Төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін пайдаланылатын мәліметтер мен деректемелер көрсетілетін төлем қызметтерін беруші не төлем жүйесінің операторы беретін штрих код түрінде ұсынылуы мүмкін.
Көрсетілетін төлем қызметтерін беруші немесе төлем жүйесінің операторы кәсіпкерлік қызмет шеңберінде ұсынылған тауарлар, жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер үшін төлемдерді жүзеге асыру үшін беретін штрих кодтың ұлттық стандартын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен бірлесіп әзірлейді. Штрих кодты пайдалана отырып төлемдерді жүзеге асыру үшін ұйымның Штрих кодтың ұлттық стандартына қайшы келмейтін өзге де стандарттары пайдаланылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен бірлесіп, штрих кодты пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыру үшін пайдаланылатын деректемелердің банктік құпияны қамтымайтын ең аз тізбесін белгілейді.
3. Қазақстан Республикасының аумағында төлемдер және (немесе) ақша аударымдары қолма-қол ақшаны пайдалана отырып та, сондай-ақ оларды пайдаланбастан (қолма-қол ақшасыз төлемдер) да мынадай:
1) қолма-қол ақша беру;
2) электрондық ақша беру;
3) төлем құжаттарын пайдалана отырып ақша аудару;
4) ақшалай міндеттеме немесе ақша төлеу туралы бұйрық қамтылатын төлем құжатын беру;
5) электрондық төлем құралдарын пайдалану тәсілдерімен жүзеге асырылады.
4. Төлемге және (немесе) ақша аударымына бастамашылық жасау:
1) бастамашының төлем құжатын көрсетуі;
2) ұстаушының электрондық төлем құралдарын пайдалануы;
3) бастамашының электрондық терминалдар мен өзге де құрылғылар арқылы ақша аудару үшін қолма-қол ақшаны енгізуі;
2021.31.12. № 100-VII ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2022 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) бастамашының төлемді, оның ішінде мобильдік төлемді қашықтан қол жеткізу жүйелері арқылы жүзеге асыруға келісімді жіберуі арқылы жүргізіледі.
5. Қолма-қол ақшамен төлемдер төлемдi жүзеге асыратын тұлғаның заңды төлем құралы болып табылатын банкноттар және (немесе) монеталар түріндегі қолма-қол ақшаны осы тұлғаның ақшалай міндеттемесі бар тұлғаға нақты беруі болып табылады.
6. Қолма-қол ақшамен төлемдер ақшалай мiндеттемесi орындалып отырған тұлғаға тiкелей не делдал арқылы жүзеге асырылады.
7. Қолма-қол ақшасыз төлемдер және (немесе) ақша аударымдары банктік шоттарды пайдалана отырып, сондай-ақ оларды пайдаланбастан теңгемен және шетел валютасымен төлем құралдары негізінде осы Заңда және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Заңды тұлғалар, заңды тұлғаның филиалдары немесе өкілдіктері көрсетілетін төлем қызметтерін берушілер арқылы жүзеге асыратын төлемдер және (немесе) ақша аударымдары банктік шоттар және (немесе) электрондық әмияндар пайдаланылып қана жүзеге асырылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігі заңды тұлғалардың бюджетке төлемдерді, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер үшін төлемдерді, сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды төлеуіне қолданылмайды.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және төлем жасалған күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің бір мың еселенген мөлшерінен асатын мәміле бойынша төлемдерді қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрған дара кәсіпкерлер немесе қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрған басқа дара кәсіпкердің пайдасына заңды тұлғалар немесе заңды тұлғалар қолма-қол ақшасыз тәртіппен ғана жүзеге асырады.
10. Банктер «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы мемлекеттік органдарға, соттарға бюджетке төлемдер төлеумен, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және әлеуметтік аударымдарды аударумен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге ақы төлеумен байланысты жүзеге асырылған төлемдер және (немесе) ақша аударымдары туралы мәліметтер мен ақпаратты береді.
10-1. 2021.31.12. № 100-VII ҚР Заңымен алып тасталды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 11-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
11. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде болатындарды қоспағанда, дара кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде өз қызметін жүзеге асыратын орындарда төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдер қабылдауға арналған жабдықты (құрылғыны) орнатуды және қолдануды және (немесе) лездік төлемдер жүйесін пайдалана отырып, төлемдер қабылдауды қамтамасыз етуге міндетті.
Жекелеген қызмет түрлерінің және төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдер қабылдауға және (немесе) лездік төлемдер жүйесін пайдалана отырып, төлемдер қабылдауға арналған жабдықты (құрылғыны) қолдану тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындаған жағдайларда және тәртіппен төлем ұйымдарының лездік төлемдер жүйесіне қатысуына жол беріледі.
Лездік төлемдер жүйесі арқылы төлемдерді жүзеге асыру кезінде бенефициардың пайдасына ақшаны есепке жатқызуды бенефициарға қызмет көрсететін төлем қызметтерін беруші - лездік режимде лездік төлемдер жүйесіне қатысушы қамтамасыз етеді.
Көрсетілетін төлем қызметтерін берушілер арасында ақша аудару (түпкілікті есеп айырысу) лездік төлемдер жүйесі арқылы клиринг нәтижелері бойынша жасалады және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі ақшамен қамтамасыз етіледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген талаптар сауда операцияларын, жұмыстарды орындауды, қызметтер көрсетуді жүргізу кезінде ақшалай есеп айырысуды қолма-қол ақшаны пайдаланбай жүзеге асыратын дара кәсіпкерге және (немесе) заңды тұлғаға қолданылмайды.
12. Бенефициардың пайдасына ақша аударуды банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ақша аударымдары жүйелерін пайдалану арқылы ұлттық немесе шетел валютасымен жүзеге асыра алады.
Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым бенефициардың пайдасына ақша аударуды жүзеге асыруды ақша аударымдары жүйесінің форматтары мен қағидаларына сәйкес қамтамасыз етуге тиіс.
2024.08.07. № 116-VІІІ ҚР Заңымен 13-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
13. Төлем ұйымдарының төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асырудан бас тартуы осы Заңда және «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» және «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда жүргізіледі.
2024.21.05. № 86-VIII ҚР Заңымен 25-1-баппен толықтырылды (2024 ж. 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
25-1-бап. Антифрод-орталық
1. Антифрод-орталық:
1) қаржы ұйымдарынан, төлем ұйымдарынан, ұялы байланыс операторларынан және қылмыстық қудалау органдарынан келіп түскен, алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша оқиғалар мен әрекеттенулер туралы мәліметтерді жинауды, шоғырландыруды және сақтауды жүзеге асырады;
2) белгіленген өлшемшарттарға сәйкес алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларына жатқызылған, қаржы ұйымдарына, төлем ұйымдарына, ұялы байланыс операторларына, қылмыстық қудалау органдарына қажетті, төлемдер және (немесе) ақша аударымдары жөніндегі деректерді өңдейді және талдайды;
3) алаяқтық белгілері бар төлем операцияларын болғызбау үшін қажетті ақпаратты, оның ішінде қатерлер, осал тұстар, оқиғалардың туындауының алғышарттары, сондай-ақ олардың алдын алу және зардаптарын жою әдістері туралы ақпаратты қаржы ұйымдарына, төлем ұйымдарына, ұялы байланыс операторларына, қылмыстық қудалау органдарына ұсынады;
4) қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын, өз қызметі процесінде алынған ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды сақтаудың, қорғаудың тиісті режимін және олардың сақталуын қамтамасыз етеді;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындаған өзге де функцияларды орындайды.
2. Қаржы ұйымы, төлем ұйымы төлемді және (немесе) ақша аударымын (осындай төлемді және (немесе) ақша аударымын жасауға әрекеттенуді, орындалу процесіндегі төлемді және (немесе) ақша аударымын қоса алғанда):
1) егер алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясын анықтағаны туралы клиенттің өтініші болса;
2) егер қылмыстық қудалау органынан расталған ақпарат болса;
3) егер қаржы ұйымының, төлем ұйымының ішкі құжаттарына сәйкес осындай негіздер болса;
4) егер төлемнің және (немесе) ақша аударымының бенефициары алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясын жүзеге асыру оқиғалары мен әрекеттену туралы дерекқорда болса, алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясы деп таниды.
3. Антифрод-орталықтың қызметін жүзеге асыру және антифрод-орталықтың антифрод-орталық қызметіне қатысатын тұлғалармен өзара іс-қимыл тәртібіне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Қаржы ұйымдары, төлем ұйымдары, ұялы байланыс операторлары, қылмыстық қудалау органдары, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган антифрод-орталықтың қызметіне қатысатын тұлғалар болып табылады.
4. Қылмыстық қудалау органы антифродорталықтан алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясы жөніндегі хабарды (ақпаратты) алған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде қаржы ұйымдарын, төлем ұйымдарын төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асырудан бас тарту үшін негіздердің бар екені және төлемді одан әрі тоқтата тұру не төлемді және (немесе) ақша аударымын қайта бастауға негіздердің жоқтығы туралы хабардар ету қажеттілігі туралы антифродорталыққа хабарлайды. Қылмыстық қудалау органы үш жұмыс күні ішінде одан әрі іс-қимыл жасау жөнінде хабарламаған жағдайда, қаржы ұйымдары, төлем ұйымдары, егер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген, осы төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыруға кедергі келтіретін өзге де негіздер болмаса, осы төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асырады.
5. Қаржы ұйымы, төлем ұйымы алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясы анықталған кезде мынадай әрекеттерді жүзеге асырады:
1) нұсқаудың орындалуын тоқтата тұрады және (немесе) ақша сомасын үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімге бұғаттайды;
2) клиентпен жасалған шартта белгіленген тәртіппен клиентке себептері мен негіздерін көрсете отырып, нұсқауды орындауды тоқтата тұру және (немесе) төлемді және (немесе) ақша аударымын бұғаттау туралы ақпарат береді;
3) кейін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген іс-шараларды жүргізу үшін қылмыстық қудалау органына алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясы бойынша ақпаратты жіберу үшін антифрод-орталыққа хабарлама жібереді;
4) үш жұмыс күні өткеннен кейін қылмыстық қудалау органының төлемді және (немесе) ақша аударымын одан әрі тоқтата тұру туралы не мұндай төлемді және (немесе) ақша аударымын тоқтата тұру қажеттілігінің жоқ екендігі туралы шешімі алынбаған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген, осы төлемді және (немесе) ақша аударымын жасауға кедергі келтіретін өзге де негіздер болмаса, осы төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асырады.
6. Қаржы ұйымдары, төлем ұйымдары антифрод-орталықтан алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларына қатысы бар адамдар туралы ақпарат алған кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған мерзімдерде және тәртіппен нұсқауларды орындаудан бас тартады немесе тоқтата тұрады.
7. Антифрод-орталық және антифрод-орталықтың қызметіне қатысатын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
8. Қаржы ұйымдары, төлем ұйымдары алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларын жүзеге асырудың барлық оқиғалары және (немесе) әрекеттенулер туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған нысан бойынша, мерзімдерде және тәртіппен антифрод-орталыққа жіберуге міндетті.
9. Антифрод-орталық қылмыстық қудалау органдарына алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректерді, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын деректерді беруге құқылы.
10. Антифрод-орталық алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясын жүзеге асыру оқиғалары мен әрекеттену туралы дерекқорды қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асырады, оларға антифрод-орталықтың қызметіне қатысатын тұлғалардың Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен нақты уақыт режимінде қол жеткізуін ұсынады.
11. Антифрод-орталық клиенттің келісімінсіз қаржы ұйымдарымен, төлем ұйымдарымен, ұялы байланыс операторларымен, қылмыстық қудалау органдарымен деректер алмасуды, клиент-жеке тұлға, оның жеке сәйкестендіру нөмірі, банктік шотының және (немесе) төлем карточкасының нөмірі, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі, жеке басын куәландыратын құжаты туралы мәліметтерді және клиентті және оның қатысуымен болатын төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын сәйкестендіру үшін қажетті басқа да мәліметтерді қамтитын, алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректерді өңдеуді жүзеге асырады.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 26-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
26-бап. Орталық депозитарийдің функцияларын орындайтын мамандандырылған коммерциялық емес ұйымның қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру ерекшеліктері
1. Қаржы құралдарымен мәміле бойынша төлемді және (немесе) ақша аударымын «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес орталық депозитарийдің функцияларын орындайтын мамандандырылған коммерциялық емес ұйым (бұдан әрі - орталық депозитарий) клиент пен орталық депозитарийдің арасындағы:
1) орталық депозитарийде ашылған клиенттің банктік шоты бойынша;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған клиенттің корреспонденттік шоты бойынша жасалған шарттың негізінде жүзеге асырады.
2. Клиенттің орталық депозитарийде ашылған банктік шоты бойынша төлем және (немесе) ақша аударымы қаржы құралдарымен мәмілені немесе орталық депозитарийдегі банктік шоттарының есебінде бар қаржы құралдарына байланысты өзге де операцияларды тіркеу кезінде орталық депозитарийдің қағидалар жинағына сәйкес орталық депозитарийдің төлем құжатын қалыптастыруы арқылы:
1) егер клиенттің қаржы құралдарымен мәмілені (операцияны) тіркеуге бұйрығын жөнелтуші клиенттің қаржы құралдарымен мәмілені тіркеуге бұйрығының негізінде орталық депозитарийге оның банктік шотынан ақшаны есептен шығару құқығын берген жағдайда, осындай бұйрықтың;
2) егер ақша жөнелтуші сауда-саттықты ұйымдастырушының қаржы құралдарымен мәмілені тіркеуге бұйрығының негізінде орталық депозитарийге оның банктік шотынан ақшаны есептен шығару құқығын берген жағдайда, сауда-саттықты ұйымдастырушының қаржы құралдарымен мәмілені (операцияны) тіркеуге бұйрығының;
3) егер ақша жөнелтуші клирингтік ұйымның бұйрығы негізінде орталық депозитарийге оның банктік шотынан ақшаны есептен шығару құқығын берген жағдайда, клирингтік ұйымның клирингтік сессия қорытындылары бойынша ақша аударымдарын жүзеге асыруға бұйрығының негізінде жүзеге асырылады.
3. Қаржы құралдарымен мәміле бойынша төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыру үшін немесе жүйелік маңызы бар төлем жүйесі арқылы қаржы құралдарына байланысты өзге де операцияларды тіркеу кезінде клиент жүйелік маңызы бар төлем жүйесінде орталық депозитарийдің төлем құжатын орындаған кезде жүйелік маңызы бар төлем жүйесінің операторына не операциялық орталығына Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған оның корреспонденттік шотынан ақшаны есептен шығаруға келісім береді. Орталық депозитарий жүйелік маңызы бар төлем жүйесіне орталық депозитарийдің қағидалар жинағына сәйкес:
1) егер клиенттің қаржы құралдарымен мәмілені (операцияны) тіркеуге бұйрығын жөнелтуші клиенттің қаржы құралдарымен мәмілені тіркеуге бұйрығының негізінде орталық депозитарийге оның корреспонденттік шотынан ақшаны есептен шығару құқығын берген жағдайда, осындай бұйрықтың;
2) егер ақша жөнелтуші сауда-саттықты ұйымдастырушының қаржы құралдарымен мәмілені тіркеуге бұйрығының негізінде орталық депозитарийге оның корреспонденттік шотынан ақшаны есептен шығару құқығын берген жағдайда, сауда-саттықты ұйымдастырушының қаржы құралдарымен мәмілені (операцияны) тіркеуге бұйрығының;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүйелік маңызы бар төлем жүйесіне қатысушыларға бағалы қағаздармен қамтамасыз ете отырып, банктік қарыз берген жағдайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаржы құралдарымен мәмілені (операцияны) тіркеуге біржақты бұйрығының негізінде төлем құжатын жібереді.
27-бап. Банктік шоттар
1. Банктік шот клиент пен банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым арасында банктік шот шарты, корреспонденттік шот шарты және (немесе) банктік салым шарты жасалған кезде ашылады.
Ағымдағы немесе корреспонденттік шотты немесе банктік салымды ашу кезінде жасалатын шарт осы Заңның 13-бабының 4-тармағында көзделген көрсетілетін төлем қызметін ұсыну кезінде жасалатын шарт болып табылады. Клиентпен жасалатын өзге шарттарда көрсетілетін төлем қызметтерін ұсынудың талаптарын белгілеуге жол беріледі.
Клиенттің банктік шот ашу туралы электрондық нысанда жіберген өтінішінің негізінде банктік шот шарты жасалғанға дейін банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның клиентке жеке сәйкестендіру кодын беруіне жол беріледі. Бұл ретте банктік шот клиент пен банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым арасында банктік шот шарты жасалғаннан кейін ашылды деп есептеледі. Клиент банктік шот шартын жасамаған жағдайда, банк Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен жеке сәйкестендіру кодын жояды.
2. Банкке және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға:
1) егер клиенттің банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда ашылған банктік шотына берілген уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешімдері және (немесе) өкімдері, үшінші тұлғалардың банктік шоттан ақшаны алып қою туралы талаптары болған және (немесе) оның банктік шотындағы ақшаға тыйым салынған жағдайларда, банктік шотта тыйым салынатын ақша сомасы жеткіліксіз болған кезде клиентке жаңа банктік шот;
2) салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға ол туралы ақпарат берілген әрекетсіз салық төлеушіге банктік шот;
3) анонимдік банктік шот немесе ойдан шығарылған атқа банктік шот;
4) «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда клиентке банктік шот ашуға тыйым салынады.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Осы баптың 2-тармағы 1) және 2) тармақшаларының ережелері:
2023.16.11. № 40-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.16.05. № 82-VIII ҚР Заңымен («Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) тиісті нормалары қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізілген, салық берешегі және әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі болған кезде клиентке жаңа банктік шот ашу бөлігі) (бұр.ред.қара) 1) тармақша өзгертілді
1) клиент - жеке тұлғаға мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақыларды, әлеуметтік төлемдерді, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 112-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес берілетін материалдық көмекті немесе мемлекеттік бюджеттен және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақыларды, сондай-ақ алименттерді (кәмелетке толмаған және еңбекке қабілетсіз кәмелетке толған балаларды күтіп-бағуға арналған ақшаны), тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақтарды және (немесе) нысаналы жинақ төлемдерін есепке жатқызуға арналған банктік шотты;
2) жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйге ақы төлеу мақсатында төлемдер мен субсидияларды есепке жатқызуға арналған тұрғын үй құрылысы жинақ банкінде банктік шоттар ашу жағдайларына қолданылмайды.
Банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның Қазақстан Республикасының бей- резидент банктерімен жасалған шарттардың және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарын орындау шеңберінде банктік шот ашудан бас тартуына жол беріледі.
4. Банктік шоттар клиенттердің ағымдағы және жинақ шоттары, сондай-ақ банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың корреспонденттік шоттары болып бөлінеді.
5. Клиенттің ағымдағы шоты бойынша:
1) банктің клиент ақшасының болуын қамтамасыз етуіне және оны пайдалануына;
2) клиенттің пайдасына ақшаны қабылдауға (есепке жатқызуына);
3) банктік шот шартында көзделген тәртіппен ақшаны үшінші тұлғалардың пайдасына аудару туралы клиенттің нұсқауын орындауға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) банктік шот шартында көзделген негіздер бойынша клиенттің ақшасын алып қою туралы үшінші тұлғалардың нұсқауларын орындауға;
5) көрсетілген шартта және осы Заңда көзделген тәртіппен және шарттарда клиенттен қолма-қол ақша қабылдауды және оған беруді жүзеге асыруға;
6) 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7) клиенттің талабы бойынша клиенттің банктегі ақша сомасы және банктік шот шартында көзделген тәртіппен және мерзімдерде жүргізілген операциялар туралы ақпарат беруге;
8) клиентке банктік шот шартында, Қазақстан Республикасының заңнамасында және банк практикасында қолданылатын iскерлiк айналым дағдыларында көзделген өзге де банк қызметін көрсетуді жүзеге асыруға байланысты операциялар орындалады.
6. Клиенттің жинақ шоты бойынша:
1) банктің клиентке тиесілі ақшаның болуын қамтамасыз етуіне және оны пайдалануына;
2) клиенттен немесе үшінші тұлғалардан ақшаны қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз да тәсілмен қабылдауды жүзеге асыруға;
3) банктік салым шартында айқындалатын мөлшерде және тәртіппен сыйақы төлеуге;
4) банктік салым шартында және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген талаптармен, оның ішінде оларды клиенттің басқа банктік шотына аудару жолымен клиентке ақшаны қайтаруға;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) банктік шот шартында көзделген негіздер бойынша клиенттің ақшасын алып қою туралы үшінші тұлғалардың нұсқауын орындауға байланысты операциялар орындалады.
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)