12. Уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндет осы баптың 13-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде орындалуға жатады.
13. Мынадай мән-жайлар басталған кезде:
1) уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімінің қолданысы аяқталғанға дейін уақытша әкелінген тауарлар кеден органдарының рұқсатынсыз өзге тұлғаларға берілген жағдайда - тауарлар берілген күн, ал егер бұл күн анықталмаса - көрсетілген тауарлар уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімімен орналастырылған күн;
2) аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жойылуды және (немесе) қайтарымсыз жоғалуды не тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайларындағы табиғи кему нәтижесінде қайтарымсыз жоғалуды қоспағанда, уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімінің қолданысы аяқталғанға дейін уақытша әкелінген тауарлар жоғалған жағдайда - тауарлар жоғалған күн, ал егер бұл күн анықталмаса - көрсетілген тауарлар уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімімен орналастырылған күн;
3) кеден органы белгілеген уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін осы Кодекстің 305-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімінің қолданысы аяқталмаған жағдайда - осы кедендік рәсімнің қолданысы осы Кодекстің 302-бабының 4-тармағына сәйкес ұзартылатын жағдайды қоспағанда, кеден органы белгілеген уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткен күн арнайы, демпингке қарсы өтемақы баждарын төлеу мерзімі болып есептеледі.
14. Осы баптың 13-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылғандай мөлшерлерде төлеуге жатады.
Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін - тауарларды уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген тауарларға арналған декларацияны кеден органы тіркеген күнге, ал шығарылуы тауарларға арналған декларация берілгенге дейін жүргізілген тауарларға қатысты - кеден органы тауарларды шығару туралы өтінішті тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тіркеген күнге қолданыста болатын арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
15. Осы баптың 14-тармағына сәйкес төленетін (өндіріп алынатын) арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомасынан, егер көрсетілген сомаларға қатысты тауарлар уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімімен орналастырылған күннен бастап осы баптың 13-тармағында белгіленген арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімдері өткен күн аралығындағы оларды төлеуді кейінге қалдыру ұсынылғандай пайыздар төлеуге жатады. Көрсетілген пайыздар осы Кодекстің 93-бабына сәйкес есептеледі және төленеді.
307-бап. Уақытша әкелінген тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру кезінде оларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу мен төлеудің ерекшеліктері
1. Уақытша әкелінген тауарлар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған кезде кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін кеден органы тауарларды уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген тауарларға арналған декларация тіркелген күнге қолданыста болатын кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
Егер кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін шетел валютасын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына қайта есептеу талап етілген жағдайда мұндай қайта есептеу осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген күнге қолданыста болатын валюта бағамы бойынша жүргізіледі.
2. Уақытша әкелінген тауарлар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар осы Кодекстің 216-бабына сәйкес осындай тауарлар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған кезде төлеуге жататын кедендік әкелу баждары, салықтар мен ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың декларанты кедендік әкелу баждарын, салықтарды ішінара төлеу кезінде төлеген кедендік әкелу баждарының, салықтардың және (немесе) кеден органы осы декларанттан өндіріп алған соманың айырмасы мөлшерінде төлеуге жатады.
3. Осы баптың 2-тармағына сәйкес төленетін (өндіріп алынатын) кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомасынан, сондай-ақ кедендік әкелу баждарын, салықтарды ішінара төлеу кезінде төленген (өндіріп алынған) кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомасынан, егер көрсетілген сомаға қатысты тауарлар уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімімен орналастырылған күннен бастап кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндет тоқтатылған күн аралығында оларды төлеуді кейінге қалдыру ұсынылғандай пайыздар төлеуге жатады. Көрсетілген пайыздар осы Кодекстің 93-бабына сәйкес есептеледі және төленеді.
Ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты төленетін (өндіріп алынатын) арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомаларынан, егер көрсетілген сомаға қатысты тауарлар уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімімен орналастырылған күннен бастап арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндет тоқтатылған күн аралығында оларды төлеуді кейінге қалдыру ұсынылғандай пайыздар төлеуге жатады. Көрсетілген пайыздар осы Кодекстің 93-бабына сәйкес есептеледі және төленеді.
Тауарлар уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсіміне сәйкес шығарылғанға дейін төленген уақытша кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомасынан осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген пайыздар есептелмейді және төленбейді.
Егер осы Кодекстің 305-бабының 3-тармағына сәйкес уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімінің қолданысы тоқтатыла тұрса, кедендік рәсімнің қолданысы тоқтатыла тұрған кезең үшін осы тармақта көзделген пайыздар есептелмейді және төленбейді.
Комиссия уақытша әкелінетін тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген пайыздар есептелмейтін және төленбейтін жағдайларды айқындауға құқылы.
4. Егер осы Кодекстің 305-бабының 5-тармағына сәйкес уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімінің қолданысы аяқталған кезде не уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімінің қолданысы тоқтатылғаннан кейін уақытша әкелінген тауарларды уақытша әкелінген тауарлардың декларанты ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырған жағдайда осы баптың ережелері қолданылады.
Осы баптың ережелері, егер уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімінің қолданысы уақытша әкелінген тауарларды кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырумен аяқталған жағдайда да қолданылады.
32-тарау. УАҚЫТША ӘКЕТУ КЕДЕНДІК РӘСІМІ
308-бап. Уақытша әкету кедендік рәсімінің мазмұны мен қолданылуы
1. Уақытша әкету кедендік рәсімі Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты қолданылатын кедендік рәсім болып табылады, оған сәйкес осындай тауарлар тауарларды осы кедендік рәсіммен орналастыру және оларды осындай кедендік рәсімге сәйкес пайдалану шарттары сақталған кезде кедендік әкету баждары төленбей, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы шегінен тыс жерде олардың уақытша болуы және пайдаланылуы үшін әкетіледі.
2. Уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылған және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілген тауарлар (бұдан әрі осы тарауда - уақытша әкетілген тауарлар) Еуразиялық экономикалық одақ тауарларының мәртебесін жоғалтады.
3. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген:
1) осы Кодекстің 312-бабының 2-тармағына сәйкес уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданысын аяқтау үшін уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға;
2) осы Кодекстің 386-бабының 5-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты уақытша әкету кедендік рәсімін қолдануға жол беріледі.
4. Уақытша әкету кедендік рәсімі мынадай тауарларға:
1) алкогольді, темекі және темекі өнімдерін, шикізатты және жартылай фабрикаттарды, жұмсалатын материалдар мен үлгілерді қоса алғанда, жарнама және (немесе) көрсету мақсатында немесе көрме экспонаттары не өнеркәсіптік үлгілер ретінде оларды санаулы даналарда Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкеткен жағдайларды қоспағанда, тамақ өнімдеріне, сусындарға;
2) қалдықтарға, соның ішінде өнеркәсіптік қалдықтарға қатысты қолданылмайды.
5. Комиссия оларға қатысты шетелдік тауарлармен оларды ауыстыруға жол берілетін уақытша әкетілген тауарлардың санаттарын, сондай-ақ осындай ауыстыру жағдайларын айқындауға құқылы.
309-бап. Тауарларды уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастыру және оларды осындай кедендік рәсімге сәйкес пайдалану шарттары
1. Тауарларды уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастыру шарттары:
1) уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларды осы кедендік рәсімнің қолданысын аяқтау мақсатында оларды кейіннен кедендік рәсіммен орналастыру кезінде сәйкестендіру мүмкіндігі болып табылады.
Тауарларды сәйкестендіру Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес немесе осы Кодекстің 308-бабының 5-тармағына сәйкес айқындалған жағдайларда уақытша әкетілген тауарларды ауыстыруға жол берілетін жағдайларда талап етілмейді;
2) осы Кодекстің 8-бабына сәйкес тыйымдар мен шектеулерді сақтау болып табылады.
2. Уақытша әкету кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды пайдалану шарттары:
1) кеден органы белгілеген уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін сақтау;
2) осы Кодекстің 311-бабында белгіленген уақытша әкетілген тауарларды пайдалану және билік ету бойынша шектеулерді сақтау болып табылады.
310-бап. Уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі
1. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі шектелмеген.
Бұл ретте тауарларды уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылған кезде кеден органы тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету мақсаттары мен мән-жайларын негізге ала отырып, декларанттың өтініші негізінде осы кедендік рәсімнің қолданылу мерзімін белгілейді.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларға қатысты Қазақстан Республикасының аумағына қайтару міндеттілігі және осындай тауарларды қайтару мерзімі белгіленген тауарлар үшін уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін осындай тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына қайтару үшін көзделген мерзімдер шегінде кеден органы белгілейді.
Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінің, сондай-ақ олардың қызметкерлерінің, олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, ресми және жеке пайдалануы үшін әкетілетін тауарларды осындай өкілдіктер мен аталған адамдардың шет мемлекетте аккредиттелуінің бүкіл мерзіміне Қазақстан Республикасынан уақытша әкетуге жол беріледі.
Осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде белгіленген жағдайларда тауарлар уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылған кезде кеден органы декларанттың өтініші негізінде, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына қайтару үшін көзделген шекті мерзімнен немесе Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінің, сондай-ақ олардың қызметкерлерінің, олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, шет мемлекетте аккредиттелу мерзімінен аспайтын, осы кедендік рәсімнің қолданылу мерзімін белгілейді.
3. Кеден органы белгілеген уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі декларанттың өтініші бойынша осы мерзім өткенге дейін не ол өткеннен кейін бір айдан кешіктірілмей ұзартылуы мүмкін.
Кеден органы осы баптың 2-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес белгілеген уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін кеден органы декларанттың өтініші бойынша осы баптың 2-тармағының бірінші және екінші бөліктеріне сәйкес шекті мерзімнен аспайтын мерзімге ұзартады.
4. Уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзарту үшін декларант кеден органы белгілеген уақытша әкету мерзімінің аяқталуынан кешіктірмей тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру жүргізілген кеден органына осындай ұзартудың қажеттілігі туралы өтініш береді.
Уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінішті кеден органы көрсетілген өтініштің кеден органында тіркелген күнінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей қарауға тиіс. Кедендік рәсімнің қолданысы көрсетілген кезеңге тоқтатыла тұрады.
Уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін кеден органы осы баптың 2-тармағына сәйкес мерзім шегінде, ал егер уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі осы баптың 1-тармағына сәйкес шектелмеген болса, декларанттың уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінішінде көрсетілген мерзімге ұзартуды жүзеге асырады.
Кеден органы уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдаған жағдайда көрсетілген мерзім осындай шешім қабылданған күнге қарамастан, алдыңғы мерзім аяқталған күннен бастап ұзартылады. Көрсетілген жағдайда кеден органының лауазымды адамы уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімінің ұзартылуы және тауарларға арналған декларацияға осындай өзгерістер енгізу туралы декларантты хабардар ете отырып, тауарларға арналған декларацияға тиісті өзгерістер енгізеді.
Кеден органы белгілеген уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзарту кезінде ол өткеннен кейін мұндай кедендік рәсімнің қолданысы осы кедендік рәсімнің қолданысы тоқтатылған күннен бастап қайта басталады.
5. Декларант осы Кодекстің 309-бабының 2-тармағында көзделген уақытша әкету кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды пайдалану шарттарын сақтамаған жағдайда кеден органы уақытша әкету мерзімін ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
6. Шетелдік тұлғаға уақытша әкелінген тауарларға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасымен оларды осы мемлекеттің аумағына қайтару міндеттілігі белгіленбеген, уақытша әкелінетін тауарларға меншік құқығы берілген жағдайда осы тауарларға қатысты уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі ұзартылмайды, ал көрсетілген тауарлар экспорт кедендік рәсімімен орналастыруға жатады.
311-бап. Уақытша әкетілген тауарларды пайдалану және билік ету бойынша шектеулер
1. Уақытша әкетілген тауарлар табиғи тозу салдарынан болған өзгерістерден, сондай-ақ тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайларындағы табиғи кему салдарынан болған өзгерістерден басқа, өзгеріссіз күйде қалуға тиіс.
2. Тауарларды қалыпты күйде ұстау үшін қажетті күрделі жөндеуді, жаңғыртуды, техникалық қызмет көрсетуді және басқа да операцияларды қоспағанда, кеден органы тауарларды кері импорт кедендік рәсіміне орналастыру кезінде оларды сәйкестендіруді қамтамасыз еткен жағдайда, уақытша әкелінген тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету үшін жөндеуді қоса алғанда, олармен қажетті операцияларды жасауға жол беріледі.
312-бап. Уақытша әкету кедендік рәсімі қолданысының аяқталуы және тоқтатылуы
1. Кеден органы белгілеген уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін осы кедендік рәсімнің қолданысы, осы баптың 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, уақытша әкетілген тауарларды кері импорт кедендік рәсімімен орналастырумен аяқталады.
2. Кеден органы белгілеген уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін осы кедендік рәсімнің қолданысы, осы баптың 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген, сондай-ақ, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уақытша әкетілген тауарлар міндетті түрде Қазақстан Республикасының аумағына қайтаруға жататын жағдайды қоспағанда, уақытша әкетілген тауарларды экспорттың, кедендік аумақтан тыс жерде қайта өңдеудің, уақытша әкету кедендік рәсімдерімен орналастыру арқылы аяқталуы мүмкін.
3. Уақытша әкетілген тауарлар осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген кедендік рәсімдермен бір немесе бірнеше партиямен орналастырылуы мүмкін.
4. Кедендік рәсімнің қолданысы:
1) егер мұндай кедендік рәсімнің қолданысы ұзартылмаса, кеден органы белгілеген уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткен соң;
2) кедендік рәсімнің қолданысы аяқталғанға дейін уақытша әкетілген тауарларға қатысты осы Кодекстің 311-бабының 2-тармағын бұзып, күрделі жөндеу, жаңғырту бойынша операциялар жасау фактісі анықталған кезде тоқтатылады.
5. Осы баптың 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша оларға қатысты уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданысы тоқтатылған, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында болуы үшін - кері импорт кедендік рәсімін қоспағанда, шетелдік тауарларға қатысты қолданылатын кедендік рәсімдермен, ал Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету үшін - экспорт кедендік рәсіміне орналастыруға жатады.
313-бап. Уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндеттің туындауы және тоқтатылуы, оларды төлеу мерзімі мен есептеу
1. Декларанттың уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндеті кеден органы тауарларға арналған декларацияны тіркеген кезден бастап туындайды.
2. Декларанттың уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндеті мынадай мән-жайлар басталған кезде:
1) осы Кодекстің 312-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданысы аяқталған;
2) уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданысы оларға қатысты тоқтатылған тауарлар осы Кодекстің 209-бабының 7-тармағына немесе 312-бабының 5-тармағына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастырылған;
3) тауарларға арналған декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндетке қатысты - уақытша әкету кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды шығарудан бас тартылған;
4) тауарларға арналған декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндетке қатысты - осы Кодекстің 184-бабына сәйкес тауарларға арналған декларация қайтарып алынған және (немесе) осы Кодекстің 192-бабының 5-тармағына сәйкес тауарлар шығарылымы тоқтатылған;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тауарлар тәркіленген немесе мемлекет меншігіне айналдырылған;
6) осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес тауарларды кеден органы кідірткен;
7) қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы хабарды тексеру барысында, қылмыстық іс немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу барысында алып қойылған немесе тыйым салынған және егер бұрын тауарларды шығару жүргізілмеген болса, оларды қайтару туралы шешім қабылданған тауарлар уақытша сақтауға қойылған немесе кедендік рәсімдердің біреуімен орналастырылса тоқтатылады.
3. Кеден органы белгілеген уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін осы Кодекстің 312-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданысы аяқталмаған жағдайда кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндет орындауға жатады.
Көрсетілген мән-жай басталған кезде кеден органы белгілеген уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткен күн кедендік әкету баждарын төлеу мерзімі болып есептеледі.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде кедендік әкету баждары уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар кедендік әкету баждарын төлеу бойынша жеңілдіктер қолданылмай экспорт кедендік рәсімімен орналастырылғандай төлеуге жатады.
Кедендік әкету баждарын есептеу үшін тауарларды уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген тауарларға арналған декларацияны кеден органы тіркеген күнге қолданыста болатын кедендік әкету баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
5. Кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндеттер орындалғаннан және (немесе) олар өндіріп алынғаннан (толық немесе ішінара) кейін тауарлар осы Кодекстің 209-бабының 7-тармағының екінші бөлігіне немесе 312-бабының 5-тармағына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастырылған жағдайда осы бапқа сәйкес төленген және (немесе) өндіріп алынған кедендік әкету баждарының сомалары осы Кодекстің 11-тарауына сәйкес есепке жатқызылуға (қайтарылуға) жатады.
314-бап. Уақытша әкетілген тауарлар экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған кезде оларға қатысты кедендік әкету баждарын есептеу мен төлеу ерекшеліктері
Уақытша әкетілген тауарлар экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған кезде кедендік әкету баждарын есептеу үшін, егер осы Кодекстің 84-бабының 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес осы Кодексте өзге күн белгіленбесе, тауарларды экспорт кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген тауарларға арналған декларацияны кеден органы тіркеген күнге қолданыста болатын кедендік әкету баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
Егер кедендік әкету баждарын есептеу үшін шетел валютасын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына қайта есептеу талап етілген жағдайда мұндай қайта есептеу осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген күнге қолданыста болатын валюта бағамы бойынша жүргізіледі.
315-бап. Уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданысы оларға қатысты тоқтатылған тауарлар экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған кезде кедендік әкету баждарын есептеу мен төлеудің ерекшеліктері
Уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданысы оларға қатысты тоқтатылған тауарлар экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған кезде кедендік әкету баждарын есептеу үшін, егер осы Кодекстің 84-бабының 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес осы Кодексте өзге күн белгіленбесе, тауарларды уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген тауарларға арналған декларацияны кеден органы тіркеген күнге қолданыста болған кедендік әкету баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
Егер кедендік әкету баждарын есептеу үшін шетел валютасын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына қайта есептеу талап етілген жағдайда, мұндай қайта есептеу осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген күнге қолданыста болатын валюта бағамы бойынша жүргізіледі.
33-тарау. КЕРІ ИМПОРТ КЕДЕНДІК РӘСІМІ
316-бап. Кері импорт кедендік рәсімінің мазмұны мен қолданылуы
1. Кері импорт кедендік рәсімі шетелдік тауарларға қатысты қолданылатын кедендік рәсім болып табылады, оған сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың аумағынан бұрын әкетілген осындай тауарлар тауарларды осы кедендік рәсіммен орналастыру шарттары сақталған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары төленбей, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінеді.
2. Кері импорт кедендік рәсімі бұрын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген, оларға қатысты:
1) экспорт кедендік рәсімі;
2) осы Кодекстің 264-бабының 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес осы кедендік рәсімнің қолданысын аяқтау үшін кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі;
3) осы Кодекстің 312-бабының 1-тармағына сәйкес осы кедендік рәсімнің қолданысын аяқтау үшін уақытша әкету кедендік рәсімі қолданылған тауарларға қатысты қолданылады.
3. Бұрын Еуразиялық экономикалық одақтың аумағынан әкетілген, оларға қатысты уақытша әкету кедендік рәсімі немесе кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылған және осы Кодекстің 256-бабының 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тауарлар не оларды қайта өңдеу өнімдері болып табылатын тауарларды қоспағанда, кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесіне ие болады.
4. Мыналарға:
1) осы Кодекстің 287-бабының 6-тармағының 2) тармақшасына сәйкес еркін кедендік аймақ кедендік рәсімінің немесе осы Кодекстің 296-бабының 5-тармағының 2) тармақшасына сәйкес еркін қойма кедендік рәсімінің қолданысын аяқтау үшін Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына;
2) осы Кодекстің 264-бабының 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген тауарларды қайта өңдеу өнімдерін қоспағанда, оларды өтеусіз (кепілді) жөндеу үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдеріне қатысты кері импорт кедендік рәсімін қолдануға жол беріледі.