6. Генетикалық түрлендірілген организмдерді тұйық жүйелерде пайдалану деп қандай да бір кәсіпорын, қондырғы немесе өзге де физикалық объекті шегінде жүзеге асырылатын, өздеріне қатысты сыртқы ортамен байланысын және оған әсер етуін тиімді шектейтін оқшаулаудың (тежеудің) арнайы шаралары пайдаланылатын генетикалық түрлендірілген организмдерге байланысты кез келген қызмет түсініледі.
Генетикалық түрлендірілген организмдерді тұйық жүйелерде пайдалану кезінде мынадай талаптар сақталуға тиіс:
1) микроорганизмдердің жаңа штаммдарын жасау және генетикалық түрлендірілген организмдерді шығару Кеден одағы комиссиясының Микроорганизмдердің, оның ішінде генетикалық түрлендірілген микроорганизмдердің жасалған жаңа штаммдарының қауіпсіздігі (патогендігінің, вируленттілігінің, уыттылығының және аллергендігінің болмауы) туралы 2010 жылғы 28 мамырдағы № 299 шешімімен бекітілген Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын тауарларға қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарға сәйкес берілген санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде жүзеге асырылады;
2) генетикалық түрлендірілген организмдерді тұйық жүйелерде пайдалануға қатысты шешімдер қабылдау процесінде мынадай ақпарат: генетикалық түрлендірілген организмнің жалпы сипаттамасы; генетикалық түрлендірілген организмдерді тұйық жүйелерде пайдалануды жүзеге асыруды жоспарлап отырған субъектінің атауы мен мекенжайы; генетикалық түрлендірілген организмдерді тұйық жүйелерде пайдалануды жүзеге асыру жоспарланып отырған кәсіпорынның, қондырғының немесе өзге де физикалық объектінің орналасқан жері; қоршаған ортаға әсер етуді бағалау құжаттамасы; санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың қорытындысы; оқшаулаудың (тежеудің) арнайы шараларының сипаттамасы; генетикалық түрлендірілген организмдердің қоршаған ортаға абайсызда босатылуына және қоршаған ортаға және (немесе) адам денсаулығына залал келтіру қаупінің туындауына байланысты күтпеген (төтенше) мән-жайлар жағдайына арналған іс-шаралар жоспарының мазмұны; жұртшылықтың қатысу нәтижелері; генетикалық түрлендірілген организмдерді тұйық жүйелерде пайдалануды санкциялайтын шешімнің мазмұны және оның негіздемесі қандай жағдайда болсын құпия деп есептелмейді;
3) генетикалық түрлендірілген организмдердің қоршаған ортаға абайсызда босатылуына жол бермеу жөніндегі шаралар қамтамасыз етілуге тиіс;
4) генетикалық түрлендірілген организмдердің қоршаған ортаға абайсызда босатылуына және қоршаған ортаға және (немесе) адам денсаулығына залал келтіру қаупінің туындауына байланысты күтпеген (төтенше) мән-жайлар жағдайына арналған іс-шаралар жоспары әзірленуге тиіс.
7. Мемлекеттік органдар генетикалық түрлендірілген организмдерге байланысты қызмет қоршаған ортаға және (немесе) халық денсаулығына болмай қоймайтын қатер төндірген жағдайда, мүдделі жұртшылықтың шаралар қабылдауына немесе мұндай қатерден болатын залалды азайтуына мүмкіндік бере алатын қажетті ақпаратты олардың арасында қысқа мерзімдерде таратады.
8. Генетикалық түрлендірілген өнімдер деп өндіру технологиясы кез келген кезеңде генетикалық түрлендірілген организмдерді пайдалануды көздейтін өнімдер, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімі, тамақ өнімдері мен жемшөп түсініледі.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекіткен тізбе шеңберінде ғана Қазақстан Республикасында генетикалық түрлендірілген өнімдерді пайдалануға жол беріледі.
9. Генетикалық түрлендірілген өнімдер генетикалық түрлендірілген организмдер мен өнімдердің тізіліміне (тізбесіне) енгізіледі.
10. Құрамында генетикалық түрлендірілген организмдер бар немесе солардан тұратын немесе алынған барлық тамақ өнімі, жемшөп пен жемшөп қоспасы техникалық регламенттерге сәйкес таңбалауға жатады.
Таңбалаудың мақсаты тұтынушыларға өнімнің, жемшөптің немесе жемшөп қоспасының нақты қасиеттері туралы хабар беру болып табылады.
Егер техникалық регламенттерге сәйкес таңбалау мүмкін болмаса немесе талап етілмесе, онда генетикалық түрлендірілген өнімнің нақты қасиеттері туралы ақпарат ілеспе құжаттарда көрсетіледі.
11. Ауыл шаруашылығы өндірушілері таңбалау арқылы өздерінің өнімін сатып алушының генетикалық түрлендірілген өнімді сатып алатыны туралы осы сатып алушыға хабар беруге және өздерінің өнімін беретін сатып алушылардың тізілімін жүргізуге тиіс.
12. Мемлекеттік органдар генетикалық түрлендірілген тамақ өнімдерін, жемшөп пен жемшөп қоспаларын таңбалауға қойылатын қолданыстағы талаптар туралы ақпарат таратуды қамтамасыз етеді.
Генетикалық түрлендірілген өнімдерді таңбалау жүйесі түпкі тамақ өнімінен генетикалық түрлендірілген дезоксирибонуклеидтерді немесе ақуыздарды табу мүмкіндігіне негізделеді.
13. Генетикалық түрлендірілген өнімдер мен организмдерді өндіру және пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлға:
1) генетикалық түрлендірілген өнімдердің қайдан және қайда түсетінін айқындау жүйелері мен рәсімдерін пайдалануға;
2) қоршаған ортаға әдейі шығаруға арналған генетикалық түрлендірілген организмдер бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға олардың ерекшеліктері туралы егжей-тегжейлі ақпарат беруге;
3) тамаққа, жемшөпке немесе қайта өңдеуге арналған генетикалық түрлендірілген организмдер бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға өнімнің құрамында болуы мүмкін генетикалық түрлендірілген организмдердің ерекшеліктерін сипаттай отырып, өнімнің тек қана тамақ, жемшөп ретінде немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылуға тиіс екендігі туралы декларацияны беруге;
4) генетикалық түрлендірілген организмдерден алынатын тамақ өнімдері мен жемшөпке қатысты сатып алушыларға өнімнің генетикалық түрлендірілген организмдерден алынғаны туралы таңбалау арқылы хабар беруге;
5) генетикалық түрлендірілген өнімдер мен организмдерді өндіру және пайдалану туралы ақпаратты бес жыл бойы сақтауға және оны қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның талап етуі бойынша оларға ұсынуға міндетті.
21-БӨЛІМ. ТӨТЕНШЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ АЙМАҚТАРЫ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЗІЛЗАЛА АЙМАҚТАРЫ
404-бап. Төтенше экологиялық жағдай және экологиялық зілзала
1. Төтенше экологиялық жағдай - антропогендік қызмет немесе әдеттегі табиғи процестер нәтижесінде адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына, табиғи экологиялық жүйелердің, өсімдіктер мен жануарлардың генетикалық қорларының жай-күйіне қатер төндіретін қоршаған ортаның тұрақты жағымсыз өзгерістері болатын аумақ учаскесінде немесе акваторияда туындаған экологиялық ахуал.
Осы тармақтың мақсаттары үшін халық денсаулығына төнген қатер деп қоршаған ортаның ластануына байланысты денсаулықтың қалпына келетін бұзылу жиілігінің ұлғаюы түсініледі.
2. Экологиялық зілзала - антропогендік қызмет немесе әдеттегі табиғи процестер нәтижесінде халық денсаулығының елеулі нашарлауына, табиғи экологиялық жүйелердің бұзылуына және (немесе) өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесі жай-күйінің нашарлауына алып келген қоршаған ортаның терең орны толмас өзгерістері болған аумақ учаскесінде туындаған экологиялық ахуал.
Осы тармақтың мақсаттары үшін халық денсаулығының елеулі нашарлауы деп орны толмас және денсаулықтың өмірмен сыйыспайтын бұзылуы санының артуы, өлім себептері құрылымының өзгеруі және қоршаған ортаның ластануынан туындаған өзіндік ерекшелігі бар аурулардың пайда болуы, сондай-ақ қоршаған ортаның ластануына байланысты денсаулықтың қалпына келетін бұзылу жиілігінің елеулі ұлғаюы түсініледі.
3. Аумақты (акваторияны) төтенше экологиялық жағдай аймағына немесе экологиялық зілзала аймағына жатқызу қалыптасқан экологиялық ахуал себептерін айқындау және экологиялық қолайсыздық дәрежесін тұрақтандыру мен төмендету, антропогендік қызметтің қоршаған ортаға әсер ету деңгейін төмендету, қоршаған ортаны қалпына келтіру және халықтың өміріне және (немесе) денсаулығына жағымсыз салдарды барынша азайту бойынша жедел шараларды жүргізу жөніндегі негізделген, кезек күттірмейтін шараларды әзірлеу мақсатында жүзеге асырылады.
405-бап. Жекелеген аумақтарды (акваторияларды) төтенше экологиялық жағдай аймағы немесе экологиялық зілзала аймағы деп жариялау тәртібі
1. Төтенше экологиялық жағдай аймағы немесе экологиялық зілзала аймағы деп жариялау болжанатын аумақты (акваторияны) зерделеу мақсатында комиссия құрылады.
2. Жергілікті атқарушы органдар мен өзге де мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде:
1) болжанып отырған қолайсыз экологиялық ахуал аумағында тұрып жатқан тұрғындардың;
2) Қазақстан Республикасы Парламенті мен жергілікті өкілді органдар депутаттарының;
3) коммерциялық емес ұйымдардың жолданымдары негізінде комиссия құруға бастама жасауға құқылы.
2021.27.12. № 87-VIІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Комиссияның құрамына жергілікті өкілді органдардың депутаттары, қоршаған ортаны қорғау, білім және ғылым, денсаулық сақтау, индустрия, сауда, энергетика және минералдық ресурстар, ауыл шаруашылығы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдардың, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарының өкілдері және басқа да мүдделі жеке және заңды тұлғалар кіреді.
4. Комиссия:
1) аумақтың экологиялық жай-күйін;
2) қолайсыз экологиялық ахуалдың туындау себептерін;
3) сол немесе өзге дәрежеде тозған аумақтың шекараларын;
4) болжамды қолайсыз экологиялық ахуалдың залалын, нашарлау мүмкіндігін;
5) болжамды қолайсыз экологиялық ахуалды жою бойынша қажетті шараларды;
6) туындауына негіз болған факторларды жою мақсатында қолайсыз экологиялық ахуалдың салдарын жоюға қажеттi құралдарды;
7) қолайсыз экологиялық ахуалдың туындауына негіз болған антропогендік қызмет түрлерін айқындау мақсатында материалдарды жинауды және талдауды жүзеге асырады.
5. Қолда бар материалдар жеткіліксіз болған жағдайда комиссия тиісті мемлекеттік органға қосымша зерттеулер жүргізу қажеттігі туралы ұсыныс енгізеді.
6. Денсаулық сақтау, білім және ғылым саласындағы уәкілетті органдардың қорытындысымен бірге аумақты зерттеп-қарау материалдары мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға беріледі.
7. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысында аумақты төтенше экологиялық жағдай аймағы немесе экологиялық зілзала аймағы деп тану немесе танымау туралы тұжырым болуға тиіс.
8. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның мемлекеттiк экологиялық сараптамасының оң қорытындысы, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім және ғылым саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың қорытындылары негiзiнде аумақ:
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның шешімімен - төтенше экологиялық жағдай аймағы;
2) Қазақстан Республикасының заңымен - экологиялық зiлзала аймағы деп жарияланады.
9. Осы баптың 8-тармағында санамаланған нормативтiк құқықтық актiлерде:
1) төтенше экологиялық жағдай аймағының немесе экологиялық зілзала аймағының шекаралары;
2) төтенше экологиялық жағдай аймағын немесе экологиялық зілзала аймағын жариялау мерзімдері;
3) төтенше экологиялық жағдай аймағының немесе экологиялық зілзала аймағының құқықтық режимі;
4) тиісті аумақтағы қолайсыз экологиялық ахуалды тұрақтандыру және оның деңгейін төмендету жөніндегі шаралар не оларды әзірлеу қажеттігін нұсқау;
5) азаматтарды төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық зілзала салдарынан зардап шеккендер санатына жатқызу тәртібі және оларды әлеуметтік қорғау шаралары көрсетіледі.
10. Табиғи ресурстарды қалпына келтіру (молайту), қоршаған ортаның сапасын жақсарту, халыққа медициналық көмек көрсету жөніндегі іс-шаралар сараланған түрде әзірленеді және жүзеге асырылады.
406-бап. Аумақтардың экологиялық ахуалын бағалау
1. Аумақтардың экологиялық ахуалын бағалау қосымша немесе қосалқы өлшемшарт түрлері пайдаланыла отырып, өлшемшарттардың негізгі түрлері негізінде жүргізіледі.
2. Аумақтардың экологиялық ахуалын бағалау өлшемшарттары -халық денсаулығы жай-күйінің және қоршаған орта сапасының нашарлауын сипаттайтын көрсеткіштер жиынтығы.
3. Төтенше экологиялық жағдай аймағын немесе экологиялық зілзала аймағын айқындау қолайсыз экологиялық ахуалдың неғұрлым жоғары дәрежесін көрсететін бір немесе бірнеше негізгі және қосымша көрсеткіштер бойынша жүзеге асырылады.
4. Аумақтардың экологиялық ахуалын бағалау өлшемшарттарын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
2023.02.10. № 31-VIII ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 4 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)
5. Аумақтардың экологиялық ахуалын бағалау өлшем шарттарын әзірлеу кезінде қоғамдық экологиялық бақылау нәтижелері бар болса, солар ескеріледі.
407-бап. Төтенше экологиялық жағдай аймағының немесе экологиялық зілзала аймағының құқықтық режимі
1. Белгілі бір аумақта төтенше экологиялық жағдай аймағының немесе экологиялық зілзала аймағының құқықтық режимі белгіленген жағдайда мынадай шаралар енгізілуі мүмкін:
1) қолайсыз экологиялық ахуалдың туындауына себепші болған объектілердің қызметін тоқтату не шектеу;
2) табиғи орта құрамдастарын қалпына келтіру (молықтыру), қоршаған ортаның сапасын жақсарту жөнінде жедел шаралар қабылдау;
3) адамдарға тұрақты немесе уақытша тұруға арналған үй-жайларды міндетті түрде бере отырып, оларды тұруына қауіпті жерлерден көшіру;
4) карантин белгілеу және басқа да міндетті санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру;
5) жануарларға ауырып қалған, қырылу қатері төнген жағдайда көмек көрсету бойынша қажетті іс-қимылдарды жасау;
6) келу және кетудің ерекше режимін белгілеу, көлік құралдарының жүрісін шектеу;
7) қызметі төтенше экологиялық жағдайды жоюға немесе халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге байланысты емес жаңа кәсіпорындар мен басқа да объектілерді салуға және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге уақытша тыйым белгілеу;
8) қолайсыз экологиялық ахуал салдарынан зардап шеккен адамдарға тамақ өнімдерін бөлудің ерекше тәртібін енгізу;
9) жоғары экологиялық қауіп төндіретін деп танылған объектілерді салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салу;
10) қасиеттерінің жиынтығы және (немесе) жай-күйінің ерекшеліктері осы аймақтағы экологиялық жағдайды нашарлатуы мүмкін аса қауіпті (химиялық, радиоактивті, уытты, жарылу қаупі бар, жанғыш, биологиялық) заттарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын қызметте қолдануға уақытша тыйым белгілеу;
11) сауықтыру, курорттық мақсаттағы объектілердің жұмыс істеуіне тыйым салу;
12) адамдарға, өсімдіктер әлеміне, жануарлар дүниесіне және басқа да табиғи объектілерге жоғары экологиялық қауіп төндіретін кез келген басқа да қызметті жүзеге асыруға тыйым салу немесе шектеу.
2. Мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде төтенше экологиялық жағдай аймағында немесе экологиялық зілзала аймағында құқықтық режимді және аумақ (акватория) төтенше экологиялық жағдай аймағы немесе экологиялық зілзала аймағы деп жарияланған тиісті нормативтік құқықтық актіде және соған сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді.
408-бап. Төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық зілзала салдарынан зардап шеккен адамдарға зиянды өтеу
Төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық зілзала салдарынан зардап шеккен адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес өздеріне келтірілген зиянды өтетуге, сондай-ақ әлеуметтік қорғалуға құқығы бар.
409-бап. Төтенше экологиялық жағдай аймағы мен экологиялық зілзала аймағындағы экологиялық ахуалды мониторингтеу
1. Экологиялық ахуалды мониторингтеу қоршаған орта мен халық денсаулығының жай-күйін арнайы байқауды және тиісті зерттеулерді қамтиды.
2. Төтенше экологиялық жағдай аймағы мен экологиялық зілзала аймағындағы экологиялық ахуалды мониторингтеу объектілері мыналар:
1) төтенше экологиялық жағдайдың немесе экологиялық зілзаланың туындауына әкелген факторлар;
2) төтенше экологиялық жағдай аймағының немесе экологиялық зілзала аймағының аумағында, сондай-ақ оларға іргелес жатқан аумақтарда атмосфералық ауаның, жерүсті және жерасты суының, топырақ жабынының сапасын қоса алғанда, қоршаған орта мен халық денсаулығы жай-күйінің жағымсыз өзгерістері, радиологиялық көрсеткіштер, сондай-ақ биоәртүрлілік болып табылады.
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 410-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
410-бап. Төтенше экологиялық жағдай аймағы немесе экологиялық апат аймағы құқықтық режимінің қолданысын тоқтату
Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы мен экологиялық ахуалдың қалыпқа келтірілгенін куәландыратын зерттеп-қарау материалдары негізінде төтенше экологиялық жағдай аймағы құқықтық режимінің қолданысы - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның шешімімен, ал экологиялық апат аймағы құқықтық режимінің қолданысы Қазақстан Республикасының Заңымен тоқтатылуы мүмкін.
411-бап. Төтенше экологиялық жағдай аймағында немесе экологиялық зiлзала аймағында құқықтық режимдi бұзғаны үшiн жауаптылық
Төтенше экологиялық жағдай аймағының немесе экологиялық зiлзала аймағының құқықтық режимінiң бұзылуына кiнәлi жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік органдар және лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
АРНАЙЫ БӨЛІК
22-БӨЛІМ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ
412-бап. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастығының қағидаттары
Қазақстан Республикасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына және Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырады.
413-бап. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық шарттары
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық шарттарды жасау, орындау, өзгерту және тоқтату тәртібі Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар туралы заңнамасында реттеледі.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық шарттарды іске асыру:
1) олардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі қажетті іс-қимылдар жоспарын әзірлеуді және бекітуді;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық шарттың орындалуын қамтамасыз етуге жауапты мемлекеттік органды айқындауды;
3) Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық шарттарға қатысу тиімділігіне тұрақты талдау жүргізуді;
4) трансшекаралық рәсімдерді жүзеге асыруды қамтуы мүмкін.
23-БӨЛІМ. ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДАУЛАРДЫ ШЕШУ
414-бап. Экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылық
1. Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
2. Әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тарту кінәлі адамдарды олар жол берген Қазақстан Республикасының экология заңнамасы талаптарының бұзушылықтарын жою міндетінен босатпайды.
415-бап. Экологиялық дауларды шешу
1. Экологиялық даулар деп Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзуға немесе бұзу тәуекеліне байланысты туындайтын даулар түсініледі.
2. Экологиялық даулар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен реттеуге жатады.
24-БӨЛІМ. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
416-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Кодекстің 418-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекс 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
2. 2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2007 ж., № 1, 1-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 21, 97-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 11-12, 55-құжат; № 18, 84-құжат; № 23, 100-құжат; 2010 ж., № 1-2, 5-құжат; № 5, 23-құжат; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 3, 7-құжаттар; № 5, 43-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 16, 129-құжат; № 21, 161-құжат; 2012 ж., № 3, 27-құжат; № 8, 64-құжат; № 14, 92, 95-құжаттар; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 12, 57-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 10-құжат; № 7, 37-құжат; № 10, 52-құжат; № 12, 82-құжат; № 14, 84-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; № 24, 145-құжат; 2015 ж., № 8, 42-құжат; № 11, 57-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 20-VII, 115-құжат; № 22-I, 141-құжат; № 22-II, 144-құжат; № 22-V, 156-құжат; 2016 ж., № 1, 2-құжат; № 6, 45-құжат; № 7-II, 56, 57-құжаттар; № 8-II, 71, 72-құжаттар; № 24, 124-құжат; 2017 ж., № 4, 7-құжат; № 7, 14-құжат; № 9, 17-құжат; № 12, 34-құжат; № 23-III, 111-құжат; № 23-V, 113-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 19, 62-құжат; № 24, 93-құжат; 2019 ж., № 7, 37-құжат; № 19-20, 86-құжат; № 21-22, 91-құжат; № 23, 103-құжат; 2020 ж., № 10, 46-құжат; № 12, 61-құжат; 2020 жылғы 10 қарашада «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергетика, көлік және мемлекеттік наградалар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы) күші жойылды деп танылсын.
417-бап. Осы Кодексті қолдану тәртібі
Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенінен кейін туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
418-бап. Өтпелі ережелер
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган 2024 жылғы 1 қаңтардан кешіктірмей сапаның экологиялық нормативтерін әзірлеуді және бекітуді қамтамасыз етеді.
Сапаның экологиялық нормативтері бекітілгенге дейін тиісті қатынастарды реттеу кезінде сапаның экологиялық нормативтерінің орнына Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекіткен гигиеналық нормативтер, сондай-ақ табиғи ресурстар жай-күйінің нормативтері Қазақстан Республикасының табиғи ресурстардың тиісті түрі жөніндегі заңнамасына (Қазақстан Республикасының су, орман, жер заңнамасына, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы заңнамасына) сәйкес белгіленген болса, осындай нормативтер қолданылады.
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. 2021 жылғы 1 шілдеге дейін берілген мемлекеттік экологиялық сараптаманың немесе кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындылары олардың қолданылу мерзімі ішінде өз күшін сақтайды. 2021 жылғы 1 шілдеге дейін берілген мемлекеттік экологиялық сараптаманың немесе кешенді ведомстводан тыс сараптаманың қолданыстағы оң қорытындылары бар белгіленіп отырған қызмет жобаларына қатысты осы Кодекстің ережелеріне сәйкес қоршаған ортаға әсер етуді бағалау немесе белгіленіп отырған қызметке әсер ету скринингін жүргізу талап етілмейді.
2021 жылғы 1 шілдеге дейін берілген кешенді экологиялық рұқсаттың негізінде пайдаланылатын І санаттағы объектінің операторы осындай кешенді экологиялық рұқсаттың берілуіне негіз болған мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысында белгіленген, ластағыш заттардың шекті жол берілетін шығарындылары мен төгінділерінің нормативтерін, қалдықтарды орналастыру нормативтерін түзетуді осы Кодекске сәйкес эмиссиялар нормативтерінің жобасын, қалдықтарды басқару бағдарламасының жобасын әзірлеу арқылы жүзеге асыруға құқылы. Осындай эмиссиялар нормативтерінің жобалары, қалдықтарды басқару бағдарламасының жобалары осы Кодекстің 87-бабының мақсаты үшін мемлекеттік экологиялық сараптаманың объектілері болып табылады. Осындай жобалар бойынша мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы беріледі.