1025-бап. Тауар белгiсiн пайдалану құқығы
1. Тауар белгiсiне құқық иесiнiң өзiне тиесiлi белгiлердi қолдануға және билiк етуге айрықша құқығы бар.
2. Тауар белгiсiн кез келген айналымға енгізу: дайындау, қолдану, әкелу, сақтау, сатуға ұсыну, тауар белгiсiн немесе осы белгiмен белгіленген тауардан сату, маңдайшадағы жазуда, жарнамада, баспа өнімдерінде немесе өзге де іскерлік құжаттамада пайдалану тауар белгiсiн пайдалану болып саналады.
2007.19.06 № 264-III ҚР Заңымен 2- тармақпен толықтырылды
3. Тауар белгілері және тауар белгілерімен белгіленген тауарлар жарнамасының ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
1026-бап. Қазақстан Республикасының аумағында тауар белгiсiн құқықтық қорғау
Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының патенттiк органы (ұйымы) немесе Қазақстан Республикасының бекітілген халықаралық шартына орай халықаралық ұйым тiркеген тауар белгiсiне құқықтық қорғау берiледi.
1027-бап. Тауар белгiсiне құқықтың қолданылу мерзiмi
1. Тауар белгiсiнiң басымдығы, егер тауар белгiлерi туралы заң актілерінде өзгеше көзделмесе, патенттiк органға (ұйымға) өтiнiм түскен күн бойынша белгiленедi.
2. Тауар белгiсiне құқық өтiнiм тiркелген кезден бастап он жыл бойы күшiнде болады.
Тауар белгiсiне құқық иесiнiң тауар белгiсi қолданылуының соңғы жылы ішінде патенттік органға (ұйымға) берген арызы бойынша тауар белгiсiнiң қолданылу мерзiмiн он жылға ұзартудың тiркелуi мүмкiн. Ұзарту шектеусiз сан мәрте жүргiзiлуi мүмкiн.
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 1028-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
1028-бап. Тауар белгісін пайдаланбаудың салдары
Тауар белгiсiн дәлелсiз себептермен үш жыл бойы үздiксiз пайдаланбаған жағдайда кез келген мүдделi тұлғаның талап етуi бойынша оның тiркелу күшiнiң жойылуы мүмкiн.
Тауар белгiсiн пайдалануға лицензиялық шарт жасасу оны пайдалану болып есептеледi.
1029-бап. Тауар белгісiне құқықтың ауысуы
1. Құқық иесi куәлiкте көрсетiлген барлық тауарлар мен қызмет көрсетулер сыныптарына не олардың бiр бөлiктерiне қатысты тауар белгiсiне құқығын шарт бойынша басқа тұлғаға беруi мүмкiн.
2. Егер тауар белгiсiне құқық тауарға немесе оны дайындаушыға қатысты жаңылыстыруға себепкер болса, ол белгiге құқықты беруге жол берiлмейдi.
3. Тауар белгiсiне құқықтың ауысуы, соның iшiнде оның шарт бойынша немесе құқықтық мирасқорлық тәртібімен берiлуi патенттiк органда (ұйымда) тiркелуге тиiс.
1030-бап. Тауар белгiсiн пайдалануға рұқсат беру
1. Құқық иесi куәлiкте көрсетiлген тауарлар мен қызмет көрсетулердiң барлық сыныптарына не олардың бөлiктерiне қатысты тауар белгiсiн пайдалану құқығын лицензиялық шарт бойынша басқа тұлғаға беруi мүмкiн (осы Кодекстiң 966-бабы).
2. Лицензиатқа тауар белгiсiн пайдалануға рұқсат ететiн лицензиялық шартта, лицензиат тауарларының немесе көрсететiн қызметiнiң сапасы лицензиар тауарларының немесе көрсететiн қызметтерiнiң сапасынан төмен болмайтындығы және лицензиардың осы шарттың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға құқығы бар екендiгi туралы талапты қамтуға тиіс.
3. Тауар белгiсiне құқықтың қолданылуы тоқтатылған жағдайда лицензиялық шарттың қолданылуы тоқтатылады.
4. Тауар белгiсiне құқықтың басқа тұлғаға ауысуы лицензиялық шарттың тоқтатылуына әкеп соқпайды.
1031-бап. Тауар белгiсiне құқық беру туралы шарттар мен лицензиялық шарттардың нысаны және оларды тiркеу
Тауар белгiсiне құқық беру туралы шарт немесе лицензиялық шарт жазбаша нысанда жасалып, патенттік органға (ұйымға) тiркелуге тиiс.
Жазбаша нысан мен тiркеу туралы талапты сақтамау шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
1032-бап. Тауар белгiсiне құқықты бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
Тауар белгiсiн не оған араласу дәрежесiне дейiнгi ұқсас белгілеудi заңсыз пайдаланушы тұлға тәртiп бұзуды тоқтатуға және тауар белгiсiнiң иесiне келтiрiлген залалдарды өтеуге мiндеттi (осы Кодекстiң 9-бабы).
Тауар белгiсiн заңсыз пайдаланушы тұлға тауар белгiсiнiң дайындалған бейнелерін жоюға, тауардан немесе оның қорабынан заңсыз пайдаланылған тауар белгісін немесе олармен араласу дәрежесiне дейiн ұқсас белгiлеудi алып тастауға мiндеттi.
Осы баптың екiншi бөлiгiнде белгiленген талаптарды орындауға мүмкiндiк болмаған жағдайда тиiстi тауар жойылуға тиiс.
3. Тауар шығарылатын жердiң атауы
1033-бап. Тауар шығарылатын жердiң атауын құқықтық қорғау талабы
1. Тауар шығарылатын жердiң атауына, заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, оны тiркеудiң негiзiнде құқықтық қорғау берiледi. Айрықша қасиет ерекшелiгiмен немесе негiзiнен географиялық объектiге тән табиғи жағдайлармен немесе өзге де факторлармен не табиғи жағдайлардың және сол факторлардың ұштасуымен айқындалатын тауарды белгiлеу үшiн пайдаланылатын елдiң, елдi мекеннiң, жердiң немесе басқа да географиялық объектiнiң атауы тауардың шыққан жерiнiң атауы (шыққан жерiн көрсету) деп танылады.
Тауар шығарылатын жердiң атауы географиялық объектiнiң тарихи атауы болуы мүмкiн.
2. Географиялық объектiнi бiлдiретiн немесе оның атауын беретін, бірақ Қазақстан республикасында тауар әзірленген жерге байланыссыз белгiлi бiр тауар түрiнiң белгiсi ретiнде жаппай қолдануға енiп кеткен белгi осы параграфтың ережелерiне сәйкес тауар шығарылатын жердiң атауы деп танылмайды және ол құқықтық қорғау мақсаты үшiн тiркелуге жатқызылмайды. Алайда бұл мұндай атауды адал пайдаланбаудан құқықтары бұзылған тұлғаны оларды заң актілерінде көзделген өзге де әдістермен, соның iшiнде терiс пиғылды бәсеке туралы ережелердiң негiзiнде қорғау мүмкiндiгiнен айырмайды.
3. Тауар шығарылатын жердiң атауын тiркеудi патенттiк орган (ұйым) жүзеге асырады.
Тiркеудiң негiзiнде тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығы туралы куәлiк берiледi.
Тiркеудiң және куәлiк берудiң, оларды жарамсыз деп танудың және тiркеу мен куәлiктiң қолданылуын тоқтатудың тәртібі мен талаптары тауар белгiлерi, қызмет көрсету белгiлерi және тауар шығарылатын жердiң атауы туралы заң актілерімен белгiленедi.
1034-бап. Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығы
1. Тауар шығарылатын жердің атауын пайдалану құқығын иеленушi тұлға осы атауды тауарға, оның қорабына, жарнамада, анықтамалықтарда, шоттарда орналастыруға және осы тауарды азаматтық айналымға енгізуге байланысты оны өзге де түрде пайдалануға құқылы.
2. Осы Кодекстiң 1033-бабының 1-тармағында аталған талаптарға сай келетiн тауарды белгiлеу үшiн тауар шығарылатын жердiң атауын бiрнеше тұлға бiрлесiп те, бiр-бiрiне тәуелсiз де тiркетуi мүмкiн. Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығы мұндай тұлғалардың әрқайсысында болады.
3. Тауар шығарылатын жердiң тiркелген атауына бара-бар немесе ұқсас географиялық белгiлеудi ол алғаш тiркелген күнге дейiн кемiнде алты ай бұрын адал ниетпен пайдаланған тұлға патенттiк орган (ұйым) белгiлеген мерзiм iшiнде, бiрақ аталған тiркеу күнiнен бастап санағанда кемiнде жетi жыл бойы одан әрi пайдалану құқығын сақтайды.
4. Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығын иелiктен алуға, оны беру туралы өзге де мәмiлелерге және оны лицензия негізінде пайдалануға беруге жол берілмейді.
1035-бап. Тауар шығарылатын жердiң атауын құқықтық қорғаудың қолданылуы аясы
1. Қазақстан Республикасында республика аумағында орналасқан тауарлар шығарылатын жердің атауларына құқықтық қорғау берiледi.
2. Басқа мемлекеттегi тауар шығарылатын жердiң атауын құқықтық қорғау, егер осы атау тауар шығарылатын елде, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тіркелген болса, осы Кодекске сәйкес Қазақстан Республикасына берiледi.
1036-бап. Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығына куәлiктiң қолданылу мерзiмi
Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығына куәлiк патенттiк органға (ұйымға) өтiнiм түскен күннен бастап есептегенде он жыл бойы қолданылады.
Куәлiктiң қолданылу мерзiмi оның иесiнiң куәлiк қолданылуының соңғы жылы iшiнде берген өтiнiшi бойынша атауды пайдалануға құқық беретiн талаптардың сақталуы жағдайында он жылға ұзартылуы мүмкiн. Ұзартылу шектеусiз сан мәрте жүргiзiлуi мүмкiн.
1037-бап. Тауар шығарылатын жердiң атауын заңсыз пайдалану үшiн жауапкершiлiк
1. Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалануға құқығын иеленушi тұлға, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ұйымдар бұл атауды заңсыз пайдаланушыдан оны пайдалануды тоқтатуды, тауардан, оның қорабынан, бланкiлерден және басқа да құжаттамадан заңсыз пайдаланылған атауды немесе олармен араласу дәрежесiне дейiн ұқсас белгiнi алып тастауды, атаудың немесе олармен араласу дәрежесiне дейiн ұқсас белгiнiң дайындалған бейнелерiн жоюды, ал егер бұл мүмкiн болмаса, тауарды және (немесе) оның қораптарын алып тастау мен жоюды талап ете алады.
2. Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығын иеленушi тұлға осы құқықты бұзушыдан келтiрiлген залалдарды өтеудi талап етуге құқылы (осы Кодекстiң 9-бабы).
6 бөлiм Мұрагерлік құқық
57-тарау. Мұрагерлік туралы жалпы ережелер
1038-бап. Мұрагерлiк
1. Мұрагерлік - қайтыс болған азамат (мұра қалдырушы) мүлкiнiң басқа адамға (адамдарға) - мұрагерге (мұрагерлерге) ауысуы.
2. Қайтыс болған азаматтың мұрасы басқа адамдарға әмбебап құқық мирасқорлығы талаптарымен, егер осы бөлiмнiң ережелерiнен өзгеше туындамаса, бiрыңғай тұтас нәрсе ретiнде және бiр-ақ мезгiлде ауысады.
3. Мұрагерлiк осы Кодекспен, ал тiкелей өзi белгiлеген жағдайларда өзге де заң актілерімен реттеледi.
1039-бап. Мұрагерлiктiң негiздерi
1. Мұрагерлiк өсиет және (немесе) заң бойынша жүзеге асырылады.
2. Өсиет қалдырылмаған не бүкiл мұраның тағдыры айқындалмаған кезде, сондай-ақ осы Кодексте белгiленген өзге де жағдайларда мұрагерлiк заң бойынша орын алады.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 1040-бап өзгертілді
1040-бап. Мұраның құрамы
1. Мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесiлi мүлiк, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын құқықтары мен мiндеттерi кiредi.
2. Мұра қалдырушының жеке басына тығыз байланысты мына құқықтар мен мiндеттер:
1) егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, заңды тұлғалар болып табылатын ұйымдарға мүше болу құқығы;
2) өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу құқығы;
3) алименттiк мiндеттемелерден туындайтын құқықтар мен мiндеттер;
4) зейнетақы төлемдеріне, жәрдемақылар мен Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының және Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңдарының негізінде басқа да төлемдер алу құқығы;
5) заңнамалық актілерде белгіленген жағдайларды қоспағанда, мүлiктiк құқықтармен байланысы жоқ жеке мүлiктiк емес құқықтар мұраның құрамына кiрмейдi.
3. Мұра қалдырушыға тиесілі болған жеке мүліктік емес құқықтар мен басқа да материалдық емес игiлiктердi мұрагерлердiң жүзеге асыруы және қорғауы мүмкiн.
1041-бап. Ортақ бiрлескен меншiк болып табылатын мүлiкке мұрагерлiк
1. Ортақ бiрлескен меншiкке қатысушының қайтыс болуы оның меншiктегi үлесiн айқындау және ортақ мүлiктi бөлу не осы Кодекстiң 218-бабында белгiленген тәртiппен одан қайтыс болған қатысушының үлесiн бөлiп шығару үшiн негiз болып табылады. Бұл жағдайда мұра қайтыс болған қатысушының ортақ мүлiктегi үлесiне, ал мүлiктi заттай бөлу мүмкiн болмаған кезде - үлестiң құнына қатысты ашылады.
2. Ортақ бiрлескен меншiкке қатысушы ол қайтыс болғаннан кейiн осы баптың 1-тармағына сәйкес айқындалатын ортақ мүлiктегi өз үлесiне өсиет қалдыруға құқылы.
1042-бап. Мұраның ашылуы
1. Мұра азаматтың қайтыс болуы немесе оны қайтыс болды деп жариялау салдарынан ашылады.
2. Мұра қалдырушының қайтыс болған күнi, ал оны қайтыс болған деп жариялаған кезде, егер сот шешімінде басқа күн көрсетiлмесе, азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi күшiне енген күн мұраның ашылу уақыты болып табылады.
3. Егер бiрiнен кейiн бiрi мұрагер болуға құқылы адамдар бiр күнде қайтыс болса олар бiр мезгiлде қайтыс болған деп танылады және олардың әрқайсысынан кейін мұрагерлік ашылады да олардың әрқайсысының мұрагерлері мұрагерлiкке шақырылады.
1043-бап. Мұраның ашылу орны
Мұра қалдырушының соңғы тұрған жерi, ал егер ол белгiсiз болса - мүлiктiң немесе оның негiзгi бөлiгiнiң орналасқан жерi мұраның ашылу орны болып табылады.
1044-бап. Мұрагерлер
1. Мұра ашылған кезде тiрi жүрген, сондай-ақ мұра қалдырушының тiрi кезiнде iште қалған және мұра ашылғаннан кейiн тiрi туған азаматтар өсиет және заң бойынша мұрагер бола алады.
2. Мұра ашылғанға дейiн құрылған және мұраның ашылу уақытында болған заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекет өсиет бойынша мұрагерлер болуы мүмкiн.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 1045-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
1045-бап. Мұрадан лайықсыз мұрагерлердi шеттету
1. Мұра қалдырушыны немесе мүмкiн болатын мұрагерлердiң бiреуiн қасақана өлтiрген немесе олардың өмiрiне қастандық жасаған адамдардың өсиет бойынша да, заң бойынша да мұра алуға құқығы жоқ. Бұған өсиет қалдырушы оның өмiрiне қастандық жасалғаннан кейiн өздерiне қатысты өсиет қалдырған адамдар кiрмейдi.
2. Мұра қалдырушының соңғы еркiн жүзеге асыруға қасақана кедергi жасаған және сол арқылы олардың өздерiн немесе оларға жақын адамдарды мұрагерлiкке шақыруға не мұраның оларға тиесілі үлесін көбейтуге ықпал жасаған адамдардың өсиет бойынша да, заң бойынша да мұра алуға құқығы жоқ.
3. Балаларына ата-аналық құқықтарынан айырылған және мұра ашылған кезде бұл құқықтарын қалпына келтiрмеген ата-аналардың балаларынан қалған мұраны, сондай-ақ мұра қалдырушыны күту жөнiнде өздерiне заң күшiмен жүктелген мiндеттердi орындаудан жалтарған ата-аналардың (асырап алушылардың) және кәмелетке толған (асырап алынған) балалардың заң бойынша мұраны алуға құқығы жоқ.
4. Лайықсыз мұрагерлердi мұрагерлiктен шеттетуге негiз болатын мән-жайларды сот белгiлейдi.
4-1. Осы баптың негізінде мұрагерлікке құқығы жоқ немесе мұрагерліктен шеттетілген адам (лайықсыз мұрагер) мұраның құрамынан негізсіз алған барлық мүлікті қайтаруға міндетті.
Мұрагерлік мүлікті қайтару мүмкін болмаған кезде лайықсыз мұрагер оның нарықтық құнын өтеуге міндеті.
5. Осы баптың ережелері өсиеттік бас тартуға да қолданылады (осы Кодекстің 1057-бабы).
Лайықсыз бас тартушы үшін белгілі бір жұмысты орындау немесе оған белгілі бір қызмет көрсету өсиеттік бас тартудың нысаны болған жағдайда, ол өсиеттік бас тартуды орындаған мұрагерге атқарған жұмыстың немесе оған көрсетілген қызметтің құнын өтеуге міндетті.
6. Осы баптың ережелерi барлық мұрагерлерге, соның iшiнде міндеттi үлеске құқығы бар мұрагерлерге де қолданылады.
58-тарау. Өсиет бойынша мұрагерлік
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 1046-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
1046-бап. Жалпы ережелер
1. Азаматтың ол қайтыс болған жағдайда өзiне тиесiлi мүлiкке билiк ету жөнiнде өз ықтиярын бiлдiруi өсиет болып танылады.
1-1. Өсиетті оны жасаған кезде толық әрекет қабілеттілігі бар азамат жасайды.
2. Азамат өзінің барлық мүлкiн немесе оның бiр бөлігін заң бойынша мұрагерлер тобына кiретiн де, кiрмейтiн де бiр не бiрнеше адамға, сондай-ақ заңды тұлғаларға және мемлекетке өсиет етiп қалдыра алады.
3. Өсиеттi өзi жасауға тиiс. Өкiл арқылы өсиет жасауға жол берiлмейдi.
4. Өсиет қалдырушы себебiн түсiндiрместен заң бойынша мұрагерлердiң бiреуiн, бiрнешеуiн немесе барлығын мұрадан айыруға құқылы. Егер өсиеттен өзгеше туындамаса, заң бойынша мұрагердi мұрадан айыру оның ұсынылу құқығы бойынша мұрагерлiк етушi ұрпақтарына қолданылмайды.
5. Мұра қалдырушы өзінің кез келген мүлкі, оның ішінде болашақта сатып алуы мүмкін мүлкі туралы да өкім бар өсиет жасауға құқылы.
Өсиет қалдырушы мұрагерлердің мұрадағы үлесін кез келген түрде белгілеуі мүмкін, әртүрлі мүлікке қатысты бір немесе бірнеше өсиет жасай отырып, өз мүлкіне немесе оның қандай да бір бөлігіне билік ете алады.
6. Мұра қалдырушы жасалған өсиеттiң оны жасағаннан кейiн кез келген уақытта күшiн жоюға және өзгертуге ерiктi және күшiн жоюдың немесе өзгертудiң себебiн көрсетуге мiндеттi емес.
7. Мұра қалдырушының өсиетте өзi мұрагер етiп тағайындаған адамдарға, олар қайтыс болған жағдайда өз кезегiнде өсиет еткен мүлiктi белгiлi бiр түрде билiк ету мiндетiн жүктеуге құқығы жоқ.
1047-бап. Талап қойылған өсиет
1. Өсиет қалдырушы мұрагер мiнез-құлқының сипатына қатысты мұра алуды белгiлi бiр талаппен байланыстыруға құқылы.
2. Мұрагер тағайындау немесе мұра алу құқығынан айыру туралы өкiмге енгiзiлген заңға қарсы талаптар жарамсыз болады.
3. Өсиетке енгiзiлген мұрагердiң денсаулық жағдайы бойынша немесе өзге де объективтi себептерге байланысты мұрагер үшiн орындалмайтын талаптар мұрагердiң талап қоюы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
1048-бап. Мұрагерлердi қосымша тағайындау
1. Өсиет қалдырушы өсиетте көрсетiлген мұрагер мұра ашылғанға дейiн қайтыс болған, оны қабылдамаған не одан бас тартқан немесе осы Кодекстiң 1045-бабындағы тәртiппен лайықсыз мұрагер ретiнде мұрагерлiктен шеттетiлген жағдайда, сондай-ақ мұрагер мұра қалдырушының заңды талаптарын өсиет бойынша орындамаған жағдайда, басқа мұрагер тағайындай алады (мұрагердi қосымша тағайындау).
2. Осы Кодекстiң 1044-бабына сәйкес мұрагер бола алатын кез келген адам қосымша тағайындалған мұрагер болуы мүмкiн.
3. Өсиет бойынша мұрагердiң қосымша тағайындалған мұрагерге пайдасы тимейтiн бас тартуына жол берiлмейдi.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 1049-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
1049-бап. Мүлiктiң өсиет етiлмей қалған бөлiгiне мұрагерлiк
1. Мүлiктiң өсиет етiлмей қалған бөлiгi осы Кодекстiң 1061-1064-баптарындағы тәртiппен мұрагерлiкке шақырылған мұрагерлер арасында заң бойынша бөлiнедi.
2. Бұл мұрагерлердiң қатарына заң бойынша мүлiктiң басқа бөлiгi өсиет арқылы қалдырылған мұрагерлер де кiредi.
1050-бап. Өсиеттiң нысаны туралы жалпы ережелер
1. Өсиет оның жасалған жерi мен уақыты көрсетiле отырып, жазбаша нысанда жасалып, нотариатта куәландырылуға тиiс.
2. Мыналар:
1) нотариатта куәландырылған өсиеттер;
2) нотариатта куәландырылғандарға теңестірiлетін өсиеттер тиiсiнше ресiмделген болып танылады.
3. Өсиетке өсиет қалдырушының өзi қол қоюы қажет.
Егер өсиет қалдырушы дене кемiстiктерiне, науқастығына немесе сауатсыздығына байланысты өсиетке өзi қол қоя алмаса, оның өтiнiшi бойынша оған нотариустың немесе өсиеттi куәландырушы басқа адамның қатысуымен өсиет қалдырушының өсиетке өзi қол қоя алмауының себебiн көрсете отырып, басқа азаматтың қол қоюы мүмкiн.
4. Осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес өсиеттi жазу, оған қол қою немесе куәландыру кезiнде куәлар қатысуға тиiс болған жағдайларда:
1) нотариус немесе өсиеттi куәландыратын өзге адам;
2) пайдасына өсиет жазылған немесе өсиет қалдырудан бас тартылған адам, оның зайыбы, оның балалары, ата-аналары, немерелерi мен шөберелерi, сондай-ақ өсиет қалдырушының заң бойынша мұрагерлерi;
3) толық әрекетке қабiлеттілігiн иеленбейтiн азаматтар;
4) сауатсыз және өсиеттi оқуға қабiлетсiз басқа да адамдар;
5) жалған жауап бергенi үшiн соттылығы бар адамдар куә бола алмайды, сондай-ақ өсиет қалдырушының орнына өсиетке қол қоя алмайды.
1051-бап. Нотариатта куәландырылған өсиет
1. Нотариатта куәландырылған өсиеттi өсиет қалдырушы жазуы керек не өсиет қалдырушының айтуымен куәның қатысуы арқылы нотариус жазуға тиiс. Өсиет қалдырушының айтуымен өсиет жазылған кезде нотариус жалпы жұрт қабылдаған техникалық құралдарды (жазу машинкасы, дербес компьютер және т.б.) пайдалануы мүмкiн.
2. Өсиет қалдырушының айтуы бойынша нотариус жазған өсиеттi өсиетке қол қойылғанға дейiн нотариус пен куәның қатысуы арқылы өсиет қалдырушы толық оқып шығуға тиіс.
Егер өсиет қалдырушы дене кемiстiктерiне, науқастығына немесе сауатсыздығына байланысты өсиеттi өзi оқи алмайтын болса, ол үшiн оның мәтiнiн нотариустың қатысуымен куә оқып бередi, ол туралы өсиет қалдырушының өсиеттi өзi оқи алмауының себептерi көрсетіліп, өсиетте тиiстi жазба жасалады.
3. Егер нотариат куәландырған өсиет куәның қатысуымен жасалса, өсиетте куәның тегi, аты және тұрақты тұратын жерi көрсетiлуге тиiс. Осындай мәлiметтер өсиетке өсиет қалдырушының орнына қол қойған адамға қатысты да енгiзілуi тиiс.
4. Өсиет қалдырушының тiлегi бойынша нотариус өсиеттiң мазмұнымен таныспай-ақ оны куәландырады (құпия өсиет).
Құпия өсиет, оның жарамсыз болып қалу қаупiмен, өсиет қалдырушының өз қолымен жазылуға және қолы қойылуға, екi куәның және нотариустың қатысуымен куәлар қол қоятын конвертке салынып, желiмденуге тиiс. Куәлар қол қойған конверт куәлардың және нотариустың қатысуымен, нотариус куәландырып қол қоятын басқа конвертке салынып желiмденедi.
5. Нотариус жоқ елдi мекендерде тұратын адамдардың өсиетiн заң актілерінде нотариат әрекеттерiн жасауға уәкiлдiк берiлген лауазымды адамдар куәландырады.
1052-бап. Нотариатта куәландырылғандарға теңестiрiлетiн өсиеттер
1. Нотариатта куәландырылған өсиеттерге:
1) ауруханаларда, санаторийлерде, өзге де емдеу-алдын алу мекемелерiнде емделiп жатқан, сондай-ақ қарттар мен мүгедектерге арналған үйлерде тұратын азаматтардың осы ауруханалардың, санаторийлердiң, өзге де емдеу-алдын алу мекемелерiнiң бас дәрiгерлерi және кезекшi дәрiгерлерi, сондай-ақ қарттар мен мүгедектерге арналған үйлердiң директорлары, бас дәрiгерлерi куәландырған өсиеттерi;
2) госпитальдарда, санаторийлерде және басқа да әскери-емдеу мекемелерiнде емделiп жатқан әскери қызметшiлер мен басқа адамдардың осы госпитальдардың, санаторийлердiң және басқа да әскери-емдеу мекемелерiнiң бастықтары, олардың медицина бөлiмi жөніндегі орынбасарлары, аға және кезекшi дәрiгерлерi куәландырған өсиеттерi;
3) жүзу кезiнде Қазақстан Республикасының жалауымен теңiз кемелерiнде немесе iшкi жүзу кемелерiнде жүрген азаматтардың осы кемелердiң капитандары куәландырған өсиеттерi;
4) барлау және басқа да экспедицияда жүрген азаматтардың осы экспедициялардың бастықтары куәландырған өсиеттерi;
5) нотариустары және нотариат әрекеттерiн жасауға уәкiлдiк берiлген лауазымды адамдары жоқ әскери бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелердiң, әскери-оқу орындарының орналасқан мекендеріндегі әскери қызметшiлердiң өсиеттерi, сондай-ақ осы бөлiмдерде жұмыс iстейтiн жай адамдардың, олардың отбасы мүшелерiнiң және әскери қызметшiлердiң отбасы мүшелерiнiң де әскери бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелер мен оқу орындарының командирлерi (бастықтары) куәландырған өсиеттерi;
6) бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған өсиеттерi теңестiрiледi.
2. Өсиет қалдырушы, осы баптың 1-тармағында көзделген өсиеттерге, өсиетке өзi де қол қоятын куәның қатысуымен қол қоюға тиiс.
Осы баптың 1-тармағында келтiрiлген лауазымды адамдар куәландырылған өсиеттiң бiр данасын нотариат туралы заңдарға сәйкес нотариустың сақтауына беруге мiндеттi.
Өсиеттiң нотариатта куәландырылуы туралы талаптарды қоспағанда, мұндай өсиеттердiң өзгелерiне тиiсiнше осы Кодекстiң 1051-бабының ережелерi қолданылады.
1053-бап. Өсиеттiң күшiн жою және оны өзгерту
1. Өсиет қалдырушы өзi жасаған өсиеттiң кез келген уақытта күшiн жоюға немесе оны өзгертуге құқылы.
2. Өсиеттiң күшi:
1) нотариат кеңсесiне бұрын өзi жасаған өсиеттiң толық күшiн жою туралы өтiнiш беру;
2) жаңа өсиет жасау жолымен жойылуы мүмкiн.
3. Өсиет:
1) нотариат кеңсесiне бұрын өзi жасаған өсиеттiң белгiлi бiр бөлiгiн өзгерту туралы өтiнiш беру;
2) бұрын жасалған өсиетті бөлiктерi бойынша өзгертетiн жаңа өсиет жасау жолымен өзгертiлуi мүмкiн.
4. Бұрын жасалып, кейiнгi өсиет арқылы толық немесе iшiнара күшi жойылған өсиет, егер өсиет қалдырушы өз кезегiнде соңғысының күшiн жойса немесе өзгертсе, қалпына келтiрiлмейдi.