10 пайыздан аз тиімді мөлшерлеме бойынша төленген жағдайда - мұндай пайда салығы осы Кодекстің 359-бабында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасындағы жеке табыс салығын төлеу есебіне есепке жатқызылуға тиіс;
10 және одан көп пайыз тиімді мөлшерлеме бойынша төленген жағдайда - осы Кодекстің 340-бабының 2-тармағына сәйкес салық салудан босату қолданылады;
2) дивидендтер төлейтін бақыланатын шетелдік компанияның Қазақстан Республикасында салық салынған қаржылық пайдасынан резиденттің бір бақыланатын шетелдік компаниясы екінші осындай компанияға дивидендтер төлеген жағдайда - мұндай дивидендтер осы Кодекстің 340-бабы 3-тармағы бірінші бөлігінің 6) тармақшасына сәйкес дивидендтер алатын бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасынан шегеріледі;
3) егер бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасында Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған, Қазақстан Республикасындағы корпоративтік табыс салығы:
10 және одан көп пайыз мөлшерлеме бойынша салынған кірістер, сондай-ақ дивидендтер түріндегі кірістер ескерілген болса, мұндай кірістер осы Кодекстің 340-бабының 3-тармағына сәйкес бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасынан шегеріледі;
10 пайыздан аз мөлшерлеме бойынша салынған кірістер ескерілген болса, мұндай салық осы Кодекстің 358-бабының 6-тармағына сәйкес резиденттің жеке табыс салығынан шегеруге жатады.
Ескертпе.
Осы бапта пайдаланылатын ұғымдар осы Кодекстің 294-бабында айқындалады.
340-бап. Бақыланатын шетелдік компанияның пайдасына салық салу
1. Бақыланатын шетелдік компаниялардың немесе бақыланатын шетелдік компаниялар тұрақты мекемелерінің осы баптың және осы Кодекстің 297-бабының ережелері ескеріле отырып есептелген жиынтық пайдасы резидент-жеке тұлғаның жылдық кірісіне кіреді және оған Қазақстан Республикасындағы жеке табыс салығы салынады.
Бақыланатын шетелдік компаниялардың немесе бақыланатын шетелдік компаниялар тұрақты мекемелерінің мұндай жиынтық пайдасы жеке табыс салығы бойынша декларацияға енгізуге жатады.
2. Бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасы немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасы мынадай шарттардың бірі орындалған кезде:
1) басқа резидент арқылы жүзеге асырылатын бақыланатын шетелдік компанияға резидент жанама қатысқан немесе жанама бақылау жасаған кезде;
2) бақыланатын тұлға болып табылмайтын тұлға арқылы жүзеге асырылатын бақыланатын шетелдік компанияға резидент жанама қатысқан немесе жанама бақылау жасаған кезде;
3) егер бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасына тұрақты мекемені құрған бақыланатын шетелдік компания тіркелген мемлекетте пайда салығы 10 және одан көп пайызды құрайтын тиімді мөлшерлеме бойынша салынса;
4) егер бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасына немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасына сол арқылы резидент бақыланатын шетелдік компанияға қатысу үлестерін жанама иеленетін немесе жанама бақылау жасайтын бақыланатын тұлға тіркелген мемлекетте салық 10 және одан көп пайызды құрайтын тиімді мөлшерлеме бойынша салынса;
5) егер жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасына немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасына пайда салығы 10 және одан көп пайызды құрайтын тиімді мөлшерлеме бойынша салынса, Қазақстан Республикасында салық салудан босатылады.
Осы тармақты қолдану мақсаттары үшін резидент-жеке тұлғаның осы Кодекстің 296-бабының 2-тармағында көрсетілген растайтын құжаттары болуға тиіс.
3. Резидент-жеке тұлғаның бақыланатын шетелдік компанияның салық салынғанға дейінгі қаржылық пайдасын немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің салық салынғанға дейінгі қаржылық пайдасын мынадай сомаларға азайтуға құқығы бар:
1) бақыланатын шетелдік компанияның салық салынғанға дейінгі шоғырландырылған қаржылық пайдасында мұндай сомалар ескерілген жағдайда, еншілес ұйымдардың салық салынғанға дейінгі қаржылық пайдасының (залалының) топшілік операциялардан пайда (залалдар) сомасына, бақыланатын шетелдік компанияның шоғырландырылған қаржылық есептілігінде танылған қауымдастырылған (бірлескен) ұйымдардың кірістеріндегі үлеске азайтылған сомалары. Егер бақыланатын шетелдік компания тіркелген мемлекеттің заңнамалық актілерінде жеке шоғырландырылмаған қаржылық есептілікті жасамай, еншілес (қауымдастырылған, бірлескен) ұйымдардың деректері көрсетіле отырып, шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау жөніндегі міндеттеме белгіленсе, осы тармақшаның ережесі қолданылады;
2) мына формула бойынша айқындалатын шама:
А = ҚП × (К/ЖКС), мұнда:
А - азайту сомасы;
ҚП - бақыланатын шетелдік компанияның салық салынғанға дейінгі қаржылық пайдасының оң шамасы;
К - егер бақыланатын шетелдік компанияның салық салынғанға дейінгі қаржылық пайдасы осы тармақшада көрсетілген салық салынатын кірісті есепке алған жағдайда, бақыланатын шетелдік компанияның филиал, өкілдік, тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызметтен түскен, Қазақстан Республикасында 10 және одан көп пайызды құрайтын мөлшерлеме бойынша корпоративтік табыс салығы салынған салық салынатын кірісі;
ЖКС - бақыланатын шетелдік компанияның немесе бақыланатын шетелдік компанияның тұрақты мекемесінің есепті салықтық кезең үшін аудитпен расталған қаржылық есептілікте көрсетілген жиынтық кірісінің сомасы;
3) мына формула бойынша айқындалатын шама:
А = ҚП × (К/ЖКС), мұнда:
А - азайту сомасы;
ҚП - бақыланатын шетелдік компанияның салық салынғанға дейінгі қаржылық пайдасының оң шамасы;
К - егер бақыланатын шетелдік компанияның салық салынғанға дейінгі қаржылық пайдасы осы тармақшада көрсетілген кірісті қамтыған жағдайда, бақыланатын шетелдік компания Қазақстан Республикасындағы көздерден алған, бұдан бұрын Қазақстан Республикасында төлем көзінен 10 және одан көп пайызды құрайтын мөлшерлеме бойынша корпоративтік табыс салығы салынған, Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құрмай қызметтер көрсетуден (жұмыстар орындаудан) түскен кіріс;
ЖКС - бақыланатын шетелдік компанияның немесе бақыланатын шетелдік компанияның тұрақты мекемесінің есепті салықтық кезең үшін аудитпен расталған қаржылық есептілікте көрсетілген жиынтық кірісінің сомасы;
4) мына формула бойынша айқындалатын шама:
А = ҚП × (К/ЖКС), мұнда:
А - азайту сомасы;
ҚП - бақыланатын шетелдік компанияның салық салынғанға дейінгі қаржылық пайдасының оң шамасы;
Д - егер бақыланатын шетелдік компанияның салық салынғанға дейінгі қаржылық пайдасы осындай дивидендтерді қамтыған жағдайда, бақыланатын шетелдік компания Қазақстан Республикасындағы көздерден алған дивидендтер;
ЖКС - бақыланатын шетелдік компанияның немесе бақыланатын шетелдік компанияның тұрақты мекемесінің есепті салықтық кезең үшін аудитпен расталған қаржылық есептілікте көрсетілген жиынтық кірісінің сомасы;
5) мына формула бойынша айқындалатын шама:
А = ҚП × (К/ЖКС), мұнда:
А - азайту сомасы;
ҚП - бақыланатын шетелдік компанияның салық салынғанға дейінгі қаржылық пайдасының оң шамасы;
К - егер бақыланатын шетелдік компанияның салық салынғанға дейінгі қаржылық пайдасы осы тармақшада көрсетілген кірісті қамтыған жағдайда, бақыланатын шетелдік компания Қазақстан Республикасындағы көздерден алған, бұдан бұрын Қазақстан Республикасында төлем көзінен 10 және одан көп пайызды құрайтын мөлшерлеме бойынша корпоративтік табыс салығы салынған, осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделгеннен өзге кіріс;
ЖКС - бақыланатын шетелдік компанияның немесе бақыланатын шетелдік компанияның тұрақты мекемесінің есепті салықтық кезең үшін аудитпен расталған қаржылық есептілікте көрсетілген жиынтық кірісінің сомасы;
6) мына формула бойынша айқындалатын шама:
А = ҚП × (К/ЖКС), мұнда:
А - азайту сомасы;
ҚП - бақыланатын шетелдік компанияның салық салынғанға дейінгі қаржылық пайдасының оң шамасы;
К - шоғырландырылған топтың біртұтас ұйымдық құрылымына кіретін бақыланатын шетелдік бір компания бақыланатын шетелдік басқа компаниядан алған дивидендтер сомасы. Егер бақыланатын шетелдік бір компанияның қаржылық пайдасы бұдан бұрын Қазақстан Республикасында осындай бақыланатын шетелдік басқа компанияның қаржылық пайдасынан корпоративтік табыс салығы салынған және (немесе) есепті немесе алдыңғы салықтық кезеңде осы баптың 4-тармағының 4) тармақшасына немесе осы тармақшаға сәйкес азайтылған осындай дивидендтерді қамтыған жағдайда;
ЖКС - бақыланатын шетелдік компанияның немесе бақыланатын шетелдік компанияның тұрақты мекемесінің есепті салықтық кезең үшін аудитпен расталған қаржылық есептілікте көрсетілген жиынтық кірісінің сомасы.
Осы тармақтың ережелері жеңілдікті салық салынатын мемлекеттерде тіркелген бақыланатын шетелдік компанияға және (немесе) бақыланатын шетелдік компанияның тұрақты мекемесіне қолданылмайды.
4. Резидент-жеке тұлға осы Кодекстің 298-бабында айқындалған тәртіппен бақыланатын шетелдік компанияға қатысу (бақылау жасау) туралы өтініш ұсынуға міндетті.
Ескертпе.
Осы бапта пайдаланылатын ұғымдар осы Кодекстің 294-бабында айқындалады.
3-параграф. Кірісті түзету
341-бап. Кірісті түзету
1. Жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерінен мынадай кіріс түрлерi алып тасталады (бұдан әрі - кірісті түзету):
1) балаларға және асырауындағы адамдарға алынған алименттер;
2) жеке тұлғаларға Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген банктердегі және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның лицензиясы негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы өздерінің салымдары (депозиттері) бойынша төленетiн сыйақылар;
3) борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақылар;
4) мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар, агенттiк облигациялар бойынша сыйақылар;
5) мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарды өткiзу кезінде құн өсiмiнен түсетін кірістер;
6) агенттiк облигацияларды өткiзу кезінде құн өсiмiнен түсетін кірістер;
7) бағалы қағаздар бойынша дивидендтер мен сыйақылар есепке жазу күніне Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізімінде болған осындай дивидендтер мен сыйақылар;
8) бiр мезгiлде мынадай шарттар орындалған кездегі дивидендтер:
дивидендтерді есепке жазу күніне салық төлеуші дивидендтер төленетін акцияларды немесе қатысу үлестерiн үш жылдан астам иеленеді;
дивидендтер төлейтін резидент-заңды тұлға дивидендтер төленетін кезең ішінде жер қойнауын пайдаланушы болып табылмайды;
жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалардың (тұлғаның) мүлкi дивидендтер төлейтін резидент-заңды тұлға активтерінің құнында дивидендтерді төлеу күніне 50 пайыздан аз болады.
Осы тармақшаның ережелерi резидент-заңды тұлғадан:
акциялар бойынша, оның iшiнде депозитарлық қолхаттардың базалық активтерi болып табылатын акциялар бойынша төлуге жататын таза кіріс немесе оның бір бөлігі;
резидент-заңды тұлға құрылтайшылары, қатысушылары арасында бөлетiн таза кіріс немесе оның бір бөлігі;
резидент-заңды тұлға таратылған кезде немесе жарғылық капитал азайтылған кезде, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы резидент-заңды тұлғаға қатысу үлесiн немесе оның бір бөлігін сатып алған кезде және осындай эмитент-заңды тұлға акционерден осы эмитент шығарған акцияларды сатып алған кезде мүлiктi бөлуден түсетiн кіріс түрiнде алынған дивидендтерге қолданылады.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалар (тұлға) мүлкінің дивидендтер төлейтін резидент-заңды тұлға активтерінің құнындағы үлесі осы Кодекстің 650-бабына сәйкес айқындалады.
Осы тармақшаның мақсатында жерасты суларын және (немесе) кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтажы үшін өндіру құқығына ие болғандықтан ғана жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын осындай пайдаланушы жер қойнауын пайдаланушы деп танылмайды.
Егер дивидендтер төлейтін резидент-заңды тұлға есептелген корпоративтік табыс салығын қызмет бойынша, оның ішінде осындай азайту көзделген инвестициялық келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша 100 пайызға азайтуды жүргізсе, онда осы тармақшаның ережелері мынадай тәртіппен қолданылады:
егер тұтастай алғанда дивидендтер төлейтін резидент-заңды тұлға бойынша есептелген корпоративтік табыс салығының жалпы сомасында 100 пайызға азайтылған корпоративтік табыс салығының үлесі 50 және одан көп пайызды құраса, онда осы тармақшада көзделген, осындай заңды тұлға төлейтін дивидендтерді босату қолданылмайды;
егер тұтастай алғанда дивидендтер төлейтін резидент-заңды тұлға бойынша есептелген корпоративтік табыс салығының жалпы сомасында 100 пайызға азайтылған корпоративтік табыс салығының үлесі 50 пайыздан аз болса, онда осы тармақшада көзделген, осындай заңды тұлға төлейтін дивидендтерді босату дивидендтердің бүкіл сомасына қолданылады;
9) әскери қызмет міндеттерін орындауына байланысты әскери қызметшінің, қызметтік міндеттерін орындауына байланысты арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерінің, құқық қорғау органдары қызметкерінің (кеден органдарының қызметкерін қоспағанда), мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің кірістері;
10) әскери, арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киімді киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда, құқық қорғау органдарында (кеден органдарын қоспағанда), мемлекеттік фельдъегерлік қызметте қызметтік міндеттерін орындауына байланысты алатын төлемдердің барлық түрі;
11) республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген және мұндай ұтыстарды есепке жазу күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 6 еселенген мөлшері шегiнде бір лотерея бойынша ұтыс;
12) республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген және мұндай төлем күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 12 еселенген мөлшерінде бюджет және (немесе) гранттар қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын, қоғамдық жұмыстарды орындауға және кәсiптік оқытуға байланысты төлемдер;
13) «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» және «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес төлемдер.
Осы тармақшаның ережелері жеке тұлға мыналарды ұсынған кезде қолданылады:
«Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» және «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шекте кірісті түзетуді қолдану үшін өтініш;
растайтын құжаттардың көшірмелері;
14) жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын әрбір тұлғаның жеке қосалқы шаруашылығынан түсетін - республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 282 еселенген мөлшері шегіндегі бір жылғы кірісі.
Бұл ретте жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұлға агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дайындаушы ұйымға, ауыл шаруашылығы кооперативіне және (немесе) ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді жүзеге асыратын заңды тұлғаға жеке қосалқы шаруашылықтан алған мынадай ауыл шаруашылығы өнімін өткізуден түсетін кіріс жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін кіріс деп танылады:
тірі сауынды табын ірі қара мал;
тірі ірі қара мал;
тірі жылқы және өзге жылқы тұқымдас жануарлар;
тірі түйе және түйе тектілер;
тірі қой мен ешкі;
тірі шошқа;
тірі үй құстары;
тауықтың шағылмаған жаңа жұмыртқасы;
ірі қара малдың, шошқаның, қойдың, ешкінің, жылқының және жылқы тұқымдас жануарлардың жас немесе тоңазытылған еті;
сауынды табын ірі қара малдың шикі сүті;
үй құстарының жас немесе тоңазытылған еті;
картоп;
сәбіз;
қырыққабат;
баялды;
қызанақ;
қияр;
сарымсақ;
пияз;
қант қызылшасы;
алма;
алмұрт;
айва;
өрік;
шие;
шабдалы;
қара өрік;
ірі қара малдың, жылқы тұқымдас жануарлардың, қойдың, ешкінің түтілген жүні, терілері, иленбеген былғарысы.
Осы тармақшаны қолдану мақсатында өнім түрлерін айқындау техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Экономикалық қызмет түрлері бойынша өнім сыныптауышына сәйкес жүзеге асырылады.
Осы тармақшаның ережелерін бір ғана салық агенті - агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дайындаушы ұйым, ауыл шаруашылығы кооперативі және (немесе) ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді жүзеге асыратын заңды тұлға агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дайындаушы ұйымға, ауыл шаруашылығы кооперативіне және (немесе) ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді жүзеге асыратын заңды тұлғаға мынадай құжаттарды:
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке қосалқы шаруашылығының бар екендігі туралы анықтаманы;
жергілікті атқарушы органның жеке қосалқы шаруашылықта пайдаланылатын:
алаңы көрсетіле отырып, жер учаскесінің;
саны көрсетіле отырып, үй жануарларының;
саны көрсетіле отырып, үй құстарының бар екендігі туралы растауын;
салық салуға жататын кірістерге түзету қолдануға арналған өтінішті ұсынған жеке тұлғаға қатысты қолданады.
Бұл ретте құжаттар салық агентіне осындай түзету қолданылған күнтізбелік жылда кемінде бір рет ұсынылады;
15) акцияларды, резидент-заңды тұлғаға немесе Қазақстан Республикасында құрылған консорциумға қатысу үлестерін өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кірістер. Осы тармақша бір мезгілде мынадай шарттар орындалған кезде қолданылады:
акцияларды немесе қатысу үлестерін өткізу күніне салық төлеуші осы акцияларды немесе қатысу үлестерін үш жылдан астам иеленеді;
осындай эмитент-заңды тұлға немесе қатысу үлесі өткізілетін осындай заңды тұлға немесе осындай консорциумға қатысу үлесін өткізетін осындай консорциум қатысушысы жер қойнауын пайдаланушы болып табылмайды;
жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалардың (тұлғаның) мүлкі осындай эмитент-заңды тұлға немесе қатысу үлесі өткізілетін осындай заңды тұлға активтерінің құнында немесе қатысу үлесі өткізілетін осындай консорциум қатысушылары активтерінің жалпы құнында осындай өткізу күніне 50 пайыздан аз болады.
Осы тармақшаның мақсатында жерасты суларын және (немесе) кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтажы үшін өндіру құқығына ие болғандықтан ғана жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын осындай пайдаланушы жер қойнауын пайдаланушы деп танылмайды.
Бұл ретте акциялары немесе қатысу үлестері өткізілетін заңды тұлға немесе консорциум активтерінің құнындағы жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалар (тұлға) мүлкінің үлесі осы Кодекстің 650-бабына сәйкес айқындалады;
16) өткізу күніне Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстейтiн қор биржасының ресми тiзiмдерiнде болатын бағалы қағаздарды осы қор биржасында ашық сауда-саттық әдiсiмен өткiзу кезінде құн өсiмiнен түсетiн кірістер;
17) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен төленетін (еңбекке ақы төлеу түріндегі төлемдерден басқа) мынадай:
инфляция деңгейі ескеріле отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасы мен Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес алушының зейнетақы төлемдеріне құқық алу кезіне бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырма түріндегі;
өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген кезде - мемлекеттік қызметшілерге, оның ішінде арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, олардың отбасы мүшелеріне, асырауындағы адамдарға, мұрагерлері мен оларды алуға құқығы бар адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерлердегі;
Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауда өзгеше түрде жәрдем көрсететін адамдарға - көтермелеу түріндегі;
дүлей зілзалаға немесе басқа да төтенше мән-жайларға байланысты залалдардың орнын толтыру түріндегі;
еңбек шартының қолданылуы тоқтатылған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерлерде - өтемақы төлемдері түріндегі;
халықаралық жарыстардағы жоғары нәтижелері үшін универсиада жүлдегерлері мен қатысушыларына және Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларының мүшелеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерлерде - көтермелеу түріндегі;
зейнеткерлік жасқа толған, отставкадағы судьяларға - өмір бойғы ай сайынғы қамтылым түріндегі;
Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайтын мемлекеттік сыйлықақылар, мемлекеттік стипендиялар түрінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерлердегі төлемдер;
18) күнтізбелік жыл iшiнде салық агенті жүргізген әрбiр төлем түрi бойынша республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 94 еселенген мөлшері шегiндегі:
жеке тұлға медициналық көрсетілетін қызметтерді (косметологиялықтан басқа) алғанын және оларға төленген нақты шығыстарын, немесе ауырған жағдайдан ерікті сақтандыру шарты және ауырған жағдайдан ерікті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақыларының төленгенін растайтын құжат болған кезде жұмыс берушінің ауырған жағдайдан ерікті сақтандыру шарттары бойынша жұмыскердің пайдасына сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге арналған шығыстарын растайтын құжаттарды берген кезде - жеке тұлғаның медициналық көрсетілетін қызметтерге (косметологиялықтан басқа) шығыстарын жабу үшiн;
жұмыскер баланың (балалардың) тууы туралы куәліктің (куәліктердің) көшірмесін берген кезде - баласы туылған кезде жұмыскерге материалдық көмек көрсету түріндегі;
қайтыс болуы туралы анықтама немесе қайтыс болуы туралы куәлік болған кезде - жерлеуге арналған төлемдер.
Кіріске түзету қолдану туралы өтініш негізінде және растайтын құжаттар болған кезде көрсетілген кірістер салық салудан босатылады;
19) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын дипломатиялық немесе консулдық жұмыскерлердiң ресми кірістері;
20) кірісі салық салуға жататын шет мемлекеттiң мемлекеттiк қызметiндегі шетелдiктердің ресми кірістері;
21) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын және Қазақстан Республикасының шет елдердегi дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерiнде қызмет істейтін жеке тұлғалардың бюджет қаражаты есебiнен төленетiн шетел валютасындағы ресми кірістері;
22) жасына байланысты зейнетақы төлемдері, еңбек сiңiрген жылдары үшiн зейнетақы төлемдерi және (немесе) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі;
23) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мөлшерлерде бюджет қаражаты есебiнен төленетiн тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша сыйлықақылар (мемлекеттiң сыйлықақысы);
24) «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мөлшерлерде бюджет қаражаты есебінен төленетін білім беру жинақтау салымдары бойынша мемлекеттiң сыйлықақылары;
25) осы Кодекстің 288-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес жұмсалған, оқытуға жіберілген шығыстар;
26) Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан төленетiн әлеуметтiк төлемдер;
27) республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және кірісті есепке жазу күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 12 еселенген мөлшері шегінде - Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылған, жүктілігі мен босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты кірісінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем сомасы шегеріле отырып, жұмыс берушінің жүктілік пен босану бойынша демалысқа, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлердің демалысына ақы төлеуге арналған шығыстары түріндегі кірістер.
Егер жұмыс берушінің осы тармақшада көрсетілген шығыстары еңбек және (немесе) ұжымдық шарттың талаптарында, жұмыс берушінің актісінде көзделсе, осы тармақшаның ережелері қолданылады;
28) мемлекеттiк стипендиялар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мөлшерлерде ұйымдар бiлiм беру ұйымдарында білім алатын адамдарға төлейтiн стипендиялар;