4-тармақтың үшінші және төртінші бөліктері 2024 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
Осы тармақтың төртінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар үшін өзінен әлеуметтiк аударымдар жүргізілген әрбір айдағы кіріс тиiстi қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгiленген бiр ең төмен жалақы мөлшерінің деңгейiнде қабылданады.
Сол бір кезең үшін жұмыс берушіден және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші болып табылатын жеке тұлғадан әлеуметтік аударымдар келіп түскен жағдайда, бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты кірісінен айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемді есептеу кезінде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші болып табылатын жеке тұлғаның кірісі қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген кіріс деңгейінде қабылданады.
Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты кірісінен айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемнің мөлшері осы Заңның 26-бабына сәйкес ұстап қалуға жататын міндетті зейнетақы жарналары қосымша есептеле отырып, «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес баланың туу кезектілігіне қарай белгіленген, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінен кем болмайды.
Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері әлеуметтік төлемге құқық туындаған күнге республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының 7 еселенген мөлшерінің 40 пайызынан аспауға тиіс.
5. Алушы қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған), ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтары шектелген, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген жағдайларда, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылуы жағдайына арналған әлеуметтік төлем баланы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құжаттар негізінде мемлекеттің толық қамтамасыз етуіне белгілеу жағдайларын қоспағанда, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімін жүзеге асыратын адамға жүргізіледі.
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 25-бап өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
25-бап. Әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру тәртібі
Әлеуметтік төлемдер ағымдағы ай үшін ақшаны алушының банктік шоттарына аудару жолымен не алушының электрондық ақшаның электрондық әмияндарына электрондық ақша түрінде Мемлекеттік корпорация арқылы жүргізіледі.
26-бап. Әлеуметтiк төлемдерден ұстап қалу
1. Еңбекке қабілеттіліктен айырылу және (немесе) жұмысынан айырылу жағдайларына, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайларына арналған әлеуметтiк төлемдерден Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес мiндеттi зейнетақы жарналары ұстап қалынады және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жiберiледi.
2. Алушының өтініші негізінде ұстап қалу жүргізілетін артық есепке жатқызылған (төленген) әлеуметтік төлемдердің сомалары жағдайларынан басқа, әлеуметтік төлемдерден ұстап қалу атқарушылық іс жүргізу тәртібімен жүргізілуі мүмкін.
Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайларына арналған әлеуметтiк төлемдерден атқарушылық іс жүргізу тәртібімен ұстап қалу жүргізілмейді.
3. Әлеуметтік төлемдерден ұстап қалу төленуге тиесілі сомадан жүргізіледі.
4. Еңбекке қабілеттіліктен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайларына арналған әлеуметтік төлемдерден төленуге тиесілі соманың 25 пайызынан асырып ұстап қалуға болмайды.
27-бап. Әлеуметтік төлемдерді тоқтата тұру және қайта бастау
1. Әлеуметтік төлем:
1) алушының Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұрғылықты жерге кеткені туралы;
2) алушының бас бостандығынан айыру түрінде сот тағайындаған қылмыстық жазаны өтеп жатқаны туралы;
3) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттың, қандас куәлігінің қолданылу мерзімінің өткені туралы, оның ішінде ақпараттық жүйелерден алынған;
4) іздестірудегі адамдарды хабарсыз кеткен деп тану фактісінің анықталуы туралы, оның ішінде ақпараттық жүйелерден алынған;
2021.12.10. № 67-VII ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұруға рұқсат алғанға дейін алушының «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату фактілерінің анықталуы туралы, оның ішінде ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады.
2. Еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлем осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша, сондай-ақ алушының еңбекке қабілеттіліктен айырылуының белгіленген кезеңі аяқталған күннен бастап еңбекке қабілеттіліктен айырылудың кезекті кезеңі белгіленгенге дейін тоқтатыла тұрады.
3. Асыраушысынан айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлем осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша, сондай-ақ:
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған, бала кезінен бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға мүгедектік белгіленген мерзім аяқталған күннен бастап қайта куәландырылғанға дейін;
2) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы берген, қайтыс болған (coт хабарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының отбасы мүшелерінің күндізгі оқу нысаны бойынша оқушылар немесе студенттер болып табылатыны туралы анықтаманың қолданылу мерзімі өткен күннен бастап тоқтатыла тұрады.
4. Әлеуметтік төлем әлеуметтік төлемнің тоқтатыла тұруын туғызған мән-жайлардың аяқталғанын растайтын құжаттардың және (немесе) ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтердің негізінде қайта басталады.
28-бап. Әлеуметтік төлемдерді тоқтату
1. Әлеуметтік төлем:
1) алушының қайтыс болуына (соттың хабарсыз кеттi деп тануына немесе қайтыс болды деп жариялауына) байланысты тоқтатылады. Бұл ретте әлеуметтік төлем алушы қайтыс болған айды қоса алғанда (соттың хабарсыз кеттi деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап) жүзеге асырылады;
2) алушының әлеуметтік төлемді тағайындау туралы шешім қабылдауға негіз болған, анық емес құжаттарды (мәліметтерді) ұсынуына байланысты тоқтатылады. Бұл ретте әлеуметтік төлем тағайындалған күнінен бастап тоқтатылады;
3) алушының әлеуметтік төлемді тоқтатуға өтініш беруіне байланысты тоқтатылады. Бұл ретте әлеуметтік төлем өтініш берілген айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады.
2. Еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлем осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша, сондай-ақ:
1) алушы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында көзделген жасқа толған;
2) МӘС бөлімшесі алушыны еңбекке қабілетті деп тану туралы шешім шығарған күннен бастап тоқтатылады.
3. Асыраушысынан айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлем осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша, сондай-ақ:
1) қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған адамның қайтыс болуына байланысты тоқтатылады. Бұл ретте асыраушысынан айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлем қайтыс болған айды қоса алғанда жүзеге асырылады;
2) қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған адамның мүгедектігі белгіленген мерзім аяқталған күннен бастап;
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған адам – он сегіз жасқа (он сегіз жасқа толғанға дейін мүгедектік белгіленген адамдарды қоспағанда), ал аталған адам жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқып жатқан жағдайда жиырма үш жасқа толған күннен бастап;
4) он сегіз жастан асқан алушының (асырауындағының) білім беру ұйымынан оқудан шығарылуына немесе оны сырттай оқу нысанына ауыстыруға байланысты тоқтатылады. Бұл ретте асыраушысынан айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлем алушының (асырауындағының) оқудан шығарылғаны немесе сырттай оқу нысанына ауысқаны туралы, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер алынған айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады.
4. Жұмысынан айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлем осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша, сондай-ақ:
1) алушы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында көзделген жасқа толған күннен бастап;
2) алушы халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде есептен шығарылған айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады.
5. Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлем осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша, сондай-ақ:
1) бала (балалар) қайтыс болған ай өткен соң;
2) бала (балалар) мемлекеттің толық қамтамасыз етуіне белгіленген ай өткен соң;
3) Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасында белгіленген жағдайларда, ата-анасы ата-ана құқықтарынан айырылған немесе олардың ата-ана құқықтары шектелген, асырап алу туралы шешімдер жарамсыз деп танылған немесе олардың күші жойылған, қорғаншылар өз міндеттерін орындаудан босатылған немесе шеттетілген ай өткен соң тоқтатылады.
4-тарау. ҚОРДЫҢ ЖҰМЫС ІСТЕУ ТӘРТІБІ
29-бап. Қордың мәртебесі
1. Қор құрылтайшысы мен жалғыз акционері мемлекет болып табылатын, акционерлiк қоғам нысанындағы коммерциялық емес ұйым болып табылады.
30-бап. Қордың басшы жұмыскерлеріне қойылатын талаптар
1. Атқарушы органның бірінші басшысы мен оның орынбасарлары, бас бухгалтер қордың басшы жұмыскерлері деп танылады.
2. Қордың басшы жұмыскерлеріне мынадай талаптар белгіленеді:
1) атқарушы органның бірінші басшысы мен оның орынбасарлары үшін:
білімі - жоғары кәсіптік (заң, қаржылық-экономикалық) білім;
бағалы қағаздар нарығындағы кәсіптік қызметпен тікелей байланысты басшы лауазымдарда және қаржы нарығында қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілі не халықты әлеуметтік қорғау саласында басшы лауазымдарда кемінде алты жыл жұмыс өтілі болуы;
2) бас бухгалтер үшін:
білімі - жоғары кәсіптік (қаржылық, экономикалық) білім;
қаржылық-бухгалтерлік жұмыста кемінде бес жыл, оның ішінде басшы лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілі.
3. Мыналар:
1) жоғары кәсіптік білімі және осы баптың 2-тармағында көзделген қызмет салаларында ең аз қажетті жұмыс өтілі жоқ;
2) мінсіз іскерлік беделі жоқ адам қордың басшы жұмыскері болып сайлана (тағайындала) алмайды.
Кәсібилікті, адалдықты, алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығының жоқтығын, оның ішінде соттың өмір бойына қаржы ұйымының, банк және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы жұмыскері лауазымын атқару және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болып табылу құқығынан айыру түрінде қылмыстық жаза қолдану туралы заңды күшіне енген шешімінің жоқтығын растайтын фактілердің болуы мінсіз іскерлік бедел болып табылады;
3) бұрын осы адам осы заңды тұлғаның бірінші басшысы, бірінші басшысының орынбасары, бас бухгалтері лауазымында болған кезеңінде банкрот деп танылған немесе санацияға, консервациялауға, мәжбүрлеп таратуға ұшыраған заңды тұлғаның бірінші басшысы, бірінші басшысының орынбасары, бас бухгалтері болған;
4) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған не сайлану (тағайындалу) күніне дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартылған адам қордың басшы жұмыскері болып сайлана (тағайындала) алмайды.
31-бап. Қордың қызметi
Қор өз қызметiн қордың комиссиялық сыйақысы есебiнен жүзеге асырады.
Комиссиялық сыйақының шамасы жылына екі реттен артық өзгертілмейді.
Қордың комиссиялық сыйақысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келіп түскен әлеуметтік аударымдардан, әлеуметтік аударымдардың уақтылы және (немесе) толық төленбегені үшін өсімпұлдан, инвестициялық кірістен алынады.
Қордың меншікті қаражаты қордың жарғылық капиталынан, комиссиялық сыйақыдан қалыптастырылады және солардан тұрады.
Қор мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) әлеуметтік аударымдарды, әлеуметтік аударымдардың уақтылы және (немесе) толық төленбегені үшін өсімпұлды, артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдардың және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдың қайтарылуын, сондай-ақ инвестициялық кірісті есепке алуды жүргізу;
2) әлеуметтік төлемдерді және әлеуметтік төлемдердің артық есепке жатқызылған (төленген) сомаларының қайтарылуын есепке алуды жүргізу;
3) міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы ақпараттық жүйені құру және дамыту.
Осы Заңда реттелмеген бөлікте қордың қызметіне Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасы қолданылады.
32-бап. Қордың құқықтары мен мiндеттерi
1. Қордың:
1) әлеуметтiк аударымдарды шоғырландыруды жүзеге асыруға;
2) Осы Заңда белгіленген тәртiппен бағалы қағаздарға және басқа да қаржы құралдарына байланысты қызметпен айналысуға;
3) міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша консультациялық және түсіндіру жұмысын жүргізуге;
4) қордың қызметiн қамтамасыз етуге қордың активтерінен комиссиялық сыйақы алуға;
5) Мемлекеттік корпорациядан ақпарат алуға;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң субъектілерінен қор қызметiн қамтамасыз етуге қажеттi ақпаратты сұратуға және алуға;
7) Қазақстан Республикасының аумағында филиалдар ашуға;
8) осы Заңға сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Қор:
1) Мемлекеттік корпорацияның әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыруы үшін қаражаттың уақтылы аударылуын қамтамасыз етуге;
2) әлеуметтік аударымдардың және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдың артық (қате) төленген сомаларын төлеушіге қайтаруды жүзеге асыруға, сондай-ақ әлеуметтік төлемдердің және олардан ұстап қалынған міндетті зейнетақы жарналарының артық есепке жатқызылған (төленген) сомаларын Мемлекеттік корпорация арқылы қорға қайтаруды қамтамасыз етуге;
3) әлеуметтік төлемді тағайындау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен заңсыз (негізсіз) деп танылған әлеуметтік аударымдардың сомаларын есепке алмауға;
4) қордың уақытша бос қаражатын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi арқылы қаржы құралдарына орналастыруға;
5) жылдық қаржылық есептілік аудитінің жүргізілуін қамтамасыз етуге;
6) үш жылда бір рет міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық орнықтылығын бағалау аудитін қамтамасыз етуге;
7) мемлекеттік органдардың және ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен мәліметтер алған жағдайда, әлеуметтік төлемдерді қайта есептеу, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату үшін шешімдердің жобаларын қалыптастыруға;
8) әлеуметтік төлемдерді тағайындау, қайта есептеу, тоқтата тұру, қайта бастау, тоқтату не тағайындаудан бас тарту туралы шешімдер қабылдауға;
9) қордан төленетін әлеуметтік төлемдерге қажеттілікті есептеу бойынша болжамды деректерді қалыптастыруға;
10) график бойынша әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру үшін Мемлекеттік корпорацияны күн сайын қаржыландыруды жүргізуге;
11) әлеуметтік төлемдерді тағайындау және алу мәселелері бойынша қажетті түсіндірмелер беруге;
12) қордың активтерін есепке алуды жүзеге асыруға арналған бағдарламалық қамтылым түрінде қордың автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне ие болуға, сондай-ақ ақпараттың сақталуын және санкцияланбаған қол жеткізуден қорғалуын қамтамасыз етуге;
13) ақпаратты сақтауға арналған резервтік орталыққа ие болуға;
14) ақпараттық жүйелерден алынған, әлеуметтік аударымдар мен әлеуметтік төлемдердің сомалары туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;
15) Мемлекеттік корпорацияға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен заңсыз (негізсіз) деп танылған әлеуметтік аударымдардың сомалары туралы ақпарат беруге;
16) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
3. Қор:
1) қордың активтерiн кепiлге беруге;
2) осы Заңда көзделмеген кәсiпкерлiк және өзге қызметпен айналысуға құқылы емес.
33-бап. Қор активтерiнiң құрылуы
1. Қордың активтерi қордың қызметiн қамтамасыз етуге арналған комиссиялық сыйақыны, әлеуметтік төлемдерге және әлеуметтік аударымдардың және (немесе) әлеуметтiк аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсiмпұлдың артық (қате) төленген сомаларын қайтаруға жіберілген қаражатты шегере отырып, әлеуметтiк аударымдар, әлеуметтiк аударымдардың уақтылы және (немесе) толық төленбегені үшiн өсiмпұл, инвестициялық кіріс, әлеуметтік төлемдердің артық есепке жатқызылған (төленген) сомаларын қайтару және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, қорға түсетiн өзге де түсiмдер есебінен қалыптастырылады.
2. Қордың активтерi тек қана мынадай мақсаттарға пайдаланылуы мүмкін:
1) осы Заңға сәйкес әлеуметтiк төлемдердi жүзеге асыру;
2021.12.10. № 67-VII ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) тізбесі мен лимиттерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын қаржы құралдарына орналастыру;
3) әлеуметтік аударымдардың және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшiн өсiмпұлдың артық (қате) төленген сомаларын, сондай-ақ қате есепке жатқызылған өзге де қаражаттың сомаларын қайтару.
3. Қордың активтері:
1) кепіл нысанасы болмайды;
2) кредиторлардың талабы бойынша өндіріп алынбайды;
3) мүлікке тыйым салу немесе өзгеше түрде ауыртпалық салу нысанасы болмайды;
4) қордың және үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша инкассолық өкіммен өндіріп алынбайды;
5) осы Заңның 34-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, сенімгерлік басқаруға берілмейді;
6) мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету нысанасы болмайды.
34-бап. Қордың активтерін басқару тәртібі
1. Қордың активтерін сенімгерлік басқаруды Экономикалық саясат жөніндегі кеңес мақұлдаған инвестициялық декларацияның және қор мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi арасында жасалатын шарттың негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.
2021.12.10. № 67-VII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi қор активтерiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қаржы құралдарының тізбесі мен лимиттеріне сәйкес орналастыруды жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қордың активтерін шоғырландыру және орналастыру, инвестициялық кiрiс алу жөнiндегi барлық операцияларды есепке алуды жүргiзедi және жасалған шартқа сәйкес тоқсан сайын қорға шоттардың және қор активтерiмен жасалған инвестициялық қызметтің жай-күйі туралы есепті ұсынады.
35-бап. Есепке алу және есептілік
1. Қор Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қордың меншікті қаражаты мен активтерi бойынша бөлек бухгалтерлiк есепке алуды жүргiзедi және қаржылық есептілікті ұсынады.
2. Қор бухгалтерлiк есепке алуда және есептiлiктi жасау кезiнде пайдаланылатын құжаттардың есепке алынуы мен сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi. Сақталуға жататын негiзгi құжаттардың тiзбесi мен олардың сақталу мерзiмдері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленедi.
36-бап. Аудит
1. Қордың аудитін және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық орнықтылығын бағалау аудитін Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес аудит жүргiзуге құқықты аудиторлық ұйымдар жүргiзедi.
2. Аудиторлық есеп коммерциялық құпияны құрамайды.
3. Қордың міндетті жыл сайынғы аудитінің нәтижелері бойынша аудиторлық ұйым:
1) қордың меншікті қаражаты;
2) қордың активтері бойынша екі аудиторлық есеп жасайды.
4. Қордың міндетті жыл сайынғы аудиті және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық орнықтылығын бағалау аудиті бойынша шығыстар қордың меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
37-бап. Дауларды шешу
Осы Заңды орындау бойынша қордың, Мемлекеттік корпорацияның, мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың арасында туындайтын барлық дау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешiледi.
38-бап. Қазақстан Республикасының мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
39-бап. Өтпелі ережелер
1. Еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемнің осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін айқындалған мөлшері 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап көбейтілуін қоса алғанда, жыл сайын көбейтілуі ескеріле отырып, әлеуметтік төлем мөлшерін тағайындау кезінде есепке алынған қатысу өтілі мен еңбекке қабілеттіліктен айырылу коэффициенттеріне бөлу және осы Заңға сәйкес көзделген қатысу өтілі мен еңбекке қабілеттіліктен айырылу коэффициенттеріне көбейту жолымен қайта есептелуге жатады.
2. Асыраушысынан айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемнің осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін айқындалған мөлшері 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап көбейтілуін қоса алғанда, жыл сайын көбейтілуі ескеріле отырып, әлеуметтік төлем мөлшерін тағайындау кезінде есепке алынған қатысу өтілі мен асырауындағылар саны коэффициенттеріне бөлу және осы Заңға сәйкес көзделген қатысу өтілі мен асырауындағылар саны коэффициенттеріне көбейту жолымен қайта есептелуге жатады.
3. Жұмысынан айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемнің осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін айқындалған мөлшері әлеуметтік төлем мөлшерін тағайындау кезінде есепке алынған қатысу өтілі мен кірісті ауыстыру коэффициенттеріне бөлу және осы Заңға сәйкес көзделген қатысу өтілі мен кірісті ауыстыру коэффициенттеріне көбейту жолымен қайта есептелуге жатады.
Бұл ретте жұмысынан айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемнің ұзақтығы осы Заңның 22-бабының 3-тармағына сәйкес белгіленеді.
4. Мыналардың:
1) осы Заңның 1-бабы 7) тармақшасының қолданысы 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«7) әлеуметтiк аударымдарды төлеушi (бұдан әрi - төлеушi) - осы Заңда белгiленген тәртiппен әлеуметтiк аударымдарды есептеудi және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төлеудi жүзеге асыратын жұмыс берушi, дара кәсіпкер, оның ішінде шаруа немесе фермер қожалығы, жеке практикамен айналысатын адам, сондай-ақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші болып табылатын жеке тұлға;»;