5. Рұқсаттарға, сондай-ақ оларға қосымшаларға қатысты беру, ұзарту, қайта ресімдеу, жаңарту және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да әрекеттерді жүзеге асыру мемлекеттік көрсетілетін қызметтер болып табылады және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қайшы келмейтін бөлігінде «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
109-бап. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу және оның күшін жою тәртібі
1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі тиісті рұқсатты немесе хабарламаны «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген рұқсаттар немесе хабарламалар тізбелеріне енгізу арқылы ғана енгізіледі.
2. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу үшін реттеуші мемлекеттік органдар, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларды қоспағанда, реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс.
3. Бұрын рұқсат беру тәртібіне жатқызылмаған қызметке немесе әрекетке (операцияға) қатысты рұқсат беру тәртібі енгізілген кезде рұқсат алу міндеті қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектісінде рұқсат алу тәртібін регламенттейтін және (немесе) рұқсат алу үшін міндетті талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық акт қолданысқа енгізілген күннен бастап туындайды.
4. Рұқсат алу тәртібін регламенттейтін, рұқсат беру немесе біліктілік талаптарын және (немесе) өтініш берушілердің осындай талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар тізбесін бекітетін нормативтік құқықтық актілер алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткенге дейін қолданысқа енгізілмейді.
Бұрын рұқсат беру тәртібіне жатқызылмаған қызметке немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты рұқсат беру тәртібі енгізілген жағдайда, өтініш берушілер рұқсат алу тәртібін регламенттейтін, рұқсат беру немесе біліктілік талаптарын және (немесе) өтініш берушілердің осындай талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар тізбесін бекітетін нормативтік құқықтық актілер қолданысқа енгізілгенге дейін, бірақ көрсетілген актілер қолданысқа енгізілгенге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей рұқсат алуға өтініш беруге құқылы.
Бұл ретте осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес берілген өтініштер бойынша рұқсаттар беруді немесе оларды беруден уәжді бас тартуды рұқсат беру органдары осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актілер қолданысқа енгізілгеннен кейін оларды беру үшін белгіленген мерзімдерде және тәртіппен жүзеге асыруға тиіс.
5. «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 4-тармағына сәйкес рұқсат алуға өтініш берген өтініш берушілер рұқсат берілгенге дейін немесе оны беруден уәжді түрде бас тартылғанға дейін рұқсат беру тәртібі енгізілген қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсаты болмай-ақ жүзеге асыруға құқылы.
6. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібінің күшін жою «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген рұқсаттар және хабарламалар тізбелерінен рұқсатты немесе хабарламаны алып тастау арқылы жүзеге асырылады және кәсіпкерлік субъектісінің қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсаты болмай немесе хабарлама жібермей жүзеге асыру құқығына әкеп соғады.
110-бап. Өтініш берушілер. Өтініш берушілердің құқықтары
1. Лицензиялаудан немесе рұқсат беру рәсімінен өту үшін тиісті рұқсат беру органына жүгінген немесе хабарлама жіберген мынадай кәсіпкерлік субъектілері өтініш берушілер бола алады:
дара кәсіпкер;
заңды тұлға;
заңды тұлғаның филиалы немесе өкілдігі;
лицензиат;
екінші санаттағы рұқсатты иеленуші.
2. Өтініш берушілердің:
1) рұқсаттар және хабарламалар туралы толық және анық ақпарат алуға;
101-баптың 2-тармағының 2) тармақшасының қолданылуы 2016 ж. 1 наурызға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұрған кезеңде бұл тармақша осы Кодекстің 324-бабының 6-тармағында қолданылады
2) рұқсат беру органдарының және хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және (немесе) олардың лауазымды адамдарының, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының және (немесе) олардың жұмыскерлерінің лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін немесе хабарламалар қабылдауды жүзеге асыру мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
3) «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабының ережелерін ескере отырып, рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны алу немесе хабарлама жіберу үшін өтініштің электрондық немесе қағаз нысанын таңдауға, сондай-ақ берілетін рұқсаттың және (немесе) оған қосымшаның электрондық немесе қағаз нысанын таңдауға құқығы бар.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, оралмандар және шетелдік заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең дәрежеде рұқсаттар алады және хабарламалар жібереді.
111-бап. Рұқсат беру органдарының құқықтары мен міндеттері
1. Екінші санаттағы рұқсаттарды беруге уәкілеттік берілген лиензиарлар мен органдар рұқсат беру органдары болып табылады.
2. Рұқсат беру органдарының өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдарға лицензиялауды немесе рұқсат беру рәсімін жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратқа, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы сұрау салумен жүгінуге құқығы бар.
3. Рұқсат беру органдары:
1) осы Кодекске және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыруға;
2) мүмкіндігі шектеулі адамдардың рұқсаттар алуы кезінде олар үшін қажетті жағдайлар жасауға;
3) лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері, бұл үшін талап етілетін құжаттар тізбесі және осындай құжаттарды алу және ресімдеу тәртібі туралы толық және анық ақпаратты қолжетімді нысанда беруге;
111-баптың 3-тармағының 4) тармақшасының қолданылуы 2016 ж. 1 наурызға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұрған кезеңде бұл тармақша осы Кодекстің 324-бабының 7-тармағында қолданылады
4) мемлекеттік органдарға және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды және (немесе) ақпаратты беруге;
5) өтініш берушілердің, лицензиаттардың және екінші санаттағы рұқсаттарды иеленушілердің бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шаралар қолдануға;
6) рұқсаттар беру үшін қажетті мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйелердің іркіліссіз жұмыс істеуін және толықтырылып отыруын өз құзыреті шегінде қамтамасыз етуге;
7) Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өтініш берушілердің, лицензиаттардың және екінші санаттағы рұқсаттарды иеленушілердің рұқсаттар беру кезінде ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын, қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді пайдалануға жазбаша келісімін алуға, оның ішінде электрондық құжат нысанында алуға міндетті.
112-бап. Лицензиялауды, рұқсат беру рәсімдерін және хабарламаларды электрондық нысанда жүзеге асыру
1. Лицензиялау және хабарламалар жіберу рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, электрондық нысанда жүзеге асырылады.
Рұқсат беру рәсімдері рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 52-бабы 3-тармағының ережелері ескеріле отырып, электрондық нысанда жүзеге асырылады.
2. Өтініш беру, рұқсаттар және (немесе) рұқсатқа қосымшалар беру тәртібі «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
3. Рұқсат беру органдары рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін тұрақты негізде жүргізеді.
Хабарламалар бойынша рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар жүргізеді.
10-тарау. ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ
113-бап. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеу
Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеу осы Кодекске және Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес өнімге, көрсетілетін қызметке, процестерге, сәйкестікті растауға, аккредиттеуге, бақылауға қойылатын міндетті талаптарды айқындау, белгілеу, қолдану және орындау болып табылады.
114-бап. Техникалық реттеу объектілері
Өнім, көрсетілетін қызмет, процестер техникалық реттеу объектілері болып табылады.
115-бап. Техникалық реттеу субъектілері
Мемлекеттік органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында қызметті жүзеге асыратын және техникалық реттеу объектілеріне қатысты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес пайдалану құқығын иеленетін жеке және заңды тұлғалар техникалық реттеу субъектілері болып табылады.
11-тарау. БАҒАЛАР МЕН ТАРИФТЕРДІ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
116-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің бағалары мен тарифтерін мемлекеттік реттеу
1. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағалар мен тарифтерді кәсіпкерлік субъектілері дербес айқындайды.
2. Мемлекет Қазақстан Республикасында ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті сақтауды, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында бағалар мен тарифтерді реттеуді белгілейді.
3. Мемлекет кәсіпкерлік субъектілерінің мынадай тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне:
1) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына;
2) табиғи монополия саласындағы тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге;
3) мемлекеттік монополия субъектілері өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге;
116-баптың 3-тармақтың 4) тармақшасы 2017 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
4) реттелетін нарық субъектілері өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге;
5) трансферттік баға белгілеу кезінде туындайтын, халықаралық іскерлік операциялардағы және халықаралық іскерлік операцияларға байланысты мәмілелердегі тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге;
6) бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізуге;
7) тағамдық және тағамдық емес шикізаттан жасалған этил спиртіне және алкоголь өніміне (сырадан басқа) ең төмен бағаларды белгілеуге;
8) фильтрлі сигареттерге ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгілеуге;
9) туындаған проблемаларды бәсекелестік жай-күйі үшін теріс салдары аз тәсілмен шешу мүмкін болмаған жағдайда, табиғи монополия жағдайындағы емес тауар нарықтарында белгілі бір жағдайларда, оның ішінде төтенше жағдайлар, дүлей зілзалалар, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде бағалар мен тарифтерді реттейді.
117-бап. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеу
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекітеді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етiлетін шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Бағалардың негiзсiз өсуiне жол бермеу, инфляцияны рұқсат етiлген шектерде ұстау және елде макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында белгiленетiн, бөлшек сауда бағаларының рұқсат етiлген деңгейi сауда қызметiнiң субъектiсi әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларын осы деңгейге дейін айқындауға құқылы әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларының шектi мәнi болып табылады.
Әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларының шектi мәндерi артқан жағдайда, сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган белгiлейтiн бөлшек сауда бағаларының деңгейi әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына рұқсат етiлген шектi бөлшек сауда бағалары деп танылады.
2. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын беруге шарттар жасасу кезінде шекті сауда үстемесінің мөлшері міндетті түрде белгіленуге тиіс. Осы талапты бұза отырып жасалған мәміле жарамсыз болады.
3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларының шектi мәндерi артқан жағдайда, сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган күнтiзбелiк тоқсан күннен аспайтын мерзiмге облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында оларға рұқсат етiлген шектi бөлшек сауда бағаларының мөлшерiн белгiлеуге құқылы.
118-бап. Табиғи монополия саласында тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге тариф белгілеу
118-баптың 1-тармағының қолданылуы 2017 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұрған кезеңде бұл тармақ осы Кодекстің 324-бабының 8-тармағында қолданылады
1. Табиғи монополия саласындағы тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге тариф белгілеу Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
118-баптың 2-тармағының қолданылуы 2017 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұрған кезеңде бұл тармақ осы Кодекстің 324-бабының 8-тармағында қолданылады
2. Табиғи монополия субъектісінің реттелетін тауарларына, жұмыстарына, көрсетiлетiн қызметтеріне табиғи монополиялар салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітетін тарифтер (бағалар, алымдар мөшерлемелері) немесе олардың шектi деңгейлерi өндірілетін тауарлардың, орындалатын жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң сапасы мен сенімділігі ескеріле отырып, реттелетін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшiн қажеттi шығындар құнынан төмен болмауға және табиғи монополия субъектiсiнiң тиiмдi жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн пайда алу мүмкiндiгiн ескеруге тиiс.
3. Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің белгілі бір түрін өндіру мен ұсынудың технологиялық ерекшеліктеріне байланысты тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің осы түріне сұранысты қанағаттандыру үшін бәсекелестік жағдайлар жасау мүмкін болмайтын немесе экономикалық жағынан тиімсіз болатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер нарығының жай-күйі табиғи монополия болып табылады.
Табиғи монополия жағдайында тауарлар өндірумен, жұмыстар орындаумен және (немесе) тұтынушыларға қызметтер көрсетумен айналысатын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға табиғи монополия субъектісі болып табылады.
119-баптың қолданылуы 2017 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұрған кезеңде бұл бап осы Кодекстің 324-бабының 9-тармағында қолданылады
119-бап. Мемлекеттік баға реттеу
Уақытша шара ретінде Қазақстан Республикасының аумағында белгілі бір мерзімге жекелеген тауар нарықтарында және (немесе) жекелеген нарық субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) монополияға қарсы орган айқындайтын тәртіппен мемлекеттік баға реттеу енгізілуі мүмкін.
Осы бапта көзделген мемлекеттік баға реттеуді қолданудың жалпы мерзімі бір жыл ішінде күнтізбелік бір жүз сексен күннен аспайды.
120-бап. Мемлекеттік монополия субъектілері өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу
1. Мемлекеттiк монополия субъектiсi өндiретiн және өткiзетiн тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгiлеу қағидаларын монополияға қарсы орган бекiтедi.
2. Осы Кодексте көзделген тәртiппен енгiзiлетiн, бәсекелестiк нарықта мемлекеттiң қандай да бiр тауарды өндiруге, өткiзуге немесе сатып алуға арналған айрықша құқығы мемлекеттік монополия болып табылады.
Айрықша құқықты iске асыру мемлекеттiк монополия субъектiсiн құру арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Үкiметi не Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары құрған мемлекеттiк кәсiпорын ғана мемлекеттiк монополия субъектiсi бола алады.
121-бап. Халықаралық іскерлiк операциялардағы және халықаралық iскерлiк операцияларға байланысты мәмiлелердегі тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаларды реттеу
1. Қазақстан Республикасында трансферттік баға белгілеу кезінде туындайтын халықаралық іскерлiк операциялардағы және халықаралық iскерлiк операцияларға байланысты мәмiлелердегі тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаларды реттеу «Трансферттік баға белгілеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Өзара байланысты тараптар арасында қалыптасатын және (немесе) тәуелсiз тараптар арасында мәмiлелер жасасу кезiнде бағалар ауқымы ескерiле отырып, объективтi түрде қалыптасатын нарықтық бағадан ерекшеленетін және «Трансферттік баға белгілеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бақылауға жататын баға трансферттiк баға (трансферттiк баға белгiлеу) болып табылады.
3. Тауарларды сатып алу-сату жөнiндегi экспорттық және (немесе) импорттық мәмiлелер; тараптарының бiрi Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын резидент емес болып табылатын, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету жөнiндегi мәмiлелер; Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс жерде тауарларды сатып алу-сату, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету жөнiнде жасаған мәмiлелерi халықаралық iскерлiк операциялар болып табылады.
122-бап. Бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткізуге баға белгілеу
1. Мемлекет Қазақстан Республикасының мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы заңнамасына сәйкес мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткiзуге бағаларды реттейді.
119-баптың 2-тармағының қолданылуы 2017 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұрған кезеңде бұл тармақ осы Кодекстің 324-бабының 10-тармағында қолданылады
2. Мұнай өнiмдерiн өндiру саласындағы уәкiлеттi орган табиғи монополиялар салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органмен келiсу бойынша мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган бекiткен тәртiппен бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткізуге шектi бағаларды белгiлейдi.
3. Мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткiзушiлер мұнай өнiмдерiн өткiзу кезiнде бағаларды мемлекеттiк реттеу белгiленген мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткiзуге белгiленген шектi бағалардан асырмауға мiндеттi.
4. Мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткiзуге бағаларды мемлекеттiк реттеу жағдайларында шектi бағалар айына бiр реттен артық белгiленбейдi.
123-бап. Арақтарға және айрықша арақтарға, күштілігі жоғары ликер-арақ өнімдеріне ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгiлеу
Мемлекет Қазақстан Республикасының этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын мемлекеттiк реттеу туралы заңнамасына сәйкес арақтарға және айрықша арақтарға, күштілігі жоғары ликер-арақ өнімдеріне ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгiлейдi.
124-бап. Фильтрлі сигареттерге ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгілеу
Мемлекет Қазақстан Республикасының темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымын мемлекеттiк реттеу туралы заңнамасына сәйкес фильтрлі сигареттерге ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгілейді.
12-тарау. МІНДЕТТІ САҚТАНДЫРУ
125-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру
Кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
126-бап. Міндетті сақтандырудың мақсаты
Үшінші тұлғалардың өміріне және (немесе) денсаулығына, мүлкіне, қоршаған ортаға келтірілген зиянды сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру арқылы өтеу міндетті сақтандырудың мақсаты болып табылады.
127-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру объектісі
Кәсіпкерлік субъектісінің Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде жеке тұлғалардың өмiрiне және (немесе) денсаулығына, үшiншi тұлғалардың мүлкiне, қоршаған ортаға келтiрiлген мүліктік зиянды өтеу мiндетiмен байланысты оның мүлiктiк мүддесi кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру объектiсi болып табылады.
128-бап. Міндетті сақтандыруды жүзеге асыру
1. Азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру шарттарын кәсіпкерлік субъектілері кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде жеке тұлғалардың өмiрiне және (немесе) денсаулығына, үшiншi тұлғалардың мүлкiне, қоршаған ортаға келтiрiлген зиянды өтеу жағдайына жасасады.
2. Кәсіпкерлік субъектісінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты үшiншi тұлғалардың өмiрiне және (немесе) денсаулығына, мүлкiне, қоршаған ортаға келтiрiлген зиян үшін өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін ерікті сақтандыру шартын жасасуы оны Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген кәсіпкерлік субъектісінің жауапкершілігін міндетті сақтандырудың тиісті шартын жасасу жөніндегі міндеттен босатпайды.
13-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ
1-параграф. Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы жалпы ережелер
129-бап. Мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы қатынастар
1. Мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы қатынастарды реттеу Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк бақылаудың және қадағалаудың жалпы құқықтық негiздерiн белгілеу мақсатында жүзеге асырылады әрі бақылау және қадағалау қызметiн жүзеге асырудың бiрыңғай қағидаттарын белгiлеуге, сондай-ақ мемлекеттiк органдардың, өздерiне қатысты мемлекеттiк бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға бағытталады.
2. Осы баптың 4, 5 және 6-тармақтарында және осы Кодекстің 140-бабының 3 және 5-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тексерiлетiн субъектiлерге мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргiзудi ұйымдастыру саласындағы қатынастарды мемлекеттік реттеу құқықтық мәртебесiне, меншiк нысандарына және қызмет түрлерiне қарамастан, осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
3. Осы Кодексте:
1) бақылау және қадағалау органдары жүзеге асыратын тексерулердi жүргiзу тәртiбi;
2) бақылау және қадағалау органдарының тексерулер жүргiзу кезiндегi өзара iс-қимылының тәртiбi;
3) тексерiлетiн субъектiлердiң бақылау және қадағалау жүргiзу кезiндегi құқықтары мен мiндеттерi, олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi шаралар;
4) бақылау және қадағалау органдары мен олардың лауазымды адамдарының тексерулер жүргiзу кезiндегi құқықтары мен мiндеттерi белгiленедi.
4. Осы Кодекстің 130 және 131-баптарын қоспағанда, осы тараудың күшi:
1) жер қойнауын пайдаланушылардың пайдалы қазбаларды барлауды, өндiрудi, бiрлескен барлау мен өндiрудi жүргiзуге не барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға не жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеуге арналған келiсiмшарттар талаптарын орындауын бақылауға;
2016.14.01. № 445-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) кеден iсi саласындағы мемлекеттiк бақылауға;
2016.14.01. № 445-V ҚР Заңымен 3) тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді)
3) бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдарды өткізу саласындағы мемлекеттік бақылауды қоспағанда, бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдардың айналымы саласындағы мемлекеттік бақылауға байланысты қатынастарға қолданылмайды.