Заң консультанттары палатасында жыл сайынғы мүшелік жарналар белгіленеді.
Жыл сайынғы мүшелік жарналардың мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің он бес еселенген мөлшерінен кем болмауға және жетпіс бес еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Жүктілігі және босануы бойынша не бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыста болған кезеңде заң консультанттары және еңбекке уақытша қабілетсіздігі салдарынан қатарынан екі айдан астам кәсіптік қызметті жүзеге асырмаған заң консультанттары мүшелік жарна төлеуден босатылады.
Кәсіптік қызметін ауылдық елді мекендерде жүзеге асыратын не бір жылдан аз кәсіптік қызмет өтілі бар заң консультанттары мүшелік жарналарды белгіленген мөлшерлеменің елу пайызы мөлшерінде төлейді.
Кіру жарналарына тыйым салынады.
89-бап. Заң консультанттары палатасының ақпаратқа қол жеткізуді және оны құқыққа сыйым сыз пайдаланудан қорғауды қамтамасыз етуі
1. Заң консультанттары палатасы мынадай:
1) өз мүшелерінің құрамы туралы;
2) палата мүшелерінің жауапкершілігін қамтамасыз ету шарттары, тәсілдері мен тәртібі туралы;
3) заң консультанттары палатасына өз мүшелігін тоқтатқан мүшелер және олардың мүшелігін тоқтату негіздері туралы;
4) заң консультанттары палатасына мүшелік шарттары туралы;
5) заң консультанттары палатасының қағидалары мен стандарттарының мазмұны туралы;
6) заң көмегі сапасының өлшемшарттары туралы;
7) заң консультанттары палатасы басқару органдарының және мамандандырылған органдарының құрылымы мен құзыреті, заң консультанттары палатасының алқалы басқару органының, атқарушы басқару органының сандық және дербес құрамы, заң консультанттары палатасының жеке-дара атқарушы басқару органының функцияларын жүзеге асыратын тұлға туралы;
8) заң консультанттары палатасы мүшелерінің жалпы жиналысы және алқалы басқару органы қабылдаған шешімдер туралы;
9) заң консультанттары палатасының мүшелерін Қазақстан Республикасы адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, қағидалар мен стандарттардың, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін жауаптылыққа тарту жағдайлары туралы;
10) соттарға заң консультанттары палатасы берген, сондай-ақ палатаға қатысты берілген кез келген талап қоюлар және арыздар туралы;
11) қаржылық-шаруашылық қызмет туралы, әрбір өзіндік ерекшелік бойынша жеке-жеке барлық түсімдер мен шығыстар туралы ақпарат қамтылатын есеп жөнінде ақпаратты;
12) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) заң консультанттары палатасының ішкі құжаттарында көзделген өзге де ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастыру және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы оларға қол жеткізуді қамтамасыз етуге міндетті.
2. Палата жұмыскерлердің құқыққа сыйымсыз пайдалануы заң консультанттары палатасының мүшелеріне моральдық зиян және (немесе) мүліктік нұқсан келтіруі немесе осындай зиян және (немесе) нұқсан келтіруге алғышарттар жасауы мүмкін ақпаратты алу, пайдалану, өңдеу, сақтау және қорғау тәсілдерін көздеуге тиіс.
3. Заң консультанттары палатасы өз жұмыскерлерінің қызметтік жағдайына орай өздеріне мәлім болған ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалануына байланысты әрекеттері үшін өз мүшелерінің алдында жауапты болады.
4. Заң консультанттары палатасы ақпаратты ашып көрсету жөніндегі міндеттердің орындалмағаны және (немесе) тиісінше орындалмағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
90-бап. Заң консультанттары палаталарының тізілімі
1. Уәкілетті орган заң консультанттары палаталарының тізілімін электрондық форматта жүргізеді.
2. Заң консультанттары палаталарының тізілімінде қамтылған мәліметтер ашық болып табылады және уәкілетті органның интернет-ресурсында жаңартылған күйде орналастырылады.
Осы Заңның 78-бабының талаптарына сәйкес келетін коммерциялық емес ұйым туралы мәліметтер «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес хабарлама негізінде заң консультанттары палаталарының тізіліміне енгізіледі.
Хабарламаны алғаннан кейін уәкілетті орган заң консультанттары палатасының осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауын өзі дербес тексереді.
91-бап. Заң консультанттары палаталарының тізілімінен шығару
Заң консультанттары палаталарының тізілімінен шығаруға:
1) заң консультанттары палатасының заң консультанттары палаталарының тізілімінен шығару туралы өтініші;
2) коммерциялық емес ұйымды тарату немесе қайта ұйымдастыру;
3) заң консультанттары палаталарының тізілімінен шығару туралы заңды күшіне енген сот шешімі негіз болып табылады.
92-бап. Заң консультанттары палатасы мүшелерінің тізілімі
1. Заң консультанттары палатасы заң консультанттары палатасы мүшелерінің тізілімін электрондық форматта жүргізеді және оны өзінің интернет-ресурсында жаңартылған күйде орналастырады.
2. Заң консультанттары палатасы мүшелерінің тізілімі заң консультанттары палаталары тізілімінің осы Заңның талаптарына сәйкес келетін және заң консультанттары палатасына мүшелік, оны тоқтата тұру және тоқтату туралы мәліметтер қамтылатын құрамдасы болып табылады.
3. Адам осы бапта көзделген өзі туралы мәліметтер заң консультанттары палатасы мүшелерінің тізіліміне енгізілген күннен бастап заң консультанттары палатасы мүшесінің барлық құқықтарына ие болады.
4. Заң консультанттары палатасы мүшелерінің тізілімінде мынадай мәліметтер қамтылады:
1) заң консультанттары палатасы мүшесінің тіркеу нөмірі, оны тізілімде тіркеу күні;
2) заң консультанттары палатасы мүшесінің тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда), туған күні, жеке басын куәландыратын құжаттың деректері, тұрғылықты жері, жеке сәйкестендіру нөмірі (жеке тұлға үшін), байланыс телефондарының нөмірлері;
3) заң консультанттары палатасы мүшесінің мүліктік жауаптылығын қамтамасыз ету туралы мәліметтер;
4) палата мүшесіне заң консультанттары палатасы жүргізген тексерулердің нәтижелері және оған тәртіптік және өзге де жазалар қолдану фактілері туралы мәліметтер;
5) уәкілетті орган, заң консультанттары палатасы көздеген өзге де мәліметтер.
5. Заң консультанттары палатасына өз мүшелігін тоқтатқан адамдарға қатысты заң консультанттары палатасы мүшелерінің тізілімінде осы баптың 4-тармағында көрсетілген ақпаратпен қатар, заң консультанттары палатасына мүшелікті тоқтату күні және мұндай тоқтатудың негіздері туралы, интернет-ресурста орналастырылуға жататын ақпарат қамтылуға тиіс.
6. Тұрғылықты жері туралы мәліметтерді, жеке басты куәландыратын құжаттың деректерін және егер қолжетімділігі Қазақстан Республикасының заңдарында шектелсе, өзге де мәліметтерді қоспағанда, осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәліметтер заң консультанттары палатасының интернет-ресурсында ашып көрсетілуге жатады.
7. Заң консультанттары палатасы осы Заңда және «Өзін-өзі реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген талаптарға сәйкес, өзі туралы мәліметтер палаталар тізіліміне енгізілген күннен бастап заң консультанттары палатасы мүшелерінің тізілімін жүргізеді.
8. Заң консультанттары палатасының мүшесі заң консультанттары палатасын заң консультанттары палатасы мүшелерінің тізілімінде қамтылған ақпараттың өзгеруіне алып келетін кез келген оқиғалар басталған күннен кейінгі күннен бастап үш жұмыс күні ішінде, осындай оқиғалардың басталғаны туралы жазбаша нысанда немесе электрондық құжат жіберу арқылы хабардар етуге міндетті.
9. Тұрғылықты жері туралы мәліметтерді, жеке басты куәландыратын құжат деректерін және егер қол жетімділігі Қазақстан Республикасының заңдарында шектелсе, өзге де мәліметтерді қоспағанда, заң консультанттары палатасы мүшелерінің тізілімінде қамтылған ақпарат заң консультанттары палатасы айқындаған тәртіппен жеке және заңды тұлғалардың сұрау салуы бойынша ұсынылады. Мұндай ақпаратты ұсыну мерзімі тиісті сұрау салу келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен аса алмайды.
93-бап. Заң консультанттары палатасының өз мүшелерінің қызметін бақылауы
Заң консультанттары палатасының заң консультанттарының қызметіне олардың заң консультанттары палатасының қағидалары мен стандарттарының талаптарын, палатаға мүшелік шарттарын сақтауы бөлігінде бақылауды жүзеге асыру тәртібі «Өзін-өзі реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.
94-бап. Заң консультанттары палатасы мүшелерінің жауапкершілігі
Заң консультанттары палатасының мүшесі Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, палата жарғысының, қағидалары мен стандарттарының, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңдарына, заң консультанттары палатасының қағидалары мен стандарттарына сәйкес жауапты болады.
Заң консультанттары палатасының мүшелеріне жазалар қолдану, оларды алып тастау және шағым жасау тәртібі палатаның жарғысында және қағидаларында айқындалады.
95-бап. Заң консультанттары палатасының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), оның басқару органдарының шешімдеріне шағым жасау
Заң консультанттары палатасының мүшесі өз құқықтары мен заңды мүдделерін заң консультанттары палатасының әрекеттері (әрекетсіздігі), оның басқару органдарының шешімдері бұзған жағдайда, мұндай әрекеттерге (әрекетсіздікке), шешімдерге уәкілетті органда немесе сотта дау айтуға, сондай-ақ өзіне келтірілген зиянды заң консультанттары палатасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтеуін талап етуге құқылы.
Осы Заңда көзделген жағдайларда, заң консультанттары палатасының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), оның басқару органының шешімдеріне, дауды міндетті түрде сотқа дейінгі реттеу тәртібі сақтала отырып, сотта дау айтылуы мүмкін.
96-бап. Заң консультанттары палаталарының жауапкершілігі
1. Заң консультанттары палатасы Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, заң консультанттары палатасының қағидалары мен стандарттарының, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жауапты болады.
2. Заң консультанттарының палаталары, заң консультанттары палаталарының мүшелері, клиенттер уәкілетті органға Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасын, заң консультанттары палатасының қағидалары мен стандарттарын, Кәсіптік әдеп кодексін бұзушылықтар туралы жүгінуге құқылы.
3. Шағым түскен кезде, егер шағымды заң консультанттары палатасы бұрын қарамаған жағдайда, уәкілетті орган оны тиісті палатаға жібереді.
4. Егер шағым палатаның қарау нысанасы болған жағдайда, уәкілетті орган жолданымды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қарайды.
Шағымды қарау қорытындылары бойынша уәкілетті орган заң консультанттары палатасына нұсқама, ескерту түрінде ықпал ету шараларын қолдануға, сондай-ақ осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес өзге шаралар қабылдауға құқылы.
Егер заң консультанттары палатасы уәкілетті органның нұсқамасы, ескертуі бойынша шараларды қабылдамаған немесе уақтылы қабылдамаған жағдайда, уәкілетті орган заң консультанттары палатасына заң консультанттары палаталарының тізілімінен шығару түрінде ықпал ету шарасын қолдану туралы мәселеге бастама жасайды.
5. Заң консультанттары палатасының әрекеттерінде (әрекетсіздігінде), оның басқару органдарының шешімдерінде бұзушылықтар болған жағдайда, заң консультанттары палатасына қатысты, сот тәртібімен, заң консультанттары палаталарының тізілімнен шығару түрінде ықпал ету шарасы қолданылуы мүмкін.
97-бап. Заң консультанттарының палаталарын мемлекеттік бақылау
1. Уәкілетті орган заң консультанттары палаталарының Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, заң консультанттары палатасының қағидалары мен стандарттарының, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын орындауына заң көмегін көрсету саласындағы бақылауды жүзеге асырады.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Заң консультанттары палаталарының қызметіне заң көмегін көрсету саласындағы бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексерулер жəне бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу жолымен жүзеге асырылады.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
98-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң:
1) 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 16-баптың 3) тармақшасын, 19-бапты, 28-баптың 3-тармағының бірінші бөлігін, 33-баптың 3-тармағының 11) тармақшасын, 50-баптың 5-тармағының 7) тармақшасын, 67-баптың 2-тармағының 18) тармақшасын, 68-баптың 3-тармағы 14) тармақшасының оныншы абзацын;
2) 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 46-бап 2019 жылғы 1 қаңтарға дейін мынадай:
«46-бап. Адвокаттың өкілеттіктерін куәландыру
1. Адвокаттың нақты істі жүргізуге өкілеттіктері заң консультациясы немесе адвокаттық кеңсе беретін, ал ол өз қызметін заңды тұлғаны тіркеместен, жеке-дара жүзеге асырған кезде - адвокаттар алқасының төралқасы беретін ордермен куәландырылады. Ордердің нысанын уәкілетті орган бекітеді. Ордерлер беруді бақылау мен есепке алуды адвокаттар алқасының төралқасы жүзеге асырады.
2. Адвокат куәлігінің нысаны мен оны толтыру тәртібін Республикалық адвокаттар алқасы әзірлейді және бекітеді.
Адвокат мәртебесі тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған адам тиісті шешім қабылданғаннан кейін өзінің куәлігін адвокаттар алқасына тапсыруға міндетті.
3. Өз қызметін Қазақстан Республикасы ратификациялаған тиісті халықаралық шарт негізінде жүзеге асыратын шетелдік адвокаттың өкілеттіктері жеке басын, адвокат мәртебесін және оның заң көмегін көрсетуге өкілеттіктерін куәландыратын құжаттармен расталады.
4. Адвокаттың Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында, сондай-ақ егер бұл қабылданған тапсырманы орындауға қажет болса және тиісті мемлекеттердің заңнамасы мен Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келмесе, оның шегінен тыс жерлерде адвокаттық қызметпен айналысуға құқығы бар.» деген редакцияда қолданылады деп белгіленіп, осы бапты;
3) 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 33-баптың 7-тармағының 4) және 7) тармақшаларын, 36-бапты, 76-баптың 4-тармағының 8) және 14) тармақшаларын, 77-бапты;
4) 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 83-баптың 3-тармағы екінші бөлігінің бірінші сөйлемі 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін мынадай:
«Өзіне қатысты осы бапта белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы шешім қабылданған адам заң консультанттары палатасына мүшелікке қабылданған болып есептеледі және осындай адам туралы мәліметтер үш жұмыс күні ішінде заң консультанттары палатасы мүшелерінің тізіліміне енгізіледі.» деген редакцияда қолданылады деп белгіленіп, осы сөйлемді қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін заң көмегін көрсететін жеке және заңды тұлғалар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде өз қызметін осы Заңның талаптарына сәйкес келтіреді.
3. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін өз қызметін жүзеге асырып келген адвокаттар алқасы, Республикалық адвокаттар алқасы осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде өз қызметін адвокаттар алқаларының, Республикалық адвокаттар алқасының төрағаларын сайлау, олардың басқару органдарын қалыптастыру тәртібін қоса алғанда, осы Заңның талаптарына сәйкес келтіруге тиіс және әділет органдарында қайта тіркелуге жатады.
4. Мыналардың:
1) «Адвокаттық қызмет туралы» 1997 жылғы 5 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 22, 328-құжат; 2001 ж., № 15-16, 236-құжат; 2003 ж., № 11, 65-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; 2009 ж., № 8, 44-құжат; № 19, 88-құжат; № 24, 130-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 23, 179-құжат; 2012 ж., № 4, 32-құжат; № 6, 44-құжат; № 10, 77-құжат; 2013 ж., № 14, 72, 74-құжаттар; № 15, 76-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат; № 11, 61-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; 2015 ж., № 16, 79-құжат; № 20-VІІ, 115-құжат; № 23-ІІ, 170-құжат; 2016 ж., № 7-ІІ, 55-құжат);
2) «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» 2013 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2013 ж., № 14, 73-құжат; 2014 ж., № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; 2015 ж., № 10, 50-құжат; № 20-ІV, 113-құжат; № 22-І, 141-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2018 жылғы шілденің 5-і.
№ 176-VІ