Осы тармақта көзделген міндетті орындаған жағдайда мемлекет мемлекеттік қызметшіге «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген қорғау шараларына кепілдік береді.
Мемлекеттік органның басшылығы ақпаратты алған күннен бастап бір ай мерзімде мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндіру жағдайлары туралы мәлімдеулері бойынша, оның ішінде тексерулер ұйымдастыру және уәкілетті органдарға өтініштерді жолдау арқылы шаралар қабылдауға міндетті.
4. Мемлекеттік органның басшылығы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндіру жағдайлары туралы хабарлаған мемлекеттік қызметшінің құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасайтын қудалаудан қорғау жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті.
5. Мемлекеттік қызметшілер жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруын қиындататын әрекеттерге (әрекетсіздікке) жол бермеуге тиіс.
6. Мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық жасады деп жариялы түрде негізсіз айып тағылған кезде ол осындай айыптауды анықтаған күннен бастап бір ай мерзімде оны теріске шығару жөніндегі шараларды қабылдауға тиіс.
9-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ, ОЛАРДЫҢ ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІНІҢ
ӘЛЕУМЕТТІК КЕПІЛДІКТЕРІ
53-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу
1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу қызметтiк мiндеттерiн мүлтіксiз және тиянақты атқаруы үшiн жеткiлiктi материалдық жағдайды қамтамасыз етуге, мемлекеттiк органдардың бiлiктi және тәжiрибелi кадрлармен жасақталуына ықпалын тигізуге, олардың адал және бастамашыл еңбегiн ынталандыруға тиiс.
2. Мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу мемлекеттік қызметшілер орындайтын жұмыстың сипатына, көлеміне және нәтижелеріне байланысты сараланып белгіленеді.
2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.05.07. № 115-VІІІ ҚР Заңымен (2024 ж. 17 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жəне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау жəне қадағалау жөніндегі уəкілетті органның мемлекеттік қызметшілерін қоспағанда, мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдар үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сəйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметшілерге бонустар төлеу, материалдық көмек көрсету, сондай-ақ «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Егер «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше көзделмесе, мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражаты есебінен жүргізіледі.
5. Мемлекеттiк әкімшілік қызметшiлердiң жалақысы мен оларға төленетiн басқа да төлемдер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен индекстелуге тиіс.
2016.06.04. № 484-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2023.20.03. № 214-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 6-тармақ жаңа редакцияда; 2024.05.07. № 115-VІІІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2024 ж. 17 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық айлықақы белгілеуге құқық беретін жұмыс өтілі Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратымен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен есептеледі.
54-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң демалысы
1. Мемлекеттiк қызметшiлерге екi лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде сауықтыру жәрдемақысы төленiп, ұзақтығы күнтiзбелiк отыз күнді құрайтын жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысы берiледi.
Мемлекеттік қызметшілерге алғашқы және одан кейінгі жылдардағы жұмысы үшін жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі.
Жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу оның басталуына күнтізбелік үш күн қалғаннан кешіктірілмей, ал еңбек демалысы графиктен тыс берілген жағдайда - берілген күнінен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Сайланған әкім жоғары тұрған әкіммен келісім бойынша өз актісін шығару арқылы демалысқа кетеді.
2. Мемлекеттiк қызметшiлердiң қалауы бойынша жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалыстары оларға бөлiп-бөлiп берiлуi мүмкiн. Бұл ретте жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысының бір бөлігі демалыс ұзақтығының күнтізбелік екі аптасынан кем болмауға тиіс.
3. Мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен, оның ішінде олар жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқыған жағдайда жалақысы сақталмайтын демалыс берілуі мүмкін.
2020.30.12. № 393-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттiк орган басшысының не аппарат басшысының немесе Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын өзге де лауазымды адамның шешiмi бойынша мемлекеттiк қызметшiлер өздерінің келісімімен жыл сайынғы немесе қосымша демалыстан шақыртылуы мүмкiн. Пайдаланылмаған демалыстың қалған бөлігі мемлекеттік қызметшілерге тиісті жылдың кез келген басқа уақытында беріледі не келесі жылғы демалысына қосылады.
55-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандыру
Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңдарына және өзге де нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 56-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
56-бап. Мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау шаралары
1. Мемлекеттік қызметшілер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында айқындалатын тәртіппен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
2. Тұрғынжай жағдайларын жақсартуға мұқтаж мемлекеттік қызметшілерге жеке тұрғынжай құрылысы үшін жер учаскелері беріледі. Жер учаскелерін берудің шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Мемлекеттік қызметшілер және олармен бірге тұратын отбасы мүшелері медициналық қызмет көрсетуді тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерінде белгіленген тәртіппен пайдаланады.
4. Мемлекеттік органның штат кестесі қысқарған кезде қысқартылатын мемлекеттік лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшіге кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі болған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлеу жүргізіледі.
5. Мемлекеттік орган жойылған (таратылған) жағдайда мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі болған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлеу жүргізіледі.
6. Мемлекеттік органға басқа мемлекеттік органның, оның ішінде жойылған (таратылған) не қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функцияларын, өкілеттіктерін және (немесе) штат бірліктерін беру кезінде берілген функцияларды, өкілеттіктерді атқарған және (немесе) осы штат бірліктерінде тұрған мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге олардың біліктіліктеріне сәйкес басқа мемлекеттік органның, оның ішінде жойылған (таратылған) немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функциялары, өкілеттіктері және (немесе) штат бірліктері берілген мемлекеттік органдағы мәні бірдей мемлекеттік лауазымдар ұсынылады.
Мәні бірдей лауазым болмаған жағдайда мемлекеттік әкімшілік қызметшіге ол белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда осы мемлекеттік органдағы өзге мемлекеттік лауазым ұсынылуы мүмкін.
Мемлекеттік әкімшілік қызметші жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда ол қызметтен шығарылуға жатады.
Ұсынылған лауазымнан бас тартқан, кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге басқа мемлекеттік органның, оның ішінде жойылған (таратылған) немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функциялары, өкілеттіктері және (немесе) штат бірліктері берілген мемлекеттік орган төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлейді.
Ескертпе. Осы тармақтың мақсаттары үшін басқа мемлекеттік орган деп дербес заңды тұлға ретінде тіркелген мемлекеттік орган түсініледі.
7. Мемлекеттік органның ішінде басқару құрылымы өзгерген кезде мемлекеттік әкімшілік қызметші бұрын атқарған лауазымымен мәні бірдей, бұрын атқарған лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес келетін лауазымға тағайындалады.
Мәні бірдей лауазым болмаған кезде, мемлекеттік әкімшілік қызметшіге ол белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда өзге лауазым ұсынылуы мүмкін.
Мемлекеттік әкімшілік қызметші ұсынылған лауазымнан бас тартқан жағдайда ол қызметтен шығарылуға жатады. Кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.
8. Осы баптың 6 және 7-тармақтарында көзделген жағдайларда уақытша болмаған мемлекеттік қызметшіні алмастыру не мемлекеттік қызметшінің өзінің келісуі жағдайларынан басқа, өзге бос мемлекеттік лауазым болған кезде мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді уақытша бос мемлекеттік лауазымдарға тағайындауға жол берілмейді.
Осы баптың 6 және 7-тармақтарына сәйкес ұсынылатын лауазым туралы хабарламаны алған мемлекеттік әкімшілік қызметші қабылданған шешім туралы бес жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.
Көрсетілген мерзімде шешім болмаған жағдайда, мемлекеттік қызметші қызметтен шығарылуға жатады.
9. Мемлекеттік әкімшілік қызметші лауазымы атауының не ол жұмыс істейтін мемлекеттік орган (құрылымдық бөлімше) атауының еңбек жағдайларының өзгеруіне алып келмейтін өзгертілуі мемлекеттік әкімшілік қызметшінің мемлекеттік қызметті тоқтатуы немесе оны басқа лауазымға қайта тағайындау үшін негіз болып табылмайды.
Мұндай жағдайда мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындауға құқығы бар уәкілетті адам (орган) мемлекеттік лауазымға тағайындау туралы тиісті акт шығарады.
10. Егер негізгі жұмыскер жұмысқа шықпай, атқаратын мемлекеттік әкімшілік лауазымды босатқан жағдайда, осы уақытша бос мемлекеттік лауазымды атқарып жүрген мемлекеттік қызметші конкурс өткізілместен, жұмысын тұрақты негізде жалғастыра алады.
Мұндай жағдайда мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындауға құқығы бар уәкілетті адам (орган) уақытша бос мемлекеттік лауазымға қабылданған адамды тұрақты негізде мемлекеттік лауазымға тағайындау туралы тиісті акт шығарады.
11. Мемлекеттік қызметші қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелеріне мемлекеттік органдағы соңғы қызмет орны бойынша үш орташа айлық жалақысы мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді, бұл ретте, жәрдемақының мөлшері «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленгеннен төмен болмауы керек.
2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен 12-тармақпен толықтырылды
12. Басшылық лауазымдарды атқаратын адамдарды қоспағанда, ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін және тұратын «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қосымша әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі.
57-бап. Мемлекеттік қызметшілердің іссапарлар кезіндегі кепілдіктері мен өтемақылары
2023.20.03. № 214-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртiппен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге іссапарға баруға арналған шығыстары өтеледі.
Мемлекеттік қызметшілерге және мемлекеттік органдардағы келісімшарттық қызметшілерге іссапарда болған уақытына тәулікақы алуға, межелі жерге жету және кері қайту үшін жүріп-тұру шығыстарына, тұрғын үй-жай жалдау шығыстарына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кепілдіктер мен құқық қолданылады.
2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Іссапарға жіберілген мемлекеттік қызметшілердің іссапардағы барлық уақыт бойында жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) және жалақысы сақталады.
58-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының кепілдіктері мен өтемақылары
Дипломатиялық қызмет персоналының кепілдіктері мен өтемақылары Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi жұмысының құқықтық негіздерін, сондай-ақ оны ұйымдастыру тәртібiн айқындайтын заңда белгіленеді.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 9-1-тараумен толықтырылды (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
9-1-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ
58-1-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау
1. Уəкілетті органның жəне оның аумақтық бөлімшесінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарын жəне қызметтік əдепті мемлекеттік органдардың сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған қызметі Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау тексеру нысанында жүзеге асырылады.
58-2-бап. Тексерудің жалпы мəселелері
1. Уəкілетті орган жəне оның аумақтық бөлімшесі тексеруді:
1) тексерілетін мемлекеттік органға бару арқылы;
2) тексерілетін мемлекеттік органға бармай, лауазымды адамдарды шақырып жəне материалдарды сұрата отырып, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы жүргізеді.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының жəне қызметтік əдептің сақталуы тексерудің нысанасы болып табылады.
3. Орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының қызметін тексеруді уəкілетті органның лауазымды адамдары, ал жергілікті мемлекеттік органдардың жəне орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінің қызметін тексеруді уəкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің жұмыскерлері өз құзыреті шегінде, ал қажет болған жағдайда уəкілетті органның лауазымды адамдары да жүргізеді.
4. Тексерулер жоспарлы жəне жоспардан тыс тексерулер болып бөлінеді.
5. Уəкілетті органның бірінші басшысы жоспарлы тексерулер жүргізу жылының алдындағы жылдың 20 желтоқсанына дейін жəне ағымдағы күнтізбелік жылдың 20 мамырына дейін бекіткен мемлекеттік органдарды тексерудің жартыжылдық жоспары жоспарлы тексеруді тағайындауға негіз болып табылады.
Мемлекеттік органдарды тексерудің жартыжылдық жоспары уəкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
Мемлекеттік органдарды тексерудің жартыжылдық жоспарына уəкілетті органның шешімімен өзгерістер енгізілуі мүмкін.
6. Мемлекеттік органдарды тексерудің жартыжылдық жоспарына енгізу үшін мынадай ақпарат көздері пайдаланылады:
1) уəкілетті органның жəне (немесе) оның аумақтық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Президенті Əкімшілігінің алдыңғы тексерулерінің нəтижелері;
2) мемлекеттік органдар, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы ұсынатын есептілік пен мəліметтерге уəкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелері жүргізетін мониторинг нəтижелері;
3) мемлекеттік органдардың не мемлекеттік қызметшілердің кінəсінен туындаған, қоғамдық резонанс жəне мемлекеттік басқару жүйесіне сын тудырған келеңсіз оқиғалардың болуы;
4) мемлекеттік органдарға қатысты Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасы талаптарының бұзылуы жəне қызметтік əдептің сақталмауы жөніндегі жеке жəне заңды тұлғалар жолданымдарының болуы;
5) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын, бұқаралық ақпарат құралдарын халық тарапынан сын тудырған материалдардың болуы тұрғысынан талдау;
6) уəкілетті органдар мен ұйымдар ұсынатын, сондай-ақ өзге де ақпарат көздерінен алынатын мəліметтерді талдау нəтижелері.
7. Жоспардан тыс тексеруге:
1) мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын бұзу, сондай-ақ қызметтік əдепті сақтау мəселелері бойынша əрекеттеріне (əрекетсіздігіне) жəне шешімдеріне жеке жəне заңды тұлғалардың жолданымдары;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар фактілері жөніндегі мемлекеттік органдардың жолданымдары;
3) анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынулардың орындалуын бақылау;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес уəкілетті орган жəне оның аумақтық бөлімшелері жүзеге асыратын мониторинг нəтижесінде анықталған Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасы талаптарының бұзылуы;
5) ақпарат сұрату арқылы зерделенген бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар жəне Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын бұзушылықтар туралы хабарлар негіз болып табылады.
8. Анонимдік жолданымдар болған жағдайларда жоспардан тыс тексерулер жүргізілмейді.
58-3-бап. Тексеру жүргізу тəртібі
1. Тексерілетін мемлекеттік органға тексерудің басталатыны туралы хабарламаның жіберілуі тексеру жүргізудің басталуы деп есептеледі.
Уəкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамдары тексерілетін мемлекеттік органға келген кезде қызметтік куəлігін не сəйкестендіру картасын көрсетуге міндетті.
2. Тексеру жүргізу мерзімдері алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді жəне:
1) жоспарлы тексеру басталған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен;
2) жоспардан тыс тексеру басталған күннен бастап он жұмыс күнінен аспауға тиіс.
3. Қажет болған кезде тексеру жүргізу мерзімдері уəкілетті органның немесе оның аумақтық бөлім шесі бас шылығының шешімімен осы баптың 2-тармағында айқындалған мерзімнен аспайтын мерзімге бір рет қана ұзартылуы мүмкін.
Тексеру жүргізу мерзімдері ұзартылған жəне (немесе) тоқтатыла тұрған (қайта басталған) кезде уəкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесі бұл туралы тексерілетін мемлекеттік органды осындай шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етеді.
Уəкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің тексеруші лауазымды адамдарының құрамы уəкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің шешімімен өзгертілуі мүмкін.
Уəкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің тексеруші лауазымды адамдарының құрамы өзгерген кезде уəкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесі бұл туралы тексерілетін мемлекеттік органды осындай шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етеді.
4. Тексеру:
1) жүргізілетін тексеру шеңберінде мемлекеттік органдарға, лауазымды адамдарға жəне өзге де тұлғаларға елеулі маңызы бар қажетті мəліметтерді ұсыну туралы сұрау салу жіберілген жағдайларда;
2) төтенше жағдай енгізілген кезде оның қолданылу кезеңіне көзделген негізгі жəне уақытша шектеу шаралары ескеріле отырып тоқтатыла тұрады.
Тоқтатыла тұрған тексеруді жүргізу мерзімін есептеу ол қайта басталған күннен бастап жалғасады.
5. Тексеру нəтижелері бойынша уəкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамы:
1) тексеру нəтижелері туралы анықтама;
2) тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыну жасайды.
Тексеру нəтижелері туралы анықтаманың бірінші данасы электрондық нысанда өз құзыреті шегінде мемлекеттік құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органға тапсырылады, екінші данасы танысу үшін қағаз жеткізгіште қол қойғызып немесе электрондық нысанда тексерілетін мемлекеттік органға (басшыға не оның уəкілетті адамына) табыс етіледі, үшінші данасы уəкілетті органда немесе оның аумақтық бөлімшесінде қалады.
Тексерудің басталуы, тексеру мерзімдерін ұзарту жəне (немесе) тоқтата тұру туралы, уəкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің тексеруші лауазымды адамдары құрамының өзгергені туралы хабарламалардың, тексеру нəтижелері туралы анықтаманың жəне тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынудың нысандарын уəкілетті орган бекітеді.
6. Тексеру нəтижелері туралы анықтама тексеру мерзімінің соңғы күнінен кешіктірілмей жасалады.
7. Тексеру нəтижелері туралы анықтама тексерілетін мемлекеттік органға жіберілген күн тексерудің аяқталған күні деп есептеледі.
8. Тексеру нəтижелері бойынша ескертулер жəне (немесе) қарсылықтар болған жағдайда тексерілетін мемлекеттік органның басшысы тексеру нəтижелері туралы анықтама алынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ескертулерді жəне (немесе) қарсылықтарды жазбаша түрде жазады.
Ескертулер жəне (немесе) қарсылықтар тексеру нəтижелері туралы анықтамаға қоса беріледі, бұл туралы уəкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің тексеруші лауазымды адамы тиісті белгі жасайды.
58-4-бап. Уəкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамдары тексеру жүргізу кезінде анықталған бұзушылықтар фактілері бойынша қабылдайтын шаралар
1. Тексеру нəтижелері бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда уəкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесі тексерілетін мемлекеттік органға тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы қарауға міндетті ұсыну енгізеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де шараларды қабылдайды.
Тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынуды уəкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесі тексерілетін мемлекеттік органға тексеру нəтижелері туралы анықтама жасалған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей енгізеді.
2. Тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыну онда көрсетілген бұзушылықтарды күнтізбелік отыз күн ішінде жою жөнінде шаралар қабылдана отырып қаралуға жатады.
3. Тексерілетін мемлекеттік орган тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыну қаралған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде онда көрсетілген бұзушылықтарды жою қорытындылары туралы ақпаратты уəкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшесіне жібереді.
58-5-бап. Уəкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшесі лауазымды адамдарының құқықтары
Уəкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшесі лауазымды адамдарының тексеру жүргізу кезінде:
1) тексерілетін мемлекеттік органның аумағына жəне үй-жайларына кедергісіз кіруге;
2) тексеру нəтижелері туралы анықтамаға немесе тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынуға қоса тіркеу үшін қағаз жəне электрондық жеткізгіштердегі құжаттардың (мəліметтердің) көшірмелерін, сондай-ақ тексерудің нысанасына сəйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділікті алуға;
3) аудио-, фото- жəне бейнетүсірілімді жүзеге асыруға;
4) тексерудің нысанасына жататын техникалық бақылау құралдарының, байқау жəне тіркеп-белгілеу аспаптарының, фото- жəне бейнеаппаратураның жазбаларын пайдалануға;
5) мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың мамандарын, консультанттарын жəне сарапшыларын тартуға құқығы бар.
58-6-бап. Тексерілетін мемлекеттік орган мен оның лауазымды адамдарының тексеруді жүзеге асыру кезіндегі құқықтары мен міндеттері
1. Тексеру жүзеге асырылған кезде тексерілетін мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары:
1) уəкілетті органның жəне оның аумақтық бөлімшесінің тексеру жүргізу үшін келген лауазымды адамдарын:
тексеру мерзімдері асып кеткен не өтіп кеткен;
тексеруді жүргізу тиісті өкілеттіктері жоқ адамдарға тапсырылған;
тексеру мерзімдері осы Заңда белгіленген мерзімнен артық ұзартылған;
осы Заңда белгіленген тексеру жүргізу талаптары өрескел бұзылған жағдайларда тексеруге жібермеуге;
2) егер мəліметтер жүргізіліп жатқан тексерудің нысанасына жатпаса, оларды ұсынбауға;
3) осы Заңда жəне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен тексеру нəтижелеріне (тексеру нəтижелері туралы анықтамаға, тексеру нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынуға) жəне уəкілетті органның жəне оның аумақтық бөлімшесінің тексеруші лауазымды адамдарының əрекеттеріне (əрекетсіздігіне) шағым жасауға;