4. Сарапшы:
1) кәсіптік қызметті жүзеге асыру үшін сараптама ұйымдарының біреуінде штатта тұруға;
2) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, қаралатын жобалар бойынша құпиялықты сақтауға және қызметтік және коммерциялық құпияны қамтамасыз етуге;
3) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), лауазымы, аттестат нөмірі және оның берілген күні көрсетілген мөрі болуға;
4) өзінің кәсіптік біліктілігін кезең сайын арттырып отыруға;
5) кәсіптік әдепті сақтауға міндетті.
5. Сараптаманың сапасыз жүргізілу фактілері анықталған жағдайларда, сараптама ұйымдары мен сарапшылар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Сараптама жүргізілгеннен кейін бекітуге ұсынылған сапасыз жобалар үшін сараптама ұйымдары жобалардың тиісті әзірлеушілерімен қатар жауаптылықта болады.
64-9-бап. Сараптама қызметінің тәуелсіздігі
1. Сарапшылар өз қызметінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінен тәуелсіз болады.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, құжаттаманы сараптамаға қабылдау, жобаларды қарау, олар бойынша сараптама қорытындыларын дайындау және ресімдеу барысында сарапшылардың немесе сараптама ұйымдарының жұмысына араласуға ешкім де құқылы емес.
3. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің өзге де субъектілері сарапшылар мен сараптама ұйымдарының кәсіптік қызметіне араласқаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
64-10-бап. Сараптама ұйымдарына қойылатын талаптар
1. Сараптама ұйымдарының құрамында жобаның негізгі бөлімдеріне сәйкес мамандандыру бойынша аттестатталған кемінде бес сарапшы болуға тиіс.
2. Сараптама ұйымдары мемлекеттік тіркелгеннен кейін:
1) сараптама ұйымдарын аккредиттеу қағидаларына сәйкес аккредиттеуден өтуге;
2) іс қағаздарын жүргізу шеңберінде құжаттардың сараптамаға келіп түскен күні мен сараптама қорытындылары берілген күннің есебін жүргізуге міндетті.
64-11-бап. Аккредиттелген сараптама ұйымдарының кәсіптік бірлестігі
1. Палата қызметі осы Заңмен, Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамасымен және жарғымен реттеледі.
Кіру жарналарын алуға жол берілмейді.
2. Палатаның жоғары басқару органы оның мүшелерінің жалпы жиналысы (өкілдер жиналысы) болып табылады.
3. Палатаны басқарудың атқарушы органы оның мүшелерінің жалпы жиналысы (өкілдер жиналысы) сайлаған басқарма болып табылады.
Палата басқармасының құрамына сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның кемінде үш өкілі де кіреді.
4. Палатаның функцияларына:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда өз мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру, қорғау;
2) сараптама ұйымдарын аккредиттеу және аккредиттелген сараптама ұйымдарының тізілімін жүргізу;
3) сарапшылардың біліктілігін арттырудың тұрақты жұмыс істейтін курстарын өткізу;
4) сарапшылар мен сараптама ұйымдары жұмысының оң тәжірибесіне талдау жүргізу, оны қорыту және тарату;
5) сарапшылардың әдеп кодексін әзірлеу және оның сақталуын тексеру;
6) жарғыда көзделген өзге де функциялар жатады.
5. Палата өзінің интернет-ресурсында аккредиттелген сараптама ұйымдары туралы ақпаратты орналастырады.
3-бөлiм. Құрылыс
10-тарау. Құрылыс процесін мемлекеттік реттеу
65-бап. Тапсырысшылар мен мердiгерлер
1. Құрылыстағы мердiгерлiк жұмыстарға байланысты мемлекеттік сатып алуға жатпайтын (құрылысқа арналған жобалау, iздену, сараптау, зерттеу жұмыстарын, тапсырыс бойынша құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндiрудi қоса алғанда) қатынастардың негiзгi қатысушылары жобаның (бағдарламаның) тапсырысшы-инвесторы не оның уәкiлдiк берген адамы мен мердiгер (бас мердiгер) болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, отандық және шетелдiк заңды тұлғалар құрылыстағы мердiгерлiк жұмыстардың тапсырысшылары бола алады.
2006.11.12. № 204-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Қазақстан Республикасының аумағында сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметiнiң тиiстi түрлерiн жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар (бiрлескен кәсiпорындарды қоса алғанда) құрылыстағы мердiгерлiк жұмыстарды орындайтын мердiгерлер бола алады.
2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Техникалық жағынан күрделі объектілердің құрылысын, оның ішінде бірегей объектілердің құрылысын және ірі инвестициялық жобалардың құрылысын салу үшін жобаның (бағдарламаның) тапсырыс берушісі (инвесторы) жобаны басқару жөніндегі инжинирингтік ұйымдарды тарта алады.
Объектілер құрылысын салу үшін жобаны басқару жөніндегі инжинирингтік қызметтер көрсету тәртібін және жобаны басқару жөніндегі қызметтер көрсететін ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
66-бап. Мердiгер таңдау
1. Тапсырысшының (инвестордың не оның уәкiлдiк берген адамының) мемлекеттік сатып алуға жатпайтын мердiгерлiк жұмыстарды орындау үшiн мердiгер таңдауы:
1) егер бұл жоба (бағдарлама) үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, конкурс өткiзiлмей;
2) жабық немесе ашық конкурстың (тендердiң) нәтижелерi бойынша;
3) конкурсқа (тендерге) қатысуға үмiткерлердiң алдын ала біліктілігi арқылы немесе онсыз жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Мердiгерлiк жұмыстарға конкурстардың (тендерлердiң) негiзгi қатысушылары:
1) тапсырысшы не оның тапсырысшы өкiлеттiктерi негiзiнде жұмыс iстейтiн уәкiлдiк берген адамы арқылы конкурстарды (тендерлердi) ұйымдастырушы (өткізушi);
2) конкурстың қазылар алқасы (тендер комиссиясы) - конкурсты (тендердi) ұйымдастырушының (өткізушiнiң) тұрақты немесе уақытша алқалық жұмыс органы;
3) үмiткерлер - ұйымдастырушыға (өткізушiге) ашық конкурсқа қатысу ниетi туралы өтiнiм берiп, ресми түрде өтiнiш жасаған, конкурсқа (тендерге) қатысуға жiберiлген тұлғалар, сондай-ақ жабық конкурсқа (тендерге) қатысуға шақыру алған тұлғалар.
3. Мердiгер таңдау жөнінде конкурс (тендер) өткізу туралы шешiм қабылдаған кезде, сондай-ақ жобаны (бағдарламаны) iске асырудың басында тапсырысшының:
1) құрылыс үшiн қажеттi қаржыландыру көздерi немесе жобаны (бағдарламаны) iске асыру үшiн керек етiлетiн уақыт кезеңiнде қажеттi сомаға билiк ету құқығы болуға тиiс. Бұл ереже құрылысты мердiгердiң қаржыландыруы жөніндегі талап конкурс (тендер) ережелерiне енгiзiлген жағдайда қолданылмайды;
2) жер учаскесiне (құрылысқа арналған алаңға немесе трассаға) тиiстi құқықтары немесе атқарушы органның оны беру туралы шешiмi болуға тиiс.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4. Егер мердiгерді таңдау жөніндегi конкурс (тендер) шарттарында инвестицияларға негіздемелер жасау және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзiрлеу тапсырыс берушінің мiндетiне кiретіні айқындалса, онда мердiгерлiк жұмыстарға конкурс (тендер) өткiзу кезiнде тапсырыс берушіде қажеттi мiндетті ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өткен, белгiленген тәртiппен бекiтiлген инвестициялар негіздемесі мен жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы болуы мiндеттi.
5. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағы мердiгер таңдау жөніндегi ашық конкурс (тендер) ұйымдастырылатын және өткiзiлетiн жер болып табылады.
6. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, конкурстың (тендердiң) тәртібі мен талаптарын тапсырысшы немесе оның тапсыруымен конкурсты ұйымдастырушы (өткізушi) белгiлейдi.
7. Конкурстарға (тендерлерге) қатысуға:
1) Қазақстан Республикасының аумағында шаруашылық қызметтi жүргiзуге заңдарда белгiленген тәртiппен рұқсат етiлмеген жеке және заңды тұлғалар;
2) банкрот деп жарияланған заңды тұлғалар;
3) конкурсты (тендердi) ұйымдастырушылар (өткізушiлер) не оның қазылар алқасының (тендер комиссиясының) мүшелерi болып табылатын тұлғалар;
4) заңдарда белгiленген тәртiппен тiркелмеген ұйымдар жiберiлмейдi.
8. Тапсырысшының не конкурсты (тендердi) ұйымдастырушының (өткізушiнiң) және қазылар алқасының (тендер комиссиясының) үмiткерден оның коммерциялық құпиясы болып табылатын ақпаратты мiндеттi түрде берудi талап етуге құқығы жоқ.
9. Мердiгерлiк жұмыстарға өткiзiлген конкурсты (тендердi) өттi деп хабарлау және тапсырысшының қатысушылардың бiрiн жеңiмпаз (жеңiмпаздар) деп бекітуi (тануы) олардың арасында конкурс талаптарында көзделген мердiгерлiк жұмыстарды орындауға шарт жасасуға негiз болып табылады.
10. Тапсырысшы, мердiгерлiк жұмыстарға конкурс (тендер) ұйымдастырушы (өткізушi) және конкурстың қазылар алқасы (тендер комиссиясы) өз мiндеттемелерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасы заң актілеріне сәйкес жауапты болады.
11. Мемлекеттік сатып алуға жатпайтын мердiгерлiк жұмыстар тапсырысшы (жобаның немесе бағдарламаның инвесторы) мен ол таңдаған мердiгер (бас мердiгер) арасында жасалатын шарт негiзiнде орындалады.
Мердiгерлiк шартта мердiгер (бас мердiгер) iшкi мердiгерлердiң орындауына бермекшi болып отырған жұмыстардың (көрсетiлетiн қызметтердiң) түрлерi мен көлемi мiндеттi түрде көрсетiледi. Бұл орайда бүкiл мердiгерлiк жұмыстардың шартта көзделген құнының (мердiгерлiк бағаның) жинақтап алғанда үштен екi бөлiгiнен астамын iшкi мердiгерлiкке беруге рұқсат етiлмейдi.
12. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, тапсырысшының мердiгер алдындағы және мердiгердiң тапсырысшы алдындағы мiндеттерi мен жауапкершiлiгi мердiгерлiк шартпен белгiленедi.
13. Мердiгерлiк шартта мердiгердiң қаржылық жауаптылығын анықтайтын, құрылыс объектiсiнiң пайдалануға берiлгеннен кейiнгi тұрақты жұмыс iстеуiнiң кепiлдi мерзiмдерi белгiленедi.
Мердiгерлiк шартта кепiлдi мерзiмдер белгiленбеген жағдайда осы Заңның 69-бабы 1-тармағының екiншi бөлiгiнде көзделген норма қолданылады.
67-бап. Мердiгерлiк жұмыстарға конкурс (тендер) нәтижелерiн жарамсыз деп тану
1. Мердiгерлiк жұмыстарға осы конкурс (тендер) үшiн белгiленген тәртiп пен талаптарды бұза отырып өткiзiлген немесе заңдарға сәйкес өткiзiлмеген конкурстың (тендердiң) нәтижелерiне (жеңiмпазды таңдауға және өзге қорытындыларға) қатысушы (қатысушылар) сот тәртібімен наразылық бiлдiре алады.
2. Конкурстың (тендердiң) нәтижелерiн жарамсыз деп тану тапсырысшы мен жеңiмпаз (жеңiмпаздар) арасында жасалған шарт күшiнiң жойылуына әкеп соғады, ал конкурс (тендер) өткiзiлмедi деп жарияланады.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өткiзiлмедi деп жарияланған конкурс (тендер) өзге мерзiмде қайта өткiзілуi мүмкiн.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2006.07.07. № 174-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2008.29.12. № 116-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.10.07. № 180-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.13.01. № 542-IV Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.03.12. № 151-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 68-бап өзгертілді; 2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен 68-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
68-бап. Құрылыс процесiне қойылатын негiзгi талаптар
1. Құрылыс процесiнiң тиiстi кезеңдерiнде осы бапта белгiленген рәсiмдер орындалуға және талаптар сақталуға тиiс.
2. Объект құрылысын жүзеге асыруға ниетi бар тапсырыс беруші Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарынан жерге тиiстi құқық беру туралы шешiмдi алуға мiндеттi. Бұл қағидаға тапсырыс берушіге меншiк құқығымен тиесiлi жеке үй жанындағы, саяжай, бау-бақша учаскелерiне уақытша құрылыстар, шаруашылық-тұрмыстық қора-қопсы және абаттандыру элементтерiн, сондай-ақ тапсырыс беруші жер пайдалану құқығымен пайдаланатын учаскелерде (аумақтарда) маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығына арналған тұрғын және тұрмыстық үй-жайлар салу қосылмайды.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті құқық (жер пайдалану не жеке меншік құқығы) берілген жерлерде ғана жол беріледі.
3. Сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристiк және спорттық мақсаттар, аңшылық шаруашылығы мұқтаждары, қосалқы орман пайдалану үшiн орман ресурстары өзiне ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берiлген мемлекеттiк орман қорының жерлерiнде, сондай-ақ туристiк және рекреациялық қызметтi жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар мен мемлекеттiк табиғи резерваттардың ұзақ мерзiмдi пайдалануға берiлген учаскелерiнде объектiлер салуды жүзеге асыру ниетi бар тапсырыс берушi Қазақстан Республикасының орман заңнамасына және Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасына сәйкес жер учаскесiн құрылыс салу үшiн пайдалануға рұқсат алады.
4. Аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарының жерге тиiстi құқық беру туралы шешiмiнiң қабылданған күнінен бастап құрылыс басталғанға дейiнгi қолданылу мерзiмi жобалаудың және белгiленген тәртiппен жобаны бекiтудiң нормативтiк ұзақтығы ескерiле отырып Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес белгiленедi және рұқсат құжатында көрсетiледi.
5. Жерге тиiстi құқық беру туралы оң шешiм мүмкiн болмаған жағдайларда, аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары өтiнiш берiлген кезден бастап он күн iшiнде өтiнiш берушiге (тапсырыс берушіге) оның сол құрылысты жүзеге асыру ниетiне қайшы келетiн Қазақстан Республикасы заңнамаларының нормаларын (ережелердi, талаптарды, шектеулердi, сервитуттарды) көрсете отырып, уәжді бас тартумен жауап қайтаруға мiндеттi.
6. Жерге тиiстi құқық беру туралы аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарының шешiмi, сондай-ақ орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi органның немесе ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi органның рұқсаты тапсырыс берушінің белгiленген объектiнi жобалауға тапсырмасын жасау үшiн негiз болып табылады.
Жобалауға арналған тапсырманы тапсырыс беруші не оның уәкiлеттi адамы (құрылыс салушы) жасайды және оны тапсырыс беруші бекiтедi.
Жобалауға арналған тапсырма жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзiрлеу жөнiндегi тапсырысты орындауға арналған шарттың ажырамас бөлiгi болып табылады.
Жобалауға арналған тапсырма объектiнiң талап етiлетiн параметрлерiн, өзге де бастапқы деректердi қамтуға тиiс.
7. Көзделiп отырған құрылыс ауданында инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету жөнiнде қызмет көрсетушiлер облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының сұратуы бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен объектiнiң құрылысы және кейiннен пайдалануға берiлгенде оның орнықты жұмыс iстеуi үшiн талап етiлетiн, сұратылып отырған (есептемелiк) параметрлерiнде инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету көздерiне қосуға техникалық шарттарды ұсынады.
Берілген техникалық шарттар тұтынушының жазбаша өтініш (өтінім, арыз) беруі арқылы олардың қолданыстағы мерзімі ішінде жаңа техникалық шарттарға өзгертілуі мүмкін.
8. Құрылыс объектiсiн инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету жөнiнде қызмет көрсетушiлердiң техникалық шарттар берілген кезде инженерлiк (коммуналдық) инфрақұрылым объектiлерiн кеңейтуге (реконструкциялауға, жаңғыртуға, техникамен қайта жарақтандыруға) тапсырыс берушінің қатысуы (үлестiк қатысуы) туралы негiзсiз талаптар белгiлеуiне жол берiлмейдi.
Белгiлi бiр елдi мекен немесе құрылыс ауданының инженерлiк (коммуналдық) инфрақұрылымын қамтамасыз етудiң сол кездегi деңгейi тапсырыс беруші сұратқан параметрлерде қызметтер көрсетуге мүмкiндiк бермеген жағдайда, қосылатын абоненттердiң қосымша жүктемелерiн жабуға арналған инфрақұрылым объектiлерiн кеңейтуге (реконструкциялауға, жаңғыртуға, техникалық қайта жарақтандыруға) байланысты шығындар туралы мәселелер жеткiзiп берушiлер (өндiрушiлер) мен тапсырыс беруші (тұтынушы) арасында шарт және қайтарымдылық негiздерiнде шешiлуге тиiс.
9. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органдары жерге тиiстi құқық беру туралы шешiм, инженерлiк қамтамасыз ету және коммуналдық қызмет көрсету көздерiне қосу үшін техникалық шарттарды жобалаудың бекiтiлген тапсырмасы және басқа да бастапқы материалдар (деректер) негiзiнде тапсырыс берушіге сәулет-жоспарлау тапсырмасын бередi.
10. Сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру үшiн қажеттi бастапқы материалдардың құрамы мен көлемi мемлекеттiк нормативтiк құжаттармен белгiленедi.
Жаңа объект салу немесе қазіргі бар объектiнi реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, жаңғырту, қалпына келтiру) үшiн жер учаскесiн бөлiп беру (телiм беру) талап етiлмейтiн жағдайларда, сондай-ақ бұл мақсаттар үшiн инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету көздерiне қосу қажет болмаса, сәулет-жоспарлау тапсырмасында тиiстi жазба жасалады.
11. Жобалауға арналған тапсырмаға, сәулет-жоспарлау тапсырмасына және өзге де бастапқы материалдарға сәйкес әзiрленген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы мемлекеттiк нормативтiк құжаттарда белгiленген талаптарға сәйкес келiсуден, ведомстводан тыс кешендi сараптамадан және бекiтуден өтедi.
Құжаттамаға сараптама осы Заңның 9-1-тарауында белгiленген талаптарға сәйкес жүргiзiледi.
12. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу басталғанға дейiн тапсырыс берушi мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын органдарға «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген тәртiппен құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асырудың басталғаны туралы хабар беруге мiндеттi.
Бұл ретте жобалаушы техникалық жағынан күрделi емес объектiлердi энергиямен жабдықтау желiлерiне қосу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзудiң басталғаны туралы хабар беруге құқылы.
13. Құрылыс процесi осы Заңның 6-тарауының нормаларына сәйкес сәулет-құрылыс бақылауында және қадағалауында болады.
14. Құрылысы аяқталған объект осы Заңның 11-тарауының нормаларына сәйкес пайдалануға қабылдануға тиiс.
Салынған объектiнi пайдалануға қабылдаудың белгiленген тәртiппен бекiтiлген актiсi жылжымайтын мүлiкке құқықтарды тiркейтiн мемлекеттiк органда объектiнi тiркеу үшiн негiз болып табылады.
15. Жаңа объектiлер салуға және қазiргi бар объектiлердi өзгертуге қажеттi құжаттарды ресiмдеу мен берудiң тәртiбi, мерзiмдерi құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларында белгiленедi.
69-бап. Объектiлердi пайдаланудың кепiлдi мерзiмi
1. Құрылыс объектілерiн пайдаланудың кепiлдi мерзiмi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес белгiленедi.
Өзге де барлық жағдайларда кепiлдi мерзiм салынған объектiнi (тұтастай алғанда құрылыстың күрделi сыныбына немесе жүргiзiлген құрылыс-монтаж жұмыстарының жекелеген түрлерiне сәйкес) пайдаланудың нормативтiк мерзiмiне қарай тапсырысшы мен мердiгер (бас мердiгер) арасында құрылысқа шарт жасасқан кезде белгiленедi, бiрақ объект пайдалануға қабылданған күнiнен бастап екi жылдан кем болмауға тиiс. Кепiлдi мерзiмнiң бұл шегi қосалқы-көмекшi мақсаттағы, азаматтардың жеке пайдалануына арналған уақытша құрылыстар мен ғимараттарға қолданылмайды.
2. Белгiленген кепiлдi мерзiм iшiнде анықталған сәйкессiздiктер мен жолсыздықтар бойынша жауапкершiлiк оларды жою жөніндегі мiндеттемелермен бiрге мердiгерге (бас мердiгерге) жүктеледi.
3. Егер кепілдi мерзiм iшiнде анықталған сәйкессiздiктер мен жолсыздықтар басқа орындаушылардың (iзденушiлердiң, жобалаушылардың, iшкi мердiгерлердiң, өндiрушiлердiң немесе құрылыс материалдарын, бұйымдарын, конструкцияларын, жабдықтарды берушiлердiң) сапасыз жұмыстарының салдарынан туындаған болса, мердiгер (бас мердiгер) жауапкершiлiктi кiнәлi тұлғаға толығымен немесе ішінара аударуға құқылы.
4. Егер кепiлдi мерзiм iшiнде анықталған сәйкессiздiктер мен жолсыздықтар объектiнi пайдалану және күтiп ұстау ережелерiн сақтамаудан не құрылыс-монтаж жұмыстарын орындаушыларға байланысты емес мән-жайлардан туындаған болса, орындаушылар жауапкершiлiктен босатылады.
5. Объектiлердi пайдаланудың кепiлдi мерзiмдерiне байланысты жауапкершiлiк шаралары мен дәрежесi жөнiнде даулар мен өзара талаптар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi.
70-бап. Құрылыстағы сапа
1. Құрылыстың және құрылыс өнiмдерiнiң тиiстi сапасын қамтамасыз етуде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiне қойылатын талаптарды белгiлейтiн нормалар мен ережелер Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiмен реттеледi және көлемдiк, жазықтық және желiлiк күрделi ғимараттардың (құрылыстардың, үйлер мен олардың кешендерiнiң, коммуникациялардың) барлық түрлерiне, соның iшiнде оларға қатысты технологиялық және инженерлiк жабдықтарға, сондай-ақ құрылыс өнімдерiнiң (объектiлерiнiң) мақсатына қарамастан, оларды жобалау, салу, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын дайындау (өндiру) жөніндегі жұмыстардың (қызмет көрсетулердiң) барлық түрлерiне қолданылады.
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді
2. Құрылыс өнімдерiнiң (объектiлерiнiң) қауіпсіздігі мен сапасы:
1) техникалық регламенттерде және құрылыс өнімдеріне арналған стандарттау жөніндегі қолданыстағы нормативтік құжаттарда белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтау;
2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiн лицензиялау және мамандарды аттестаттау;
3) құрылыстағы инвестициялардың негiздемесiне сараптама жүргiзу және жобалау (жобалау-смета) құжаттамалары;
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы, техникалық және авторлық қадағалау;
5) жобалау мен құрылыста пайдаланылатын өнімдердi стандарттау;
6) сынақ-талдау зертханаларын аттестаттау мен тiркеу, құрылыста пайдаланылатын өнiмдердi сертификаттау, сондай-ақ жаңа өнімдi, өндiрiс әдiстерiн, құрылыстағы жарақтарды техникалық бағалау;
7) жобалау мен құрылыстағы метрологиялық қызмет;
8) құрылысы аяқталған объектiлердi пайдалануға беру мен қабылдап алуды ұйымдастыру;
9) құрылыс техникасы мен технологиясын жетiлдiру;
10) жер сiлкiну қаупi бар аймақтар объектiлерiне паспорттар беру;
11) пайдаланылып отырған не құрылысы тоқтатылған және өзге де құрылысы аяқталмаған объектiлердiң жай-күйiн тексеру мен байқау, нормативтiк сипаттамаларды қамтамасыз ету мақсатында араласу арқылы қамтамасыз етiледi.
3. Құрылысты салудың (тоқтатып қоюдың) бүкiл кезеңi мен объектiлердiң қызмет (пайдалану) мерзiмi iшiнде меншiк иелерi (тапсырысшылар, иеленушiлер, жалдаушылар, жалға алушылар) олардың сапасының мынадай негiзгi сипаттамаларын:
1) жұмыс жүргiзу мен күтiп ұстауды қоса алғанда, тұрғызу және пайдалану кезіндегі қауiпсiздiгiн;
2) еңбектi қорғау талаптарына сәйкестiгiн;
3) жұмыс iстеуiнiң тұрақтылығы мен сенiмдiлiгiн;
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4) экологиялық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге міндетті.
Сапаның негiзгi сипаттамаларын қамтамасыз ету күрделi құрылыс үшiн инженерлiк iзденiстерге, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын жобалауға, дайындауға (өндiруге) және жеткiзiп беруге, аяқталмаған объектiлер құрылысын тоқтатып қоюға, объектiлердi пайдалануға, қабылдауға, күтiп ұстау мен пайдалануға, сондай-ақ оларды кейiннен кәдеге жаратуға қатысушы барлық субъектiлердiң мiндетi болып табылады.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау, жобаларды сараптамадан өткізу, құрылыс өнiмiн стандарттау және сертификаттау органдары (қызметтерi, лауазымды адамдары), тапсырысшылар, құрылыс салушылар, iзденушiлер, жобалаушылар, құрылыста пайдаланылатын өнімдi дайындаушылар (өндiрушiлер) мен жеткiзiп берушiлер, жұмыс жүргiзушiлер, аталған өнімнiң (объектілердiң) меншiк иелерi (пайдаланушылары, жалдаушылары, жалға алушылары) өз мiндеттерiне сәйкес құрылыс өнiмiнiң (объектiлерiнiң) сапасын қамтамасыз етушi субъектiлер болып табылады.