5. Өздiгiнен бас тарту, қарсылық білдіру туралы мәлiмдеменi қарау нәтижелерi бойынша мәлiмдеменi қанағаттандыру туралы не оларды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарылады.
816-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға әзiрлеу кезiнде судья, орган (лауазымды адам) қабылдайтын шешiм
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға әзiрлеу кезiнде судья, орган (лауазымды адам) мынадай:
1) iстiң қаралу уақыты мен орнын тағайындау туралы;
2) iс бойынша адамдарды шақыру, қажеттi қосымша материалдарды талап етіп алдыру туралы, қажет болған жағдайда сараптама тағайындау туралы;
3) iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы;
4) егер осы iстi қарау құзыретiне жатпаса не судьяға, лауазымды адамға қарсылық білдіру туралы ұйғарым шығарылса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы және iстiң басқа да материалдарын ведомстволық бағыныстылығы бойынша қарауға беру туралы;
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) осы Кодекстiң 812-бабына сәйкес iстi мәнi бойынша қарауға беру туралы шешім қабылдайды.
6) 2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген шешiмдер ұйғарым түрiнде шығарылады.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 6) тармақшасында көзделген шешiм қаулы түрiнде шығарылады.
4. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген судья, органдар (лауазымды адамдар) іс жүргізуде нақ сол бір адамға қатысты қозғалған екі және одан көп істің барын анықтай отырып, бұл істерді бірге қарау үшін бір іс жүргізуге біріктіруге құқылы.
5. Осы Кодекстiң 744-бабының төртiншi бөлiгiнде, 746-бабының алтыншы бөлiгiнде және 754-бабының бесiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда жауаптылыққа тартылып отырған тұлғаның, оның өкiлiнiң, куәнiң дәлелсiз себептермен келмеуіне байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қайта қарауға әзiрлеу кезiнде iстi қарайтын судья, орган (лауазымды адам) аталған адамдарды күштеп әкелу туралы ұйғарым шығаруға құқылы.
817-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарау мерзiмдерi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер iстi қарауға құқылы судья, орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы және iстiң басқа да материалдарын алған күннен бастап он бес тәулік ішінде қарайды.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге қатысушылардан өтiнiшхаттар түскен жағдайда не iстiң мән-жайларын қосымша анықтау қажет болған кезде iстi қарап жатқан судья, орган (лауазымды адам) iстiң қаралу мерзiмiн ұзартуы, бiрақ бiр айдан аспайтындай етіп ұзартуы мүмкiн. Мерзімді ұзарту туралы уәжді ұйғарым шығарылады.
3. Жасалуы әкімшілік қамаққа алуға, Қазақстан Республикасының шегiнен тыс әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберуге әкеп соғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама мен iстiң басқа да материалдары алынған күнi, ал әкiмшiлiк ұстап алуға ұшыраған адамға қатысты - ол ұстап алынған кезден бастап қырық сегiз сағаттан кешiктiрiлмей қаралады.
4. Егер өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған тұлға солардың негізінде лауазымды адам әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғаған тексеру нәтижелеріне және өзге де мән-жайларға шағым жасаса, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап жатқан судья, орган (лауазымды адам) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің қаралу мерзімін соттың тиісті шешімі шығарылғанға дейін және заңды күшіне енгенге дейін немесе өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған тұлғаның шағымын қарайтын органның (лауазымды адамның) шешіміне шағым жасаудың мерзімі өткенге дейін ұзартады.
818-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарау тәртiбi
1. Судья, орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға кiрiскенде:
1) iстi кiм қарайтынын, қандай iс қаралғалы жатқанын, кiм және осы Кодекстiң қандай бабының негiзiнде жауаптылыққа тартылып отырғанын хабарлайды;
2) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын жеке тұлғаның немесе заңды тұлға өкiлiнiң, сондай-ақ iстi қарауға қатысатын өзге де тұлғалардың келгенiне көз жеткiзедi;
3) iс бойынша іс жүргiзуге қатысушылардың жеке басын анықтайды және жеке тұлғаның заңды өкілдерінің немесе заңды тұлға өкiлдерiнiң, қорғаушының өкiлеттiктерiн тексереді;
4) іс бойынша iс жүргiзуге қатысушылардың келмеу себептерiн анықтайды және аталған адамдар болмағанда iсті қарау туралы не iсті қарауды кейiнге қалдыру туралы шешiм қабылдайды;
5) қажет болған жағдайларда iсті қарау кезiнде қатысуы мiндеттi болып табылатын адамды күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарады, аудармашыны тағайындайды;
6) iсті қарауға қатысатын адамдарға олардың құқықтары мен мiндеттерiн, оның ішінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен тегін заң көмегін алу құқығын түсiндiредi;
7) іс жүргізу тілін айқындайды, ана тiлiнде немесе өзіне қатысты іс жүргізіліп жатқан адам бiлетiн басқа да тiлде мәлімдеме жасау, түсiнiктемелер мен айғақтар беру, өтiнiшхаттар мәлімдеу, шағымдар жасау, іс материалдарымен танысу, оны қарау кезiнде сөз сөйлеу, аудармашының көрсететін қызметтерін тегiн пайдалану құқығын түсiндiредi;
8) мәлiмделген бас тартуды және өтiнiшхаттарды шешедi;
9) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы, ал қажет болған кезде істің өзге де материалдарын жариялайды;
10) өзiне қатысты iс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адамның түсiнiктемелерiн, iс жүргiзуге қатысатын басқа да адамдардың айғақтарын, маманның түсiндiрмесiн және сарапшының қорытындысын тыңдайды, өзге де дәлелдемелерді зерттейді, ал iстi қарауға прокурор қатысқан жағдайда оның қорытындысын тыңдайды;
11) iсті қарауды кейiнге қалдыру туралы ұйғарымды: iс қарайтын судьяның не лауазымды адамның, егер оған қарсылық білдіру iстi мәнi бойынша қарауға кедергi келтiрсе, өздiгiнен бас тартуы немесе оған қарсылық білдіру туралы мәлiмдеуге; егер қорғаушыға, уәкiлеттi өкiлге, сарапшыға немесе аудармашыға қарсылық білдіру iстi мәнi бойынша қарауға кедергi келтiрсе, көрсетілген қарсылық білдіруге; iстi қарауға қатысатын адамдардың келуі немесе iс бойынша қосымша материалдарды талап етіп алдыру қажеттiгiне байланысты, сондай-ақ осы Кодекстiң 51-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда шығарады. Қажет болған жағдайда судья немесе орган (лауазымды адам) сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығарады;
12) осы Кодекстiң 816-бабында көзделген жағдайларда iстi мәнi бойынша қарауға беру туралы ұйғарым шығарады.
2. Төрағалық етуші тікелей сот талқылауы барысында процеске қатысып отырған адамның тарапынан сотты құрметтемеушілік фактісін анықтай отырып, факт туралы жариялай отырып, осы баптың бірінші бөлігі 2), 4), 9) және 12) тармақшаларының талаптарын сақтамастан, кінәлі адамға осы Кодекстің 653-бабында көзделген әкімшілік жазаны қолдану туралы қаулы шығаруға құқылы.
Сот талқылауы барысында анықталған, процеске қатысып отырған адамның тарапынан сотты құрметтемеушілік фактісі туралы істі судья (сот) тікелей осы сот отырысында осы фактіні анықтап және сот отырысының хаттамасында тіркей отырып қарайды.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс қозғаған лауазымды адам немесе өкілдерінің әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істер қозғауға құқығы бар мемлекеттік органның өкілі істі қарауға қатысқан жағдайда, олар құқық бұзушылықтың мәні бойынша түсініктемелерді және оны жасауда адамның кінәлілігінің дәлелдемелерін бірінші болып ұсынады.
4. Қажет болған жағдайларда осы Кодексте көзделген басқа да процестік әрекеттер жүзеге асырылады.
819-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде анықтауға жататын мән-жайлар
1. Судья, орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың жасалғанын-жасалмағанын, осы тұлғаның оны жасауға кiнәлiлiгiн-кінәсіздігін, оның әкiмшiлiк жауаптылыққа жататынын-жатпайтынын, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлардың бар-жоғын, мүлiктiк залал келтiрiлгенiн-келтірілмегенін анықтауға, сондай-ақ iстiң дұрыс шешілуі үшiн маңызы бар басқа да мән-жайларды анықтауға мiндеттi.
2. Жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар анықталған жағдайда судья, орган (лауазымды адам) өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс қозғалған жеке тұлғаға салынатын әкімшілік айыппұл сомасын қысқартуға, бірақ айыппұлдың жалпы сомасының отыз пайызынан аспайтындай етіп қысқартуға құқылы.
820-бап. Сот отырысының хаттамасы
1. Бірінші сатыдағы соттың сот отырысында хаттама жүргізіледі. Егер өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезінде өз кінәсін толығымен мойындап, дәлелдемелерді зерттеу қажеттігі туралы мәлімдемесе, хаттаманың жүргізілуі міндетті емес. Бұл ретте жоғары тұрған сатылардағы сот iстi бiрiншi сатыдағы сот үшiн көзделген қағидалар бойынша қарай келiп, iстiң дұрыс шешiлуi үшiн маңызы бар қосымша материалдарды, алынған сараптама қорытындыларын зерттеу, отырысқа шақыртылған тұлғалардан жауап алу қажет болған жағдайларда, сондай-ақ өз бастамашылығы бойынша немесе өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғаның өтінішхаты бойынша сот отырысының хаттамасын жүргiзедi.
2. Сот отырысының хаттамасында мыналар:
1) отырыстың орны мен күні, оның басталу және аяқталу уақыты;
2) өзіне қатысты іс қаралып жатқан тұлға туралы мәліметтер: жеке тұлғалар үшін - тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), туған күні, тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен деректемелері, сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтер, жұмыс орны; заңды тұлғалар үшін - атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу нөмірі мен күні, сәйкестендіру нөмірі және банк деректемелері;
3) қаралып жатқан іс бойынша іс жүргізу тілі;
4) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы қаралып жатқан iстің оқиғасы;
5) судьяның, сот отырысы хатшысының лауазымы, тегі, аты-жөні;
6) істі қарауға қатысатын тұлғалардың келгендігі туралы, келмеген тұлғаларға белгіленген тәртіппен хабарланғаны туралы мәліметтер;
7) сот отырысының барысы;
8) қарсылық білдіру, өтінішхаттар және оларды қараудың нәтижелері;
9) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша iс жүргізуге қатысушыларға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру;
10) сот отырысына қатысушылар түсініктемелерінің, сұрақтары мен жауаптарының, сөйлеген сөздерінің мазмұны;
11) қаралған материалдар мен құжаттар;
12) сот отырысы барысында шығарылған қаулыға, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша соттың шешіміне нұсқау, оған шағым жасаудың мерзімі мен тәртібін түсіндіру;
13) сот отырысының хаттамасымен танысу және оған ескертулер беру мерзімін түсіндіру көрсетіледі.
3. Хаттама іс қаралған күннен бастап бес тәуліктен кешіктірілмей жасалып, оған судья және сот отырысының хатшысы қол қояды.
4. Судья өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаға, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге басқа да қатысушыларға сот отырысының хаттамасымен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
5. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргізуге қатысушылар сот отырысы хаттамасының жасалуының толықтығы мен анықтығына қатысты өз ескертулерін оған қол қойылғаннан кейін бес тәулік ішінде ұсынуға құқылы.
6. Сот отырысының хаттамасына ескертулерді судья олар берілген күннен бастап бес тәулік ішінде қарайды.
7. Сот отырысының хаттамасына ескертулерді қабылдау немесе қабылдамау туралы судья уәжді қаулы шығарады. Қаулыға және сот отырысының хаттамасына ескертулер сот отырысының хаттамасына қоса тігіледі.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 820-1-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
820-1-бап. Сот отырысын аудио-, бейнежазба құралдарымен түсіріп алу
1. Сот отырысы барысын түсіріп алу аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен жүзеге асырылады. Сот отырысын аудио-, бейнежазба құралдарымен түсіріп алуды сот отырысының хатшысы жүзеге асырады.
Жабдықтардың техникалық ақауы болған, жабдықтар болмаған немесе техникалық себептерге байланысты оны қолдану мүмкін болмаған жағдайларда сот отырысын аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен тіркеу жүзеге асырылмайды. Аудио-, бейнежазба құралдарын пайдаланудың мүмкін болмауы сот отырысын жалғастыруды жоққа шығармайды.
Аудио-, бейнежазба құралдарын пайдалану мүмкін болмаған жағдайда сот отырысының хатшысы сот отырысының хаттамасында аудио-, бейнежазба құралдарын пайдаланбау себептерін міндетті түрде көрсете отырып бұл туралы сотқа баяндайды.
2. Істі талқылауды аудио-, бейнежазба құралдарын пайдалана отырып, түсіріп алған жағдайда сот отырысының хатшысы жазбаша түрде қысқаша хаттама жасайды.
Сот отырысының қысқаша хаттамасында:
1) отырыстың орны мен датасы, оның басталу мен аяқталу уақыты;
2) іс қаралып жатқан тұлға туралы мәлімет: жеке тұлғалар үшін - тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), туған датасы, тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен деректемелері, сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері бойынша тіркелуі туралы мәлімет, жұмыс орны; заңды тұлғалар үшін - атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу нөмірі мен датасы, сәйкестендіру нөмірі мен банктік деректемелері;
3) судья, сот отырысы хатшысының лауазымдары, тектері, аты-жөндері;
4) соттың аудио-, бейнежазба құралдарын қолдануы туралы мәліметтер;
5) аудио-, бейнежазба бар файлдың атауы;
6) істі қарауға қатысушы тұлғалардың келуі туралы, қатыспаған тұлғаларды белгіленген тәртіппен хабардар ету туралы мәліметтер;
7) сот отырысы барысында шығарылған қаулыға сілтеме, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша сот шешімі, оған шағым жасау мерзімі мен тәртібін түсіндіру;
8) қаралған материалдар мен құжаттар;
9) аудио-, бейнежазбамен, сот отырысы хаттамасымен танысу және оларға ескертулер жасау мерзімін түсіндіру көрсетіледі.
Қысқаша хаттаманы судья мен сот отырысының хатшысы істі қараған күннен бастап үш тәуліктен кешіктірмей жасайды, қол қояды.
Аудио-, бейнежазбасы бар материалдық жеткізгіш пен сот отырысының қысқаша хаттамасы іс материалдарына қоса тіркеледі.
3. Судья әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғаның, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша істің басқа қатысушыларының аудио-, бейнежазбамен, сот отырысының қысқаша хаттамасымен танысу және оған қол қойғаннан кейін үш тәулік ішінде сот отырысының аудио-, бейнежазбасының, қаулысының жасалуының толықтығы мен анықтығына қатысты өз ескертулерін беру мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
4. Сот отырысының аудио-, бейнежазбасы мен сот отырысының қысқаша хаттамасына ескертулерді судья осы Кодекстің 820-бабының алтыншы және жетінші бөліктерінде белгіленген тәртіппен қарайды.
5. Сот отырыстарының аудио-, бейнежазбасы сот талқылауы барысын дәл түсіріп алу үшін, сондай-ақ азаматтық, қылмыстық сот ісін жүргізуде, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуде не тәртіптік іс бойынша іс жүргізу шеңберінде сот ісін жүргізу мақсатында ғана пайдаланылады.
Сот отырысы барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау мен жою тәртібін, сондай-ақ аудио-, бейнежазбаға қолжетімділік тәртібін соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган осы Кодекстің талаптарын ескере отырып айқындайды.
821-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау нәтижелерi бойынша шешiмдердiң түрлерi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарап, судья, орган (лауазымды адам) мынадай:
1) әкiмшiлiк жаза қолдану туралы;
2) іс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы;
3) iстi осы әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн өзгеше түрде немесе мөлшерде жаза қолдануға құқылы судьяның, органның (лауазымды адамның) қарауына беру туралы, сондай-ақ осы Кодекстiң 812-бабында көзделген жағдайларда iстi көлiк құралының (кеменің, оның iшiнде шағын көлемдi кеменің) есепке алынған жері бойынша қарауға беру туралы қаулылардың бiрiн шығарады.
2. Істі қарау нәтижесінде жасалған әрекетке заңдық бағаның дұрыс еместігін мойындай отырып, судья, орган (лауазымды адам) құқық бұзушылықтың саралануын заңның онша қатаң емес әкімшілік жазаны көздейтін бабына өзгертуге құқылы.
3. Көлік құралы жүргізушісін жол жүрісі қағидаларын білуін тексеру үшін емтихан тапсыруға жіберген кезде жол жүрісі қағидаларын білуін тексеруге жіберу туралы қаулы шығарылады, оның көшірмесі емтихан тапсыруға жіберілген адамға беріледі.
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 3-1-бөлікпен толықтырылды
3-1. Азаматтық және қызметтік қару иесін және (немесе) пайдаланушысын қаруды қауіпсіз ұстау қағидаларын білуін тексеру үшін емтихан тапсыруға жіберу кезінде қаруды қауіпсіз ұстау қағидаларын білуін тексеруге жіберу туралы қаулы шығарылады, оның көшірмесі емтихан тапсыруға жіберілетін адамға беріледі.
4. Өзіне қатысты іс қаралған тұлғаның әрекеттерінде осы Кодекстің басқа бабында немесе 2-бөлімі Ерекше бөлігі бабының бөлігінде көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда, сот құқық бұзушылықтың саралануын заңның онша қатаң емес әкiмшiлiк жаза көздейтiн бабына немесе бабының бөлігіне өзгертуге құқылы.
5. Іс бойынша іс жүргiзудi тоқтату туралы қаулы:
1) осы Кодекстiң 741-бабында көзделген іс бойынша iс жүргiзудi болғызбайтын мән-жайлар болған;
2) осы Кодекстiң 742-бабында көзделген әкiмшiлiк жауаптылыққа тартпауға мүмкiндiк беретiн мән-жайлар болған;
3) осы Кодекстiң 32-бабына сәйкес тұлғаны тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы мәселенi шешу үшiн iс материалдары тиiстi органдарға берілетiн жағдайларда шығарылады.
822-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыда:
1) қаулы шығарған судьяның, лауазымды адамның лауазымы, тегі, аты-жөні;
2) iстiң қаралған күнi мен орны;
3) өзiне қатысты iс қаралған тұлға туралы мәлiметтер: жеке тұлғалар үшiн - тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), туған жылы, айы, күнi, тұрғылықты жерi, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен деректемелерi, сәйкестендіру нөмiрi, тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенi туралы мәлiметтер, жұмыс орны; заңды тұлғалар үшiн - атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жерi, заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркеу нөмiрi мен күнi, сәйкестендіру нөмiрi және банк деректемелерi;
4) қаралып жатқан iс бойынша iс жүргiзу тiлi;
5) осы Кодекстiң әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылық көзделетiн бабы;
6) iстi қарау кезiнде анықталған мән-жайлар;
7) iс бойынша шешiм;
8) қаулыға шағым жасаудың тәртiбi мен мерзімдері;
9) айыппұлды ерікті түрде төлеу немесе әкімшілік жазаның өзге түрін орындау мерзімдері көрсетілуге тиіс.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы заңды және негізделген болуға тиiс.
Егер судья әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жаза қолдану туралы мәселенi шешу кезiнде кiнәлiнiң мүлiктiк залалды өтеуi туралы мәселенi бiр мезгiлде шешсе, онда қаулыда өндіріп алуға жататын залалдың мөлшерi, оны өтеу мерзiмi мен тәртiбi көрсетiледi.
Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы шешім шығарылған кезде, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының аумағын сол мерзім ішінде тастап кетуге тиіс қисында мерзім көрсетіледі.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыда жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген, алынып қойылған заттары мен құжаттары туралы, заңды тұлғаға тиесiлi алынып қойылған құжаттар мен мүлiк туралы мәселелер шешiлуге тиiс, бұл ретте:
1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаудың құралдары не нысанасы болған және әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған жеке немесе заңды тұлғаға тиесiлi заттар осы Кодекстiң 2-бөлiмiнің Ерекше бөлiгi нормаларының санкцияларында көзделген жағдайларда тәркiленедi не тиiстi мекемелерге берiледi немесе жойылады; қалған жағдайларда тиесiлiлігі бойынша қайтарылады;
2) айналысына тыйым салынған заттар тиiстi мекемелерге берiледi немесе жойылады;
3) құнды болып табылмайтын және пайдалануға келмейтін заттар жойылуға жатады, ал мүдделi тұлғалар өтiнiшхат берген жағдайларда оларға берiлуi мүмкiн;
4) заттай дәлелдемелер болып табылатын құжаттар iсте оның бүкiл сақталу мерзiмi iшiнде қалады не мүдделi тұлғаларға берiледi.
4. Қаулы шығарған судья, лауазымды адам әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға қол қояды.
823-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыны жариялау және қаулының көшiрмесiн тапсыру
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы iс қаралып бiткен соң дереу жарияланады.
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша өзіне қатысты қаулы шығарылған жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаның өкіліне, сондай-ақ жәбірленушіге, жеке тұлғаның заңды өкіліне, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғаған уәкілетті органға (лауазымды адамға) қаулының көшірмесі ол жарияланған күннен бастап үш тәулік ішінде тапсырылады және (немесе) жіберіледі.
Әкiмшiлiк қамаққа алу туралы қаулы шығарылған, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған жағдайда қаулының көшiрмесi прокурорға дереу жiберiледi.
3. Ұйым атыс қаруын, сондай-ақ оқ-дәрiлердi қызметтiк мiндеттерiн орындауына байланысты сенiп берген немесе уақытша пайдалануға берген тұлғаға қатысты осы Кодекстiң 436 және 484-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қаулының көшiрмесi тиiстi ұйымға жiберiледi.
824-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша ұйғарым
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша ұйғарымда шағым жасаудың мерзiмi мен тәртiбiн қоспағанда, осы Кодекстiң 822-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген мәлiметтер көрсетiлуге тиiс.
825-бап. Жаңылыс, қате жазуларды және арифметикалық қателерді түзету
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы шығарған судья, орган (лауазымды адам) іс бойынша іс жүргізуге қатысушылардың, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыны орындайтын сот орындаушысының, органның (лауазымды адамның) арызы бойынша немесе өз бастамашылығымен: қаулыда жіберілген жаңылыс, қате жазуларды және арифметикалық қателерді қаулының мазмұнын өзгертпей түзетуге құқылы.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағымдарды, наразылықтарды қарау нәтижелері бойынша қабылданған қаулыдағы жаңылыс, қате жазуларды және арифметикалық қателерді түзету осы бапта белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
3. Жаңылыс, қате жазуларды және арифметикалық қателерді түзетулер туралы арызды қарау арыз түскен күннен бастап үш тәулік ішінде жүргізіледі.
4. Жаңылыс, қате жазуларды немесе арифметикалық қатені түзету ұйғарым түрінде жүргізіледі.
5. Ұйғарымның көшірмесі ол шығарылған күннен бастап үш тәулік ішінде іс бойынша іс жүргізуге қатысушыларға, қаулыны орындайтын сот орындаушысына, органға (лауазымды адамға), сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасаған органға (лауазымды адамға) жіберіледі.