2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 491-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
491-бап. Өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелерi бойынша қабылданатын шешімдер
1. Судья өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелерi бойынша:
1) сот актiлерiн қайта қарауға негіздер болған кезде, өтінішхатты іспен бірге кассациялық сатыдағы сот отырысының қарауына беру туралы;
2) сот актiлерiн қайта қарауға негіздердің болмауына байланысты өтінішхатты кассациялық сатыдағы сот отырысының қарауына беруден бас тарту туралы;
3) осы Кодекстің 489-бабы бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша өтінішхатты кері қайтару туралы қаулы шығарады.
2. Судьяның өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелерi бойынша шығаратын қаулысында:
1) шығарылған датасы мен орны;
2) өтінішхатты қараған судьяның тегi мен аты-жөні;
3) дау туғызған сот актiсi көрсетіле отырып, қаулы шығарылған iс;
4) өтінішхатты берген адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса);
5) өтінішхатта келтiрiлген дәлелдер;
6) қабылданған процестік шешімнің уәждері;
7) өтінішхатты қарау нәтижелері бойынша түйіндер көрсетiлуге тиiс.
3. Сот актілерін қайта қарауға негіздер болған кезде қаулы, өтінішхат және оған қоса берілген құжаттар іспен бірге кассациялық сатыдағы сотқа алдын ала қаралған күнінен бастап бес тәуліктен кешіктірілмей беріледі.
4. Өтінішхатты алдын ала қараудың нәтижелері бойынша шығарылған қаулының көшірмесі өтінішхатты берген адамға жіберіледі. Өтінішхат кері қайтарылған жағдайда оған қоса берілген құжаттар кері қайтарылуға жатады.
5. Өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелері бойынша шығарылған қаулы шағым жасалуға жатпайды, бірақ ол нақ сол адамның немесе осы Кодекстің 486-бабында көрсетілген басқа адамдардың, бірақ басқа негіздер бойынша қайтадан өтінішхат беруіне кедергі болмайды.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 492-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
492-бап. Кассациялық сатыдағы сот отырысын тағайындау
1. Кассациялық сатыдағы сот судьяның қаулысы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бар істі алғаннан кейін үш тәулік ішінде тараптарға көрсетілген құжаттардың көшірмелерін, сот отырысы өткiзілетін датаны, уақытты, орынды көрсете отырып не олардың электрондық көшірмелерімен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының интернет-ресурсы арқылы танысу мүмкіндігі туралы хабардар ете отырып, iстiң кассациялық сатыда қаралуы туралы хабарлама жiбередi.
2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты алқасының судьясы өтінішхатты сотта қарауға дайындау кезінде тиісті маманнан қаралып отырған қылмыстық іс бойынша қолданылған заңдардың нормаларына қатысты ғылыми қорытынды сұратуға және қажет болған кезде оны сот отырысына шақыртуға құқылы.
3. Іс кассациялық сатыдағы сотқа берілген күнінен не ұсыну, наразылық келіп түскен күннен бастап отыз тәулік ішінде қаралуға тиіс. Бұл мерзім істің күрделі немесе көлемі үлкен болуына байланысты, сондай-ақ басқа да дәлелді себептер болған кезде кассациялық сатыдағы соттың қаулысымен, бірақ әрбір ретте бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 493-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
493-бап. Соттың үкiмiн, қаулысын орындауды тоқтата тұру
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры кассациялық тәртiппен тексеру үшiн iстi талап етіп алдырумен бiр мезгiлде сот үкiмiнің, қаулысының орындалуын үш айдан аспайтын мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 494-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
494-бап. Істі кассациялық сатыда қараудың тәртібі, кассациялық сатыдағы соттың шешімдері
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Кассациялық сатыдағы сот отырысы төрағалық етушінің қандай сот шешімі және кімнің өтінішхаты, ұсынуы, наразылығы бойынша қайта қаралып жатқанын, сот құрамына кімдердің кіретінін және сот отырысы залында процеске қатысушылардың қайсысы қатысып отырғанын хабарлауымен ашылады. Өтінішхатты берген, істі қараудың уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілген адамның болмауы сот отырысын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Жекеше айыптау істерін қоспағанда, прокурордың кассациялық сатыдағы сот отырысына қатысуы міндетті. Тиісінше хабардар етілген тараптар келмеген не олардан тиісті арыз келіп түскен жағдайда, іс олардың қатысуынсыз қаралуы мүмкін. Осы Кодекстің 495-бабында көзделген жағдайларда қорғаушының қатысуы міндетті.
2. Мәлімделген қарсылық білдірулер мен өтінішхаттар шешілгеннен кейін сот тыңдауды жалғастыру туралы не оны кейінге қалдыру туралы шешім қабылдайды. Сот істі тыңдауды жалғастыру туралы шешім қабылдаған кезде төрағалық етуші өтінішхат, наразылық берген процеске қатысушыға сөз береді. Егер мұндай қатысушылар бірнешеу болса, онда олар өздері ұсынған сөз сөйлеу кезектілігін соттың назарына жеткізеді. Егер олар келісімге келе алмаса, онда сөз сөйлеу кезегін сот белгілейді.
3. Өтінішхат, наразылық берген адам өз пікірі бойынша, шағым жасалып отырған шешімнің неге байланысты заңсыз, негізсіз, әділетсіз болып табылатыны туралы уәждері мен дәлелдерін баяндайды. Содан соң төрағалық етуші процестің басқа қатысушыларына сөз береді.
4. Егер өтінішхатты қорғаушы тарап берген болса, онда бірінші болып оның атынан өкілдік ететін процеске қатысушылар сөз алады. Олардың сөз сөйлеу тәртібі өздері қол жеткізген уағдаластыққа сәйкес не ондай уағдаластық болмаған жағдайда, соттың шешімімен белгіленеді.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
5. Кассациялық сатыдағы сотқа қатысатын прокурор қаралып жатқан кассациялық өтінішхаттар бойынша пікірін айтады, наразылықта көрсетілген дәлелдерді баяндайды, іс бойынша жасалған сот актілерінің заңдылығы туралы қорытынды береді.
6. Егер өтінішхатты, наразылықты айыптаушы тарап берген болса, онда оның өкілдері бірінші болып сөз сөйлейді, содан соң төрағалық етуші процестің басқа қатысушыларына сөз береді.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында немесе Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығында жазылған уәждер мен дәлелдерді сот отырысында көрсетілген адамдардың тапсырмасы бойынша тиісінше Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының істі қарайтын алқаның құрамына кірмейтін судьясы, тиісті прокурор баяндауы мүмкін.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 7-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
7. Істі кассациялық тәртіппен қараудың нәтижесінде сот осы Кодекстің 389-бабының талаптарын сақтай отырып, кеңесу бөлмесінде мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) бірінші, апелляциялық сатылардағы соттың үкімін, қаулысын, кассациялық сатыдағы соттың қаулысын өзгеріссіз, ал оларды қайта қарау туралы өтінішхатты, ұсынуды, наразылықты қанағаттандырусыз қалдырады;
2) бірінші, апелляциялық сатылардағы соттың үкімін, қаулысын, кассациялық сатының қаулысын өзгертеді;
3) үкімнің және одан кейінгі барлық қаулылардың күшін жояды және істі тоқтатады;
4) егер іс бірінші сатыда алқабилердің қатысуымен қаралған болса, сондай-ақ осы Кодекстің 436-бабы үшінші бөлігінің 2), 5) және 9) тармақтарында көзделген процестік құқық нормаларын бұзушылықтар анықталған жағдайда үкімнің және одан кейінгі барлық қаулылардың күшін жояды және істі апелляциялық сатыдағы сотқа немесе бірінші сатыдағы сотқа жаңадан сот қарауына жібереді;
5) соттың үкімін өзгертіп немесе оны өзгеріссіз қалдыра отырып, апелляциялық және кассациялық тәртіппен шығарылған қаулылардың күшін жояды.
Егер тиісті соттың іс жүргізуіне қабылдаған іс бойынша сот талқылауы басталып кеткен болса, істі жаңадан сот қарауына жіберу туралы қаулының күшін жоюға болмайды.
8. 2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен алып тасталды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
9. Осы Кодекстің 433-бабында көрсетілген мән-жайлар үкімнің күшін жоюға немесе оны өзгертуге негіз болып табылады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 10-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
10. Бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттардың сот актілері, егер солар арқылы бірінші сатыдағы сот заңсыз және негізсіз шешім қабылдаған не жоғары тұрған сот іс бойынша осының алдындағы қаулылардың немесе үкімнің күшін заңсыз және негізсіз жойған немесе оларды өзгерткен деп танылса, не егер істі жоғары тұрған сотта қарау кезінде заңды елеулі түрде бұзуға жол беріліп, ол қабылданатын шешімнің дұрыстығына ықпал етсе немесе ықпал етуі мүмкін болса, олардың күші жойылуға немесе олар өзгертілуге жатады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 11-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
11. Егер істі апелляциялық, кассациялық сатыларда қарау кезінде істі заңсыз тоқтатуға немесе сотталған адамның жазасын жеңілдетуге жол берілген болса, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты апелляциялық, кассациялық қаулының күшін жоюға және бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгертіп немесе өзгертпей, күшінде қалдыруға құқылы.
12. Сот сотталған адамға тағайындалған жазаны жеңілдетуі немесе неғұрлым жеңіл қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдануы мүмкін.
Қылмыстық іс тоқтатылған не бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындалған кезде күзетпен ұсталып отырған сотталған адам күзетілуден дереу босатылуға жатады. Сот сотталған адамның назарына жеткізу және оны орындау үшін жазаны орындайтын мекемеге немесе органға сот қаулысының көшірмесін және қабылданған шешім туралы телеграф хабарламасын дереу жібереді.
13. Іс жаңадан қарауға жіберілген жағдайларда, сот: істі жаңадан қараған кезде сот жасауы мүмкін мәселелер мен түйіндерді алдын ала шешуге, айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені туралы, қандай да бір дәлелдеменің анықтығы немесе анық еместігі туралы және бір дәлелдемелердің басқаларынан артықшылығы туралы, бірінші сатыдағы соттың қандай да бір қылмыстық заңды қолдануы туралы және жазалау шарасы туралы мәселелерді алдын ала шешуге, сондай-ақ сот жасауы мүмкін түйіндерді алдын ала шешуге құқылы емес.
14. Сот үкімінің заңдылығын, негізділігін және әділдігін істі қарайтын сот толық көлемінде тексереді. Сот актісіне өтінішхатта, наразылықта көрсетілмеген негіздер бойынша, сондай-ақ өздеріне қатысты өтінішхат, наразылық келтірілмеген басқа сотталғандарға қатысты өзгерістер енгізуге, егер бұл ретте сотталғандардың жағдайы нашарламайтын болса, өзіне қатысты өтінішхат берілген сотталған адаммен сыбайласып жасалған қылмыстың саралануын өзгерткен кезде ғана жол беріледі. Сот жағдайды нашарлату туралы шешімді прокурордың наразылығында немесе өтінішхатта көрсетілген сотталғандарға қатысты ғана қабылдауға құқылы. Сот сотталған адамның жағдайын оның өтінішхаты немесе оның қорғаушысының немесе өкілінің өтінішхаты бойынша нашарлатуға құқылы емес.
Сот талқылауының нысанасы болмаған фактілерді анықтауға немесе дәлелденген деп есептеуге сот құқылы емес.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 15-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
15. Облыстық сот төрағасының осы Кодекстің 446-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайда енгізілген ұсынуын қарау қорытындысы бойынша кассациялық саты апелляциялық алқаның екінші бір қаулысын қалдыра отырып, қаулыларының бірінің күшін жояды не екі қаулының да күшін жояды және істі жаңадан апелляциялық қарауға жібереді.
16. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы немесе Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы олардың немесе олар уәкілеттік берген адамдардың ұсынуды не наразылықты енгізудің осы Кодекстің 484-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздері туралы баяндамасынан басталады. Алқа көрсетілген негіздер болмаған кезде істі қайта қараудан бас тарту туралы қаулы шығарады, ал негіздер бар болған кезде істі мәні бойынша қарауды жалғастырады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 17-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
17. Істі мәні бойынша қарау кассациялық алқа судьясының ұсынудың мән-жайлары мен негіздері туралы баяндамасынан не прокурордың наразылықтың мән-жайлары мен негіздері туралы баяндамасынан басталады. Істі одан әрі қарау осы бапта көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 18-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
18. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы немесе Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша кассациялық саты қылмыстық істе бар және тараптар қосымша түрде ұсынған материалдар бойынша істің нақты мән-жайларын анықтаудың және қылмыстық заңды қолданудың дұрыстығын, іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асырған кезде қылмыстық-процестік заң нормаларының сақталуын, бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы сот үкімінің немесе қаулысының заңдылығы мен негізділігін толық көлемде тексереді.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 19-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
19. Кассациялық саты қарау қорытындысы бойынша осы баптың жетінші бөлігінде көрсетілген шешімдердің бірін қаулы нысанында қабылдайды. Қаулы осы Кодекстің 496-бабында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
20. Сот үкімінің, қаулысының күші жойылғаннан кейін істі қарау және істі жаңадан қараған кезде шығарылған сот актілеріне шағым жасау, наразылық білдіру осы Кодекстің 497 және 498-баптарына сәйкес жүзеге асырылады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 495-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
495-бап. Қорғаушының кассациялық сатыдағы сотқа міндетті түрде қатысуының негіздері
Осы Кодекстің 67-бабының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда қорғаушының кассациялық сатыдағы сот отырысына қатысуы міндетті.
Мұндай жағдайларда қорғаушыны шақыруға, тағайындауға, алмастыруға, оның еңбегіне ақы төлеуге байланысты мәселелер осы Кодекстің 68-бабында белгіленген тәртіппен шешіледі.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 496-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
496-бап. Кассациялық сатыдағы сот қаулысының мазмұны
Кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық қаулы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс. Кассациялық сатыдағы соттың қаулысына төрағалық етуші және соттың құрамына кіретін барлық судьялар қол қояды.
497-бап. Iстi соттың үкiмi мен қаулысының күшi жойылғаннан кейін қарау
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Сот үкімінің немесе қаулысының күші кассациялық тәртіппен жойылғаннан кейін іс жалпы тәртіппен қаралуға жатады. Кассациялық сатыдағы соттың нұсқаулары істі төмен тұрған сатыдағы сот қайта қараған кезде міндетті болады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Iстi бірінші, апелляциялық сатылардағы сот қараған кезде жазаны күшейтуге немесе неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдануға, егер бастапқы үкiмнiң немесе қаулының күшi жазаның жеңілдігіне қарай немесе неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдану қажеттiгiне байланысты кассациялық тәртіппен жойылған болса ғана жол берiледi. Апелляциялық сатыдағы сот iстi жаңадан талқылау кезiнде шығарған үкiмге жалпы тәртiппен шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкiн.
3. Алдыңғы үкімнің, қаулының күші жойылуына байланысты істі жаңадан талқылау кезінде шығарылған үкімді, қаулыны жоғары тұрған сот сатылары соттың бірінші үкімінің немесе қаулысының күшін жою уәждеріне қарамастан, жалпы тәртіппен қарауы мүмкін.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 498-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
498-бап. Істі жаңадан қарау кезінде шығарған сот үкімін және қаулысын қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық келтіру
Алдыңғы үкімнің немесе қаулының күші жойылуына байланысты шығарылған жаңа үкімді немесе қаулыны кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық соттың бірінші үкімінің немесе қаулысының күшін жою уәждеріне қарамастан, жалпы негіздерде берілуі мүмкін.
53-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУДІ ЖАҢАДАН АШЫЛҒАН МӘН-ЖАЙЛАР БОЙЫНША ҚАЙТА БАСТАУ
499-бап. Қылмыстық іс бойынша iс жүргiзудi қайта бастаудың негiздерi
1. Соттың заңды күшiне енген үкiмінiң, қаулысының, оның ішінде осы Кодекстің 71-тарауында көзделген тәртіппен шығарылған қаулысының күшi жойылуы және қылмыстық iс немесе осы Кодекстің 71-тарауында көзделген тәртіппен тәркілеу туралы өтінішхат бойынша iс жүргiзу жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта басталуы мүмкiн.
2. Іс жүргiзудi жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастаудың негiздерi мыналар болып табылады:
1) соттың заңды күшiне енген үкiмiнде белгіленген, заңсыз немесе негiзсiз үкiм не қаулы шығаруға әкеп соққан жәбiрленушiнің немесе куәнің айғақтарының, сарапшының қорытындысының көрiнеу жалғандығы, сол сияқты заттай дәлелдемелердің, тергеу және сот әрекеттерi хаттамаларының және өзге де құжаттардың жалғандығы немесе аударманың көрiнеу дұрыс жасалмауы;
2) соттың заңды күшiне енген үкiмiнде белгіленген, анықтаушының, тергеушiнiң немесе прокурордың заңсыз және негiзсiз үкiм, қаулы шығаруға әкеп соққан қылмыстық әрекеттерi;
3) соттың заңды күшiне енген үкiмiнде белгіленген, судьялардың осы iстi қарау кезiнде жасаған қылмыстық әрекеттерi;
4) осы Кодекстiң 502-бабында көзделген тәртiппен тексеру немесе тергеп-тексеру арқылы белгіленген және прокурордың қорытындысында баяндалған, үкiм, ұйғарым шығару кезiнде сотқа беймәлiм болған, өздігінен немесе бұрын анықталған мән-жайлармен бiрге сотталушы адамның кінәсіздігі туралы немесе оның ауырлық дәрежесi жөнiнен өзi сотталғаннан гөрi өзге қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны туралы не ақталған адамның немесе өзiне қатысты iс тоқтатылған адамның кінәлілігін айғақтайтын өзге де мән-жайлар;
5) сот актісін шығару кезінде сот қолданған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің конституциялық емес деп тануы;
6) осы Кодекстің 71-тарауында көзделген тәртіппен тәркілеу үшін негіз болған қылмыс үшін қылмыстық жауаптылықтан соттың заңды күшіне енген ақтау үкімі не қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының немесе құрамының болмауына байланысты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы қаулы негізінде босату не істі мәні бойынша қараған соттың үкімінде мүлікті тәркілеуді ішінара немесе толық қолданбау;
7) өзіне қатысты іс осы Кодекстің 335-бабы екінші бөлігінің 2) тармағында белгіленген тәртіппен қаралған сотталған адам қылмыстық процесті жүргізетін органға келген жағдайда, оның ерік білдіруі.
3. Осы баптың екiншi бөлiгiнiң 1), 2) және 3) тармақтарында санамаланған мән-жайлар үкiммен қатар соттың, прокурордың, тергеушiнiң немесе анықтаушының қылмыстық істі ескіру мерзімінің өтуіне орай, рақымшылық актiсiнiң нәтижесiнде, айыпталушының қайтыс болуына немесе қылмыстық жауаптылыққа тарту жасына жетпегендiгiне байланысты тоқтату туралы қаулысы арқылы белгіленуі мүмкiн.
500-бап. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралуға жататын қылмыстық iстер бойынша сот шешiмдерi
Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша:
1) айыптау үкiмi;
2) ақтау үкiмi;
3) iстi тоқтату туралы қаулы;
4) мүлікті соттың үкіміне дейін тәркілеу туралы қаулы қайта қаралуы мүмкін.
501-бап. Iс жүргiзудi қайта бастау мерзiмдерi
1. Айыптау үкiмiн немесе мүлікті сот үкімі шығарылғанға дейін тәркілеу туралы қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша, сотталған адамның, ақталған адамның пайдасына қайта қарау ешқандай мерзiмдермен шектелмейдi.
2. Сотталған адамның қайтыс болуы жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша ақтау мақсатында iс жүргiзудi қайта бастауға кедергi болып табылмайды.
3. Ақтау үкiмiн, iстi тоқтату туралы қаулыны қайта қарауға, сондай-ақ айыптау үкiмiн сотталған адамның жағдайын нашарлататын негіздер бойынша қайта қарауға тек қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескiру мерзiмдері iшiнде және жаңа мән-жайлар ашылған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiлмей жол берiледi.
4. Жаңа мән-жайлардың ашылған күнi болып:
1) осы Кодекстiң 499-бабы екіншi бөлiгiнiң 1), 2) және 3) тармақтарында көзделген жағдайларда - жалған айғақтар беруге, жалған дәлелдемелер ұсынуға, дұрыс емес аударма жасауға немесе iстi тергеп-тексеру немесе қарау барысында жасалған қылмыстық әрекеттер үшiн кiнәлi адамдарға қатысты үкiмнiң, қаулының заңды күшiне енген күні;
2) осы Кодекстің 499-бабы екінші бөлігінің 5) тармағында көзделген жағдайда - Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тану туралы қорытынды шешім қабылдаған күн;
3) осы Кодекстің 499-бабы екінші бөлігінің 4) тармағына сәйкес прокурор жүргізілген тексерудің немесе тергеп-тексерудің нәтижелері бойынша қорытынды жасаған күн есептеледi.
502-бап. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша iс жүргiзуді қозғау тәртібі
1. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша iс жүргiзудi қозғау туралы өтінішхат беру құқығы сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге немесе олардың заңды өкілдеріне, қорғаушыларға, сондай-ақ прокурорға тиесiлi. Өтінішхат үкімді, қаулыны шығарған сотқа беріледі.
2. Азаматтардың, оның iшiнде осы iс бойынша процеске қатысушылардың арыздары, ұйымдардың лауазымды адамдарының хабарлары, сондай-ақ басқа қылмыстық iстердi тергеп-тексеру және қарау барысында алынған деректер жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша iс жүргiзудi қозғауға себеп болады.
3. Егер келiп түскен өтiнiшхатта, арызда немесе хабарда осы Кодекстiң 499-бабы екіншi бөлiгiнiң 1), 2), 3) және 6) тармақтарында көрсетiлген мән-жайларға байланысты шығарылған сот үкiмiнiң, қаулысының бар екендiгiне сiлтеме болса, сот өзiнiң қаулысымен жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша iс жүргiзудi қозғайды, қылмыстық қудалау органдарынан және соттан тиісті процестік құжаттарды талап етіп алдыра отырып, осы Кодексте белгіленген қағидалар бойынша сот талқылауын жүргізеді.
4. Егер өтiнiшхатта, арызда немесе хабарда осы Кодекстiң 499-бабы екiншi бөлiгiнiң 4) тармағында көрсетілген өзге де мән-жайлар көрсетiлсе, сот тергеп-тексеруді ұйымдастыру үшін материалдарды прокурорға жібереді. Жаңадан ашылған мән-жайларды мұндай тергеп-тексеру кезiнде осы Кодекстiң қағидалары сақтала отырып, жауап алу, қарап-тексеру, сараптама, алу және өзге де тергеу әрекеттерi жүргiзiлуi мүмкiн.
Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша прокурор сотқа тексеру материалдарын және сот актілерін қайта қарау үшін негіздердің бар екені не жоқ екені туралы өз қорытындысын жібереді.
503-бап. Прокурордың тексеру немесе тергеп-тексеру аяқталғаннан кейiнгi әрекеттерi
1. Прокурор өзіне келіп түскен арызды, жолданымды тексеру немесе тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау үшін негіздер болған кезде іс бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы мәселені қарауға құқықты сотқа тиісті өтінішхатпен жүгінеді. Өтінішхат қылмыстық іс материалдарымен бірге жіберіледі, оған осы Кодекстің 499-бабы екінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақтарында көзделген жағдайларда - үкімнің көшірмесі және дәл осы баптың екінші бөлігінің 4) тармағында көзделген жағдайларда тергеп-тексеру материалдары қоса беріледі.