Қолданысын тоқтатқан келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын иеленуші болып табылатын тұлға келісімшарт тоқтатылған күннен бастап және пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия берілгенге дейінгі не жою жөніндегі жұмыстар басталғанға дейінгі кезеңде жер қойнауы учаскесінің аумағын қоршаған ортаның және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жай-күйде ұстап тұру жөніндегі шараларды қолдануға міндетті.
6. Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасында құзыретті органның жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына алғаш рет енгізілетін және осы баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетілген аумақтарға жатпайтын аумақтар шегінде пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияларды беруге өтініштерді қабылдауды бастау күні көзделуге тиіс деп белгіленсін. Көрсетілген күн жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасы бекітілген немесе оған тиісті өзгерістер енгізілген күннен бастап екі айдан ерте белгіленбейді.
Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына алғаш рет енгізілетін аумақтар шегінде пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияларды қараудың және берудің мынадай ерекшеліктері белгіленсін:
1) қабылдау басталатын күннен бастап бір ай ішінде келіп түскен өтініштер осы Кодекстің 188-бабының 1, 2 және 3-тармақтарында көзделген ережелер ескерілмей қаралады және бірдей басымдығы бар деп есептеледі;
2) егер осы бөліктің 1) тармақшасында көзделген мерзім ішінде келіп түскен өтініштерді қарау нәтижесінде сол бір блок (блоктар) лицензияны беруден бас тарту туралы шешім қабылданбаған бірнеше өтініштерге енгізілгені анықталса, осы блок (блоктар) бойынша өтініш иелері арасында құзыретті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде аукцион өткізіледі. Өтініш иесінің аукционға қатысудан бас тартуы немесе аукционға келмей қалуы тиісті блок бойынша оның өтінімін қабылдамауға негіз болып табылады.
3) аукцион қорытындысы бойынша осы бөліктің 2) тармақшасында көрсетілген өтініштер бойынша лицензияларды беру аукционның жеңімпазы деп танылған тұлғаның өтініші аукцион өткізілген блокқа (блоктарға) қатысты басым деп есептелетіні ескеріле отырып, осы Кодекстің 188-бабына және 189-бабының басымдық туралы ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Осы бөліктің 1) тармақшасында көзделген мерзім өткеннен кейін берілген, барлауға арналған лицензияны беруге өтініштер осы Кодекстің 27-тарауында көзделген, пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны қараудың және берудің ережелері бойынша қаралады.
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Индустрияландыру картасына немесе Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына енгізілген индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыратын, қызметі (технологиялық процесі) жер қойнауын пайдаланумен байланысты индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері, осы тармақта көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Кодекстің 70-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілмеген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесіне берілген өтініш негізінде пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензияны алуға құқылы деп белгіленсін. Бұл құқықты индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап бес жыл ішінде іске асыруы мүмкін.
Осы тармаққа сәйкес берілген пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензияны беру туралы өтінішке, осы Кодекстің тиісінше 187-бабында немесе 204-бабында көзделген құжаттардан басқа, индустриялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органның өтініш иесінің өндірістік қызметі (технологиялық процесі) жер қойнауын пайдаланумен байланысты екенін растайтын қорытындысы қоса беріледі.
Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің өндірістік қызметін (технологиялық процесін) жер қойнауын пайдаланумен байланысты қызмет (технологиялық процесс) деп тану тәртібін кәсіпкерлік саласындағы индустриялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Осы тармаққа сәйкес берілген пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензиялардың шарттары, осы Кодекстің тиісінше 191-бабында немесе 208-бабында көзделген шарттардан басқа, мыналарды көздеуі тиіс:
1) индустриялық-инновациялық қызмет субъектісінің индустриялық-инновациялық жобаны іске асыру бойынша міндеттемесі;
2) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің өндірістік қызметінің (технологиялық процесінің) мұқтажы үшін басымдық тәртіппен өндірілген пайдалы қатты қазбаларды жеткізу бойынша міндеттемелер.
Жер қойнауын пайдаланушы осы тармақтың ережелеріне сәйкес берілген жер қойнауы учаскесіндегі тиісті индустриялық-инновациялық жоба бойынша өндірістік объектіні пайдалану басталғанға дейін пайдалы қазбаларды өндіруді бастауға құқылы емес.
Осы тармаққа сәйкес берілген барлауға немесе өндіруге арналған лицензия, осы тармақтың төртінші бөлігінде көзделген міндеттемелер орындалмаған жағдайда, осы Кодекстің тиісінше 200-бабына немесе 221-бабына сәйкес көзделген негіздерден басқа кезде қайтарып алынуы мүмкін.
8. Жер қойнауын пайдалану саласындағы ұлттық компаниялар осы Кодекстің 25-бабына сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге жол берілмейтін аумақтарды қоспағанда, осы Кодекстің 70-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілмеген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскелеріне қатысты өтінім беру арқылы пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензияны алуға құқылы деп белгіленсін. Бұл құқықты жер қойнауын пайдалану саласындағы ұлттық компаниялар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен жер қойнауын пайдалану саласындағы ұлттық компаниялар қызметінің аражігін ажыратуды ескере отырып, осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде іске асыруы мүмкін.
9. 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін осы Кодекстің 72-бабының мақсаттары үшін пайдалы қатты қазбаларды өндіру кезінде ысырапты есепке алу жер қойнауын пайдаланушылар жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға өздері белгілеген тәртіппен беретін нормаланатын ысыраптар туралы деректер негізінде жүзеге асырылады деп белгіленсін. Нормаланатын ысыраптар туралы деректерге растайтын құжаттар қоса берілуге тиіс. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган нормаланатын ысыраптар туралы деректер берілгеннен кейін он бес жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыға нормаланатын ысыраптар мөлшері бойынша негізделген қарсылықтарын жіберуге құқылы. Осындай қарсылықтар көрсетілген мерзімде жіберілген жағдайда, нормаланатын ысыраптарды жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган ұқсас жобалар бойынша нормаланатын ысыраптар туралы қолда бар деректер негізінде не бұрын берілген мәліметтерге сүйене отырып, дербес өзі айқындайды.
10. 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін:
жер қойнауын пайдаланушылар пайдалы қатты қазбалардың қорларын санауды «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 121-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асыруға құқылы;
өтініш иелері осы Кодекстің 204-бабына сәйкес пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны алуға өтініш берген кезде құзыретті органға «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 121-бабында көзделген тәртіппен жасалған қорларын санау бойынша есепті ұсынуға құқылы деп белгіленсін.
Геологиялық барлау жұмыстары, минералдық ресурстар және минералдық қорлар нәтижелері туралы жария есептіліктің қазақстандық кодексіне (KAZRC кодексі) сәйкес құзыретті тұлға дайындаған және осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ұсынылған пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын бағалау туралы есепте қамтылған ресурстар мен қорлар бойынша деректер 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін пайдалы қазбалардың мемлекеттік балансына мынадай тәртіппен енгізілуге жатады:
1) пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын бағалау туралы уәкілетті органға келіп түскен есеп күнтізбелік отыз күн ішінде қаралады;
2) уәкілетті орган осы тармақтың екінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген мерзім ішінде есепті қабылдау және қорларды пайдалы қазбалардың мемлекеттік балансына енгізу туралы немесе есепті уәжді қарсылықтармен оны қайтару туралы шешім қабылдауы тиіс;
3) егер уәкілетті орган осы тармақтың екінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген мерзім ішінде есепті уәжді қарсылықтармен қайтарса, пайдалы қатты қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды) өндіруге арналған лицензияны алуға өтініш иесі немесе жер қойнауын пайдаланушы оны пысықтауға не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті органның қарсылығына шағым жасауға құқылы;
4) егер пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын бағалау туралы есепте ресурстар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 121-бабына сәйкес бұрын бекітілген өнеркәсіптік санаттар қорларының жиырма бес пайызынан аса азайтылса, онда жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осындай өзгерістердің негізділігін растауы тиіс.
Уәжді қарсылықты жою немесе оны даулау кезеңінде пайдалы қатты қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды) өндіруге арналған лицензияны беруге арналған өтінішті қарау мерзімі тоқтатыла тұрады. Бұл ретте жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның уәжді қарсылығын жою мерзімі алты айдан аспайды деп белгіленсін.
11. Осы Кодекстің 277-бабының 14-тармағы 16) тармақшасының мақсаттары үшін пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансын жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді деп белгіленсін.
2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 12-тармақ өзгертілді
12. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған пайдалы қатты қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға тараптардың келісуі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында немесе келісімшарттарында көзделген жағдайларда өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты өзгерту туралы келісім осы баптың 13, 14, 16-тармақтарында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып осы тармақта белгіленген тәртіппен жасалады.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы келісім жасасуға ниеті бар жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға (келісімшарт тарапы болып табылатын мемлекеттік органға) өтініш жібереді, онда келісімшартқа ұсынылып отырған өзгерістер, олардың негіздемелері және өтініш бойынша шешім қабылдау үшін қажетті өзге де мәліметтер баяндалуға тиіс. Өтінішке жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа толықтыру жобасы қоса беріледі.
Құзыретті орган келіп түскен өтінішті осы Кодекстің 45-бабына сәйкес құрылатын жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сараптама комиссиясының қарауына бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде шығарады. Тарапы өзге мемлекеттік орган болып табылатын келісімшарт бойынша сараптама комиссиясы сол мемлекеттік органның шешімімен құрылады. Сараптама комиссиясы жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері бойынша өтініштерін қарау кезінде ұсынымдар әзірлеу мақсатында құзыретті органның (келісімшарт тарапы болып табылатын мемлекеттік органның) жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Сараптама комиссиясы өтінішті келіп түскен күнінен бастап жиырма жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарайды және құзыретті органға (келісімшарт тарапы болып табылатын мемлекеттік органға) өз ұсынымдарын жібереді.
Құзыретті орган (келісімшарт тарапы болып табылатын мемлекеттік орган) сараптама комиссиясы ұсынымдарының негізінде сараптама комиссиясының ұсынымдары келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізуден бас тарту туралы немесе сараптама комиссиясының ұсынымдарын ескере отырып жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі келіссөздер бастау туралы шешім шығарады.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі келіссөздерді құзыретті органның (келісімшарттың тарапы болып табылатын мемлекеттік органның) жұмыс тобы жүргізеді. Жұмыс тобы туралы ережені және оның құрамын құзыретті орган (келісімшарттың тарапы болып табылатын мемлекеттік орган) бекітеді.
Келіссөздер жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға (келісімшарттың тарапы болып табылатын мемлекеттік органға) толықтырудың жобасын және өзге де қажетті құжаттарды жұмыс тобының қарауына ұсынған күннен бастап екі айдың ішінде жүргізіледі. Бұл мерзім тараптардың келісуі бойынша ұзартылуы мүмкін.
Келіссөздер нәтижелері хаттамамен ресімделеді. Жұмыс тобы мақұлдаған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар жобасына құзыретті орган (келісімшарттың тарапы болып табылатын мемлекеттік орган) қол қояды. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа толықтырулар жобасы жер қойнауын пайдалануға келісімшарттың басты қаржылық-экономикалық көрсеткіштерін қозғаса, құзыретті орган (келісімшарттың тарапы болып табылатын мемлекеттік орган) жұмыс тобының шешімі бойынша көрсетілген жоба оған қол қойғанға дейін экономикалық сараптамаға жіберіледі. Экономикалық сараптама жүргізу тәртібін мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Кең таралған пайдалы қазбалар бойынша экономикалық сараптама жүргізу тәртібін облыстың жергілікті атқарушы органы айқындайды.
Келісімшартқа өзгерістердің шарттары жер қойнауын пайдалану құқығы берілген шарттарға қарағанда, Қазақстан Республикасы үшін пайдасы аз болмауы керек.
Осы тармаққа сәйкес келісімшарттың қолданылу мерзімін ұзартуды көздейтін көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 13-тармақ өзгертілді
13. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың жұмыс бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет болған жағдайда, осы баптың 12-тармағына сәйкес жіберілетін өтінішке мыналар қоса беріледі:
1) құзыретті орган бекіткен нысан бойынша жасалған жұмыс бағдарламасының жобасы және оған түсіндірме жазба;
2) ұсынылатын өзгерістер мен толықтырулар қажеттілігінің жазбаша негіздемесі.
Құзыретті орган (келісімшарт тарапы болып табылатын мемлекеттік орган) келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде келіссөздер жүргізу туралы шешім қабылдаған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттардан басқа, құзыретті органға (келісімшарт тарапы болып табылатын мемлекеттік органға) осы Кодекске сәйкес әзірленген, келісілген, бекітілген және сараптамалардың оң қорытындыларын алған жобалау құжаттарын және жою жоспарын (жобасын) жұмыс тобының қарауына ұсынуға тиіс.
Егер ураннан басқа, кең таралған пайдалы қазбаларды немесе пайдалы қатты қазбаларды өндірудің жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың жұмыс бағдарламасында көзделген көлемі физикалық тұрғыда жиырмадан аз пайызға нақты өзгерсе, жұмыс бағдарламасына өзгерістер енгізу талап етілмейді. Өндіру көлеміндегі мұндай өзгерістер келісімшарт талаптарына сәйкес келеді деп есептеледі. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың жұмыс бағдарламасының мазмұнын және оның нысанын құзыретті орган айқындайды.
Осы тармақтың ережелері осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін үлгілік нысан бойынша жасалған пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған келісімшарттарға қолданылмайды.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 14-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
14. Уранды қоспағанда, осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған, пайдалы қатты (кең таралған) қазбаларды барлауға немесе бірлескен барлау мен өндіруге (барлау кезеңінде) арналған келісімшартқа оның қолданылу мерзімін (бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңін) ұзарту мақсатында өзгеріс енгізуге келісімшартта барлануы көзделген пайдалы қатты (кең таралған) қазбалардың минералдануы (байқалуы) табылған жағдайда, осындай табуды бағалау үшін жол беріледі.
Уранды қоспағанда, осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған, пайдалы қатты (кең таралған) қазбаларды өндіруге (өндіру кезеңінде бірлескен барлау мен өндіруге) арналған келісімшартқа оның қолданылу мерзімін (бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндіру кезеңін) ұзарту мақсатында өзгеріс енгізуге, егер мұндай ұзарту келісімшартта көзделген болса, жол беріледі.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтініш келісімшарт тарапы болып табылатын мемлекеттік органға тиісінше барлау кезеңі немесе өндіру кезеңі өткенге дейін берілуі мүмкін.
Уранды қоспағанда, пайдалы қатты (кең таралған) қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт мерзімін ұзарту туралы өтінішке, осы баптың 12 және 13-тармақтарында көрсетілген мәліметтерден басқа, ұзарту кезеңінде жұмыстар жүргізудің және оларға арналған шығыстардың жазбаша негіздемесі қоса беріледі.
Уранды қоспағанда, пайдалы қатты (кең таралған) қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша барлау мерзімін ұзарту туралы өтінішке келісімшарт талаптарында барлануы көзделген пайдалы қатты (кең таралған) қазбалардың табылған минералдануын (байқалуын) бағалау үшін, осы тармақтың төртінші бөлігінде көрсетілген құжаттардан басқа, осындай табылуды растайтын мәліметтер (жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның бағалауды талап ететін минералдану (байқалу) табылғаны туралы қорытындысы) және табылған минералдануға (байқалуға) бағалауды жүзеге асыру болжанатын жер қойнауы учаскесінің географиялық координаттары қоса беріледі. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша пайдалы қатты (кең таралған) қазбалардың минералдануын (байқалуын) растау тәртібін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
Уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған келісімшарт (бірлескен барлауға немесе өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндіру кезеңі) келісімшарттық аумақ шегінде орналасқан техногендік минералдық түзілімдерден пайдалы құрауыштарды айырып алу мүмкіндігін айқындау мақсатында бес жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Келісімшарттың мерзімі осы тармақтың алтыншы бөлігіне сәйкес ұзартылған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы осындай ұзарту мерзімі аяқталғанға дейін құзыретті органға келісімшартты техногендік минералдық түзілімдерден пайдалы құрауыштарды одан әрі алу үшін пайдалы қазбаларды өндіруге қажет мерзімге ұзарту туралы өтінішпен жүгінуге құқылы. Бұл жағдайда жер қойнауын пайдаланушы көрсетілген мақсаттар үшін пайдаланылмайтын келісімшарттық аумақтың бөлігінен (жер қойнауы учаскесінің бөлігінен) бас тартуға міндетті.
Уранды қоспағанда, пайдалы қатты (кең таралған) қазбаларды барлауға (барлау кезеңінде бірлескен барлау мен өндіруге) арналған келісімшарт табылған минералдануды (байқалуды) бағалау үшін жұмыс бағдарламасында көзделген табылған кен орнын бағалау жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін қажетті, тараптар келіссөздер нәтижелері бойынша айқындайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Уранды қоспағанда, пайдалы қатты (кең таралған) қазбаларды өндіруге (өндіру кезеңінде бірлескен барлау мен өндіруге) арналған келісімшарт өндіруге арналған келісімшарттың бастапқы мерзімінен (бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндірудің бастапқы кезеңінен) аспайтын, бірақ осы Кодексте белгіленген өндіруге арналған лицензияның барынша ұзақ мерзімінен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін. Уранды қоспағанда, пайдалы қатты (кең таралған) қазбаларды өндіруге (өндіру кезеңінде бірлескен барлау мен өндіруге) арналған келісімшартты ұзарту мерзімі көрсетілген шектеулер ескеріле отырып, жұмыс бағдарламасында көзделген өндіру бойынша жоспарланатын жұмыстар негізінде айқындалады.
Уранды қоспағанда, осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған, ірі кен орны бар жер қойнауы учаскесінде пайдалы қатты (кең таралған) қазбаларды өндіруге (бірлескен барлау мен өндіруге) арналған келісімшарт он жылдан астам мерзімге ұзартылған жағдайда, құзыретті орган осындай ұзарту шарттарына жер қойнауын пайдаланушының мынадай міндеттемелерінің бірін енгізуді талап етуге құқылы:
1) өзінің немесе оның еншілес ұйымының немесе бірлескен кәсіпорынмен қайта өңдеу өндірістерін құруы;
2) жер қойнауын пайдаланушының жұмыс істеп тұрған өндіру өндірістерін жаңғырту не реконструкциялау;
3) жұмыс істеп тұрған қайта өңдеу өндірістерін жаңғырту не реконструкциялау;
4) өндірілетін пайдалы қазбаны Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан қайта өңдеу кәсіпорындарына (өндірістеріне) қайта өңдеу үшін беру;
5) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес инвестициялық жобаны немесе өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жобаны (өзінің немесе еншілес ұйымының немесе бірлескен кәсіпорынмен) іске асыруды қамтамасыз ету.
Жер қойнауын пайдаланушы осы тармақтың сегізінші бөлігінде көрсетілген шарттарда келісімшартты ұзартудан бас тартқан жағдайда, келісімшарттың мерзімі өткен соң тиісті жер қойнауы учаскесі осы баптың 5-тармағында көзделген тәртіппен аукционға шығаруға жатады.
Уранды қоспағанда, осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған, шарттары осы Кодекстің қолданысқа енгізілу күніне жер қойнауын пайдаланушының осындай келісімшарттың мерзімін (бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндіру кезеңін) ұзартуға құқығын көздемеген, пайдалы қатты (кең таралған) қазбаларды өндіруге (өндіру кезеңінде бірлескен барлау мен өндіруге) арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушы келісімшарттың қолданылу мерзімі ішінде осы Кодекстің 201-бабына сәйкес пайдалы қатты (кең таралған) қазбаларды өндіруге арналған лицензия (232-бабына сәйкес кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензия) алуға айрықша құқыққа ие болады. Айрықша құқық бойынша өндіруге арналған лицензия алуға өтініш келісімшарттың қолданылу мерзімі өткеннен кемінде үш жыл бұрын берілуі мүмкін. Егер өтінішті қарау кезеңінде келісімшарт мерзімі өтіп кетсе, келісімшарт осындай қарау кезеңіне қайта жаңартылды деп есептеледі.
Осы Кодекс күшіне енгенге дейін жасалған және бюджеттен тыс қаражат есебінен қаржыландырылатын жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған келісімшарттың (шарттың) мерзімін ұзартуға, егер осындай келісімшарттың шарттарында өзгеше көзделмесе, жол берілмейді. Егер осы келісімшарттың шарттарымен оның мерзімін ұзарту мүмкіндігі көзделсе, мұндай ұзартуға бір жылдан аспайтын мерзімге жол беріледі. Осындай ұзарту кезінде осы Кодекстің 89-бабында көзделген жұмыстарды шектеу ережелері қолданылады.
2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен 14-1-тармақпен толықтырылды
14-1. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған уранды барлауға арналған келісімшартқа оның қолданылу мерзімін ұзарту мақсатында өзгерістер енгізуге уранның кен орны табылған жағдайда, осындай табуды бағалау үшін жол беріледі.
Уран бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың мерзімін ұзарту туралы өтінішке, осы баптың 12 және 13-тармақтарында көрсетілген мәліметтерден басқа, ұзарту кезеңіндегі жұмыстар жүргізудің және оларға арналған шығыстардың жазбаша негіздемесі қоса беріледі.
Табылған уран кен орнын бағалау үшін уранды барлауға арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңін ұзарту туралы өтінішке осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген құжаттардан басқа, уран кен орнының табылғанын растайтын мәліметтер (жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның бағалауды талап ететін уран кен орнының табылғаны туралы қорытындысы) және табылған кен орнын бағалауды жүзеге асыру болжанатын жер қойнауы учаскесінің географиялық координаттары қоса беріледі.
Уран өндіру саласындағы уәкілетті орган осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған уранды барлауға арналған келісімшарттар бойынша құзыретті орган болып айқындалады.
15. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған және бюджеттен тыс қаражат есебінен қаржыландырылатын жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған келісімшарт (шарт) бойынша тұлғаға берілген жер қойнауы учаскесіне арналған құқыққа осы Кодекстің 84-бабының 2-тармағында көзделген жер қойнауын пайдалану құқығы туралы ережелер қолданылады деп белгіленсін.
Осындай тұлға осы Кодекске сәйкес жер қойнауын пайдалану құқықтарына ие өзге тұлғаларға жер қойнауы учаскесін пайдалануға кедергі жасауға құқығы жоқ.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 16-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)