2. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі оның мемлекеттік аумағының бір бөлігі болып табылады.
3-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануды және авиация қызметін реттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көздегендегіден өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
4-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заң:
1) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдаланушыларға;
2) Қазақстан Республикасының шегінде мемлекеттік, азаматтық және эксперименттік авиацияға;
3) егер әуе кемесі баратын елдің заңдарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының мемлекеттік және азаматтық әуе кемелері Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болған уақытта оларға қолданылады.
5-бап. Авиация құралдарына меншік құқығы
Әуе кемелері, әуеайлақтар, тікұшақ айлақтары, әуежайлар, техникалық құралдар және әуе кемелерінің ұшуын ұйымдастыру, орындау, қызмет көрсету және қамтамасыз ету үшін қажетті басқа да мүлік мемлекеттік және (немесе) жеке меншікте болуы мүмкін.
6-бап. Авиация түрлері
1. Қазақстан Республикасының авиациясы мемлекеттік, азаматтық және эксперименттiк болып бөлiнедi.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органының, ішкi iстер органдарының, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкiметінiң шешiмi бойынша басқа да мемлекеттік органдардың қарамағында болатын және қорғаныс, мемлекеттің қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында пайдаланылатын авиация мемлекеттік авиация болып табылады.
3. Азаматтық авиация деп эксперименттiк және мемлекеттік авиацияның құрамына кiрмейтiн және:
1) жолаушыларды, багажды, жүкті және почта жөнелтілімдерін тасымалдау (әуемен тасымалдау);
2) авиациялық жұмыстарды орындау;
3) оқу, спорттық, мәдени-ағарту iс-шараларын жүргiзу, техникалық шығармашылықты дамыту;
4) әуе кемесiн пайдаланушының жеке қажеттіліктерiн қанағаттандыру;
5) iздестiру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу, дүлей зілзалалар болған жағдайда көмек көрсету;
6) аэронавигациялық қызмет көрсету;
7) әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу;
8) әуежай қызметін және (немесе) әуеайлақ (тікұшақ айлағы) қызметін көрсетуді жүзеге асыру;
9) әуеайлақтарды және азаматтық авиация объектілерін жоспарлау мақсаттарында пайдаланылатын авиация танылады.
Осы тармақтың 1), 2) және 5) тармақшаларында көрсетілген мақсаттарда ақысы төленіп немесе жалдау бойынша пайдаланылатын азаматтық авиация коммерциялық авиация болып танылады.
Жеке және (немесе) заңды тұлғалардың меншiгiндегі және осы тармақтың 1), 2) және 5) тармақшаларында көрсетiлген мақсаттарда ақысы төленбей және жалдаусыз пайдаланылатын, сондай-ақ осы тармақтың 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген мақсаттарда пайдаланылатын азаматтық авиация жалпы мақсаттағы авиация болып танылады.
Сертификатталған ең жоғары ұшып көтерілу массасы бес мың жеті жүз килограмнан кем болатын әуе кемелерін, оның ішінде сертификатталған ең жоғары ұшып көтерілу массасы үш мың бір жүз сексен килограмнан кем болатын тікұшақтарды пайдаланатын азаматтық авиация жеңіл авиация болып танылады.
Сертификатталған ең жоғары ұшып көтерілу массасы жеті жүз елу килограмнан кем болатын әуе кемелерін, басқа да ұшу аппараттары мен қосымша құрылғыларды пайдаланатын азаматтық авиация аса жеңіл авиация болып танылады.
4. Эксперименттiк авиация деп авиациялық және басқа да техника саласында тәжiрибелiк-конструкторлық, эксперименттiк, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен сынақтарын жүргiзуге арналған авиация танылады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 7-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
7-бап. Азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық стандарттарын қолдану
1. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайтын азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың стандарттары қолданылады.
2. Азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық стандарттары азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган оларды қолдануға рұқсат берген Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдары үшін міндетті болып табылады.
3. Азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық стандарттары Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес реттелуі жүзеге асырылатын стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарға жатпайды.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 2-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘУЕ КЕҢІСТІГІН ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ АВИАЦИЯ
ҚЫЗМЕТІ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ, бақылау және қадағалау
8-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметі саласындағы мемлекеттік реттеу
1. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметін мемлекеттік реттеу міндеттері:
1) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдаланушылардың оны қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуі, ұшуды адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, мемлекет мүдделеріне қатер төндірмей орындау;
2) әуе кеңістігін пайдалануға және ұшуды орындауға байланысты қызметті жүзеге асырудың жалпы принциптерін белгілеу;
3) Қазақстан Республикасы экономикасының және азаматтардың авиациялық қызметтерге қажеттіктерін қанағаттандыру болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануды және авиация қызметін мемлекеттік реттеуді өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының Үкіметі, азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкiлеттi органдар жүзеге асырады.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 9-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
9-бап. Әуе кеңістігін пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау
1. Әуе кеңістігін пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің бұзылуын болғызбау және (немесе) тоқтату және (немесе) оның жолын кесу мақсатында жүзеге асырылады.
2. Әуе кеңістігін пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 10-бап өзгертілді
10-бап. Авиация қызметін мемлекеттік бақылау және қадағалау
1. Мемлекеттік авиация қызметін мемлекеттік бақылау және қадағалау Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі салаларындағы заңнамасында белгіленген талаптардың сақталуы нысанасына жүзеге асырылады.
2. Азаматтық, эксперименттік және мемлекеттік авиация қызметін мемлекеттік бақылауды және қадағалауды азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдар жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік авиация қызметіне мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргізудің тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
4. Азаматтық және эксперименттік авиацияның қызметін мемлекеттік бақылауды және қадағалауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мынадай нысанда:
1) осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген тексерулерді қоспағанда, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен жүргізу тәртібі айқындалатын азаматтық авиация ұйымдарын тексеру;
2) жеке және заңды тұлғалардың осы Заңмен жүргізу тәртібі айқындалатын әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік талаптарын сақтауын тексеру;
3) жеке және заңды тұлғалардың ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін байқауды және талдауды қамтитын, бақылау мен қадағалаудың өзге де нысанында жүзеге асырады.
5. Жеке және заңды тұлғалардың ұшу қауіпсіздігін және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін, сондай-ақ авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексеру нәтижелері бойынша ұсынымдарды орындау мақсатында байқау және талдау, осы Заңның талаптарына сәйкес азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға жеке және заңды тұлғалар берген ақпарат, құжаттар мен материалдар негізінде жүзеге асырылады.
6. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамдарының тексерулері мен бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарының қорытындылары бойынша қорытынды құжаттар (актілер, инспекторлық нұсқамалар) жасалуы және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкін.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 10-1-баппен толықтырылды
10-1-бап. Жеке және заңды тұлғалардың әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік талаптарын сақтауын тексерулер түрлері
1. Жеке және заңды тұлғалардың әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік талаптарын сақтауын тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:
1) жоспарлы;
2) жоспардан тыс.
Жоспарлы тексеруді тәуекелдерді бағалау жүйесіне сәйкес және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және (немесе) халықаралық стандарттарға сәйкестігіне жүргізілген бұрынғы тексерулерге қатысты белгіленген уақыт аралықтарын ескере отырып, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен тексерулер жоспары не тұрақты қадағалау бағдарламасы негізінде азаматтық авиация, әуе кемелері және (немесе) әуе кемелерінің ұшуын қамтамасыз ететін олардың компоненттері мен жабдықтары саласында қызметін жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаға қатысты азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган тағайындайды.
Жоспардан тыс тексеруді Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және (немесе) халықаралық стандарттарға сәйкестігіне азаматтық авиация, әуе кемелері және (немесе) әуе кемелерінің ұшуын қамтамасыз ететін олардың компоненттері, жабдықтары саласында қызметін жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаға қатысты авиация саласындағы уәкілетті орган тағайындайды.
Мақсаттарына қарай жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:
1) азаматтық және (немесе) эксперименттік авиация саласында қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғаны, оның ішінде осындай адамның ұшуды ұйымдастыруын, дайындауын және орындауын тексеру;
2) азаматтық және (немесе) эксперименттік авиация саласында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғаны тексеру;
3) шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелерін перрондық тексеру.
2. Жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер, егер осы тармақтың екінші бөлігінде өзгеше белгіленбесе, ішкі еңбек тәртібінің қағидаларында белгіленген, тексерілетін субъектінің жұмыс уақытында жүзеге асырылады.
Жоспардан тыс тексеру бұзушылықтардың және олардың тікелей жасалуы кезінде жолын кесу қажет болған жағдайларда, жұмыстан тыс уақытта (түнгі уақыт, демалыс немесе мереке күндері) жүргізілуі мүмкін.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 10-2-баппен толықтырылды
10-2-бап. Ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бақылау мен қадағалауға жататын қызмет
Азаматтық және эксперименттік авиация саласында ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бақылау мен қадағалауға жататын қызметке:
1) әуе кемелерін пайдалану, ұшуды жүргізу және соған дайындалу;
2) әуе қозғалысына қызмет көрсету;
3) аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету;
4) ұшуды метеорологиялық қамтамасыз ету;
5) әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету;
6) ұшуды әуеайлақпен қамтамасыз ету;
7) ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету;
8) ұшуды электрлі жарықпен техникалық қамтамасыз ету;
9) ұшуды орнитологиялық қамтамасыз ету;
10) авиация персоналын даярлау және қайта даярлау;
11) авиация персоналын дәрігерлік-ұшу сарапшылық комиссияларының куәландыруын ұйымдастыру;
12) ұшуды авариялық және іздестіру-құтқару қызметімен қамтамасыз ету;
13) азаматтық әуе кемелерін, әуежай объектілері мен қызметтерін жанар-жағармай материалдарымен және арнайы сұйықтықтармен қамтамасыз ету;
14) азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылар мен басқа да тұтынушыларды арнайы автокөлік құралдарымен және жабдықпен қамтамасыз ету;
15), осы Заңның 90-бабының 1-тармағында көзделген, ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызмет;
16) осы Заңның 105-бабының 2-тармағында көзделген авиациялық қауіпсіздік шаралары жатады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 11-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11-бап. Жеке және заңды тұлғалардың ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік талаптарын сақтауын тексерулер тәртібі
1. Жеке және заңды тұлғалардың ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік талаптарын сақтауын тексерулерді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган қажеттілік және жеткіліктілік қағидатына сәйкес жүргізеді.
2. Тексеруді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамдары тексеру парағына сәйкес жүргізеді. Тексеру парағы Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеке және заңды тұлғалардың қызметіне қойылатын талаптардың толық тізбесін қамтиды, оларды сақтамау ұшу қауіпсіздігіне және авиациялық қауіпсіздікке қатер төндіруге әкеп соғады және олар авиациялық оқиғаның немесе оқыс оқиғаның алғышарттары болуы мүмкін.
3. Тексеру азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның тексеруді тағайындау туралы актісі негізінде жүргізіледі. Тексеруді тағайындау туралы акт бір жеке немесе заңды тұлғаға ресімделеді.
Шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелеріне перрондық тексерулер жүргізу үшін тексеру тағайындау туралы акт нақты жеке немесе заңды тұлға көрсетілместен, бірақ аумағының шегінде тексеру жүргізілетін әуежай (әуеайлақ) атауы міндетті түрде көрсетіле отырып жасалады.
4. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамдары тексеру кезінде:
1) тексеру тағайындау туралы актіні;
2) қызметтік куәлігін;
3) тексеру парағын көрсетуге міндетті.
5. Тексеру жүргізу мерзімі алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді және бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Тексеру бір рет бір айдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұруы мүмкін.
Жеке немесе заңды тұлғаны хабардар ету тексеру тоқтатыла тұрғанға дейін не қайтадан басталғанға дейін бір күн бұрын жүргізіледі.
Тексеруді тоқтата тұрған не қайтадан бастаған кезде тексеруді тоқтата тұру не қайтадан бастау туралы акт шығарылады. Тоқтатыла тұрған тексеруді жүргізу мерзімдерін есептеу ол қайтадан басталған күннен бастап жалғасады.
6. Тексеру тағайындау туралы актіні тексерілетін тұлғаға табыс еткен кез тексеру жүргізудің басталуы болып саналады.
7. Тексеру тағайындау туралы актіні қабылдаудан бас тартылған немесе азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдарының объектілерге кіруіне және (немесе) тексеру жүргізу үшін қажетті материалдарға қол жеткізуіне кедергі келтірілген жағдайда, хаттама жасалады. Хаттамаға азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамы мен тексерілетін адам не оның уәкілетті өкілі қол қояды.
Тексерілетін адам бас тарту себебі туралы жазбаша түсініктеме бере отырып, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы. Тексеру тағайындау туралы актіні алудан бас тарту тексеруді болдырмауға негіз болып табылмайды.
8. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамы тексеру нәтижелері бойынша тексеру нәтижелері туралы екі данада акт жасайды.
Тексеру нәтижелері туралы актіде:
1) актінің жасалған күні, уақыты және орны;
2) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның атауы;
3) соның негізінде тексеру жүргізілген, тексеруді тағайындау туралы актінің күні мен нөмірі;
4) тексеру жүргізген адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және лауазымы;
5) тексерілетін жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) не заңды тұлғаның атауы мен деректемелері, ал шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелеріне тексеру жүргізілген жағдайда - барлық тексерілетін жеке немесе заңды тұлғалардың және тексеру жүргізу кезінде қатысқан өзге де адамдардың;
6) тексерудің жүргізілген күні, орны және кезеңі;
7) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы, олардың сипаты туралы мәліметтер;
8) жеке немесе заңды тұлғаның, сондай-ақ тексеру жүргізу кезінде қатысқан адамдардың актімен танысуы немесе танысудан бас тартуы, туралы мәліметтер, олардың қолтаңбасы немесе қол қоюдан бас тартуы туралы жазба;
9) тексеру жүргізген лауазымды адамның қолтаңбасы көрсетіледі.
Жүргізілген зерттеулердің (сынақтардың), сараптамалардың қорытындылары және тексеру нәтижелеріне байланысты басқа да құжаттар немесе олардың көшірмелері (олар болған кезде) тексеру нәтижелері туралы актіге қоса беріледі.
9. Тексеру нәтижелері бойынша ескертпелері және (немесе) қарсылықтары болған жағдайда, тексерілетін адам оларды жазбаша түрде баяндайды. Ескертпелер және (немесе) қарсылықтар тексеру жүргізу нәтижелері туралы актіге қоса берілуі мүмкін, ол туралы тиісті белгі жасалады.
10. Тексерілетін адамның қолындағы түпнұсқадағы құжаттардың көшірмелерін қоспағанда, қосымшаларының көшірмелерімен бірге тексеру нәтижелері туралы актінің бір данасы танысу және анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қолдану және басқа да іс-қимылдар үшін тексерілетін адамға не оның уәкілетті өкіліне табыс етіледі.
11. Тексеру жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар болмаған жағдайда, тексеру нәтижелері туралы актіде тиісті жазба жасалады.
12. Тексеру тағайындау туралы актіде көрсетілген тексерудің аяқталған мерзімінен кешіктірмей тексеру нәтижелері туралы актіні тексерілетін адамға табыс еткен күн тексеру аяқталған күн болып саналады.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 12-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 12-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12-бап. Ұшу қауіпсіздігін және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың нәтижелері
1. Мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайларда, мемлекеттік авиация инспекторлары жеке немесе заңды тұлғаларға бұзушылықтарды жою туралы инспекторлық нұсқамалар береді.
Ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларда, мемлекеттік авиация инспекторлары әуе кемесін пайдалануды тоқтату не инспекцияланатын пайдаланушының немесе азаматтық авиация ұйымының және (немесе) авиация персоналының белгілі бір әрекеттерді тоқтатуы туралы талаппен инспекторлық нұсқамалар береді.
2. Инспекторлық нұсқама жеке немесе заңды тұлғаға немесе олардың өкілдерінің қолына немесе жөнелту және алу фактісін растайтын өзге де тәсілмен тапсырылуы тиіс.
Инспекторлық нұсқамада жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде) немесе заңды тұлғаның атауы, инспекторлық нұсқаманың берілген күні, инспекторлық нұсқаманы жіберудің негізі, анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптар және инспекторлық нұсқаманы орындау мерзімдері, оған шағымдану тәртібі көрсетіледі.
3. Хабарламалы тапсырыс хат арқылы почтамен не хабарламалардың кепілді жеткізілуін қамтамасыз ететін электронды байланыс арналары арқылы электронды түрде жіберілген инспекторлық нұсқама почта операторынан почта жөнелтілімін адресаттың алғаны туралы хабарламаны алған күннен бастап не хабарламаны электронды түрде жіберген күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң тапсырылды деп есептеледі.
4. Инспекторлық нұсқама азаматтық және (немесе) эксперименттік авиация саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті болып табылады.
5. Инспекторлық нұсқаманы орындамау азаматтық және (немесе) эксперименттік авиация саласындағы қызметті жүзеге асыруға арналған сертификаттың (куәліктің) қолданысын тоқтата тұру немесе оны қайтарып алу үшін негіз болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Мемлекеттік авиация инспекторлары беретін инспекторлық нұсқамаға жоғары тұрған лауазымды адамға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 12-1-баппен толықтырылды
12-1-бап. Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігі жөніндегі бағдарлама
1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес ұшу қауіпсіздігі жөніндегі бағдарламаны әзірлейді, ол:
1) азаматтық авиация саласындағы азаматтық авиациядағы ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесін білдіреді;
2) халықаралық стандарттарды және ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесіне байланысты ұсынылатын практиканы тиімді енгізуді белгілейді;
3) ұшу қауіпсіздігі тәуекелдерін басқарудың жоғары деңгейіне қол жеткізуге және авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғалардың санын үздіксіз азайтуға бағытталған.
2. Азаматтық авиациядағы ұшу қауіпсіздігі жөніндегі бағдарлама мыналарды:
1) мемлекеттік деңгейде қауіпсіздік саласындағы саясат пен мақсаттарды;
2) мемлекеттік деңгейде ұшу қауіпсіздігіне байланысты тәуекелдерді басқаруды;
3) мемлекеттік деңгейде азаматтық авиацияның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді;
4) мемлекеттік деңгейде азаматтық авиацияның қауіпсіздігін дамытуға жәрдемдесуді қамтиды.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 13-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
13-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің әуе кеңістігін пайдалану және авиациялық қызмет саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) әуе кеңістігін пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
3) азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдарды айқындайды;
3-1) азаматтық авиация саласында ұшу қауіпсіздігі жөніндегі бағдарламаны бекітеді;
3-2) Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында формальдылықты оңайлату мақсатында рәсімдерді белгілеуге жәрдемдесуге тиісті шаралар жиынтығын білдіретін, халықаралық әуе тасымалдары кезіндегі формальдылықты оңайлату бағдарламасын бекітеді;
4) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларын бекітеді;
5) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларын бекітеді;
6) Қазақстан Республикасының аса маңызды ұшуын ұйымдастыру және қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
7) - 15-1) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
16) 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
17) - 26) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
27) 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
28) - 41) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
42) Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағидаларын бекітеді;
43) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
44) Қазақстан Республикасы азаматтық авиациясының авиациялық қауіпсіздік жөніндегі нұсқаулығын (бағдарламасын) бекітеді;
45) - 51) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
52) азаматтық авиация саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді;
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 53) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
53) жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау бойынша қызметтер көрсету үшiн халықаралық авиамаршруттарға арналған конкурс өткiзу және халықаралық авиамаршруттарға куәлiктер беру қағидаларын бекiтедi;
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 53-1) тармақшамен толықтырылды
53-1) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
54) Авиамаршруттарды субсидиялау қағидаларын бекітеді;
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 54-1) тармақшамен толықтырылды
54-1) жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау бойынша қызметтер көрсету үшiн субсидияланатын авиамаршруттарға арналған конкурс өткізу және субсидияланатын авиамаршруттарға куәліктер беру қағидаларын бекітеді;