2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы құжаттарының іске асырылу барысын қарау;
5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының қарауына құқық бұзушылық профилактикасы шараларын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
6) адамның және азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру, құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды анықтау және жою жөнінде шаралар қолдану;
7) құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша ақпараттық материалдарды дайындау және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметіне, тиісті жергілікті өкілді және атқарушы органдарға жіберу;
8) құқық бұзушылық профилактикасы субъектілері басшыларының және лауазымды адамдарының жүргізген жұмыстары туралы есептерін тыңдау және олардың қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
9) мемлекеттік органдарға және ұйымдарға лауазымды адамдарды құқық бұзушылық профилактикасы жөнінде шаралар қолданбағаны үшін тәртіптік және өзге де жауаптылыққа тарту туралы ұсыныстар енгізу болып табылады.
4. Ведомствоаралық комиссиялардың құрамы, өкілеттіктері және қызмет тәртібі Қазақстан Республикасының Үкіметі, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары бекітетін ережелермен айқындалады.
19-бап. Үйлестіру қызметінің нысандары
1. Құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін үйлестіруді құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиялар мынадай негізгі:
1) құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу;
2) ақпаратпен алмасу;
3) оң тәжірибені зерделеу және тарату;
4) бірлескен жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізу;
5) отырыстар мен кеңестер өткізу;
6) бюллетеньдер (жинақтар) және басқа да ақпараттық басылымдар шығару нысандарында жүзеге асырады.
2. Құқық бұзушылық профилактикасы субъектілері өздеріне белгілі болған, мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын, дайындалып жатқан немесе жасалған құқық бұзушылық фактілері туралы осы органдарға дереу хабарлауға міндетті.
3-тарау. Құқық бұзушылық профилактикасының шаралары
20-бап. Құқық бұзушылық профилактикасы шараларының жүйесі
Құқық бұзушылық профилактикасы жалпы, арнаулы және жеке шаралар арқылы жүзеге асырылады.
21-бап. Құқық бұзушылық профилактикасының жалпы шаралары
Құқық бұзушылық профилактикасының жалпы шаралары:
1) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарын қорғау жөніндегі шараларды;
2) экономиканы, әлеуметтік саланы, құқық қорғау қызметін басқарудағы қателіктер мен кемшіліктерді жоюға, сондай-ақ құқық бұзушылық профилактикасын нормативтік, ақпараттық, әдістемелік және ресурстық қамтамасыз етуді жетілдіруге бағытталған ұйымдастырушылық-басқарушылық шараларын;
3) азаматтардың жалпы, тұрмыстық және құқықтық мәдениетін арттыратын, жалпы адамзаттық құндылықтарға, заңға мойынсынушылық мінез-құлыққа, құқыққа қарсы мінез-құлыққа төзбеушілікке бағдарланған адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру арқылы криминогендік факторларды жоятын немесе шектейтін идеологиялық шараларды;
4) құқық бұзушылық жасауға тосқауыл болатын ғылым мен техника жетістіктерін қолдану арқылы іске асырылады.
22-бап. 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
23-бап. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шаралары
1. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шаралары адам не адамдардың шектеулі тобы тарапынан құқық бұзушылық жасаудың алдын алу, сондай-ақ оны жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою мақсатында олардың құқықтық санасына және мінез-құлқына жүйелі түрде мақсатты ықпал ету үшін қолданылады.
2. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шаралары:
1) профилактикалық әңгімелесу;
2) қорғау нұсқамасы;
3) құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс;
4) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары;
5) құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу;
6) профилактикалық есепке алу және бақылау;
7) әкімшілік жаза қолдану;
8) ата-ана құқықтарынан айыру не оларды шектеу, бала (ұл, қыз) асырап алудың күшін жою, қамқоршыларды және қорғаншыларды өздерінің міндеттерін орындаудан босату және шеттету, баланы патронаттық тәрбиешінің тәрбиесіне беру туралы шартты мерзімінен бұрын бұзу;
9) сот үкімі бойынша қабылданатын шаралар;
10) әкімшілік қадағалау орнату;
11) жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу болып табылады.
3. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шаралары оған қатысты қолданылатын адамның жеке ерекшеліктері, оның жасаған құқық бұзушылығының қоғамға қауіптілігінің сипаты мен деңгейі ескеріле отырып айқындалады.
4. Мүдделі адамдар құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану туралы шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.
5. Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шаралары Қазақстан Республикасының кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады.
6. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға қатысты құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шаралары Қазақстан Республикасының тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады.
7. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану Қазақстан Республикасының осы Заңына және өзге де заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын есепке алу орталық атқарушы органдар айқындаған тәртіппен олардың құзыреті шегінде жүзеге асырылады.
23-1-бап. 2023.14.03. № 206-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 26 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
24-бап. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдануға негіздер
1. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдануға мына мән-жайлардың бірі:
1) жеке және заңды тұлғалардың хабарламалары немесе өтініштері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарламалар;
2) құқық бұзушылық жасау не жасауға әрекет ету фактісін уәкілетті лауазымды адамның тікелей анықтауы;
3) мемлекеттік органдардан және жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан түскен материалдар негіз болып табылады.
2. Құқық бұзушылық жасау туралы немесе оны жасау қатері туралы өтініштер мен хабарламаларды мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды.
25-бап. Профилактикалық әңгімелесу
1. Профилактикалық әңгімелесудің негізгі міндеттері құқыққа қарсы мінез-құлықтың себептері мен жағдайларын анықтау, құқық бұзушылықтың әлеуметтік және құқықтық салдарларын түсіндіру және заңға мойынсынушылық мінез-құлықтың қажеттігіне сендіру болып табылады.
2. Профилактикалық әңгімелесуді құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану құзыретіне жататын құқық бұзушылық субъектісі құқық бұзушылық жасаған немесе оған қатысты құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдануға негіз бар адаммен өткізеді.
3. Профилактикалық әңгімелесу құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметтік үй-жайларында, сондай-ақ тұратын жері, оқу, жұмыс орны бойынша не тікелей құқық бұзушылық анықталған жерде өткізіледі және оның ұзақтығы бір сағаттан аспауға тиіс.
4. Профилактикалық әңгімелесу өткізілетін адамға құқыққа қарсы іс-әрекеттерді тоқтату қажеттілігі туралы ескертіледі.
5. Кәмелетке толмаған адаммен профилактикалық әңгімелесу оның ата-анасының, педагогтарының немесе басқа да заңды өкілдерінің қатысуымен өткізіледі.
26-бап. Құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс
1. Құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайлар анықталған жағдайда мемлекеттік органдар тиісті ұйымның басшысына немесе лауазымды адамына оларды жою туралы ұсыныс жібереді.
2. Тиісті ұйымның басшысы немесе лауазымды адамы ұсынысты алған күннен бастап бір ай мерзім ішінде мемлекеттік органға ұсынысты қарау нәтижелері және қолданылған шаралар туралы жазбаша түрде ақпарат беруге міндетті.
27-бап. Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу
1. Сот құқық бұзушының мінез-құлқына оның жаңа құқық бұзушылық жасауының алдын алу мақсатында ерекше талаптар белгілеуі мүмкін.
2. Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу әкімшілік-құқықтық ықпал ету шарасы болып табылады және ол әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамға әкімшілік жаза қолданылумен қатар және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамды әкімшілік жауаптылықтан босатқан кезде оның орнына да қолданылады.
3. Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамның белгілі бір құқықтарын шектеуге және оған белгілі бір міндеттер жүктеуге әкеп соғады.
4. Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу тәртібі, оның қолданылу мерзімі, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуге қатысушылардың құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексімен айқындалады.
5. Мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген адамды ішкі істер органдары профилактикалық есепке қояды және оған профилактикалық бақылауды жүзеге асырады.
28-бап. Профилактикалық есепке алу және бақылау
1. Профилактикалық есепке, оған қатысты:
1) қорғау нұсқамасы шығарылған;
2) оның мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген;
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы шешім қабылданған;
4) әкімшілік қадағалау белгіленген;
2014.18.02. № 175-V ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жаза немесе қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шаралары қолданылған;
2014.18.02. № 175-V ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды; 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін жазасын өтегеннен кейін бас бостандығынан айыру орындарынан босату туралы шешім қабылданған немесе қасақана қылмыстары үшін екі және одан да көп рет бас бостандығынан айыруға сотталған;
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
7) соттың қылмыстық жаза тағайындап және жазаны өтеуге кедергі келтіретін ауыр науқасына байланысты жазаны өтеуден босата отырып, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға кінәлі деп тану туралы айыптау үкімі шығарылған;
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды
8) ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталған сотталғандарды ауыр науқасына байланысты бас бостандығынан айыру орындарынан босату туралы сот шешімі қабылданған адам қойылады.
Адамдарды профилактикалық есепке қою үшін Қазақстан Республикасының заңдарында өзге де негіздер көзделуі мүмкін.
2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Профилактикалық есепке алуды ішкі істер органдары жүргізеді.
3. Профилактикалық бақылау профилактикалық есепте тұратын адамның белгіленген шектеулерді сақтауын және жүктелген міндеттерді орындауын жүйелі түрде байқау болып табылады. Бұл адамдардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ оларға профилактикалық бақылауды жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
4. Мүдделі адамдар профилактикалық есепке қоюға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.
2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Ішкі істер органдары адамға қорғау нұсқамасы шығарылған күні не соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде профилактикалық есепке қойылғаны туралы жазбаша нысанда хабарлайды.
6. Профилактикалық бақылау профилактикалық есепке алу қолданылатын мерзім ішінде жүзеге асырылады. Белгіленген шектеулердің қолданылу және жүктелген міндеттердің орындалу мерзімі біткеннен кейін адам профилактикалық есептен шығарылып, оған бұл туралы үш тәулік ішінде жазбаша нысанда хабарланады.
7. Профилактикалық есептегі қамтылған мәліметтер құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі міндеттерді шешу шеңберінде ғана пайдаланылуы мүмкін.
2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Профилактикалық есепке алуды жүргізу Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
29-бап. Жүріп-тұру еркіндігін алдын-ала шектеу
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2020.19.12. № 385-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу:
белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке басты куәландыратын құжаттары жоқ адамдардың әрекеттерінде қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болмаған кезде және мұндай адамдардың жеке басын өзге де тәсілдермен анықтау мүмкін болмаған кезде оларға;
заңды күшіне енген сот үкімінің, шешімінің, қаулысының негізінде мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберілуге жататын, сол сияқты шығарып жіберу туралы сот актісінде көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының аумағынан кетпеген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты жеке профилактика шарасы болып табылады.
2020.19.12. № 385-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеуді ішкі істер органдары соттың санкциясымен қолданады және ол осы баптың 1-тармағында аталған адамдарды ішкі істер органдарының арнаулы мекемесінде отыз тәулікке дейінгі мерзімге уақытша оқшаулауды білдіреді.
3. Жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеуді қолданудың тәртібі мен шарттары, сондай-ақ ішкі істер органдарының арнаулы мекемесінен босатудың негіздері Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
4-тарау. Қорытынды ережелер
30-бап. Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2010 жылғы сәуірдің 29-ы.
№ 271-IV