35) жергілікті атқарушы органдарға есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін табиғи монополиялар салаларындағы коммуналдық көрсетілетін қызметтерді тұтыну нормаларына келісім береді;
36) құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдау және беру жағдайларын қоспағанда, табиғи монополия субъектісіне осы Заңның 15-бабы 23-тармағының 8) тармақшасына сәйкес есепке алу аспаптарын сатып алу және орнату үшін төлемақы алу мөлшеріне келісім береді;
37) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
9-бап. Өзге мемлекеттік органдардың құзыреті
Энергетика, теміржол көлігі, газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау және көтерме саудада өткізу, сондай-ақ тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және тұтыну, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы мемлекеттік органдар:
1) өз құзыреті шегінде табиғи монополиялар салаларындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;
2) бәсекелес кірме жол болмаған кезде кірме жолдардың реттеліп көрсетілетін қызметтері бойынша Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің республикалық бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісінің, сондай-ақ Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасын уәкілетті органмен бірлесе отырып бекітеді және оған өзгерістер енгізеді;
3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
10-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) өз құзыреті шегінде табиғи монополиялар салаларындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;
2) осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 9), 10), 12) және 13) тармақшаларында көзделген реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополиялар субъектілерін қоспағанда, Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасын уәкілетті органмен бірлесе отырып бекітеді және оған өзгерістер енгізеді;
3) есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін табиғи монополиялар салаларындағы коммуналдық көрсетілетін қызметтерді тұтыну нормаларын уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді және олар бекітілгенге дейін бір ай бұрын жария тыңдаулар өткізеді;
4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
11-бап. Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімін қалыптастыру
1. Реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың уәкілетті орган қалыптастыратын тізімі Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімі болып табылады.
Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне енгізілмеген тұлғалардың реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынуына жол берілмейді.
2. Реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға реттеліп көрсетілетін қызметті тұтынушыларға ұсынуды бастаған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне өзін енгізу туралы өтінішпен уәкілетті органға жүгінеді.
3. Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімін қалыптастыру және жүргізу оған табиғи монополиялар субъектілерін енгізу және одан алып тастау арқылы жүзеге асырылады.
4. Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімі республикалық және жергілікті бөлімдерден тұрады.
5. Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің республикалық бөліміне екі және одан көп облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумағында реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополиялар субъектілері енгізіледі.
Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөлімдеріне бір облыстың немесе республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың аумағында реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополиялар субъектілері енгізіледі.
Аэронавигацияның, порттардың, әуежайлардың реттеліп көрсетілетін қызметтерін, кәбілді арнаны мүліктік жалдауға (жалға) немесе пайдалануға беру жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополиялар субъектілері Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің республикалық бөліміне енгізіледі.
6. Реттеліп көрсетілетін қызметті өзі ұсынатын орны бойынша Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне енгізілуге жататын шетелдік заңды тұлғаны қоспағанда, Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне табиғи монополия субъектісі дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның тіркеу орны бойынша енгізіледі.
7. Реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынуды тоқтатқан жағдайда, табиғи монополия субъектісі күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей уәкілетті органға өзін Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінен алып тастау туралы өтініш береді.
12-бап. Табиғи монополиялар салаларының тарифтік реттеу әдістері
1. Тарифті қалыптастыру кезінде табиғи монополиялар салаларының мынадай тарифтік реттеу әдістері қолданылады:
1) шығындық;
2) ынталандыру;
3) индекстеу;
4) жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты негізінде тарифті айқындау.
2. Табиғи монополия саласын тарифтік реттеу әдісі жиынтығында мынадай шарттар сақталған:
1) табиғи монополия саласын тарифтік реттеудің тиісті әдісін қолдануға табиғи монополия субъектісінің экономикалық және технологиялық әзірлігі болған;
2) табиғи монополия субъектісі мен тұтынушыларға олар орындай алмайтын міндеттерді жүктеуге жол берілмеген жағдайда қолданылады.
13-бап. Табиғи монополия субъектісінің жекелеген әрекеттерді жасауына келісім беру
1. Табиғи монополия субъектісі:
2019.27.12. № 295-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) осы тармақтың 1-1) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, егер ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік баланста есепке алынған мүліктің баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік балансқа сәйкес оның активтерінің баланстық құнының 0,05 пайызынан асатын болса, реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну үшін пайдаланылатын мүлікпен мәмілелер жасауға;
2019.27.12. № 295-VІ ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) кірме жолдардың реттеліп көрсетілетін қызметін ұсыну үшін пайдаланылатын мүлікпен мәмілелер жасауға;
2) қайта ұйымдастыруға немесе таратуға уәкілетті органның келісімін алуға міндетті.
2. Табиғи монополия субъектісінің осы баптың 1-тармағында көзделген жекелеген әрекеттерді жасауына келісім беруден, егер:
1) бұл тарифті жоғарылатуға алып келсе;
2) бұл тұтынушылармен жасалатын шарттардың бұзылуына алып келсе;
3) бұл тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге алып келсе;
4) бұл реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынудың тығыз байланысты технологиялық жүйесінің бұзылуына немесе реттеліп көрсетілетін қызмет сапасының төмендеуіне алып келсе;
2019.27.12. № 295-VІ ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-1) кірме жолдардың реттеліп көрсетілетін қызметін ұсыну үшін пайдаланылатын мүлік табиғи монополия субъектісінің меншігінде реттеліп көрсетілетін қызметті көрсету күнінен бастап он сегіз айдан аз болса;
2019.27.12. № 295-VІ ҚР Заңымен 4-2) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-2) кірме жолдардың реттеліп көрсетілетін қызметтерін көрсететін табиғи монополия субъектісі негізсіз алынған кірісті тұтынушыларға бекітілген уақытша өтемдік тарифке сәйкес өтеуді жүргізбесе;
5) осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген құжаттардың толық емес топтамасы ұсынылса не ұсынылған құжаттарда анық емес ақпарат (мәліметтер) қамтылса, бас тартылуға тиіс.
3. Егер ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік баланста есепке алынған мүліктің баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлiк балансқа сәйкес оның активтерінің баланстық құнының 0,05 пайызынан асатын болса, реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну үшін пайдаланылатын мүлікпен мәмілелер жасауға уәкілетті органның келісімін алу үшін табиғи монополия субъектісі иеліктен шығарылатын объектілер бойынша бөліністе иеліктен шығарылатын мүліктің атауы, типі, түрі, түгендеу нөмірі, бастапқы, қалдық құны көрсетіле отырып, табиғи монополия субъектісінің басшысы қол қойған ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік баланстан үзінді көшірме-растауды қоса тіркей отырып қоса өтінішхат ұсынады.
4. Табиғи монополия субъектісі қайта ұйымдастыруға немесе таратуға уәкілетті органның келісімін алу үшін:
1) бірігу, қосылу, қайта құрылу кезінде - тапсыру актісінің көшірмесін;
2) бөлу, бөлініп шығу кезінде - бөлу балансының көшірмесін;
3) тарату кезінде - тарату балансының көшірмесін тіркей отырып қоса өтінішхат ұсынады.
5. Осы баптың 1-тармағында көзделген жекелеген әрекеттерді жасау үшін табиғи монополия субъектісі уәкілетті органға табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларына сәйкес белгіленген нысан бойынша осындай әрекеттерді жүзеге асыруға келісім беру туралы өтінішхатты және осы баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес құжаттарды ұсынуға міндетті.
Қуаты аз табиғи монополия субъектісі қайта ұйымдастырылғанға немесе таратылғанға дейін кемінде күнтізбелік он күн бұрын уәкілетті органға өзінің көрсетілген әрекеттерді жасау ниеті туралы ақпаратты жіберуге міндетті.
6. Табиғи монополия субъектісі өтінішхатқа қоса берілетін құжаттарды тізімдеме бойынша ұсынады.
14-бап. Табиғи монополия субъектісінің уәкілетті органды реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызметті жүзеге асыруы туралы хабардар ету тәртібі
1. Табиғи монополия субъектісі реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызметті жүзеге асырған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде бұл жөнінде уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
2. Табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызметті жүзеге асыруы туралы хабарламасы уәкілетті органға тікелей де, рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы да берілуі (жіберілуі) мүмкін.
3-тарау. ТАРИФТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ
15-бап. Тарифті қалыптастыру тәртібі
1. Тариф реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну бойынша шығындардың орнын толтыруды және табиғи монополия субъектісін дамытуға және оның тиімді жұмыс істеуіне және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де мақсаттарға бағытталатын пайда алуды қамтамасыз етуге тиіс.
2. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, тариф бес және одан көп жыл мерзімге белгіленеді.
3. Тарифтің қолданылу мерзімі өткен жағдайда, табиғи монополия субъектісі, бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыруға тартылған қарыздар бойынша негізгі борышты өтеуге бағытталған қаражатты қоспағанда, бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыруға бағытталған қаражатты (амортизациялық аударымдар мен пайданы) есепке алмастан, уәкілетті орган бекіткен тариф бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынады.
4. Уәкілетті органның тарифті бекітуі үшін табиғи монополия субъектісі өтінім ұсынады.
5. Өтінім электрондық нысанда ұсынылады.
6. Уәкілетті орган өтінімді ұсынылған күнінен бастап тоқсан жұмыс күні ішінде қарайды.
7. Өтінімге мыналар қоса беріледі:
1) тарифтің (не салалық ерекшеліктерді есепке ала отырып прейскуранттың) жобасы;
2) негіздейтін материалдар уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қоса тіркеле отырып тарифтік сметаның жобасы;
3) тарифті бекіту қажеттігі туралы анықтама-негіздеме;
4) инвестициялық бағдарламаның жобасы немесе бекітілген инвестициялық бағдарлама;
5) негізгі құралдар құнының өсуіне алып келмейтін жөндеуге бағытталған шығындар сметасы;
6) алдыңғы күнтізбелік екі жыл үшін қаржылық есептілік;
7) мыналар:
қаржы-шаруашылық қызметі туралы, инвестициялық қызмет туралы;
мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша алдыңғы күнтізбелік екі жыл үшін негізгі қорларының жай-күйі, жекелеген лауазымдар мен кәсіптер бойынша және еңбек бойынша жұмыскерлер жалақысының мөлшері туралы есептер;
8) шығыстардың баптар бойынша есеп-қисаптары;
9) пайданың есеп-қисабы;
10) тиісті салада (аяда) қолданылатын үлгілік нормалар мен нормативтер негізінде жүргізілген персонал санының, шикізат, материалдар, отын, энергия қажеттілігінің және техникалық ысыраптардың есеп-қисаптары;
11) алдыңғы күнтізбелік жыл үшін материалдық, қаржылық ресурстарды, жабдықтарды және тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі конкурстық (тендерлік) комиссиялар шешімдерінің көшірмесі;
12) бекітілген инвестициялық бағдарлама (жоба) іске асырылғанға дейін пайдаланылатын және жылдарға бөле отырып, ұзақ мерзімді кезеңде бекітілген инвестициялық бағдарламаны (жобаны) іске асыру кезінде пайдалануға берілетін негізгі құралдарға амортизациялық аударымдардың есеп-қисабы;
13) қарыз ресурстарын қаржыландыру және олардың орнын толтыру шарттары туралы растайтын құжаттар;
14) табиғи монополия субъектісінің жобалық қуаты және оны нақты пайдалану туралы деректер;
15) реттеліп көрсетілетін қызметтердің жоспарланатын көлемін растайтын құжаттар (реттеліп көрсетілетін қызметтерді тұтынудың нақты көлемдері көрсетілген шарттардың тізілімі, реттеліп көрсетілетін қызметтерді тұтыну көлемдерінің төмендегенін растайтын құжаттар, жалпыға бірдей сапалы қызмет көрсету міндеті және табиғи монополия субъектісінің мүмкіндіктері, тарифтер деңгейін ұстап-тұру немесе өсіру мақсатында көлемдерді төмендетуге жол бермеу негізінде реттеліп көрсетілетін қызметтерді тұтыну көлемдерінің есеп-қисаптары, тұтынушылық сұранысты маркетингтік зерттеу материалдары);
16) өтінім ұсынудың алдындағы төрт тоқсан үшін және алдыңғы күнтізбелік жыл үшін реттеліп көрсетілетін қызметтердің шығындары туралы және көлемдері туралы нақты деректерді растайтын құжаттар.
Тарифтік реттеудің ынталандыру әдісін қолдана отырып тарифті бекіту кезінде өтінімге осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 3), 4), 6), 7), 9), 10), 13), 14) және 15) тармақшаларында көзделген құжаттар, сондай-ақ негіздейтін материалдарды қоса тіркей отырып, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштерінің жобалары қоса беріледі.
8. Тізбесін уәкілетті орган айқындайтын табиғи монополиялар субъектілері үшін тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі қолданылатын тарифтерді бекіту жағдайларын қоспағанда, табиғи монополия субъектісі уәкілетті органға бекітілген тарифтің қолданылу мерзімі өткеннен кейін тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі қолданылатын тарифті бекітуге өтінім ұсынуға құқылы.
9. Уәкілетті орган өтінімді алған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей қоса берілетін есеп-қисаптар мен негіздейтін материалдардың толықтығын осы баптың 7-тармағына сәйкестігіне тексереді және табиғи монополия субъектісіне өтінімнің қарауға қабылданғаны немесе осы баптың 11-тармағына сәйкес бас тарту себептерін көрсете отырып, оны қабылдаудан бас тартылғаны туралы жазбаша түрде хабарлайды.
10. Осы баптың 7-тармағына сәйкес өтінімге қоса берілетін есеп-қисаптар мен негіздейтін материалдар мынадай рәсімдер сақтала отырып ұсынылады:
1) тігіледі, нөмірленеді және табиғи монополия субъектісінің басшысы не оны алмастыратын адам, не табиғи монополия субъектісі басшысының орынбасары қол қояды. Бұл талап өтінімді электрондық нысанда ұсынуға қолданылмайды;
2) реттеліп көрсетілетін қызметтердің әрбір түріне жеке дайындалады.
11. Өтінімді қабылдаудан бас тартуға мыналар негіздер болып табылады:
1) табиғи монополия субъектісінің осы баптың 7-тармағында көзделген құжаттарды ұсынбауы;
2) ұсынылған құжаттардың осы баптың 10-тармағына сәйкес келмеуі;
3) осы Заңның 25-бабының 7-тармағында көзделмеген мәліметтерді коммерциялық құпияға жатқызу.
12. Өтінімді қараған кезде қосымша ақпарат қажет болған жағдайда, уәкілетті орган оны табиғи монополия субъектісінен мерзімді, бірақ кемінде бес жұмыс күнін белгілей отырып, жазбаша түрде сұратуға құқылы.
13. Жария тыңдауларды уәкілетті орган тарифті бекіту кезінде - тариф бекітілгенге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, тарифті оңайлатылған тәртіппен бекіту кезінде, сондай-ақ осы Заңның 22-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген жағдайларда тариф бекітілгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей өткізеді.
14. Табиғи монополия субъектісі жария тыңдаулардың өткізілетін күні мен орны туралы хабарландыру мерзімді баспасөз басылымында жарияланғаннан кейін жария тыңдауларға қатысушылардың талабы бойынша:
тарифтің және тарифтік сметаның жобаларын;
экономикалық негізделген есеп-қисаптармен бірге тарифтің өзгеру себептері туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.
15. Уәкілетті орган өтінімді қараудың қорытындысы бойынша тарифтің, тарифтік сметаның және инвестициялық бағдарламаның жобаларын түзетуге құқылы.
16. Бекітілетін кезде тариф:
1) тұтынушының есепке алу аспабының болуына немесе болмауына;
2) тұтынушылар тобына;
3) таситын жүктердің түріне, жылжымалы құрамның типіне, тасудың арақашықтығына, таситын жүктердің көлеміне (салмағына) қарай саралануы мүмкін.
17. Тарифті бекіту туралы шешім табиғи монополия субъектісіне оны бекіту туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірілмей жіберіледі.
Тарифті бекіту туралы шешіммен бірге табиғи монополия субъектісі өтініммен бірге ұсынған шығындар, пайда және бекітілген инвестициялық бағдарлама іс-шараларының баптарына өзгерістер мен нақтылаулардың негіздемесі жіберіледі.
18. Тариф, осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, тариф бекітілген айдан кейінгі екінші айдың бірінші күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
19. Табиғи монополия субъектісі тарифтің бекітілгені туралы ақпаратты ол қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей тұтынушының назарына жеткізуге міндетті.
20. Егер табиғи монополия субъектісі осы Заңда белгіленген мерзімдерде тұтынушыға тарифтің енгізілетіні туралы хабарламаса, онда көрсетілген тариф уәкілетті органның шешімінде көрсетілген күннен бастап енгізілмейді. Бекітілген тарифті енгізу тариф бекітілген айдан кейінгі үшінші айдың бірінші күнінен бастап жүзеге асырылады.
21. Табиғи монополия субъектісі уәкілетті органға тарифті жоғарылатпай бекітілген тарифтік сметаны өзгерту туралы өтінішпен ағымдағы күнтізбелік жылдың 1 қарашасына дейін жүгінуге құқылы.
22. Тарифтерді қалыптастыру қағидалары мыналарды айқындайды:
1) осы Заңда көзделген табиғи монополиялар салаларының тарифтік реттеу әдістері ескерілген тарифті есептеу тетігі;
2) уақытша өтемдік тарифті бекіту тәртібі;
3) тарифті саралау тәртібі;
4) тарифті оңайлатылған тәртіппен бекіту тәртібі;
5) инвестициялық бағдарламаны және оның өзгерісін бекіту тәртібі;
6) жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты негізінде тарифті айқындау тәртібі;
7) уақытша төмендету коэффициентін бекіту тәртібі;
8) реттеліп көрсетілетін қызметтердің әрбір түрі бойынша және тұтастай алғанда реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызмет бойынша кірістерді, шығындар мен тартылған активтерді бөлек есепке алуды жүргізу тәртібі;
9) сырттағы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жылу энергиясымен жабдықтау бойынша реттеліп көрсетілетін қызмет құнын қайта есептеу тәртібі;
10) табиғи монополия субъектісі пайдасының жол берілетін деңгейін айқындау тәртібі;
11) уәкілетті орган бекіткен тарифті оның қолданылу мерзімі өткенге дейін өзгерту тәртібі;
12) тарифте есепке алынатын және есепке алынбайтын шығындар тізбесі, тарифте есепке алынатын шығындардың мөлшерін шектеу тәртібі;
13) тарифті индекстеу тәртібі;
14) тариф, тарифтік смета, инвестициялық бағдарлама жобаларының, бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы есептердің нысандары;
15) магистральдық теміржол желілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне баға шектерін есептеудің және оларды жыл сайынғы түзетудің тетігі;
16) магистральдық теміржол желілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне баға шектерін қолдану тәртібі;
17) тарифтің болжамды индексін есептеу және қолдану тәртібі.
23. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидалары мыналарды айқындайды:
1) Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне енгізу және одан алып тастау тәртібі;
2) жария тыңдаулар өткізу тәртібі;
3) «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес табиғи монополия субъектісінің жекелеген әрекеттерді жасауына келісім беру, сондай-ақ табиғи монополия субъектісінен реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызметті жүзеге асыруы туралы хабарламаны қабылдау тәртібі;
4) табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуды өткізу тәртібі;
5) реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізудің тең жағдайларын қамтамасыз ету тәртібі;
6) тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдында бекітілген тарифтік сметалардың орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуы және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есептерін өткізу тәртібі;
7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік құпияларға және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтерді қоспағанда, бос және қолжетімді қуаттардың, сыйымдылықтардың, орындардың, табиғи монополия субъектісі желілерінің өткізу қабілеттерінің бар екендігі туралы ақпаратты, сондай-ақ табиғи монополиялар салаларындағы коммуналдық көрсетілетін қызметтердің инженерлік коммуникацияларының схемаларын орналастыру тәртібі;
8) есепке алу аспабын сатып алу және орнату үшін төлемақыны келісу тәртібі;
9) табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштерін бекіту тәртібі;
10) табиғи монополиялар салаларындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібі;
11) мыналардың:
егер ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлiк баланста есепке алынған мүліктің баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлiк балансқа сәйкес оның активтерiнiң баланстық құнының 0,05 пайызынан асатын болса, реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну үшін пайдаланылатын мүлікпен мәмiлелер жасауға және табиғи монополия субъектiсін қайта ұйымдастыруға немесе таратуға келісім беру туралы өтінішхаттардың;
табиғи монополия субъектісінің тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдындағы:
бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы;
бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы;
реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуы туралы;
табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есептерінің нысандары;
12) тұтынушыларға және (немесе) уәкілетті органға тариф, оның өзгергені туралы хабарлау тәртібі;
13) реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін бекіту тәртібі;
14) бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуына, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуына және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуге қоғамдық мониторинг және (немесе) техникалық сараптама жүргізу тәртібі.
24. Тарифтерді қалыптастыру тәсілдері:
1) уәкілетті органның тарифті бекітуі;
2) табиғи монополия субъектісінің тарифті белгілеуі;
3) жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты негізінде тарифті айқындау.
16-бап. Тарифтік реттеудің шығындық әдісі
1. Тарифтік реттеудің шығындық әдісі қолданылатын тарифті уәкілетті орган экономикалық негізделген шығындар мен пайданы айқындау жолымен бес және одан көп жыл мерзімге бекітеді.
2. Тарифтік реттеудің шығындық әдісі мыналарды көздейді:
1) экономикалық негізділігін ескере отырып, тарифте есепке алынатын шығындардың түрлері мен мөлшерлерін шектеу;
2) тиісті салада (аяда) қолданылатын үлгілік нормалар мен нормативтер негізінде айқындалған, олар болған жағдайда шикізат, материалдар, отын, энергия шығыстарының техникалық және технологиялық нормаларын, нормативтік техникалық ысыраптарды, персоналдың нормативтік санын қолдану;
3) жылдарға бөле отырып тарифтік сметаны бекіту;
4) тозуды есепке жазудың тікелей әдісін қолдану;
5) осы Заңның 23-бабына және табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларына сәйкес табиғи монополия субъектісінің сатып алуларды өткізуі;
6) табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну кезінде тартылған активтерінің баланстық немесе қайта бағаланған құнын және уәкілетті орган айқындаған әдіс бойынша есептелген пайда мөлшерлемесін және бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыру үшін қажетті қаражат көлемін ескере отырып пайданың жол берілетін деңгейін айқындау;
7) инвестициялық бағдарламаны бекіту;