8) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери полиция органдары патрульдік-бекеттік қызметінің жұмысын ұйымдастыру қағидаларын;
9) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери полиция органдарының қауіпсіздік шараларын жүзеге асыру қағидаларын;
10) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің қызметтік әдеп қағидаларын;
11) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскерлер қызметін ұйымдастыру қағидаларын;
12) қылмыстық процесті жүргізетін органдардан жасырынып жүрген, сондай-ақ әскери бөлімді (мекемені) немесе қызмет орнын өз бетінше тастап кеткен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іздестіруді ұйымдастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді.
2. Ұлттық қауіпсіздік комитеті:
1) әскери қызметшілердің Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полиция органдарының гауптвахтасында әкімшілік қамаққа алуды өтеу қағидаларын;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полиция органдарының патрульдеуді ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын;
3) ұлттық қауіпсіздік органдарының көлік құралдарының және арнаулы мақсаттағы көлік құралдарының колонналарына ілесіп жүруді ұйымдастыру және қамтамасыз ету, автомобиль жолдары мен көшелерде осы колонналар өтетін уақытта жол жүрісін реттеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді.
3. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери полиция органдары арнаулы көлік құралдарының тізбесін;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін мемлекеттік тіркеу қағидаларын;
3) Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери полиция органдарында тіркелген механикалық көлік құралдарына және олардың тіркемелеріне міндетті техникалық қарап-тексеру жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді.
3-тарау. ӘСКЕРИ ПОЛИЦИЯ ОРГАНДАРЫ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІНІҢ
ДЕНЕ КҮШІН, АРНАУЛЫ ҚҰРАЛДАР МЕН ҚАРУДЫ ҚОЛДАНУЫ
10-бап. Дене күшін, арнаулы құралдар мен қаруды қолдану шарттары мен шегі
1. Әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің қаруды, арнаулы құралдарды алып жүруге, сақтауға және қолдануға, сондай-ақ дене күшін қолдануға құқығы бар.
2. Әскери полиция органдарының әскери қызметшілері арнаулы даярлықтан, сондай-ақ дене күшін, арнаулы құралдарды, қаруды қолдануға байланысты іс-қимылдарға жарамдылығы тұрғысынан мерзімді тексеруден өтуге міндетті.
3. Әскери полиция органдарының әскери қызметшісі дене күшін, арнаулы құралдарды, қаруды қолдану кезінде:
1) дене күшін, арнаулы құралдарды, қаруды қолдануды кешеуілдету жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, өзге де ауыр салдарға алып келуі мүмкін немесе қалыптасқан жағдайда мұндай ескерту орынсыз немесе мүмкін емес болып табылған жағдайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, дене күшін, арнаулы құралдарды немесе қаруды қолдану ниеті туралы ескертуге, бұл ретте оларды қолдану көзделетін адамдарға өз талаптарын орындау үшін жеткілікті уақыт беруге;
2) оларды қолдану нәтижесінде дене жарақаттарын алған жеке тұлғаларға алғашқы көмек көрсету бойынша шаралар қабылдауға;
3) оларды қолданудың әрбір фактісі туралы тікелей бастығына дереу баяндауға міндетті.
4. Әскери полиция органдарының әскери қызметшісі адамдардың қаза табуына немесе өзге де ауыр салдарға алып келген дене күшін, арнаулы құралдарды, қаруды қолданған әрбір жағдай туралы әскери прокурорға дереу хабарланады.
5. Әскери полиция органдарының әскери қызметшілері, егер олардың әрекеттері әскери қызметшілерге, басқа да жеке тұлғаларға, күзетілетін объектілерге немесе әскери полиция органдары әскери қызметшісінің өзіне қол сұғу сипаты мен қауіптілік дәрежесіне сәйкес келсе, дене күшін, арнаулы құралдарды, қаруды қолдануға байланысты келтірілген моральдық, мүліктік және физикалық зиян үшін жауапты болмайды.
Әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің дене күшін, арнаулы құралдар мен қаруды өкілеттіктерін асыра пайдаланып қолдануы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
11-бап. Дене күшін, арнаулы құралдарды қолдану
1. Әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің дене күшін, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін, сондай-ақ арнаулы құралдарды және қызметтік иттерді мынадай:
1) әскери қызметшілердің, басқа да адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін шабуылдан және өзге де әрекеттерден оларды қорғау және өзін-өзі қорғау;
2) әскери қалашықтардағы, әскери бөлімдердегі (мекемелердегі) жаппай тәртіпсіздіктің, сондай-ақ әскери қызметшілердің қоғамдық тәртіп пен әскери тәртіпті топтасып бұзуының жолын кесу;
3) әскери қалашықтарға, сондай-ақ әскери полиция органдары күзететін объектілер мен көлік құралдарына шабуылды тойтару, шабуыл жасау әрекеттерінің жолын кесу, осындай объектілерге адамдардың, автомобильдік көлік құралдары мен өзге де техниканың санкцияланбаған кіруінің жолын кесу жағдайларында, сол сияқты осындай объектілер мен құралдар басып алынған жағдайда оларды босату үшін;
4) қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде қолға түскен, әскери полиция органдарының әскери қызметшілеріне осы Заңда жүктелген міндеттерді жүзеге асыруда оларға қарсылық көрсететін немесе қасақана кедергі келтіретін адамдарды ұстау;
5) егер ұсталған, күзетпен қамауға алынған әскери қызметшілердің, сондай-ақ сотталғандардың, күдіктілер мен айыпталушылардың қашып кетуі, айналасындағыларға немесе өзіне зиян келтіруі мүмкін деп пайымдауға жеткілікті негіздер болса, оларды алып жүру және күзету (айдауылмен алып жүру);
6) қылмыстық құқық бұзушылықты анықтау, оның алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ әскери қызметшілерді іздестіру жағдайларында қолдануға құқығы бар.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ұлттық ұланның әскери полиция органдарының әскери қызметшілері дене күшін, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін, сондай-ақ арнаулы құралдарды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда да қолдануға құқылы.
2. Қарулы Күштер мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери полиция органдарының арнаулы құралдарының тізбесін тиісінше Қорғаныс министрі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы айқындайды.
3. Әйелдер, анық мүгедектік белгілері бар адамдар және жас балалар айналасындағылардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін шабуыл, топтасып шабуыл жасаған не қарулы қарсылық көрсеткен жағдайлардан басқа кезде оларға қатысты жауынгерлік күрес тәсілдерін, арнаулы құралдарды және қызметтік иттерді қолдануға тыйым салынады.
12-бап. Қару қолдану
Әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ақырғы шара ретінде қару қолдануға құқығы бар.
4-тарау. ӘСКЕРИ ПОЛИЦИЯ ОРГАНДАРЫНЫҢ КАДРЛЫҚ ҚҰРАМЫ, ӘСКЕРИ
ҚЫЗМЕТШІЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ, ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМСЫЗДАНДЫРЫЛУЫ
ЖӘНЕ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ
13-бап. Әскери полиция органдарының кадрлық құрамы
1. Әскери полиция органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери қызметшілерден жасақталады.
Қарулы Күштердің әскери полиция органдары азаматтық персоналмен (жұмыскерлермен) де жасақталады.
2. Әскери полиция органдарына әскери қызметке кіретін адамға қатысты лауазымға тағайындалар алдында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнаулы тексеру жүргізіледі.
Әскери полиция органдарына әскери қызметке алғаш рет кіретін азаматтар міндетті түрде арнаулы бастапқы оқудан және тағылымдамадан (сынақ мерзімінен) өтеді. Олардың тағылымдамадан (сынақ мерзімінен) өту тәртібі мен шарттарын тиісінше Қорғаныс министрі, Ішкі істер министрі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы айқындайды.
3. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және құрылымына әскери полиция органдары кіретін мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларда адамдар әскери полиция органдарына әскери қызметке қабылданбайды.
4. Бұрын әскери полиция органдарында әскери қызмет өткерген адамдарды қоспағанда, басқа әскерлер мен әскери құралымдардан, арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарынан ауыстырылған, сондай-ақ Қарулы Күштердің құрылымдық бөлімшелерінен Қарулы Күштердің әскери полиция органдарына ауыстырылған әскери қызметшілер Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарында немесе оқу орталықтарында міндетті қайта даярлаудан өтеді.
5. Қарулы Күштердің әскери полиция органдарының әскери қызметшілері Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындары мен оқу орталықтарында қайта даярлаудан және біліктілігін арттырудан өтуге құқылы.
6. Қарулы Күштердің әскери полиция органдары азаматтық персоналының (жұмыскерлердің) еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасымен реттеледі.
14-бап. Әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің құқықтық жағдайы және әлеуметтік қамсыздандырылуы
1. Әскери полиция органдарының әскери қызметшілері өздеріне жүктелген міндеттерді орындау кезінде мемлекеттің қорғауында болады және билік өкілдері болып табылады.
2. Әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген талаптары (бұдан әрі - заңды талаптар) барлық азаматтар мен лауазымды адамдардың орындауы үшін міндетті болады.
3. Әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің заңды талаптарын орындамау, оларды қорлау, қарсылық көрсету, күш қолдану қатерін төндіру немесе олардың өміріне, денсаулығына, ар-намысы мен қадір-қасиетіне, мүлкіне қол сұғу, оларға жүктелген міндеттерді орындауына кедергі келтіретін басқа да әрекеттер жасау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
4. Әскери полиция органдарының әскери қызметшілеріне заңнамада бекітілген міндеттерді орындау мақсатында олардың жеке басын және өкілеттіктерін растау үшін қызметтік куәліктер мен жетондар беріледі. Қызметтік куәлік пен жетонды беру, пайдалану тәртібін және олардың сипаттамасын уәкілетті органның басшысы айқындайды.
Қызметтік куәлік қаруды, арнаулы құралдарды алып жүру және сақтау құқығын, әскери полиция органдарының әскери қызметшілеріне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген өзге де өкілеттіктерді растайды.
Қарулы Күштердің әскери полиция органдарының мерзімді қызметтегі әскери қызметшілеріне қызметтік куәліктер мен жетондар берілмейді, олардың әскери полиция органдарына тиесілігі белгіленген үлгідегі нысанды киіммен және айырым белгілерімен расталады.
5. Әскери полиция органдарының әскери қызметшілеріне «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және құрылымына әскери полиция органдары кіретін мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген әлеуметтік кепілдіктер, жеңілдіктер, медициналық қамтамасыз ету, зейнетақымен қамсыздандыру және басқа да қамтамасыз ету түрлері қолданылады.
15-бап. Әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің жауаптылығы
1. Әскери полиция органдарының әскери қызметшілері құқық бұзушылық жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Әскери полиция органдарының әскери қызметшілерін тәртіптік жауаптылыққа тарту Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың жалпы әскери жарғыларында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2. Әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің әрекетіне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жоғары тұрған лауазымды адамдарға, сотқа шағым жасалуы мүмкін.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
16-бап. Әскери полиция органдарын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
Әскери полиция органдарын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету тиісінше Қорғаныс министрлігіне, ұлттық қауіпсіздік органдарына және Ұлттық ұланға бөлінетін бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полиция органдарының оқшауланған құрылымдық бөлімшелері қызмет ету және тыныс-тіршілігі үшін қажетті қызметтік үй-жайлармен, байланыс құралдарымен, автомобиль көлік құралдарымен, жанар-жағармай материалдарымен, қару-жарақпен, тұрғын үймен және басқа да материалдық-техникалық құралдармен ұлттық қауіпсіздік органдары және орналасқан жерлеріндегі олардың бөлімшелері есебінен қамтамасыз етіледі.
17-бап. Әскери полиция органдарының қызметінде заңдылықтың сақталуын қадағалау
Әскери полиция органдарының қызметінде заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оған бағынысты әскери прокурорлар жүзеге асырады.
18-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Әскери полиция органдары туралы» 2005 жылғы 21 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2023 жылғы 14 наурыз
№ 205-VІІ ҚРЗ