26) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
27) құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты - сервистік компания мен осы Заңның 63-бабының 1-тармағында көрсетілген тұлға немесе «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабы 5-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлға немесе сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы арасында жасалған, банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты;
28) мінсіз іскерлік бедел - адамның, оның ішінде:
аталған адамның қаржы ұйымын мәжбүрлеп таратуға алып келген төлем қабілетсіздігіне не банкке реттеу режимін қолдануға алып келген құқыққа қайшы әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасау;
аталған адамның алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы, оның ішінде адамға қаржы ұйымының, банк және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері лауазымын атқару және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болу құқығынан өмір бойына айыру түрінде қылмыстық жаза қолдану туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы;
қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның мәліметтері негізінде әрекеттері қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға ықпал еткен үшінші тұлғалармен қарым-қатынасының (үшінші тұлғалардың бақылауы мен ықпалының) болуы фактілерінің жоқтығымен расталатын кәсіпқойлығы мен адалдығы;
29) нарықтық емес активтер кепілінің препозициясы - банктің «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген соңғы сатыдағы қарызды алу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті органның Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кепілге қабылдауы үшін қолайлы, көрсетілген банктің нарықтық емес активтерін алдын ала айқындауы жөніндегі рәсім;
30) сервистік компания - құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты шеңберінде банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша, құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару бойынша, оның ішінде:
банктік қарыз шартының, микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуге;
өзімен құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты жасалған тұлғаның мүдделерін сотта білдіруге;
борышкерден ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті қабылдауға;
осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және (немесе) құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шартында көзделген өзге де өкілеттіктерге қатысты өкілеттіктерге ие, стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйым, коллекторлық агенттік;
31) таратылатын банк - банкті мәжбүрлеп тарату туралы заңды күшіне енген сот шешіміне не уәкілетті органның банкті ерікті түрде таратуға берген рұқсатына сәйкес тарату рәсімінде тұрған банк;
32) төлемге қабілетсіз немесе ықтимал төлемге қабілетсіз банк - қызмет қабілетін бағалау мынадай мән-жайлардың біреуінің болуын растайтын банк:
банк міндеттемелерінің банк активтерінен асып түсуі;
банктің меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерінің және (немесе) өтімділік коэффициенттерінің уәкілетті орган белгілеген ең төмен мәндерден төмен деңгейге дейін төмендеуі;
ақшаның болмауына немесе жеткіліксіз болуына байланысты банктің депозиторлар және (немесе) өзге кредиторлар алдындағы ақшалай міндеттемелерді орындауға қабілетсіздігі;
банктің қаржылық орнықтылығына айтарлықтай теріс әсер ететін банктің корпоративтік басқаруындағы және (немесе) тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіндегі едәуір кемшіліктер;
банктің қаржылық орнықтылығына айтарлықтай теріс әсер ететін, банктің реттеу немесе қаржылық есептілігіндегі едәуір бұрмаланулар, оның ішінде ұсынылған ақпараттың банктің нақты қаржылық жағдайынан едәуір ауытқуына алып келген залалдарды әдейі бұрмалау немесе мойындамау, есептік саясатта айла-шарғы жасау;
банктің қаржылық орнықтылығының қауіп-қатерін куәландыратын мән-жайлардың болуы, оның ішінде банк активтері құнының едәуір нашарлауы;
банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айыру үшін осы Заңда белгіленген негіздердің болуы;
жоғарыда көрсетілген мән-жайлардың кез келгені банкке қатысты алдағы алты ай ішінде басталатынын көрсететін мән-жайлардың (мәліметтердің) болуы;
33) тұрақтандыру банкі - реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерінің барлығын немесе бір бөлігін өзіне беру мақсаты үшін құрылатын екінші деңгейдегі банк;
34) тұтынушылық банктік қарыз - ипотекалық қарызды қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға және (немесе) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес өзге де мақсаттарға берілетін жеке тұлғаның банктік қарызы
35) ұйымның капиталына қомақты қатысу - шартқа (растайтын құжаттарға) орай немесе уәкілетті орган белгілеген жағдайларда өзгеше түрде дауыс беретін акциялардың, қатысу үлестерінің, пайлардың не заңды тұлғаға немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымға үлестік қатысудың басқа нысандарының жиырма және одан көп пайызын дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп тікелей және (немесе) жанама иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету.
Мыналар ұйымның капиталына қомақты қатысуы бар тұлға болып танылмайды:
Қазақстан Республикасының Үкіметі;
ұлттық басқарушы холдинг;
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еншілес ұйымдары;
банктің дауыс беретін акцияларын және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі банктің дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды зейнетақы активтерінің есебінен иеленетін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, инвестициялық портфельді басқарушы;
осы Заңда көзделген жағдайларда өзге де тұлғалар;
36) ірі қатысушы - дауыс беретін акциялардың, қатысу үлестерінің, пайлардың не заңды тұлғаға немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымға үлестік қатысудың басқа нысандарының он немесе одан көп пайызын тікелей және (немесе) жанама иеленетін және (немесе) пайдаланатын және (немесе) оларға билік ететін жеке тұлға, заңды тұлға, заңды тұлға болып табылмайтын ұйым.
Мыналар заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның ірі қатысушысы болып танылмайды:
Қазақстан Республикасының Үкіметі;
ұлттық басқарушы холдинг;
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еншілес ұйымдары;
банктің дауыс беретін акцияларын және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі банктің дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды зейнетақы активтерінің есебінен иеленетін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, инвестициялық портфельді басқарушы.
2-бап. Қазақстан Республикасының банк заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының банк заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3-бап. Банк қызметі саласындағы мемлекеттік реттеудің, бақылаудың және қадағалаудың негізгі мақсаты, міндеттері мен қағидаттары
1. Қазақстан Республикасының банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету банк қызметі саласындағы мемлекеттік реттеудің, бақылаудың және қадағалаудың негізгі мақсаты болып табылады.
2. Банк қызметі саласындағы мемлекеттік реттеудің, бақылаудың және қадағалаудың негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының банк жүйесінің жұмыс істеуі үшін құқықтық негіздерді белгілеу;
2) Қазақстан Республикасындағы банк қызметін реттеу, бақылау және қадағалау;
3) банктер және Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдары депозиторларының, өзге де кредиторларының және клиенттерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;
4) банк қызметтері нарығында адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
5) қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға және халыққа көрсетілетін банк қызметтерінің қолжетімді болуына жәрдемдесу.
3. Банк қызметі саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары мыналар болып табылады:
1) банк қызметін тиімді және пропорционалды (мөлшерлес) реттеу;
2) банктер, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдары және Қазақстан Республикасының банк жүйесінің өзге де қатысушылары қызметінің ашықтығы;
3) банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының және Қазақстан Республикасының банк жүйесінің өзге де қатысушыларының банк қызметін жүзеге асыру процесіндегі жауапкершілігі.
2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БАНК ЖҮЙЕСІ
4-бап. Қазақстан Республикасының банк жүйесі
1. Қазақстан Республикасының екі деңгейлі банк жүйесі бар.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мемлекеттің орталық банкі болып табылады және ол Қазақстан Республикасы банк жүйесінің жоғарғы (6ірінші) деңгейін білдіреді.
«Қазақстанның Даму Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ерекше құқықтық мәртебесі бар Қазақстанның Даму Банкін қоспағанда, барлық өзге банктер Қазақстан Республикасы банк жүйесінің төменгі (екінші) деңгейін білдіреді және екінші деңгейдегі банктер болып табылады. Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдары да Қазақстан Республикасы банк жүйесінің төменгі (екінші) деңгейінің құрамына кіреді.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мақсаты, міндеттері, қызмет қағидаттары, құқықтық мәртебесі және өкілеттіктері «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында, Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өз құзыреті шегінде банк қызметінің жекелеген мәселелері бойынша реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады және банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың жұмыс істеуі үшін жалпы жағдайлар жасауға ықпал етеді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өзінің құзыреті шегінде банктерге, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты реттеу, бақылау және қадағалау функциялары Қазақстан Республикасының ақша-кредит жүйесінің тұрақтылығын ұстап тұруға, банктер, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдары, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың депозиторларының, өзге де кредиторларының және клиенттерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.
3. Уәкілетті органның не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің тиісті лицензиясы жоқ бірде-бір тұлға:
1) негізгі немесе қосымша қызмет ретінде банк операцияларын жүзеге асыруға құқылы емес.
Мемлекеттік орган, Ұлттық пошта операторы, Қазақстанның Даму Банкі, халықаралық қаржы ұйымдары, сондай-ақ осы Заңда және (немесе) Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында бекітілген өкілеттіктері шегінде өзге тұлғалар жүзеге асыратын банк операцияларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында уәкілетті органның немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясынсыз жүзеге асырылған банк операциялары маңызсыз болып табылады;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін, Қазақстанның Даму Банкін, халықаралық қаржы ұйымдарын және банктердің өкілдіктерін қоспағанда, өзінің атауында, құжаттарда, хабарландыруларда және (немесе) жарнамада «банк» деген сөзді немесе одан туындайтын ол банк операцияларын жүзеге асыратындай әсер қалдыратын сөзді (ұғымды) пайдалануға құқылы емес.
4. Қазақстан Республикасында ұлттық даму институты мәртебесіне ие тұрғын үй құрылысы жинақ банкін қоспағанда, мемлекет қатысатын мамандандырылған салалық банктерді құруға жол берілмейді.
Ұлттық даму институты мәртебесіне ие тұрғын үй құрылысы жинақ банкі - осы Заңда және «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалатын ерекше құқықтық мәртебесі бар екінші деңгейдегі банк.
5. Қазақстан Республикасында бүркеме-банктерді құруға немесе олардың қызметіне тыйым салынады.
5-бап. Банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының үлестес тұлғалары
1. Мыналарды:
банктің дауыс беретін акцияларын және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі банктің дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды номиналды ұстаушының функцияларын жүзеге асыратын тұлғаларды, сондай-ақ аталған туынды бағалы қағаздардың эмитенттерін;
осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 64-бабында айқындалған тұлғалар банктің үлестес тұлғалары болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметінде және (немесе) ұлттық басқарушы холдингте банктің ірі акционері мәртебесінің немесе белгілерінің болуы, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтің лауазымды адамдарының банктің органдарына қатысуы:
Қазақстан Республикасы Үкіметін;
ұлттық басқарушы холдингтің және (немесе) оның лауазымды адамдарын көрсетілген банктің үлестес тұлғалары деп тануға негіз болып табылмайды.
3. Осы банктер акционерлерінің құрамында Қазақстан Республикасы Үкіметінің және (немесе) ұлттық басқарушы холдингтің болуы банктерді бір-біріне қатысты үлестес тұлғалар деп тануға негіз болып табылмайды.
4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарының ережелері Қазақстан Республикасының салық заңнамасының және Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасының мақсаты үшін ескерілмейді.
5. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының үлестес тұлғалары деп Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі өзі резиденті болып табылатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес осылай деп танылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің үлестес тұлғалары танылады.
Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі ұсынатын мәліметтер негізінде өзінің үлестес тұлғаларының есебін жүргізеді.
6-бап. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы және мемлекет жауапкершілігінің аражігін ажырату.
Банктердің және Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының тәуелсіздігі
1. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы мемлекеттің міндеттемелері бойынша жауап бермейді, сол сияқты мемлекет те банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының міндеттемелері бойынша жауап бермейді, бұған банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы және (немесе) мемлекет өзіне осындай жауапкершілік алған жағдайлар кірмейді.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен басқа жағдайларда мемлекетті к органдардың және олардың лауазымды адамдарының кез келген түрде банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметіне араласуына тыйым салынады.
3. Қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету (қалпына келтіру) және (немесе) сауықтыру үшін мемлекеттік бюджеттің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) оның еншілес ұйымдарының қаражаты пайдаланылатын банк көрсетілген қаражатты беру туралы шешім қабылданған күннен бастап және оларды қайтару жөніндегі міндеттемелерді банк толық орындағанға дейінгі кезеңде:
1) пайданы бөледі, жай және (немесе) артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерді есепке жазады, сондай-ақ уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген шарттар сақталған кезде өз акцияларын кері сатып алуды жүргізеді;
2) еншілес ұйымдарды құруға және (немесе) сатып алуға, ұйымның капиталына қомақты қатысуының болуына, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан (тіркелген) заңды тұлғалар мен заңды тұлғалар болып табылмайтын ұйымдарға (бұдан әрі - ұйымдар) өзге де инвестицияларды жүзеге асыруға құқылы емес.
Банктің ірі қатысушысы, банк холдингі банктің қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету (қалпына келтіру) және (немесе) оны сауықтыру үшін мемлекеттік бюджеттің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) оның еншілес ұйымдарының қаражатын беру туралы шешім қабылданған күннен бастап және көрсетілген қаражатты беру жөніндегі міндеттемелерді банк толық орындағанға дейінгі кезеңде уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген шарттар сақталған кезде олардың банк акцияларын тікелей және (немесе) жанама иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету үлесін азайтуға құқылы.
Банктің ірі қатысушысы және (немесе) банк холдингі мәртебесін алу үшін қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету (қалпына келтіру) және (немесе) сауықтыру үшін мемлекеттік бюджеттің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) оның еншілес ұйымдарының қаражаты пайдаланылатын банктің акцияларына тікелей және (немесе) жанама иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету үлесін сатып алғысы келетін тұлға осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісі шарттарының сақталуын қамтамасыз етеді.
2-БӨЛІМ. АШУ ЖӘНЕ ЛИЦЕНЗИЯЛАУ
3-тарау. БАНК АШУ ТӘРТІБІ
7-бап. Банктің құқықтық мәртебесі
1. Банк Қазақстан Республикасының банк заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, акционерлік қоғам нысанында құрылады.
2. Банктің ресми мәртебесі заңды тұлғаның «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) банк ретінде уәкілетті органның банк ашуға рұқсаты немесе уәкілетті органның микроқаржы ұйымын банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсаты негізінде жүзеге асырылатын мемлекеттік тіркелуімен (қайта тіркелуімен) және банк лицензиясының болуымен айқындалады.
3. Банктің атауы мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:
1) «банк» деген сөздің немесе содан туындайтын сөздің болуы;
2) кез келген тілде толық немесе қысқартылған түрде «ұлттық», «орталық», «мемлекеттік», «республикалық» деген сөздер пайдаланылмауы;
3) еншілес банктердің атауын қоспағанда, бұрын құрылған банктердің, оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің атауымен бірдей немесе оған айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас сөздер және (немесе) белгілемелердің пайдаланылмауы;
4) бас банктің атауының болуы (еншілес банктің атауы үшін);
5) «ислам банкі» деген сөз тіркесінің болуы (ислам банкінің атауы үшін).
4. Банк басқармасы тұрған жер (пошталық мекенжайы) банк тұрған жер деп танылады.
5. Ислам банкінің жарғысында және исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар банктің жарғысында «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мәліметтерден басқа, банктің тұрақты жұмыс істейтін органы - исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес функцияларының сипаттамасы мен оны құру тәртібі қамтылуға тиіс.
6. Банктің атауы және (немесе) оның орналасқан жері өзгерген жағдайда банк осындай өзгерістер мемлекеттік тіркелген күннен немесе оларды мемлекеттік тіркеу талап етілмейтін жағдайларда осындай өзгерістер туралы Мемлекеттік корпорацияны хабардар еткен күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде уәкілетті органға осындай өзгерістерді растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынуға міндетті.
7. Таратылатын банк қызметін тоқтату Мемлекеттік корпорацияда мемлекеттік тіркелген күннен бастап банктің ресми мәртебесін жоғалтады, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
8-бап. Банктің жарғылық және меншікті капиталы
1. Банктің жарғылық капиталы осы баптың 3-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, акцияларды орналастыру есебінен Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында қалыптастырылады.
2. Әмбебап банк лицензиясы бар банктің, базалық банк лицензиясы бар банктің, ислам банкінің жарғылық капиталының ең төмен мөлшерлері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Жаңадан құрылған банктің жарғылық капиталының ең төмен мөлшерін оның құрылтайшылары банк мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде толық төлеуге тиіс.
3. Мынадай жағдайларды қоспағанда, банк акциялары оларды орналастыру кезінде ақшамен ғана төленуге тиіс:
8-бабының 3-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасы 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
1) банкке реттеу режимін қолдану шеңберінде банктің міндеттемелерін осындай банктің жай акцияларына конвертациялау;
2) банктің акцияларына конвертацияланған эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектісі негізінде бағалы қағаздарды банктің акцияларына конвертациялау;
3) банктің жарғысы және банк акциялары шығарылымының проспектісі негізінде банктің орналастырылған акцияларының бір түрін осы банк акцияларының басқа түріне конвертациялау;
4) «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатын қайта ұйымдастыру кезінде банк акцияларының ақысын төлеу;
5) микроқаржы ұйымы айналдыруға өтініш бергенге дейін микроқаржы ұйымын банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастырылу.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген жағдайларда акциялардың ақысын төлеу үшін пайдаланылатын мүлікті бағалауды жүргізу талап етілмейді.
4. Микроқаржы ұйымын банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылатын банктің ең төмен меншікті капиталы банк лицензиясын алуға арналған өтініш берілген күні осы Заңның 72-бабы 1-тармағы екінші бөлігі 1) тармақшасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
9-бап. Банктің құрылтайшылары мен акционерлері
1. Осы баптың 2 және 4-тармақтарында белгіленген шектеулер ескеріле отырып, жеке және (немесе) заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасының резиденттері және (немесе) бейрезиденттері банктің құрылтайшылары мен акционерлері бола алады.
9-бабы 1-тармағының екінші және үшінші бөліктері 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
Осы Заңның 4-бабының 4-тармағында және 94-бабы 4-тармағының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекет Қазақстан Республикасының Үкіметі арқылы ғана банктің құрылтайшысы және (немесе) акционері бола алады.
Уәкілетті орган реттеу режиміндегі банктің осы Заңның 98-бабында көзделген активтері мен міндеттемелерін бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүзеге асыру мақсатында тұрақтандыру банкінің жалғыз құрылтайшысы болуы мүмкін.
Ұлттық басқарушы холдингті қоспағанда, дауыс беретін акцияларының не жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестерінің елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдар банктің құрылтайшылары мен акционерлері бола алмайды.
2. Бірде-бір тұлға уәкілетті органның алдын ала жазбаша келісімін алмай, дербес немесе басқа тұлғамен (басқа тұлғалармен) бірлесіп:
жиынтығында банктің дауыс беретін акцияларының он немесе одан көп пайызын, оның ішінде Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі банктің дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздар арқылы тікелей және (немесе) жанама иеленуге және (немесе) пайдалануға және (немесе) оларға билік етуге;
банкті бақылауды жүзеге асыруға;
банктің дауыс беретін акцияларының он немесе одан көп пайызымен банк қабылдайтын шешімдерге тікелей және (немесе) жанама ықпал етуге (дауыс беруге) құқылы емес.