6-тарау. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАТИВІН БАСҚАРУ
33-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін басқару органдарының жүйесі
1. Ауыл шаруашылығы кооперативін басқару органдары:
1) жоғары орган - кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысы;
2) атқарушы орган - осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, төраға басшылық ететiн басқарма;
3) бақылау органы - тексеру комиссиясы болып табылады.
2. Ауыл шаруашылығы кооперативін басқару органдарының жүйесі және олардың өкілеттіктері, басқарма мүшелерін сайлау және кері шақыртып алу тәртібі, сондай-ақ кооператив мүшелерiнің жалпы жиналысын шақыру және өткізу тәртібі осы Заңға сәйкес ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында белгіленеді.
3. Кооператив мүшелері сот тәртiбiмен ауыл шаруашылығы кооперативін басқару органдарының шешiмдерi мен әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) шағым жасай алады.
34-бап. Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы
1. Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы ауыл шаруашылығы кооперативін жоғары басқару органы болып табылады.
2. Кооперативтің қауымдасқан мүшелерін қоспағанда, кооперативтің әрбiр мүшесiнiң ауыл шаруашылығы кооперативі қызметiнiң барлық мәселелерi бойынша шешiмдер қабылдаған кезде өзiнiң мүлік (пай) жарналарының мөлшерiне және санына қарамастан бiр дауысқа ие құқығы болады.
3. Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының ерекше құзыретi:
1) атқарушы органды және оның басшысын сайлау, сондай-ақ оларды қайта сайлау;
2) ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысын жаңа редакцияда қабылдау;
3) атқарушы органдардың қаржылық есеп беру тәртiбi мен кезеңдiлiгiн айқындау;
4) ауыл шаруашылығы кооперативінің жылдық есептерін және бухгалтерлік баланстарын бекіту, кооперативтік төлемдерді және ауыл шаруашылығы кооперативінің табысын немесе залалын бөлу;
5) кооперативтің қауымдасқан мүшелерін қоспағанда, кооператив мүшелері жауапкершілігінің нысандарын айқындау;
6) кооператив мүшелерінің, сондай-ақ кооперативтің қауымдасқан мүшелерінің мүлік (пай) жарналарының және қосымша жарналардың мөлшерін белгілеу және өзгерту;
7) ауыл шаруашылығы кооперативі қорларының түрлерін, мөлшерін, оларды қалыптастыру және пайдалану тәртібін белгілеу;
8) ауыл шаруашылығы кооперативіне мүшелікке қабылдау және мүшелікті тоқтату;
9) ауыл шаруашылығы кооперативін қайта ұйымдастыру және тарату;
10) ауыл шаруашылығы кооперативінің басқа заңды тұлғаларды, сондай-ақ өзінің филиалдары мен өкілдіктерін құруға және (немесе) олардың қызметіне қатысуы туралы шешімдерді осы Заңда белгіленген шектерде қабылдау;
11) осы Заңда және ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында көзделген басқа да мәселелер болып табылады.
Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы ауыл шаруашылығы кооперативінің қызметiне қатысты кез келген мәселені өзiнiң қарауына қабылдауға құқылы.
4. Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы қажеттілігіне қарай, бірақ жылына бір реттен сиретпей шақырылады. Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы атқарушы органның ұсынысы бойынша немесе кооператив мүшелерінің кемінде үштен бірінің талабы бойынша шақырылады.
5. Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы, егер онда кооператив мүшелерінің айқын басым көпшілігі үштен екі бөлігі қатысса, шешім қабылдауға құқылы. Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысында шешiм ашық дауыс беру арқылы қабылданады және осы Заңның 18-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, кооперативтің қатысып отырған мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданды деп есептеледі. Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысында қатысып отырғандардың кемінде үштен бірінің талабы бойынша жасырын дауыс берiлуi мүмкiн.
6. Кооператив мүшесі кооператив мүшелерінің жалпы жиналысына өзi немесе өкiлi арқылы қатысуға құқылы. Осы ауыл шаруашылығы кооперативінің басқа мүшелерін, оның ішінде қауымдасқан мүшелерін қоспағанда, кооператив мүшесінен нотариат куәландырған сенімхаты бар, іс-әрекетке қабілетті жеке тұлға өкіл ретінде болуға құқылы.
35-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің басқармасы
1. Ауыл шаруашылығы кооперативінің атқарушы органы оның басқармасы болып табылады, оның мүшелерiн кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы сайлайды.
2. Басқарманы кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы басқарма мүшелерінің арасынан сайлайтын басқарманың төрағасы басқарады.
Мүшелерінің саны оннан аспайтын ауыл шаруашылығы кооперативтерінде басқарманың функцияларын ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасына (жеке-дара атқарушы орган) жүктеуге жол беріледі.
Басқарма мүшелерінің саны, сондай-ақ басқарма (ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы) сайланатын мерзім ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында айқындалады.
Басқарма мүшесі (ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы), кооператив мүшелерінің жалпы жиналысын қоспағанда, бір мезгілде ауыл шаруашылығы кооперативі басқармасының басқа органының мүшесі бола алмайды.
3. Басқарма мүшелері (ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы) кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының шешімі бойынша кез келген уақытта міндеттерін атқарудан босатылуы мүмкін.
Басқарманы (ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасын) кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы бақылайды және басқарма оған есеп береді.
4. Басқарманың (ауыл шаруашылығы кооперативі төрағасының) құзыретіне ауыл шаруашылығы кооперативі қызметінің осы Заңмен және ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылтай құжаттарымен кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының ерекше құзыретіне жатқызылмаған барлық ағымдағы мәселелерін шешу жатады.
5. Басқарма өзінің шешімдерін қажеттілігіне қарай, бірақ үш айда бір реттен сиретпей өткізілетін отырыстарда қабылдайды.
Басқарманың отырысы, егер онда басқарма мүшелерінің үштен екісі қатысса, заңды болып есептеледі.
Басқарма отырысындағы мәселелер ашық дауыс берумен шешіледі. Басқарманың шешімі, егер оған басқарма мүшелерінің отырысында қатысып отырғандардың үштен екісі дауыс берсе, қабылданған болып есептеледі.
Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында бірқатар мәселелер көзделуі мүмкін, олар бойынша шешімдер, басқарманың барлық мүшелері бірауыздан дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.
6. Басқарма төрағасы (ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы) ауыл шаруашылығы кооперативінің атынан сенімхатсыз әрекет етеді; осы Заңда және ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысында көзделген шектерде ауыл шаруашылығы кооперативінің мүлкіне билік етеді; ауыл шаруашылығы кооперативінің атынан сенімхаттар, оның ішінде сенімді басқа біреуге аудару құқығымен береді; екінші деңгейдегі банктерде және басқа да қаржы ұйымдарында ауыл шаруашылығы кооперативінің шоттарын ашады; ауыл шаруашылығы кооперативінің қызметкерлерін жұмысқа қабылдауды және жұмыстан босатуды жүзеге асырады; өз құзыреті шегінде кооператив мүшелерінің және оның жұмыскерлерінің орындауы үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді.
36-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің қаржы-шаруашылық қызметін тексеру
1. Ауыл шаруашылығы кооперативі өзінің қаржы-шаруашылық қызметіне тексеруді кооператив мүшелерінің кемінде үштен бір бөлігінің бастамасымен (бастамашы тексеру тобы) дербес немесе кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының шешімімен бақылау органын - тексеру комиссиясын құру жолымен немесе осы Заңның 37-бабына сәйкес ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тексеру одағына кіру арқылы жүзеге асыруға құқылы.
2. Бастамашы тексеру тобының немесе тексеру комиссиясының құрамында тексеру жүргізуге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аудиторлар, қаржы және бухгалтерлік есеп саласындағы мамандар және көрсетілетін қызметтері үшін төлем ауыл шаруашылығы кооперативінің есебінен жүзеге асырылатын басқа да адамдар тартылуы мүмкін.
Басқарма мүшелері бастамашы тексеру тобының немесе тексеру комиссиясының мүшелері бола алмайды.
Бастамашы тексеру тобы және тексеру комиссиясы кооператив мүшелерінің жалпы жиналысына есеп береді.
3. Бастамашы тексеру тобының немесе тексеру комиссиясының мүшелері ауыл шаруашылығы кооперативінің қаржы-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізген кезде ауыл шаруашылығы кооперативінің барлық құжаттамасына кедергісіз қол жеткізу құқығына ие болады. Олардың талап етуі бойынша басқарма мүшелері (ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы) ауызша немесе жазбаша нысанда қажетті түсіндірмелер беруге міндетті. Тексерудің нәтижелері кооператив мүшелерінің жалпы жиналысына тиісті шешімдер қабылдау үшін жолданады.
37-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тексеру одағы
1. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тексеру одағы (бұдан әрі - тексеру одағы) - коммерциялық емес ұйым нысанында құрылған және оған кіретін ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қаржы-шаруашылық қызметінің ішкі аудитін, осы қызметті үйлестіруді, тексеру одағының мүшелеріне ішкі аудитке ілеспе қызметтер көрсетуді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, тексеру одағының құрылтай құжаттарында көзделген өзге де қызметті жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы кооперативтерінің ерікті бірлестігі.
2. Тексеру одағы оның құрылтайшылары болып табылатын кемінде он ауыл шаруашылығы кооперативінің бастамасы бойынша құрылады.
3. Ауыл шаруашылығы кооперативі өзінің таңдауы бойынша тексеру одақтарының біріне кіруге құқылы. Ауыл шаруашылығы кооперативінің бір мезгілде біреуден артық тексеру одағына мүше болуға құқығы жоқ.
4. Тексеру одағы өз қызметін осы Заңға, жарғыға және құрылтай шартына сәйкес жүзеге асырады. Тексеру одағы мүшелерінің жалпы жиналысы және тексеру одағы мүшелерінің жалпы жиналысы сайлайтын оның байқаушы кеңесі тексеру одағын басқарудың жоғары органдары болып табылады. Байқаушы кеңесі еңбек шарты негізінде жалдайтын атқарушы директоры тексеру одағының атқарушы органы болып табылады.
5. Тексеру одағы тексеру одағы мүшелерінің жалпы жиналысы бекітетін тексеру одағының қағидаларына сәйкес ішкі аудитті жүзеге асырады.
6. Тексеру одағының қаржылық қызметі оның құрылтай құжаттарына сәйкес тексеру одағы мүшелерінің жалпы жиналысында бекітілетін кірістер және шығыстар сметасы негізінде жүзеге асырылады. Тексеру одағының ішкі аудитті жүзеге асыруға және ішкі аудитке ілеспе қызметтерді көрсетуге жұмсалған шығыстары мүшелік жарналар есебінен өтеледі, олардың мөлшері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көрсетілген смета немесе өзге де көздер негізінде белгіленеді.
7. Тексеру одағы ішкі аудит нәтижелері бойынша жазбаша нысанда ішкі аудит қорытындысын жасайды, ол кооператив мүшелеріне және ауыл шаруашылығы кооперативінің бухгалтерлік есептілігін өзге де пайдаланушыларға арналған және тексеру одағының ауыл шаруашылығы кооперативінің бухгалтерлік есептілігінің дұрыстығы, ауыл шаруашылығы кооперативінің бухгалтерлік есептілікті жүргізу тәртібінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігі, ауыл шаруашылығы кооперативін басқарушы органдардың жарғының және Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелерін сақтауы туралы белгіленген нысанда білдірген пікірін, сондай-ақ тексеру одағы мүшелерінің қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелерін нашарлатуға немесе олардың дәрменсіздігіне (банкроттығына) әкеп соғуы мүмкін анықталған бұзушылықтар туралы деректерді қамтитын ресми құжат болып табылады.
8. Ішкі аудит қорытындысының нысаны, мазмұны, оған қол қою және оны ұсыну тәртібі тексеру одағының қағидаларында айқындалады.
9. Тексеру одағы анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою туралы нұсқамалар беруге және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға құқылы.
10. Тексеру одағының байқаушы кеңесі мүшелері санының кемінде елу пайызын осы тексеру одағының мүшелері болып табылатын ауыл шаруашылығы кооперативтері тексеру комиссияларының мүшелері құрауға тиіс.
11. Тексеру одағының атауы «Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тексеру одағы» деген сөздерді қамтуға тиіс.
38-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің қаржы-шаруашылық қызметінің аудитi
1. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жылдық қаржылық есебiнiң, сондай-ақ оның iстерінің ағымдағы жай-күйiнiң дұрыстығын тексеру және растау үшiн кооператив мүшелерінің кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша шақырылатын оның мүшелерінің жалпы жиналысы ауыл шаруашылығы кооперативінің қаржы-шаруашылық қызметіне тәуелсіз аудит ұйымын тарту арқылы аудит жүргізу туралы шешім қабылдауға құқылы.
Аудит қорытындылары бойынша есепті кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы ол аяқталғаннан кейін бір айдың ішінде қарайды және бекітеді.
2. Кооператив мүшелері ауыл шаруашылығы кооперативінің қаржы-шаруашылық қызметіне аудитті өз есебінен жүргізуді талап етуге құқылы.
3. Егер атқарушы орган ауыл шаруашылығы кооперативінің қаржы-шаруашылық қызметіне аудит жүргiзуден жалтарса және (немесе) өзгеше кедергі келтірсе, аудит мүдделі тұлғалардың өтiнiшi бойынша қабылданған соттың шешімі бойынша тағайындалуы мүмкiн.
39-бап.-Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қауымдастықтары (одақтары)
1. Ауыл шаруашылығы кооперативтері коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қауымдастықтарына (одақтарына) бiрiгуi мүмкiн.
2. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қауымдастықтары (одақтары) ерiктi негiзде құрылады, олардың құрылтайшылары жүктеген функцияларды атқарады.
3. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қауымдастықтарын (одақтарын) ауыл шаруашылығы кооперативтері олардың қызметін үйлестіру, олардың ортақ мүліктік және өзге де құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда, халықаралық ұйымдарда олардың мүдделерін білдіру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтері қауымдастығының (одағының) мүшелеріне құқықтық, ақпараттық, консультациялық және өзге де қызметтерді көрсету мақсатында кемінде екі ауыл шаруашылығы кооперативінің жалпы жиналысының шешімдері негізінде құрады.
4. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қауымдастығы (одағы) құрылтай шарты және жарғы негiзiнде әрекет етеді, бұл ретте оның мүшелері өзiнiң дербестігi мен заңды тұлға құқығын сақтайды.
5. Ауыл шаруашылығы кооперативтері қауымдастығының (одағының) негiзгi функциялары мыналар:
1) ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiнің бiрлестiктерiн дамытуда үйлестіру және оған жәрдемдесу, ауыл шаруашылығы кооперациясының идеялары мен қағидаттарын насихаттау;
2) ауыл шаруашылығы кооперативтерінің, олардың мүшелерінің құқықтарын, мүліктік және экономикалық мүдделерін қорғау, оларға құқықтық, әдістемелік және басқа да қажетті практикалық көмек көрсету, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қызметінде пайда болатын құжаттарды әзірлеу;
3) мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің мүдделерін білдіру, сыртқы экономикалық байланыстарды, халықаралық өзара қатынастарды дамыту, инвестицияларды тартуға жәрдемдесу;
4) ауыл шаруашылығы кооперативтерін материалдық-техникалық қамтамасыз ету, салааралық алмасуды және ауыл шаруашылығы өніміне, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өніміне баға белгілеуді реттеу мәселелерінде жәрдемдесу;
5) мемлекеттік органдармен бірлесіп нарық инфрақұрылымын қалыптастыруға, ауыл шаруашылығы кооперативтері қауымдастығының (одағының) мүшелеріне ақпараттық және білім беру қызметтерін дамытуға қатысу;
6) жаңа техниканың, технологияның енгiзiлуiне жәрдемдесу, тәжiрибе, ғылыми-техникалық ақпарат алмасуды ұйымдастыру және патент-лицензия жұмысы мен лизингтi ұйымдастыру.
6. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қауымдастықтары (одақтары) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн, құрылтай шартында немесе жарғыда көзделген басқа функцияларды жүзеге асыруға құқылы.
7. Ауыл шаруашылығы кооперативтері қауымдастықтарының (одақтарының) қызметiн қаржыландыру осы қауымдастыққа (одаққа) бiрiккен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жыл сайынғы шарттық аударымдары (мүшелік жарналары) арқылы жүзеге асырылады.
8. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қауымдастықтарын (одақтарын) қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
7-тарау. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАТИВІН ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ТАРАТУ
40-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін қайта ұйымдастыру
1. Ауыл шаруашылығы кооперативін қайта ұйымдастыру (біріктіру, қосу, бөлу, бөліп шығару, қайта құру) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының шешімі бойынша немесе соттың шешімі бойынша жүзеге асырылады.
2. Ауыл шаруашылығы кооперативі қайта ұйымдастырылған кезде ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысына өзгерістер және (немесе) толықтырулар немесе ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысын жаңа редакцияда қабылдау Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Ауыл шаруашылығы кооперативі қайта ұйымдастырылған кезде оның құқықтары мен мiндеттерi тапсыру актiсiне және (немесе) бөлу балансына сәйкес құқықтық мирасқорларына ауысады. Көрсетілген құжаттарда тараптар дауласып отырған мiндеттемелердi қоса алғанда, қайта ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы кооперативінің барлық кредиторлары мен борышкерлерiне қатысты барлық мiндеттемелерi бойынша құқықтық мирасқорлық туралы ережелер қамтылуға тиiс.
4. Тапсыру актісі және (немесе) бөлу балансы кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысында бекiтiледi және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттiк тiркеу үшін ұсынылады.
41-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін тарату
1. Ауыл шаруашылығы кооперативі кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының шешiмi бойынша (ерікті түрде тарау) немесе Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда сот шешiмiнiң негiзiнде таратылуы (мәжбүрлеп тарату) мүмкiн.
2. Ауыл шаруашылығы кооперативін тарату Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасының, сондай-ақ осы Заңның талаптары ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес жүзеге асырылады.
42-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Мыналардың:
1) «Қазақстан Республикасындағы селолық тұтыну кооперациясы туралы» 1999 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 21, 770-құжат; 2006 ж., № 8, 45-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; 2012 ж., № 21-22, 124-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат);
2) «Ауылшаруашылық серіктестіктері және олардың қауымдастықтары (одақтары) туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 23, 413-құжат; 2006 ж., № 8, 45-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; 2011 ж., № 6, 49-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат);
3) «Су пайдаланушылардың селолық тұтыну кооперативi туралы» 2003 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 6, 35-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 6, 49-құжат; 2014 ж., № 2, 10-құжат; № 10, 52-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Селолық тұтыну кооперативтері, су пайдаланушылардың селолық тұтыну кооперативтері, ауыл шаруашылығы серіктестіктері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қайта ұйымдастыру немесе тарату рәсімдерінен өтуге міндетті.
Көрсетілген талаптар осы Заң күшіне енген сәттен бастап бір жыл ішінде орындалмаған кезде көрсетілген кооперативтер соттың шешімі бойынша таратылуға жатады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы қазанның 29-ы.
№ 372-V