2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 6-1-тармақпен толықтырылды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
6-1. Инвестициялық келісімшарт бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялық келісімшарт бойынша төленген инвестициялық субсидияның сомасын толық көлемде өтейді.
7. Мемлекеттiк заттай грантты қайтаруды инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның инвестициялық келiсiмшартты мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы шешiмі қабылданғаннан кейiн күнтiзбелiк отыз күн iшiнде жүзеге асырады.
2021.27.12. № 87-VIІ ҚР Заңымен 295-3-баппен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
295-3-бап. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен заңды тұлға арасында жасалатын, заңды тұлғаның мұндай келісімді жасасуға өтінім берілген жылды қоса алғанда, ол қолданылатын кезеңге жоспарланатын, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және оны жасасуға өтінім берілген жылдың 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің бір жүз елу миллион еселенген мөлшерінен кем емес мөлшердегі капиталдандырылатын кейінгі шығыстарды және (немесе) жаңа тіркелген активтерді сатып алуға, өндіруге, салуға арналған шығыстарды қаржыландыру жөніндегі, сондай-ақ халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес тіркелген активтердің құнын ұлғайтатын басқа да шығындарды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерін көздейтін шарт инвестициялық міндеттемелер туралы келісім болып табылады.
Пайдалы қатты қазбаларды өндіру және (немесе) қайта өңдеу саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғамен инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасқан кезде мұндай келісім тек қана пайдалы қатты қазбаларды өндіру және (немесе) қайта өңдеу саласындағы қызмет бойынша жасалады.
2. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін заңды тұлғамен жасалады:
1) заңды тұлға, көмірсутекті пайдалы қазбалар мен мұнай өнімдерін экспорттаушыларды қоспағанда, экспортқа бағдарланған тауар өндіруші болып табылады. Экспортқа бағдарланған тауар өндіруші деп экспортқа өткізуден түсетін кірісі алдыңғы жылғы жиынтық жылдық кірісте кемінде жетпіс пайызды құрайтын заңды тұлға түсініледі;
2) заңды тұлға деңгейлес мониторинг бойынша пилоттық жобаға қатысуды қоса алғанда, деңгейлес мониторингте тұрған ірі салық төлеуші болып табылады;
3) акцизделетін тауарларды өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асырмайды;
4) арнаулы салық режимдерін қолданбайды.
3. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасқан заңды тұлғаның осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген міндеттемелерді орындауы инвестициялық міндеттемелер туралы келісімге қосымша болып табылатын инвестициялар салу кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.
Бұл ретте осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген соманың кемінде жетпіс пайызын қаржыландыру инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасуға өтінім берілген жылды қоса алғанда, алғашқы бес жыл ішінде жүзеге асырылуға тиіс.
Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасқан заңды тұлға осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген міндеттемелерді орындаған кезде:
1) өзара байланысты тараппен жасалған шарттар бойынша тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің құны іс жүзінде шеккен шығыстар мөлшерінде, бірақ осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген міндеттемелер сомасының елу пайызынан аспайтын мөлшерде есепке алынады;
2) өзара байланысты тараппен құны іс жүзінде шеккен шығыстар мөлшерінде есепке алынатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға шарттар жасасқан кезде мұндай өзара байланысты тарап Қазақстан Республикасының резиденті болуға тиіс.
4. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім қолданылатын мерзім ішінде, ол жасалған күннен екінші жылдан бастап, жер қойнауын пайдаланушы болып табылмайтын заңды тұлға жыл сайын республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және осындай қаржыландыру жүзеге асырылатын жылдың 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің жиырма мың еселенген мөлшерінен кем емес сомада қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыруды жүзеге асыруға да міндетті.
Жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын заңды тұлға осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шығыстарды қаржыландыруды Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
5. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасуға өтінім инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға беріледі.
Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасуға өтінім келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде осындай келісімге қол қою үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасын әзірлейді.
Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімді жасасу, оған өзгерістер енгізу, оның қолданылуын тоқтату тәртібін және инвестициялық міндеттемелер туралы келісімнің үлгілік нысанын инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
6. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімге өзгерістер осы баптың 3-тармағының екінші бөлігінде белгіленген ережелердің сақталуы ескеріле отырып, тек қана инвестициялар салу кестесін өзгерту бөлігінде енгізілуі мүмкін.
7. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасу осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келген кезде инвестициялық преференциялар беруге инвестициялық келісімшарттарды жасасуға кедергі келтірмейді. Бұл ретте салықтар бойынша преференциялар инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасалған кезге қолданыста болатын осы Кодекске және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес беріледі.
8. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімнің қолданылуы осы Кодекстің 289-бабының 3-тармағында көрсетілген мерзім өткенге дейін осы тармаққа сәйкес тараптардың келісімі бойынша немесе біржақты тәртіппен тоқтатылуы мүмкін.
Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім қолданылатын кезеңде осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде, 2-тармағында, 3-тармағының екінші бөлігінде және 4-тармағында көзделген міндеттемелер мен шарттар орындалмаған кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі хабарлама жіберілген күннен бастап үш ай өткен соң инвестициялық міндеттемелер туралы келісімнің қолданылуын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатады.
Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде осындай келісім жасасқан заңды тұлға «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес белгіленген тәртіппен өзінің салықтық міндеттемелерін қайта есептеуді жүзеге асырады.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 295-1-баппен толықтырылды
295-1-бап. Арнайы инвестициялық келiсiмшартты жасасу және бұзу
1. Арнайы инвестициялық жоба үшін инвестициялық преференциялар беруді көздейтін шарт арнайы инвестициялық келісімшарт болып табылады.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, арнайы инвестициялық келісімшарттарды жасасу жөніндегі уәкілетті орган арнайы инвестициялық жоба үшін инвестициялық преференциялар беруге арналған өтінім келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, арнайы инвестициялық келісімшарттарды жасасу жөніндегі уәкілетті орган бекітетін үлгілік арнайы инвестициялық келісімшарттың ережелерін ескере отырып, арнайы инвестициялық келісімшартты қол қою үшін дайындайды.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Арнайы инвестициялық келісімшартты жасасу және бұзу тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, арнайы инвестициялық келісімшарттарды жасасу жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
4. Арнайы инвестициялық келісімшарттың қолданылу мерзімі инвестициялық преференциялардың қолданылу мерзімімен айқындалады.
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Тараптардың келісімі бойынша арнайы инвестициялық келісімшарт мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде арнайы инвестициялық келісімшартты жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы арнайы инвестициялық келісімшарт бойынша берілген инвестициялық преференциялар салдарынан төленбеген кедендік баждардың сомаларын төлемейді.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 295-2-баппен толықтырылды
295-2-бап. Инвестициялар туралы келісім
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген тұлға мен заңды тұлға, оның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясында тіркелген заңды тұлға арасында жасалатын, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде жеті жарым миллион еселенген мөлшерінде инвестицияларды жүзеге асыруды көздейтін инвестициялық жобаны іске асыруға арналған шарт инвестициялар туралы келісім болып табылады.
2. Инвестициялар туралы келісімдер Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкес келетін инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жасалады.
3. Инвестициялар туралы келісімде инвестициялық преференциялардың түрлері, оларды берудің шарттары мен тәртібі айқындалады.
4. Инвестициялар туралы келісімнің мерзімі, оны өзгертудің және бұзудың тәртібі мен шарттары инвестициялар туралы келісімде айқындалады.
5. Инвестициялар туралы келісімге тараптардың келісуі бойынша өзгерістер енгізілген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасы өзгерген жағдайда инвестициялар туралы келісімнің ережелері жасалған күнінен бастап жиырма бес жыл бойы өз қолданысын сақтайды.
6. Инвестициялар туралы келісім жасасқан заңды тұлғаның «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 80-1-тарауына сәйкес қосылған құн салығы мен акциздер есепке алынбай, құрылыс-монтаждау жұмыстары құнының жиырма пайызына дейін өтем алуға және жабдық сатып алуға құқығы бар.
296-бап. Инвестициялық дауларды шешу
1. Инвестордың инвестициялық қызметiне байланысты инвесторлар, оның ішінде ірі инвесторлар мен мемлекеттiк органдар арасындағы шарттық мiндеттемелерден туындайтын дау инвестициялық дау болып табылады.
2. Инвестициялық даулар келiссөздер арқылы не дауларды шешудiң тараптармен бұрын келiсілген рәсiмiне сәйкес шешіледі.
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Инвестициялық дауларды осы баптың 2-тармағының ережелерiне сәйкес шешу мүмкiн болмаған кезде дауларды шешу Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен заңнамалық актiлерiне сәйкес Қазақстан Республикасының соттарында, сондай-ақ тараптардың келiсiмімен айқындалатын төрелiктерде жүргiзiледi.
4. Инвестициялық дауларға жатпайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешiледi.
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 296-1-баппен толықтырылды
296-1-бап. Инвестициялық келісімшарттар талаптарының сақталуын бақылау нысандары
Инвестициялық келісімшарттар талаптарының сақталуын бақылауды инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мынадай:
1) осы Кодекстің 296-2-бабының 1-тармағына сәйкес ұсынылған есептерді зерделеу және талдау негізінде жүзеге асырылатын камералдық бақылау;
2) инвестициялық қызмет объектісіне бару, оның ішінде инвестициялық келісімшарттың жұмыс бағдарламасы мен талаптарын орындау жөніндегі құжаттарды қарау нысандарында жүзеге асырады.
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 296-2-баппен толықтырылды
296-2-бап. Инвестициялық келісімшарттар талаптарының сақталуын бақылауды ұйымдастыру мен асыру тәртібі
1. Инвестициялық келісімшарт жасалғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган белгілейтін нысан бойынша инвестициялық келісімшарттың орындалуы туралы жартыжылдық есептерді 25 шілдеден және 25 қаңтардан кешіктірмей, тіркелген активтердің пайдалануға берілуін, технологиялық жабдыққа қосалқы бөлшектердің, шикізаттың және (немесе) материалдардың жеткізілуі мен пайдаланылуын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жұмыс бағдарламасында көзделген шығындардың баптары бойынша таратып жаза отырып ұсынады.
2. Инвестициялық келісімшарт пен арнайы инвестициялық келісімшартқа қосымшаға өзгерістер тараптардың келісуі бойынша жылына екі рет енгізілуі мүмкін.
3. Инвестициялық қызмет объектісіне бару арқылы тексеру жұмыс бағдарламасы аяқталған жағдайда тіркелген активтер пайдалануға берілгеннен кейін алты ай ішінде жүргізіледі.
4. Тексеру нәтижелері бойынша инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның өкілі мен инвестициялық келісімшарт жасасқан Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының басшысы инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша инвестициялық келісімшарттың жұмыс бағдарламасын орындаудың ағымдағы жай-күйі туралы актіге қол қояды.
5. Инвестициялық келісімшарттың жұмыс бағдарламасы орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда, инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвестициялық келісімшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына бұзушылықтарды көрсете отырып, жазбаша нысанда хабарлама жібереді және бұзушылықтарды жою үшін үш ай мерзім белгілейді.
6. Егер инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган жүргізген тексеру нәтижелері бойынша инвестициялық жобаны іске асыру үшін әкелінген және кедендік баждар төлеуден босатылған технологиялық жабдық, оның жинақтауыштары, қосалқы бөлшектері, шикізат және (немесе) материалдар пайдалануға берілмегені не пайдаланылмағаны анықталған жағдайда, инвестициялық келісімшарт бойынша берілген инвестициялық преференцияларға байланысты кедендік баждардың сомасын төлемеген Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өсімпұлды есепке жаза отырып, пайдаланылмаған жабдық, оның жинақтауыштары, қосалқы бөлшектері, шикізат және (немесе) материалдар бөлігінде оларды төлейді.
7. Инвестициялық келісімшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы жұмыс бағдарламасын іске асыруды аяқтағаннан кейін екі ай ішінде инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға аудиторлық есепті ұсынады, онда мыналар қамтылуға тиіс:
1) жұмыс бағдарламасына сәйкес инвестициялық міндеттемелердің орындалуы туралы ақпарат;
2) жұмыс бағдарламасына сәйкес сатып алынған тіркелген активтер бойынша таратып жазу;
3) жұмыс бағдарламасының орындалғанын растайтын құжаттардың жиынтық тізілімі;
4) инвестициялық келісімшарт талаптарының орындалуы туралы мәліметтер.
Егер инвестициялық келісімшартта инвестициялық субсидия беру көзделген жағдайда, инвестициялық келісім шарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы екі ай ішінде уәкілетті органға аудиторлық қызмет саласындағы уәкілетті орган белгілеген ең төменгі талаптарға сәйкес келетін аудиторлық ұйымның аудиторлық есебін ұсынады.
8. Мемлекеттің экономикалық мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында инвестициялық келісімшарттың бұзылуы туралы ақпарат:
1) тиісті шаралар қолдану үшін мемлекеттік кіріс органдарына және қажет болған кезде өзге де мемлекеттік органдарға;
2) мемлекеттік заттай грант берілген инвестициялық келісімшарттар бойынша мемлекеттік кіріс органдарына, мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға және (немесе) жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органға, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі.
9. Инвестициялық келісімшарт жасасқан Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының инвестициялық келісімшарттың қолданысы ішінде:
1) берілген мемлекеттік заттай гранттың, сондай-ақ жұмыс бағдарламасына сәйкес сатып алынған мүліктің нысаналы мақсатын өзгертуге;
2) берілген мемлекеттік заттай грантты, сондай-ақ жұмыс бағдарламасына сәйкес сатып алынған мүлікті иеліктен шығаруға құқығы жоқ.
10. Кедендік баждар салудан босату объектілерінің нысаналы пайдаланылуын бақылау Еуразиялық экономикалық комиссия айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
26-тарау. ҮШІНШІ ЕЛДЕРГЕ ҚАТЫСТЫ АРНАЙЫ ҚОРҒАУ, ДЕМПИНГКЕ ҚАРСЫ ЖӘНЕ ӨТЕМАҚЫ ШАРАЛАРЫ
297-бап. Ішкі нарықты қорғау шараларын енгізу туралы жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында үшінші елдерден шығарылатын және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты ішкі нарықты қорғау шаралары арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары түрінде енгізілуі мүмкін.
Үшінші елдер деп Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың қатысушылары болып табылмайтын елдер және (немесе) елдер бірлестіктері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия бекітетін әлем елдерінің сыныптауышына енгізілген аумақтар түсініледі.
2. Арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларын енгізу және қолдану, қайта қарау немесе олардың күшін жою не тиісті шараны қолданбау туралы шешімдерді Еуразиялық экономикалық комиссия қабылдайды.
Арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану, арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану алдындағы тергеп-тексеруді жүргізу «Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
298-бап. Шаралардың түрлері
1. Импорттық квотаны, арнайы квотаны немесе арнайы бажды, оның ішінде алдын ала арнайы бажды енгізу арқылы Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімі бойынша қолданылатын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауардың өскен импортын шектеу жөніндегі шара арнайы қорғау шарасы болып табылады.
2. Демпингке қарсы бажды, оның ішінде алдын ала демпингке қарсы бажды енгізу немесе экспорттаушы қабылдаған баға міндеттемелерін мақұлдау арқылы Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімі бойынша қолданылатын демпингтік импортқа қарсы іс-қимыл шарасы демпингке қарсы шара болып табылады.
3. Өтемақы бажын (оның iшiнде алдын ала өтемақы бажын) енгізу не субсидиялаушы үшінші елдің уәкiлеттi органы немесе экспорттаушы қабылдаған ерікті мiндеттемелерді мақұлдау арқылы Еуразиялық экономикалық комиссияның шешiмi бойынша қолданылатын, мүше мемлекеттердің экономика саласына экспорттаушы үшінші елдің ерекше субсидиясының әсер етуін бейтараптандыру жөніндегі шара өтемақы шарасы болып табылады.
299-бап. Арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану қағидаттары
Арнайы қорғау шарасы, егер тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына осы тауардың импорты мүше мемлекеттердің экономика саласына елеулі нұқсан келтіретіндей немесе осындай нұқсан келтіру қатерін төндіретіндей өскен мөлшерлерде (мүше мемлекеттерде ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауарды өндірудің жалпы көлеміне абсолютті немесе салыстырмалы көрсеткіштерде) және жағдайларда жүзеге асырылып жатқаны анықталған болса, тауарға қолданылуы мүмкін.
Демпингке қарсы шара, егер тергеп-тексеруді жүргізетін орган жүргізген тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына осындай тауардың импорты мүше мемлекеттердің экономика саласына материалдық нұқсан келтіретіндігі, осындай нұқсанды келтіру қатерін төндіретіні немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құруды едәуір баяулататыны анықталған болса, демпингтік импорттың нысанасы болып табылатын тауарға қолданылады.
Өтемақы шарасы өндіру, егер тергеп-тексеруді жүргізетін орган жүргізген тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына осындай тауардың импорты мүше мемлекеттердің экономика саласына материалдық нұқсан келтіретіні, осындай нұқсанды келтіру қатерін төндіретіні немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құруды едәуір баяулататыны анықталған болса, экспорттау немесе тасымалдау кезінде экспорттаушы үшінші елдің ерекше субсидиясы пайдаланылған импортталатын тауарға қолданылуы мүмкін.
Мүше мемлекеттер деп Еуразиялық экономикалық одақтың мүшелері және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың Тараптары болып табылатын мемлекеттер түсініледі.
6-БӨЛІМ. КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ҚОРҒАУ НЫСАНДАРЫ МЕН ТӘСІЛДЕРІ
27-тарау. КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ
300-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау нысандары
1. Әрбір кәсіпкерлік субъектісінің өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғауға құқығы бар.
Кәсіпкерлік субъектілерінің бұзылған немесе даулы құқықтарын қорғау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де тәртіппен (төрелік, медиация, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, омбудсмен, келіссөздер, наразылық тәртіп және өзгелер) жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда лауазымды адамдардың әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) және мемлекеттік органдардың актілеріне (шешімдеріне) шағым жасау арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Заңдарда арнайы көзделген жағдайларда, кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау құқығы бұзылған кәсіпкерлік субъектісінің тiкелей iс жүзiндегi немесе заңдық әрекеттерiмен (өзiн-өзi қорғау) жүзеге асырылуы мүмкiн.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 301-бап жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
301-бап. Қорғаудың соттағы нысаны
Кәсіпкерлік субъектілері бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерiн қорғау үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сотқа жүгiнуге құқылы.
302-бап. Тараптары кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын дауларды сотқа дейін реттеу
1. Құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған кәсіпкерлік субъектілері осы құқықтарды бұзушымен дауды тікелей реттеу мақсатында оған Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жазбаша кінәрат қоюын білдіреді.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда, дауды реттеудің сотқа дейінгі тәртібін сақтау міндетті емес болғанда, кәсіпкерлік субъектісі өзінің бұзылған құқығын қорғау үшін тікелей сотқа жүгінуге құқылы.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Даулар сотқа дейінгі тәртіппен реттелмеген жағдайда, кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сотқа жүгiнуге құқылы.
303-бап. Қорғаудың соттан тыс нысандары
1. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) шартта көзделген мынадай нысандарда:
1) төрелікте;
2) медиация қолдану арқылы;
3) партисипативтік рәсім тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғаудың басқа да соттан тыс нысандары белгіленуі мүмкін.
3. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру процесінде туындайтын келіспеушіліктерді реттеу мақсатында кәсіпкерлік субъектілері осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларда Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге, омбудсменге жүгінуге құқылы.
304-бап. Төрелікте құқықтарды қорғау
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған дау төрелік келісім болған кезде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен төрелікте қаралуы мүмкін.
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Дауды шешу үшін төреліктер тұрақты жұмыс істейтін төрелік немесе нақты дауды шешуге арналған төрелік түрінде құрылуы мүмкін.
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Тұрақты жұмыс істейтін төреліктерді ұйымдастыру және олардың қызметінің тәртібі олардың регламенттерінде және Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленеді.
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Егер нақты дауды шешу үшін құрылатын төрелікті ұйымдастыруға және оның қызметінің тәртібіне қойылатын өзге де талаптар Қазақстан Республикасының заңында және халықаралық шарттарында белгіленбесе, онда олар тараптардың келісімімен айқындалады.
5. Егер төрелік шешім онда белгіленген мерзімде ерікті түрде орындалмаса, онда ол Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде көзделген тәртіппен мәжбүрлеп орындалуға жатады.