5) экономиканың басым салаларында (экономикалық қызмет түрлерінде) сұранысқа ие кәсіптер бойынша өз бетінше жұмысқа орналасу үшін келген;
6) Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын;
7) шетелдік заңды тұлғалар филиалдарының немесе өкілдіктерінің бірінші басшылары болып жұмыс істейтін;
8) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты талап етілмейтін адамдардың тізбесінде көзделген;
9) «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркінде немесе «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркінде басшылар және жоғары білімді мамандар лауазымдарында жұмыс істейтін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.
3. Осы Заңның шетелдік жұмыс күшін жыл сайын квоталау туралы нормалары Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін корпоративішілік ауыстыру шеңберінде жүзеге асыратын шетелдіктерге немесе азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.
4. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота жұмыс күшіне пайыздық қатынаста белгіленеді және ол:
1) жергілікті атқарушы орган жұмыс берушіге беретін рұқсаттар бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны;
2) Қазақстан Республикасы ратификациялаған еңбек көші-қоны және еңбекші көшіп-қонушыларды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттар болған кезде, шығу елдері бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны;
3) еңбек мигранттарын тартуға арналған квотаны қамтиды.
5. Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны еңбек нарығындағы алдағы жылға (жылдарға) арналған сұраныс пен ұсыныс жағдайының болжамын және мемлекеттік басқарудың тиісті саласына басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жұмыс берушілердің ұсыныстарын ескере отырып, қалыптастырады және белгілейді.
6. Жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттың қолданысының тоқтатылуына байланысты тартылатын шетелдік жұмыскердің Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуын қамтамасыз етеді.
7. Жұмыс беруші өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама негізінде тартылатын шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды жұмысқа қабылдау және (немесе) олармен еңбек қатынастарын тоқтатқаны туралы ақпаратты халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.
2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен 37-бап жаңа редакцияда (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
37-бап. Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттарды, шетелдік жұмыскерлерге өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтамаларды беру және оларды корпоративішілік ауыстыру шеңберінде тарту тәртібі
2020.13.05. № 327-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жұмыс берушінің шетелдік жұмыс күшін тартуы халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейтін квота шегінде жергілікті атқарушы органдар беретін рұқсаттың негізінде жүзеге асырылады.
Өз аумағы және (немесе) басқа да әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде жергілікті атқарушы орган беретін шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттың берілгені немесе ұзартылғаны үшін жұмыс берушілерден Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен алым алынады.
2020.13.05. № 327-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Корпоративішілік ауыстыру шеңберінде ауыстырылған, сондай-ақ өз бетінше жұмысқа орналасу үшін келген шетелдік жұмыскерлер уақытша еңбек қызметін келу мақсаттарына сәйкес жүзеге асырады және еңбек шартында көрсетілген үш жылдан аспайтын мерзім аяқталғаннан кейін елден кетуге міндетті.
Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттарды берудің немесе ұзартудың, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асырудың тәртібі мен шарттарын халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
2020.13.05. № 327-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Шетелдік жұмыскерлер экономиканың басым салаларында (экономикалық қызмет түрлерінде) сұранысқа ие кәсіптер бойынша өз бетінше жұмысқа орналасу үшін және еңбек шартының қолданылу мерзіміне, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге ұзарту құқығымен үш айдан аспайтын мерзімге жергілікті атқарушы орган берген біліктілік сәйкестігі туралы анықтаманы алған жағдайда, келе алады.
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 37-1-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
37-1-бап. Жұмыс берушілердің шетелдік жұмыс күшін тартуы
1. Жұмыс берушілер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары берген шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттар негізінде Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартады.
2. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағындағы жергілікті атқарушы органдар жұмыс берушілерге халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттарды береді немесе ұзартады не рұқсаттарды беруден, ұзартудан бас тартады, сондай-ақ көрсетілген рұқсаттарды тоқтата тұрады және кері қайтарып алады.
3. Жергілікті атқарушы орган берген шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат басқа жұмыс берушілерге берілуге жатпайды, жұмыс берушінің рұқсаты алынған шетелдік жұмыскерлерді бір күнтізбелік жыл ішінде жиынтығы күнтізбелік тоқсан күннен аспайтын мерзімге басқа әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағында орналасқан ұйымдарға іссапарға жіберуді қоспағанда, рұқсатта көрсетілген әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағында қолданылады.
4. Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және шарттарда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес алымдар төленген кезде беріледі немесе ұзартылады.
Бір және (немесе) басқа әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты алған немесе ұзартқан кезде алым рұқсатта көрсетілген әрбір әкімшілік-аумақтық бірліктің бюджетіне төленеді.
Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты бергені немесе ұзартқаны үшін алымды төлеу бөлігіндегі осы тармақтың ережесі корпоративішілік ауыстыру шеңберінде жұмыс істейтін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.
5. Жергілікті атқарушы орган қажетті құжаттарды қабылдауды, сондай-ақ жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттар беруді немесе ұзартуды халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен, оның ішінде рұқсаттар мен хабарламалардың ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда жүзеге асырады.
6. Жұмыс беруші рұқсаттар бойынша тартатын шетелдік жұмыс күшінің саны персоналды беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарт шеңберінде еңбек қызметін жүзеге асыратын жіберуші тараптың жұмыскерлері ескеріле отырып, халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын қазақстандық кадрлар санына пайыздық арақатынасқа сәйкес келуге тиіс.
7. Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушілер тартатын шетелдік жұмыс күшінің білім деңгейі (кәсіптік даярлығы) және практикалық жұмыс тәжірибесі (өтілі) кәсіптік стандарттарға немесе Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына және Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығына, ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына сай келуі тиіс.
8. Шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілер халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органға Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде бастапқы статистикалық деректерді ұсынуға міндетті.
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 37-2-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
37-2-бап. Өз бетінше жұмысқа орналасу шеңберінде шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың еңбек қызметін жүзеге асыруы
1. Шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар еңбек шартының қолданылу мерзіміне, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге ұзарту құқығымен экономиканың басым салаларында (экономикалық қызмет түрлерінде) сұранысқа ие кәсіптер бойынша өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы жергілікті атқарушы органдар үш айдан аспайтын мерзімге берген анықтаманың негізінде Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыра алады.
2. Экономиканың басым салаларындағы (экономикалық қызмет түрлеріндегі) сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік басқарудың тиісті саласына басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жұмыс берушілердің ұсыныстарын ескере отырып айқындайды.
3. Шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама алу үшін Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне Қазақстан Республикасында өз бетінше жұмысқа орналасу туралы өтініш береді, ол өтініште көрсетілген жергілікті атқарушы органға жіберіледі.
Шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасында болған жағдайда өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама алу үшін шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам жергілікті атқарушы органға Қазақстан Республикасында өз бетінше жұмысқа орналасу туралы өтінішпен жүгінеді.
Қазақстан Республикасында өз бетінше жұмысқа орналасқан кезде шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама берілген күннен бастап үш ай ішінде оны еңбек шартының қолданылу мерзіміне, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге ұзарту үшін жергілікті атқарушы органға жүгінеді.
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 37-3-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
37-3-бап. Корпоративішілік ауыстыру шеңберінде шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың еңбек қызметін жүзеге асыруы
1. Корпоративішілік ауыстыру шеңберінде жұмыс берушілер тартатын шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар еңбек шартында айқындалған, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге, бір жылға ұзарту құқығымен тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы корпоративішілік ауыстыру шеңберінде шетелдік жұмыс күшін тартуға берген рұқсаттар негізінде Қазақстан Республикасында уақытша еңбек қызметін жүзеге асырады.
2. Корпоративішілік ауыстыру шеңберінде жүзеге асырылатын шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттар беру шарттары мен тәртібін халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
3. Корпоративішілік ауыстыру шеңберінде шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды тартатын жұмыс берушілер, олар Қазақстан Республикасының аумағына келгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде жазбаша түрде халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға мыналар:
1) шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар тартылатын ел мен ұйымдар;
2) тегін, атын, әкесінің атын (егер олар жеке басты куәландыратын құжаттарда көрсетілсе) көрсете отырып, тартылатын шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың саны, әрқайсысының білім деңгейі, біліктілігі, кәсібі және жұмыс тәжірибесі;
3) еңбек қызметін жүзеге асыру мерзімі туралы мәліметтерді қамтитын ақпарат жібереді.
4. Менеджерлерді және мамандарды корпоративішілік ауыстыру халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейтін, тартылатын шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар санының қазақстандық кадрлар санына пайыздық арақатынасының сақталуы ескеріле отырып жүзеге асырылады.
5. Жергілікті атқарушы органдар корпоративішілік ауыстыру шеңберінде жұмыс істейтін шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың есебін жүргізеді.
2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен 38-бап жаңа редакцияда (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
38-бап. Этникалық қазақтар мен бұрынғы отандастар қатарындағы шетелдік жұмыскерлердің еңбек қызметін реттеудің ерекшеліктері
Жергілікті атқарушы орган жұмыс берушілерге этникалық қазақтар мен бұрынғы отандастар қатарынан шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын жеңілдетілген тәртіппен береді.
2024.16.05. № 82-VIII ҚР Заңымен 39-баптың тақырыбы өзгертілді (2024 ж. 28 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
39-бап. Бизнес-көшіп келушілердің келу және оларға келуге арналған визаларды немесе уақытша тұруға арналған рұқсаттарды беру шарттары
2024.16.05. № 82-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2024 ж. 28 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Келуге арналған визаны немесе уақытша тұруға арналған рұқсатты алу үшін бизнес-көшіп келушілер:
1) кәмелеттік жаста болуға;
2) еңбек қызметіне кедергі келтіретін ауруларының жоқ екенін растайтын медициналық анықтаманы ұсынуға;
2015.16.11. № 406-V ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3) тармақша жаңа редакцияда
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ең төмен талаптарды сақтай отырып, тараптардың келісімінде айқындалған шарттарда медициналық-санитариялық алғашқы көмекті және шұғыл нысанда стационарлық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмекті жабатын медициналық сақтандыруы болуға;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) соттылығының болуы не болмауы және сот шешімі негізінде кәсіпкерлік қызметпен айналысуына тыйым салынбағаны жөніндегі растаманы ұсынуға міндетті.
5) 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2024.16.05. № 82-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2024 ж. 28 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Бизнес-көшіп келушілерге Қазақстан Республикасына келуге визаны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері екі жылға дейінгі мерзімге береді.
Қазақстан Республикасымен визасыз келу және болу тәртібі туралы, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды жасасқан мемлекеттерден келген бизнес-көшіп келушілерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасында уақытша тұруға арналған рұқсаттарды ішкі істер органдары жыл сайын ұзарту мүмкіндігімен бір жылға береді.
2024.16.05. № 82-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 28 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Этностық қазақтар қатарындағы бизнес-көшіп келушілерге келуге арналған визалар мен уақытша тұруға арналған рұқсаттар үш жылға дейінгі мерзімге беріледі.
40-бап. Бизнес-көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағында болу және олардың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру шарттары
1. Бизнес-көшіп келушілердің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының аумағында болуының міндетті шарты болып табылады.
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2024.16.05. № 82-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 28 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Бизнес-көшіп келуші Қазақстан Республикасының аумағына келген күнінен бастап екі ай мерзім ішінде:
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) Қазақстан Республикасында коммерциялық ұйымды тіркеуге немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қызметті жүзеге асырушы коммерциялық ұйымдар қатысушыларының (акционерлерінің) құрамына енуге;
2) заңды тұлғаны тіркеу кезінде оның жарғылық капиталын қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен мөлшерден кем емес ақша сомасын Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкіне енгізуге міндетті.
Бизнес-көшiп келушiлер осы бапта белгiленген мiндеттердi орындамаған жағдайда ішкі істер органдары жергілікті атқарушы органдардың қолдаухаты негізінде бизнес-көшіп келушілердің болу мерзімін олардың ерікті түрде кетуіне қажетті мерзімге қысқарту туралы шешім қабылдайды.
Шетелдіктің тұруға ықтиярхаты немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігі бар көшіп келушілерді қоспағанда, бизнес-көшіп келушілер ретінде келуге арналған визаларды немесе уақытша тұруға арналған рұқсатты алмаған шетелдіктердің заңды тұлға құруына, сондай-ақ заңды тұлғаларға қатысушылардың құрамына кіру арқылы коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына қатысуына тыйым салынады.
3. Бизнес-көшіп келушінің Қазақстан Республикасының аумағында кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру үшін жабдықтар әкелуі Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалатын шарттарда және тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Бизнес-көшіп келушілер Қазақстан Республикасының шетелдіктердің баруына ашық аумақтары бойынша еркін жүріп-тұра алады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес тұрғылықты жерін таңдай алады.
41-бап. Маусымдық шетелдік қызметкерлердің келу және болу шарттары
1 Маусымдық шетелдік қызметкерлерге келуге визаны шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттың негізінде Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері береді.
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Келудің және болудың визасыз тәртібі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден келген маусымдық шетелдік қызметкерлерге уақытша тұруға арналған рұқсатты ішкі істер органдары береді.
3. Маусымдық шетелдік қызметкерлер:
1) кәмелеттік жаста болуға;
2) 2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен алып тасталды (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) еңбек қызметіне кедергі келтіретін ауруларының жоқ екенін растайтын медициналық анықтаманы ұсынуға;
2015.16.11. № 406-V ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4) тармақша жаңа редакцияда
4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ең төмен талаптарды сақтай отырып, тараптардың келісімінде айқындалған шарттарда медициналық-санитариялық алғашқы көмекті және шұғыл нысанда стационарлық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмекті жабатын медициналық сақтандыруы болуға міндетті.
42-бап. Маусымдық шетелдік қызметкерлерді тарту шарттары
2020.13.05. № 327-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Маусымдық шетелдік жұмыскерлер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес немесе жұмыс берушілерге жергілікті атқарушы органдар квота шегінде беретін шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттар негізінде халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын шарттарда және тәртіппен экономиканың жекелеген салаларына жұмысқа тартылады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Маусымдық шетелдік қызметкерлерді тартатын жұмыс берушілер оларға Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық, техникалық және басқа да міндетті талаптарға сай келетін уақытша тұрғын үй беруге міндетті.
43-бап. Еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келген көшіп келушілердің негізгі құқықтары мен міндеттері
1. Еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келген көшіп келушілер:
1) Қазақстан Республикасының аумағында болатын көшіп келушілерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген міндеттерді атқарады;
2) рұқсаттың мерзімі аяқталғаннан кейін, егер одан әрі болуына заңды негіздері болмаса, Қазақстан Республикасынан кетіп қалуға міндетті.
2. Қазақстан Республикасына еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келген маусымдық қызметкерден басқа шетелдік қызметкер:
1) 2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен алып тасталды (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2024.16.05. № 82-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2024 ж. 28 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс беруші тартқан қызметкер, рұқсаттың мерзімі аяқталғанға дейін - жұмысқа орналасуға рұқсатты ұзарту туралы өтініш беруге құқылы.
2013.10.12. № 153-V ҚР Заңымен 43-1-баппен толықтырылды; 2016.30.12. № 41-VI ҚР Заңымен 43-1-бап өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
43-1-бап. Еңбекші көшіп келушілердің келу және болу шарттары
1. Еңбекші көшіп келушілердің мынадай талаптарға сай келуі:
1) Қазақстан Республикасында кемінде үш ай мерзімде визасыз болу мүмкіндігін көздейтін визасыз келу және болу тәртібі туралы Қазақстан Республикасы келісім жасасқан елдердің азаматтары болып табылуы;
2) кәмелеттік жаста болуы;
3) 2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) соттылығының бар не жоқ екендігінің растамасын ұсынуы;
5) таңдаған мамандығы бойынша еңбек қызметіне кедергі болатын ауруларының жоқ екендігін растайтын медициналық анықтамасын ұсынуы;
2015.16.11. № 406-V ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2016.30.12. № 41-VI ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ең төмен талаптарды сақтай отырып, тараптардың келісімінде айқындалған шарттарда медициналық-санитариялық алғашқы көмекті және шұғыл нысанда стационарлық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмекті жабатын медициналық сақтандыруының болуы;
2016.30.12. № 41-VI ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
7) тармақшаның қолданысы 2024 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дактилоскопиялық тіркеуден өтуге тиіс.
2. Еңбекші көшіп келушілерге уақытша тұруға арналған рұқсатты ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен береді және еңбекші көшіп келушіге берілген рұқсаттың қолданылу мерзіміне ұзартады.
Еңбекші көшіп келушінің Қазақстан Республикасында үзіліссіз уақытша тұруының ең ұзақ мерзімі он екі айдан аспауға тиіс.
2013.10.12. № 153-V ҚР Заңымен 43-2-баппен толықтырылды
43-2-бап. Еңбекші көшіп келушіге рұқсат беру тәртібі
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2016.30.12. № 41-VI ҚР Заңымен (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.16.05. № 82-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 28 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Рұқсат беру туралы өтініште көрсетілген мерзімге еңбекші көшіп келушіге рұқсат беріледі және ол бір айдан он екі айға дейінгі мерзімді құрауы мүмкін.
Еңбекші көшіп келушіге рұқсат берудің ең ұзақ мерзімі он екі айдан аспауға тиіс.
Еңбекші көшіп келушіге жаңа рұқсат алдыңғы рұқсаттың мерзімі аяқталғанға дейін беріледі.
Еңбекші көшіп келушіге рұқсат оның Қазақстан Республикасының аумағында болуының заңдылығын, сондай-ақ рұқсат алуға берілген өтініште көрсетілген кезеңге жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемнің төленгенін растайтын құжаттар ұсынылған кезде беріледі.
2. Еңбекші көшіп келушінің өтініші бойынша еңбекші көшіп келушіге рұқсат өтініште көрсетілген мерзімге бірнеше рет ұзартылады және ол бір, екі немесе үш айды құрауы мүмкін.
Еңбекші көшіп келушіге рұқсат алдыңғы кезеңде жұмыс беруші жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыстарды орындағанын (қызметтер көрсеткенін), сондай-ақ еңбекші көшіп келушіге берілген рұқсат ұзартылатын кезеңге жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемнің төленгенін растайтын құжаттар ұсынылған кезде ұзартылады.