22-бап. Ротация
1. Әскери қызметшілерді ротациялау қызметтік қажеттілік немесе олардың кәсіби әлеуетін анағұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
2. Әскери қызметшілердің ротациясы Әскери қызмет өткеру қағидаларында айқындалатын тәртіппен және мерзімдерде уәкілетті орган басшысының шешімі бойынша жүзеге асырылады.
3. Басқа жергілікті жерге ауыстыруға байланысты ротациялауға мүгедек жұбайы (зайыбы) бар, мүгедек балалары (қамқоршысы болып табылатын), оның ішінде асырап алған балалары бар немесе асырауында қартайған ата-аналары бар адамдар жатпайды. Көрсетілген жағдайлар құжаттама түрінде расталуға тиіс.
2013.16.01. № 71-V ҚР Заңымен 22-1-баппен толықтырылды (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
22-1-бап. Әскери қызметшілерді аттестаттау
1. Қарулы Күштердің келісімшарт бойынша әскери қызметшілерін аттестаттау Әскери қызмет өткеру қағидаларымен айқындалады.
2. Қарулы Күштердің келісімшарт бойынша әскери қызметшілерін кезектен тыс аттестаттау оның тәртібін, мерзімдерін және аттестатталатын әскери қызметшілердің санаттарын айқындайтын Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша өткізіледі.
Кезектен тыс аттестаттаудың қорытындылары бойынша аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) атқаратын лауазымына сай келеді және жоғары тұрған лауазымға жылжытуға ұсынылады;
2) атқаратын лауазымына сай келеді;
3) атқаратын лауазымына сай келмейді және лауазымын төмендетуге ұсынылады;
4) атқаратын лауазымына сай келмейді және ротациялауға ұсынылады;
5) атқаратын лауазымына сай келмейді және қызметтен шығаруға ұсынылады.
Кәсіби жарамдылықты айқындау бойынша нормативтерді тапсырмаған және тестілеу кезінде шектi мәннен төмен баға алған жағдайда, аттестаттау комиссиясы осы тармақтың 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.
Аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себеппен екі рет келмей қалған әскери қызметшілер осы Заңда белгіленген тәртіппен қызметтен шығарылуға ұсынылады.
Кезектен тыс аттестаттаудан өтпеген және (немесе) өзге де лауазымдарда, оның ішінде төмен тұрған лауазымдарда әскери қызметін жалғастырудан бас тартқан әскери қызметшілер осы Заңда белгіленген тәртіппен қызметтен шығарылуға жатады.
23-бап. Әскери қызметшілердiң әскери киiм нысаны мен айырым белгiлерi
1. Қарулы Күштердiң әскери киiм нысаны мен айырым белгiлерiн Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
Әскери қызметшiлер салтанатты, күнделікті, далалық, арнайы киім нысанымен және арнайы киім-кешек заттарымен қамтамасыз етіледі.
Қарулы Күштердің әскери киiм нысанын киіп жүру және айырым белгілерін тағып жүру қағидаларын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрi белгілейдi, ал әскери киiм нысанының жекелеген заттары мен айырым белгiлерiн тағып жүру ерекшелiктерiн уәкілетті органдардың бiріншi басшылары белгілейдi.
2. Әскери киiм нысанын киіп жүруге құқығы жоқ адамдарға оларды киіп жүруге тыйым салынады және заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
24-бап. Әскери қызмет мерзiмдері. Еңбек сіңірген жылдары
1. Әскери қызмет мерзiмдерi күнтiзбелік есеппен:
1) мерзiмдi қызмет әскери қызметшiлерi үшiн - он екi ай;
2) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін офицерлер үшін - жиырма төрт ай;
3) келiсiмшарт бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiлер үшiн - әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшартта көрсетілген мерзiмге белгіленеді.
2. Еңбек сіңірген жылдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін тәртіппен, зейнетақыға құқық беретін әскери қызмет ұзақтығын есептеу мақсатында есептеледі. Әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдарын есептеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
Әскери емес лауазымдарда әскери қызмет өткеру уақыты еңбек сіңірген жылдарға есептеледі. Еңбек сіңірген жылдар жалпы еңбек өтіліне және мемлекеттік қызмет өтіліне есептеледі.
Әскери қызметші-күйеуі одан әрі әскери қызмет өткеруге (оқуға түсуге) байланысты шетелге кеткен әскери қызметші-әйелдердің шетелге кеткен уақыты еңбек сіңірген жылдарына есептеледі.
Қарулы Күштердегі әскери қызметке түскенге дейін құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдары олардың құқық қорғау және мемлекеттік арнайы органдардағы әскери немесе арнайы атақтар, сыныптық шендер беру көзделген лауазымдардағы жұмыс істеген уақытын ескере отырып есептеледі.
25-бап. Әскери қызметшiлердiң әскери қызметте болуының шектi жасы
1. Әскери қызметшiлердiң әскери қызметте болуының шектi жасы:
1) сарбаздар мен кіші сержанттар құрамының әскери қызметшілеріне - қырық бес жас;
2) подполковникке (екiншi дәрежелi капитанға) дейiнгіні қоса алғанда, аға сержанттар құрамының және офицерлер құрамының әскери қызметшілеріне - қырық жеті жас;
3) жоғары сержанттар құрамының әскери қызметшілеріне және полковниктерге (бiрiншi дәрежелi капитандарға) - елу бес жас;
4) генерал-майорларға (контр-адмиралдарға), генерал-лейтенанттарға (вице-адмиралдарға) - алпыс жас;
5) генерал-полковниктерге, адмиралдарға және армия генералдарына - алпыс үш жас болып белгіленеді.
2. Шектi жасқа толған әскери қызметшiлер Әскери қызмет өткеру қағидаларында белгiленген тәртiппен запасқа немесе отставкаға шығарылуға жатады.
Шекті жасқа толған, оқытушылық, ғылыми қызметті жүзеге асыратын және магистр академиялық дәрежесі, ғылыми дәрежелері немесе атақтары бар әскери қызметшілерге, олардың баянаты бойынша уәкілетті органдардың басшылары олармен бес жылға дейін жаңа келісімшарт жасасу жолымен әскери қызмет мерзімін ұзартады.
26-бап. Әскери қызметтен шығару
1. Мыналар:
1) әскери қызметте болудың шектi жасына толу;
2) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет мерзiмінің аяқталуы;
3) келісімшарт мерзімінің аяқталуы;
4) әскери-дәрiгерлiк комиссияның әскери қызметке жарамсыз немесе шектеулі жарамды деп танығаны туралы қорытындысына байланысты денсаулық жағдайы бойынша;
5) әскери қызметшіні басқа тең лауазымдарға тағайындау мүмкін болмаған және ол төмен лауазымға тағайындалудан бас тартқан кезде санын немесе штаттарды қысқарту;
6) мемлекеттік органдарға (мекемелерге) мемлекеттік қызметке ауысу;
7) әскери қызметшіге қатысты келісімшарт талаптарын елеулі және (немесе) жүйелі түрде бұзу;
8) мынадай отбасы жағдайлары бойынша:
медициналық көрсеткіштер бойынша әскери қызметші әскери қызмет өткеретін жергілікті жерде әскери қызметшi отбасы мүшесiнiң тұруы мүмкін болмауы және оны жаңа әскери қызмет орнына ауыстыру мүмкіндiгі болмауы;
отбасын басқа елді мекенге көшiру қажеттiгiне байланысты әскери қызметшi-жұбайының (әскери қызметшi-зайыбының) әскери қызмет орнын өзгертуі;
тұрғылықты жерi бойынша медициналық ұйымның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша тұрақты күтiмге мұқтаж не бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын әйелiне (күйеуiне), жақын туыстарына немесе жалпыға бірдей белгіленген зейнетақы жасына толған немесе он сегiз жасқа толмаған, заң бойынша аталған азаматтарды асырауға мiндеттi басқа адамдар болмаған кезде тұрақты күтім жасау қажеттігі;
әскери қызметшi анасыз (әкесiз) тәрбиелеп отырған он сегiз жасқа толмаған балаға күтім жасау қажеттігі;
9) Қазақстан Республикасының өкілді органдарына сайлану (тағайындалу);
10) судья лауазымына тағайындалу;
11) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылу;
12) арнаулы тексеруден өтуден бас тарту;
2013.16.01. № 71-V ҚР Заңымен (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 13) тармақша өзгертілді
13) мынадай теріс себептер бойынша:
қылмыс жасағаны үшін соттың айыптау, оның ішінде шартты түрде айыптау үкімінің заңды күшіне енуі;
қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылуы;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әскери атағынан айыру;
әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде алкогольдік, есірткілік немесе өзге де масаң күйге ұшырататын заттарды тұтыну;
денсаулық жағдайы бойынша және отбасы жағдайлары бойынша шығарылған жағдайларды қоспағанда, әскери оқу орнынан (әскери факультеттен) шығарылу;
әскери қызметшінің келісімшарттың талаптарын жүйелі түрде бұзуы;
педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, кез келген ақылы қызмет түрлерімен айналысу;
әскери қызметшінің ауыр салдарларға әкеп соқтырған қауіпсіздік шараларын, оның ішінде өрт қауіпсіздігін не қызметтік көлікте жүру қауіпсіздігін бұзуы;
әскери қызметшінің қатарынан үш және одан да көп сағат бойы дәлелсіз себептермен қызметте болмауы;
ақшалай қаражатпен немесе әскери мүлікпен тікелей жұмыс істейтін әскери қызметшінің кінәратты әрекеттер жасауы, егер бұл әрекеттер командир (бастық) тарапынан оған сенімді жоғалту үшін негіз болса;
мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді, оларды тасығыштарды жария етуге немесе жоғалтуға әкеп соқтырған құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі белгіленген талаптардың бұзылуы;
Қазақстан Республикасының еңбек және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасында айқындалған жағдайлар;
14) аттестаттау қорытындылары бойынша қызметіне сай келмеу әскери қызметшілерді қызметтен шығару үшін негіздер болып табылады.
Әскерге шақыру бойынша әскери қызметшiлер әскери қызметтен осы баптың 1-тармағының 2), 4), 9), 10), 11) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша, офицерлер құрамының әскерге шақыру бойынша әскери қызметшілері де осы баптың 12) тармақшасы бойынша шығарылады.
2. Мерзімді қызмет әскери қызметшісі:
1) осы Заңның 35-бабының 9-тармағына сәйкес әскерге шақыруды кейiнге қалдырудан бас тарту туралы өтінiш берген адамдарды қоспағанда, отбасы жағдайының өзгеруi салдарынан әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе әскерге шақырудан босату құқығы туындаған;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шет елге шығуға құқық берілетінін растайтын құжаттары болған кезде отбасы құрамында немесе Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерде тұрақты тұратын отбасына қосылу үшiн шетелде тұрақты тұруға кеткен жағдайларда мерзімінен бұрын шығарылуға құқылы.
3. Офицерлер құрамының әскерге шақыру бойынша әскери қызметшісі 35-баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайлар болған кезде әскери қызметтен мерзiмiнен бұрын шығарылуға құқылы.
4. Қайтыс болған (қаза тапқан) әскери қызметшi қайтыс болған (қаза тапқан) күні құжатпен расталған күннен кейiнгі күннен бастап, ал сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болған деп жарияланған әскери қызметші сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап әскери бөлім жеке құрамының тiзiмдерінен шығарылады.
5. Белгіленген мерзiмдi өткерген адамдарды әскери қызметтен босату төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзілген жағдайда ол қолданылған кезеңге уақытша тоқтатылады.
ҚР Қорғаныс министрінің 2012 жылғы 4 қаңтардағы № 179665 (e.gov.kz) Жауабын қараңыз
2014.23.04. № 200-V ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Әскери қызметшілерге әскери қызметтен шығарылған кезде, теріс себептермен босатылған жағдайларды қоспағанда, жұмыстан шығу жәрдемақысы:
1) келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге мынадай:
әскери қызметте кемінде 10 күнтізбелік жыл болғандарға және әскери қызметте болудың шекті жасына толуы бойынша, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттарды қысқартуға байланысты шығарылғандарға - үш айлық ақшалай қаражат;
10-нан 20-ға дейінгі күнтізбелік жыл - бес айлық ақшалай қаражат;
20-дан 30-ға дейінгі күнтізбелік жыл - жиырма айлық ақшалай қаражат;
30 күнтізбелік жылдан астам - отыз айлық ақшалай қаражат;
2) мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарынан көрсетілген адамдарға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді.
Жауынгерлік іс-қимылдарға, террорға қарсы және бітімгершілік операцияларына қатысқаны үшін орденмен (ордендермен) наградталған әскери қызметшілерге жұмыстан шығу жәрдемақысы ақшалай қаражаттың екі жалақысына арттырылады.
Әскери қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттарды қысқартуға байланысты еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемін алу құқығынсыз қызметтен шығарылған офицерлік құрамның әскери қызметшілеріне қызметтен шығу жәрдемақысымен қатар әскери атақ бойынша айлықақылар төлеу қызметтен шығарылған күннен бастап бір жыл бойына сақталады.
Бұл ретте, егер көрсетілген мерзім ішінде қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілердің әскери атақ бойынша айлықақылары өсетін болса, тиісінше офицерлік құрамның әскери қызметшілеріне қызметтен шығарылғаннан кейін бір жыл өткенше төленетін осы айлықақылар мөлшері де ұлғаяды. Әскерге шақыру бойынша әскери қызметте тұратын офицерлік құрамның қызметтен шығарылған әскери қызметшілерінің әскери атақ бойынша айлықақылары қызметтен шығарылған күннен бастап бір жыл бойы төлеуге жатпайды.
7. Бұрын мерзімді қызмет өткермеген, жиырма жеті жасқа толмаған, бірақ он сегіз жастан кіші емес, кемінде бір жыл қызмет өткерген немесе оқыған және теріс себептер бойынша әскери қызметтен босатылған немесе оқудан шығарылған сарбаздар, сержанттар құрамының келісімшарт бойынша әскери қызметшілері және әскери оқу орындарының курсанттары белгіленген тәртіппен мерзімді қызметтің қалған мерзімін өткеру үшін әскери бөлімдерге жіберіледі.
Бұрын мерзімді қызмет өткермеген, бір жылдан аз оқыған және теріс себептер бойынша оқудан шығарылған, он сегіз жасқа толмаған әскери оқу орындарының курсанттары мерзімді қызметтің қалған мерзімін өткеру үшін белгіленген тәртіпте әскери қызметке шақырылу үшін әскерге шақырылушылардың әскери есебіне қою үшін тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарына жіберіледі.
5-тарау. ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ БОЙЫНША ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ
27-бап. Азаматтарды әскери қызметке шақыру
1. Азаматтарды әскери қызметке шақыру - бұл әскери міндеттілік негізінде Қарулы Күштерді жеке құраммен жасақтауға бағытталған мемлекеттік органдар жүргізетін iс-шаралар кешенi.
2. Азаматтарды әскери қызметке шақыру:
1) азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыруды;
2) запастағы офицерлердi әскери қызметке шақыруды;
3) әскери жиындарға шақыруды;
4) жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскерге шақыруды қамтиды.
3. Азаматтарды әскери қызметке шақыруды жергіліктi атқарушы органдар ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.
Жергілікті атқарушы органдар әскери басқару органдарын жабдықталған әскерге шақыру (жиын) пункттерімен, оларды күтіп-ұстауды, дәрі-дәрмектермен, керек-жарақтармен, өртке қарсы, медициналық және шаруашылық мүлкімен, автомобиль көлігімен, сондай-ақ байланыс және күзет құралдарымен қамтамасыз етеді.
Азаматтарды әскери қызметке шақыру үшін осы Заңда белгіленген тәртіппен әскерге шақыру комиссиялары құрылады.
Азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргiзу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметi айқындайды.
4. Ұйымдардың басшылары әскерге шақырылуға жататын азаматтарды iссапарлардан шақыртып алуға, оларды хабардар етуді және азаматтарды, олар әскери қызметке шақырылған кезде медициналық куәландырудан өткізу үшін әскерге шақыру пунктіне уақтылы келуiн ұйымдастыруға міндетті.
5. Уақытша шетелде тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыру олар Қазақстан Республикасына тұрақты тұрғылықты жеріне қайтып келгеннен кейін әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату құқығы болмаса, осы Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Азамат облыстың (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) жергiлiктi әскери басқару органы бастығының оны әскери қызметке шақыру туралы бұйрығы шыққан сәттен бастап әскери қызметке шақырылды деп есептеледi.
28-бап. Әскерге шақыру комиссиялары
2013.16.01. № 71-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Әскерге шақыру комиссиялары осы Заңның 16-бабында айқындалған құрамда, жергіліктi атқарушы органдардың шешiмi бойынша әскерге шақыруды өткізу кезеңiне құрылады.
Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясының құрамына Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органы басшысының орынбасары кіреді.
Әскерге шақыру комиссияларының құрамына өзге де мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкiлдерi де кiруi мүмкiн. Комиссиялардың сан құрамы тақ болуға тиiс.
Азаматтарды әскери қызметке шақыруды өткiзу кестесін жергiлiктi атқарушы орган бекiтедi.
2. Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясы:
1) аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) әскерге шақыру комиссияларының қызметiне басшылық жасау мен бақылауды жүзеге асырады;
2) азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейiнге қалдыру және одан босату дұрыстығын тексереді;
3) қызмет өткеретiн жерге жiберілер алдында әскери қызметке шақырылған азаматтардың, әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламалары бойынша оқуға түсетін және әскери оқу орындарына түсетiн азаматтардың медициналық тексеруден өтуiн ұйымдастырады;
4) әскери қызметке жарамдылығы (жарамсыздығы) туралы қорытындымен келiспейтiнi туралы арыз берген азаматтарды қайтадан медициналық куәландырудан өткізеді;
5) аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) әскерге шақыру комиссияларының шешiмдерiне азаматтар берген шағымдар мен өтiнiштердi қарайды;
6) аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) әскерге шақыру комиссиялары шешiмдерiнің күшiн жояды.
3. Аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) әскерге шақыру комиссиясы әскерге шақырылушыларды және әскери оқу орындарына (әскери факультеттерге) түсетiн азаматтарды медициналық куәландырудан өткiзеді.
Медициналық куәландыру нәтижелерi бойынша аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясы әскери оқу орнына (әскери факультетке) түсетін азаматқа қатысты конкурстық оқуға түсу емтихандарын тапсыру үшін оны жіберу туралы немесе жіберуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Медициналық куәландыру нәтижелерi бойынша аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) әскерге шақыру комиссиясы әскерге шақырылушыға қатысты:
1) әскери қызметке шақырылуға жатқызылады;
2) әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылсын;
3) әскери қызметке шақырылудан босатылсын;
4) әскери міндеттiлiкті атқарудан босатылсын деген шешімдердің бірін қабылдайды.
Әскерге шақыру комиссиясының шешiмi бір күн ішінде әскери қызметке шақырылуға жатқызылатын азаматқа хабарланады, шешім көшiрмесi оның қалауы бойынша қолына берiледi.
Азамат әскерге шақыру комиссиясының шешiмiне сот тәртiбiмен немесе облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясына шағымдана алады. Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясына алдын ала жүгіну сотқа жүгiну үшін мiндеттi шарт болып табылмайды.
Арыздар облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясында және сотта бiр уақытта қаралған кезде облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясы арызды қарауды соттың шешiмi заңды күшiне енгенге дейiн тоқтата тұрады.
Заңды күшіне енген соттың шешімін тиiстi әскерге шақыру комиссияларының орындауы міндеттi.
4. Уәкілетті органдардың басшылары денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз адамдарға қатысты әскерге шақыру туралы әскерге шақыру комиссиясы шешімінің күшін жояды және олар әскери ант қабылдағанға дейін оның орнын басқа адаммен ауыстыра отырып, әскерге шақыру комиссиясына қайтарады.
29-бап. Медициналық комиссиялар
1. Әскерге шақырылушыларды және келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін, әскери оқу орындарына (әскери факультеттерге) түсетiн азаматтарды медициналық куәландырудан өткiзу үшiн әскерге шақыру комиссияларының құрамында медициналық комиссиялар құрылады.
2. Медициналық комиссиялар әскерге шақырылушыларды және келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін, әскери оқу орындарына түсетiн азаматтарды медициналық куәландыру нәтижелерi бойынша олардың әскери қызметке жарамдылығы дәрежесі туралы қорытынды бередi.
3. Медициналық куәландыру тәртiбi және медициналық комиссиялардың құрамы Әскери-дәрiгерлiк сараптама жүргізу қағидасында айқындалады.
30-бап. Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтардың мiндеттері
Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергiлiктi әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша әскерге шақыру комиссиясына келуге міндетті. Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне жергілiкті әскери басқару органдарының лауазымды адамдары немесе жұмыс (оқу) орны бойынша ұйымның басшысы қол қойғызып тапсырады.
Шақыру қағазын азаматтың жеке өзiне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету тиiстi iшкi iстер органына жүктеледі.
31-бап. Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру
Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы негiзiнде жылына екi рет жүргiзіледi.
Он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе әскерге шақырылудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар Қарулы Күштердi жасақтау үшін қажетті санында мерзiмдi әскери қызметке шақырылуға жатады.
32-бап. Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру
Жиырма тоғыз жасқа дейінгi, әскери қызметке жарамды запастағы офицерлер уәкілеттi органдардың өтiнiмдерi бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметінің қаулысы негiзінде бейбiт уақытта офицерлер құрамының лауазымдарында әскери қызмет өткеру үшін әскерге шақырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 33-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
33-бап. Әскери мiндеттілердi әскери жиындарға шақыру
Әскери мiндеттiлер:
орталық атқарушы органдар жүргізетін жұмылдыру дайындығы жөніндегі республикалық іс-шаралар шеңберінде - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бұйрығының негізiнде әскери жиындарға шақырылады;
34-бап. Азаматтарды жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскерге шақыру
1. Азаматтарды жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентiнің Жарлығы негiзiнде және осы Заңда белгiленген тәртіппен жүргiзiледi.
2. Жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған әскери міндеттiлер мен әскерге шақырылушыларға жұмыс (қызмет) орны бойынша толық есеп айырысу жүргізiледі, нақты жұмыс iстеген уақыты үшін жалақы, жұмыстан шығу жәрдемақысы және пайдаланылмаған демалысы үшін өтемақы төлемдері төленеді. Жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында шақырылған азаматтардың өздерi тұрған тұрғын алаңы сақталады. Жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған азаматтардың отбасыларын мемлекеттік қамсыздандыру (жәрдемақылар, зейнетақылар) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
3. Жергіліктi атқарушы органдар, ұйымдар жұмылдыруды жүргiзу кезiнде, соғыс жағдайы енгізілген және соғыс уақыты кезінде әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды уақтылы хабардар етуді және оларды шақыру пункттеріне немесе әскери бөлiмдерге жеткiзуді қамтамасыз етуге міндеттi.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 35-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
35-бап. Әскери қызметке шақыруды кейiнге қалдыру
1. Азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясының шешiмi бойынша беріледі.
Кейінге қалдыру мынадай негіздер бойынша:
1) отбасы жағдайлары бойынша;
2) білім алуды жалғастыру үшін;
3) денсаулық жағдайы бойынша;
4) басқа да себептер бойынша беріледі.
2. Отбасы жағдайлары бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)