5) пай ұстаушылардың тапсырысы бойынша пайларды сол басқарушы компанияның сенiмгерлiк басқаруындағы басқа ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының пайларына айырбастау шарттары, қордың басқарушы компаниясының және кастодианының, сондай-ақ тiркеушiнiң пайларды айырбастау рәсiмiн жүргiзу шарттары мен тәртібі;
6) осы Заңда және қор ережесінде белгiленген тәртiппен инвестициялық пай қоры туралы ақпарат жарияланатын бұқаралық ақпарат құралдары туралы мәлiметтер болуға тиiс.
3. Жабық инвестициялық пай қорларының ережесінде осы баптың 1-тармағында көзделген мәлiметтерден басқа:
1) пайлар бойынша дивидендтер есептеу, төлеу шарттары мен тәртібі;
2) инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысын шақыру және өткізу шарттары, тәртібі, жалпы жиналыстың күн тәртібін, кворумын, жалпы жиналысқа өкiлдiктi анықтау тәртібі, дауыс беру, дауыстарды санау, жалпы жиналыстың хаттамасын ресiмдеу тәртібі болуға тиiс.
28-бап. Инвестициялық пай қорының ережесіне енгiзiлетiн өзгерістер мен толықтырулар
1. Ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының ережелерiне өзгерістер мен толықтырулар, егер сол қордың ережесінде оларды енгізу мүмкiндiгi, шарттары және тәртібі көзделсе, басқарушы компанияның шешiмi бойынша енгiзiлуi мүмкiн.
2008.20.11. № 88-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред. қара)
2. Жабық инвестициялық пай қорының ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар пай ұстаушылардың жалпы жиналысының шешімі бойынша енгізіледі.
Жабық инвестициялық пай қорының ережелеріне өздерінің құқықтарына нұқсан келтіретін өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қарсы дауыс берген пай ұстаушылар қор ережелерінде пай ұстаушының пайларды сатып алу құқығының болуына қарамастан, осы өзгерістер мен толықтырулар уәкілетті органмен келісілгендігі туралы көрсетіле отырып, мәтіні баспасөз басылымында жарияланғаннан кейін немесе оларды қор ережелерінде белгіленген тәртіппен алғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде басқарушы компаниядан өздеріне тиесілі пайларды сатып алуды талап етуге құқылы.
3. Инвестициялық пай қорының ережесіне өзгерістер мен толықтырулар уәкiлеттi органмен келісілуге тиiс.
2008.20.11. № 88-IV ҚР Заңымен (бұр.ред. қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред. қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Инвестициялық пай қорының пайларын бастапқы орналастыру кезеңiнде қордың ережесіне басқарушы компания, кастодиан атауының немесе орналасқан жерiнiң өзгеруiне, басқа кастодианмен немесе аудиторлық ұйыммен шарт жасасуға қатысты өзгерістер, сондай-ақ инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру және сатып алу жөніндегі делдалдар тiзбесiнiң өзгеруiне қатысты өзгерістер ғана енгiзiлуi мүмкiн.
5. Инвестициялық пай қорының ережесіне өзгерістер мен толықтыруларды уәкiлеттi орган оларды басқарушы компания ұсынған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде қарайды.
6. Ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, уәкiлеттi орган қор ережесіне өзгерістермен және толықтырулармен келiседi.
Уәкiлеттi органның инвестициялық пай қорының ережесіне өзгерістермен және толықтырулармен келiсуден бас тарту туралы шешiмi:
1) ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарға сәйкес келмеген;
2) келiсуге ұсынылған ережеге өзгерістер мен толықтыруларда қайшылықты немесе жаңылыстыруға әкеп соғатын мәлiметтер болған жағдайларда қабылданады.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред. қара)
7. Инвестициялық пай қорының ережесіне өзгерістер мен толықтырулар осы өзгерістер мен толықтырулардың мәтiнi, олар уәкiлеттi органмен келісілгенi туралы көрсетiле отырып, қордың ережесінде белгiленген тәртiппен баспасөз басылымында жарияланғаннан немесе барлық пай ұстаушылар алғаннан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткеннен соң күшiне енедi.
Басқарушы компания, кастодиан атауының, орналасқан жерiнiң өзгеруiне, олардың аудиторлық ұйымдарының ауысуына (жаңаларының сайлануына), сондай-ақ инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру және сатып алу жөніндегі делдалдар тiзбесiнiң өзгеруiне байланысты инвестициялық пай қорының ережесіне өзгерістер мен толықтырулар қордың ережесінде белгiленген тәртiппен күшiне енедi және уәкiлеттi органмен келiсуге жатпайды.
29-бап. Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге байланысты сыйақы мен шығыстар
1. Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн және жұмыс iстеудi тоқтатуын қамтамасыз етуге байланысты сыйақылар мен шығыстардың түрлерi, айқындалу тәртібі және ең жоғары мөлшерi, оларды осы қордың активтерi есебiнен төлеу шарттары мен тәртібі инвестициялық пай қорының ережесiмен айқындалады.
Инвестициялық пай қорының ережесінде айқындалмаған сыйақылар мен шығыстардың түрлерi инвестициялық пай қоры активтерiнiң есебiнен өтелуге жатпайды.
2. Инвестициялық пай қорының пайларын бастапқы орналастыру кезеңiнде басқарушы компанияға сыйақы есептеледi, бiрақ төленбейдi.
Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге байланысты осы кезеңнiң сыйақылары мен шығыстарын төлеу, оның iшiнде кастодиан мен тiркеушi көрсететiн қызметке ақы төлеу басқарушы компанияның өз қаражаты есебiнен оның шығындары кейiннен инвестициялық пай қоры активтерi есебiнен өтеле отырып жүзеге асырылады. Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуi оның пайларын бастапқы орналастыру мерзiмi аяқталғанға дейiн немесе оның таза активтерiнiң құны пайларды бастапқы орналастыру аяқталғаннан кейiн ең төменгi мөлшерге сәйкес келмегендiктен тоқтатылған жағдайларда, басқарушы компания қордың пайларын бастапқы орналастыру кезеңiнде жұмсалған шығындарды өтеу бойынша залал тәуекелiн мойнына алады.
30-бап. Жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысы
1. Пай ұстаушылардың жалпы жиналысы тек жабық инвестициялық пай қорларында өткiзiледi.
2. Жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысының айрықша құзыретiне:
1) қордың ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
2) қордың жұмыс iстеуiн тоқтату;
3) қорды басқа жабық инвестициялық пай қорымен бiрiктiру немесе қорды ашық немесе аралық қорға өзгерту;
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред. қара)
4) қордың басқарушы компаниясын немесе кастодианын ауыстыру;
5) қордың ережесіне сәйкес өзге де мәселелерiн шешу жатады.
3. Дауыс беру кезiнде пайларды ұстаушыға берiлетiн дауыстардың саны оған тиесiлi пайлардың санымен айқындалады.
4. Жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысы жалпы жиналысты өткізу күнiне қор пайларының кемiнде үштен екiсiн иеленген пай ұстаушылар немесе олардың өкiлдерi дауыс беру рәсiмiне қатысқан кезде шешiм қабылдауға құқылы.
5. Жалпы жиналыстың шешiмi жалпы жиналысқа қатысып отырған жабық инвестициялық пай қорының пай ұстаушыларының немесе олардың өкiлдерiнiң жай көпшiлiк дауысымен қабылданады.
6. Жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысының шешiмi қордың ережесінде белгiленген тәртiппен сырттай дауыс беру арқылы қабылдануы мүмкiн.
7. Басқарушы компанияның, кастодианның, тiркеушiнiң және уәкiлеттi органның өкiлдерi жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысына қатысуға құқылы.
8. Жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысы хаттамасының көшiрмесiн басқарушы компания жалпы жиналыс өткiзiлген күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей уәкiлеттi органға жiберуге, сондай-ақ пайларды ұстаушыларға олардың сұратулары бойынша табыс етiлуге тиiс.
31-бап. Жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысын шақыру
1. Жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысын басқарушы компания өз бастамасы бойынша немесе осы қордың пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысын шақыру туралы талапты берген күнi пайлардың жалпы санының кемiнде үштен бiрiн құрайтын пайды ұстаушылардың жазбаша талабы бойынша шақырады.
Басқарушы компания жабық инвестициялық пай қорын сенiмгерлiк басқару шартын бұзу туралы шешiм қабылдаған кезде қордың активтерiн басқа басқарушы компанияға басқаруға беру немесе қордың жұмыс iстеуiн тоқтату туралы мәселенi шешу үшiн пайларды ұстаушылардың жалпы жиналысын шақыруға мiндеттi.
2008.20.11. № 88-IV ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара)
2. Басқарушы компанияның бастамасы бойынша жалпы жиналысты шақыруға және өткізуге байланысты шығындарды басқарушы компания көтередi. Бұл ретте қордың ережесінде басқарушы компанияның бастамасы бойынша инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысын өткізуге жұмсалған шығыстарын осы қор активтерiнiң есебiнен өтейтiн жағдайлар көзделуi мүмкiн.
3. Осы қордың пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысын шақыру туралы талап берiлген күнi пайлардың жалпы санының кемiнде үштен бiрiн құрайтын пайларға ие болып отырған ұстаушылардың бастамасы бойынша жалпы жиналыс шақырылған жағдайда, жалпы жиналысты шақыруға және өткізуге байланысты шығындар инвестициялық пай қорының активтерi есебiнен өтеледi.
4. Пай ұстаушылардың жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысын шақыру туралы жазбаша талабында оны шақыру себебi, сондай-ақ жалпы жиналыстың күн тәртібі болуға тиiс.
Жалпы жиналысты шақыру туралы жазбаша талап бiр мезгiлде уәкiлеттi органға хабарлана отырып, инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясына, кастодианына және тiркеушiсiне жiберiлуге тиiс.
5. Жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысын шақыру туралы хабарлама инвестициялық пай қорының ережесіне сәйкес баспасөз басылымында жариялануы немесе қордың ережесіне сәйкес осы қордың әрбiр пай ұстаушысына жеткiзiлуi тиiс.
32-бап. Жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың қайтадан өткiзiлетiн жалпы жиналысы
1. Жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың кворум болмағандықтан өткiзiлмей қалған жалпы жиналысының орнына қайтадан шақырылған жалпы жиналысы, күн тәртібіне жабық инвестициялық пай қорының ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе оның жұмыс iстеуiн тоқтату туралы мәселелердi шешу кiретiн қайтадан өткiзiлетiн жалпы жиналысты қоспағанда, осындай дауыс беруге қатысатын пайлардың санына қарамастан заңды деп есептеледi.
2. Жабық инвестициялық пай қорының ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе оның жұмыс iстеуiн тоқтату туралы мәселелердi шешу үшiн пай ұстаушылардың қайтадан өткiзiлетiн жалпы жиналысы, егер оған қатысу үшiн тiркелу (сырттай дауыс беру өткiзген жағдайда бюллетеньдер қабылдау) аяқталған кезде оған жалпы жиналысты (сырттай дауыс берудi) өткізу күнi пайлардың жиынтығы он бес немесе одан астам процентiн иеленетiн ұстаушылар немесе олардың өкiлдерi тiркелсе (дауыс беруге бюллетеньдер табыс етсе), шешiм қабылдауға құқылы.
3. Инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың қайтадан өткiзiлетiн жалпы жиналысы осындай күн тәртібімен өткiзiлмей қалған жиналыстан кейiнгi күнтiзбелiк он төрт күннен ерте өткiзiлмейдi.
33-бап. Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн тоқтатуға негiздемелер
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн тоқтату мынадай жағдайларда:
1) инвестициялық пай қорын құрудың қор ережесінде белгiленген мерзiмi өтсе;
2) пайларды бастапқы орналастыру аяқталған соң инвестициялық пай қорының таза активтерінің құны инвестициялық пай қоры активтерінің ең төменгi мөлшерiне қойылатын талапқа сәйкес келмесе;
2-1) инвестициялық пай қорының пайларын бастапқы орналастыру аяқталған күні осы Заңның 23-бабының 4-тармағында айқындалған талап орындалмаса;
3) пайларды сатып алу жөніндегі өтiнiмдердi орындау нәтижесiнде инвестициялық пай қоры активтерiнiң құны инвестициялық пай қоры активтерiнiң ең төменгi мөлшерiне қойылатын талапқа сәйкес келмесе және осы сәйкессiздiк ол туындаған күннен бастап екi ай iшiнде жойылмаса;
4) басқарушы компания немесе кастодиан өзiнiң шарт бойынша қабылдаған мiндеттемелерiн орындауға бұдан әрi мүмкiндiгi жоқ екендiгiне байланысты қор активтерiн басқару немесе қор активтерiн есепке алу және сақтау жөніндегі функцияларды бұдан әрi орындаудан бас тарту жөнiнде шешiм қабылдаса және егер көрсетiлген шешiмдi қабылдаған кезден бастап үш ай iшiнде инвестициялық пай қоры ережесіне жаңа басқарушы компания және жаңа кастодиан тағайындауға қатысты өзгерістер күшiне енбеген болса;
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред. қара)
5) басқарушы компанияның, кастодианның бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтiң тиiстi түрiн жүзеге асыруына берiлген лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрса және егер үш ай iшiнде лицензияның қолданылуы қайта басталмаса немесе инвестициялық пай қоры ережесіне жаңа басқарушы компания, жаңа кастодиан тағайындауға қатысты өзгерістер күшiне енгiзiлмесе;
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред. қара)
6) басқарушы компанияның немесе кастодианның бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтiң тиiстi түрiн жүзеге асыруына берiлген лицензиясынан айырылса және егер лицензияны одан айырған кезден бастап екi ай iшiнде инвестициялық пай қоры ережесіне жаңа басқарушы компания немесе жаңа кастодиан тағайындауға қатысты өзгерістер күшiне енбеген болса;
7) жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысы оның жұмыс iстеуiн тоқтату туралы шешiм қабылдаса;
8) Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де негiздемелер бойынша жүзеге асырылады.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн тоқтатуға негiз туындаған кезден бастап, кредиторлармен есеп айырысуларды жүзеге асыруды, қордың жұмыс iстеуiн тоқтатуға байланысты шығыстарды төлеудi және қалған активтерді пайлар ұстаушыларына қайтаруды қоспағанда, инвестициялық пай қорының активтерiн жұмсауға жол берiлмейдi.
34-бап. Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн тоқтатуды жүзеге асыратын тұлғалар
1. Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн тоқтатуды қордың басқарушы компаниясы жүзеге асырады. Жабық инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн тоқтату үшiн басқарушы компания пай ұстаушылардың жалпы жиналысын шақырады және өткiзедi.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясы лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған немесе одан айырылған жағдайда қордың жұмыс iстеуiн тоқтатуды осы қордың кастодианы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
3. Кастодиан лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған немесе одан айырылған жағдайда қордың жұмыс iстеуiн тоқтатуды лицензиясының қолданылу-қолданылмауына қарамастан қордың басқарушы компаниясы жүзеге асырады.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Басқарушы компания мен кастодиан инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуi тоқтатылған жағдайда осы Заңның және қор ережесінiң талаптарына сәйкес қор активтерiн өткізу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға, инвестициялық пай қорының кредиторларымен есеп айырысуды жүзеге асыруға, қордың жұмыс iстеуiнiң тоқтатылуына байланысты шығыстарды төлеуге және қалған ақшаны пай ұстаушылардың арасында бөлуге мiндеттi.
Инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылар келіскен жағдайда, басқарушы компания және (немесе) кастодиан осы Заңның 36-бабы 1-тармағының 1) - 5) тармақшаларында көрсетілген шығыстарды төлегеннен кейін қалған ақшаны бөледі және өткізілмеген активтерді уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде және (немесе) инвестициялық қор қағидаларында белгіленген тәртіппен пайларды ұстаушылардың меншігіне береді.
5. Уәкiлеттi орган инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн тоқтату рәсiмiн бақылау үшiн өз өкiлiн жiберуге құқылы.
35-бап. Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн тоқтату
1. Инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясы немесе кастодианы қордың жұмыс iстеуiн тоқтатуға негiз туындаған кезден бастап үш жұмыс күн ішінде:
1) пай ұстаушыларға, уәкiлеттi органға, инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн ұйымдарға қоp кредиторларына және қор активтерiмен жасалған мәмiлелерi орындалмаған тараптарға инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн тоқтатқаны, осы рәсiмдi жүргiзу шарттары мен тәртібі туралы хабарлама жеткізуге;
2) пай ұстаушылар тiзiлiміндегі мәмiлелердi тiркеудiң тоқтатылған күнiн көрсете отырып, осы қордың пай ұстаушылар тiзiлiміндегі есептiк шоттар бойынша операцияларды тоқтату үшiн тiркеушiге талап жiберуге мiндеттi.
Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн тоқтату және мәмiлелердi тiркеудi тоқтату туралы ақпарат аталған тұлғаларға қор ережесінде айқындалған шарттар мен тәртiпте жеткiзiледi.
Кредиторлардың инвестициялық пай қорының активтерi есебiнен қанағаттандырылуға тиiс талаптарды беру мерзiмi қордың жұмыс iстеуiн тоқтату туралы оларға хабарланған күннен бастап бiр айдан кем болмауға тиiс.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуi оның пайларын бастапқы орналастыру мерзiмi аяқталғанға дейiн немесе пайларды бастапқы орналастыру аяқталған күні осы Заңның 23-бабы 4-тармағының талаптарына сәйкес келмеуiнен тоқтатылған кезде басқарушы компания немесе кастодиан қордың жұмыс iстеуiн тоқтатуға негiз туындаған кезден бастап он күннен кешiктiрмей пай ұстаушыларға ақшаны қайтаруға мiндеттi.
3. Басқарушы компания немесе кастодиан талаптары қор активтерiнiң есебiнен қанағаттандырылуға тиiс кредиторларды анықтау және инвестициялық пай қорының ол жұмыс iстеп тұрған кезеңде төленген, бiрақ жеткiзiлмеген (қордың меншiгi ретiнде тiркелмеген) активтерiн алу жөнiнде шаралар қолданады.
4. Кредиторлардың инвестициялық пай қоры активтерiнiң есебiнен қанағаттандырылуға тиiс талаптарды беру мерзiмi аяқталғаннан кейiн және аталған кредиторлармен есеп айырысулар басталғанға дейiн қордың басқарушы компаниясы және (немесе) кастодианы инвестициялық пай қоры активтерiнiң құрамы мен құны туралы, кредиторлар қойған талаптар туралы, қордың төленген, бiрақ жеткiзiлмеген активтерi туралы мәлiметтер, сондай-ақ жоғарыда көрсетiлген мәлiметтердi қарау нәтижелерi мен одан кейiнгi әрекеттер туралы есеп жасайды және уәкiлеттi органға жiбередi.
36-бап. Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуi тоқтатылған кезде мiндеттемелердi орындау
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Инвестициялық пай қорының активтерiн өткізуден алынған ақша, осы Заңның 35-бабының 2-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, мынадай тәртiппен бөлiнедi:
1) бiрiншi кезекте инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн үшiншi тұлғалардың және олардың алдындағы қор мiндеттемелерi қордың жұмыс iстеуiн тоқтатуға негiз туындағанға дейiн құралған өзге де кредиторлардың, сондай-ақ пайларды иеленуге немесе сатып алуға өтiнiмдерi iшiнара орындалған тұлғалардың (пайлардың ақысын төлеген, бiрақ қор пайларын ұстаушылардың тiзiлiмiне енгiзiлмеген тұлғалардың және пайларды сатып алуға өтiнiмдерi қордың жұмыс iстеуiн тоқтату үшiн негiз туындаған кезге дейiн қабылданған пай ұстаушылардың) шығыстарын төлеу жүзеге асырылады;
2) екiншi кезекте инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясы мен кастодианын қоспағанда, инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн тоқтату кезеңiнде оның активтерiн өткізудi және пайларын сатып алуды қамтамасыз ететiн тұлғалардың шығыстарын төлеу жүзеге асырылады;
3) үшiншi кезекте егер қордың жұмыс iстеуiн тоқтату кастодианның қызметiне байланысты емес негіздер бойынша жүзеге асырылса, оның кастодиандық қызметке лицензиясы күшiнде болған жағдайда инвестициялық пай қоры кастодианының қордың жұмыс iстеуiн тоқтатуға байланысты шығыстарын төлеу жүзеге асырылады;
4) төртiншi кезекте егер қордың жұмыс iстеуiн тоқтату басқарушы компанияның қызметiне байланысты емес негiздер бойынша жүзеге асырылса, оның инвестициялық портфельдi басқаруға лицензиясы күшiнде болған жағдайда инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясының қордың жұмыс iстеуiн тоқтатуға байланысты шығыстарын төлеу жүзеге асырылады;
5) бесiншi кезекте егер қордың жұмыс iстеуiн тоқтату тiркеушiнiң қызметiне байланысты емес негiздер бойынша жүзеге асырылса, инвестициялық пай қоры тiркеушiсiнiң қордың жұмыс iстеуiн тоқтатуға байланысты шығыстарын төлеу жүзеге асырылады;
6) алтыншы кезекте пай ұстаушылар арасында активтерді бөлу жүзеге асырылады.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуi осы Заңның 33-бабы 1-тармағының 2) және 2-1) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда тоқтатылған кезде, қордың жұмыс iстеуiн тоқтату рәсiмiне байланысты басқарушы компанияның шығыстары инвестициялық пай қоры активтерiнiң есебiнен өтелмейдi.
3. Басқарушы компанияның инвестициялық портфельдi басқаруға берiлген лицензиясы қолданылуының тоқтатыла тұруына (одан айырылуына) немесе оның бұдан әрi қорды сенiмгерлiк басқаруды жүзеге асырудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ қор кастодианының кастодиандық қызметке берiлген лицензиясы қолданылуының тоқтатыла тұруына (одан айырылуына) немесе оның бұдан әрi қор активтерiн есепке алуды және сақтауды жүзеге асырудан бас тартуына байланысты инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн тоқтату кезiнде басқарушы компанияның немесе кастодианның қордың жұмыс iстеуiн тоқтату рәсiмiне байланысты шығыстары инвестициялық пай қоры активтерiнiң есебiнен өтелмейдi.
4. Басқарушы компанияға және кастодианға берiлетiн сыйақыны қоса алғанда, инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн тоқтатуға байланысты шығыстар инвестициялық пай қорының барлық активтерiн сату нәтижесiнде алынған ақша сомасының бес процентiнен аспайтын мөлшерде инвестициялық пай қорының есебiнен өтеледi.
5. Осы бапқа сәйкес есеп айырысулар аяқталғаннан кейiн күнтiзбелiк он төрт күн iшiнде инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясы немесе кастодианы қордың жұмыс iстеуi тоқтатылғаны туралы:
1) қор кастодианының осы қордың барлық активтерiн бөлу туралы хабарламасын;
2) тiркеушiнiң осы қордың пайларын ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiнiң жабылғаны туралы хабарламасын қоса отырып, уәкiлеттi органға ақпаратты табыс етедi.
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Уәкілетті органға инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуi тоқтатылғаны туралы ұсынылған құжаттар алынған күнінен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде қаралады. Ұсынылған құжаттар осы баптың 5-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келген жағдайда, уәкілетті орган Эмиссиялық бағалы қағаздардың мемлекеттік тiзiлiмiне пайлардың өтелгенi туралы мәлiметтер енгiзедi.
Құжаттар ұсынылмаған немесе оларда осы баптың 2-тармағында көзделген ақпарат болмаған жағдайда, уәкілетті орган инвестициялық пай қорының жұмыс істеуін тоқтатудан бас тартады.
4-тарау. Иивестициялық қор активтерінің құрамы мен құны
2006.07.07. № 182-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2008.20.11. № 88-IV ҚР Заңымен (бұр.ред. қара); 2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 38-бап тармақ өзгертiлдi; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 37-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
37-бап. Инвестициялық қор активтерiнiң құрамы
1. Акционерлік (жылжымайтын мүлiк қорларынан басқа) және инвестициялық пай қорларының активтерiн қаржы құралдары құрайды.
2. Жылжымайтын мүлiк қорларының активтерiн қаржы құралдары, сондай-ақ мынадай инвестициялау объектiлерi:
1) ғимараттар мен құрылыстар, сондай-ақ жер учаскелерi;
2) өндiрiстiк құрал-сайман және ғимараттар мен құрылыстарға қызмет көрсетуге қажеттi негiзгi құралдар құрайды.
Жылжымайтын мүлiк қорларының активтерiн мүлiкке инвестициялау кезiнде (бағалы қағаздар мен ақшаны қоспағанда) оны тәуелсiз бағалаушы мiндеттi түрде бағалауға тиiс.