2. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ғылыми зерттеулер жүргізеді және мемлекеттік жастар саясатын іске асыруды әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
3. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының қызметін қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
25-бап. Жастарға арналған әлеуметтік қызметтер
1. Жастарға арналған әлеуметтік қызметтер өз қызметін жастардың зияткерлік, рухани, дене бiтiмiнің, шығармашылық тұрғысынан дамуы, кәсiби даярлығы және кәсіпкерлік әлеуетін іске асыру үшін жағдайлар жасау мақсатында жүзеге асырады.
2. Жастарға арналған әлеуметтік қызметтер қызметінің негізгі бағыттары:
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) өмірлік қиын жағдайда жүрген, арнаулы білім беру ұйымдарынан және ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарынан оралған, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарынан (ауруларынан) емдеуден өткен жастарға, сондай-ақ мүгедектер қатарындағы жастарға психологиялық-педагогикалық, медициналық-әлеуметтік, заң көмегін және консультация беруді жүзеге асыру;
2) жастардың құқыққа қарсы әрекеттерінің профилактикасы;
3) тұрғылықты жері бойынша жастардың бос уақытын ұйымдастыру;
4) жастардың кәсiпкерлiк қызметiн қолдау мен дамыту;
5) жастардың өзiн-өзi басқаруын дамытуға жәрдемдесу;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де әлеуметтік маңызы бар бағыттар болып табылады.
26-бап. Халықаралық ынтымақтастық
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты саласындағы халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасы заңнамасының және Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының негізінде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мемлекеттік жастар саясаты саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа:
1) жастар мен жастар ұйымдарын Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдардың қызметіне тарту;
2) тәжірибе алмасуға, достық және іскерлік қарым-қатынастарды дамытуға ықпал ететін іс-шараларды ұйымдастыру;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де іс-шараларды ұйымдастыру арқылы жәрдем көрсетеді.
27-бап. Мемлекеттік жастар саясатын қаржылық қамтамасыз ету
Мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыру бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
4-тарау. ЖАСТАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЖАСТАР САЯСАТЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА ЖӘНЕ ІСКЕ АСЫРУҒА ҚАТЫСУЫ
28-бап. Жастар ұйымдары
1. Жастар ұйымы үкіметтік емес ұйым болып табылады, оның қызметі жастарды дамытуға, олардың өзін-өзі көрсетуіне, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ жастардың әлеуметтік, мәдени, білім алу, рухани және өзге де қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталады, жастар өкілдері оның мүшелері (қатысушылары) болып табылады.
2. Жастар ұйымдары:
1) мемлекеттік жастар саясатының өзекті мәселелерін талқылауға;
2) мемлекеттік жастар саясаты саласындағы консультативтік-кеңесші органдардың қызметіне;
3) республикалық және өңірлік жастар форумдарының жұмысына;
4) жастардың өзін-өзі басқару органдарының қызметіне қатысуға құқылы.
29-бап. Жастардың волонтерлік қызметі
1. Жастардың волонтерлік қызметі жеке және заңды тұлғалардың мүдделерінде өтеусіз негізде жүзеге асырылатын ерікті, қоғамға пайдалы қызмет болып табылады.
2. Жастардың волонтерлік қызметі саяси партияларды және діни бірлестіктерді қолдауға бағытталмауға тиіс.
30-бап. Жастардың өзін-өзі басқаруы
1. Жастардың өзін-өзі басқаруы тұлғалық және кәсіби өсу, қоғамда ойдағыдай әлеуметтену, өзінің зияткерлік және шығармашылық әлеуетін іске асыру үшін жағдайлар жасау жөніндегі жастар қызметін ұйымдастыру нысаны болып табылады.
2. Жастардың өзін-өзі басқару органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес негізгі орта, орта (жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру), орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында және еңбек ұжымдарында құрылуы мүмкін.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртiбi
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 16, 95-құжат; 2007 ж., № 10, 69-құжат; № 20, 152-құжат; 2010 ж., № 22, 130-құжат; 2011 ж., № 6, 49-құжат; № 11, 102-құжат; 2013 ж., № 14, 72, 75-құжаттар; 2014 ж., № 1, 4-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы ақпанның 9-ы.
№ 285-V