Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығы
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы ережені бекіту туралы
(2018.05.05. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2019 жылғы 13 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық заңының 17-1-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы ереже бекітілсін.
2. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
3. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілерінің күші жойылды деп танылсын.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті | Н. Назарбаев |
Астана, Ақорда, 2014 жылғы мамырдың 4-і.
№ 814
ҚР Президентінің 2017.05.05. № 471 Жарлығымен бүкіл мәтін бойынша «(Республикалық ұлан)», «(Республикалық ұланды)» деген сөздер алып тасталды (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2014 жылғы 4 мамырдағы
№ 814 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
ҚР Президентінің 2017.05.05. № 471 Жарлығымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі (бұдан әрі - Мемлекеттік күзет қызметі) - Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күштерге жататын және заңнамада белгіленген құзыреті шегінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының, басқа да күзетілетін адамдардың, объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күзет іс-шараларын жүзеге асыратын арнаулы мемлекеттік орган.
2. Мемлекеттік күзет қызметінің - Мемлекеттік күзет қызметі Объектілерді қорғау қызметі (бұдан әрі - Объектілерді қорғау қызметі) ведомствосы бар.
Объектілерді қорғау қызметі әскери құралым болып табылады.
3. Мемлекеттік күзет қызметі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына, Президент актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік күзет қызметі мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, нақты және шартты атаулары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Мемлекеттік күзет қызметі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан енеді.
6. Егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, Мемлекеттік күзет қызметі мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
7. Мемлекеттік күзет қызметі өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіпте Мемлекеттік күзет қызметі бастығының бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Мемлекеттік күзет қызметінің құрылымы мен штат санын Мемлекеттік күзет қызметі бастығының ұсынуы бойынша Республика Президенті бекітеді.
Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы Мемлекеттік күзет қызметі жұмыскерлерінің санын осы мақсатқа бөлінген қаражаттың шегінде белгілейді.
9. Құпия.
10. Мемлекеттік күзет қызметінің заңды мекенжайы: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Кенесары көшесі, 26.
11. Мемлекеттік күзет қызметінің толық атауы - «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі» мемлекеттік мекемесі.
12. Осы Ереже Мемлекеттік күзет қызметінің құрылтайшы құжаты болып табылады.
13. Мемлекеттік күзет қызметінің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
14. Мемлекеттік күзет қызметіне кәсіпкерлік субъектілерімен Мемлекеттік күзет қызметінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Мемлекеттік күзет қызметіне заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кіріс мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2. Мемлекеттік күзет қызметінің миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері
15. Мемлекеттік күзет қызметінің миссиясы - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының, басқа да күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін ұйымдастыру және үйлестіру.
16. Мемлекеттік күзет қызметінің міндеттері:
1) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
2) күзетілетін адамдардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
3) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының, басқа да күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, қадір-қасиетіне және меншігіне қарсы бағытталған құқық бұзушылықты анықтау, алдын алу және жолын кесу;
4) күзетілетін объектілерде және күзетілетін адамдар болатын басқа да жерлерде олардың меншігін күзету, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
5) өз өкілеттігі шегінде терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыру;
6) күзетілетін адамдар мен объектілерге қатерлерді болжау және анықтау, олардың алдын алу және бейтараптандыру жөніндегі жедел шаралар кешенін жүзеге асыру;
7) рәсімдік және хаттамалық іс-шараларды жүзеге асыруға қатысу, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын күзету;
8) Қазақстан Республикасының заңдарымен және Президент актілерімен айқындалатын өзге де міндеттер болып табылады.
17. Құпия.
18. Құпия.
19. Мемлекеттік күзет қызметі өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының, басқа да күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын ұйымдастырады және өткізеді. Күзет іс-шараларына қатысу үшін тартылған мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарына басшылықты жүзеге асырады. Күзет іс-шараларын өткізу аймағының шекарасын, олардың басталу және аяқталу уақытын, күзет іс-шараларын ұйымдастыру мен өткізу тәртібін, сондай-ақ оны өткізуге қатысу үшін тартылған күштер мен құралдардың құрамын айқындайды;
2) жедел-іздестіру іс-шараларын өткізеді, жүктелген міндеттерді орындау үшін ақпараттық-талдау жұмысын жүргізеді;
3) Мемлекеттік күзет қызметінің құзырына енетін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Президентін, Үкіметі мен мемлекеттік органдарын хабардар етеді;
4) Мемлекеттік күзет қызметінің ведомствосы мен құрылымдық бөлімшелерінің жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді;
5) ведомствоның және құрылымдық бөлімшелердің жедел-қызметтік, жауынгерлік, жедел-іздестіру, қаржылық-шаруашылық және өзге де қызметін ведомстволық бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
6) арнайы тексеру жүргізу арқылы қызметке кәсіби іріктеуді ұйымдастырады, Мемлекеттік күзет қызметінің кадрларын негізінен әскери қызметшілер, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары қызметкерлері арасынан жасақтайды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары Мемлекеттік күзет қызметінің кадрларына қызметке келетін адамдарды зерделеуге және арнайы тексеруден өткізуге Мемлекеттік күзет қызметіне жәрдем көрсетеді;
7) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің, Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының, сондай-ақ халықаралық шарттарға сәйкес, шет елдердің арнаулы қызметтерінің қызметкерлері мен әскери қызметшілерін қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында оқытуды, даярлауды және қайта даярлауды жүзеге асырады;
8) техникалық барлау құралдарына қарсы іс-қимыл және ақпаратты техникалық қорғау бойынша іс-шараларды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
9) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін - Елбасын Қазақстан Республикасының аумағында және шет елдерде халықаралық және өзге де байланыс түрлерімен қамтамасыз етеді;
10) күзетілетін адамдардың авиация, автомобиль және басқа да көлік түрлерімен жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Күзетілетін адамдардың жүріп-тұру маршруттарын (бұдан әрі - арнайы трассалар) айқындайды, күзетілетін адамдардың жүріп-тұруы үшін бөлінген авиация, автомобиль және басқа да көлік түрлерінің қозғалыс қауіпсіздігі саласында қолданылатын қағидалардың, нормативтер мен стандарттардың сақталуын бақылайды.
Күзетілетін адамдардың жүріп-тұру қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде Мемлекеттік күзет қызметінің, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының тәртібі бірлескен нормативтік құқықтық актілермен айқындалады;
11) Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасымен және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, күзетілетін адамдарды медициналық қамтамасыз етумен байланысты ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге қатысады;
12) жедел есепке алуды және ақпараттық жүйелерді құрады және қолданады;
13) өз өкілеттігі шегінде шифрлау жұмысын ұйымдастырады және орындайды;
14) күзет іс-шараларын өткізу кезінде радиоэфирге мониторинг жүргізеді;
15) күзетілетін объектілерде және күзет іс-шараларын өткізу аймағында белгіленген тәртіпте өткізу режимін жүзеге асырады. Күзетілетін объектілерге және күзет іс-шараларын өткізу аймағына алып кіруге тыйым салынатын нәрселер мен заттардың тізбесін айқындайды;
16) күзетілетін объектілердің аумағында және күзет іс-шаралары өткізілетін орындарда жарылғыш құрылғыларды, жарылу қаупі бар заттарды залалсыздандыру және жою жөніндегі іс-шараларды, жарылғыш құрылғыларды қолдану арқылы құқыққа қайшы іс-әрекеттерді іске асыруға қарсы іс-қимыл жасау мәселелері бойынша зерттеу жұмыстарын ұйымдастырады және жүргізеді;
17) мемлекеттік органдармен бірлесіп, күзетілетін объектілерде, сондай-ақ күзетілетін адамдар баратын орындарда және оларға іргелес аумақтарда санитарлық-гигиеналық, экологиялық, радиациялық, биологиялық, химиялық және эпидемияға қарсы бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
18) Мемлекеттік күзет қызметінің объектілерін күзетуді және қорғауды қамтамасыз етеді. Өз объектілерін күзету және қорғау бойынша жауынгерлік кезекшілікті ұйымдастыру және атқару тәртібі Мемлекеттік күзет қызметінің нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады;
19) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етеді;
20) күзетілетін объектілерде, оларды орналастыруға арналған режимдік аумақтар аймақтарында, арнайы трассаларда және оларға іргелес аумақтарда барлық жөндеу, құрылыс және өзге де жұмыс түрлерін жүргізуді келіседі;
21) Мемлекеттік күзет қызметін жауынгерлік, техникалық, материалдық, қаржылық, ғылыми, ақпараттық, құқықтық, әлеуметтік-тұрмыстық және қамтамасыз етудің басқа да түрлерін, оның ішінде қызметкерлер мен әскери қызметшілерді тамақтандыруды, оның қарамағындағы ғимараттар мен имараттарды салуды, жаңғыртуды және жөндеуді, тұрғын үйді және казармалық-тұрғын үйді салуды, жөндеуді ұйымдастырады;
22) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
20. Объектілерді қорғау қызметінің функциялары:
1) күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күзет іс-шараларын өткізуге қатысады;
2) Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы айқындайтын тәртіпте күзетілетін объектілерді күзетуді және қорғауды жүзеге асырады;
3) күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі терроризмге қарсы операцияларға қатысады, сондай-ақ терроризмге қарсы операциялардың құқықтық режимін қамтамасыз етеді;
4) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын күзетуді жүзеге асырады және рәсімдік және протоколдық іс-шараларды атқаруға қатысады;
5) Объектілерді қорғау қызметіне кіретін бөлімшелердің іс-әрекеттерін басқаруды, үйлестіруді және олардың келісушілігін қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оларға практикалық және әдістемелік көмек көрсетеді;
6) жауынгерлік және жедел даярлықта, жауынгерлік дайындықта ұстау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді. Бөлімшелердің жауынгерлік даярлықтың әртүрлі дәрежелеріне келтіруге даяр болуын қамтамасыз етеді;
7) жауынгерлік кезекшілікті және жауынгерлік қызметті атқаруды ұйымдастырады;
8) Объектілерді қорғау қызметі бөлімшелерінің қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетін моральдық-психологиялық қамтамасыз ету бойынша жұмысты ұйымдастырады, жеке құрам арасында әскери тәртіпті және құқық тәртібін ұстау және нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, әскери қызметтің қауіпсіздігіне қажетті жағдайларды қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды тұжырымдайды және іске асырады;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіпте пайдаланбайтын әскери мүлікті беруді, өткізуді, кәдеге жаратуды және жалға беруді жүзеге асырады;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функциялар.
21. Мемлекеттік күзет қызметі өз міндеттері мен функцияларын жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) жеке тұлғалар күзетілетін объектілерге кірген (көлікпен кірген) және шыққан (көлікпен шыққан) кезде олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге (күзетілетін адамдардан басқа), оларды жеке қарап тексеруге, олардың өзімен алып жүретін заттарын тексеруге, көлік құралдарына және оларда алып өтетін заттарға, оның ішінде техникалық құралдарды пайдалана отырып тексеру жүргізуге;
2) қажет болғанда мәртебесі мен өкілеттігі күзет іс-шараларын өткізу жөніндегі республикалық жедел штабтың құрамына кіретін мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен бекітілетін ережемен айқындалатын күзет іс-шараларын өткізу жөніндегі жедел штабтар (бұдан әрі - жедел штабтар) құруға;
3) күзет іс-шараларын жүргізу кезінде фактілер мен оқиғаларды суретке түсіруді, дыбысжазбаны, кино- және бейнетүсірілімді жүзеге асыруға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген өкілеттіктер шегінде анықтау жүргізуге;
5) күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке қадір-қасиетіне және меншігіне қол сұғатын құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін жағдаяттарды жою туралы ұсыныстар және (немесе) нұсқамалар енгізуге;
6) Мемлекеттік күзет қызметінің орналасу орнынан тыс жерде уәкілетті органда есептік тіркеуге жатпайтын оқшау бөлімшелер құруға;
7) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметтік үй-жайларын, көлік құралдарын, байланыс және өзге де мүлкін, сондай-ақ келісімшарт негізінде азаматтардың тұрғын үйлері мен басқа мүліктерін пайдалануға;
8) күзетілетін объектілерді күзет сигнализациясы, бейнебақылау, жедел-техникалық бақылау құралдарымен, басқа да техникалық күзет құралдарымен белгіленген тәртіпте жабдықтауды, сондай-ақ аталған құралдарға пайдаланушылық-техникалық қызмет көрсетуді ұйымдастыруға және жүзеге асыруға, оларды пайдалану кезінде қажет болған жағдайда ақпаратты қорғауды қамтамасыз етуге;
9) Қазақстан Республикасының аумағында болуы кезеңінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес шет мемлекеттердің, шет елдер парламенттері мен үкіметтері басшыларынының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындау үшін Қазақстан Республикасына келетін шетел құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтерінің қызметкерлеріне жауынгерлік қолмен ату қаруын және оларға оқ-дәрілерді Қазақстан Республикасының аумағына алып кіруге және Қазақстан Республикасының аумағынан алып шығуға рұқсат беру туралы қорытынды шығаруға;
10) қажетті ақпарат пен материалдарды сұратуға және алуға;
11) Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілерін Қазақстан Республикасының шегінде және республиканың аумағынан тыс жерлерге іссапарға жіберуге;
12) Қазақстан Республикасының оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде, оның ішінде Қазақстан Республикасының құқық қорғау, арнаулы және өзге де мемлекеттік органдарының қарамағындағы оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде, сондай-ақ басқа мемлекеттердің оқу орындарында кадрларды даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды шарт негізінде жүзеге асыруға;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте медициналық мекемелер мен бөлімшелерге ие болуға;
14) күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегі үшін азаматтарды көтермелеуге, оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларына ұсынуға;
15) Мемлекеттік күзет қызметінің штаттан тыс жедел қызметкерлері ретінде Қазақстан Республикасының азаматтарын ерікті түрде тартуға;
16) көлік құралдарының, оның ішінде дипломатиялық және консулдық өкілдіктердің, сондай-ақ жеке тұлғалардың көлік құралдарының жекелеген орындар учаскелері мен объектілерде қозғалысын уақытша шектеуге немесе тыйым салуға, оларды жекелеген орындар учаскелерінде немесе объектілерде қалуға не осы учаскелерден немесе объектілерден кетуге міндеттеуге;
17) күзетілетін адамдар мен объектілерді күзету және оларға қызмет көрсету жұмыстарына жеке және заңды тұлғаларды жіберуді және тексеруді жүзеге асыруға;
18) құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстауға, оларды әрі қарай құқық қорғау органдарына беруге;
19) қызметтік иттерді пайдалануға;
20) Мемлекеттік күзет қызметінің іс-әрекетін және күзет іс-шараларын өткізуді регламенттейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдауға;
21) Мемлекеттік күзет қызметінің арнайы дайындықтан өткен қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне табельдік қару мен арнаулы құралдарды сақтауға, алып жүруге рұқсат беруге;
22) қаруды, жауынгерлік техниканы, арнаулы құралдарды және дене күшін қолдануға;
23) әзірленетін әдістемелерге сәйкес, күзетілетін адамдардың қауіпсіздігіне қол сұғатын құқыққа қайшы іс-әрекеттің жолын кесу бойынша жедел-жауынгерлік іс-шараларды жүзеге асыруға;
24) Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы айқындайтын тәртіпте арнаулы мақсаттағы автомобильдерге еріп жүруді және шабуыл жасау қаупін және (немесе) олардың қозғалысына кедергілерді жою бойынша тактикалық іс-әрекеттерді, оның ішінде соқтығысу арқылы, қорғауды жүзеге асыруға;
25) терроризмге қарсы операция режимінде күзет іс-шараларын ұйымдастыру кезінде шаралар қолдануға және уақытша шектеулер енгізуге;
26) төтенше жағдайларда міндеттерді атқару кезінде телекоммуникациялық желілерді пайдалануға;
27) өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
28) күзет іс-шараларына қатысу үшін ішкі істер органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, Қарулы Күштердің, басқа әскерлер мен әскери құралымдардың, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарын тартуға құқылы.
22. Мемлекеттік күзет қызметі:
1) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының, басқа да күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке қадір-қасиетіне және меншігіне қол сұғылатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге, оларды ықтимал жасауға ықпал ететін жағдаяттарды анықтауға және өз құқықтары шегінде оларды жою бойынша шаралар қабылдауға;
2) құқық бұзушылықтардан және жазатайым оқиғалардан зардап шеккен, сондай-ақ дәрменсіз не денсаулығына және өміріне қауіп төнген өзге де жай-күйдегі күзетілетін адамдарға көмек көрсетуге;
3) күзетілетін адамдардың жеке қауіпсіздігіне немесе күзетілетін объектілердегі қоғамдық қауіпсіздікке және олар болатын басқа да орындарда дайындалып жатқан құқық бұзушылықтар мен қатер төндіретін оқиғалар туралы арыздарды, хабарламаларды және өзге де келіп түсетін ақпаратты қабылдауға; заңнамада көзделген шараларды дер кезінде қолдануға;
4) күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке қадір-қасиетіне және меншігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды анықтау мен іздеуде құқық қорғау органдарына жәрдем көрсетуге;
5) күзетілетін объектілер мен күзетілетін адамдар болатын басқа да орындарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге;
6) авариялар, апаттар, өрттер, дүлей апаттар және басқа да төтенше жағдайлар кезінде күзетілетін адамдарды құтқару және оларға алғашқы медициналық көмек көрсету, сондай-ақ күзетілетін адамдардың жеке мүлкі мен күзетуге жататын және қараусыз қалдырылған өзге де мүлкін күзету бойынша шұғыл шаралар қолдануға; Қазақстан Республикасының аумағында немесе жекелеген жерлерде төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген жағдайда күзетілетін адамдарға қатысты құқықтық режимді қамтамасыз етуге заңға сәйкес қатысуға, сондай-ақ эпидемия мен эпизоотия уақытында күзетілетін адамдарға қатысты карантиндік іс-шаралар өткізуге қатысуға;
7) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентін - Елбасын байланыспен қамтамасыз етуді, президенттік байланыс жүйелерінің қауіпсіздігін ұйымдастыруға, сондай-ақ оны ақпараттық оқшаулауға жол бермеу бойынша іс-шаралар кешенін өткізуге міндетті. Президенттік байланыспен қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылды ұйымдастыру тәртібі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың бірлескен бұйрықтарымен айқындалады;
8) азаматтардың, кәсіпорындардың, ұйымдардың және мекемелердің байланыс құралдарын, көлігі мен үй-жайларын қызметтік мақсатта пайдалануына байланысты оларға келтірілген залалды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте өтеуге міндетті.
3. Мемлекеттік күзет қызметінің жұмысын ұйымдастыру
23. Мемлекеттік күзет қызметіне басшылықты Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының жеке басының қауіпсіздігіне, Мемлекеттік күзет қызметіне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы (бұдан әрі - бастық) жүзеге асырады.
24. Бастықты Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
25. Бастықтың орынбасарлары болады. Бастықтың орынбасарларын Бастықтың ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
26. Құпия.
27. Бастық Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте және өз құзыреті шегінде:
1) Мемлекеттік күзет қызметінің жұмысын ұйымдастырады, Мемлекеттік күзет қызметі дамуының негізгі бағыттарын айқындайды;
2) күзет іс-шараларын өткізу жөніндегі республикалық жедел штабқа басшылық етеді. Облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана жедел штабының басшыларын айқындайды.
Күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі терроризмге қарсы операцияларды өткізу, оларды өткізу кезеңінде терроризмге қарсы операциялардың құқықтық режимін енгізу туралы шешім қабылдайды;
3) Мемлекеттік күзет қызметінің барлық қызметкерлері, әскери қызметшілері мен жұмыскерлері орындауға міндетті бұйрықтар, өкімдер шығарады, нұсқаулар береді;
4) ведомство мен құрылымдық бөлімшелердің күзетілетін адамдар мен объектілердің, Мемлекеттік күзет қызметі объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жауынгерлік кезекшілікті ұйымдастыру және атқару тәртібін, санитарлық-гигиеналық, экологиялық, радиациялық, биологиялық, химиялық және эпидемияға қарсы бақылауды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын, сондай-ақ күзетілетін объектілерде және күзет іс-шаралары өткізілетін орындарда жарғыш қондырғыларды, жарылу қаупі бар заттарды залалсыздандыру мен жою тәртібін айқындайды;
5) Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлері мен әскери қызметкерлерінің арнаулы құралдарды, атыс қаруын және жауынгерлік техниканы қолдану тәртібін айқындайды;