6. Осы баптың 5-тармағында көрсетілген графиктер жыл сайын жасалады және отынның, жылу энергиясы мен қуаттың тапшылығы туындаған кезде және (немесе) технологиялық бұзушылықтардың туындауы мен өршуін болғызбау, оларды жою және тұтынушыларды ұйымдастырылмаған ажыратуларды болғызбау үшін жылу желілерінде жылу жеткізгіштің айналымы бұзылған кезде енгізіледі.
7. Тұтынушыларды шектеудің шамасы мен кезектілігін айқындау кезінде тұтынушыларды шектеу және авариялық ажырату графиктерін енгізуден келтірілген залал барынша аз болуы үшін тұтынушы өндірісінің мемлекеттік, шаруашылық, әлеуметтік маңызы мен технологиялық ерекшеліктері ескерілуге тиіс.
8. Осы баптың 5-тармағында көрсетілген графиктерге қосуға жатпайтын тұтынушылар тізбесін жылумен жабдықтау субъектілері тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша бекітеді.
9. Осы баптың күші жеке жылумен жабдықтау жүйелеріне қолданылмайды.
11-тарау. ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАСЫНДАҒЫ ЭНЕРГИЯ ҮНЕМДЕУ, ЭНЕРГИЯ ТИІМДІЛІГІ ЖӘНЕ
ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ
42-бап. Жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және өткізу кезінде энергия үнемдеуге, энергия тиімділігін арттыруға және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға қойылатын талаптар
1. Жылумен жабдықтау субъектілері жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және өткізу кезінде Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасында көзделген энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі талаптарды сақтауға
міндетті.
2. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері мен жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінде базалық қуатты жаңғырту, ауыстыру немесе қосымша салу кезінде жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын жылу энергиясының көздерін енгізуді экономикалық және техникалық тұрғыдан орынды болған кезде басым балама ретінде қарастыру қажет.
Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын жылу энергиясының көздері енгізілген жағдайда осы көздер жылу желісінің базалық жүктемесін жабу үшін пайдаланылады.
3. Жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша уәкілетті органның жылумен жабдықтау субъектілерін орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріне жататын, өздеріне тиесілі жылу энергиясының көздерін табиғи газды немесе өзге де экологиялық таза
отынды пайдалануға көшірудің техникалық мүмкіндігі мен шығындарына бағалау жүргізуге міндеттеуіне құқығы бар. Техникалық мүмкіндік пен шығындарды бағалау нәтижелері жылумен жабдықтау субъектілерінің инвестициялық бағдарламаларын (жоспарларын) әзірлеу кезінде пайдаланылуға тиіс.
43-бап. Жылу энергиясын тұтыну кезінде энергия үнемдеуге және энергия тиімділігін арттыруға қойылатын талаптар
1. Тұтынушылар жылу энергиясын тұтыну кезінде Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті.
2. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті орган тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп жылу энергиясын тұтыну нормаларын бекітеді.
3. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті орган тұрғын және тұрғын емес үй-жайларда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі тәртіп пен талаптарды тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді.
4. Кондоминиум объектісінің меншік иелері энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі талаптардың, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдаланған кезде жылу энергиясы ысырабының деңгейін жоғарылатпау бөлігіндегі талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.
5. Осы баптың 2, 3 және 4-тармақтарының күші жеке жылумен жабдықтау жүйелеріне қолданылмайды.
44-бап. Жылу энергетикасында энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруды және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды мемлекеттік қолдау бағыттары
Жылу энергетикасында энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруды және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды мемлекеттік қолдау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1) жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және тұтыну кезінде, оның ішінде орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерін дамыту арқылы энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруды ынталандыру;
2) энергия үнемдеуші жабдықты пайдалануды ынталандыру;
3) энергия тиімділігін арттырудың кешенді жоспарын іске асыру;
4) жаңартылатын энергия көздерін пайдаланып, жылу энергиясын өндіруді ынталандыру;
5) жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілерді жобалауды, салуды және пайдалануды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасында көзделген қолайлы жағдайларды ұсыну мен қолдау көрсету;
6) көппәтерлі және жеке тұрғын үйлерде энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруды ынталандыру және соған жағдай жасау;
7) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің даму бағдарламалары мен жылумен жабдықтауды дамыту схемаларына энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру және жаңартылатын энергия көздерін енгізу жөніндегі іс-шараларды қосу (экономикалық және техникалық орындылығын ескере отырып);
8) энергия үнемдеу іс-шараларын ендіру және жаңартылатын энергия көздерін енгізу үшін кредит беру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін пайдалану үшін жағдай жасау (экономикалық және техникалық орындылығын ескере отырып);
44-баптың 3) тармақшасы 2028 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
9) жылу энергетикасы саласындағы энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттырудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу;
10) жылумен жабдықтау субъектілерінің субсидияларын біртіндеп жою;
11) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану үшін қажетті инфрақұрылымды құру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, персоналды даярлау, озық тәжірибені беру жөніндегі іс-шараларды мемлекеттік бағдарламалар есебінен қаржыландыру.
12-тарау. ЖЫЛУМЕН ЖАБДЫҚТАУДЫҢ СЕНІМДІЛІГІ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
45-бап. Жылу энергетикасы объектілерінің сенімділігі мен қауіпсіздігінің көрсеткіштері
1. Уәкілетті орган бекітетін, жылу энергиясы көздерінің жұмыс істеуін регламенттейтін нормативтік техникалық құжаттарда орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріне жататын жылу энергетикасы объектілері үшін сенімділік пен қауіпсіздіктің жоспарлы және ең төмен көрсеткіштерін есептеу және бекіту тәртібі қамтылуға тиіс.
2. Сенімділік пен қауіпсіздіктің ең төмен көрсеткіштеріне сай келмейтін жылу энергетикасы объектілерін пайдалануға жол берілмейді.
3. Орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінде жұмыс істейтін жылу энергетикасы субъектілері жылу энергетикасы объектілерін және олардың құрамына кіретін ғимараттарды, үй-жайларды, құрылысжайлар мен жабдықты қауіпсіз пайдалану жөніндегі талаптарды сақтауға міндетті.
46-бап. Жылыту маусымына әзірлікті қамтамасыз ету
1. Орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріне жататын жылу энергетикасы объектілері жыл сайын жылыту маусымы басталар алдында жылыту маусымына әзірлігін тексеруден өтуге тиіс.
2. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріне жататын жылу энергиясы көздерінің және жылу желілерінің жылыту маусымына әзірлігі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік орган берген әзірлік паспортымен расталады.
3. Жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріне жататын жылу энергиясы көздерінің және жылу желілерінің жылыту маусымына әзірлігі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы берген әзірлік паспортымен расталады.
4. Тұтынушылардың жылумен жабдықтау жүйелері шеңберінде жылыту маусымына әзірлігі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жылу тасымалдаушы субъект, ал тікелей тұтынушылар мен олардың қосалқы тұтынушыларына жылу өндіруші субъект берген техникалық әзірлік актісімен расталады.
5. Жылу энергетикасы объектілерін жылыту маусымында белгіленген тәртіппен берілген әзірлік паспортынсыз немесе техникалық әзірлік актісінсіз пайдалануға жол берілмейді. Анықталған ескертулерді жылыту маусымы басталғанға дейінгі мерзімде жою мүмкін болмаған жағдайларда жергілікті атқарушы органның немесе мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік органның шешімі бойынша жылумен жабдықтау жүйесінде анықталған ескертулерді келесі жылыту маусымы басталғанға дейін жою туралы жазбаша міндеттемемен жылу энергетикасының тиісті объектісін қысқа мерзімді кезеңге (ағымдағы жылыту маусымы аяқталғанға дейін) пайдалануға жол беріледі.
6. Жылу тасымалдаушы субъект күнтізбелік жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі мерзімде уәкілетті орган айқындаған тәртіппен сыртқы ауа температурасына қарай алдағы жылыту маусымында жылу энергиясын беруді реттеу графигін жергілікті атқарушы органмен және жылу өндіруші субъектімен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді.
47-бап. Жылу энергиясы көздерін, жылу желілерін және жылу тұтынатын қондырғыларды жөндеу және пайдаланудан шығару
1. Жылумен жабдықтау субъектілері уәкілетті орган айқындаған тәртіппен республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарын жылу энергиясы көздерін, жылу желілерін, жылу тұтынатын қондырғыларды жөндеу (егер жөндеу жүргізу жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді көздемесе), пайдаланудан шығару туралы жазбаша хабардар етуге міндетті.
2. Жылу энергиясының көзін пайдалану тоқтатылатын жағдайда жылумен жабдықтау субъектілері республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына мұндай тоқтатудан бес жыл бұрын ол жөнінде жазбаша хабардар етуге міндетті.
Жылумен жабдықтауды дамыту схемалары бекітілгенге дейін 47-баптың 3-тармағы осы Заңның 53-баптың 3-тармағының редакциясында қолданылады
3. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жылумен жабдықтау субъектісінен жылу энергиясының көзін пайдаланудың тоқтатылатыны туралы жазбаша хабарлама алған кезде жылумен жабдықтауды дамыту схемалары негізінде жылу энергиясы тапшылығының туындау қауіп-қатеріне талдау жүргізуге және жылу энергиясының тапшылығы болжанған жағдайда істен шығатын жылу қуаттарын алмастыру мүмкіндігін қарастыруға міндетті.
4. Істен шығатын жылу қуаттарын алмастыру мүмкіндігі болмаған және жылу энергиясы тапшылығы туындауының қатері болған жағдайда республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жылумен жабдықтау субъектісіне мынадай нұсқалардың бірін іске асыруды:
1) жылу энергиясының көзін пайдалануды жалғастыру шартымен оны сатуды;
2) жылу энергиясының көзін республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның және облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органына Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған және тараптармен келісілген нарықтық бағадан жоғары болмайтын бағамен сатуды ұсынады.
13-тарау. ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАСЫ САЛАСЫНДАҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛАР
48-бап. Жылу энергетикасы саласындағы жобалар
1. Жылу энергетикасы объектілерін салу, реконструкциялау, жаңғырту, жабдықты орнату, жұмыс істеп тұрған немесе салынатын орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріне технологиялар ендіру жөніндегі жұмыстар жылу энергетикасы саласындағы жобалар болып табылады.
Жылумен жабдықтауды дамыту схемалары бекітілгенге дейін 48-баптың 2-тармағы осы Заңның 53-баптың 4-тармағының редакциясында қолданылады
2. Жылу энергетикасы саласындағы жобалар жылумен жабдықтауды дамыту схемаларына сәйкес келуге және мыналарды көздеуге тиіс:
1) отынды жылумен жабдықтау жүйесіне және жобаның іске асырылу орнына сәйкес пайдалану;
2) жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті, оның ішінде энергиялық тиімді технологиялар мен жабдық, жаңартылатын энергия көздері және өзге де энергия көздері қолданылатын жылу энергиясының көздері негізінде өндіру, тасымалдау және тұтыну кезінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жылу энергиясының ысырабын азайту жөніндегі іс-шаралар және (немесе) технологиялар.
3. Жылу энергетикасы субъектілері Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәсілдер мен әдістерден бөлек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және энергия-сервистік көрсетілетін қызметтерді ұсыну арқылы инвестициялар тарта алады.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша құжаттаманың жылумен жабдықтауды дамыту схемаларына сәйкестігі бөлігінде жылумен жабдықтауды дамыту схемалары бекітілген күннен бастап, ал мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша құжаттаманың жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне сәйкестігі бөлігінде жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштері бекітілген күннен бастап 48-баптың 4-тармағы қолданысқа енгізіледі
4. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік және энергия-сервистік көрсетілетін қызметтерді ұсыну туралы шарттар осы Заңның талаптарын, жылумен жабдықтауды дамыту схемаларын және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштерін ескере отырып, тараптардың теңгерімі мен мүдделерін қамтамасыз етуге тиіс.
49-бап. Жылу энергетикасы саласындағы жобаларды әзірлеу және іске асыру
1. Жылу энергетикасы саласындағы жобалар бойынша жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасы осы Заңның 48-бабының 2-тармағында көзделген талаптарға сай болуға тиіс.
2. Жылу энергетикасы саласындағы жобаны іске асыру үшін өнім берушіні (орындаушыны, жекеше әріптесті, концессионерді, сенімгерлік басқарушыны) таңдау мынадай параметрлер мен өлшемшарттардың ең үздік мәндеріне қол жеткізу ескеріліп жүргізіледі:
1) жылумен жабдықтаудың сенімділігі;
2) жылумен жабдықтаудың қауіпсіздігі;
3) жылу энергетикасы объектісін, ғимаратты, құрылысжайды, жабдықты жөндемей немесе ауыстырмай пайдалану ұзақтығы;
4) атмосфераға зиянды шығарындылардың деңгейі;
5) энергия тиімділігі және энергия үнемдеу көрсеткіштері, жылу энергиясы ысырабының деңгейі;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де параметрлер.
50-бап. Жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялауды және жаңғыртуды субсидиялау
1. Жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялауды және жаңғыртуды субсидиялау жылумен жабдықтауды дамытуды экономикалық ынталандыру ретінде жүзеге асырылады.
2. Жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялауды және жаңғыртуды субсидиялау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1) техникалық негіздемені, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді, техникалық және авторлық қадағалауларды жүзеге асыруды қамтитын жылу энергетикасы саласындағы жобаларды техникалық қолдап отыру;
2) капиталды көп қажет ететін шығыстар, оның ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына, жабдық, материалдар сатып алуға жұмсалатын шығыстар.
51-бап. Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
14-тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
52-бап. Өтпелі ережелер
1. Жылу энергиясының көзін пайдалануды осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бес жылдан аз мерзім ішінде тоқтатуға ниеттенген жылумен жабдықтау субъектілері осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарын осындай тоқтату жөнінде жазбаша хабардар етуге міндетті деп белгіленсін.
2. Егер конкурсты (аукционды) ұйымдастырушы не тікелей келіссөздермен өзгеше айқындалмаса, осы Заң қолданысқа енгізілген күнге дейін жарияланған жылу энергетикасы және энергия-сервистік көрсетілетін қызметтерді ұсыну саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша құжаттама үшін оны әзірлеу кезінде қолданыста болған Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары қолданылады деп белгіленсін.
3. Егер жылу энергетикасы саласындағы жоба бойынша құжаттама осы Заң қолданысқа енгізілген күнге дейін жарияланған болса, жылу энергетикасы саласындағы жобаны іске асыру үшін өнім берушіні (орындаушыны, жекеше әріптесті, концессионерді, сенімгерлік басқарушыны) таңдау құжаттаманы жариялау кезінде қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі деп белгіленсін.
53-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң:
1) 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 5-баптың 6) тармақшасын, 8-баптың 1-тармағының 11) тармақшасын, 9-баптың 2) тармақшасын, 25-баптың 2 және 3-тармақтарын, 26-баптың 3-тармағын, 28-баптың 2-тармағының 14) тармақшасын, 30-бапты, 39-баптың 9 және 10-тармақтарын;
2) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 5-баптың 3), 4) және 5) тармақшаларын, 6-баптың 3) тармақшасын, 7-баптың 3) және 4) тармақшаларын;
3) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 4-баптың 2) тармақшасын, 8-баптың 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларын, 2-тармағының 2) тармақшасын, 9-баптың 1) тармақшасын, 20-баптың 3-тармағын;
4) 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 44-баптың 9) тармақшасын;
5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша құжаттаманың жылумен жабдықтауды дамыту схемаларына сәйкестігі бөлігінде жылумен жабдықтауды дамыту схемалары бекітілген күннен бастап, ал мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша құжаттаманың жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне сәйкестігі бөлігінде жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштері бекітілген күннен бастап қолданысқа енгізілетін 48-баптың 4-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Уәкілетті органның ақпараттық жүйесі енгізілгенге дейін осы Заңның 21-бабының 4-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«4. Орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйесінде жұмыс істейтін жылумен жабдықтау субъектілері уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жергілікті атқарушы органдарға жылумен жабдықтаудың сапасы мен көлемі, жылу энергиясын тұтыну режимдері, жабдықтың, жылу желілерінің және қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын өзге де мүліктің жай-күйі, көрсетілген мүлікті жаңғырту, жөндеу, реконструкциялау, ауыстыру жөніндегі шаралар, энергия тиімділігін арттыру және жылу энергиясының ысырабын азайту жөніндегі шаралар, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану технологияларын ендіру жөніндегі шаралар туралы ақпаратты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де ақпаратты ұсынады.».
3. Жылумен жабдықтауды дамыту схемалары бекітілгенге дейін осы Заңның 47-бабының 3-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«3. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жылумен жабдықтау субъектісінен жылу энергиясының көзін пайдаланудың тоқтатылатыны туралы жазбаша хабарлама алған кезде жылу энергиясы тапшылығы туындауының қауіп-қатеріне талдау жүргізуге және жылу энергиясының тапшылығы болжанған жағдайда істен шығатын жылу қуаттарын алмастыру мүмкіндігін қарастыруға міндетті.».
4. Жылумен жабдықтауды дамыту схемалары бекітілгенге дейін осы Заңның 48-бабы 2-тармағының бірінші абзацы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«2. Жылу энергетикасы саласындағы жобалар мыналарды көздеуге тиіс:».
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2024 жылғы 8 шілде
№ 120-VIII ҚРЗ