Бухгалтерлік есеп шоттарының үлгілік жоспарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 2007 жылғы 23 мамырдағы № 185 бұйрығы
Осы редакция 2018 жылғы 2 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 28 ақпандағы Заңының 20-бабы 5-тармағының 6) тармақшасын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Бухгалтерлік есеп шоттарының үлгілік жоспары бекітілсін.
2. Мемлекеттік активтерді басқару әдіснамасы департаменті (Ж.Н.Айтжанова) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің мынадай бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын:
1) «Бухгалтерлік есепке алу шоттарының үлгі жоспарын бекіту туралы» 2002 жылғы 18 қыркүйектегі № 438 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1992 тіркелген, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілер бюллетенінде жарияланған, 2002 ж., № 45-46, 729-құжат);
2) «Бухгалтерлік есеп шоттарының үлгілік жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2002 жылғы 18.09.2002 ж. № 438 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» 2003 жылғы 21 қазандағы № 372 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2554 тіркелген, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілер бюллетенінде жарияланған, 2003 ж., № 43-48, 896-құжат);
3) «Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына сәйкес қаржылық есептілікті жасайтын ұйымдар үшін бухгалтерлік есеп шоттарының жұмыс жоспарын әзірлеу жөніндегі нұсқаулықты (негізді) бекіту туралы» 2005 жылғы 22 желтоқсандағы № 426 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2554 тіркелген, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілер бюллетенінде жарияланған, 2006 ж. № 2, 201-құжат).
4. Осы бұйрық 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2007 жылғы 23 мамырдағы
№ 185 бұйрығымен
бекітілген
Бухгалтерлік есеп шоттарының үлгілік жоспары
1. Жалпы ережелер
1. Бухгалтерлік есеп шоттарының үлгілік жоспары (бұдан әрі - Үлгілік жоспар) «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді.
2. Үлгілік жоспар
2. Үлгілік жоспар қаржылық есептілік элементтерін топтауға және құндық мәнде ағымдағы көрсетуге арналған.
3. Үлгілік жоспарда бухгалтерлік есептің синтетикалық шоттары осы Үлгілік жоспарға қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтімділігін азайту тәртібімен орналастырылған. Үлгілік жоспарда бухгалтерлік есеп шоттары нөмірлерінің төрт саны бар. Нөмірдің бірінші саны бөлімдерге тиістілігін, екіншісі - кіші бөлімдерге тиістілігін, үшіншісі - синтетикалық шоттардың топтарына тиістілігін көрсетеді, төртінші санды ұйым дербес анықтайды.
4. Операциялар мен оқиғалардың талдамалық есебін жүргізу тәртібін дара кәсіпкер немесе заңды тұлғаның лауазымды адамдары белгілейді, олар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне және құрылтай құжаттарға сәйкес дара кәсіпкердің немесе ұйымның қажеттіліктерін негізге ала отырып ағымдағы басшылықты және істерді жүргізуді жүзеге асырады.
3. Үлгілік жоспардың бөлімдері
5. Үлгілік жоспар мынадай бөлімдерді қамтиды:
1-бөлім -«Қысқа мерзімді активтер»;
2-бөлім -«Ұзақ мерзімді активтер»;
3-бөлім -«Қысқа мерзімді міндеттемелер»;
4-бөлім -«Ұзақ мерзімді міндеттемелер»;
5-бөлім -«Капитал мен резервтер»;
6-бөлім -«Кірістер»;
7-бөлім -«Шығыстар»;
8-бөлім -«Өндірістік есепке алу шоттары».
4. «Қысқа мерзімді активтер» 1-бөлімінің шоттары
6. 1 «Қысқа мерзімді активтер» бөлімінің шоттары қысқа мерзімді ретінде жіктелетін ұйымның активтерін есепке алуға арналған.
7. «Қысқа мерзімді активтер» бөлімі мынадай кіші бөлімдерді қамтиды:
1000 - «Ақша қаражаты»;
1100 - «Қысқа мерзімді қаржы инвестициялары»;
1200 - «Қысқа мерзімді дебиторлық берешек»;
1300 - «Қорлар»;
1400 - «Ағымдағы салық активтері»;
1500 - «Сатуға арналған ұзақ мерзімді активтер»;
1600 - «Өзге қысқа мерзімді активтер».
8. 1000 «Ақша қаражаты» кіші бөлімі ақша қаражатын есепке алуға арналған.
Осы кіші бөлім мынадай шоттардың топтарын қамтиды:
1010 - «Кассадағы ақша қаражаты», онда кассадағы ұлттық және шетел валюталарымен ақша қаражатының қозғалысы есепке алынады;
1020 - «Жолдағы ақша қаражаты», онда жолдағы ақша қаражатының қозғалысы есепке алынады;
1030 - «Ағымдағы банктік шоттардағы ақша қаражаты», онда ағымдағы банктік шоттардағы ұлттық және шетел валюталарындағы ақша қаражатының қозғалысы есепке алынады;
1040 - «Карт-шоттардағы ақша қаражаты», онда карт-шоттардағы ұлттық және шетел валюталарындағы ақша қаражатының қозғалысы есепке алынады;
1050 - «Жинақ шоттарындағы қаражаты», онда жинақ шоттарындағы ұлттық және шетел валюталарындағы ақша қаражатының қозғалысы есепке алынады;
1060 - «Өзге ақша қаражаты», онда алдыңғы топтарда көрсетілмеген өзге ақша қаражаты есепке алынады.
9. 1100 «Қысқа мерзімді қаржы инвестициялары» кіші бөлімі қысқа мерзімді қаржы инвестицияларын есепке алуға арналған.
Осы кіші бөлім мынадай шоттардың топтарын қамтиды:
1110 - «Қысқа мерзімді ұсынылған қарыздар», онда ұйымдардың мерзімі бір жылға дейін берген қарыздары есепке алынады;
1120 - «Саудаға арналған қысқа мерзімді қаржы активтері», онда бағалардың қысқа мерзімді ауытқуларынан пайда алу мақсатында сатып алынған қысқа мерзімді активтер есепке алынады. Қаржы активтерін егер ол құрылымы қысқа мерзімді перспективада пайда алуға ынталандыру туралы куәландыратын портфельдің бір бөлігі болып табылса, оны сатып алу себептеріне қарамай саудаға арналған ретінде жіктеген жөн. Туынды қаржы активтері хеджерлеудің тиімді құралдары ретінде анықталған жағдайларды қоспағанда саудаға арналған ретінде қаралады;
1130 - «Өтеуге дейін ұсталынатын қысқа мерзімді инвестициялар», онда ұйым берген қарыздар мен дебиторлық берешекті қоспағанда өтеу мерзімі басталғанға дейін ұйым иелік етуге берік ниетті және қабілетті тіркелген немесе анықталатын төлемдері және тіркелген өтеу мерзімі бар қысқа мерзімді қаржы активтері есепке алынады;
1140 - «Сату үшін қолда бар қысқа мерзімді қаржы инвестициялары», онда мынадай санаттарға кірмеген қысқа мерзімді қаржы инвестициялары есепке алынады:
ұйым берген қарыздар мен дебиторлық берешек;
өтеуге дейін ұсталатын инвестициялар;
саудаға арналған қаржы активтері;
1150 - «Өзге қысқа мерзімді қаржы инвестициялары», онда алдыңғы топтарда көрсетілмеген өзге қысқа мерзімді қаржы инвестициялар есепке алынады.
10. 1200 «Қысқа мерзімді дебиторлық берешек» кіші бөлімі қысқа мерзімді дебиторлық берешекті есепке алуға арналған.
Осы кіші бөлім мынадай шоттардың топтарын қамтиды:
1210 - «Сатып алушылар мен тапсырысшылардың қысқа мерзімді дебиторлық берешегі», онда бір жылға дейін мерзімі бар активтер және көрсетілген қызметтер үшін сатып алушылармен және тапсырысшылармен есеп айырысу бойынша операциялар және сатып алушылар мен тапсырысшылардың өзге қысқа мерзімді дебиторлық берешегі көрсетіледі;
1220 - «Еншілес ұйымдардың қысқа мерзімді дебиторлық берешегі», онда бір жылға дейін мерзімі бар іске асырылған активтер және көрсетілген қызметтер үшін еншілес ұйымдарға ұсынылған құжаттар бойынша есептеулердің бар-жоғы мен қозғалысына байланысты операциялар және еншілес ұйымдардың өзге қысқа мерзімді дебиторлық берешегі көрсетіледі;
1230 - «Қауымдастырылған және бірлескен ұйымдардың қысқа мерзімді дебиторлық берешегі», онда бір жылға дейін мерзімі бар іске асырылған активтер және көрсетілген қызметтер үшін қауымдастырылған және бірлескен ұйымдармен есеп айырысу бойынша операциялар және қауымдастырылған және бірлескен ұйымдардың өзге қысқа мерзімді дебиторлық берешегі көрсетіледі;
1240 - «Филиалдар мен құрылымдық бөлімшелердің қысқа мерзімді дебиторлық берешегі», онда филиалдардың шоттарына ақша қаражатының түсуі және есептен шығуы жөніндегі операциялар және филиалдар мен құрылымдық бөлімшелердің өзге қысқа мерзімді дебиторлық берешегі көрсетіледі;
1250 - «Қызметкерлердің қысқа мерзімді дебиторлық берешегі», онда қызметкерлердің:
активтерді сатып алуға есеппен берілген ақша қаражаты, қызметтерге ақы төлеу, қызметтік іссапарлар мен басқалар;
қызметкерлерге берілген қарыздар бойынша қызметкерлердің дебиторлық берешегінің қозғалысына байланысты операциялар, сондай-ақ ұйымға қызметкер келтірген материалдық шығынды (кемшін шығу, талан-таражға салу, бүліну және басқалар) өтеу жөніндегі есеп айырысу және қызметкерлердің өзге қысқа мерзімді дебиторлық берешегі көрсетіледі;
1260 - «Жалдау бойынша қысқа мерзімді дебиторлық берешек», онда ағымдағы кезеңде операциялық және қаржылық жалдау бойынша ағымдағы жалдау төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі шығыстар есепке алынады;
1270 - «Алуға қысқа мерзімді сыйақылар», онда мыналар:
акциялар (қатысу үлестері) бойынша есептелген дивидендтер;
қаржылық жалдау бойынша есептелген сыйақылар, берілген қарыздар, сатып алынған қаржы инвестициялары, сенімді басқару және өзге есептелген сыйақылар жөніндегі дебиторлық берешектің қозғалысына байланысты операциялар көрсетіледі;
1280 - «Өзге қысқа мерзімді дебиторлық берешек», онда алдыңғы топтарда көрсетілмеген, бір жылға дейін мерзімі бар өзге дебиторлық берешек бойынша операциялар көрсетіледі, мысалы, алынған вексельдер бойынша, сақтандыру ұйымдарына сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру бойынша берешек;
1290 - «Күмәнді талаптар бойынша резерв», онда күмәнді талаптар бойынша резервтерді құруға және оның қозғалысына байланысты операциялар көрсетіледі.
11. 1300 «Қорлар» кіші бөлімі қарапайым қызмет барысында сатуға арналған, немесе сату үшін өндіріс процесінде, немесе өндірістік процесте немесе қызметтер ұсыну кезінде пайдалануға арналған шикізат немесе материалдар нысанындағы активтерді есепке алуға арналған.
Осы кіші бөлім мынадай шоттардың топтарын қамтиды:
1310 - «Шикізат және материалдар», онда өндірістік процесте одан әрі пайдалануға арналған шикізат және материалдар, оның ішінде ауыл шаруашылық шикізаттар және материалдар есепке алынады;
1320 - «Дайын өнім», онда дайын, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімі есепке алынады;
1330 - «Тауарлар», онда тауарлардың, оның ішінде сатып алынған және қайта сатуға сақталған ауыл шаруашылығы тауарларының қозғалысына байланысты операциялар көрсетіледі;
1340 - «Аяқталмаған өндіріс», онда аяқталмаған өндіріс бойынша шығындар есепке алынады;
1350 - «Өзге қорлар», онда алдыңғы топтарда көрсетілмеген өзге қорлар есепке алынады;
1360 - «Қорларды есептен шығару бойынша резерв», онда қорлардың құнын сатудың таза құнына дейін төмендетуге арналған резервтерді құруға және қозғалысына байланысты немесе моральдық жағынан ескеруге байланысты операциялар көрсетіледі.
12. 1400 «Ағымдағы салық активтері» кіші бөлімі бюджетпен есеп айырысу кезінде салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдердің артық төленген сомасын, сондай-ақ ұсынылған шот-фактуралар бойынша есепке алуға жататын қосылған құн салығының сомасын есепке алуға арналған.
Осы кіші бөлім мынадай шоттардың топтарын қамтиды:
1410 - «Корпорациялық табыс салығы», онда бюджетке артық төленген корпорациялық табыс салығын көрсетуге байланысты операциялар, сондай-ақ корпорациялық табыс салығын төлеу бойынша аванстық төлемдер көрсетіледі;
1420 - «Қосылған құн салығы», онда есепке алуға жататын, оның ішінде салық заңнамасына сәйкес өтеуге жататын қосылған құн салығы, сондай-ақ бюджетке артық төленген қосылған құн салығы бойынша операциялар көрсетіледі;
1430 - «Өзге салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер», онда ұйымның банктік шотына аударуға жататын және салық заңнамасына сәйкес есепке алуға жататын өзге салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер есепке алынады.
13. 1500 «Сатуға арналған ұзақ мерзімді активтер» кіші бөлімі егер олардың теңгерімдік құны жалғастыратын пайдалану жолымен емес, негізінен сату есебінен өтелетін болса, сатуға арналған ретінде жіктелетін ұзақ мерзімді активтерді есепке алуға арналған, бұл ретте сату ықтималдығы жоғары болып табылады.
Осы кіші бөлім мынадай шоттардың топтарын қамтиды:
1510 - «Сатуға арналған ұзақ мерзімді активтер», онда сатуға арналған ұзақ мерзімді активтер есепке алынады, мысалы сатуға дайындалған жабдық;
1520 - «Сатуға арналған істен шығатын топтар», онда сатуға арналған істен шығатын топтар есепке алынады, мысалы сатуға дайындалған жұмыс істейтін зауыт.
14. 1600 «Өзге қысқа мерзімді активтер» кіші бөлімі алдыңғы кіші бөлімдерде көрсетілмеген өзге қысқа мерзімді активтерді есепке алуға арналған.
Осы кіші бөлім мынадай шоттардың топтарын қамтиды:
1610 - «Берілген қысқа мерзімді аванстар», онда активтерді жеткізу негізінде берілген, сондай-ақ есепті кезең ішінде тапсырысшылардан ішінара дайын бойынша қабылданған өнімдерге, қызметтерге ақы төлеу жөніндегі аванстар және өзге берілген қысқа мерзімді аванстар есепке алынады;
1620 - «Алдағы кезеңдердің шығыстары», онда есепті жылдың ішінде қазіргі кезеңде жүргізілген, бірақ алдағы кезеңдерге қатысты шығыстар (сақтандыру ұйымдарына төленген сақтандыру сыйлықтары, жалдау ақысы және т.б.) есепке алынады;
1630 - «Өзге қысқа мерзімді активтер», онда алдыңғы топтарда көрсетілмеген өзге қысқа мерзімді активтер бойынша операциялар есепке алынады.
5. «Ұзақ мерзімді активтер» 2-бөлімінің шоттары
15. 2 «Ұзақ мерзімді активтер» бөлімінің шоттары, ұйымның ұзақ мерзімді ретінде топтастырылатын активтерін есепке алуға арналған.
2 «Ұзақ мерзімді активтер» бөлімі мынадай кіші бөлімдерді қамтиды:
2000 -»Ұзақ мерзімді қаржылық инвестициялар»;
2100 -»Ұзақ мерзімді дебиторлық берешек»;
2200 -»Үлестік қатысу әдісімен есепке алынатын инвестициялар»;
2300 -»Инвестициялық жылжымайтын мүлік»;
2400 -»Негізгі құралдар»;
2500 -»Биологиялық активтер»;
2600 -»Барлау және бағалау активтері»;
2700 -»Материалдық емес активтер»;
2800 -»Кейінге қалдырылған салықтық активтер»;
2900 -»Өзге ұзақ мерзімді активтер».
16. 2000 «Ұзақ мерзімді қаржылық инвестициялар» кіші бөлімі үлестік қатысу әдісімен есепке алынатын инвестицияларды, ұзақ мерзімді дебиторлық берешекті қоспағанда ұзақ мерзімді активтерді қаржылық инвестициялар есепке алуға арналған.
Осы кіші бөлім мынадай шоттардың топтарын қамтиды:
2010 - «Ұзақ мерзімді берілген қарыздар», онда ұйым бір жылдан асатын мерзімге берген қарыздар есепке алынады;
2020 - «Өтеуге дейін ұсталатын ұзақ мерзімді инвестициялар», онда ұйым берген қарыздар мен дебиторлық берешекті қоспағанда, ұйым өтеу мерзімі жеткенге дейін иелік етуге берік ниетті және қабілетті, бекітілген немесе анықталатын төлемдері және тіркелген өтеу мерзімі бар қаржы активтері есепке алынады;
2030 - «Сатуға арналған қолда бар ұзақ мерзімді қаржылық инвестициялар», онда мынадай санаттарға кірмеген қаржы активтері есепке алынады:
ұйым берген қарыздар мен дебиторлық берешек,
өтеуге дейін ұсталатын инвестициялар;
2040 - «Өзге ұзақ мерзімді қаржылық активтер», онда алдыңғы топтарда көрсетілмеген ұзақ мерзімді қаржы активтері есепке алынады, мысалы өзіндік құны бойынша есепке алынатын еншілес ұйымдарға берілетін инвестициялар, үйлесімді шоғырланым әдісімен есепке алынатын бірлесіп бақыланатын ұйымдарға берілетін инвестициялар.
17. 2100 «Ұзақ мерзімді дебиторлық берешек» кіші бөлімі ұзақ мерзімді дебиторлық берешекті есепке алуға арналған.
Осы кіші бөлім мынадай шоттардың топтарын қамтиды:
2110 - «Сатып алушылар мен тапсырысшылардың ұзақ мерзімді берешегі», онда сатылған активтер мен бір жылдан асатын мерзімде көрсетілген қызметтер үшін сатып алушылармен және тапсырысшылармен есеп айырысу бойынша операциялар көрсетіледі;
2120 - «Еншілес ұйымдардың ұзақ мерзімді дебиторлық берешегі», онда сатылған активтер мен бір жылдан асатын мерзімде көрсетілген қызметтер үшін еншілес ұйымдармен есеп айырысу бойынша операциялар және еншілес ұйымдардың өзге де ұзақ мерзімді дебиторлық берешектері көрсетіледі;
2130 - «Қауымдастырылған және бірлескен ұйымдардың ұзақ мерзімді дебиторлық берешегі», онда сатылған активтер мен бір жылдан асатын мерзімде көрсетілген қызметтер үшін қауымдастырылған және бірлескен ұйымдармен есеп айырысу бойынша операциялар және бірлескен ұйымдардың өзге де ұзақ мерзімді дебиторлық берешектері көрсетіледі;
2140 - «Филиалдар мен құрылымдық бөлімшелердің ұзақ мерзімді дебиторлық берешегі», онда филиалдар мен құрылымдық бөлімшелердің ұзақ мерзімді дебиторлық берешегі есепке алынады;
2150 - «Қызметкерлердің ұзақ мерзімді дебиторлық берешегі», онда қызметкерлерге берілген ұзақ мерзімді қарыздар бойынша қызметкерлердің дебиторлық берешегінің қозғалысымен байланысты операциялар, сондай-ақ қызметкердің ұйымға бір жылдан асатын мерзімде келтірген материалдық зиянды (кемшін шығу, ұрлау, бүлдіру және басқалар) өтеу жөніндегі есеп айырысу көрсетіледі;
2160 - «Жалдау бойынша ұзақ мерзімді дебиторлық берешек», онда алдағы кезеңдер үшін операциялық және қаржылық жалдау бойынша жалдау төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі шығыстар және жалдау бойынша өзге де ұзақ мерзімді дебиторлық берешек есепке алынады;
2170 - «Алуға арналған ұзақ мерзімді сыйақылар», онда қаржылық жалдау, берілген қарыздар, сатып алынған қаржылық инвестициялар, сенімгерлік басқару бойынша есептелген сыйақылар бойынша ұзақ мерзімді дебиторлық берешектің қозғалысымен байланысты операциялар және өзге де алуға арналған ұзақ мерзімді сыйақылар көрсетіледі;
2180 - «Өзге ұзақ мерзімді дебиторлық берешек», онда алдыңғы топтарда көрсетілмеген өзге ұзақ мерзімді дебиторлық берешек бойынша операциялар көрсетіледі, мысалы сақтандыру ұйымдарына сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру бойынша алынған вексельдер бойынша берешек.
18. 2200 «Үлестік қатысу әдісімен есепке алынатын инвестициялар» кіші бөлімі үлестік қатысу әдісімен есепке алынатын инвестицияларды есепке алуға арналған.
2210 - «Үлестік қатысу әдісімен есепке алынатын инвестициялар», онда үлестік қатысу әдісімен есепке алынатын қауымдастырылған және тәуелді ұйымдарға берілетін инвестициялар бойынша операциялар көрсетіледі.
19. 2300 «Жылжымайтын мүлікке инвестициялар» кіші бөлімі инвестициялық жылжымайтын мүлікті есепке алуға арналған.
Осы кіші бөлім мынадай шоттардың топтарын қамтиды:
2320 - «Жылжымайтын мүлікке инвестициялардың амортизациясы», онда инвестициялық жылжымайтын мүлік амортизациясының сомасы шоғырландырылады.
2330 - «Жылжымайтын мүлікке инвестициялардың құнсыздануынан шығын» - онда егер ұйым инвестициялық жылжымайтын мүлікті бастапқы танығаннан кейін жылжымайтын мүліктің барлық объектілері іс жүзіндегі шығындардан жинақталған амортизацияны және құнсызданған активтердің жинақталған шығындарын қоспай өлшенетін іс жүзіндегі шығындар бойынша есепке алудың моделін таңдаған жағдайда құнсызданудан болған сома шоғырландырылады.
20. 2400 «Негізгі құралдар» кіші бөлімі негізгі құралдарды есепке алуға арналған.
Осы кіші бөлім мынадай шоттардың топтарын қамтиды:
2410 -»Негізгі құралдар»;
2420 -»Негізгі құралдардың амортизациясы»;
2430 -»Негізгі құралдардың құнсыздануынан болатын шығындар».
Негізгі құралдар дегеніміз - материалдық активтер, оларды ұйым өндірісте пайдалану немесе тауарларды болмаса көрсетілетін қызметтерді беру үшін, басқа тұлғаларға жалға беру немесе әкімшілік мақсаттар үшін ұстап тұрады және бір кезеңнен көп пайдалану болжанады.
Негізгі құралдар түрлері бойынша бөлшектенеді. Негізгі құралдардың түрі - бұл ұйымның қызметінде сипаты және пайдаланылуы жағынан бірдей активтердің бірігуі. Жекелеген түрлердің мысалдары мыналар болып табылады:
жер;
жер және ғимараттар;
машина жабдығы;
кемелер;
ұшақтар;
автокөліктік құралдары;
жылжымайтын мүлікпен біріктірілген жиһаз бен жылжымалы мүлік;
кеңсе жабдығы.
Негізгі құралдардың түрлері бойынша бөлшеутеуге байланысты синтетикалық шоттар ашылады.
Актив ретінде бастапқы танығаннан кейін жылжымайтын мүлік барлық жинақталған амортизацияны және құнсызданудан пайда болған барлық жинақталған шығындарды қоспай оның өзіндік құны бойынша немесе барлық жинақталған амортизацияны және құнсызданудан пайда болған кейінгі жинақталған шығындарды қоспай қайта бағалау күніне дұрыс құны болып табылатын қайта бағаланған құны бойынша есепке алынады.
Негізгі құралдардың амортизациясын шоғырландыру үшін 2420 «Негізгі құралдардың амортизациясы» шоттар тобына арналған.
Негізгі құралдардың құнсыздануынан болатын шығындарды шоғырландыру үшін 2430 «Негізгі құралдардың құнсыздануынан болатын шығындар» шоттар тобына арналған.
21. 2500 «Биологиялық активтер» кіші бөлімі ауыл шаруашылық қызметімен байланысты биологиялық активтерді есепке алуға арналған. Осы кіші бөлім мынадай шоттардың топтарын қамтиды:
2510 - «Өсімдіктер»;
2520 - «Жануарлар».
22. 2600 «Барлау және бағалау активтері» кіші бөлімі минералдық ресурстарды барлау мен бағалауға дейінгі қызмет барысында, сондай-ақ минералдық ресурстарды өндірудің техникалық жағынан жүзеге асушылығы және коммерциялық орындылығы айқын болғаннан кейін шеккен шығыстарды қоспағанда минералдық ресурстарды барлау мен бағалауға арналған шығыстарды есепке алуға арналған.
Осы кіші бөлім мынадай шоттардың топтарын қамтиды:
2610 - «Барлау және бағалау активтері», онда шығыстарды барлау және бағалау активтері ретінде танумен байланысты операциялар көрсетіледі.
2620 - «Барлау және бағалау активтерінің амортизациясы», онда барлау және бағалау активтері амортизациясының сомасы шоғырландырылады.
2630 - «Барлау және бағалау активтерінің құнсыздануынан болатын шығындар», онда барлау және бағалау активтерінің құнсыздануынан болатын шығындар сомасы шоғырландырылады.
23. 2700 «Материалдық емес активтер» кіші бөлімі материалдық емес активтерді есепке алуға арналған.
Осы кіші бөлім мынадай шоттардың топтарын қамтиды:
2710 - «Гудвилл», онда гудвиллдің болуымен және қозғалысымен байланысты операциялар көрсетіледі;
2720 -»Гудвиллдің құнсыздануы», онда құнсызданудан болуы мүмкін залалдар тұрғысынан жүйелі жүргізілетін тестілеу қорытындылары бойынша гудвиллдің құнсыздануын көрсету жөніндегі операциялар ескеріледі;
2730 - «Өзге материалдық емес активтер», онда сипаты және ұйымның қызметінде қолданылу жағынан ұқсас активтер тобы есепке алынады, мысалы:
тауарлық белгілер;
титулдық және баспа құқықтары;
компьютерлік бағдарламалық қамсыздандыру;
лицензиялар мен франшизалар;
өнеркәсіптік меншікке арналған авторлық құқықтар, патенттер және басқа құқықтар, көрсетілетін қызметтерге және пайдалануға арналған құқықтар;
рецептілер, формулалар, модельдер, сызбалар және тәжірибелік үлгілер және әзірлеу процесіндегі материалдық емес активтер.
2740 - «Өзге материалдық емес активтердің амортизациясы», онда материалдық емес активтердің амортизациясы сомасы шоғырландырылады, бұл ретте пайдалы қолданудың анықталмаған мерзімі бар материалдық емес активтерге амортизация есептелмейді, ал жыл сайын құнсыздануға тест жүргізіледі;
2750 - «Өзге материалдық емес активтердің құнсыздануынан болатын шығындар», онда өзге материалдық емес активтердің құнсыздануынан болатын шығындар сомасы шоғырландырылады.
24. 2800 «Кейінге қалдырылған салықтық активтер» кіші бөлімі қалдырылған корпорациялық табыс салығын есепке алуға арналған.
Осы кіші бөлім мынадай шоттардың топтарын қамтиды:
2810 «Корпоративтік табыс салығы бойынша кейінге қалдырылған салықтық активтер», онда мыналарға:
шегерілетін мезгілдік айырмаға,
алдағы кезеңге пайдаланылмаған салық залалдарын көшіруге;
алдағы кезеңге пайдаланылмаған салық кредиттерін көшіруге.
25. 2900 «Өзге ұзақ мерзімді активтер» кіші бөлімі алдыңғы кіші бөлімдерде көрсетілмеген өзге ұзақ мерзімді активтерді есепке алуға арналған.
Осы кіші бөлім мынадай шоттардың топтарын қамтиды:
2910 - «Берілген ұзақ мерзімді аванстар», онда активтерді беруге берілген, сондай-ақ тапсырысшылардан ішінара дайын өнімге, көрсетілетін қызметтерге мерзімі бір жылдан асатын аванстар және өзге берілген ұзақ мерзімді аванстар есепке алынады;
2920 - «Алдағы кезеңдердің шығыстары», онда қазіргі есепті кезеңде жүргізілген, бірақ алдағы есепті кезеңдерге жататын шығыстар есепке алынады;
2930 - «Аяқталмаған құрылыс», онда аяқталмаған құрылыс бойынша шығындар есепке алынады, мысалы:
негізгі құралдарды салуға байланысты;
келешекте жылжымайтын мүлікке инвестиция ретінде пайдалану болжанатын объектінің құрылысымен байланысты шығындар;
2940 - «Өзге ұзақ мерзімді активтер», онда алдыңғы топтарда көрсетілмеген ұзақ мерзімді активтердің өзге топтары есепке алынады.
6. «Қысқа мерзімді міндеттемелер» 3-бөлімінің шоттары
26. 3 «Қысқа мерзімді міндеттемелер» бөлімінің шоттары қысқа мерзімді ретінде жіктелетін ұйым міндеттемелерін есепке алуға арналған.