледі;
4) құтқарушыларды кезектен тыс аттестаттау олар орындайтын құтқару жұмыстарының түрі немесе түрлері өзгерген жағдайда өткізіледі.
4. Аттестаттауды уәкілетті орган айқындаған тәртіппен құрылатын аттестаттау комиссиялары өткізеді.
«Халықаралық сыныптағы құтқарушы» деген сыныптық біліктілікті уәкілетті органның аттестаттау комиссиясы құтқарушыларға олар жұмыс істейтін авариялық-құтқару құралымының ведомстволық бағыныстылығына қарамастан береді.
2021.01.04. № 26-VII ҚР Заңымен 27-1-баппен толықтырылды
27-1-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби авариялық-құтқару қызметтерін аттестаттау
1. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби авариялық-құтқару қызметтері аттестаттауға жатады.
2. Аттестаттау өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін айқындау мақсатында өткізіледі.
3. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби авариялық-құтқару қызметтері бастапқы, қайта, кезеңдік және кезектен тыс аттестаттауға жатады:
1) бастапқы аттестаттауға жаңадан құрылатын өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби авариялық-құтқару қызметтері жатады;
2) қайта аттестаттау өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің қызметін қайта бастау үшін алдыңғы аттестаттауда анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін өткізіледі;
3) кезеңдік аттестаттау бес жылда бір рет өткізіледі;
4) кезектен тыс аттестаттау олар орындайтын жұмыстардың түрі немесе түрлері өзгерген жағдайда өткізіледі.
4. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби авариялық-құтқару қызметтерін аттестаттау өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган айқындатын тәртіппен өткізіледі.
5. Аттестаттаудан өткен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби авариялық-құтқару қызметтеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның шешімі негізінде қауіпті өндірістік объектіде тау-кен құтқару, газдан құтқару, бұрқаққа қарсы жұмыстарды жүргізу құқығына куәлік беріледі.
28-бап. 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
29-бап. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының, сондай-ақ мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің қызметін үйлестiру
1. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының, сондай-ақ мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің қызметін үйлестiрудi уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының, сондай-ақ мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің қызметін үйлестiру:
1) төтенше жағдайларды жою үшiн қажеттi күштер мен құралдарды жедел тарту;
2) авариялық-құтқару қызметтері, құралымдары және мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылды пысықтау мақсатында жүзеге асырылады.
30-бап. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын қайта бейіндеу және тарату
1. Қазақстан Республикасының заңнамасымен мiндеттi түрде құру көзделген кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарын авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстардың басқа түрiне қайта бейiндеу немесе тарату үшін олар қызмет көрсететiн ұйымдар қызметінің тоқтатылуы немесе аталған қызметтер мен құралымдар алдын алуға және жоюға арналған төтенше жағдайлардың туындау қатерінің жойылуы негіз болып табылады.
2. Ерікті авариялық-құтқару қызметтері мен құрылымдарын тарату туралы шешiмдерді қабылдаған кезде ұйым басшылығы бұл туралы уәкілетті органға хабар береді.
31-бап. Құтқарушылар
2021.24.11. № 75-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарында құтқарушылар міндетін атқаруға он сегіз жасқа толған, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арнайы даярлықтан өткен және аттестатталған азаматтар жіберіледі.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары құтқарушы мәртебесiне олар медициналық куәландырудан, кәсіби қасиеттерін тестілеуден, психологиялық тестілеуден өткеннен кейін, дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтердi орындағаннан кейiн авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзуге арналған аттестаттау нәтижелерi бойынша ие болады.
3. Аттестаттау комиссиясы Қазақстан Республикасының азаматтарына құтқарушы мәртебесiн беру туралы шешiм қабылдаған кезде оларға уәкілетті орган белгілеген үлгілер бойынша құтқарушы куәлiгі, кiтапшасы, бетіне тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), қан тобы мен құтқарушының тiркеу нөмiрi жазылған жетон беріледi.
4. Авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу барысында құтқарушылар осы Заңды, Қазақстан Республикасының авариялық-құтқару қызметі мәселелері жөніндегі өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады және соның құрамында көрсетілген жұмыстарды жүргізетін авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының басшыларына ғана бағынады.
5. Құтқарушылардың өз міндеттерін атқаруына кедергі келтіру мақсатында оларға қандай да бір нысанда ықпал етуге ешкім де құқылы емес.
32-бап. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын жасақтау
1. Авариялық-құтқару қызметтерінің басшы құрамы авариялық-құтқару қызметі немесе құралымы қызметінің ерекшелігіне сай келетін жоғары білімі бар және арнайы даярлықтан өткен адамдар арасынан жасақталады.
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар, психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда есепте тұрған, психикалық бұзылушылығы салдарынан жарамсыз деп танылған, сондай-ақ өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен құтқарушы болып жұмысқа қабылдана алмайды.
3. Авариялық-құтқару қызметтерінің немесе құралымдарының жеке құрамын жасақтау құтқарушы мәртебесі бар адамдар арасынан жүзеге асырылады.
4. Құтқарушы мәртебесі бар, осы баптың 2-тармағына көрсетілген негіздер бойынша жұмысқа қабылданбаған адамдар көрсетілген негіздер тоқтатылған кезде кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінде үш ай бойы тағылымдамадан өткеннен кейін жұмысқа жіберіледі.
33-бап. Құтқарушылардың құқықтары
1. Авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарға тартылған құтқарушылардың көрсетілген жұмыстарды жүргiзетiн жерге бару кезiнде көлiктiң барлық түрiне билеттердi кезексiз алуға құқығы бар.
2. Құтқарушылар тиесілілік нормалары бойынша арнайы киім-кешекпен және жарақпен қамтамасыз етіледі.
3. Құтқарушылардың авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу барысында:
1) олардың өз мiндеттерiн орындауы үшiн қажеттi толық және анық ақпаратқа;
2) шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері, консулдық мекемелері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар өкілдіктері орналасқан үй-жайларды, жер учаскелерін қоспағанда, адамдарды құтқаруға, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге бағытталған шараларды қабылдау үшін жеке және заңды тұлғаларға тиесілі аумаққа, тұрғынжайға және өзге де үй-жайға, жер учаскелеріне кедергісіз кіруге;
3) төтенше жағдай аймағындағы барлық адамдардан белгiленген қауiпсiздiк шараларын сақтауды талап етуге;
4) авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу технологиясына сәйкес жабдықталуға және жарақтандырылуға;
5) азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында олардың жекелеген учаскелерге, аумақтарға, ғимараттардың үй-жайларына кiрулерiн шектеуге немесе оған уақытша тыйым салуға;
6) қажет болған жағдайларда адамдарды құтқару үшін жабық есіктер мен терезелерді, сондай-ақ қоршау конструкцияларды ашуға;
7) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген жағдайларда және тәртіппен, адамдарды құтқару үшiн төтенше жағдай аймағындағы ұйымдардың көлігін, байланыс құралдарын, мүлкi мен өзге де материалдық құралдарын пайдалануға құқығы бар.
4. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізген кезде адам өмірін құтқаруға байланысты болған жағдайларда әрекет еткен құтқарушылар келтiрiлген нұқсанды өтеуден босатылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдары құтқарушыларының авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жүргiзу кезеңiнде, авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарын ұстауға бөлiнген қаражат есебiнен шығыстары төлене отырып, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгiлеген нормалар бойынша тамақ өнiмдерiмен қамтамасыз етiлуге және тұруға құқығы бар.
6. Еңбек шартымен өздерiне жүктелген мiндеттердi атқару барысында зардап шеккен кәсiби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының құтқарушыларының тегiн медициналық көмекке құқығы бар.
Авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзуге тартылған және оларды жүргізу уақытында зардап шеккен ерiктi авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарының құтқарушылары, құтқарушылар болып табылмайтын азаматтар да тегiн медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі.
7. Объектілік авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының құтқарушылары болып табылмайтын азаматтарды, сондай-ақ азаматтарды авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге тартқан кезде олардың негізгі жұмыс орны бойынша орташа жалақысы сақталады.
34-бап. Құтқарушылардың мiндеттерi
Құтқарушылар:
1) зардап шеккен адамдарды iздеуге, оларды құтқару жөнiнде шаралар қабылдауға, оларға алғашқы медициналық және басқа да көмек түрлерiн көрсетуге;
2) авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзуге қатысуға әзір болуға, өзiнiң дене шынықтыру, арнайы, медициналық, психологиялық даярлығын жетiлдiруге;
3) авариялық-құтқару құралымдарының құрамындағы iс-қимыл дағдыларын жетiлдiруге;
4) авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу технологиясын мүлтіксiз сақтауға;
5) авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге құрамында құтқарушылар қатысатын, авариялық-құтқару құралымдары басшыларының көрсетілген жұмыстарды жүргiзу барысында беретiн бұйрықтарын мүлтiксiз орындауға;
6) төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында азаматтарға қауiпсiз жүрiп-тұру қағидаларын және олар туындаған жағдайда әрекет ету тәртiбiн түсiндiруге мiндеттi.
35-бап. Құтқарушылардың жұмыс (қызмет) және демалыс режимi
1. Күнделiктi қызметте кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдары құтқарушыларының жұмыс (қызмет) режимi iшкi еңбек тәртiптемесі қағидаларымен, кезекшiлiк графиктерімен, сабақтар немесе арнайы даярлық бойынша өзге іс-шаралар кестелерiмен айқындалады.
2. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары құтқарушыларының жұмыс күні мен жұмыс жылы ішіндегі жұмыс режимі санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.
3. Кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдары құтқарушыларының күту және авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарға аттануға ұдайы әзірлікте болу режимiнде үйде кезекшiлiк ету уақыты кезекшiлiктiң әрбір сағатына сағаттың төрттен бiрi мөлшерiнде есептеледi.
4. Авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу кезiнде кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдары құтқарушыларының жұмыс режимi мен жұмыс ауысымының ұзақтығын төтенше жағдайды жою басшысы төтенше жағдайдың сипатын, авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу ерекшелiктерiн, санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтерді ескере отырып белгiлейдi.