3) қатар тексеру - кейіннен тексерулер нәтижелерімен алмаса отырып, басқа мемлекеттік органдар, оның ішінде басқа елдердің жоғары мемлекеттік аудит органдары келісілген мәселелер мен жүргізу мерзімдері бойынша дербес жүргізетін тексеру.
5. Қазақстан Республикасының заңдарында қызметтің жекелеген салаларына тексеруді ұйымдастыру және оны жүргізу тәртібінің ерекшеліктері белгіленуі мүмкін.
6. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өкілеттіктер шегінде электрондық мемлекеттік аудит жүргізуге жол беріледі.
18-бап. Мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру
1. Мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру тәуекелдерді басқару жүйелері - мемлекеттік аудит объектілерінің қызметін бағалаудың сандық және сапалық көрсеткіштері негізінде жүзеге асырылады, бұлардың негізінде оларды мемлекеттік аудитпен барынша қамту мақсатында мемлекеттік аудит объектісін белгілі бір тәуекел тобына жатқызу туралы шешім қабылданады.
Тәуекелдерді басқару жүйесі Есеп комитеті мен ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган бірлесіп белгілейтін бірыңғай қағидаттар мен тәсілдерге негізделеді.
2018.11.01. № 135-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметі оларға жүктелген міндеттер мен өкілеттіктердің іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында өздерінің бірінші басшылары бекітетін мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.
Ішкі аудит қызметтерінде мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін:
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ішкі аудит қызметін қоспағанда, орталық мемлекеттік органдарда - ішкі аудит қызметі құрылған мемлекеттік органның басшысы;
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі бекітеді.
Мыналардың:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын және Есеп комитеті Төрағасының бастамаларын қоспағанда, Есеп комитетінің;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмаларына негізделген Есеп комитетінің сұрау салуларын, тиісті мәслихаттардың шешімдерін және тексеру комиссиясы төрағасының бастамаларын қоспағанда, тексеру комиссияларының мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбелеріне өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
3. Есеп комитетінің мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің уәкілеттік берілген адамдарының тапсырмалары міндетті түрде қаралуға және есепке алынуға жатады.
Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің уәкілеттік берілген адамдарының тапсырмалары, Есеп комитетінің сұрау салулары міндетті түрде қаралуға және есепке алынуға жатады.
4. Есеп комитетінің және тексеру комиссиясының мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбелерін қалыптастыру кезінде құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың ұсыныстарына талдау жасалады, олардың орындылығы мен өзектілігін қарау үшін Есеп комитетінің немесе тиісті тексеру комиссиясының отырысына талқылауға шығарылады.
Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің уәкілеттік берілген адамдарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмалары, депутаттық сауалдар, прокуратура және қылмыстық қудалау органдарының сұрау салулары міндетті түрде қаралуға және есепке алынуға жатады.
5. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның жоспардан тыс аудиті:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмалары бойынша;
2018.11.01. № 135-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) техникалық-экономикалық негіздемені, қаржылық-экономикалық негіздемені және бюджеттік инвестициялардың сметалық құнын түзетуге байланысты мәселелер бойынша;
2018.11.01. № 135-VI ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) тәуекелдерді басқару жүйесі пайдаланыла отырып, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның ақпараттық жүйелері деректерінің мониторингі нәтижелері бойынша;
2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары бойынша жүргізіледі.
6. Тексеру комиссиясының тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі, есепті жылда олардың әкімшілік-аумақтық бірлігінде сыртқы мемлекеттік аудитті жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетінен, оның ішінде тиісті облыстың құрамына кіретін аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттерінен қаржыландырылатын және (немесе) қаражат алатын мемлекеттік аудит объектілерін, сондай-ақ мемлекеттік кіріс органдарын және жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылығын қамтамасыз ететін басқа да уәкілетті мемлекеттік органдарды қамтиды.
7. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таратылуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналып, бекітілген тізбелері мен оларға өзгерістер бекітілген күнінен бастап күнтізбелік бес күн ішінде тиісті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының интернет-ресурсында орналастырылуға жатады.
8. Есеп комитеті, тексеру комиссиясы, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік аудитті жүргізу үшін мемлекеттік органдардың тиісті мамандарын (олардың келісімі бойынша), сондай-ақ қажет болған кезде аудиторлық ұйымдарды, сарапшыларды олар көрсететін қызметтеріне тиісті бюджеттен бөлінген қаражат шегінде ақы төлей отырып, тартуға құқылы.
9. Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру үшін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі бірыңғай дерекқорда мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау материалдарын, есептілікті орналастыруға, сондай-ақ келісілген мерзімдерде мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбелері туралы олар бекітілгенге дейін ақпарат алмасуды жүзеге асыруға міндетті.
Тексерулердің қайталануын болғызбау мақсатында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбелерін және оларға өзгерістерді өзара келісуге міндетті.
Есеп комитеті бекіткен мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесіне енгізілген мемлекеттік аудит объектілерінде осы Заңның 15-бабының және осы баптың 5-тармағының ережелерін қоспағанда, жоспардан тыс мемлекеттік аудит жүргізуге жол берілмейді.
10. Ішкі аудит қызметтерін қоспағанда, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тексерулерді тіркеуді жүзеге асырады.
19-бап. Мемлекеттік аудит нәтижелерін тану
1. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары ішкі аудит қызметтерінің құжаттарын қоспағанда, осы баптың 2 - 5-тармақтарына сәйкес басқа мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүргізген мемлекеттік аудит нәтижелерін, егер оларды Қазақстан Республикасының азаматтық-процестік заңнамасына сәйкес сот заңсыз деп танымаса, оларды таниды.
2. Есеп комитеті тексеру комссиялары, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік аудитінің нәтижелерін тану үшін олардың мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын сақтауына бақылау жүргізеді.
3. Егер Есеп комитеті мен тексеру комиссиялары жүргізген мемлекеттік аудит нәтижелерін Есеп комитеті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сай емес деп танымаса, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган оларды таниды.
4. Егер Есеп комитеті жүргізген мемлекеттік аудит нәтижелерін Есеп комитеті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сай емес деп танымаса, тексеру комиссиясы оларды таниды.
5. Егер ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган жүргізген мемлекеттік аудит нәтижелерін Есеп комитеті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сай емес деп танымаса, тексеру комиссиясы оларды таниды.
6. Мемлекеттік аудит нәтижелері танылған жағдайларда мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары басқа мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүргізген мемлекеттік аудит материалдарын негізге ала отырып, мемлекеттік аудит көлемін қысқартады.
7. Басқа мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүргізген мемлекеттік аудит нәтижелерін танымау фактісі туралы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорына тиісті ақпаратты енгізе отырып, мемлекеттік аудит объектісін хабардар етеді.
20-бап. Аудиторлық дәлелдемелер
1. Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша анықталатын бұзушылық пен кемшілік фактілері аудиторлық дәлелдемелерге және (немесе) өзге құжаттар мен ақпаратқа негізделеді.
2. Аудиторлық дәлелдемелер мемлекеттік аудиторлардың жұмыстағы бұзушылықтардың және кемшіліктердің болуын немесе болмауын анықтауына негіз болатын, заңдылығы, анықтығы және қолжетімділігі ескерілген нақты деректер, сондай-ақ аудиторлық есепте жазылған фактілерді растайтын өзге материалдар болып табылады.
3. Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша қорытындылар, ұсынымдар мен тапсырмалар қалыптастыруға негіз болатын аудиторлық дәлелдемелер оның мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес объективті, анық және жеткілікті болуға тиіс.
4. Аудиторлық дәлелдемелердің негізі тікелей мемлекеттік аудит объектісінде жиналған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтай отырып, басқа да анық көздерден алынған құжаттар (материалдар мен ақпарат) болып табылады.
Мемлекеттік аудитор квазимемлекеттік сектор субъектілеріне аудит кезінде, оның ішінде даму жоспарларының орындалуы туралы есептен ақпаратты, сондай-ақ аудиттің халықаралық стандарттарының талаптарына және Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес аудиторлық ұйым жасаған аудиторлық есепті, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне арнайы мақсаттағы аудит бойынша аудиторлық қорытындыны пайдалануға құқылы.
5. Құжаттарда жазбаша, сол сияқты өзге де нысанда тіркелген мәліметтер қамтылуы мүмкін. Құжаттарға, оның ішінде түсініктемелер, қаржылық және өзге де құжаттар, түгендеу актілері, анықтамалар, бақылап өлшеу актілері, сондай-ақ электрондық ақпаратты, фотосуреттерді қамтитын материалдар жатады.
6. Аудиторлық дәлелдемелерді жинау кезінде мемлекеттік аудиторлар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келмейтін аудиторлық дәлелдемелерді жинаудың барлық қолжетімді құралдарын пайдаланады. Аудиторлық дәлелдемелерді жинау жалпылама немесе іріктеу әдісімен жүзеге асырылады.
21-бап. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының талаптары
1. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының өз құзыреті шегінде берген талаптары мемлекеттік аудит объектілерінің орындауы үшін міндетті.
2. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының талабы бойынша мемлекеттік аудит объектілері, лауазымды адамдар, жеке және заңды тұлғалар:
1) ведомстволық ақпараттық жүйелер деректерінің құрамы мен форматтары туралы сұралатын мәліметтерді, сондай-ақ мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру және мемлекеттік аудитті жүзеге асыру, бюджеттің атқарылуы туралы есептерді дайындау үшін, оның ішінде құпиялылық режимінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, мемлекеттік аудит саласында зерттеулер жүргізу үшін қажетті құжаттаманы және ақпаратты өтеусіз беруге;
2) қажетті материалдарды (дәлелдемелерді): мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыруға және оны мемлекеттік аудит объектісіне шықпай жүргізуге байланысты мәселелер бойынша анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, мемлекеттік аудит объектісінде мемлекеттік аудит жүргізуге байланысты мәселелер бойынша - бір жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ұсынуға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік және өзге де ақпараттық жүйелерге мемлекеттік аудит жүргізу үшін қажетті қолжетімділікті ұсынуға міндетті.
3. Талап етілетін ақпарат мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарына сұратылатын нысандарда, тәртіпте, сондай-ақ осы Заңда белгіленген мерзімдерде беріледі.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарына міндеттерін орындауға жәрдем көрсетеді, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құпиялылық режимін, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтай отырып, олардың сұрау салулары бойынша олар жүргізген тексерулердің нәтижелері туралы ақпаратты береді.
2018.11.01. № 135-VI ҚР Заңымен 22-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
22-бап. Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша қабылданатын құжаттар
Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары мынадай құжаттарды қабылдайды:
1) қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есеп - мемлекеттік аудитті тікелей жүргізген мемлекеттік аудиторлар жасаған, қаржылық есептіліктің анықтылығы, сондай-ақ бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау тәртібінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы жазбаша нысанда білдірілген пікірді қамтитын құжат;
2) аудиторлық есеп - мемлекеттік аудитті тікелей жүргізген мемлекеттік аудиторлар жасаған, белгілі бір уақыт кезеңі үшін жүргізілген тиімділік аудитінің және (немесе) сәйкестік аудитінің нәтижелерін қамтитын құжат;
3) аудиторлық қорытынды - аудиторлық есептер және (немесе) қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есептер негізінде жасалатын, тұжырымдар мен ұсынымдарды қамтитын және өз өкілеттіктері шегінде Есеп комитетінің, тексеру комиссиясының қаулысымен, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган басшысының бұйрығымен бекітілетін құжат;
4) ішкі аудит нәтижелері туралы есеп - ішкі аудит қызметі жасаған жұмыс тиімділігін арттыру, мемлекеттік аудит объектісі қызметінің тікелей және түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізу мақсатында ішкі рәсімдерді, қағидаларды, процестерді жақсарту жөніндегі ұсынымдарды қамтитын, орталық мемлекеттік органның бірінші басшысына немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкіміне және ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға ұсынылатын құжат.
Мемлекеттік аудитордың ассистенті мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша құжаттарға (аудиторлық есепке) қол қоймайды.
23-бап. Қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есептің ерекшеліктері
1. Шоғырландырылған немесе жекелеген қаржылық есептілік аудитінің нәтижелері бойынша:
1) елеулі қателер болмаған кезде - қаржылық есептілік жөніндегі оң аудиторлық есеп;
2) елеулі қателер анықталған кезде - қаржылық есептілік жөніндегі ескертпесі бар аудиторлық есеп қабылданады.
2. Мемлекеттік аудит объектісінде бухгалтерлік есеп жүргізілмеген не бухгалтерлік құжаттар жоғалған жағдайларда, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының басшысы мемлекеттік аудит объектісінің басшысына және мемлекеттік аудит объектісіне басшылықты немесе оны басқаруды жүзеге асыратын жоғары тұрған органға осы жұмыстың аяқталу мерзімін анықтай отырып, мемлекеттік аудит объектісінде бухгалтерлік есепті қалпына келтіру туралы талаппен нұсқама жібереді және мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесіне тиісті өзгерістер енгізе отырып, мемлекеттік аудитті уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды. Бұл ретте жекелеген қаржылық есептілік аудитінің нәтижелері бойынша мемлекеттік аудитор пікірін білдіруден бас тарта отырып, аудиторлық есеп береді.
24-бап. Сапа бақылауы
1. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының басшылары мемлекеттік аудиторлар өз қызметі барысында жасайтын құжаттарды тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізудің тиісті қағидаларында айқындалған тәртіппен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сәйкестігі тұрғысынан тұрақты түрде тексерулер жүргізу арқылы сапа бақылауын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
2. Сапа бақылауына мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының аудиторлық, сараптамалық-талдау қызметінің барлық кезеңдері, мемлекеттік аудиторлардың барлық қызметі, оның ішінде құқық қорғау органдары және сот мамандар ретінде тартқан мемлекеттік аудиторлар жүргізген мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша берілген материалдар (қорытындылар) жатады.
3. Сапа бақылауын жүргізу қажеттілігі мен мерзімділігі, оның ішінде мемлекеттік аудит нәтижелерін қайта тексеру қажеттілігі, сондай-ақ сапа бақылауының жеделдігі мен нәтижелігін қамтамасыз ету мақсатында оны жүргізу мерзімдері мен ұзақтығы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізудің тиісті қағидаларында айқындалған тәртіппен айқындалады.
25-бап. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелері бойынша қабылданатын құжаттардың мониторингі
1. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары өздері аудиторлық қорытындыда берген ұсынымдардың және міндетті түрде орындалуға бағытталған нұсқамалардың мониторингін жүйелі негізде жүзеге асырады.
2. Ұсынымдардың қаралу нәтижелері туралы және нұсқамалардың орындалуы туралы ақпаратты мемлекеттік аудит объектісі және өзге де мүдделі тұлғалар растау құжаттарын қоса бере отырып, тиісті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органына тиісті құжаттарда көрсетілген мерзімдерде жіберуге міндетті.
3. Мемлекеттік аудит объектісінің лауазымды адамдары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының нұсқамаларын орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауаптылықта болады.
4-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ БАҚЫЛАУ ОРГАНДАРЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨЗГЕ ДЕ БАҒЫТТАРЫ
26-бап. Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау уәкілетті органдарының сараптамалық-талдау қызметі
1. Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау уәкілетті органдарының сараптамалық-талдау қызметі алдын ала, ағымдағы және кейіннен бағалау түрінде жүзеге асырылады.
2. Есеп комитеті республикалық бюджетке қатысты, сондай-ақ республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне аудит жүргізу үшін сараптамалық-талдау қызметін жүзеге асырады, жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы ақпаратты жинақтап қорытады.
3. Тексеру комиссиялары аумағында өздері жұмыс істейтін облыстық бюджетке, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттеріне, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте құрылған аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттеріне қатысты сараптамалық-талдау қызметін жүзеге асырады.
4. Сараптамалық-талдау іс-шараларын жүргізу үшін Есеп комитеті бюджеттен бөлінген қаражат шегінде зерттеулер жүргізу үшін үшінші тұлғаларды тартуға құқылы.
27-бап 2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
27-бап. Алдын ала бағалау
1. Есеп комитеті Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен республикалық бюджет жобасын алдын ала бағалауды оның шығыстарының негізгі бағыттары бойынша жүзеге асырады.
2. Республикалық бюджет жобасын оның шығыстарының негізгі бағыттары бойынша алдын ала бағалау республикалық бюджет жобасы шығыстарының елдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына, республикалық бюджет шығыстарының басым бағыттарына, мемлекеттік бағдарламалар мен орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бағалау нәтижелеріне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне Есеп комитеті берген тұжырымдар мен ұсынымдарға сәйкестігі нысанына жүзеге асырылады.
3. Алдын ала бағалау нәтижелері республикалық бюджет туралы заңның жобасы Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынылады және ұсынымдық сипатта болады.
2018.11.01. № 135-VI ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Есеп комитетіне республикалық бюджет жобасын бағалау жөніндегі қорытындыда көрсетілген ұсынымдарды орындау бойынша қолданылған шаралар туралы ақпаратты тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң бекітілгеннен кейін үш ай ішінде жібереді.
28-бап. Ағымдағы бағалау
1. Ағымдағы бағалау Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Парламенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі, мәслихаттар мен әкімдер үшін тиісті бюджеттің атқарылуы туралы жедел ақпаратты қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылады.
Есеп комитеті мен тексеру комиссиялары бюджеттердің атқарылу процесінде тиісті бюджет кірісіне салықтық және салықтық емес түсімдердің толықтығын және уақтылығын, тиісті бюджет туралы заңның (мәслихат шешімінің) бекітілген көрсеткіштерімен салыстыра отырып, бюджет қаражатының нақты жұмсалуын талдайды, ауытқу себептерін және олармен байланысты бұзушылықтарды, Қазақстан Республикасы заңнамасының жетілмегендігін анықтайды, оларды жою жөнінде ұсыныстар енгізеді.
2. Ағымдағы бағалауды жүргізу кезінде жүргізілген мемлекеттік аудит материалдары, сондай-ақ жедел есептілікті және тиісті мемлекеттік органдар, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері және квазимемлекеттік сектор субъектілері электрондық нысанда Есеп комитеті мен тексеру комиссияларына ұсынатын ақпаратты өңдеуге және талдауға негізделген талдамалық ақпарат, оның ішінде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі бірыңғай дерекқор арқылы:
1) нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімдерді, бөлінген нысаналы трансферттерді пайдалану есебінен қол жеткізілген тікелей және түпкі нәтижелер туралы есептерді;
2) міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, түсімдер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын;
3) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарларын;
4) мемлекеттік мекемелердің міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларын;
5) осындай өзгерістердің негіздемелерімен бірге осы тармақтың 1) - 4) тармақшаларында көрсетілген құжаттарға енгізілген өзгерістерді;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қаржылық есептіліктің барлық нысандарын қоса алғанда, пайдаланылады.
3. Ағымдағы бағалау нәтижелері тәуекелдерді басқару жүйесін қалыптастыру кезінде ескеріледі.
29-бап. Кейіннен бағалау
1. Есеп комитеті мен тексеру комиссиялары мемлекеттік аудит барысында бюджеттердің атқарылуының нақты көрсеткіштерінің бюджет туралы тиісті заңмен (мәслихаттардың шешімдерімен) бекітілген көрсеткіштерге сәйкестігін, бюджет көрсеткіштерінің орындалуының толықтығы мен уақтылығын айқындау үшін есепті қаржы жылындағы бюджет туралы заңның (мәслихаттар шешімдерінің) орындалуына, бюджеттердің атқарылу заңдылығын, есеп пен есептіліктің анықтығын, бюджет қаражатын, мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігін айқындау мақсатында бюджеттердің атқарылуы туралы жылдық есептерге, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік есептілігіне кейіннен бағалауды жүзеге асырады.
2. Кейіннен бағалау жүргізу қорытындылары бойынша тиісті бюджеттің атқарылуы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің есебіне немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының тиісті есебіне қорытынды дайындалады, оларды ұсыну және қарау Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Қорытынды құрылымына және мазмұнына қойылатын талаптар мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың тиісті рәсімдік стандарттарында айқындалады.
3. Қорытынды:
1) бюджеттің негізгі параметрлерін орындауды:
бюджет түсімдері мен шығыстарын;
салықтық және кедендік әкімшілендіру тиімділігін;
2) мемлекеттік органдардың өз стратегиялық жоспарларында, аумақтарды дамыту бағдарламаларында көзделген тікелей және түпкі нәтижелерге қол жеткізуді, мемлекеттік бағдарламаларды, оның ішінде алдыңғы кезеңдер үшін және бюджеттік бағдарламаларды іске асыруды;
3) бюджет қаражатын, оның ішінде нысаналы трансферттерді және кредиттерді, байланысты гранттарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздарды, мемлекет кепілгерліктері мен активтерін пайдалануды, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді, оның ішінде мемлекеттік концессиялық міндеттемелерді орындауды қаржыландыруды;