Баланың тууын және әке болуды анықтауды бiр мезгiлде мемлекеттік тiркеу кезiнде мiндеттi түрде туу туралы және әке болуды анықтау туралы актiлер жазбасы жасалады. Туу туралы акт жазбасында баланың тегi анасының тегi бойынша, әкесiнiң аты мен әкесi туралы мәлiметтер әкесiнiң өтініші немесе ата-аналарының бiрлескен өтініші бойынша көрсетiледi.
213-бап. Кәмелетке толған балаға қатысты әке болуды анықтауды мемлекеттік тiркеу тәртібі
Кәмелетке толған адамдарға қатысты әке болуды анықтауды мемлекеттік тiркеуге - олардың жазбаша келiсiмiмен ғана, ал егер ол әрекетке қабiлетсіз деп танылса, оның қорғаншысының немесе қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келiсiмiмен жол берiледi.
Кәмелетке толған адамның келісімі жеке өтініште не ата-аналарының бiрлескен өтінішіндегі өзінің қолтаңбасымен көрсетілуге тиіс. Өтініш берген кезде бір мезгілде кәмелетке толған бала не оның қорғаншысы әкесінің тегін алғысы келетіндігін не анасының тегін сақтағысы келетіндігін көрсетеді.
214-бап. Әке болуды анықтау туралы өтініш
Әке болуды анықтау туралы өтінішті ата-аналары немесе олардың біреуі, ал олар қайтыс болған, науқастанған немесе өтініш жасау өзге де себептер бойынша мүмкін болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сенім білдірілген адамдар жазбаша нысанда береді.
Әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті ата-аналары емес, басқа адам берген кезде өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат ұсынылуға тиіс.
215-бап. Әке болуды анықтауды мемлекеттік тiркеу кезінде өзгерістер енгізу тәртібі
1. Әке болуды анықтауды мемлекеттік тiркеу кезінде туу туралы акт жазбасына әке болуды анықтау туралы акт жазбасының негізінде тиісті өзгерістер енгізіледі.
Баланың тегі, әкесінің аты, сондай-ақ әкесі туралы мәліметтер осы Кодекстің 207, 209 және 211-баптарына сәйкес енгізіледі.
2. Туу туралы акт жазбасына тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін өтініш берушіге (өтініш берушілерге) баланың туу туралы жаңа куәлігі беріледі.
216-бап. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде анықталған әке болуды тану
Егер ата-аналарының ең болмаса бiреуiнде Қазақстан Республикасының азаматтығы бар болса, ол балаға қатысты Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері тіркеген әке болу танылады.
217-бап. Әке болуды анықтау туралы жазбалар кітабына енгізілетін мәліметтер
Әке болуды анықтау туралы акт жазбасына мынадай деректер:
1) баланың тууын мемлекеттік тіркеу күні;
2) баланың туу туралы акт жазбасының нөмірі;
3) баланың әке болуды анықтағанға дейінгі және одан кейінгі тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса);
4) баланың туған уақыты мен туған жері;
5) ата-аналарының тектері, аттары, әкелерінің аттары (егер бар болса), туған күні, айы, жылы, тұрақты тұрғылықты жері, заңды мекенжайы, азаматтығы, табыс көзі немесе жұмыс орны, егер жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген болса, ұлты;
6) оның негізінде әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу жүргізілген құжат туралы мәліметтер;
7) өтініш иесі туралы мәліметтер;
8) берілген куәліктің сериясы мен нөмірі енгізіледі.
218-бап. Әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті беру
Әке болуды анықтау туралы куәлікті әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасының негізінде тіркеуші орган береді.
Әке болуды анықтау туралы куәлік мемлекеттік тіркеу орны бойынша ата-аналарының біреуіне беріледі немесе олардың тілегі бойынша әрқайсысына берілуі мүмкін.
219-бап. Әке болуды анықтау туралы куәлік
Әке болуды анықтау туралы куәлік мынадай мәліметтерді:
1) баланың әкесінің тегін, атын, әкесінің атын (егер бар болса);
2) баланың тегін, атын, әкесінің атын (егер бар болса), туған күнін, айын, жылын;
3) баланың анасының тегін, атын, әкесінің атын (егер бар болса);
4) акт жазбасының жасалған күнін және нөмірін;
5) мемлекеттік тіркеу орнын, тіркеуші органның атауын;
6) әке болуды анықтау туралы куәліктің берілген күнін қамтиды.
27-тарау. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу
220-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу үшін негіз
Тіркеуші органдар неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы бірлескен жазбаша өтініштің негізінде жүргізеді.
221-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу орны
Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың тілегі бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органда жүргізіледі.
222-бап. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш беру мерзімі және неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу мерзімі
1. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш тіркеуші органға некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркегенге дейін бір ай бұрын беріледі.
2. Некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеуді некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы бірлескен өтініш берілген күннен бастап бір ай мерзім өткен соң тіркеуші орган жүргізеді.
Мерзімнің өтуі өтініш берілгеннен кейінгі келесі күннен басталады және келесі айдың тиісті күні бітеді. Егер осы күн жұмыс күні болмаса, онда одан кейінгі жұмыс күні мерзімнің аяқталған күні болып есептеледі.
Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу уақытын тіркеуші орган некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдірген адамдардың келісімі бойынша тағайындайды. Мемлекеттік тiркеу уақыты сол үй-жайда қайтыс болуды және некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тiркеген уақытпен сәйкес келмейтiндей есеппен тағайындалуға тиіс.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Егер неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш берген кезде некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың екеуінің бірдей тіркеуші органда болуы мүмкін болмаса немесе оған қатысуы тым қиын болса (бір-бірінен алыста тұруы, ауыр науқастануы, жүріп-тұру қиындығымен байланысты мүгедектігі, әскери қызмет өткеруі және басқалары), белгіленген нысан бойынша толтырылған және некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың екеуі бірдей қол қойған неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы өтінішті олардың біреуі бере алады.
Жоқ адамның қолтаңбасын тіркеуші органның бастығы куәландыруы және азаматтың тұрған жері бойынша тіркеуші органның, нотариустың немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес нотариаттық іс-әрекеттер жасауға құқық берілген өзге де лауазымды адамның мөрімен бекітілуі мүмкін, сондай-ақ мынадай тәртіппен:
1) әскери қызметшілерді - тиісті әскери бөлімнің командирі;
2) жүзу уақытында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туымен жүретін теңіз кемелерінде немесе ішкі жүзу кемелерінде болатын Қазақстан Республикасының азаматтарын - осы кемелердің капитандары;
3) экспедицияларда болатын адамдарды - осы экспедициялардың бастықтары;
4) стационарлық медициналық ұйымдарда болатын адамдарды - осы ұйымдардың бас дәрігерлері;
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
5) қамауға алу, бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындайтын мекемелерде отырған адамдарды - тиісті мекемелердің бастықтары;
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
6) жүріп-тұруы қиын мүгедектерді дәрігерлік-консультативтік комиссияның төрағасы куәландыруы мүмкін.
223-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу мерзімдерін қысқарту және ұзарту
1. Некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың бірлескен өтініші бойынша тиісті құжаттармен расталған (дәрігерлік-біліктілік комиссиясының жүктілік туралы анықтамасы, денсаулық жағдайы туралы анықтама, басқа да ерекше мән-жайларды растайтын анықтамалар) дәлелді себептер (жүктілік, баланың тууы, тараптардың бірінің өміріне тікелей қатер төнуі және басқа да ерекше мән-жайлар) болған кезде тіркеуші органның бастығы неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу орны бойынша бiр ай өткенге дейін некенi қиюға (ерлі-зайыпты болуға) рұқсат етеді не бұл мерзiмдi ұзартады, бірақ ол бір айдан аспауға тиіс.
Мерзiмдi қысқарту уақыты әрбiр жеке жағдайда нақты мән-жайларға байланысты айқындалады.
2. Жекелеген жағдайларда неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеудi күту мерзiмi неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеуге кедергi келтіретін мән-жайлар болған кезде ғана тіркеуші органның бастамасы бойынша ұзартылуы мүмкiн. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы жазба жасалғанға дейiн лауазымды адам жазбаны тоқтата тұруға және өтініш берушiден бiр айдан асыруға болмайтын белгiленген мерзiмде тиiстi деректі айғақтар беруді талап етуге міндеттi.
Тіркеуші орган мүдделi адамдардың өтініші бойынша немесе өз бастамасымен қажеттi тексеруді жүргiзеді. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеудi кейінге қалдыру туралы некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш берген адамдар хабардар етіледі. Неке қиюға (ерлі-зайыпты болуға) заңды кедергiлер болған кезде тіркеуші орган оны мемлекеттік тiркеуден бас тартады.
Егер мұндай кедергiлер туралы мәлiметтер расталмаған болса, некенi (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тiркеу жалпы негiздерде жүргiзiледi. Аталған мән-жайларды тексеру бiр ай мерзiмде аяқталуға тиiс.
Айлық мерзiмді қысқарту немесе ұзарту туралы рұқсатты тіркеуші органның бастығы, ал ол болмаған кезде оның мiндетiн атқарушы адам некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтінішке қарар түрінде бередi.
Егер некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек бiлдiрушiлер дәлелдi себептер бойынша белгiленген күнi тіркеуші органға келе алмайтын болса, неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеу мерзiмi олардың өтініші бойынша басқа уақытқа ауыстырылады.
224-бап. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш
1. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш жазбаша түрде жасалуға тиiс. Белгіленген үлгідегі өтініш нысаны болмаған жағдайда, өтініштің мәтінінде көзделген мәліметтердің бәрі еркін түрде қамтылуға тиіс.
Өтініш нысанында қамтылған барлық сұрақтарға толық әрі дәл жауаптар берілуге тиіс.
2. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш беру кезінде:
2013.29.01. № 74-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын немесе шетелде уақытша болатын Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлiгiн не паспортын; шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматы - оның шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматы ретiнде есепке алынғаны туралы шетелдегi консулдық мекеменiң белгiсi бар Қазақстан Республикасы азаматының паспортын ұсынады; Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдік, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға арналған ықтиярхатын ұсынады. Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдік Қазақстан Республикасының iшкi iстер органы берген Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсат ететін құжатын ұсынады; Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адам тұрғылықты жерi бойынша тiркелгендiгi туралы Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының белгiсi бар азаматтығы жоқ адамның куәлiгiн ұсынады. Қазақстан Республикасында уақытша болатын азаматтығы жоқ адам оның жеке басын куәландыратын, өзі тұратын елдiң құзыреттi органдары берген және Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдарында белгiленген тәртiппен тiркелген құжатын ұсынады.
Басқа мемлекеттің аумағында тұрақты тұратын шетелдiк, азаматтығы жоқ адам жеке басын куәландыратын құжаттарды ұсынумен қатар олардың мәтiнiнiң нотариатта куәландырылған қазақ тiлiндегi немесе орыс тiлiндегi аудармасын беруге тиiс.
Шетелдіктің, азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттардың мәтіні аудармасының дұрыстығы шетелдік азаматы болып табылатын мемлекеттiң немесе азаматтығы жоқ адам тұрақты тұратын мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінде немесе консулдық мекемесінде не сыртқы саясат ведомствосында куәландырылуы мүмкiн;
2) осы Кодекстің 10-бабында көрсетілген белгiленген неке жасын азайту қажеттігін растайтын құжаттарды;
3) бұрынғы некелері (ерлі-зайыптылықтары) туралы мәліметтерді;
4) балалары бар екендiгi туралы мәлiметтерді;
5) бір-бірінің денсаулық жағдайы және материалдық жағдайы туралы, сондай-ақ некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) кедергінің жоқтығы туралы хабардар екендігі туралы қолхатты ұсыну қажет.
225-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу кезінде ерлі-зайыптылардың тектерін жазу тәртібі
1. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу кезінде некеге дейінгі тегін екінші жұбайының тегіне өзгертуге тілек білдірген жұбайға неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы акт жазбасында ортақ тек ретінде таңдап алынған тегі көрсетіледі.
2. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы акт жазбасын жасаған кезде бұрынғы тектерінде қалуға тілек білдірген ерлі-зайыптылардың тектері өзгертілмейді.
3. Өзінің некеге дейінгі тегіне екінші жұбайының тегін қосып жазуға тілек білдірген жұбайға неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы акт жазбасында қосылатын тегі некеге дейінгі тегінен кейін сызықша арқылы жазылады.
4. Ерлі-зайыптылардың тектерін таңдауы некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы бірлескен жазбаша өтініште көрсетіледі.
226-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу тәртібі
1. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органдар осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүргізеді.
2. Егер некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдар (адамдардың біреуі) ауыр науқастануы салдарынан немесе басқа да дәлелді себеп бойынша тіркеуші органға келе алмайтын жағдайда, неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу оның үйінде, медициналық немесе өзге де ұйымда некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың қатысуымен жүргізіледі.
3. Тіркеуші органның лауазымды адамы:
1) некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдіргені туралы берілген өтініштерді жария етеді;
2) некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдарға болашақ жұбайлардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
3) некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) келісімді және жұбайлардың таңдаған тегі туралы шешімді анықтайды;
4) неке қиюға (ерлі-зайыпты болуға) кедергінің жоқ екендігін анықтайды;
5) мемлекет атынан неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы белгіленген үлгідегі куәлікті тапсырады.
4. Неке қиюға (ерлі-зайыпты болуға) кедергі болмаған кезде азаматтық хал актілерін жазу кітабына некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың қолы қойылған және тіркеуші орган бастығының қолтаңбасымен және елтаңбалы мөрімен бекітілген неке (ерлі-зайыптылық) туралы жазба енгізіледі.
5. Егер неке қиюға (ерлі-зайыпты болуға) кедергі келтіретін мән-жайлардың бар екенін растайтын айғақтары болса, тіркеуші орган неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуден бас тартады.
6. Тіркеуші органның неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуден бас тартуына сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
227-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) салтанатты жағдайда мемлекеттік тіркеу
Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) салтанатты жағдайда мемлекеттік тіркеу некеге отыратындардың (ерлі-зайыпты болатындардың) тілегі бойынша тіркеуші органдардың арнайы жабдықталынған үй-жайларында не арнайы осыған арналған мемлекеттік неке сарайларында жүргізіледі.
228-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен неке қиюын (ерлі-зайыпты болуын) мемлекеттік тіркеу
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен неке қиюын (ерлі-зайыпты болуын) мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының тіркеуші органдарында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жалпы негіздерде не некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдірген адам азаматы болып табылатын шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінде, консулдық мекемесiнде жүргізіледі.
2. Шетелдікпен некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш берумен бір мезгілде шетелдік өзі азаматы болып табылатын мемлекеттің құзыретті органынан некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) рұқсатты, егер мұндай рұқсат алу шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес талап етілсе, ұсынуға тиіс.
Мұндай рұқсат болмаған кезде тіркеуші орган өтінішті қабылдау кезiнде некеге отырушыларға (ерлі-зайыпты болушыларға) және бірінші кезекте Қазақстан Республикасының азаматына (азаматшасына), олардың некесi (ерлі-зайыптылығы) ол некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адам азаматы болып табылатын елде жарамсыз болып танылуы мүмкiн екендiгiн түсiндiруге тиiс.
Егер мұндай түсiндiрулерге қарамастан, өтініш берушiлер неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеуді талап етіп сұраса, бұл неке (ерлі-зайыптылық) тiркеледi.
Қазақстан Республикасы азаматтарының оралмандармен некесін қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жалпы негіздерде жүргiзiледi.
3. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтығы жоқ адаммен неке қию (ерлі-зайыпты болу) шарттары, егер ол адамның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты жері болса, Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
229-бап. Қазақстан Республикасының шетелдiк мекемелерiнде, дипломатиялық өкілдіктерінде және шет мемлекеттердің шетелдік мекемелерінде неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу
1. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары арасындағы неке (ерлі-зайыптылық) Қазақстан Республикасының шетелдiк мекемелерiнде қиылады.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, Қазақстан Республикасының аумағында шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінде немесе консулдық мекемелерінде шетелдіктер арасында қиылған неке (ерлі-зайыптылық) Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
230-бап. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде қиылған некені (ерлі-зайыптылықты) тану
1. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде Қазақстан Республикасы азаматтарының арасында және Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың арасында қиылған неке (ерлі-зайыптылық), ол аумағында неке қиылған мемлекеттің заңнамасын сақтай отырып жасалса, осы Кодекстің 10 және 11-баптарында көзделген жағдайлардан басқа, Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
2. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде шетелдіктер арасында қиылған неке (ерлі-зайыптылық), ол аумағында жасалған мемлекеттің заңнамасын сақтай отырып қиылса, егер ол Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
231-бап. Қазақстан Республикасында немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде қиылған некенің (ерлі-зайыптылықтың) жарамсыздығы
Қазақстан Республикасында немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде қиылған некенің (ерлі-зайыптылықтың) жарамсыздығы неке қию (ерлі-зайыпты болу) кезінде қолданылған Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
232-бап. Некеге құқық қабілеттілігі туралы анықтамалар беру тәртібі
1. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша некеге құқық қабілеттілігі туралы анықтама Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын не бұрын тұрған азаматтарға беріледі.
2. Некеге құқық қабілеттілігі туралы анықтаманы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тіркеуші органы аудандардың тіркеуші органдарының мұрағаты бойынша тексерулер негізінде өтініш жасалған күні береді.
Егер адам Қазақстан Республикасынан тыс жерге кеткенге дейін бір әкімшілік-аумақтық бірлікте тұрақты тұрған болса, неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасының бар екендігін тексеру он алты жастан бастап жүргізіледі, өзге жағдайда анықтама осы аумақта тұрған кезден бастап беріледі.
3. Анықтамалар алу үшін өтініш беруші мынадай құжаттарды:
1) жеке басын куәландыратын құжатты;
2) некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәлiкті немесе егер өтініш беруші некеде тұрса (ерлі-зайыпты болса), жұбайының қайтыс болуы туралы куәлiкті ұсынады.
233-бап. Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде қамауда отырған, сотталған, жазасын өтеп жүрген адаммен неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу
1. Бас бостандығынан айыру орындарында (қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде) қамауда отырған немесе жазасын өтеп жүрген адаммен неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органдар осы Кодексте көзделген неке қию (ерлі-зайыпты болу) шарттарын сақтай отырып, тиісті мекеменің үй-жайында жүргізеді.
2. Сотталған адаммен неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеу некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың қатысуымен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің әкiмшiлiгi белгiлеген үй-жайда тіркеуші органмен келiсім бойынша жүргiзіледi.
Сотқа дейiн бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу таңдалған адамдармен неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеуді тіркеуші орган адамды немесе осы іс жүргізуінде жатқан органды хабардар еткеннен кейін тергеу изоляторларында жүргiзедi.
234-бап. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы акт жазбасының мазмұны
1. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы акт жазбасына мынадай мәліметтер:
1) некеге отыратындардың (ерлі-зайыпты болатындардың) әрқайсысының тегі (неке қиылғанға (ерлі-зайыпты болғанға) дейінгі және одан кейінгі), аты, әкесінің аты (егер бар болса), туған күні, айы, жылы мен туған жері, жасы, азаматтығы, егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса, ұлты, табыс көзі немесе жұмыс орны, тұрғылықты жері және заңды мекенжайы, білімі, отбасылық жағдайы;
2) ортақ балалары туралы мәліметтер;
3) некеге отыратындардың (ерлі-зайыпты болатындардың) жеке басын куәландыратын құжаттардың деректемелері;
4) акт жазбасының жасалған күні және нөмірі;
5) неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы берілген куәліктің нөмірі енгізіледі.
2. Неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған немесе жарамсыз деп танылған жағдайда неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы акт жазбасына қажетті мәліметтер енгізіледі. Мұндай мәліметтерді енгізу некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу немесе жарамсыз деп тану туралы сот шешімінің не ерлі-зайыптылардың бірлескен өтініші бойынша тіркеуші органдарда некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы жазбаның негізінде жүргізіледі.
235-бап. Мүдделі адамның өтініші бойынша неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы жазбаны тоқтата тұру
Неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы жазба жасалғанға дейін мүдделі адамнан неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу үшін кедергілердің бар екендігі туралы өтініш түскен жағдайда, тіркеуші органның бастығы жазбаны тоқтата тұруға және өтініш берушіден белгіленген мерзімде тиісті деректі айғақтар беруді талап етуге міндетті. Жазбаны тоқтата тұру мерзімі бір айдан аспауға тиіс.
236-бап. Ерлі-зайыптыларға неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлік беру
Неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлік ерлі-зайыптыларға неке қиылған жер бойынша неке (ерлі-зайыптылық) мемлекеттік тіркелген күні беріледі.
Қажет болған кезде некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың әрқайсысына неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлік берілуі мүмкін.
237-бап. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлік
Неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлік мынадай мәліметтерді:
1) некеге отыратындардың (ерлі-зайыпты болатындардың) әрқайсысының тегін (неке қиылғанға (ерлі-зайыпты болғанға) дейінгі, атын, әкесінің атын (егер бар болса), туған күні, айы, жылы мен туған жерін, азаматтығын, егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса, ұлтын;
2) некенің қиылған (ерлі-зайыпты болған) күнін;
3) актінің жасалған күнін және нөмірін;
4) ерлі-зайыптылардың тегін таңдау туралы мәліметтерді;
5) неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу орнын, тіркеуші органның атауын;
6) неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәліктің берілген күнін;
7) неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы берілген куәліктің сериясы мен нөмірін қамтиды.
28-тарау. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу
238-бап. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу үшін негіздер
1. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы ерлі-зайыптылардың бірлескен өтініші, белгіленген тәртіппен некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға құқығы бар ерлі-зайыптылардың біреуінің өтініші, сондай-ақ некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы соттың заңды күшіне енген шешімі некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеуге негіздер болып табылады.
2. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды тіркеуші органдарда мемлекеттік тіркеу кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ және бір-біріне мүліктік және өзге де талаптар қоймайтын ерлі-зайыптылардың некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға өзара келісімі кезінде жүргізіледі.
3. Ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған балалары болған кезде некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы сот шешімінің негізінде жүргізіледі.
4. Ерлі-зайыптылардың ортақ кәмелетке толмаған балаларының болуына қарамастан, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу ерлі-зайыптылардың біреуінің өтініші бойынша:
1) жұбайын хабар-ошарсыз кеткен деп тану туралы соттың заңды күшіне енген шешімінің;
2) жұбайын әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп тану туралы соттың заңды күшіне енген шешімінің;
3) жұбайының қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталғандығы туралы сот үкімінің негізінде тіркеуші органдарда бұзылады.
239-бап. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу орны
1. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу ерлі-зайыптылардың бірлескен өтініші негізінде ерлі-зайыптылардың немесе олардың біреуінің тұрғылықты жері бойынша тіркеуші органда жүргізіледі.
2. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды 238-баптың 4-тармағы негізінде мемлекеттік тіркеген жағдайда, өтініш осы өтінішті берген жұбайдың тұрғылықты жері бойынша тіркеуші органға беріледі.
3. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы сот шешімінің негізінде некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу кезінде мемлекеттік тіркеуді некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы сот шешімі шығарылған жер бойынша тіркеуші орган жүргізеді.