308-бап. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерін жіктеу
1. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму үшін пайдаланылатын табиғи (табиғаттық) немесе жасанды алаңдар, ыдыстар немесе үй-жайлар радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттеріне жатады.
2. Қалдықтар кейіннен алып кету ниетінсіз орналастырылатын пункттер радиоактивті қалдықтарды көму пункттеріне жатады.
3. Радиоактивті қалдықтарды сақтау пункттері:
1) табиғи радионуклидтері басым геологиялық барлау, тау-кен өндіру және тау-кен қайта өңдеу қызметтерінен;
2) табиғи радионуклидтері басым ядролық энергетикадан, ядролық жарылыстар мен радиоизотопты өнімдерден радиоактивті қалдықтарды қабылдауы бойынша бөлінеді.
4. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттері радиоактивті қалдықтарды жинау алаңының ауқымы бойынша оқшау және өңірлік болып бөлінеді. Бір объектінің немесе бір ауданның қалдықтарын орналастыруға арналған пункттер - оқшау пункттерге, ал екі және одан көп объектілердің және (немесе) аудандардың қалдықтарын орналастыруға арналған пункттер өңірлік пункттерге жатады.
309-бап. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттеріне қойылатын экологиялық талаптар
1. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерінің барлық жобалары мемлекеттік экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық сараптамаға және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүргізілетін сараптамадан өткізілуге тиіс. Жобалау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.
2. Жобада:
1) радиоактивті қалдықтардың құралу көздері, радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерінің болжамдалатын әрекеті радиусындағы қоршаған ортаға радиоактивті әсер етудің басқа да көздері, олардың сандық және сапалық сипаттамалары;
2) ұйымдық құрылымы, өндірістік радиациялық бақылау жүргізудің көлемі мен тәртібі;
3) халыққа дозалық жүктеменің есептері, радиоактивті қалдықтардың болжамдалатын әрекеті радиусындағы барлық радиация көздерінің қоршаған ортаға әсерінің жол берілетін және бақыланатын деңгейлері және бағалауы көрсетілуге тиіс.
3. Жобада сақтау және (немесе) көму пункті салынатын орынды халықтың тәуекел тобына дозалық жүктеме бағалауы қамтылатын, қоршаған ортаға әсер ескерілген арнайы іздестірулер мен экономикалық бағалаулар негізінде баламалық нұсқалар қатарынан таңдау негізделуге тиіс.
4. Геодезиялық, геологиялық, гидрогеологиялық және гидрометеорологиялық іздестірулерді қоса алғанда, инженерлік іздестірулер:
1) пункт құрылысы орналасатын орынды таңдау және оны табиғи және техногендік факторларының қолайсыз әсерінен инженерлік қорғау;
2) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар негіздемелерін қамтамасыз етуге тиіс.
5. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерінің жобаларында дезактивациялаудан немесе басқа да қызметтен кейін бүлінген жерлерді рекультивациялау көзделу қажет.
6. Радиоактивті қалдықтарды көму пункттерінің айналасында шекаралары Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заңнамасына сәйкес белгіленетін санитарлық қорғаныш аймағы белгіленеді.
7. Радиоактивті қалдықтарды көму пункттерін:
1) тұрғын үй құрылысы аумақтарында;
2) жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның келісімінсіз пайдалы қазбалар жатқан алаңдарда;
3) активті карст аймақтарында;
4) шөгулер, сел тасқындары мен қар көшкіндері және басқа да қауіпті геологиялық процестер аймақтарында;
5) батпақты жерлерде;
6) ауыз судың жер асты көздерінен су алынатын аймақтарда;
7) курорттардың санитарлық күзет аймақтарында;
8) қалалардың жасыл аймақ аумақтарында;
9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда;
10) шаруашылық-ауыз сумен жабдықтаудың жер асты және жер беті көздері санитарлық күзет аймақтарының І, II, III белдеулері, су құбырларын тазалау құрылыстарының, магистральдық су тасу аумағында;
11) су бөлу аумағында;
12) ормандар, орман саябақтары және басқа жасыл екпелер өсірілген немесе өсіруге арналған, қорғаныш және санитарлық-гигиеналық функцияларды орындайтын және халықтың демалу орындары болып табылатын жерлерде орналастыруға жол берілмейді.
8. Құрылысқа жер учаскесін таңдау кезінде мынадай шарттарды сақтау қажет:
1) минералдануы бойынша ауыз сумен және техникалық сумен жабдықтауға жарамсыз ызасулардың болуы;
2) араласушы тау жыныстарының жоғары сорбцион-сыйымдылығы;
3) жер асты сулары айтарлықтай тереңдікте жатуы (алпыс және одан көп метр);
4) ызасудың радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттері түбінен төрт метр алыс деңгейі;
5) сулы жиектер болып табылмайтын және төмен жатқан сулы жиектермен гидравликалық байланысы жоқ геологиялық қабаттардың болуы;
6) опырылмалы тектониканың және қарқынды жарықшақтықтың болмауы, сейсмикалық қауіпті опырылуға дейінгі арақашықтықтың қырық километрден астам болуы;
7) төгінділер құрауға, шөгуге, құлауға өте төмен сезімталдықтың болуы;
8) эрозияның болмауы;
9) геоморфологиялық тұрақтылық;
10) іргетастың қатты және өте тығыз топырақты және тау жынысты болуы;
11) іргетастың мықтылығы он метрден асатын, су өтпейтін тау жынысты болуы;
12) жергілікті жердің бес проценттен аспайтын еңісті шағын қыратты болуы;
13) жақын жердегі жер асты және жер үсті суларының су жинау тоғанына дейінгі немесе жер үстіндегі су көздеріне дейінгі арақашықтықтың төрт шақырымнан алыс болуы;
14) жерді іс жүзінде пайдаланудың айтарлықтай экономикалық тиімділік бермеуі, сонымен қатар жерді әлеуетті пайдаланудың танылған бағасының жоқтығы;
15) төрт шақырым арақашықтықта мәдени және ұлттық мәні бар құндылықтардың жоқтығы;
16) бұл жердің туристік құндылығының жоқтығы және оған жақын маңдағы елді мекендер тұрғындары сирек келуі.
9. Осы баптың 8-тармағында көрсетілген шарттардың бірі сақталмаған кезде:
1) суды аз өткізетін және сорбцион-сыйымдылық материалдарынан (полиэтиленнен, бетоннан, керамикадан, саздан, цеолиттен) жасалған инженерлік кедергілер жасау;
2) жер үсті суларының, ызасулардың және жер асты суларының пункттерді айналып өтуін қамтамасыз ететін сорғының жүйелерін жасау жолымен қоршаған ортаны радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пунктінің зиянды әсерінен қорғау жөнінде немесе оны табиғи және техногендік факторлардан қорғау жөніндегі іс-шаралар әзірленуге тиіс.
10. Уранды және уранды емес тау-кен және өңдеуші кәсіпорындардың активтілігі төмен қалдықтары үшін радиоактивті қалдықтарды аэрация аймағынан төмен және сорбцион-сыйымдылық қасиеттері неғұрлым жоғары (радионуклидтердің пункттен тыс таралу ықтималдығын болдырмайтын) басқа тау жыныстары арасында орналастыра отырып, бұрын қазып өтілген тау-кен қазбалары пайдаланылуы мүмкін.
11. Уранды және уранды емес тау-кен және өңдеуші кәсіпорындардың активтілігі орташа қалдықтары үшін де саздан, цеолиттен және радионуклидті сорбциондайтын басқа материалдардан жасалған техникалық кедергілерді қосымша орната отырып, бұрын қазып өтілген тау-кен қазбалары пайдаланылуы мүмкін.
12. Су өткізбейтін жыныстардан немесе басқа материалдардан жасалған табиғи немесе жасанды төсеніш болған кезде рельефтегі табиғи ойпауыттар активтілігі төмен қатты және сұйық радиоактивті қалдықтарды ұзақ мерзімге орналастыру үшін пайдаланылуы мүмкін.
13. Сұйық қалдықтарды көмуге тыйым салынады. Сұйық қалдықтар қоршаған ортадағы болбыр тау жыныстардың ылғалдылығына дейін сорғытылуға немесе қатайтылуға тиіс.
14. Активтілігі орташа радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттері үшін міндетті түрде күзету іс-шаралары мен белгі беру құралы, белсенділігі төмен радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттері үшін белгі беру құралынсыз күзету іс-шаралары көзделеді.
15. Дозалық жүктеменің есебі және халықтың радиациялық қорғалуы жөніндегі тиімді шараларды әзірлеу халықтың тәуекелді топтары бойынша дозаның есебі негізінде жүзеге асырылады. Халықтың тәуекелді тобы халықтың осы тобына радиоактивті заттар жететін тәуекелді жолды талдау және анықтау негізінде айқындалады.
16. Жер үсті суларының, ызасулардың және жер асты суларының радиоактивті ластану есебі ерітінділердің сүзілуінің және ластанудың жылдамдығын, олардың таралу қабілеттерін және су сиятын тау жыныстарының сорбциондық мүмкіндіктерін айқындау үшін орындалатын арнайы гидрологиялық және гидрогеологиялық зерттеулер жүргізу негізінде орындалады.
17. Қоршаған ортаға авариялық радиоактивті ластану әсерінен келтірілген залал рекультивациялау жұмыстарын жүргізу жөніндегі қорғаныш шараларын орындауға арналған іс-шаралардың құны бойынша бағаланады.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 45-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
45-тарау. Парниктік газдар шығарындылары мен озонды бұзатын заттар саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу
310-бап. Климатты және Жердің озон қабатын қорғаудың негізгі принциптері
Климатты және Жердің озон қабатын қорғау мынадай принциптерге негізделеді:
1) климаттың өзгеруінің (жаһандық өзгеруді қоса алғанда) және Жердің озон қабатының тозуының орны толмас салдарларын болдырмау, бәсеңсіту;
2) атмосфераға парниктік газдарды және озонды бұзатын заттарды шығаруды мемлекеттік реттеудің міндеттілігі;
3) климаттың өзгеруі және Жердің озон қабатының тозуы туралы ақпараттың жариялылығы, толықтығы және дұрыстығы;
4) климатты және Жердің озон қабатын қорғау әдісінің ғылыми негізділігі, жүйелілігі және кешенділігі.
311-бап. Климатты және Жердің озон қабатын қорғау саласындағы мемлекеттік басқару
Климатты және Жердің озон қабатын қорғау саласындағы мемлекеттік басқаруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
312-бап. 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 313-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
313-бап. Озонды бұзатын заттарды тұтынуды регламенттеу
1. Озонды бұзатын заттарды тұтынуды мемлекеттiк реттеу мақсатында озонды бұзатын заттарды шығарудың және тұтынудың жол берiлетiн лимиттерi (квоталары) белгiленедi.
Озонды бұзатын заттарды тұтыну лимиттерін (квоталарын) Қазақстан Республикасының озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі халықаралық шарттарына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
2013.21.06. № 107-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.26.12. № 124-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Озонды бұзатын заттарды және құрамында солар бар өнімдерді транзиттеуді қоспағанда, оларды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган беретін лицензиялар негізінде жүзеге асырылады.
Жеке тұлғалардың озонды бұзатын заттарды жеке пайдалану үшін (коммерциялық емес мақсаттарда) алып өтуіне тыйым салынады.
314-бап. Парниктік газдардың және озонды бұзатын заттардың шығарындыларына жол берілетін шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын жалпы талаптар
2013.21.06. № 107-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Озонды бұзатын заттарды және құрамында солар бар өнімдерді әкелу және әкету, озонды бұзатын заттарды пайдалана отырып жұмыстар жүргізу, құрамында озонды бұзатын заттар бар жабдықты жөндеу, монтаждау, оған қызмет көрсету шаруашылық қызметтің экологиялық қауіпті түрлері болып табылады.
2013.21.06. № 107-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды; 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1-1. Озонды бұзатын заттарды пайдалана отырып жұмыстар жүргізу, құрамында озонды бұзатын заттар бар жабдықты жөндеу, монтаждау, оған қызмет көрсету қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган беретін рұқсат негізінде жүзеге асырылады.
2. Қалалық және өзге де қоныстарды салу кезінде шаруашылық және өзге де қызмет объектілерін жобалау, орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалану парниктік газдар шығарындыларының азайтылуы және оларды сіңіргіштердің абсорбциялау деңгейінің сақталуы ескеріле отырып жүзеге асырылуға тиіс.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды; 2013.21.06. № 107-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Озонды бұзатын заттарды әкелуді және әкетуді, сондай-ақ озонды бұзатын заттарды пайдалана отырып жұмыстар жүргізуді, құрамында озонды бұзатын заттар бар жабдықты жөндеуді, монтаждауды, оған қызмет көрсетуді жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер:
1) өнімге «озон қабатын бұзады» деген жазба жазуға және озонды бұзатын заттар немесе озонды бұзатын заттары бар өнімдер сақталатын не тасымалданатын ораманы осындай жазбамен анық көрінетіндей етіп таңбалауға;
2) олардың қауіпсіз сақталуын және тасымалдануын қамтамасыз етуге;
3) тауарға ілеспе құжаттамада, өнімде бар заттарды қоса алғанда, озонды бұзатын заттардың атауы мен санын көрсетуге;
4) озонды бұзатын заттарды кәдеге жарату және (немесе) залалсыздандыру мақсатында жинау және оларды герметикалық ыдыста сақтау жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге және орындауға міндетті.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Озонды бұзатын заттарды кәдеге жаратуға және (немесе) залалсыздандыруға арналған объектілерді қоспағанда, Қазақстан Республикасында тұтыну үшін шектеу қойылған немесе тыйым салынған озонды бұзатын заттар тізбесіне енгізілген, озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу көзделетін технологияларды, жабдықтарды, заттар мен материалдарды пайдалана отырып, объектілерді жобалауға, реконструкциялауға, техникалық қайта жарақтандыруға, кеңейтуге, жаңадан салуға тыйым салынады.
314-1-бап. 2016.08.04. № 491-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2010.19.03. № 258-IV ҚР Заңымен 315-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 315-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2013.21.06. № 107-V ҚР Заңымен 315-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
315-бап. Озонды бұзатын заттарды тұтынуды есепке алу
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Озонды бұзатын заттарды тұтынуды жүзеге асыратын заңды тұлғалар және дара кәсіпкерлер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгiлеген тәртіппен есепке алынуға жатады.
2. Озонды бұзатын заттарды тұтынуды есепке алуға қызметтің мынадай түрлері:
1) озонды бұзатын заттарды өндіру;
2) озонды бұзатын заттарды әкелу және әкету;
3) озонды бұзатын заттарды пайдалана отырып жұмыстар жүргізу, құрамында озонды бұзатын заттар бар жабдықты жөндеу, монтаждау, оған қызмет көрсету жатады.
2013.21.06. № 107-V ҚР Заңымен 316-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
316-бап. Озонды бұзатын заттарды тұтынуды есепке алу және оның мемлекеттік кадастры
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес реттелетін озонды бұзатын заттарды тұтынудың мемлекеттік кадастрын әзірлеуді ұйымдастырады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Озонды бұзатын заттарды әкелуді және әкетуді жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер озонды бұзатын заттарды тұтынудың мемлекеттік кадастрын дайындау үшін:
сатып алушы ұйымдардың атаулары мен орналасқан жерлерін және болжамды қолдану салаларын көрсете отырып, озонды бұзатын заттардың әкелінген, әкетілген және өткізілген санын есепке алуды жүргізеді;
жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың бірінші тоқсанынан кешiктiрмей, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға қолдану салалары бойынша озонды бұзатын заттардың нақты әкелінген, әкетілген және өткізілген саны туралы мәліметтерді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша ұсынады.
3. Озонды бұзатын заттарды тұтынудың мемлекеттік кадастрының деректері ашық болып табылады және жариялануға жатады.
317-бап. 2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 318-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
318-бап. Озонды бұзатын заттарды өндірістік бақылау
1. Атмосфераға озонды бұзатын заттар шығарындыларының көздері бар заңды тұлғалар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен озонды бұзатын заттардың шығарындыларына жыл сайынғы түгендеу жүргізу жолымен өндірістік бақылауды жүзеге асырады.
2. Экологиялық қызметтерді ұйымдастыру туралы және озонды бұзатын заттарға өндірістік бақылау жүргізуге жауапты тұлғалар туралы мәліметтер, сондай-ақ озон бұзатын заттарды түгендеу нәтижелері қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға табыс етіледі.
9-Бөлім. Экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік және экологиялық дауларды шешу
46-тарау. Экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік және экологиялық дауларды шешу
319-бап. Экологиялық құқық бұзушылықтың түрлері
Экологиялық құқық бұзушылықтың түрлеріне:
1) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын мүліктік жауапкершілікке әкеп соғатын бұзушылық;
2) қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар;
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтар жатады.
320-бап. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік
Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
321-бап. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзудан келтірілген залалды өтеудің міндеттілігі
1. Экологиялық құқық бұзушылықтар жасаған тұлғалар өздері келтірген залалды осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес өтеуге міндетті.
2. Мыналардың:
1) табиғи ресурстарды жою мен бүлдірудің;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) табиғи ресурстарды заңсыз және ұтымсыз пайдаланудың;
2016.25.04. № 505-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) өз бетінше эмиссиялардың;
2016.25.04. № 505-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) нормативтен тыс эмиссиялардың салдарынан қоршаған ортаға, азаматтардың денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің мүлкіне келтірілген залал өтелуге тиіс.
3. Экологиялық құқық бұзушылық жасаған тұлғалардың жеке тұлғалардың денсаулығына келтірілген зиянды, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің мүлкіне келтірілген залалды өтеуі ерікті түрде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот шешімі бойынша жүргізіледі. Зиян жәбірленушінің еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі, оның емделуіне және денсаулығын қалпына келтіруге жұмсалған шығындар, аурудың күтіміне байланысты шығындар, өзге де шығыстар мен жоғалтулар ескеріле отырып, толық көлемде өтелуге тиіс.
4. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзу салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу ерікті түрде немесе жүргізілу тәртібі осы Кодекске сәйкес айқындалатын залалды экономикалық бағалау негізінде сот шешімі бойынша жүргізіледі.
5. Қызметі қоршаған ортаға жоғары қауіптілікпен байланысты жеке және заңды тұлғалар, егер зиянның еңсерілмейтін күш немесе жәбірленушінің теріс пиғылы салдарынан туындағанын дәлелдей алмаса, жоғары қауіп көзі келтірген зиянды өтеуге міндетті.
6. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзу нәтижесінде келтірілген моральдық зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен өтелуге тиіс.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Жер бетінің, жер қойнауының және жерасты суларының ластануын болғызбайтын, қалдықтарды орналастыру және сарқынды суды ағызу үшін жабдықталған және соған арналған объектілерге қалдықтарды нормативтен тыс орналастыру жағдайлары және ластаушы заттарды нормативтен тыс ағызу жағдайлары қоршаған ортаға залал ретінде қарастырылмайды.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Химиялық заттардың жер бетіне, жер қойнауына және жерасты суларына түсуін болғызбайтын қорғаныш құрылыстарымен шектелген өндірістік алаңдарға түсу немесе оларға сарқынды судың төгілу жағдайлары қоршаған ортаға залал ретінде қарастырылмайды.
2016.25.04. № 505-V ҚР Заңымен 9-тармақпен толықтырылды
9. Табиғат пайдаланушы мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынған және шекті жол берілетін эмиссиялар нормативтерінен асып кетуіне әкелмейтін, ілеспе газды қайта өңдеуді дамыту бағдарламаларынан, сондай-ақ жобалау құжаттамасынан және қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінің жобаларынан ауытқу жағдайлары, оның ішінде газды жағу сценарийлерінің және (немесе) кестелерiнің өзгеруі өз бетінше және нормативтен тыс эмиссиялар ретінде қаралмайды.
322-бап. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзудан келтірілген зиянды өтеу тәртібі
1. Қоршаған ортаға зиян келтірген тұлға келтірілген залалды ерікті түрде жоюға не өзгеше тәсілмен оның орнын толтыруға құқылы. Тұлғаның залалды жою не оның орнын толтыру туралы міндеттемесі кепілхатта жазылуға тиіс.
2. Зиянды өтеу қоршаған ортаға зиян келтірген тұлғаның өз қаражаты немесе сақтандыру төлемдері есебінен құндық нысанда жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Зиянды өтеудің құндық нысандарына қоршаған ортаның зиян
келтірілгенге дейінгі жай-күйін қалпына келтіруге, табиғи ресурстарды молықтыру жөніндегі іс-шараларды орындауға, талапкерге, алынбай қалған пайданы қоса алғанда, өзге шығындарды өтеуге арналған ақшалай қаражат жатады.
4. Тараптардың келісімімен сот шешімі бойынша зиян жауапкерге қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі міндеттерді жүктеу жолымен заттай нысанда өтелуі мүмкін.
5. Зиянды өтеудің заттай нысандарына қоршаған ортаның зиян келтірілгенге дейінгі жай-күйін қалпына келтіру, жойылған не бүлінген табиғи ресурстың орнына оған құны тең ресурс беру жөніндегі шаралар жатады. Зиянды заттай нысанда өтеу келтірілген зиянды өтеудің тәртібін, талаптарын, мерзімдері мен көлемін регламенттейтін шарт және (немесе) келісім жасасу жолымен жүргізіледі.
6. Зиянды өтеудің өндіріліп алынатын сомасы мемлекеттік бюджетке, ал Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда жәбірленуші тұлғаға аударылады.
7. Зиянды өтеу қоршаған ортаға зиян келтірген тұлғаны әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды.
323-бап. Экологиялық дауларды шешу тәртібі
1. Экологиялық дауларды соттар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен шешеді.
2. Экологиялық құқықтық қатынастар субъектілері арасындағы экологиялық даулар келіссөздер арқылы, оның ішінде сарапшыларды тарта отырып не тараптардың бұрын келісілген дауларды шешу рәсіміне сәйкес шешілуі мүмкін.
47-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
324-бап. Өтпелі ережелер
1. Табиғат пайдаланушылардың осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін алған табиғат пайдалануға арналған рұқсаттары қанша мерзімге берілсе, сонша мерзім ішінде қолданылады.
2. Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары табиғат пайдалануға арналған рұқсаттарының қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін экологиялық рұқсаттар алуға міндетті.
3. Қалдықтарды көму полигондарының және қалдықтарды ұзақ мерзімді сақтау қоймаларының иелері 2007 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімде полигонды осы Кодекстің 43-тарауында көзделген экологиялық талаптарға сәйкес келтіру жоспарларын әзірлеуге және оларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісуге тиіс.
4. Табиғат қорғауды жобалауға, экологиялық сараптама саласындағы нормалауға және жұмыстарға, экологиялық аудиторлық қызметке лицензиялары бар жеке және заңды тұлғалар осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органда қайта рәсімдеуге міндетті. Көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін бұл лицензиялар жарамсыз деп есептеледі.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Осы Кодекске сәйкес лицензиялауға жатпайтын, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекітетін тізбе бойынша шаруашылық қызметтің экологиялық қауіпті түрлеріне арналған лицензияның қолданысы осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап тоқтатылады.