10-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiктері
Қазақстан Республикасының Президентi:
1) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды;
2) елдiң ұлттық мүдделерiн қорғау саласында барлық мемлекеттiк билік тармақтарының келісілген қызметін қамтамасыз етедi;
3) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi бойынша актiлер шығарады;
2018.05.07. № 179-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесін құрады;
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын бекітеді;
6) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
11-бап. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің өкілеттіктері
1. 2018.05.07. № 179-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2018.05.07. № 179-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін ұйымдастыру және оның өкілеттіктері заңда айқындалады.
12-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң өкілеттіктері
Қазақстан Республикасының Парламентi ұлттық қауіпсіздік саласындағы өз өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жүзеге асырады.
13-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өкілеттіктері
Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiне ұлттық қауiпсiздiк саласындағы заңдардың жобаларын енгiзедi және заңдардың орындалуын қамтамасыз етедi;
2) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудің негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады, оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын әзірлеуді және іске асыруды ұйымдастырады;
3) министрліктердің, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегі қызметiне басшылық жасайды;
4) мыналардың:
ұлттық холдингтердiң және (немесе) ұлттық компаниялардың не олардың үлестес тұлғаларының, сондай-ақ мемлекет қатысатын өзге де заңды тұлғалардың жарғылық капиталына берiлген және (немесе) олардың меншiгiндегі стратегиялық объектiлердiң;
мемлекетпен үлестес емес заңды тұлғалардың, сондай-ақ жеке тұлғалардың меншiгiндегі стратегиялық объектiлердiң тiзбелерiн түзедi;
2023.23.12. № 51-VIII ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 5 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-1) қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторы ретінде байланыс желісін иеленетін және (немесе) оны басқару немесе пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымның дауыс беретін акцияларының, сондай-ақ үлестерінің, пайларының 10 пайыздан астамын жеке және заңды тұлғалардың сатып алуын немесе меншікке өзгеше алуын келісу тәртібін айқындайды;
5) 2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен алып тасталды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
6) тиісті саланың уәкілетті органының салалық қорытындысы негiзiнде, жеке және заңды тұлғаларға тиесiлi стратегиялық объектiмен ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкiн азаматтық-құқықтық мәмiле жасасуға рұқсат беру немесе рұқсат беруден бас тарту туралы шешiм қабылдайды;
7) Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актiлерiне сәйкес ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi бойынша өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
14-бап. Қазақстан Республикасы соттарының өкілеттіктері
Соттар:
1) азаматтардың және ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды, Конституцияның, осы Заңның және өзге де нормативтiк-құқықтық актiлердiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етедi;
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiне қол сұғылатын қылмыстық және өзге құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша сот төрелiгiн жүзеге асырады.
15-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының өкiлеттiктерi
1. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді жүзеге асырады:
2020.16.11. № 375-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) ұлттық қауіпсіздік органдары - конституциялық құрылысты, мемлекеттік егемендікті, аумақтық тұтастықты, экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс әлеуетін қорғау жөнінде қарсы барлау қызметін, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзетуді, үкіметтік байланысты сақтап тұруды және қамтамасыз етуді, сондай-ақ терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл саласында ведомствоаралық қызметті үйлестіруді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы мемлекеттік органдар;
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының Президентін, Парламенті мен Үкіметін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен мемлекеттік ұйымдарын тиісті ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында барлау қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ саяси, әскери-саяси, қаржылық-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, экологиялық және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қозғайтын өзге де салаларда мемлекет басшылығының саясатын іске асыруға жәрдемдесетін, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы мемлекеттік орган;
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3) тармақша жаңа редакцияда
3) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі - күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұйымдастырушы және үйлестіруші орган болып табылатын, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынысты және есеп беретін арнаулы мемлекеттік орган;
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2016.06.04. № 484-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4) тармақша жаңа редакцияда
4) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган - мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруды және мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының сақталуын бақылауды жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
5) ішкі істер органдары - қоғамдық тәртіпті сақтауды, қылмысқа, есірткі заттары мен қарудың заңсыз айналымына, бақылаусыз көші-қонға қарсы күресті, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын, қылмыстық жазалардың орындалуын, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді ұйымдастыратын атқарушы органдар;
6) Қорғаныс министрлігі - мемлекеттің қорғаныс қабілетін, Қарулы Күштердің тұрақты жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын сақтап тұратын және қамтамасыз ететін, өз құзыреті шегінде сыртқы барлауды, терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимылды, сондай-ақ әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2020.06.10. № 365-VІ ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды
6-1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қалыптастыру мен іске асыруды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында үйлестіруді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуды, анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
7) сыртқы саясат саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын, халықаралық бейбітшілікті, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерін іске асыруды, Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуды, Қазақстан Республикасының егемендігін, қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын және шекарасының мызғымастығын, оның басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынастарында және халықаралық аренада саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерін, шет елде Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін дипломатиялық құралдармен және әдістермен қорғауды, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8) байланыс саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының байланыс инфрақұрылымын қалыптастыруды, дамытуды және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 8-1) тармақшамен толықтырылды
8-1) ақпарат саласындағы уәкілетті орган - бірыңғай ақпараттық кеңістікті қалыптастыруды, дамытуды және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 8-2) тармақшамен толықтырылды
8-2) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган - ақпараттандыру және «электрондық үкімет» саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
9) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша құқықтық, әкімшілік және өзге де шараларды әзірлейді, олардың іске асырылуы мен сақталуын бақылауды, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;
10) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган - қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласында мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру мәселелері бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарын, жұмылдыру даярлығы мен жұмылдыру саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды жүзеге асыратын, ішкі және сыртқы сауданы реттеу мен дамытуды, сондай-ақ заңнамада белгіленген құзырет шегінде экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
12) агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган - агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
13) көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган - көлік-коммуникация саласына басшылықты, сондай-ақ заңнамада көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2014.10.06. № 206-V ҚР Заңымен 14) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 14) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
14) қаржы саласындағы уәкілетті орган - қаржы мониторингін жүзеге асыратын және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қолданатын, салық, кеден және бюджет заңнамасының сақталуын, мемлекеттік мүліктің ұтымды пайдаланылуын және сақталуын, экономикалық және қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін, сондай-ақ экономикалық және қаржылық қызмет саласында адамның және азаматтың құқықтарына, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардың алдын алуды, оларды анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 15) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
15) индустриялық даму саласындағы уәкілетті орган - индустриялық даму саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу мен іске асыру мәселелері бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 15-1) тармақшамен толықтырылды
15-1) инновациялық даму саласындағы уәкілетті орган - ел экономикасы салаларының инновациялық және ғылыми-техникалық дамуын қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
16) энергетика саласындағы уәкілетті орган - экономиканың энергия және энергия ресурстарына қажеттілігін қанағаттандыруды, отын-энергетика кешенін дамытуды, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 17) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
17) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган - азаматтық қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, мемлекеттік саясатты әзірлеуді және іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
18) әділет органдары - мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режимін қолдайтын, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін атқарушы органдар;
19) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган - әлеуметтік және еңбек қатынастарында, халықты жұмыспен қамтуда заңдылықтың сақталуын және келісімді нығайтуды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
20) мәдениет саласындағы уәкілетті орган - қоғамның тарихи-мәдени және рухани-имандылық құндылықтарын сақтауды, мемлекеттік тілдің және басқа да тілдердің серпінді дамуын, ішкі саяси тұрақтылықты және этносаралық келісімді нығайтуды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
2022.26.12. № 168-VІІ ҚР Заңымен 21) тармақша өзгертілді (2023 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
21) білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган - сапалы және қолжетімді білім беруді, қазақстандық ғылымның орнықты дамуын, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
2022.26.12. № 168-VІІ ҚР Заңымен 21-1) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)
21-1) мемлекеттік жастар саясаты мәселелері жөніндегі уәкілетті орган - мемлекеттік жастар саясаты саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
22) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган - халық денсаулығын қорғауды, аса қауіпті және карантиндік инфекциялық аурулардың таралуынан қорғауды, азаматтардың тиімді, сапалы және қолжетімді дәрілік заттарға қажеттіліктерін қанағаттандыруды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
23) туризм, дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган - Қазақстанда туризмнің, бұқаралық спорттың дамуын, ел халқының дене шынықтыру мәдениетін нығайтуды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
24) жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті орган - жерді ұтымды пайдалануды және қорғауды, жер заңнамасының сақталуын қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
25) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган - өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласында басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 26) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
26) бәсекелестікті қорғау саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзудың алдын алуды, анықтауды және жолын кесуді қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен 27) тармақша жаңа редакцияда (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
27) жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган - жер қойнауын геологиялық зерттеу саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды және бақылауды қамтамасыз ететін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген, жер қойнауын пайдалану саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
28) дін істері жөніндегі уәкілетті орган - діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2022.21.12. № 167-VІІ ҚР Заңымен 28-1) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 2 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
28-1) геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы уәкілетті орган - геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы басшылық пен салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
29) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі - қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін, Қазақстан Республикасының Президентіне есеп беретін Қазақстан Республикасының орталық банкі;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 29-1) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
29-1) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін мемлекеттік орган;
2015.12.11. № 393-V ҚР Заңымен 30) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 30) тармақша өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
30) Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы - Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың жоғары органы.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары өз құзыреттері шегiнде:
1) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi іс-шараларды жоспарлау және өткiзу бойынша ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметiне басшылық етедi;
2) ұлттық қауiпсiздiк жүйесiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
3) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы заңдар мен өзге де нормативтiк-құқықтық актiлердiң сақталуын қамтамасыз етедi;
4) мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнаманы сақтай отырып, ұлттық қауіпсіздіктің жай-күйі мен оны қамтамасыз ету бойынша қолданылатын шаралар туралы халықты хабардар етеді, насихат және қарсы насихат жұмыстарын жүргізеді;
5) іс-әрекеттерi (немесе әрекетсiздiгi) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерінiң бұзылуына, ұлттық қауiпсiздiгiне қауіп төнуіне әкеп соғатын лауазымды адамдарды, мемлекеттiк қызметшiлердi тиiсті жауаптылыққа тартады.
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 16-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
16-бап. Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарының өкiлеттiктерi
Облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегiнде:
1) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірліктерде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолданады және жұмыс ұйымдастырады;
2) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген жұмылдыру қуаттары мен жұмылдыру резервтерiнiң (ресурстарының) сақталуын қамтамасыз етедi.
4-тарау. ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
17-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезiндегi адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепiлдiктерi
1. Қазақстан Республикасы заңнама мен халықаралық шарттарға сәйкес өз аумағында әрбiр адамның және азаматтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi. Мемлекет Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде жүрген Қазақстан азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепiлдiк бередi.
2. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары тек заңдармен және конституциялық құрылысты, қоғамдық тәртіпті сақтауды, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсатында қаншалықты қажет болса, соншалықты ғана шектелуі мүмкін. Бұл ретте аталған адамдар заңнамада белгiленген тәртiппен тиісті мемлекеттік органдардан өз құқықтары мен бостандықтарының шектелуi жөнiнде түсiніктер алуға құқылы.
3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезiнде өз өкiлеттiктерiн асыра пайдаланған лауазымды адамдар заңда белгiленген жауаптылықта болады.
4. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге жәрдемдесетін адамдарға мемлекеттiк қолдауға, оның iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың құқықтық жағынан қорғалуына кепiлдiк берiледi.
18-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар
1. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мемлекеттiң барлық органдары мен лауазымды адамдары, сондай-ақ ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды iске асыруға заңды негiзде қатысатын азаматтар мен ұйымдар құзыретiнiң аражiгi нақты ажыратылған және олардың үйлесімді жұмыс iстеуi қамтамасыз етілген кезде дәйектілікпен iске асырылатын мемлекеттiк саясат арқылы қол жеткізіледі.
2. Қазақстан Республикасы өзiнiң ұлттық қауiпсiздiгiн өз билігіндегі барлық, оның iшiнде бiржақты немесе халықаралық шарттарға сәйкес қолданылатын экономикалық, саяси, әскери, құқықтық, арнаулы (барлау, қарсы барлау) құралдармен және әдiстермен қамтамасыз етедi.
Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi талаптар:
1) елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының бағыттары мен кезеңдерiн стратегиялық жоспарлау;
2) ұлттық қауіпсіздік саласындағы заңнамалық және өзге де нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу, қабылдау мен орындау кезiнде мiндеттi түрде ескерiледi.
3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету:
1) мемлекеттің осы саладағы қызметiнiң негiзгi бағыттарын айқындау;
2) ұлттық қауiпсiздiкке төнген қауіп-қатердi, сондай-ақ шет елде Қазақстан Республикасының саяси бастамаларын ілгерілету мүмкіндіктерін анықтау және болжау;
3) ұлттық қауiпсiздiкке төнетiн қауіп-қатердiң алдын алу және оны бейтараптандыру жөнiнде, оның iшiнде осы қауіп-қатердi туындататын себептер мен жағдайларды жою жөнiнде жедел және ұзақ мерзiмдi шаралар кешенiн жүзеге асыру;
4) ұлттық қауіпсіздікке тiкелей қауіп-қатер төнген, оған қол сұғушылық болған жағдайларда, оның iшiнде мемлекетішілік, трансшекаралық және жаһандық сипаттағы тосын және төтенше жағдайлар туындаған кезде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерi мен құралдарын жұмылдыру;
2015.23.11. № 417-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) ұлттық мүдделердi қорғау жөнiндегi шешiмдер мен әрекеттердi кідіріссіз қабылдау, ұлттық қауiпсiздiкке қол сұғатын заңсыз iс-әрекеттiң жолын кесу, өзге де құқық шектеу шараларын, оның ішінде барлау, қарсы барлау қызметіне және күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларына байланысты ақпаратқа қолжетімділікті шектеу жолымен жүзеге асыру;
6) ұлттық мүдделерге қол сұғушылыққа байланысты зардаптарды оқшаулау және жою, қалпына келтiру шаралары кешенiн жүзеге асыру арқылы ұлттық мүдделер қорғалуының қажеттi деңгейiне қол жеткiзу мен оны сақтап отырудан тұрады.
4. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды іске асыру мақсатында ведомствоаралық комиссиялар, кеңестер немесе штабтар құрылуы мүмкін.
Осы Заңның 15-бабына сәйкес ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің белгілі бір саласында ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органдардың басшылары ведомствоаралық комиссиялардың, кеңестердің немесе штабтардың басшылары болып табылады.
Ведомствоаралық комиссиялардың, кеңестердің немесе штабтардың құрамына өз құзыреті шегінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысатын мемлекеттік органдар мен ұйымдар кіреді.