3. Өтініште мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
1) жеке тұлғалар үшін - өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;
заңды тұлғалар үшін - өтініш иесінің атауы, орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді көшірме немесе өтініш иесінің шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжат), басшылар туралы, өтініш иесін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын заңды және жеке тұлғалар, мемлекеттер және халықаралық ұйымдар туралы мәліметтер;
2) барлау аумағын құрайтын және өтініш иесі пайдалануға беруді сұрайтын жер қойнауы учаскесін айқындайтын блокты (блоктарды) көрсету.
Өтініште көрсетілген барлау аумағы, егер осы Кодекстің 186-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда блоктың бір бөлігін қамтыса, лицензияның шарттарын айқындау мақсаттары үшін өтінішті қарау кезінде аталған блок толық болып есептеледі.
4. Өтінішке мынадай құжаттар:
1) осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелері;
2) егер тұлғаны өтініш иесі тағайындаған болса, өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін мұндай тұлғаның өкілеттігін растайтын құжат;
3) сұралып отырған жер қойнауы учаскесінде өтініш иесі жүргізуге ниет етіп отырған барлау жөніндегі жұмыстардың жазбаша сипатталған түрлері, әдістері, тәсілдері, жылдар бойынша болжалды жүргізу мерзімдері мен көлемдері;
4) егер сұралатын учаскеде немесе оның бөлігінде тұлға жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт негізінде көмірсутектерді өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын болса, пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия беруге мұндай тұлғаның келісімі;
5) өтініш иесінің пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүзеге асыруға қаржылық және кәсіби мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжаттар;
6) егер сұралатын жер қойнауы учаскесінің аумағы толық немесе ішінара елді мекендердің жерлеріне және оларға іргелес бір мың метр қашықтықта жатқан аумаққа тиесілі болса, жергілікті халықты осы Кодекстің 25-бабының 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген әлеуметтік-экономикалық қолдау туралы келісім;
7) өтініш иесінің республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгiленген айлық есептiк көрсеткiштің алты еселенген мөлшерінен асатын салықтық берешегінің жоқ екендігі туралы, өтініш берген күннің алдындағы күннен күнтізбелік он күннен ерте берілмеген салық органынан анықтама қоса беріледі.
5. Өтініш иесінің барлау жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жеткілікті қаржылық мүмкіндігінің болуын растау үшін мынадай құжаттардың бірі:
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) өтініш берушінің лицензия беруге өтініш берілетін күннің алдындағы үш ай шегіндегі отыз күндік мерзім ішінде сұралатын лицензия қолданысының алғашқы жылында барлауға қажетті ең төмен шығыстарды жабу үшін жеткілікті мөлшерде ақшасының тұрақты болатынын (қалдығын) растайтын Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкіндегі банктік шоты бойынша ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы үзінді көшірме;
2) ақша қарызы шартының (алдын ала қарыз шарты) немесе қарыздың нысаналы мақсаты ретінде өтініш иесінің пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі қызметін қаржыландыру, сондай-ақ сұралатын лицензия қолданысының алғашқы жылында барлауға талап етілетін ең төмен шығыстарды өтеу үшін жеткілікті қарыз сомасы (қаржыландыру) расталатын, қызметті қаржыландыру туралы шарттың көшірмесі;
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес жасалған аудиторлық есеппен бірге, өтініш берушінің лицензия беруге өтініш берілген күннің алдындағы қатарынан күнтізбелік алты айға немесе алдыңғы күнтізбелік жылға дайындалған қаржылық есептілігі, онда өтініш берушінің таза активтерінің мөлшері оның сұралатын лицензия қолданысының алғашқы жылында барлауға арналған ең төмен шығыстардың шамасындағы міндеттемесінен асып түседі;
4) Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын қор биржасы таныған рейтингтік агенттіктің өтініш иесіне өтініш берілген күннің алдындағы жыл ішінде құзыретті орган айқындайтын ең төменгі рейтингтік бағадан төмен болмайтын рейтингтік баға беру туралы хаты ұсынылады.
Егер өтініш иесінің қаржылай мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжат ретінде қаржы ұйымы болып табылмайтын тұлға (қаржыландыратын) қарыз беруші болатын ақша қарызы шартының (алдын ала қарыз шарты) немесе қызметті қаржыландыру туралы шарттың көшірмесі ұсынылса, өтінішке қосымша осы тұлғада осы тармақтың 1), 3) немесе 4) тармақшаларында көзделген қаржылай мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжаттардың бірі қоса беріледі.
6. Өтініш иесінің барлау жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жеткілікті кәсіби мүмкіндіктерінің болуын растау үшін мынадай құжаттардың кез келгені:
1) штатында маманның болуы туралы анықтама немесе геология немесе геофизика саласындағы маманмен жасалған қызметтер көрсету шартының көшірмесі;
2) мердігер ұйыммен жасалған қызметтер көрсету шартының немесе өтініш иесіне барлауға арналған сұралатын лицензия берілген жағдайда осы Кодекстің 6-тарауына сәйкес өтініш иесі тағайындайтын, штатында осы тармақтың 1) тармақшасында санамаланған мамандардың бірі бар оператордың қызметтер көрсету шартының көшірмесі ұсынылады.
Егер өтініш иесінің кәсіби мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжат ретінде мердігер ұйыммен қызметтер көрсету шартының немесе осы Кодекстің 6-тарауына сәйкес өтініш иесі тағайындайтын оператордың қызметтер көрсету шартының көшірмелері ұсынылса, өтінішке қосымша тартылатын ұйымның (оператордың) штатында осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген мамандардың бірінің болуы туралы анықтама немесе тиісті маманмен қызметтер көрсету шартының көшірмесі қоса беріледі.
7. Өтінішке қоса берілетін құжаттардың көшірмелері нотариалдық куәландыруға тиіс.
8. Өтініш қазақ және орыс тілдерінде беріледі. Өтінішке қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Өтінішке қоса берілетін шет тілінде жасалған құжаттардың көшірмелері қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасымен беріледі, олардың дұрыстығын нотариус куәландырады.
9. Өтінішті беру кезі құзыретті органға өтініш келіп түскен күнмен және уақытпен айқындалады және ол есепке алынуға жатады.
10. Берілген өтініш туралы мәліметтер құзыретті органның интернет-ресурсында өтініш берілген күннен бастап екі күн ішінде орналастыруға жатады және олар мыналарды:
1) өтініш иесінің тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) не атауын;
2) өтініш иесі пайдалануына беруді сұраған жер қойнауы учаскесін айқындайтын блок (блоктар) кодын;
3) өтініштің келіп түскен күні мен уақытын қамтуға тиіс.
188-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны беру туралы өтінішті қарау
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Құзыретті орган өтінішті келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны беруден бас тартуға осы Кодекстің 190-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көзделген негіздер болмаған кезде, сондай-ақ осы баптың 2 және 3-тармақтарының ережелерін ескере отырып, өтініш берушіге осы Кодекстің 198-бабында көзделген пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етуді ұсыну қажеттігі туралы хабарлама жібереді.
Хабарлама өтініш берушіге жіберілген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде құзыретті органның интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.
Өтініш беруші пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етуді хабарлама жіберілген күннен бастап қырық жұмыс күнінен кешіктірмей құзыретті органға ұсынуға тиіс.
Құзыретті орган өтініш берушіге пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындауды тиісінше қамтамасыз ету ұсынылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей береді не хабарлама құзыретті органның интернет-ресурсында орналастырылған күннен бастап отыз бес жұмыс күні өткен соң оны беруден бас тартады.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Егер өтініште көрсетілген аумаққа осы Кодекстің 186-бабы 2-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген блок немесе мәлімделген аумақтың басқа блогымен ортақ жағы жоқ блок жатқызылса, мұндай блок лицензияға енгізілмейді, бұл туралы құзыретті орган өтініш берушіні хабардар етеді. Өтініш беруші хабарламаны алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өзіне берілуге жататын барлық блоктан немесе олардың бір бөлігінен бас тартуға құқылы. Егер көрсетілген мерзім өткеннен кейін өтініш беруші барлық блоктан бас тартпаса немесе блоктардың бір бөлігінен бас тартса, өтініш осы тармақтың ережелері ескеріліп, мәні бойынша қаралады.
Егер өтініште көрсетілген қандай да бір толық емес (ішінара) блок немесе толық емес (ішінара) блоктар осы Кодекстің 186-бабы 3-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген шарттарға сай келмесе, аталған блок (блоктар) та осы баптың бірінші бөлігінің қағидалары бойынша лицензияға енгізілмейді.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайда, лицензияға енгізілуге жатпайтын блоктарды және өтініш иесі бас тартқан блоктарды қоспағанда, өтініш осы өтініште көрсетілген блоктарға қатысты қаралады.
2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Егер осы баптың 2 және 3-тармақтарының ережелерін қолдану нәтижесінде блоктар осы Кодекстің 19-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес келетін, жер қойнауының пайдалануға беруге жататын екі және одан да көп жеке учаскесін қалыптастырса, құзыретті орган осындай жер қойнауы учаскелерінің әрқайсысына жеке лицензиялар береді.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Егер лицензия беруге өтініште көрсетілген блок толық болмаса, мұндай толық емес блок, осы тараудың ережелеріне қайшы келмейтін жағдайда берілетін лицензияға енгізілуге жатады.
Егер пайдалы қатты қазбаларды барлауға берілген лицензияда толық емес (ішінара) блок қамтылса, блоктар санын есептеу мақсаттары үшін бұл блок толық болып қаралады.
6. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны беруге өтініштерді беру және оларды қарау тәртібін құзыретті орган айқындайды.
189-бап. Сол бір блоққа пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны беруге өтініштерді қараудың басымдығы
1. Сол бір блокты қамтитын пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны беруге өтініштерді құзыретті орган олардың келіп түсу кезектілігі тәртібімен қарайды.
2. Кезекті өтініш алдыңғы қаралған өтініш бойынша лицензия беруден бас тартылғаннан кейін ғана қаралады.
Құзыретті орган кезекті өтінішті қарауға алдыңғы қаралған өтініш бойынша лицензия беруден бас тарту туралы өтініш иесін хабардар еткен күннен бастап он жұмыс күні өткен соң кіріседі.
Егер өтініш иесі бас тарту туралы шешімге сотқа шағым жасаса, құзыретті орган кезекті өтінішті қарау туралы мәселені шағымды қарау нәтижелері бойынша соттың шешімі күшіне енгеннен кейін шешеді.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия беруге өтінішті қарау кезіне пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған басқа лицензияға енгізіліп қойылған блоктарды ғана қамтитын осы өтініш бойынша лицензия беруден бас тарту туралы шешім қабылданады.
190-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны беруден бас тарту
1. Құзыретті орган мынадай негіздемелердің бірі болған кезде:
1) өтініш немесе оған қоса берілетін құжаттар осы Кодексте көзделген талаптарға сәйкес келмесе;
2) осы Кодексте талап етілетін құжаттар өтінішке қоса берілмесе;
3) өтініш берілгенге дейін бір жыл ішінде өтініш иесінің немесе өтініш иесін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын немесе оның бақылауындағы тұлғаның осы Кодексте көзделген негіздер бойынша құзыретті орган барлауға арналған лицензиясын немесе сұралатын жер қойнауы учаскесін толық немесе ішінара қамтитын пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензиясын кері қайтарып алса;
4) сұралатын аумақ осы Кодекстің 186-бабының 2-тармағында көрсетілген аумаққа және (немесе) блоктарға толық жататын болса;
5) өтініш берілгенге дейін күнтізбелік бір жыл ішінде өтініш иесі немесе өтініш иесін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын немесе оның бақылауындағы тұлға сұралатын жер қойнауы учаскесінен немесе оның бір бөлігінен бас тартса;
6) лицензияны беру елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіруге немесе жер қойнауын пайдалану құқықтарының шоғырлануына алып келетін болса;
7) сұралатын жер қойнауы учаскесінің аумағы көлемі бойынша шектеуден асып кетсе немесе осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8) өтініш берілген күн алдындағы бес жыл ішінде өтініш иесі немесе өтініш иесін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын немесе оның бақылауындағы тұлға өздерінің пайдалануында болған жер қойнауы учаскелерінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттемелерін орындамаса немесе тиісінше орындамаса;
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
9) өтініш беруші осы Кодекстің талаптарына сәйкес пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындауды тиісінше қамтамасыз етуді құзыретті органға ұсыну мерзімін сақтамаса, лицензия беруден бас тартады.
2. Лицензия беруден бас тарту жазбаша нысанда шығарылады, ол уәжді болуға тиіс.
Осы баптың 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес бас тарту осындай бас тарту үшін негіз болған себептер көрсетілместен шығарылады.
3. Өтініш иесі лицензияны беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лицензия беруден бас тарту туралы хабарлама алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей шағым жасауы мүмкін.
4. Лицензияны беруден бас тарту өтініш иесін қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
191-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияның мазмұны
Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияда осы Кодекстің 31-бабында көрсетілген мәліметтер мен шарттардан басқа, жер қойнауын пайдаланудың мынадай шарттары қамтылуға тиіс:
1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына белгіленген мөлшерде және тәртіппен қол қою бонусын төлеу және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін ақы төлеу (жалдау төлемі) туралы міндеттеме;
2) пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларға арналған жыл сайынғы ең төмен шығыстар бойынша міндеттемелер мөлшері;
3) міндеттемелерді бұзғаны үшін лицензияны қайтарып алу негіздемесі.
192-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларға арналған жыл сайынғы ең төмен шығыстар
1. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензиясы бар жер қойнауын пайдаланушы осы бапта белгіленген барлау жөніндегі операцияларға арналған жыл сайынғы ең төмен шығыстар туралы талаптарды сақтауға міндетті.
2. Барлау жөніндегі операциялардың жыл сайынғы ең төмен шығыстары мынадай мөлшерлерде белгіленеді:
1) барлау мерзімінің бірінші жылы мен үшінші жылы аралығын қоса алғанда, әрбір жыл ішінде:
барлауға арналған лицензия бойынша бір блок кезінде 1200 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша блок саны екіден беске дейінгі кезінде 1800 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша блок саны алтыдан онға дейінгі кезінде 2300 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша он блоктан асқан кезде әрбір келесі блок үшін қосымша 120 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленеді;
2) барлау мерзімінің төртінші жылы мен алтыншы жылы аралығын қоса алғанда, әрбір жыл ішінде:
барлауға арналған лицензия бойынша бір блок кезінде 1200 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша блок саны екіден беске дейінгі кезінде 2300 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша блок саны алтыдан онға дейінгі кезінде 3500 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша он блоктан асқан кезде әрбір келесі блок үшін қосымша 180 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленеді;
3) барлау мерзімінің жетінші жылы мен сегізінші жылы аралығын қоса алғанда, әрбір жыл ішінде:
барлауға арналған лицензия бойынша бір блок кезінде 1800 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша блок саны екіден беске дейінгі кезінде 3500 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша блок саны алтыдан онға дейінгі кезінде 5800 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша он блоктан асқан кезде әрбір келесі блок үшін қосымша 230 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленеді;
4) барлау мерзімінің тоғызыншы жылы мен оныншы жылы аралығын қоса алғанда, әрбір жыл ішінде:
барлауға арналған лицензия бойынша бір блок кезінде 2300 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша блок саны екіден беске дейінгі кезінде 5800 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша блок саны алтыдан онға дейінгі кезінде 8000 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша он блоктан асқан кезде әрбір келесі блок үшін қосымша 350 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленеді;
5) барлау мерзімінің он бірінші жылынан бастап әрбір жыл ішінде:
барлауға арналған лицензия бойынша бір блок кезінде 3500 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша блок саны екіден беске дейінгі кезінде 8000 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша блок саны алтыдан онға дейінгі кезінде 11500 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
барлауға арналған лицензия бойынша он блоктан асқан кезінде әрбір келесі блок үшін қосымша 460 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленеді.
3. Барлау мерзімінің соңғы толық емес жылында ең төмен шығыстар көрсетілген жылдағы барлау мерзімінің әрбір толық айы үшін пропорционалды түрде есептеледі.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Барлаудың кез келген жылы ішінде барлау учаскесінен бас тартылған кезде ең төмен шығыстар көрсетілген жылдағы барлау мерзімінің әрбір толық айы үшін пропорциналды түрде есептеледі.
5. Барлау үшін толық емес блокпен немесе толық емес блоктармен айқындалған жер қойнауы учаскесі берілген кезде ең төмен шығыстарды есептеу толық блокпен немесе толық блоктармен айқындалатын барлау учаскесіне сәйкес келетін мөлшерде жүргізіледі.
6. Барлау жөніндегі операцияларға арналған ең төмен шығыстарды есептеу республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген және есепті жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш негізінде жүргізіледі. Барлауға арналған ең төмен шығыстарды есептеу барлау учаскесі бойынша жүзеге асырылған шығыстарға қатысты ғана жүргізіледі.
7. Жеке лицензия бойынша пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларға арналған шығыстарға барлау учаскесі бойынша жер қойнауын пайдаланушы шығыстарының мынадай түрлерінің кез келгені:
1) геологиялық-барлау жұмыстары: геологиялық карталау, сынамаларды іріктеу, бұрғылау, кернді құжаттандыру, кернсіз бұрғылау үлгілерін құжаттандыру, геологиялық деректерді түсіндіру мен өндеу, петрология, геологиялық-барлау бағдарламаларын жоспарлау, геологиялық барлау жұмыстарына байланысты есептерді дайындау;
2) геохимиялық жұмыстар: геохимиялық сынамаларды іріктеу, геохимиялық деректерді талдау, өндеу және түсіндіру;
3) жерүсті геофизикасын және аэрогеофизиканы қоса алғанда, геофизикалық жұмыстар: геофизикалық зерттеулер, кәсіпшілік геофизикалық зерттеулер, геофизикалық деректерді өңдеу және түсіндіру;
4) қашықтықтан зондтау бойынша жұмыстар: аэрофототүсірілім, ғарыштан түсірілім, қашықтықтан зондтауды жаңғырту, бейнелерді талдау, суреттерді өңдеу және түсіндіру;
5) іздестіру жұмыстары: геодезиялық және жерге орналастыру жұмыстары, координаттық торшаны түсіру, координат желілерін, олардың қиылыстарын, учаскелері шекараларын нақтылау және тағы сол сияқты;
6) кернмен бұрғылау: алмаспен бұрғылау, кіру жолдарын және бұрғылау алаңдарын дайындау;
7) кернсіз бұрғылау: бұрғылау бойынша шығыстар, кіру жолдарын және бұрғылау алаңдарын дайындау жөніндегі жұмыстар;
8) арықтарды, траншеяларды, шурфтарды тарту және басқа да барлау тау-кен қазбаларын жүргізу: техникалар мен жабдықтарды жалдауды қоса алғанда, тау-кен қазбаларын жүргізу бойынша шығыстар;
9) далалық топтарды жабдықтау: барлау керек-жарағы, шығыс материалдары және провиант, техника мен жабдықтарды жалдау, жанар-жағармай материалдары, тікелей барлау жабдығының тозуы, штаттан тыс жұмыс персоналы көрсететін қызметтерге ақы төлеу;
10) жобалау-конструкторлық және эскиздік жұмыстар: эскиздік және жобалау-конструкторлық жұмыстарға арналған жабдық, шығыс материалдары, эскиздік және жобалау-конструкторлық жұмыстарды орындайтын персоналдың еңбегіне ақы төлеу;
11) тасымалдау: барлау учаскесінде жүргізілетін пайдалы қатты қазбалар бойынша геологиялық-барлау жұмыстарымен тікелей байланысты көліктік шығыстар;
12) далалық лагерьлерді орналастыру бойынша жұмыстар: далалық геологиялық-барлау лагерін орналастыру және күтіп-ұстау, тамақтану мен тұру, тасымалдау, тікұшақ көлігінің қызметтері;
13) қоршаған ортаның жай-күйін зерттеу;
14) пайдалы қатты қазбалардың табылған кен орнын одан әрі барлаудың немесе кейіннен әзірлеудің техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау;
15) барлау салдарын жою, бұзылған жерлерді рекультивациялау бойынша жұмыстар;
16) тиісті лицензия бойынша барлау үшін жобалау құжаттарын әзірлеу;
17) пайдалы қатты қазбаларды қайта өндеу технологияларын таңдау бойынша зерттеулер жатады.
8. Жеке лицензия бойынша барлау жөніндегі операцияларға арналған шығыстарға басқарушылық және әкімшілік мұқтаждықтарға, бухгалтерлік есепті жүргізуге, ғылыми зерттеулерге, персоналды оқытуға арналған шығыстар және осыған ұқсас басқа да шығыстар жатуы мүмкін.
Барлауға арналған шығыстарды есептеген кезде осындай шығыстардың үлесі жер қойнауын пайдаланушы мерзімдік есепте мәлімдеген жалпы шығыстардың жиырма пайызынан аспауға тиіс.
9. Барлауға арналған шығыстарға:
1) жергілікті жерде барлау учаскесінің шекараларын межелік және геодезиялық белгілерді орналастыруға, оның ішінде жерге орналастыру жұмыстарына;
2) жер қойнауын пайдалану құқығын алуға қосымша шығыстарды қоса алғанда, осындай сатып алуға;
3) қолда бар лицензия бойынша барлау учаскесіне тікелей байланысты емес ғылыми-зерттеу жұмыстарына;
4) жер учаскелерінің меншік иелеріне және пайдаланушыларға залалдарды өтеуге байланысты өтемақыға арналған шығыстар жатқызылмайды.
10. Осы бапта көзделген барлауға арналған ең төмен шығыстар бойынша міндеттемелер бұзылған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы жеткіліксіз шығыстарды жүргізуге және есепті жылдан кейінгі төрт айдан кешіктірмей, бұл туралы құзыретті органға есепті ұсынуға міндетті.
Жер қойнауын пайдаланушының осы тармаққа сәйкес шеккен шығыстары ағымдағы жылғы шығыстарда ескерілмейді.
193-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия мерзімі
1. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия кезекті алты жылға беріледі.
2. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия мерзімі жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша бір рет кезекті бес жылға дейінгі кезеңге ұзартылуы мүмкін.
3. Егер барлауға арналған лицензия он және одан да көп блокты қамтыса, оның мерзімін ұзартуға, жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны алу үшін мәлімдеген аумақ шегіндегі блоктарды шегергенде, лицензияны беру кезінде барлау аумағына енгізілген блоктардың жалпы санынан есептелетін блоктардың кемінде қырық пайызын құрайтын аумақ барлау учаскесінің бөлігінен жер қойнауын пайдаланушы бас тартқан жағдайда жол беріледі.
4. Ұзарту туралы өтініш құзыретті органға ол бекіткен нысан бойынша барлауға арналған лицензия қолданысының алтыншы жылы ішінде беріледі. Өтініш құзыретті органға ол берілген күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады. Егер өтінішті қарау кезеңінде барлауға арналған лицензияның мерзімі өтіп кетсе, осындай қарау кезеңінде лицензияның қолданысы жалғастырылады. Барлауға арналған лицензияны ұзарту мерзімін есептеу өтіп кеткен мерзімнің соңғы күнінен кейінгі күннен басталады.