27) оңтайландыру - орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың, оның ішінде функцияларды бәсекелес ортаға беруге байланысты штат санын қысқартуға, шығыстарын қысқартуға және (немесе) қайта бөлуге бағытталған шаралар кешені;
28) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылар - осы Кодексте белгіленген тәртіппен орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері және олардың бірлестіктері, өзін-өзі реттейтін және үкіметтік емес ұйымдар;
29) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын пайдаланушылар (бұдан әрі - пайдаланушылар) - жеке және заңды тұлғалар;
30) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын толық беру - орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың құзыретінен функцияларды алып тастау және оларды жүзеге асыруды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу арқылы немесе пайдаланушылардың есебінен бәсекелес ортаға беру;
31) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар функцияларының аутсорсингі (бұдан әрі - аутсорсинг) - орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын жүзеге асыру үшін шарттар жасасу арқылы бәсекелес ортаға беру;
32) сұрау салу - әкімшілік рәсімге қатысушының жеке немесе қоғамдық сипаттағы қызығушылық туғызатын мәселелер бойынша ақпарат беру туралы өтініші;
33) талап қоюшы - өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген адам не оның мүддесі үшін прокурор, Қазақстан Республикасының заңдарында осындай өкілеттік берілген өзге адам талап қоюды берген тұлға;
34) төрағалық етуші - әкімшілік істі алқалы түрде қарауға басшылық ететін не әкімшілік істі жеке-дара қарайтын судья;
35) ұсыныс - әкімшілік рәсімге қатысушының Қазақстан Республикасының заңдарын және өзге де нормативтік құқықтық актілерін, мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру, қоғамдық қатынастарды дамыту, мемлекет пен қоғамның әлеуметтік-экономикалық және өзге де қызметі салаларын жақсарту жөніндегі ұсынымы;
36) үн қосу - әкімшілік рәсімге қатысушының мемлекет жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатқа, сондай-ақ қоғамдық сипаттағы оқиғалар мен құбылыстарға өз көзқарасын білдіруі;
37) хабар - әкімшілік рәсімге қатысушының Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің бұзылғаны, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғалардың және олардың лауазымды адамдарының жұмысындағы кемшіліктер туралы хабардар етуі;
38) шағым - әкімшілік рәсімге қатысушының өзінің және басқа да тұлғалардың әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) бұзған құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қалпына келтіру немесе қорғау туралы талабы қамтылатын жолданым нысандарының бірі;
39) ішкі бақылау - мемлекеттік орган қабылдаған шешімдерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын оның құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің, ведомстволық бағынысты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, лауазымды адамдардың орындауына мемлекеттік орган жүзеге асыратын бақылау.
2. Басқа да арнайы ұғымдар осы Кодекстің тиісті баптарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалатын мағыналарда пайдаланылады.
2-тарау. ӘКІМШІЛІК РӘСІМДЕРДІҢ ЖӘНЕ ӘКІМШІЛІК СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУДІҢ МІНДЕТТЕРІ МЕН ҚАҒИДАТТАРЫ
5-бап. Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеттері
1. Әкімшілік рәсімдердің міндеттері:
жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыру;
жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу;
тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде адамдардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз ету;
жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту болып табылады.
2. Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
6-бап. Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттары мен олардың мәні
1. Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу осы тарауда баяндалған қағидаттар негізінде жүзеге асырылады.
2. Осы тарауда белгіленген әкімшілік рәсімдердің қағидаттары түпкілікті болып табылмайды және құқықтың басқа да қағидаттарын қолдануға кедергі болмайды.
3. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер бұл осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады.
4. Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.
7-бап. Заңдылық қағидаты
1. Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.
2. Сот әкімшілік істерді қарау және шешу кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдардың, осы Кодекстің, басқа да нормативтік құқықтық актілердің, қолданылуға жататын Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндетті.
3. Соттар адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға құқылы емес. Егер сот қолдануға жататын заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт адам мен азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп есептесе, ол әкімшілік іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсынумен Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне жүгінуге міндетті. Сот Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің шешімін алған соң іс бойынша іс жүргізу қайта басталады.
4. Әкімшілік істерді қарауға уәкілеттік берілген соттардың конституциялық емес деп танылған заңға немесе өзге де нормативтік құқықтық актіге негізделген шешімдерінің күші жойылуға жатады.
5. Даулы құқықтық қатынасты реттейтін құқық нормалары болмаған жағдайда, сот соған ұқсас қатынастарды реттейтін құқық нормаларын қолданады, ал мұндай нормалар болмаған кезде, дауды Қазақстан Республикасы заңнамасының жалпы бастаулары мен мағынасын негізге ала отырып шешеді.
8-бап. Әділдік қағидаты
1. Әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.
2. Егер заңда немесе дау тараптарының келісімінде тиісті мәселелерді соттың шешетіні көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын негізге алып шешуге міндетті.
9-бап. Құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау
1. Әркім бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы.
Әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгіну құқығынан бас тарту жарамсыз болады.
2. Мемлекеттік органдар - өз құзыреті шегінде, жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте белгіленген тәртіппен басқа тұлғалардың немесе айқындалмаған тұлғалар тобының бұзылған немесе дау айтылатын заңды мүдделерін қорғау туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.
Прокурор осы Кодексте белгіленген тәртіппен өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.
3. Егер заңда дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібі белгіленсе, осы тәртіп сақталғаннан кейін сотқа жолданым беруге болады.
4. Ешкімнің де өзінің келісуінсіз заңда ол үшін көзделген соттылығын өзгертуге болмайды.
5. Әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгіну құқығынан бас тартуға мәжбүрлеу заңсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
10-бап. Мөлшерлестік
1. Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді.
Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс.
2. Егер әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мақсатқа қол жеткізу үшін қолайлы болса, жарамды деп есептеледі.
Егер әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін барынша аз дәрежеде шектейтін болса, қажетті деп есептеледі.
Егер әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін шектеу нәтижесінде алынған қоғамдық игілік осы шектеулер келтірген зияннан көп болса, әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) пропорциялы деп есептеледі.
11-бап. Әкімшілік қалауды жүзеге асыру шектері
1. Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде жүзеге асыруға міндетті.
2. Әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік актіні қабылдау және (және) әкімшілік әрекетті жасау (әрекетсіздік таныту) осы өкілеттіктің мақсаттарына сәйкес келуге тиіс.
12-бап. Құқықтар басымдығының қағидаты
Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасындағы барлық күмәндар, қайшылықтар мен көмескіліктер әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндіріледі.
13-бап. Сенім құқығын қорғау
1. Әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Қазақстан Республикасының заңдарында қорғалады.
2. Әкімшілік орган, лауазымды адам немесе сот Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес теріс деп белгілемейінше, әкімшілік акті, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) заңды және негізді деп есептеледі.
3. Әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен қабылданған заңсыз әкімшілік акт, сондай-ақ әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен жасалған заңсыз әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушы үшін ауыртпалық салатын салдарға алып келмейді.
4. Сенім құқығы заңсыз әрекеттер жасауға (әрекетсіздік танытуға) негіз бола алмайды.
14-бап. Формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу
Әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартуына, шектеуіне, тоқтатуына, сондай-ақ оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленбеген талаптарды сақтау мақсатында міндет жүктеуіне тыйым салынады.
15-бап. Анықтық презумпциясы
1. Әкімшілік рәсімді жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы ұсынған материалдар, объектілер, құжаттар мен мәліметтер әкімшілік орган, лауазымды адам теріс деп белгілемейінше, анық деп есептеледі.
2. Материалдардың, объектілердің, құжаттар мен мәліметтердің төлнұсқалығына күмән болған кезде әкімшілік орган, лауазымды адам олардың төлнұсқалығын өзі дербес тексеруге міндетті.
16-бап. Соттың белсенді рөлі
1. Әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады.
2. Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді.
Судья әкімшілік істің нақты және (немесе) заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.
3. Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.
17-бап. Әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімі
1. Жекелеген процестік әрекеттерді жүргізуді қоса алғанда, әкімшілік сот ісін жүргізу ақылға қонымды мерзімде жүзеге асырылады.
2. Әкімшілік істердің жекелеген санаттарын қарау және шешу осы Кодексте белгіленген мерзімдерде жүзеге асырылады.
3. Ақылға қонымды мерзімді айқындау кезінде әкімшілік істің құқықтық және нақты күрделілігі, әкімшілік процеске қатысушылардың процестік құқықтарды пайдалану және процестік міндеттерді орындау дәрежесінен көрінетін мінез-құлқы, соттың әкімшілік істі жедел қарау мақсатында жүзеге асырылатын әрекеттерінің процестік тұрғыдан жеткіліктілігі мен тиімділігі сияқты мән-жайлар ескеріледі.
18-бап. Сот актілерінің міндеттілігі
1. Бірінші сатыдағы сот әкімшілік істер бойынша сот актілерін шешімдер және ұйғарымдар нысанында қабылдайды.
Апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттар сот актілерін қаулылар және ұйғарымдар нысанында қабылдайды.
2. Заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ соттар мен судьялардың сот төрелігін іске асыру кезіндегі өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары мен басқа да жолданымдары барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, жеке тұлғалар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға жатады.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі конституциялық емес деп таныған заңға немесе өзге де нормативтік құқықтық актіге негізделген сот актілері орындалуға жатпайды.
3. Сот актілерін, сол сияқты соттың талаптарын орындамау осы Кодексте көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға алып келеді.
4. Сот актісінің міндеттілігі әкімшілік процеске қатыспаған мүдделі тұлғаларды бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгіну мүмкіндігінен айырмайды.
5. Сот актілерін сот түпкілікті дайын болған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде әкімшілік процестің тараптарына жібереді.
3-тарау. ӘКІМШІЛІК ОРГАН, ЛАУАЗЫМДЫ АДАМ ЖӘНЕ ӘКІМШІЛІК РӘСІМДЕРГЕ ҚАТЫСУШЫЛАР
19-бап. Әкімшілік рәсімдегі құқық қабілеттілік және әрекет қабілеттілік
1. Әкімшілік рәсімде құқықтар мен міндеттерге ие болу қабілеттілігі барлық әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар үшін тең дәрежеде танылады.
2. Әкімшілік рәсімде құқықтар мен міндеттерді өз әрекеттерімен жүзеге асыру қабілеттілігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес барлық әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар үшін тең дәрежеде танылады.
20-бап. Әкімшілік орган, лауазымды адам
1. Әкімшілік орган, лауазымды адам:
1) жолданымдарды қабылдайды және тіркейді, оларды және оларға қоса берілген құжаттарды ресімдеуге жәрдемдеседі, формальды қателерді жоюға және қоса берілетін құжаттарды толықтыруға мүмкіндік береді;
2) әкімшілік рәсімге қатысушыға оның әкімшілік рәсімді жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
3) әкімшілік рәсімді жүзеге асыруға қажетті ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сұратады және алады;
4) әкімшілік рәсімге қатысушыны өткізілетін тыңдаудың орны мен уақыты туралы күні бұрын хабардар етеді;
5) осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, әкімшілік рәсім бойынша шешім қабылдау алдында әкімшілік рәсімге қатысушыны тыңдайды;
6) әкімшілік актіні осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік рәсімге қатысушының не олардың өкілдерінің назарына жеткізеді;
7) осы Кодексте белгіленген жағдайларда және негіздер бойынша әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын іске асырудан бас тартады;
8) осы Кодексте көзделген жағдайларда, өз құзыреті шегінде әкімшілік органдарға, лауазымды адамдарға жәрдем көрсетеді;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғалар келіп түскен, қаралған жолданымдардың, хабарлардың, үн қосулардың, ұсыныстардың, сұрау салулардың саны және оларды құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік орган белгілеген мерзімдерде және көлемде қарау нәтижелері туралы мемлекеттік құқықтық статистикалық ақпаратты беруге міндетті.
21-бап. Әкімшілік рәсімге қатысушылар
1. Арыз иесі және мүдделі тұлға әкімшілік рәсімге қатысушылар болып танылады.
2. Құқық мирасқорлығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
22-бап. Арыз иесі
1. Әкімшілік органға, лауазымды адамға жолданымды бір немесе бірнеше тұлға (ұжымдық жолданым) бере алады.
Егер әкімшілік рәсім жолданымды беру арқылы қозғалған болса, онда мүдделі тұлғалар басталып кеткен әкімшілік рәсімге кірісуге құқылы. Бұл жағдайда көрсетілген тұлғалардың әрқайсысының жолданымы бойынша жеке әкімшілік рәсімді қозғау талап етілмейді.
2. Арыз иесінің:
1) әкімшілік органнан, лауазымды адамнан өзінің әкімшілік рәсімді жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша құқықтары мен міндеттері туралы түсіндірме алуға;
2) осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, әкімшілік рәсім бойынша шешім қабылдау алдында тыңдалуға;
3) әкімшілік істі қарау барысында да, қарағаннан кейін де әкімшілік іспен танысуға, үзінді-көшірмелер жасауға және көшірмелерін түсіріп алуға;
4) өтінішхат мәлімдеуге;
5) әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым беруге;
6) әкімшілік орган, лауазымды адам қарап қойған мәселе бойынша осы Кодексте белгіленген тәртіппен қайта жолданым беруге;
7) шағым жасау барысында дәлелдемелер ұсынуға және оларды зерттеуге қатысуға, оның ішінде түсініктер беруге, заттай дәлелдемелер мен өзге де құжаттарды ұсынуға;
8) егер рәсім оның жолданымы бойынша қозғалған болса, әкімшілік рәсімді тоқтатуға;
9) әкімшілік рәсімде ана тілінде немесе өзі білетін тілде сөйлеуге, аудармашының көрсетілетін қызметтерін пайдалануға;
10) осы Кодексте көзделген жағдайларда қарсылық білдірулерді мәлімдеуге;
11) өкілінің болуына;
12) осы Кодексте көзделген жағдайларда өтемақы төлеуді талап етуге;
13) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген басқа да құқықтарды пайдалануға құқығы бар.
3. Егер Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен бірдей құқықтарға ие болады және міндеттерді атқарады.
23-бап. Әкімшілік рәсімдегі мүдделі тұлға
1. Өзінің құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) қозғаған немесе қозғауы мүмкін тұлға мүдделі тұлға болып танылады.
2. Мүдделі тұлға осы Кодекстің 22-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын қоспағанда, осы Кодекстің 22-бабында көзделген құқықтарды пайдаланады.
4-тарау. СОТ
24-бап. Соттың құрамы
1. Әкімшілік істерді бірінші сатыдағы сотта соттың атынан әрекет ететін судья жеке-дара қарайды және шешеді.
2. 2021.20.03. № 20-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Осы Кодекстің 105-бабының бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік істерді Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында судья бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша жеке-дара қарайды және шешеді.
4. Әкімшілік істерді апелляциялық сатыдағы сотта судьялардың тақ сандағы (кемінде үш судья) алқалы құрамы қарайды, олардың бірі төрағалық етуші болып табылады. Судья соттар шығарған ұйғарымдарға жекеше шағымдарды жеке-дара қарайды.
5. Әкімшілік істерді кассациялық сатыдағы сотта сот алқасы төрағасының не оның тапсырмасы бойынша судьялардың біреуінің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты судьяларының тақ сандағы (кемінде үш судья) алқалы құрамы қарайды.
6. Кассациялық сатыдағы сот қаулыларын қайта қарау жөніндегі әкімшілік істерді қарауды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының немесе оның тапсырмасы бойынша судьялардың біреуінің төрағалық етуімен судьялардың тақ сандағы (кемінде жеті судья) алқалы құрамы жүргізеді.
7. Әкімшілік істі қарау үшін соттың құрамы сот талқылауының нәтижесіне мүдделі тұлғалардың оны қалыптастыруға ықпалын болғызбайтын тәртіппен судьялардың жүктемесі мен мамандануы ескеріле отырып, оның ішінде автоматтандырылған ақпараттық жүйені пайдалану арқылы қалыптастырылады.
25-бап. Соттың алқалы құрамының мәселелерді шешу тәртібі. Ерекше пікір
1. Әкімшілік істерді соттың алқалы құрамымен қарау және шешу кезінде барлық судьялар бірдей құқықтарды пайдаланады. Әкімшілік істі соттың алқалы құрамымен қарау және шешу кезінде туындайтын барлық мәселелерді судьялар көпшілік дауыспен шешеді. Судьялардың ешқайсысы да дауыс беруден қалыс қалуға құқылы емес. Төрағалық етуші ең соңында дауыс береді.
2. Сот актісін қабылдау үшін дауыс берген судьялардың көпшілігінің пікірімен келіспейтін немесе қабылданған сот актісі үшін дауыс берген, бірақ қабылданған сот актісінің қандай да бір басқа мәселесі бойынша немесе уәждемесі бойынша дауыс берген кезде азшылықта қалған судья сот актісіне қол қоюға міндетті және өзінің ерекше пікірін жазбаша түрде баяндауға құқылы.
3. Судья өзінің ерекше пікірін әкімшілік іс бойынша шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде баяндауға тиіс. Судьяның ерекше пікірі әкімшілік істің материалдарына қоса тігіледі, бірақ әкімшілік іс бойынша қабылданған шешімді хабарлау кезінде жария етілмейді, сондай-ақ жариялануға жатпайды.
5-тарау. ӘКІМШІЛІК ПРОЦЕСКЕ ҚАТЫСУШЫЛАР
26-бап. Әкімшілік процеске қатысушылардың құрамы
1. Талап қоюшы, жауапкер, мүдделі тұлға және прокурор әкімшілік процеске қатысушылар болып табылады.
2. Әкімшілік сот ісін жүргізуде өкілдік ету Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
27-бап. Әкімшілік процестік құқық қабілеттілік және әкімшілік процестік әрекет қабілеттілік
1. Егер барлық жеке және заңды тұлғалар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар осы Кодекске сәйкес өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғату құқығына ие болса, олар үшін әкімшілік сот ісін жүргізуде процестік құқықтарға ие болу және процестік міндеттерді атқару қабілеттілігі (әкімшілік процестік құқық қабілеттілік) тең дәрежеде танылады.
2. Өз әрекеттерімен процестік құқықтарды жүзеге асыру, оның ішінде әкімшілік іс жүргізуді өкілге тапсыру және әкімшілік сот ісін жүргізуде процестік міндеттерді орындау қабілеттілігі (әкімшілік процестік әрекет қабілеттілігі) он сегіз жасқа толған және әрекетке қабілетсіз деп танылмаған жеке тұлғаларға, заңды тұлғаларға, әкімшілік органдарға, лауазымды адамдарға тиесілі.
3. Заңда көзделген негіздер бойынша эмансипацияланған кәмелетке толмағандар эмансипацияланған кезден бастап өздерінің процестік құқықтары мен процестік міндеттерін жеке өздері жүзеге асырады.