2. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы профилактика мынадай:
1) жалпы;
2) биологиялық қатердің көзіне бағытталған;
3) қауіпті биологиялық факторға бағытталған;
4) ауруға бейім организмге бағытталған профилактикалық іс-шараларға бөлінеді.
3. Жалпы профилактикалық іс-шаралар:
1) биологиялық тәуекелдерді мониторингтеу мен талдауды, оның ішінде инфекциялық және (немесе) паразиттік сырқаттанушылықты болжауды, табиғи ортаның жекелеген компоненттерінің мониторингін, биологиялық қатерлерді бейтараптандыруды немесе олардың деңгейін төмендетуді;
2) тиісті қызметтердің биологиялық қатер көзін анықтауға және оқшаулауға бағытталған іс-шараларды жүргізуге дайындығын қамтамасыз етуді, жағдайды басқаруды, жаһандық, өңірлік және жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарлары шеңберінде биологиялық қауіпсіздік саласындағы ден қою хаттамаларын (сценарийлерін) қалыптастыруды;
3) өз қызметі шеңберінде патогенді биологиялық агенттермен өзара іс-қимылды жүзеге асыратын тұлғалардың биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптарды сақтауын;
4) ықтимал қауіпті биологиялық объектілердің, инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарының және (немесе) өсімдіктер ауруларының таралу ошақтарының аумағында және оларға тікелей жақын жерде орналасатын объектілерді орналастыру, жобалау, салу, реконструкциялау, техникалық қайта жарақтандыру, кеңейту, күрделі жөндеу жүргізу және пайдалануға беру кезінде биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптарды сақтауды;
5) патогендігі I және II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыру үшін мамандардың кадр резервінен кадр ресурстарын жұмылдыруды;
6) дәрілік заттардың және медициналық бұйымдардың резервтерін жұмылдыруды, биологиялық қауіпсіздік саласындағы профилактикалық іс-шаралардың мұқтаждықтары үшін объектілерді қайта бейіндеуді;
7) биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруды;
8) халықтың хабардар болу деңгейін және оның қауіпті биологиялық факторлардың әсеріне ден қоюға дайындығын арттыруға бағытталған іс-шараларды;
9) биологиялық қауіпсіздік мәселелерін зерделеуді жалпы білім беретін оқу бағдарламаларына енгізуді қамтиды.
4. Биологиялық қатердің көзіне бағытталған іс-шаралар:
1) инфекция жұқтырған және олармен байланыста болған адамдарды, жануарларды уақтылы анықтауды, бүлінген (залалданған) өсімдіктерді анықтауды, оларды есепке алуды және тіркеуді, оқшаулауды (обсервациялауды), диагностикалауды, емдеуді, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарларды алып қоюды, жоюды;
2) инфекция ошақтарын және (немесе) өсімдік ауруларының таралу ошақтарын анықтауды, оқшаулауды, зерттеп-қарауды және жоюды;
3) адамдар мен жануарлардың инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларының, өсімдіктер ауруларының Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында пайда болуының, әкелінуінің, таралуының алдын алуды;
4) биологиялық қатерлерді ерте анықтау (экспресс-диагностика) әдістемелерін, оның ішінде патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдер коллекцияларын пайдалану арқылы әзірлеуді және жетілдіруді;
5) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес сараптама жүргізудің жеделдетілген рәсімі бойынша дәрілік затты немесе медициналық бұйымды мемлекеттік тіркеуді;
6) биологиялық қорғауды қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес ықтимал қауіпті биологиялық объектілерде биологиялық қорғау шараларын қамтамасыз етуді;
7) ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасауды, оның ішінде патогенді биологиялық агенттермен заңсыз (санкцияланбаған) жұмыс істеуді, олардың жоғалуын, жымқырылуын, олармен заңсыз жұмыс істеу туралы ақпаратты жасыруды (бермеуді), сондай-ақ патогенді биологиялық агенттер пайдаланылатын және (немесе) ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге қатысты терроризм актілерін және (немесе) диверсияларды болғызбау жөнінде шаралар қабылдауды қоса алғанда, биологиялық қатерлердің туындауына жедел ден қою мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасауды қамтиды.
5. Қауіпті биологиялық факторға бағытталған іс-шаралар:
1) шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізуді;
2) жеке қорғану құралдарын қолдануды, жеке гигиенаны, әлеуметтік қашықтықты сақтауды қоса алғанда, жеке және қоғамдық қорғау шараларын сақтауды;
3) дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау, өсімдіктерді қорғау құралдарымен өңдеу жүргізуді;
4) санитариялық-профилактикалық іс-шараларды және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жақсартуды;
5) эпидемияға қарсы, эпизоотияға қарсы және фитосанитариялық іс-шаралар, өсімдіктер карантині бойынша іс-шаралар жүргізуді қамтиды.
6. Ауруға бейім организмге бағытталған іс-шаралар:
1) халыққа профилактикалық медициналық қарап-тексеру жүргізуді;
2) халықтың саламатты өмір салты мен дұрыс тамақтануын қалыптастыруға жәрдемдесуді;
3) адам және (немесе) жануар инфекцияларының таралуын болғызбау мақсатында иммундық профилактиканы және химиялық профилактиканы, өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдануды;
4) медициналық, ветеринариялық және ғылыми қызмет шеңберінде аса қауіпті инфекциялық ауруларды туғызатын патогенді биологиялық агенттермен өзара іс-қимылды жүзеге асыратын тұлғаларды биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптарға сәйкес жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етуді қамтиды.
4-тарау. БИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫНДАҒЫ ТАЛАПТАРДЫҢ САҚТАЛУЫН МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ
20-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылау және қадағалау
1. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылау және қадағалау (бұдан әрі - мемлекеттік бақылау және қадағалау) олардың бұзылуының алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге және жоюға бағытталған және осы Заңда, Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы, ветеринария, өсімдіктерді қорғау, өсімдіктер карантині, терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын заңды тұлғалар немесе патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жүзеге асырылатын объектілер (бұдан әрі - бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектілері немесе объектілері болып табылады.
3. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жүзеге асырылатын мемлекеттік бақылау және қадағалау объектілері эпидемиялық, эпизоотиялық, эпифитотикалық тәуекел дәрежесі жоғары объектілерге жатады.
Эпидемиялық, эпизоотиялық, эпифитотикалық тәуекел дәрежесі жоғары объектілер екі топқа бөлінеді:
1) патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жүзеге асырылатын ықтимал қауіпті биологиялық объектілер;
2) патогендігі III және (немесе) IV топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жүзеге асырылатын ықтимал қауіпті биологиялық объектілер.
Мемлекеттік бақылау және қадағалау объектілерін аталған топтарға жатқызу патогенді биологиялық агенттердің патогендігі және қауіптілік дәрежесі бойынша сыныптамасы ескеріле отырып, патогенді биологиялық агенттерді аса қауіпті инфекциялық аурулар туғызатындарға жатқызу өлшемшарттарының және патогенді биологиялық агенттер тізбесінің негізінде жүзеге асырылады.
4. Бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген нысандарда жүзеге асырылады.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Мемлекеттік бақылау және қадағалау шеңберінде бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне сәйкес жедел ден қою шаралары қолданылуы мүмкін.
21-бап. 2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен алып тасталды (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5-тарау. МИКРООРГАНИЗМДЕР КОЛЛЕКЦИЯЛАРЫ
22-бап. Коллекциялық қызмет
1. Патогенді микроорганизмдердің бірегейлігін, олардың ғылыми, білімдік және практикалық құндылығын, ғылыми, зерттеу және өндірістік қызметте қолданбалы пайдалану мүмкіндігін зерделеу және айқындау, оларға қатысты халықаралық және ұлттық патенттік рәсімдерді жүргізу үшін коллекциялық қызмет жүзеге асырылады.
2. Коллекциялық қызмет патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық және жұмыс коллекцияларында патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдерді жинау, сәйкестендіру, зерделеу, есепке алу, паспорттау, сақтау (депонирлеу) және күтіп-бағу арқылы жүзеге асырылады.
3. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық және жұмыс коллекцияларының сақталуына коллекциялық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың бірінші басшылары жауапты болады.
23-бап. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекциялары
1. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларында бірегей, оның ішінде эталондық ретінде пайдаланылатын, әртүрлі көздерден оқшауланған патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдерді, иммундық-биологиялық препараттар мен қоректік ортаны стандарттау және бақылау үшін тест-штаммдарын, өндірістік, депонирленген, патенттелген және референтті микроорганизмдер штаммдарын, сондай-ақ ғылыми, білімдік және практикалық құндылық болып табылатын басқа да микроорганизмдер штаммдарын қалыптастыру, толықтыру, есепке алу және орталықтандырып сақтау жүзеге асырылады.
2. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларында құрамы шығу тегі, түрлік туыстық белгілері, адамның, жануардың немесе өсімдіктің организміне әсер ету тәсілі бойынша қалыптастырылатын және бастапқы сипаттамалары сақтала отырып, өміршең күйде ұсталатын микроорганизмдердің штаммдары болады.
3. Бірегей болып табылатын, сондай-ақ белгіленген тәртіппен тіркелген және айналысқа жіберілген дәрілік заттар мен иммундық-биологиялық препараттарды өндіру кезінде пайдаланылатын микроорганизмдердің штаммдары патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларында міндетті түрде депонирленуге жатады.
Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің штаммдарын патогендігі, қауіптілік дәрежесі және мақсаты бойынша ұлттық коллекцияларға жатқызу тәртібі патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын қалыптастыру, жүргізу және күтіп-бағу қағидаларында айқындалады.
4. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілер аса қауіпті патогенді микроорганизмдердің үлгілерін бөлу, сатып алу және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде олардың үлгілерін патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын қалыптастыру, жүргізу және күтіп-бағу қағидаларына сәйкес патогенді немесе өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекциясына ұсынуға міндетті.
5. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекциялары мемлекеттің меншігі болып табылады және жекешелендірілуге жатпайды. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын қаржылық қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
6. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын қалыптастыруға, жүргізуге және күтіп-бағуға уәкілеттік берілген ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолжетімділігі шектеулі ақпаратты тарату үшін көзделген талаптарды ескере отырып, жеке және заңды тұлғаларға микроорганизмдердің штаммдарын белгіленген өлшемшарттар бойынша жүйелеу, зерделеу, іздеу және іріктеу мәселелері жөнінде консультациялық және ғылыми-әдістемелік көмек көрсетеді.
7. Микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын қалыптастыруға, жүргізуге және күтіп-бағуға уәкілеттік берілген ұйымдар аса қауіпті патогенді микроорганизмнің үлгісін сәйкестендіреді, оны депонирлеуді жүзеге асырады не тиесілігі бойынша микроорганизмдердің тиісті ұлттық коллекциясына жібереді.
8. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын биологиялық қорғау биологиялық қорғауды қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
24-бап. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің жұмыс коллекциялары
1. Патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің жұмыс коллекцияларын қажеттілігіне қарай патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілер ғылыми, өндірістік, диагностикалық, зерттеу мақсаттарында құрады және олар бастапқы сипаттамалары сақтала отырып, өміршең күйде ұсталады.
2. Патогенді және (немесе) өнеркәсіптік микроорганизмдердің жұмыс коллекцияларын қалыптастыру, жүргізу және күтіп-бағу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
6-тарау. МАМАНДАРДЫ ЖӘНЕ КӨМЕКШІ ПЕРСОНАЛДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ
25-бап. Патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын (жұмыс істеуді жүзеге асыру кезінде қосалқы функцияны орындайтын) мамандарды және көмекші персоналды әлеуметтік қорғау
1. Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы ұлттық холдингке тиесілі заңды тұлғалардың патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын (жұмыс істеуді жүзеге асыру кезінде қосалқы функцияны орындайтын) мамандары мен көмекші персоналы зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары және кәсіптік аурулардың жүре пайда болу тәуекелінің болуы, сондай-ақ осы Заңда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, әлеуметтік қорғалуға жатады.
2. Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы ұлттық холдингке тиесілі заңды тұлғалардың патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын (жұмыс істеуді жүзеге асыру кезінде қосалқы функцияны орындайтын) мамандары мен көмекші персоналының:
1) биологиялық тәуекелдер деңгейі ескеріле отырып, еңбегіне ақы төленуіне;
2) денсаулығын сақтауына және биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптарға сай келетін жұмыс жағдайларына;
3) лауазымдық міндеттерін атқару кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген залалды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтетуге құқығы;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтары бар.
3. Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы ұлттық холдингке тиесілі заңды тұлғалардың халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында, ветеринария және ғылым саласында патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын (жұмыс істеуді жүзеге асыру кезінде қосалқы функцияны орындайтын) мамандары мен көмекші персоналының еңбегіне ақы төлеу лауазымдық айлықақыдан, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары, кәсіптік аурулардың жүре пайда болуының жоғары тәуекелі ескеріле отырып, үстемеақылар мен қосымша ақылардан тұрады.
4. Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы ұлттық холдингке тиесілі заңды тұлғалардың патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын (жұмыс істеуді жүзеге асыру кезінде қосалқы функцияны орындайтын) мамандары мен көмекші персоналына жыл сайынғы негізгі еңбек демалысы берілген кезде кемінде екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленеді.
5. Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы ұлттық холдингке тиесілі заңды тұлғалардың патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын (жұмыс істеуді жүзеге асыру кезінде қосалқы функцияны орындайтын) мамандары мен көмекші персоналына патогенді биологиялық агенттер мен олардың фрагменттерін табу мақсатында инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларды жұқтырғыштар мен тасымалдаушыларды (оның ішінде олардың тіршілік ету өнімдерін), ықтимал қауіпті заттар мен материалдарды, оның ішінде табиғи ортаның жекелеген компоненттерінен іріктеу және тасымалдау жөніндегі міндеттерді орындау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметтік іссапарларға жіберілетін жұмыскерлер үшін көзделген төлемақы жүзеге асырылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген адамдарға патогенді биологиялық агенттер мен олардың фрагменттерін табу мақсатында далалық жағдайларда инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларды жұқтырғыштар мен тасымалдаушыларды (оның ішінде олардың тіршілік ету өнімдерін), ықтимал қауіпті заттар мен материалдарды, оның ішінде табиғи ортаның жекелеген компоненттерінен іріктеу және зерттеу жөніндегі міндеттерді орындау кезінде тұрғынжайды жалдау бойынша шығындарды растайтын құжаттарды ұсыну мүмкін болмаған кезде тұрғынжайды жалдау бойынша шығындарды өтеу растаушы құжаттарсыз Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормаларға сәйкес жүзеге асырылады.
26-бап. Патогендігі І және ІІ топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыруға арналған мамандардың кадр резерві, оларды жұмылдыру шарттары
1. Биологиялық қауіпсіздік саласында жеткілікті кадр ресурстарын, биологиялық қатерлерге, оның ішінде төтенше жағдайлар кезінде барабар ден қоюға дайындықты қамтамасыз ету мақсатында патогендігі І және ІІ топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыруға арналған мамандардың кадр резерві құрылады.
2. Патогендігі І және ІІ топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыруға арналған мамандардың кадр резервіне енгізілген мамандардың патогендігі I және II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерге, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы ұлттық холдингке тиесілі заңды тұлғаларға жұмысқа орналасуға басым құқығы болады.
3. Патогендігі І және ІІ топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыруға арналған мамандардың кадр резервіне енгізілген мамандар қажет болған жағдайда биологиялық қауіпсіздік саласындағы профилактикалық іс-шараларды жүргізуге тартылуы мүмкін.
4. Патогендігі I және II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мамандардың тізілімі патогендігі I және II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыруға арналған мамандардың кадр резервін қамтиды.
7-тарау. БИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТІ
27-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылымның басым бағыттары
1. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы басым ғылыми-зерттеу бағыттары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру үшін әзірленетін және қабылданатын құжаттарында айқындалады.
2. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы басым ғылыми-зерттеу бағыттары, оның ішінде мыналарды:
1) нысаналы ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды әзірлеу мен іске асыруды;
2) озық халықаралық инновациялық технологияларды ендіруді;
3) Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасына сәйкес биологиялық қауіпсіздік саласындағы ұлттық стандарттарды әзірлеу мен ендіруді;
4) инфекциялық және (немесе) паразиттік аурулардың профилактикасы, оларды емдеу және диагностикалау үшін иммундық-биологиялық, дәрілік және диагностикалық препараттар әзірлеу мен өндіруді көздеуге тиіс.
3. Инфекциялық және (немесе) паразиттік аурулардың профилактикасы, оларды емдеу және диагностикалау үшін иммундық-биологиялық, дәрілік және диагностикалық препараттарды әзірлеу және өндіру ғылыми негізделген болуға тиіс.
4. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми зерттеулер, олардың нәтижелерін беру, жариялау және қолданбалы пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
28-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы оқыту
1. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы оқыту кадрларды техникалық және кәсіптік, қосымша, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру шеңберінде даярлауды, оларды кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды қамтиды және биологиялық қауіпсіздік саласындағы кадр әлеуетін дамыту мен нығайтуға бағытталған.
2. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы кадрларды кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілер ұйымдастырады.
3. Төтенше жағдай туындаған жағдайда төтенше жағдай туғызған патогенді биологиялық агентпен жұмыс істеу бойынша оқытуды көздейтін, биологиялық қауіпсіздік саласындағы қажетті кадрларды кәсіптік даярлау және қайта даярлау қамтамасыз етіледі.
4. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы кадрларды оқытуды, кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттелген ұйымдар жүргізеді.
29-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми-техникалық әлеует пен ресурстарды мемлекеттік қолдау
1. Мыналар биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми-техникалық әлеуетті мемлекеттік қолдаудың басым бағыттары болып табылады:
1) биологиялық қатерлердің алдын алуды және биологиялық тәуекелдерді басқаруды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған отандық ғылыми зерттеулерді қолдау;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес иммундық-биологиялық, дәрілік және диагностикалық препараттардың, дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау, өсімдіктерді қорғау және жеке қорғану құралдарының, зертханалық жабдықтардың өндірісін дамытуды қолдау;
3) практикада қолдану үшін биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижелерінің трансфертін қамтамасыз ету.
2. Ғылыми-кадрлық әлеуетті сақтау мақсатында Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қолданбалы ғылыми зерттеулер мен бағдарламаларды мемлекеттік қолдау тұрақтылық пен үздіксіздік ескеріле отырып жүзеге асырылады.
3. Іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер мен бағдарламаларды мемлекеттік қолдау Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, стратегиялық маңызды мемлекеттік міндеттерді шешуге бағытталған және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру негізінде конкурстық негізде немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша конкурстық рәсімдерден тыс, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген қаржыландырудың өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
30-бап. Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
31-бап. Өтпелі ережелер
1. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын және патогендігі I - IV топтағы микроорганизмдермен және гельминттермен жұмыс істеуге рұқсаты бар субъектілер осы Заң қолданысқа енгізілген күннен кейін алты ай ішінде осы Заңның 15-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес рұқсаттарды қайта ресімдеуге міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзімде қайта ресімделмеген, патогендігі I - IV топтағы микроорганизмдермен және гельминттермен жұмыс істеуге рұқсаттар өз қолданысын тоқтатады.
32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2022 жылғы 21 мамыр
№ 122-VII