70) электрондық ақша жүйесінің операторы - электрондық ақшаны пайдалана отырып, операцияларды жүзеге асыру кезінде қалыптастырылатын ақпаратты жинауды, өңдеуді және беруді қоса алғанда, электрондық ақша жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, сондай-ақ электрондық ақша эмитентімен (эмитенттерімен) жасалған шартқа сәйкес электрондық ақша жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын айқындайтын банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым немесе төлем ұйымы;
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 70-1) тармақшамен толықтырылды
70-1) электрондық ақшаның электрондық әмияны (бұдан әрі - электрондық әмиян) - электрондық ақшаға билік етуді қамтамасыз ететін, оны есепке алу және сақтау тәсілі;
71) электрондық ақшаны өтеу - электрондық ақша эмитентінің өзі шығарған, электрондық ақшаның иесі ұсынған не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда иеленушісі оларды ұсынбастан ауыстыруға жататын электрондық ақшаны олардың номиналдық құнына тең ақша сомасына айырбастауды жүзеге асыруын көздейтін көрсетілетін төлем қызметі;
72) электрондық ақшаны пайдалану - азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша төлемді және (немесе) меншік құқығының электрондық ақшаға өтуімен байланысты өзге де операцияларды жүзеге асыру мақсатында электрондық ақша иесінің оларды электрондық ақша жүйесінің басқа қатысушысына беруі;
73) электрондық ақшаны шығару - электрондық ақша эмитентінің электрондық ақшаны жеке тұлғаға немесе агентке олардың номиналдық құнына тең ақша сомасына айырбастау арқылы беруін көздейтін көрсетілетін төлем қызметі;
74) электрондық ақша эмитенті - осы Заңға сәйкес электрондық ақшаны шығаруға және өтеуге құқығы бар көрсетілетін төлем қызметтерін беруші;
75) электрондық көрсетілетін банктік қызметтер - көрсетілетін төлем қызметтерін және ақпараттық көрсетілетін банктік қызметтерді алу үшін қашықтан қол жеткізу жүйелері арқылы клиенттің өз банктік шотына қол жеткізуімен байланысты көрсетілетін қызметтер;
76) электрондық терминал - төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын не қолма-қол ақшаны қабылдау және (немесе) беру операцияларын жүзеге асыруға не шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыруға не өзге де операция түрлерін жүзеге асыруға, сондай-ақ тиісті растау құжаттарын қалыптастыруға арналған электрондық-механикалық қондырғы;
77) электрондық төлем құралы - төлемді және (немесе) ақша аударымын жасауға өкілеттігі бар ақша жөнелтушіге төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыруға бастамашы болуға, сондай-ақ ақша жөнелтуші мен электрондық төлем құралының эмитенті арасындағы шартта көзделген өзге де операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ақпаратты қамтитын төлем карточкасы немесе өзге де электрондық жеткізгіш;
78) электрондық төлем құралын ұстаушы - электрондық төлем құралының эмитентімен жасалған шарттың талаптарына сәйкес электрондық төлем құралын пайдаланатын немесе иеленетін жеке тұлға;
79) электрондық төлем құралының эмитенті - электрондық төлем құралын шығаруды жүзеге асыратын заңды тұлға;
80) эскроу-шот - клиент айқындаған шарттардың басталуына немесе орындалуына дейін банктік шот бойынша шығыс операцияларын жасауға үшінші тұлғаның құқығын шектей отырып, клиент осы тұлғаның атына ашатын ағымдағы шот немесе жинақ шоты.
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заңның күші Қазақстан Республикасында төлемдерді және ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде, сондай-ақ төлем жүйелерінің және көрсетілетін төлем қызметтері нарығының жұмыс істеу процесінде туындайтын қатынастардың субъектілері болып табылатын жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
2020.02.07. № 356-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жүзеге асыратын халықаралық төлемдер мен және (немесе) ақша аударымдарымен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерімен (қаржы институттарымен) байланысты қатынастар «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы және «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптар ескеріле отырып, олардың арасындағы шарттармен және банк практикасында қолданылатын iскерлiк айналым дәстүрлерімен реттеледi. Егер халықаралық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша әрекеттер Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылса, онда мұндай қатынастар осы Заңмен, көрсетілген шарттармен және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн бөлiгiнде iскерлiк айналым дәстүрлерімен реттеледi.
3-тармақ 2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді
3. Осы Заңның банктерге қатысты қолданылатын талаптары Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің Қазақстан Республикасының аумағында құрылған филиалдарына қолданылады.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды; 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы», «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес енгізілген ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметін жүзеге асыратын көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілеріне және өзге де заңды тұлғаларға осы Заңның және осы Заңға сәйкес қабылданатын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінің нормалары ерекше реттеу режимінің шарттарында көзделген шекте қолданылады.
3-бап. Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
4-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлемдер және төлем жүйелері саласындағы өкілеттіктері
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) төлем ұйымдарының қызметін ұйымдастыру қағидаларын;
2) нысандарын, тізбесін, ұсыну мерзімділігі мен мерзімдерін қоса алғанда, ұсыну тәртібі айқындалатын, жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесі операторының немесе операциялық орталығының төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша мәліметтер беру қағидаларын;
3) Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілетін операциялар бойынша банкаралық төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру қағидаларын;
4) банкаралық ақша аударымдары жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын;
5) банкаралық клиринг жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын;
6) операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі не оның еншілес ұйымы болып табылатын төлем жүйелерінің жұмыс істеу қағидаларын;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) төлем карточкаларының банкаралық жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын;
8) Қазақстан Республикасының аумағында қолма-қол ақшасыз төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру қағидаларын;
9) Қазақстан Республикасының аумағында чектерді қолдану қағидаларын;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 10) тармақша өзгертілді
10) банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың электрондық банктік қызметтерді көрсету қағидаларын;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
11) төлем карточкаларын шығару қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілетін операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптарды;
12) Қазақстан Республикасының аумағында электрондық ақша шығару, пайдалану және өтеу қағидаларын, сондай-ақ электрондық ақша эмитенттеріне және электрондық ақша жүйелеріне қойылатын талаптарды;
13) клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларын;
14) көрсетілетін төлем қызметтері туралы мәліметтер беру қағидаларын бекітеді, оларда нысандарын, тізбесін, ұсыну мерзімділігі мен мерзімдерін қоса алғанда, оларды ұсыну тәртібі айқындалады;
15) экономика секторларының және төлемдер белгілеу кодтарын қолдану қағидаларын;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 16) тармақша өзгертілді
16) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арасында корреспонденттік қатынастар орнату қағидаларын;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 17) тармақша өзгертілді (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 17) тармақша жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
17) банктер арасында, банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арасында корреспонденттік қатынастар орнату, сондай-ақ банктердің «Астана» халықаралық қаржы орталығына қатысушы банктермен корреспонденттік қатынастар орнатуы қағидаларын;
18) төлем жүйелеріне қолжетімділікті қамтамасыз ететін ұйымдастыру шараларына және бағдарламалық-техникалық құралдарға қойылатын талаптарды;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 19) тармақша өзгертілді (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
19) банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың корреспонденттік шоттары бойынша төлемдер мен ақша аударымдары лимитінің мөлшерін;
20) банктік шоттың бар екендігі және нөмірі туралы анықтаманы және банктік шот бойынша ақша қалдығы мен қозғалысы туралы үзінді көшірмені ресімдеуге және олардың мазмұнына қойылатын талаптарды;
21) көрсетілетін төлем қызметтерін маңызды берушілердің тізілімін жүргізу қағидаларын;
22) төлем жүйелерінің тізілімін жүргізу қағидаларын;
23) маңызды төлем жүйелері өлшемшарттарының көрсеткіштерін;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 24) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
24) көрсетілетін төлем қызметтерін берушіні көрсетілетін төлем қызметтерін маңызды берушілерге жатқызатын көрсеткіштерді;
25) осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өзге де нормативтік құқықтық актілерін бекітеді.
2. Төлемдер және төлем жүйелері саласында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады және өзге де өкілеттіктерді іске асырады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем жүйелерін реттеуді және оларды қадағалауды (оверсайтты), көрсетілетін төлем қызметтері нарығын реттеуді және оларды бақылауды Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 4-1-баппен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-1-бап. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның төлемдер және төлем жүйелері саласындағы өкілеттіктері
Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың мүдделерін қорғау мақсатында банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасының талаптарын сақтауын бақылауды және қадағалауды өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
2-тарау. ТӨЛЕМ ЖҮЙЕЛЕРІ
5-бап. Төлем жүйелеріне қойылатын негізгі талаптар
1. Төлем жүйесінің ұйымдастырылу және жұмыс істеу тәртібі осы төлем жүйесінің операторы белгілеген қағидаларында айқындалады.
2. Төлем жүйесінің қағидаларында:
1) төлем жүйесінің жұмыс істеу рәсімдері, оның ішінде төлем жүйесінде ақша аударымдарын жүзеге асыру, төлем хабарларының форматтарын қолдану тәртібі, төлем жүйесінің жұмыс кестесі және төлем жүйесіндегі тәуекелдерді басқару жүйесі;
2) төлем жүйесінің операторы ұсынатын көрсетілетін қызметтердің және төлем жүйесінде жүзеге асырылатын операциялардың сипаты;
3) төлем жүйесіне қатысу шарттары;
4) төлем жүйесіне қатысушылардың оның операторымен өзара іс-қимыл тәртібі;
5) төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша нұсқауды кері қайтарып алу рәсімдері;
6) төлем жүйесіне қатысушылардың төлем қабілетсіздігін реттеу тәртібі;
7) ақпараттық қауіпсіздік шараларын сақтау тәртібі;
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) төлем жүйесі қағидаларын бұзғаны үшін төлем жүйесіне қатысушыға қолданылатын шаралар;
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды
9) алаяқтықты және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруды (жылыстатуды) және терроризмді қаржыландыруды болғызбауға бағытталған ұйымдастырушылық және рәсімдік іс-шараларды төлем жүйесінде қамтамасыз ету және енгізу жөніндегі шаралар қамтылуға тиіс.
3. Төлем жүйесінің қағидаларына осы төлем жүйесіне қатысушылардың басқа төлем жүйелеріне қатысуын (оның ішінде айрықша қатысу туралы шарт түріндегі нормаларды), сондай-ақ басқа төлем жүйелеріне осы төлем жүйесінің инфрақұрылымына қызмет көрсететін тұлғалардың (осы төлем жүйесі операторының жұмыскерлері болып табылатын адамдарды қоспағанда) қызмет көрсетуін шектейтін нормаларды енгізуге тыйым салынады.
4. Төлем жүйесінің қағидалары, осы қағидаларға өзгерістер мен толықтырулар, төлем жүйесі операторының тарифтері (көрсетілетін қызметтер құны) туралы және осы тарифтердің (көрсетілетін қызметтер құнының) барлық өзгерістері туралы мәліметтер оларды төлем жүйесінің операторы бекіткеннен кейін он бес жұмыс күні ішінде төлем жүйесі операторының интернет-ресурсында жариялануға жатады.
Төлем жүйесі операторының тарифтеріне (көрсетілетін қызметтер құнына) өзгерістерді ол осындай өзгерістерді негіздейтін қаржылық есеп-қисаптардың негізінде енгізеді.
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, төлем жүйесінің операторы Қазақстан Республикасының аумағында төлем жүйесі жұмыс істей бастаған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде мынадай құжаттарды:
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) төлем жүйесі операторының атауы, пошталық мекенжайы және орналасқан жері туралы мәліметтерді;
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) төлем жүйесінің атауы қамтылған мәліметтерді;
2) атқарушы органның басшысы (мүшелері) туралы мәліметтерді;
3) осы баптың 4-тармағында көзделген құжаттар орналастырылған, төлем жүйесінің операторы интернет-ресурсының домендік аты туралы мәліметтерді;
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) төлем жүйесі операторының капиталында он пайыздан көп үлесі (акциясы) бар төлем жүйесі операторының құрылтайшылары (акционерлері) туралы мәліметтерді;
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды
5) Қазақстан Республикасының аумағында төлем жүйесінің жұмыс істей бастаған күні қамтылған мәліметтерді бере отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне Қазақстан Республикасының аумағында меншікті төлем жүйесінің құрылғаны немесе Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік төлем жүйесі жұмыс істей бастағаны туралы хабарлайды. Төлем жүйесі операторы төлем жүйесінің бірінші қатысушысымен жасасқан шарт күшіне енген күн жұмыс істеудің басталған күні деп түсініледі.
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.13.05. № 325-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 15 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 6-тармақ өзгертілді
6. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым төлем жүйесіне, оның ішінде шетелдік төлем жүйесіне қатысқан жағдайда, осы банк (осы ұйым) төлем жүйесінің операторымен төлем жүйесіне қатысуға шарт жасасқан күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде солардың негізінде төлем жүйесіне, оның ішінде шетелдік төлем жүйесіне қатысу жүзеге асырылатын шарттардың көшірмелерін, сондай-ақ төлем жүйесінің атын, төлем жүйесі операторының атауы мен пошталық мекенжайын қамтитын мәліметтерді бере отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне осындай қатысу туралы жазбаша хабарлайды.
Шетелдік төлем жүйесіне қатысуды жүзеге асыруға негіз болған шартта (шарттарда), төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын қоспағанда, банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша бенефициар мен жөнелтуші туралы мәліметтер мен ақпаратты алу тәртібі көзделуге тиіс.
7. 2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
8. Төлем жүйелеріндегі ақша аударымы клиринг нәтижелері бойынша не бастамашының әрбір нұсқауын жеке-дара орындау арқылы жүргізіледі.
9. Клиринг нәтижелері бойынша ақша аударымы төлем жүйесіне қатысушылардың қарсы ақшалай талаптары мен міндеттемелерін есепке жатқызу процесі аяқталғаннан кейін орын алады.
10. Банкаралық клиринг жүйесінде клиринг нәтижелері бойынша ақша аударымы оған қатысушылардың ақшасы банкаралық ақша аударымдары жүйесінде пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
11. Бастамашының әрбір нұсқауын жеке-дара орындау арқылы ақша аударымы басқа нұсқаулар бойынша туындайтын өз құқықтары мен міндеттемелеріне қарамастан жүзеге асырылады.
12. Төлем жүйелеріне қатысушылардың төлем қабілетсіздігін реттеу тәртібі төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын аяқтау үшін ақша тарту әдістерін айқындауға тиіс.
Төлем жүйелеріне қатысушылардың төлем қабілетсіздігін реттеу тәртібіне қойылатын негізгі талаптар төлем жүйесінің операторы оларды бекіткеннен кейін он бес жұмыс күні ішінде төлем жүйесі операторының интернет-ресурсында жариялануға жатады.
13. Төлем жүйесінің қағидаларын, осы қағидаларға өзгерістермен толықтыруларды, төлем жүйесі операторының тарифтерін (көрсетілетін қызметтер құнын) және осы тарифтердің (көрсетілетін қызметтер құнының) барлық өзгерістерін төлем жүйесінің операторы және оған қатысушылар төлем жүйесі операторының интернет-ресурсында жарияланған күнінен ерте болмайтындай етіп қолданады.
6-бап. Төлем жүйелерінің түрлері, олардың маңыздылығын айқындаудың өлшемшарттары мен тәсілдері
1. Төлем жүйелері, оның ішінде шетелдік төлем жүйелері мынадай түрлерге бөлінеді:
1) жүйелік маңызы бар төлем жүйесі;
2) маңызды төлем жүйесі;
3) өзге төлем жүйесі.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем жүйесі жиынтығында мынадай өлшемшарттарға сәйкес келген кезде оны жүйелік маңызы бар төлем жүйесіне жатқызады:
1) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығына және (немесе) Қазақстан Республикасының валюта нарығына қатысушылардың ақшалай міндеттемелері бойынша төлемдер және (немесе) ақша аударымдары осы төлем жүйесі арқылы жүргізіледі;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік ақша-кредит саясатын жүргізуі мақсатындағы төлемдер және (немесе) ақша аударымдары осы төлем жүйесі арқылы жүргізіледі.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүйелік маңызы бар төлем жүйелеріне жатқызылған жүйелерді қоспағанда, төлем жүйесін ол мынадай өлшемшарттардың кез келгеніне сәйкес келген кезде маңызды төлем жүйесіне жатқызады:
1) Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген көрсеткіштен кем емес көлемде жыл бойы ұлттық валютада төлемдер және (немесе) ақша аударымдары осы төлем жүйесі арқылы жүзеге асырылады;
2) Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген көрсеткіштен кем емес көлемде жыл бойы шетел валютасында төлемдер және (немесе) ақша аударымдары осы төлем жүйесі арқылы жүзеге асырылады;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген көрсеткіштен кем емес көлемде жыл бойы халықаралық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары осы төлем жүйесі арқылы жүзеге асырылады;
4) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ақша аударымдары жүйелері үшін белгілеген көрсеткіштен кем емес көлемде жыл бойы төлемдер және (немесе) ақша аударымдары осы төлем жүйесі арқылы жүзеге асырылады;
5) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген көрсеткіштен кем емес көлемде жыл бойы төлем карточкаларымен есеп айырысулар бойынша банкаралық төлемдер осы төлем жүйесі арқылы жүзеге асырылады;
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) күнтізбелік жылдың басында айналыста болған төлем карточкаларының жалпы санынан осы төлем жүйесі шеңберінде шығарылған төлем карточкалары санының үлесі, сондай-ақ осындай төлем жүйесінде шығарылған төлем карточкалары пайдаланыла отырып, күнтізбелік жыл ішінде осы төлем жүйесі арқылы жүргізілген төлемдердің және (немесе) ақша аударымдарының жалпы көлемі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген көрсеткіштерден кем болмайды.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем жүйесін жүйелік маңызы бар, маңызды немесе өзге төлем жүйесіне мынадай тәсілдердің бірінің негізінде:
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) күнтізбелік жыл аяқталғаннан кейін жүргізілген төлем жүйелерінің жұмыс істеуін талдау қорытындысы бойынша дербес;
2) төлем жүйесінің белгіленген маңыздылық өлшемшарттарына сәйкестігін растайтын құжаттар қоса беріле отырып, төлем жүйесі операторының жазбаша өтінішінің негізінде жатқызады.
5. Төлем жүйесі жүйелік маңызы бар, маңызды немесе өзге төлем жүйесіне жатқызылған жағдайда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бес жұмыс күні ішінде:
1) осы төлем жүйесін жүйелік маңызы бар, маңызды немесе өзге төлем жүйесі ретінде төлем жүйелерінің тізіліміне енгізеді;
2) осы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында жариялайды;
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, төлем жүйесінің операторын төлем жүйесінің жүйелік маңызы бар, маңызды не өзге төлем жүйесіне жатқызылғаны туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.
6. Төлем жүйесі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мәліметтерді төлем жүйелерінің тізіліміне енгізген күннен бастап жүйелік маңызы бар, маңызды немесе өзге төлем жүйесіне жатқызылады.
7-бап. Төлем жүйелерінде төлемдердің және (немесе) ақша аударымдарының аяқталуы (түпкілікті болуы)
1. Төлем және (немесе) ақша аударымы осы төлем және (немесе) аударым пайдасына жүзеге асырылған төлем жүйесіне қатысушыға ақша есепке жатқызылғаннан кейін төлем жүйесінде аяқталды (түпкілікті болды) деп есептеледі.
2. Жүйелік маңызы бар төлем жүйесінің операторы төлем және (немесе) ақша аударымы төлем жүйесіне келіп түскен кезде нұсқауларды дереу өңдеу мен орындауды көздейтін нақты уақыт режимінде немесе ағымдағы операциялық күннің соңына дейін төлем жүйесінде олардың аяқталуына (түпкілікті болуына) кепілдік береді.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Клиентке қатысты шығарылған соттың борышкер берешегін қайта құрылымдау рәсімін, оңалту рәсімін қолдану, борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып тарату туралы шешімінің көшірмелерін алғанға дейін төлем жүйесіне өз қатысушысы жіберген төлемдер және (немесе) ақша аударымдары кері қайтарып алынбайтын және түпкілікті болып табылады, орындалуға және аяқталуға жатады.