6. Мұнайдың төгілу көзін оқшаулау және мұнайдың төгілуін жою жөніндегі іс-шараларды, авариялар, тосын оқиғалар себептерін тергеп-тексеру жүргізілгеннен кейін мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектілердің меншік иелері және (немесе) мұнайдың төгілуін жою жөніндегі мамандандырылған ұйымдар қоршаған ортаны қорғау саласындағы және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдарға жүргізілген жұмыс туралы есепті ұсынады.
Теңіз объектілерінің меншік иелері көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға есепті қосымша береді.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектінің меншік иесі теңізде, су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуі салдарынан экологиялық залалды толық көлемде жоюға және үшінші тұлғаларға келтірілген зиянды, сондай-ақ мемлекеттің мұнайдың төгілуін жою жөніндегі шығыстарын толық көлемде өтеуге міндетті.
8. Осы баптың талаптары объектілеріне 1973 жылғы Кемелерден ластанудың алдын алу жөніндегі 1978 жылғы Хаттамамен (МАРПОЛ 73/78) өзгертілген халықаралық конвенцияның қолданысы қолданылатын тұлғаларды қоспағанда, теңізде мұнайдың төгілу тәуекелімен байланысты қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға да қолданылады.
157-бап. Теңіз объектілерін құру және пайдалану
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде теңізде және ішкі су айдындарында жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған базалық жобалау құжатына сәйкес қоршаған ортаның қорғалуын және сақталуын қамтамасыз ету жағдайында теңіз объектілерін құруға, орналастыруға және пайдалануға жол беріледі.
Теңіз объектілерін құруға және орналастыруға су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті органмен, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті органмен, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен, қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын орталық атқарушы органмен келісілген көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның рұқсаты бойынша жол беріледі.
2021.23.02. № 11-VII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Теңіз объектілерінің айналасында осындай теңіз объектілерінің сыртқы шетінің әрбір нүктесінен өлшенетін бес жүз метр қашықтыққа созылатын қауіпсіздік аймақтары белгіленеді. Теңіз объектілері, сондай-ақ оларды қоршайтын қауіпсіздік аймақтары халықаралық кеме қатынасы мен балық аулау үшін маңызды мәні бар теңіз жолдарында кедергі болмайтын орындарда орналастырылады.
3. Теңіз объектілерін күтіп-ұстау және пайдалану үшін жауапты тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың қорғалуын, сондай-ақ олардың орналасқан жері туралы ескерту жөніндегі тиісті құралдардың болуын қамтамасыз етуге тиіс.
4. Теңізде және ішкі су айдындарында көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жүргізілген кезде теңіз объектілерін пайдалану аяқталған соң, осындай теңіз объектілерін, егер оларды шаруашылық және өзге де мақсаттарда пайдалануға болмайтын болса, оларды адамдар мен қоршаған ортаның қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтіндей, кеме қатынасына немесе балық аулау ісіне кедергі келтірмейтіндей етіп демонтаждау қажет.
5. Көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүргізу кезінде пайдаланылатын теңіз объектілерін теңізде және ішкі су айдындарында құру, орналастыру және пайдалану көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
158-бап. Теңізде мұнай сақтау қоймалары мен резервуарларын салуға және пайдалануға тыйым салу
1. Теңізде мұнай сақтау қоймалары мен резервуарларын салуға және пайдалануға тыйым салынады.
2. Мұнайды танкерлермен тікелей теңіз объектілерінен тасымалдау кезінде мұндай мұнайды уақытша (күнтізбелік жиырма күннен аспайтын) сақтауды қоспағанда, теңіз объектілерінде мұнайды қоймада сақтауға және ұстауға тыйым салынады.
159-бап. Теңізде көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүргізу кезінде қалдықтарды тастауға және көмуге тыйым салу
1. Теңізде көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүргізу кезінде теңізге қалдықтарды тастауға және теңіз түбіне көмуге тыйым салынады.
2. Өндірістік және басқа да сарқынды суларды теңізге ағызу осындай сулар белгіленген нормативтерге дейін тазартылған жағдайда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның рұқсатымен және бақылауымен ғана жүзеге асырылады.
VIII БӨЛІМ. УРАН ӨНДІРУ
22-тарау. Уран өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру және тоқтату ерекшеліктері
1-параграф. Уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде уран өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру
160-бап. Уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде уран өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру шарттары
1. Уран саласындағы ұлттық компания ретінде акцияларының бақылау пакеті мемлекетке немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шарттармен уран саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұлттық басқарушы холдингке тиесілі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған акционерлік қоғам танылады.
2. Уран саласындағы ұлттық компанияға өндіруге арналған жер қойнауы учаскесі тікелей келіссөздер негізінде беріледі.
3. Уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде берілген өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес) акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тек уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғаға ғана берілуі мүмкін.
Мұндай заңды тұлға кез келген келесі беруде алынған жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тек уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғаға ғана беруге құқылы.
161-бап. Уран саласындағы ұлттық компанияның тікелей келіссөздер жүргізуге өтініші
1.Тікелей келіссөздер негізінде уран өндіру үшін жер қойнауы учаскесін пайдалануға алуға ниеті бар уран саласындағы ұлттық компания құзыретті органға уран саласындағы ұлттық компания алуға үміттенетін жер қойнауы учаскесінің шекарасын көрсете отырып, өтініш жолдайды.
2.Өтініш және оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс.
162-бап. Уран саласындағы ұлттық компаниямен тікелей келіссөздер жүргізу тәртібі
1.Уран саласындағы ұлттық компанияға өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша тікелей келіссөздер уран саласындағы ұлттық компанияның уәкілетті өкілдері мен құзыретті органның жұмыс тобы арасында жүргізіледі. Жұмыс тобы туралы ережені және оның құрамын құзыретті орган бекітеді.
2. Тікелей келіссөздер өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде жүргізіледі. Тікелей келіссөздер жүргізу мерзімі құзыретті органның шешімі бойынша ұзартылуы мүмкін.
3. Егер тікелей келіссөздер жүргізуге арналған өтінішті беру кезінде не тікелей келіссөздер барысында уран саласындағы ұлттық компания жұмыстарда және көрсетілетін қызметтерде жергілікті қамту бойынша елу пайыздан астам мөлшерде міндеттемелер ұсынылған жағдайда, ұсынылған міндеттемелер уран өндіруге арналған келісімшартта белгіленеді.
4. Құзыретті орган тікелей келіссөздер нәтижесінде келісімшартты жасасу туралы немесе оны жасасудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
5. Уран өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы шешім қабылданған жағдайда уран саласындағы ұлттық компания ол қабылданған күннен бастап күнтізбелік он екі ай ішінде:
1) тікелей келіссөздер нәтижесінде айқындалған қол қою бонусын төлейді;
2) осы Кодекске сәйкес уран өндірудің тәжірибелік-өнеркәсіптік жобасын әзірлеуге және оның сараптамаларын қамтамасыз етуге міндетті;
3) құзыретті органға қол қою бонусын төлегенін растауды және өз тарапынан қол қойылған, құзыретті орган бекіткен, уранды өндіруге арналған типтік келісімшартқа сәйкес әзірленген уран өндіруге арналған келісімшартты жібереді.
Уран өндіруге арналған келісімшартта ұзақтығы тікелей келіссөздер нәтижесінде айқындалатын тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңі бекітіледі.
Тиісті жобаны әзірлеу және келісу жер қойнауын пайдаланушының еркіне қатысты емес мән-жайлар бойынша мерзімінде аяқталмаса, осы тармақта көрсетілген мерзім құзыретті органның шешімі бойынша алты айға дейінгі мерзімге ұзартылуы мүмкін.
6. Құзыретті орган уран өндіруге арналған келісімшартты және қол қою бонусының төленгенін растауды алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде уран өндіруге арналған келісімшарт жасасады және оның данасын (даналарын) уран саласындағы ұлттық компанияға жібереді.
2-параграф. Уран өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығының тоқтатылуы
163-бап. Құзыретті органның біржақты тәртіппен уран өндіруге арналған келісімшарт қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатуы
1. Құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушыны жол берілген бұзушылықтар туралы мынадай:
1) осы Кодекстің 180-бабында көзделген есептілікті ұсынбаған не көрінеу анық емес есептілікті ұсынған;
2) жер қойнауын пайдаланушының уран өндіруге арналған келісімшартта белгіленген қаржылық міндеттемелерді ағымдағы жыл үшін отыз пайыздан кем орындаған;
3) белгіленген графикке сәйкес қамтамасыз ету сомасын қалыптастырмай не қамтамасыз ету сомасын қалыптастыру графигін бұза отырып, жердің жоғарғы қабатының бұзылуымен байланысты уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізген;
4) жер қойнауын пайдаланушының уран өндіруге арналған келісімшартта белгіленген міндеттемелерді бұзған өзге де жағдайларда жазбаша хабардар етеді.
Жер қойнауын пайдаланушы жол берілген бұзушылық туралы хабарламаны алған күннен бастап үш ай ішінде - осы тармақтың 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген бұзушылықтарды жоюға, ал уран өндіруге арналған келісімшартта белгіленген өзге де міндеттемелерді бұзушылықтарды - хабарламада көрсетілген мерзімде жоюға және жоюды растайтын құжаттарды қоса бере отырып, құзыретті органға бұл туралы жазбаша түрде хабарлауға міндетті.
2. Жер қойнауын пайдаланушы осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген бұзушылықтардың біреуін үш ай мерзімде жоймаған жағдайда, сондай-ақ уран өндіруге арналған келісімшартта белгіленген өзге де міндеттемелердегі екіден астам бұзушылықты құзыретті органның хабарламасында көрсетілген мерзімде жоймаған кезде құзыретті орган уран өндіруге арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
3. Құзыретті орган:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызметке тыйым салу туралы сот шешімі күшіне енген;
2) жер қойнауын пайдаланушының тиісінше бекіткен және осы Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған жобалау құжаттарынсыз уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізген;
3) жер қойнауын пайдалану құқығының және жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуына қатысты осы Кодекстің талаптарын жер қойнауын пайдаланушы бұзған жағдайларда уран өндіруге арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатады.
4. Құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуды жер қойнауын пайдаланушыға жазбаша хабарлама жіберу арқылы жүргізеді.
Жер қойнауын пайдаланушы мұндай хабарламаны алған күннен бастап екі ай өткеннен кейін келісімшарттың қолданысы тоқтатылады.
5. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын құзыретті органның мерзімінен бұрын тоқтатуының заңдылығын олар хабарламаны алған күннен бастап екі ай ішінде сотта даулауға құқылы. Жер қойнауын пайдаланушы сотқа жүгінген жағдайда, осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзім сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құзыретті орган уран өндіруге арналған келісімшарттың қолданысын, соның ішінде, егер жер қойнауын пайдаланушының стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскелерінде уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі әрекеттері ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін өзгертуге алып келетін жағдайда осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттың қолданысын мерзімінен бұрын біржақты тәртіппен тоқтатуға құқылы.
Келісімшарттың қолданысы көрсетілген негіз бойынша бір жақты тәртіппен тоқтатылған жағдайда құзыретті орган бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыға екі айдан кешіктірмей ескертуге тиіс.
7. Егер жер қойнауын пайдаланушының стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскелеріне қатысты уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі әрекеттері ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін өзгертуге алып келетін жағдайда, құзыретті орган Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру мақсатында келісімшарттың, оның ішінде осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттың талаптарын өзгертуді және (немесе) толықтыруды талап етуге құқылы.
Құзыретті орган уран өндіруге арналған мұндай келісімшарттың қолданысын, егер:
1) құзыретті органнан келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру туралы хабарлама алған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде жер қойнауын пайдаланушы жазбаша түрде келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру бойынша келіссөздер жүргізуге өз келісімін растамаса не оны жүргізуден бас тартса;
2) келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру бойынша келіссөздер жүргізуге жер қойнауын пайдаланушының келісімін алған күннен бастап төрт айға дейінгі мерзімде тараптар келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру бойынша келісімге қол жеткізбесе;
3) Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру бойынша келісілген шешіміне қол жеткізу күнінен бастап алты айға дейінгі мерзімде тараптар келісімшарттың талаптарына өзгерістерге және (немесе) толықтыруларға қол қоймаса, біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
164-бап. Уран өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған кездегі жер қойнауы учаскесі мен мүлік
1. Уран өндіруге арналған келісімшарттың қолданысы тоқтатылған күннен бастап осы келісімшартта бекітілген жер қойнауы учаскесі (учаскелері) мемлекетке қайтарылған болып табылады.
2. Өндіру кезеңі аяқталған күннен бастап өндіру учаскесі (учаскелері) мемлекетке қайтарылған болып табылады.
Егер уран өндіруге арналған келісімшартта екі және одан да көп өндіру учаскесі бекітілген болса, онда өндіру учаскелерінің бірі бойынша өндіру кезеңі аяқталған күннен бастап мұндай учаске мемлекетке қайтарылған болып табылады.
3. Уран өндіруге арналған келісімшарттың қолданысы тоқтатылған кезде құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушыны мына шешімдердің бірі туралы:
1) осы жер қойнауы учаскесіндегі жер қойнауын пайдалану салдарын жою;
2) жер қойнауы учаскесін консервациялауды жүргізу;
3) жер қойнауы учаскесін уран саласындағы ұлттық компанияның сенімгерлік басқаруына беру туралы хабардар етеді.
4. Хабарлама мынадай мерзімдерде:
1) өндіру кезеңі аяқталған соң уран өндіруге арналған келісімшарттың қолданылу мерзімі өткен жағдайда - осындай аяқталғанға дейін екі айдан кешіктірмей;
2) құзыретті орган уран өндіруге арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда - уран өндіруге арналған келісімшарттың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтату туралы хабарламаны жібере отырып, бір мезгілде;
3) тараптардың келісімі бойынша уран өндіруге арналған келісімшартты бұзған жағдайда - келісімшартты бұзу туралы келісімге қол қоя отырып, бір мезгілде жіберіледі.
5. Құзыретті органның жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану салдарын жою не жер қойнауы учаскесін консервациялау шешімі туралы хабарламасын алған тұлға:
1) дереу тоқтатылуы төтенше жағдайлардың туындау қатерімен байланысты болатын операцияларды қоспағанда, жер қойнауы учаскесінде уран өндіру жөніндегі операцияларды тоқтатуға міндетті. Мұндай операцияларды тоқтату хабарламаны алған күннен бастап екі ай ішінде жүзеге асырылуы тиіс;
2) осы Кодексте көзделген жою немесе консервациялау жобасы сараптамаларының оң қорытындылары бекітілгеннен және алынғаннан кейін осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес жер қойнауын пайдалану салдарын жою немесе жер учаскесін консервациялау жөніндегі жұмысты дереу бастауға міндетті;
3) хабарламаны алған күннен бастап алты ай ішінде өзі өндірген уранды, сондай-ақ өзінің меншігі болып табылатын жабдық пен өзге де мүлікті шығаруға құқылы. Көрсетілген мерзімде шығарылмаған жабдық пен өзге де мүлік осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес жойылуға немесе консервациялауға жатады.
6. Бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы болмаған не ол осы баптың 5-тармағының 2) тармақшасында көзделген міндеттерді орындаудан бас тартқан жағдайда, жер қойнауын пайдалану салдарын жою немесе жер қойнауы учаскесін консервациялау бойынша жұмыстарды жүргізу қамтамасыз ету қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Бұл ретте уран өндіру саласындағы уәкілетті орган осы баптың 4-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда кепіл нысанын толық көлемде, ал осы баптың 4-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жағдайда жер учаскесін консервациялау бойынша жұмыстарды жүргізуге іс жүзінде кеткен шығындар көлемінде өндіріп алуға құқылы.
7. Құзыретті органның уран саласындағы ұлттық компанияның сенімгерлік басқаруына жер қойнауы учаскесін беру шешімі туралы хабарламасын алған тұлға:
1) хабарламаны алған күннен бастап бір ай мерзімде жер қойнауы учаскесіндегі технологиялық процестің үздіксіздігін және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жабдық пен өзге де мүлікті жаңа жер қойнауын пайдаланушыға мүлікті бергенге дейінгі мерзімге уран саласындағы ұлттық компанияның сенімгерлік басқаруына беруге міндетті.
Бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы болмаған не ол мүлікті уран саласындағы ұлттық компанияға беруден бас тартқан жағдайда, құзыретті орган осындай мүлікке қатысты оның сенім білдірген өкілі ретінде әрекет етеді және берілетін мүліктің жай-күйі туралы көрсетуді көздейтін тізбесі бар акті бойынша оны уран саласындағы ұлттық компанияға береді;
2) хабарламаны алған күннен бастап алты ай ішінде өзі өндірген уранды, осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген объектілерді қоспағанда, өзінің меншігі болып табылатын жабдық пен өзге де мүлікті шығаруға құқылы.
8. Осы баптың 3-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда:
1) сенімгерлік басқарушы осы баптың 7-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мүлікті бағалауды ұйымдастырады;
2) осы баптың 7-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мүлік уран өндіруге арналған келісімшарт жасалған күннен бастап осындай мүліктің құнын бұрынғы жер қойнауын пайдаланушыға төлейтін жаңа жер қойнауын пайдаланушының меншігіне өтеді.
9. Осы баптың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда:
1) құзыретті орган уран өндіруге арналған келісімшарт жасалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бұрынғы жер қойнауын пайдаланушыға жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін банктік салым бойынша құқықтарды жаңа жер қойнауын пайдаланушыға беру қажеттілігі және осындай беру мерзімдері туралы хабарламаны жібереді;
2) бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы хабарламада көрсетілген мерзімде жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін банктік салым бойынша құқықтарды жаңа жер қойнауын пайдаланушыға береді.
165-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған кездегі жер қойнауы учаскесі мен мүлікті сенімгерлік басқару
1. Осы Кодекстің 164-бабының 7-тармағында көзделген жағдайда, құзыретті орган жер қойнауы учаскесін кейіннен өзге тұлғаға беру үшін оны уран саласындағы ұлттық компанияның сенімгерлік басқаруына беру шешімі туралы хабарлама жіберілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уран саласындағы ұлттық компаниямен осы жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шартын жасасады.
2. Жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес әзірленеді және жасалады және сенімгерлік басқарушыға:
1) уран өндіруді жүргізуге арналған келісімшарт жасамастан уран өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыру;
2) жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін жер пайдалану құқығында жер учаскесін алу құқығын береді.
3. Сенімгерлік басқарушының жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқаруы кезінде жүргізген және белгіленген тәртіппен расталған шығыстарын, жүргізілген шығыстардың қажеттілігін растайтын құжаттарды ұсынған кезде оны пайдаланудан түскен кірістер есебінен өтетуге құқығы бар.
Шығыстар осылайша өтелген жағдайда жаңа жер қойнауын пайдаланушы осы бапқа сәйкес бұрын өтелген сенімгерлік басқарушының шығындарының орнын толтырмайды.
Кіріс болмаған не ол жеткіліксіз болған жағдайда шығыстарды өтеу құрылтайшының (пайда алушының) есебінен жүзеге асырылады.
4. Сенімгерлік басқарушының шығыстарын өтеуге және сенімгерлік басқару шартын орындауға байланысты салықтарды төлеуге жұмсалған сомаларды қоспағанда, сенімгерлік басқарудан түскен кірістер сенімгерлік басқару шартының қолданылуын тоқтату нәтижелері бойынша құрылтайшыға (пайда алушыға) жіберіледі.
5. Жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шарты шеңберінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу осы Кодексте көзделген талаптарды сақтаусыз жүзеге асырылады.
6. Сенімгерлік басқарушы жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шартымен өзіне берілген өкілеттіктерді асыра пайдалана отырып немесе белгіленген шектеулерді бұза отырып жасаған мәмілелерден туындайтын міндеттемелер бойынша өз мүлкімен жауап береді.
7. Жер учаскесі сенімгерлік басқарушыға жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шартының қолданылу мерзіміне, бірақ ол жасалған күннен бастап он жылдан аспайтын мерзімге қайта ресімделеді.
23-тарау. Уран өндіру учаскелері мен аумақтары
166-бап. Уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілетін жер қойнауы учаскелері
1. Жер қойнауы учаскелері уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде уран өндіру үшін беріледі.
2. Уран өндіру үшін жер қойнауы учаскелері олардың шегінде табылған уран шоғырларының жатқан тереңдігімен шектеледі.
3. Уран өндіруге арналған келісімшартта бірнеше жер қойнауы учаскелері көзделуі мүмкін.
4. Уран өндіруге арналған бір келісімшарт шеңберінде уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде берілетін жер қойнауы учаскелерінің көлемі жиынтығында екі жүз блоктан аспайды.
167-бап. Жер қойнауы учаскесін беру
1. Уран өндіруге арналған келісімшарт тіркелген күннен бастап жер қойнауы учаскесі жер қойнауын пайдаланушыға пайдалануға берілген болып табылады.
2. Учаскені және тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңі мен өндіру кезеңін бекітуді көздейтін уран өндіруге арналған келісімшартты немесе уран өндіруге арналған келісімшартқа қосымшаны жасау Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушыға өзіне қажетті жер учаскесіне жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін негіз болып табылады.
168-бап. Түрлендіру ұғымы мен түрлері
1. Жер қойнауы учаскелерін түрлендіру:
1) жер қойнауы учаскесін ұлғайту;
2) жер қойнауы учаскесін азайту арқылы жасалатын кеңістіктік шекараларын өзгерту болып табылады.
2. Түрлендірілген учаскелерді пайдаланушы бір тұлға (бір тұлғалар) болып табылған жағдайда жер қойнауы учаскелерін түрлендіруге жол беріледі.
169-бап. Жер қойнауы учаскесін ұлғайту
1. Уран өндіруге арналған келісімшарт бойынша жер қойнауы учаскесін ұлғайту мына шарттарды бір мезгілде сақтаған кезде:
1) жер қойнауын пайдаланушы барлау жұмыстарын жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушының бекіткен және осы Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған жобалау құжатында белгіленген, өндіруге арналған жер қойнауы учаскесіне жанасатын кенжатынды (кен шоғырлары жиынтығын) тапса;
2) сұралатын учаске уран бойынша жер қойнауын пайдаланудан бос болса;
3) жер қойнауы учаскесі блоктар шегінде жер қойнауын пайдаланушының бекіткен және осы Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған жобалау құжатында белгіленген, табылған кенжатынның (кен шоғырлары жиынтығының) контурлары орналасатын блоктармен сұратылса;
4) құзыретті органның хабарламасында көрсетілген уран өндіруге арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушы міндеттемелерінің жойылмаған бұзушылықтары болмаса, жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша жүргізіледі.