5) өтініште және оған қоса берілген құжаттарда көрсетілген барлық мәліметтердің анықтығы туралы жер қойнауын пайдаланушының жазбаша растауын қамтуға тиіс.
Өтінішке онда көрсетілген мәліметтерді растайтын, тиісті түрде куәландырылған құжаттар (не олардың нотариат куәландырған көшірмелері) қоса беріледі.
Өтінішке қоса берілетін барлық құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Егер өтінішті шетелдік немесе шетелдік заңды тұлға берген жағдайда, әрбір құжатқа дұрыстығын нотариус куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріле отырып, мұндай құжаттар өзге де тілде жасалуы мүмкін.
3. Келісімшарттық аумақты өзгертуге арналған рұқсатты құзыретті орган мынадай шарттар сақталған кезде береді:
1) егер сұралатын өзгерту Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзбаса;
2) егер сұралатын өзгерту жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану мақсатында жүзеге асырылатын болса.
4. Құзыретті органның келісімшарттық аумақты өзгертуге рұқсат беруі туралы мәселе мұндай өзгертудің әрбір жағдайы үшін жеке-жеке қаралады. Жер қойнауын пайдаланушының қалауы бойынша келісімшарттық аумақты өзгертуге рұқсатты келісімшартта не өзге де актіде белгілеуге жол берілмейді.
5. Келісімшарттық аумақты өзгертуге рұқсат беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен дау айтылуы мүмкін.
6. Келісімшарттық аумақ одан жер қойнауы учаскесін (учаскелерін) бөлу арқылы өзгерген жағдайда, осы жер қойнауы учаскесіне (учаскелеріне) қатысты келісімшарт аумағынан жер қойнауы учаскесін (учаскелерін) бөлу жүргізілетін келісімшарт мерзімінен аспайтын мерзімге жасалуы мүмкін.
Жергілікті қамту жөніндегі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстар мөлшері жөніндегі, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, келісімшартты орындау кезінде тартылған жұмыскерлерді оқытуға, олардың біліктілігін арттыруға және оларды қайта даярлауға жіберілетін шығыстар мөлшері жөніндегі, Қазақстан Республикасының аумағындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар мөлшері жөніндегі шарттарды қоспағанда, бөлінген жер қойнауы учаскесіне (учаскелеріне) қатысты жасалатын келісімшарт ережелері жер қойнауы учаскесін (учаскелерін) бөлу арқылы өзгертуге рұқсат беру үшін негіз болған шарттарға сәйкес келуге тиіс.
7. Келісімшарттық аумақ өзгерген жағдайда, осы келісімшарттық аумаққа қатысты жұмыс бағдарламасы, тау-кендік бөлу немесе геологиялық бөлу және жобалау құжаттамасы осы Заңда белгіленген тәртіппен өзгертуге жатады. Бөлінетін жер қойнауы учаскесіне (учаскелеріне) қатысты жұмыс бағдарламасы, тау-кендік бөлу немесе геологиялық бөлу және жобалау құжаттамасы осы Заңда белгіленген тәртіппен және мерзімдерде әзірленеді.
8. Бір келісімшарт шеңберінде бір бөлігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұтқырлығы жоғары, су басқан, рентабельділігі төмен, дебеті аз немесе игерілген кен орындарының тізбесіне енгізілген бірнеше кен орындарында өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар құзыретті органға осындай кен орнын (кен орындарын) бөлу және осы бапта көзделген тәртіппен өндіруге арналған жекелеген келісімшарт жасасу арқылы келісімшарттық аумақты өзгерту туралы өтініш жасауға құқылы.
9. Осы баптың ережелері осы Заңның 129-бабының 6-тармағында көрсетілген мұнай операцияларын жүргізу жөніндегі келісімшарттарға қолданылмайды.
71-бап. Келісімшартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу
1. Егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, келісімшарт талаптарын өзгертуге және (немесе) толықтыруға тараптардың келісімі бойынша жол беріледі.
2. Тараптардың бірінің талабы бойынша келісімшарт талаптарын өзгертуге және (немесе) толықтыруға Қазақстан Республикасының заңдарында және келісімшартта көзделген негіздер бойынша және тәртіппен жол беріледі.
3. Егер стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскелеріне, кен орындарына қатысты жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушының іс-әрекеті ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін өзгертуге әкеп соғатын жағдайда, құзыретті орган Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру мақсатында келісімшарттың, оның ішінде бұрын жасалған келісімшарттың талаптарын өзгертуді және (немесе) толықтыруды талап етуге құқылы.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
4. Пайдалы қазбалардың ірі және бірегей қорлары бар кен орнында он жылдан асатын мерзімге ұзарту бөлігінде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер енгізілген жағдайда, келісімшарт ережелері жер қойнауын пайдаланушының мынадай:
1) өңдеу өндірістерін дербес, жаңа заңды тұлға құру арқылы немесе басқа да тұлғалармен бірлесіп құру;
2) жұмыс істеп тұрған өндіру өндірістерін жаңғырту не реконструкциялау;
3) жұмыс істеп тұрған қайта өңдеу өндірістерін жаңғырту не реконструкциялау;
4) өндірілетін пайдалы қазбаны Қазақстан Республикасының аумағындағы қайта өңдеу кәсіпорындарына (өндірістеріне) шарттық талаптарда өңдеуге беру;
5) өзге инвестициялық жобаны немесе өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жобаны дербес, жаңа заңды тұлға құру арқылы немесе басқа тұлғалармен бірлесіп іске асыру жөніндегі міндеттемелерінің бірімен толықтырылуға тиіс.
Егер осындай кен орнына қатысты жер қойнауын пайдалану құқығы басқа тұлғаға берілсе, онда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа осы тармақта көрсетілген міндеттемелердің бірі енгізіледі.
72-бап. Келісімшарттың қолданылуын тоқтату
1. Егер тараптар осы Заңның 69-бабында белгіленген тәртіппен келісімшарттың қолданылу мерзімін ұзарту туралы келісімге қол жеткізбесе, келісімшарт қолданылу мерзімі өткеннен кейін тоқтатылады.
2. Келісімшарттың қолданылуын мерзімінен бұрын тоқтатуға тараптардың келісімі бойынша, сондай-ақ тараптардың бірінің талабы бойынша осы Заңда көзделген жағдайларда жол беріледі.
3. Құзыретті орган мынадай жағдайларда:
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшартта белгiленген мiндеттемелердi екi реттен көп бұзуды құзыреттi органның хабарламасында көрсетiлген мерзiмде жоймаған кезде;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) осы Заңның 36-бабының 5-тармағына сәйкес мұндай рұқсат ету талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда, құзыретті органның рұқсатынсыз осы Заңның 36-бабының 1 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларда, жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану құқығын және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді берген кезде;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 3) және 4) тармақшалармен толықтырылды
3) осы Заңның 76-бабы 1-тармағының 13-1) тармақшасында көзделген мәліметтерді беруден бас тартқан не анық емес мәліметтер берген кезде;
4) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген қаржылық міндеттемелер қатарынан екі жыл бойы отыз пайыздан кем орындалған кезде келісімшарттың қолданылуын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органның хабарламасында белгіленген мерзімде толық жойған келісімшарт талаптарының бұзылуы келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға негіз болып табылмайды.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Құзыретті орган барлауға арналған үлгілік келісімшарттың қолданылуын мынадай:
1) жыл сайын өсіп отыратын төлемдер түрінде ұсынылған, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған сомалардың уақтылы төленбеуі;
2) үлгілік келісімшарт қолданылатын бүкіл кезеңде бір блок шегінде орындалуы қажет, жылдар бойынша шығындар мен жұмыс түрлерінің ең төмен мөлшері туралы талаптарды бұзу;
3) берілген жер қойнауы учаскесін үлгілік келісімшартта көзделмеген мақсаттарға пайдалану жағдайларында біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатады.
4. Осы Заңның 71-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда құзыретті орган, егер:
1) құзыретті органнан келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру туралы хабарлама алған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде жер қойнауын пайдаланушы келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келіссөздер жүргізуге өз келісімін жазбаша түрде растамаса не оларды жүргізуден бас тартса;
2) жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келіссөздер жүргізуге келісімі алынған күннен бастап төрт айға дейінгі мерзімде тараптар келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөніндегі келісімге келмесе;
3) Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру жөніндегі келісілген шешімге қол жеткізілген күннен бастап алты айға дейінгі мерзімде тараптар келісімшарттың талаптарына өзгерістерге және (немесе) толықтыруларға қол қоймаса, біржақты тәртіппен келісімшарттың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
5. Егер стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскелеріне, кен орындарына қатысты жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушының іс-әрекеті ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін өзгертуге әкеп соғатын болса, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құзыретті орган келісімшарттың, оның ішінде бұрын жасалған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен тоқтатуға құқылы.
Келісімшарттың қолданылуы аталған негіз бойынша біржақты тәртіппен тоқтатылған жағдайда құзыретті орган ол жөнінде жер қойнауын пайдаланушыны кемінде екі ай бұрын ескертуге тиіс.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген міндеттемелерді екі реттен көп бұзуды құзыретті органның хабарламасында көрсетілген мерзімде жоймаған кезде кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
Жер қойнауын пайдаланушы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының хабарламасында белгіленген мерзімде толық жойған келісімшарт талаптарының бұзылуы келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға негіз болып табылмайды.
7. Егер жер қойнауын пайдаланушының нақты шығыстары нарықта қолданылатын бағалардың өзгеруі салдарынан, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушының еркіне тәуелді емес басқа да мән-жайларға байланысты келісімшарт жасасу, жұмыс бағдарламасы мен жобалау құжаттарын бекіту кезінде ескерілгендерден кем болып шықса, бірақ бұл ретте жер қойнауын пайдаланушы міндеттемелерінің келісімшартта, жұмыс бағдарламасында және жобалау құжаттарында көзделген нақты көлемі толық көлемде орындалса, жер қойнауын пайдаланушының нақты шығыстарының мұндай азаюы келісімшарт талаптарын бұзу және келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтату үшін негіз болып табылмайды.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 7-1-тармақпен толықтырылды
7-1. Егер осы Заңның 71-бабы 4-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген міндеттеменің толық немесе ішінара орындалмауы жер қойнауын пайдаланушыға байланысты емес мән-жайлардан туындаса және ол өндірілетін пайдалы қазбаны қайта өңдеуге беру бойынша өзіне байланысты барлық шараларды қолданса, онда мұндай орындалмау осы міндеттемені бұзу және келісімшарттың қолданылуын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға негіз болып табылмайды.
8. Жер қойнауын пайдаланушы келісімшартты сот тәртібімен мерзімінен бұрын бұзуды талап етуге немесе келісімшартта белгіленген негіздер бойынша келісімшартты орындаудан біржақты тәртіппен бас тартуға құқылы.
9. Келісімшарттың қолданысын тоқтату жер қойнауын пайдаланушыны Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келісімшарттық аумақты мемлекетке қайтару және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың зардаптарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындаудан босатпайды.
10. Құзыретті орган келісімшарттың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатқан кезде ұлттық компания келісімшарттық аумақты сенімгерлікпен басқаруға қабылдайды. Технологиялық процестің үздіксіз болуын және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құрылыстар мен жабдықтарды бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы жаңа жер қойнауын пайдаланушыға мүлік берілгенге дейінгі мерзімге ұлттық компанияның уақытша иеленуі мен пайдалануына беруге тиіс. Бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы болмаған не ол мүлікті ұлттық компанияға беруден бас тартқан жағдайда құзыретті орган осындай мүлікке қатысты оның сенім білдірген адамы ретінде іс-қимыл жасайды.
Құзыретті орган келісімшартта көзделген жер қойнауы учаскесін конкурсқа шығаруға немесе тікелей келіссөздер өткізуге міндетті.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 11-тармақпен толықтырылды
11. Үлгілік келісімшарт, егер тараптар оны ұзарту туралы келісімге қол жеткізбесе, оның қолданылу мерзімі өткеннен кейін тоқтатылады.
Үлгілік келісімшарттың қолданылуын мерзімінен бұрын тоқтатуға тараптардың келісімімен жол беріледі.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 72-1-баппен толықтырылды
72-1-бап. Келісімшарттық аумақты сенімгерлік басқару
1. Келісімшарттық аумақта үздіксіз технологиялық процесті ұстап тұру және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бұрынғы жер қойнауын пайдаланушымен келісімшарт тоқтатылған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде құзыретті орган ұлттық компаниямен келісімшарттық аумақты сенімгерлік басқару шартын жасасады.
2. Құзыретті орган бұрынғы жер қойнауын пайдаланушыны келісімшарттық аумақты сенімгерлік басқару шартын жасасқаны туралы мұндай шарт жасалған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде хабардар етеді.
3. Келісімшарттық аумақты сенімгерлік басқару шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес әзірленеді және жасалады.
Келісімшарттық аумақты сенімгерлік басқару шарты сенімгерлік басқарушыға:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге келісімшарт жасамай-ақ жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияны жүзеге асыру;
2) келісімшарттық аумақты сенімгерлік басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін жер пайдалану құқығында жер учаскесін алу құқығын береді.
4. Бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органның келісімшарттық аумақты сенімгерлік басқару шартын жасасқаны туралы хабарламасын алған күннен бастап бір ай ішінде технологиялық процестің үздіксіз болуын және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құрылыстарды, жабдықтарды және өзге де мүлікті жаңа жер қойнауын пайдаланушыға мүлік берілгенге дейінгі мерзімге сенімгерлік басқарушының уақытша иеленуі мен пайдалануына беруге тиіс.
Бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы болмаған не ол сенімгерлік басқарушыға мүлікті беруден жалтарған жағдайда, құзыретті орган мұндай мүлікке қатысты оның сенім білдірілген өкілі ретінде әрекет етеді және берілетін мүліктің жай-күйі туралы нұсқауды көздейтін тізбе қамтылған акт бойынша оны сенімгерлік басқарушыға береді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мүлікті пайдаланумен байланысты шығыстар осы баптың 5-тармағына сәйкес өтеледі.
5-тармақ 2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
5. Сенімгерлік басқарушының келісімшарттық аумақты сенімгерлік басқаруы кезінде жүргізген және белгіленген тәртіппен расталған шығыстарды жүргізілген шығыстардың қажеттігін растайтын құжаттарды ұсынған кезде оны пайдаланудан түскен кірістер есебінен өтеттіруге құқығы бар.
Шығыстар осылайша өтелген жағдайда, жаңа жер қойнауын пайдаланушы осы бапқа сәйкес бұрын өтелген, сенімгерлік басқарушы шығындарының орнын толтырмайды.
Кіріс болмаған не ол жеткіліксіз болған жағдайда, шығыстарды өтеу құрылтайшының (пайда табушының) есебінен жүзеге асырылады.
Сенімгерлік басқарушының шығыстарын өтеуге және сенімгерлік басқару шартын орындаумен байланысты салықтарды төлеуге жіберілген сомаларды қоспағанда, сенімгерлік басқарудан түскен кірістер сенімгерлік басқару шартының қолданылуын тоқтату нәтижелері бойынша құрылтайшыға (пайда табушыға) жіберіледі.
6. Келісімшарттық аумақты сенімгерлік басқару шарты шеңберінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу осы Заңның нормалары қолданылмай жүзеге асырылады.
7. Сенімгерлік басқарушы келісімшарттық аумақты сенімгерлік басқару шартымен өзіне берілген өкілеттіктерді асыра пайдалана отырып немесе белгіленген шектеулерді бұза отырып жасаған мәмілелерден туындайтын міндеттемелер бойынша өз мүлкімен жауап береді.
8. Жер учаскесі сенімгерлік басқарушыға келісімшарттық аумақты сенімгерлік басқару шартының қолданылу мерзіміне, бірақ ол жасалған күннен бастап он жылдан аспайтын мерзімге қайта ресімделеді.
73-бап. Барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттың қолданылуын қайта жаңғырту үшін негіздер
1. Құзыретті орган мынадай жағдайларда:
1) келісімшарттың қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылдауға елеулі әсер еткен дәйексіз деректер негізінде келісімшарттың қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылдау фактісі анықталғанда, оның ішінде, егер келісімшарттың қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылдау күні жер қойнауын пайдаланушыда дәлелді себептер бойынша келісімшарттық міндеттемелердің орындалғанын растайтын құжаттар болмаса;
2) келісімшарт бойынша міндеттемелердің орындалмауы не тиісті түрде орындалмауы, жер қойнауын пайдаланушының еркіне тәуелді емес себептер салдарынан, оның ішінде еңсерілмейтін күштің әсерінен болған себептер, яғни осындай жағдайлар кезінде келісімшарт бойынша міндеттемелердің орындалмауына не тиісті түрде орындалмауына тікелей әсер еткен төтенше және еңсерілмейтін мән-жайлар (дүлей зілзала құбылысы, әскери қимылдар және тағы сондайлар) анықталғанда және расталғанда келісімшарттың қолданысын қайта жаңғырту туралы шешім қабылдау және құзыретті органның бастамасы бойынша бұрын қабылданған келісімшарттың қолданысын тоқтату туралы шешімнің күшін жою жолымен өз бастамасы бойынша бұрын тоқтатылған барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттың қолданысын сот қарауынан тыс тәртіппен қайта жаңғыртуға құқылы.
2. Өзімен жасалған келісімшарт тоқтатылған тұлғаның өтініші не құзыретті органның бастамасы бойынша келісімшарттың қолданысын тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап алты ай ішінде құзыретті органның келісімшартты қайта жаңғырту негіздерін дербес анықтауы құзыретті органның бастамасы бойынша бұрын тоқтатылған келісімшарттың қолданысын қайта жаңғырту туралы мәселені құзыретті органның қарауы үшін негіз болып табылады.
3. Құзыретті органның келісімшарттың қолданысын қайта жаңғырту және құзыретті органның бастамасы бойынша келісімшарттың қолданысын тоқтату туралы бұрын қабылданған шешімнің күшін жою туралы шешімі өзімен жасалған келісімшарт тоқтатылған тұлғадан өтініш келіп түскен не құзыретті орган осы баптың 1-тармағында көрсетілген мән-жайларды анықтаған күннен бастап бір ай ішінде қабылданады.
4. Осы баптың 1-тармағында көзделген негіздер бойынша барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттың қолданысын қайта жаңғырту және құзыретті органның бастамасы бойынша келісімшарттың қолданысын тоқтату туралы бұрын қабылданған шешімді жою туралы шешім қабылданған жағдайда құзыретті орган және жер қойнауын пайдаланушы осындай шешім қабылданған күннен бастап үш ай ішінде келісімшартқа қосымша келісімді белгіленген тәртіппен келіседі және жасасады, онда келісімшарттың қолданысын қайта жаңғырту мәселелері, оның ішінде келісімшарт бойынша қызмет үзілісімен байланысты мәселелер және жауапкершілік мәселелері реттелуге тиіс. Құзыретті органның шешімі бойынша келісімшартқа қосымша келісімді келісу және жасасу үшін осы тармақта көрсетілген мерзім ұзартылуы мүмкін.
5. Құзыретті органның барлауға немесе өндіруге арналған келісімшарттың қолданысын жаңғырту және құзыретті органның бастамасы бойынша келісімшарттың қолданысын тоқтату туралы бұрын қабылданған шешімнің күшін жою туралы шешімі қабылданған күнінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде онымен жасалған келісімшарт бұрын тоқтатылған тұлғаның назарына жеткізіледі және осы баптың 4-тармағына сәйкес келісімшартқа қосымша келісімге қол қойылғанға дейін жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт бойынша қызметті қайта жаңғыртуына негіз болып табылады.
6. Осы баптың ережелері облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған келісімшарттың қолданысын қайта жаңғырту туралы шешім қабылдаған кезде қолданылады.
74-бап. Келісімшартты жарамсыз деп тану
1. Мыналар:
1) жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстың жарамсыз деп танылуы;
2) осы Заңда белгіленген міндетті талаптардың келісімшартта болмауы;
3) құзыретті органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына оның осы тұлғамен келісімшарт жасасу жөніндегі шешіміне әсер еткен көрінеу дәйексіз ақпарат берудің анықталуы;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер келісімшартты жарамсыз деп тануға негіз болып табылады.
2. Жарамсыз деп танылған келісімшарт, оның жарамсыздығымен байланыстыларды қоспағанда, құқықтық салдарға әкеп соқпайды және оны жасасқан кезден бастап жарамсыз болады.
Келісімшартты жарамсыз деп тану жер қойнауын пайдаланушыны Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келісімшарттық аумақты мемлекетке қайтару және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың зардаптарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындаудан босатпайды.
3. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру және қайта ресімдеу соның негізінде жүзеге асырылған шартты сот тәртібімен жарамсыз деп тану не бұзу нақ сол келісімшарттың емес, жер қойнауын пайдалану құқығын осындай беруге байланысты келісімшартқа қабылданған өзгерістер мен толықтырулардың жарамсыздығына әкеп соғады.
4. Келісімшартты жарамсыз деп тану осындай келісімшарттың негізінде берілген жер қойнауын пайдалану құқығы солардың нысанасы болып табылатын барлық кейінгі мәмілелердің жарамсыздығына әкеп соғады.
7-тарау. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУШЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
75-бап. Жер қойнауын пайдаланушының құқықтары
Жер қойнауын пайдаланушының:
1) келісімшартта көзделген талаптарға сәйкес өзіне берілген келісімшарттық аумақ шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі іс-әрекетті дербес жасауға;
2) егер келісімшартта не Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өз қызметінің нәтижелерін, оның ішінде минералдық шикізатты өз қалауынша пайдалануға;
3) келісімшарттық аумақта, ал қажет болған жағдайда жер қойнауын пайдаланушыға белгіленген тәртіппен берілген өзге де жер учаскелерінде жұмыстарды жүзеге асыру үшін қажетті өндірістік және әлеуметтік сала объектілерін салуға, сондай-ақ шарттар негізінде келісімшарттық аумақта да, одан тысқары жерлерде де жалпыға ортақ объектілер мен коммуникацияларды пайдалануға;
4) келісімшарттың қолданылу мерзімін ұзарту туралы келіссөздерге бастамашылық жасауға;
5) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге байланысты жұмыстардың жекелеген түрлерін орындау үшін мердігерлерді тартуға;
6) осы Заңда белгіленген талаптарды сақтай отырып, құқықтарды немесе олардың бір бөлігін басқа тұлғаларға беруге;
7) осы Заңда немесе келісімшартта айқындалған жағдайларда жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтатуға құқығы бар.
76-бап. Жер қойнауын пайдаланушының міндеттері
1. Жер қойнауын пайдаланушы:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды келісімшартқа және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізуге, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға қойылатын талаптарды сақтауға;
2) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде адам өмірінің, денсаулығының және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
3) келісімшарттық аумақты тек қана келісімшартта көзделген мақсаттарда пайдалануға;
4) жер қойнауын пайдаланудың оң тәжірибесіне негізделген жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің неғұрлым тиімді әдістері мен технологияларын таңдауға;