2. Бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарын жүргізу кезінде:
1) осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, бақылау және қадағалау органдарына бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) баруға тыйым салынады;
2) құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркелу және тексерілетін субъектіні алдын ала хабардар ету талап етілмейді;
3) бұзушылық анықталған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғамастан, бірақ тексерілетін субъектіге осы бұзушылықты жою тәртібі міндетті түрде түсіндіріле отырып, бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарының қорытындылары бойынша олардың түріне қарай қорытынды құжаттар (анықтама, нұсқама, қорытынды және басқалары) жасалады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің күші Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарына қолданылмайды.
Бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарының қорытындылары бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау мүмкін емес бөлігінде осы тармақтың бірінші бөлігі 3) тармақшасының күші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қолданылмайды.
3. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) барумен бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандары:
1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген;
2) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгiленген;
3) егер бару «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша берілгенге дейін өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігін тексерумен байланысты болған;
4) құрылыс-монтаждау жұмыстарына үйлер мен ғимараттардың тіреу және қоршау конструкцияларын тұрғызу мен өзгертуге қойылатын талаптарға сәйкестігіне инспекциялау жүргізілген;
5) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерінің сақталуын бақылау жүзеге асырылған;
6) ішкі істер органдары Қазақстан Республикасында қару мен оның патрондары айналымының қағидаларын сақтау мәселелері бойынша бақылауды жүзеге асырған;
7) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын сақтау бойынша бақылау жүзеге асырылған;
8) тексерілетін субъект рұқсат беру құжаттарын алумен байланысты емес өз қызметінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі туралы қорытындыны (ақпаратты) алуы үшін бастамашылықпен жүгінген;
9) егер бару «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес жүргізілетін өнім қауіпсіздігі мониторингін жүзеге асыру үшін өнімдерді іріктеумен байланысты болған;
10) карантинді объектілердің және аса қауіпті зиянды организмдердің таралу ошақтарын анықтауға аумақтарды зерттеп-қарау жүргізілген;
11) егер бару Қазақстан Республикасының астық туралы заңнамасының талаптарына сәйкес астық сапасын айқындау үшін қабылдау, тиеп-жөнелту және оның сандық-сапалық есебі кезінде астықтың, сондай-ақ астық қабылдау кәсіпорындарында сақтаулы мемлекеттік астық ресурстарының сынамаларын іріктеуге байланысты болған жағдайларда жүргізіледі.
4. Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарын жүзеге асыру жағдайларын қоспағанда, бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарын бару арқылы жүргізу кезінде бақылау және қадағалау органдары тексерілетін субъект (объект) тұрған жердегі құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі органдарды оларды жүргізгенге дейін хабардар етеді.
5. Бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарын талдау нәтижелері ішінара тексеру жүргізу үшін бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) іріктеуге негіз болып табылады.
11-бап. Реттеуші мемлекеттік органдар мен бақылау және қадағалау органдарының құзыреті
1. Реттеуші мемлекеттік органдар:
1) бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын тиісті саладағы (аядағы) бақылау және қадағалау саласында мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) осы Заңның 13-бабының 2 және 3-тармақтарында, 14-бабының 1-тармағында, 15-бабының 1-тармағында көзделген нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ тексерулер жүргізудің жартыжылдық графиктерін өз құзыреті шегінде бекітеді;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бақылауды және қадағалауды ұйымдастырады;
4) бақылау және қадағалау тиімділігінің мониторингін жүзеге асырады;
5) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
2. Бақылау және қадағалау органдары:
1) тиісті саладағы бақылау және қадағалау саласында мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) осы Заңның 13-бабының 2 және 3-тармақтарында, 14-бабының 1-тармағында, 15-бабының 1-тармағында көзделген нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ тексерулер жүргізудің жартыжылдық графиктерін өз құзыреті шегінде әзірлейді;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бақылауды және қадағалауды жүргізеді;
4) бақылау және қадағалау тиімділігінің мониторингін жүргізеді;
5) бақылауды және қадағалауды жүргізуді жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
6) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.»;
4) 12-бапта:
1-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) мемлекеттік органның лауазымды адамының тексерілетін субъектіге (объектіге) баруы;»;
3-тармақта:
2) және 7) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«2) Кеден одағының кедендік шекарасын және (немесе) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде және (немесе) халықаралық шарттарға сәйкес айқындалатын жеткізу орындарында, кедендік ресімдеу аяқталатын орындарда өсімдіктер карантині, санитариялық-карантиндік, ветеринариялық бақылау саласында бақылау және қадағалау жүргізуге;»;
«7) жануарлардан және (немесе) өсімдіктерден алынатын өнім мен шикізатты өткізетін ішкі сауда объектілерінде, жануарлардан және (немесе) өсімдіктерден алынатын өнімдер мен шикізаттарды бірыңғай технологиялық циклде өндіруді, дайындауды (союды), сақтауды, өңдеуді жүзеге асыратын ұйымдарда ветеринария және өсімдіктер карантині бойынша бақылауды және қадағалауды жүзеге асыруға;».
мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:
«8-1) жануарлар дүниесін пайдалануға арналған рұқсат беру шарттарының, балықтардың белгіленген кәсіпшілік өлшемінің, балық аулау мөлшерлерінің және құрал түрлері мен тәсілдерінің, жануарлар дүниесін пайдалануға шектеулер мен тыйым салулардың, кездейсоқ аулаудың сақталуына, сондай-ақ балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулауды есепке алу журналының (кәсіпшілік журналының) жүргізілуіне;»;
9), 10) және 11) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«9) карантинді аймақтарда және жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша қолайсыз пункттерде, карантинді объектілердің таралу ошақтарында іс-шараларды бақылауға және қадағалауға;
10) жеке және заңды тұлғалардың ұшу қауіпсіздігі және авиациялық қауіпсіздік жөніндегі талаптарды сақтауына;
11) осы Заңның 6-бабының талаптары және ішкі істер органдары жүргізетін жедел-профилактикалық іс-шаралары шеңберінде қарудың, жарылғыш заттардың, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың, азаматтық пиротехникалық заттар мен оларды қолдана отырып жасалған бұйымдардың заңды айналымы саласында Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарының сақталуына;»;
23) тармақшадағы «сақталуына байланысты бақылауды және қадағалауды жүзеге асыруға» деген сөздер «сақталуына;» деген сөзбен,
24) тармақшасындағы «тиісінше орындауын анықтау мақсатында баруына қолданылмайды.» деген сөздер «олардың тиісінше орындауын анықтау мақсатында баруына;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 25) тармақшамен толықтырылсын:
«25) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының техникалық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалардың қызметін тексеруіне байланысты бақылауды және қадағалауды жүзеге асыруға қолданылмайды.»;
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінің 14), 15), 18) және 21) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша жүзеге асырылатын тексерулер құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда міндетті тіркелуге жатады.»;
мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
«6. Шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілеріне қатысты (қайта ұйымдастыру тәртібімен құрылған заңды тұлғалар мен қайта ұйымдастырылған заңды тұлғалардың құқықтық мирасқорларынан басқа) мемлекеттік тіркелген күнінен бастап үш жыл бойы тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі бойынша тексерулер, ішінара тексерулер жүргізуге тыйым салынады.
Осы тармақтың күшi:
1) жарылғыш заттардың айналысы мен олардың жұмыс істеуінің белгіленген қағидаларының сақталуына;
2) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының, азаматтық пиротехникалық заттар мен оларды қолдана отырып жасалған бұйымдардың айналымы саласында жұмыс істейтін жеке және заңды тұлғалардың қызметіне;
3) атом энергиясына, радиоактивті заттарға;
4) улардың, қару-жарақтың, әскери техниканың және жекелеген қару түрлерінің, жарылғыш және пиротехникалық заттар мен оларды қолдана отырып жасалған бұйымдардың айналымы саласында жұмыс істейтін жеке және заңды тұлғалардың қызметіне байланысты бақылауды және қадағалауды жүзеге асыруға қолданылмайды.»;
5) 13, 14 және 15-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«13-бап. Тексерілетін субъектілерді (объектілерді) топтарға бөлу
1. Бақылау және қадағалау тексерілетін субъектілерді (объектілерді) төрт топқа бөлу ескеріле отырып жүргізіледі.
2. Бірінші топқа өздеріне қатысты тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі, жоспардан тыс тексерулер мен бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандары қолданылатын тексерілетін субъектілер (объектілер) жатады.
Тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі мынадай бақылау және қадағалау салаларында жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған субъектілерге (объектілерге) қатысты бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру кезінде:
1) халықтың радиациялық қауіпсіздігі саласында;
2) атом энергиясы саласында;
3) өрт қауіпсіздігі саласында;
4) жарылғыш және улы заттардың, радиоактивті материалдар мен заттардың айналысы мен олардың жұмыс істеуінің белгіленген қағидаларының сақталуына;
5) улардың, қару-жарақтың, әскери техниканың және жекелеген қару түрлерінің, жарылғыш және пиротехникалық заттар мен оларды қолдана отырып жасалған бұйымдардың айналымы саласында;
6) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында;
7) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында қолданылады.
Осы Заңның 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы талаптардың сақталуын тексеру үшін эпидемиялық маңыздылығы жоғары обектілерде тексерулер жүргізудің мерзімділігі:
1) тәуекел дәрежесі жоғары болған кезде - жарты жылда бір реттен;
2) тәуекел дәрежесі орташа болған кезде - жылына бір реттен жиі болмауға тиіс.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға және қадағалауға жататын объектілерді тәуекел дәрежелері бойынша бөлу «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген ережелер ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Осы тармақтың екінші бөлігінің 1), 2), 3), 4) және 6) тармақшаларында көрсетілген қызмет салалары үшін тексерулер жүргізу мерзімділігі тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерімен айқындалады.
Тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі үшін қолданылатын тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері реттеуші мемлекеттік органдардың және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның бірлескен актісімен бекітіледі және мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында жарияланады.
Реттеуші мемлекеттік орган немесе жергілікті атқарушы орган бекіткен жартыжылдық график тексерулер жүргізудің ерекше тәртібін тағайындау үшін негіз болып табылады.
Тексерулер жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 15 қарашасына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың 15 сәуіріне дейінгі мерзімде реттеуші мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдар тексерулер жүргізудің жартыжылдық графиктерінің жобаларын келісу үшін құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
Тексерулердің жартыжылдық графиктерінің жобаларында сол бір тексерілетін субъектілер (объектілер) белгіленген кезде құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті орган график жобаларын реттеуші мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарға мұндай субъектілерді (объектілерді) тексерулер жүргізудің графиктерінен алып тастау үшін не осы баптың талаптарын ескере отырып, оларды жүргізу мерзімдерін түзету үшін қайтарады.
Тексерулер жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 10 желтоқсанына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың 10 мамырына дейінгі мерзімде реттеуші мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдар тексерулер жүргізудің бекітілген жартыжылдық графиктерін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тексерулер жүргізудің жартыжылдық жиынтық графигін қалыптастыруы үшін құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
Тексерулер жүргізудің жартыжылдық графиктерін ұсыну нысанын Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындайды.
Тексерулер жүргізудің жартыжылдық графиктеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тексерулер жүргізудің жартыжылдық жиынтық графигін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми интернет-ресурсында ағымдағы күнтізбелік жылдың 25 желтоқсанына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың 25 мамырына дейінгі мерзімде орналастырады.
3. Екінші топқа өздеріне қатысты ішінара, жоспардан тыс тексерулер мен бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандары жүргізілетін тексерілетін субъектілер (объектілер) жатқызылады.
Ішінара тексеру жүргізу үшін бақылау және қадағалау органдары:
1) жеке кәсіпкерлік субъектілері ұсынатын есептілікке;
2) жоспардан тыс тексерулер мен бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарының нәтижелеріне;
3) өзге де ақпаратқа талдау жүргізеді.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген жағдайларды қоспағанда, реттеуші мемлекеттік органдар ішінара тексеру жүргізу кезінде тексерілетін субъектілерді (объектілерді) іріктеу үшін тәуекел дәрежесін бағалау критерийлеріне қатысты актілерді әзірлейді және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп бекітеді, олар мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында жарияланады.
4. Мемлекеттік органдардың (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда) тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру әдістемесін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
5. Үшінші топқа өздеріне қатысты осы Заңның 16-бабының 7-тармағында көзделген негіздер бойынша жоспардан тыс тексерулер мен бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандары жүргізілетін тексерілетін субъектілер (объектілер) жатқызылады.
6. Төртінші топқа өздеріне қатысты тексерулер жүргізілместен бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандары ғана жүргізілетін тексерілетін субъектілер (объектілер) жатқызылады.
7. Бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын жеке кәсіпкерлік субъектілері қызметінің салаларын осы баптың 2, 3, 5 және 6-тармақтарында көрсетілген топтарға жатқызу әрбір бақылау және қадағалау саласы үшін тәуекелдерді бағалау ескеріле отырып жүзеге асырылады.
8. Екінші топқа жатқызылған тексерілетін субъектілер (объектілер), егер мұндай тесерілетін субъектілер үшінші тұлғалардың алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру шарттарын жасасқан болса, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен үшінші топқа ауыстырылуы мүмкін.
14-бап. Ведомстволық есепке алу
1. Реттеуші мемлекеттік органдар міндетті ведомстволық есептіліктің нысандарына қатысты актілерді әзірлейді және бекітеді.
Тексерілетін субъектілерді (объектілерді) тексеру мәселелері бойынша міндетті ведомстволық есептіліктің нысандарын және бару арқылы жүргізілетін бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарын - реттеуші мемлекеттік орган, кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган және құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті орган басшыларының бірлескен актісімен бекітіледі.
2. Бақылау және қадағалау органдары тексерілетін субъектілерді (объектілерді) тексерулердің санын және барумен жүргізілетін бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарын, сондай-ақ тексеру парақтарына сәйкес анықталған бұзушылықтарды және оларға қолданылған әкімшілік ықпал ету шараларын ведомстволық есепке алуды тұрақты және үзіліссіз негізде жүргізуге міндетті.
Ведомстволық есептіліктің жиынтық деректері орталық және жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарында ай сайын жарияланады.
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асыратын тексерулер бойынша ведомстволық есептіліктің жиынтық деректері реттеуші мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында тоқсан сайын жарияланады.
3. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары бойынша ведомстволық есепке алу жүргізілмейді.
15-бап. Тексеру парақтары
1. Тексерілетін субъектілердің (объектілердің) біртектес топтары үшін реттеуші мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде тексеру парақтарын бекітеді.
Тексеру парақтарының нысандары реттеуші мемлекеттік органдардың және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның бірлескен актісімен бекітіледі және мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында жарияланады.
2. Тексеру парағы тексерілетін субъектілердің қызметіне қойылатын, олардың сақталмауы адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне қатер төндіруге әкеп соғатын талаптарды ғана қамтиды.
3. Тексеру парақтарында белгіленген талаптар тексерілуге жатады.»;
6) 16-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:
1) тәуекел дәрежесі негізінде ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексерулер;
2) ішінара;
3) жоспардан тыс.
Ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексеру - адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнетін тікелей қатердің алдын алу және (немесе) оны жою мақсатында бақылау және қадағалау органы тәуекел дәрежесін бағалау негізінде нақты тексерілетін субъектіге (объектіге) қатысты тағайындайтын тексеру.
Ішінара тексеру - адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнетін тікелей қатердің алдын алу және (немесе) оны жою мақсатында бақылау және қадағалау органы есептілікті, бақылаудың өзге нысандарының нәтижелерін талдау нәтижелері бойынша, тәуекел дәрежесін бағалау негізінде нақты тексерілетін субъектіге (объектіге) қатысты тағайындайтын тексеру.
Жоспардан тыс тексеру - адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнетін тікелей қатердің алдын алу және (немесе) оны жою мақсатында бақылау және қадағалау органы тексеру тағайындауға негіз болған нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша нақты тексерілетін субъектіге (объектіге) қатысты тағайындайтын тексеру.»;
2-тармақ алып тасталсын;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Тексерулер көлемі бойынша:
1) кешенді;
2) тақырыптық болып бөлінеді.
Кешенді тексеру - тексерілетін субъектінің (объектінің) қызметін осы Заңның 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтау мәселелерінің кешені бойынша тексеру.
Тақырыптық тексеру - тексерілетін субъектінің (объектінің) қызметін осы Заңның 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтаудың жекелеген мәселелері бойынша тексеру.»;
4, 5, 6 және 6-1-тармақтар алып тасталсын;
7-тармақта:
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«2) құқықтары бұзылған жеке және заңды тұлғалардың (тұтынушылардың) өтініштерін және мемлекеттік органдардың өтініштерін қоспағанда, адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтіру қатерінің туындауы туралы нақты фактілер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштері;»;
мынадай мазмұндағы 2-1), 2-2), 2-3) және 2-4) тармақшалармен толықтырылсын:
«2-1) құқықтары бұзылған жеке және заңды тұлғалардың (тұтынушылардың) өтініштерін және мемлекеттік органдардың өтініштерін қоспағанда, адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтірілгені туралы нақты фактілер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштері;
2-2) құқықтары бұзылған жеке және заңды тұлғалардың (тұтынушылардың) өтініштері;
2-3) адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтірілгені не келтіру қатері туралы нақты фактілер бойынша прокуратура органдарының тапсырмалары;
2-4) адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтірілгені не келтіру қатері туралы нақты фактілер бойынша мемлекеттік органдардың өтініштері;»;
4) және 5) тармақшалар алып тасталсын;
7) 19-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Бақылау және қадағалау органы тексеру жүргізудің мерзімдері мен нысанасын көрсете отырып, осы тексеру басталғанға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі бойынша тексеру, ішінара тексеру жүргізудің басталатыны туралы тексерілетін субъектіге жазбаша түрде хабарлауға міндетті.
Жоспардан тыс тексеру жүргiзу кезiнде, осы Заңның 16-бабы 7-тармағының 2), 3), 7) және 8) тармақшаларында, 10 және 10-1-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, бақылау және қадағалау органы тексеру жүргiзу нысанасын көрсете отырып, жоспардан тыс тексеру жүргiзудiң басталатыны туралы осы тексеру басталғанға дейiн кемiнде бiр тәулiк бұрын тексерiлетiн субъектiге хабарлауға мiндеттi.»;
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі бойынша тексерулер, ішінара және жоспардан тыс тексерулер, егер осы тармақтың екінші бөлігінде өзгеше белгіленбесе, тексерілетін субъектінің (объектінің) ішкі еңбек тәртіптемесі қағидаларында белгіленген жұмыс уақытында жүзеге асырылады.
Жоспардан тыс тексеру бұзушылықтар жасалған кезде тікелей олардың жолын кесу қажеттілігі болған жағдайларда, жұмыстан тыс уақытта (түнде, демалыс немесе мереке күндері) жүргізілуі мүмкін.»;
2-тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«5) тексеру парағын көрсетуге міндетті.»;
мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
«5. Тексерілетін субъектіге (объектіге) бір мезгілде бірнеше бақылау және қадағалау органының тексеру жүргізуі қажет болған кезде, осы органдардың әрқайсысы тексеруді тағайындау туралы актіні ресімдеуге және оны құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркеуге міндетті.
Сол бір мәселе шеңбері бойынша бірнеше тексерілетін субъектіге (объектіге) бір мезгілде бір бақылау және қадағалау органының тексеру жүргізуі қажет болған кезде мынадай:
1) салық органдарында тіркеу есебіне қою;
2) бақылау-кассалық машиналардың болуы;
3) акциздік және есептік-бақылау таңбаларының болуы және олардың төлнұсқалығы;
4) алкоголь өніміне, мұнай өнімдеріне және биоотынға ілеспе жүкқұжаттарының болуы және олардың төлнұсқалығы;
5) лицензияның болуы;
6) төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (құрылғының) болуы мәселелерi бойынша жүргiзiлетiн салықтық тексерудi қоспағанда, осы орган әрбiр тексерiлетiн субъектiге (объектіге) тексерудi тағайындау туралы актiнi ресiмдеуге және оны құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органда тiркеуге мiндеттi.»;
8) 20-баптың бірінші тармағының бірінші және бесінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын: