2. Әкімші ретінде қызметті жүзеге асыру үшін осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген адамдарға қойылатын талаптар:
1) құқық, экономика және бизнес саласындағы жоғары білім;
2) заңгерлік, экономикалық, бухгалтерлік, қаржылық, аудиторлық немесе бақылау-ревизия салаларындағы қатарынан үш жылдан кем емес жұмыс өтілі;
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда есепте тұрмауы;
4) жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығының болмауы;
5) соттың әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танымауы.
3. Өтініш берушінің уәкілетті органға қызметтің басталғаны туралы хабарламаны рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы беруі өтініш берушінің хабарламасын әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізіліміне енгізуге негіз болып табылады.
Хабарламаға:
1) егер осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген адам өтініш беруші болып табылған жағдайда - әкімші қызметін жүзеге асыру құқығына үміткер адамның біліктілік емтиханын тапсырғаны туралы Комиссияның шешімі қоса беріледі.
Әкімші қызметін жүзеге асыру құқығына үміткер адамның біліктілік емтиханын тапсырғаны туралы Комиссия шешімі осындай емтиханды тапсырған күннен бастап бір жыл бойы жарамды болады;
2) егер осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген адам өтініш беруші болып табылған жағдайда - кәсіби бухгалтердің сертификаты қоса беріледі.
4. Өтініш беруші хабарламада көрсеткен деректер өзгерген кезде, өтініш беруші деректер өзгерген күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті органға көрсетілген өзгерістер туралы хабарлама жіберуге міндетті.
Қызметі тоқтатылған кезде әкімші уәкілетті органға хабарлама жіберуге міндетті.
Әкімші оңалтуды және (немесе) банкроттықты басқарушылар ретінде қатысқан жағдайда, өз еркімен қызметін тоқтату туралы хабарламаға әрбір борышкер бойынша оңалтуды және (немесе) банкроттықты басқарушылардың жаңа кандидатурасын таңдау туралы кредиторлар жиналысы хаттамасының көшірмесі қоса беріледі.
5. Үлестес тұлға әкімші болып тағайындала алмайды.
Осы Заңның 82-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында және 3-тармағының 3) тармақшасында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған оңалту рәсімінде борышкерді басқару жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асырған тұлға оңалту рәсімін тоқтату туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап екі жыл бойы оңалту рәсімінде борышкерді басқару жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыру үшін тағайындала алмайды.
Осы баптың 8-тармағының 3), 4) және 6) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізілімінен шығарылған тұлға, егер шығарылған күнінен бастап үш жылдан аз уақыт өтсе, әкімші бола алмайды.
6. Оңалту рәсімін және банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде борышкердің барлық органдары басқарудан шеттетіледі және борышкерді басқарудың бірден-бір органы ретінде:
оңалту жоспарын бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап - оңалтуды басқарушы (ол оңалту рәсімінде тағайындалған жағдайда) немесе санацияға қатысушы;
борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап банкроттықты басқарушы тағайындалғанға дейін - уақытша басқарушы;
тағайындалған күнінен бастап банкроттықты басқарушы әрекет етеді.
Оңалтуды және банкроттықты басқарушылар, санацияға қатысушы өз өкілеттіктерін борышкердің тұрған жері бойынша жүзеге асыруға міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері осы Заңның 69-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда қолданылмайды.
7. Уәкілетті орган оңалтуды немесе банкроттықты басқарушыны белгілі бір борышкерге қатысты өз өкілеттіктерін орындаудан мынадай:
1) ол осы баптың 5-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес өкілеттіктерді орындаудан бас тартқан;
2) кредиторлар жиналысы оны шеттету туралы шешім қабылдаған;
3) тексеру нәтижелері бойынша осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген талаптарды бұзушылықтар анықталған;
4) оған осы Заңның 18-бабының 7-тармағында көзделген хабарлама қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш реттен артық жіберілген жағдайларда, шеттетеді.
Осы тармақтың ережелеріне сәйкес оңалтуды немесе банкроттықты басқарушыны шеттету оны басқа борышкерлерге қатысты әкімші өкілеттіктерін жүзеге асырудан шеттетуге алып келмейді және оған басқа борышкерлерге қатысты әкімші өкілеттіктерін беруге кедергі келтірмейді.
8. Уәкілетті орган әкімшінің хабарламасын әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізілімінен мынадай:
1) өтініш беруші осы баптың 3-тармағының екінші бөлігінде көзделген құжаттарды ұсынбаған;
2) осы баптың 5-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес өкілеттіктерді орындаудан бас тартуды қоспағанда, әкімші өкілеттіктерін орындаудан қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі реттен артық бас тартқан;
3) осы баптың 5-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес оңалтуды немесе банкроттықты басқарушының өзін тағайындауына кедергі келтіретін мән-жайлардың бар екенін оңалту рәсімі немесе банкроттық рәсімі барысында уәкілетті орган анықтаған жағдайда, әкімші олар туралы хабарламаған;
4) кредитордың немесе борышкердің мүдделеріне нұқсан келтіруге алып келген, фактісі заңды күшіне енген сот актісінде анықталған осы Заңның талаптары бұзылған;
5) біліктілікті арттыруды растайтын құжаттар ұсынылмаған;
6) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9) және 12) тармақтарында немесе 36-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша экономикалық қызмет саласында қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін қылмыстық іс тоқтатылған не қылмыстық жауаптылықтан босатылған, сондай-ақ мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар жасалған;
7) осы адамға қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енген;
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8) психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда есепте тұрған;
9) сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған;
10) қызметін тоқтату туралы әкімші хабарлама берген;
11) қайтыс болған немесе сот қайтыс болды деп жариялаған не хабарсыз кетті деп таныған жағдайларда, алып тастайды.
9. Әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізілімінен хабарламаны алып тастауды уәкілетті орган мынадай мерзімдерде:
1) осы баптың 8-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда - анықталған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде;
2) осы баптың 8-тармағының 2), 3), 4), 6), 7), 8), 9), 10) және 11) тармақшаларында көзделген жағдайларда - анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде;
3) осы баптың 8-тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайда - біліктілікті арттыруға арналған мерзім өткен жылдан кейінгі жылдың басынан бастап жиырма жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
10. Уәкілетті орган әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізілімінен хабарлама алып тасталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде кредиторлар жиналысына оңалтуды не банкроттықты басқарушының осындай тізілімнен алып тасталғаны туралы ақпарат жібереді.
11. Оңалтуды немесе банкроттықты басқарушы жүктелген өкілеттіктерді орындаудан шеттетілген немесе әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізілімінен оның хабарламасы алып тасталған жағдайда осы Заңда көзделген өкілеттіктерді жаңадан тағайындалған оңалтуды немесе банкроттықты басқарушы жүзеге асыруды жалғастырады.
12. Әкімші уәкілетті орган айқындаған тәртіппен өз біліктілігін арттыруға міндетті.
Біліктілікті арттыру туралы растаушы құжаттарды ұсыну үш жылда бір рет жүзеге асырылады. Мерзімді есептеу әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізіліміне хабарлама енгізілген жылдан кейінгі жылдан басталады.
Осы тармақта көрсетілген құжаттарды ұсыну мерзімі - біліктілікті арттыру аяқталған жыл ішінде болады.
13. Әкімші уәкілетті орган айқындаған тәртіппен уәкілетті органмен және өзге де тұлғалармен өзара іс-қимылды электрондық тәсілмен жүзеге асыруға құқылы.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 13-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
13-бап. Әкімшінің сыйақысы
1. Уақытша әкімшінің және уақытша басқарушының негізгі сыйақысы оңалту рәсімін қолдану немесе банкрот деп тану туралы сотқа өтініш берген борышкердің немесе кредитордың қаражаты есебінен төленеді.
Негізгі сыйақының мөлшері борышкер немесе кредитор мен әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлға арасында жасалған, уақытша әкімшінің немесе уақытша басқарушының өкілеттіктерін жүзеге асыру туралы келісімде айқындалады және уәкілетті орган белгілеген ең төмен шектен төмен болмайды.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген келісім оңалту рәсімін қолдану немесе банкрот деп тану туралы сотқа өтініш берілгенге дейін жасалады және оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғау туралы сот ұйғарымы шығарылған күннен бастап күшіне енеді.
Борышкер немесе кредитор уақытша әкімшінің немесе уақытша басқарушының негізгі сыйақысының мөлшерін уәкілетті орган белгілеген ең төмен шектен жоғары белгілеуге құқылы.
Оңалту рәсімі немесе банкроттық рәсімі қолданылған жағдайда, уақытша әкімшіге немесе уақытша басқарушыға негізгі сыйақы төлеген кредиторға төленген қаражат мөлшеріндегі сома борышкердің мүлкі есебінен өтеледі.
Егер салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитор, мемлекеттік орган немесе мемлекет қатысатын заңды тұлға өтініш беруші болып табылса, онда уақытша басқарушының негізгі сыйақысын төлеу:
1) егер банкроттық рәсімін жүргізу барысында жиынтығында осы Заңның 110-бабының 2-тармағында көзделген мән-жайлар анықталса - осы Заңның 110-бабының 3-тармағына сәйкес уәкілетті орган белгілеген ең төмен шек мөлшерінде;
2) егер банкроттық рәсімін жүргізу барысында жиынтығында осы Заңның 110-бабының 2-тармағында көзделген мән-жайлар анықталмаса, уәкілетті орган белгілеген ең төмен шек мөлшерінде борышкердің мүлкі есебінен жүзеге асырылады.
2. Банкроттықты басқарушының негізгі сыйақысының ең төмен және ең жоғары шектерін уәкілетті орган белгілейді.
Банкроттықты басқарушының негізгі сыйақысының мөлшерін уәкілетті орган белгілеген шекте кредиторлар жиналысы айқындайды.
Осы Заңның 84-бабының 1-тармағында белгіленген рәсімді жүргізу мерзімінен асып кеткен кезде банкроттықты басқарушының негізгі сыйақысы азайтылуға жатады және:
банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі тоғыз айдан асқан айдан кейінгі айдан бастап - кредиторлар жиналысының шешімі негізінде белгіленген негізгі сыйақы мөлшерінің жетпіс бес пайызы;
банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі екі жылдан асқан айдан кейінгі айдан бастап - кредиторлар жиналысының шешімі негізінде белгіленген негізгі сыйақы мөлшерінің елу пайызы мөлшерінде төленеді.
Оңалтуды басқарушының негізгі сыйақысының мөлшерін кредиторлар жиналысы айқындайды.
3. Банкроттықты басқарушыға қосымша сыйақы:
1) кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген кредиторлар талаптарының жиырма бес пайызынан аз қанағаттандырылған жағдайда - талаптарды қанағаттандыруға бағытталған соманың бір пайызы мөлшерінде;
2) кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген кредиторлар талаптарының жиырма бестен елу пайызына дейін қанағаттандырылған жағдайда - талаптарды қанағаттандыруға бағытталған соманың екі пайызы мөлшерінде;
3) кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген кредиторлар талаптарының елуден жетпіс бес пайызына дейін қанағаттандырылған жағдайда - талаптарды қанағаттандыруға бағытталған соманың үш пайызы мөлшерінде;
4) кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген кредиторлар талаптарының жетпіс бес пайызынан жоғары қанағаттандырылған жағдайда - талаптарды қанағаттандыруға бағытталған соманың төрт пайызы мөлшерінде борышкердің мүлкінен төленеді.
Егер осы тармақтың үшінші бөлігінде өзгеше белгіленбесе, осы тармақтың мақсаттары үшін кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген кредиторлардың талаптары деп тізілімнің екінші, үшінші, төртінші және бесінші кезектеріне жатқызылған талаптар түсініледі.
Банкроттықты басқарушының қосымша сыйақысын есептеу кезінде осы Заңның 104-1-бабына сәйкес қанағаттандырылған кепілді кредиторлар талаптарының мөлшері, сондай-ақ құрылтайшыны (қатысушыны) және (немесе) лауазымды адамды субсидиарлық жауаптылыққа тарту туралы сот актісінің орындалуы нәтижесінде банкроттың мүліктік массасына түскен сомалар есепке алынбайды.
Банкроттықты басқарушының қосымша сыйақысы бірінші кезектегі кредиторлардың талаптары толық көлемде қанағаттандырылған жағдайда төленуге жатады.
4. Банкроттықты басқарушы қосымша сыйақы сомасын есепке жатқызу үшін борышкердің арнайы банктік шотын ашуға міндетті.
Арнайы банктік шотқа түсетін ақша банкроттық рәсімін аяқтау туралы заңды күшіне енген сот ұйғарымы негізінде банкроттықты басқарушының қызметін жүзеге асырған тұлғаның алуына жатады.
Арнайы шот осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген ақша алынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде банкроттықты басқарушының қызметін жүзеге асырған тұлғаның өтініші бойынша жабылуға жатады.
5. Оңалтуды басқарушының қосымша сыйақысы оңалту рәсімінің мақсаттарына қол жеткізілген жағдайда кредиторлар жиналысы айқындаған мөлшерде төленуге жатады.
6. Кредитор өзінің талаптарын қанағаттандыруға бағытталған қаражат есебінен банкроттықты басқарушыға сыйлықақы төлеуге құқылы. Сыйлықақының мөлшері мен оны төлеу тәртібін кредитор дербес айқындайды.
14-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің оңалту және банкроттық саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заңда көзделген функцияларды және өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
15-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi
Уәкiлеттi орган:
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) әкімші қызметін жүзеге асыруға құқығы бар адамдар хабарламалары тізілімін жүргізеді;
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 1-1), 1-2) және 1-3) тармақшалармен толықтырылды
1-1) әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар түлғалардың тізімін уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырады;
1-2) салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитор, мемлекеттік орган немесе мемлекет қатысатын заңды тұлға таңдаған тұлғаны уақытша басқарушы етіп тағайындайды;
1-3) егер салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитор, мемлекеттік орган немесе мемлекет қатысатын заңды тұлға өтініш беруші болып табылса, уақытша басқарушыны таңдау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
2) кредиторлар жиналысы ұсынған кандидатураны оңалтуды және банкроттықты басқарушы етіп тағайындайды;
3) оңалтуды және банкроттықты басқарушыны шеттетеді;
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) оңалтуды басқарушының оңалту рәсiмiнің жүзеге асырылу барысы туралы, уақытша басқарушының, банкроттықты басқарушының банкроттық рәсiмiнің жүргiзілу барысы туралы ағымдағы ақпаратын қарайды;
6) оңалтуды және банкроттықты басқарушылардың қорытынды есебiнiң нысандарын бекiтедi;
7) санацияға қатысушыдан растайтын құжаттарды сұратады;
8) борышкердiң мүлкiн сату бойынша электрондық аукционды өткізу тәртiбiнiң сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
9) осы Заңда көзделген жағдайда банкроттың мүлкін уақытша басқарушының сатуын келіседі;
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 10) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10) құқық қорғау органдарына әдейі банкроттық белгілерінің болуын көрсететін қолда бар деректер туралы хабарлайды;
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) әкiмшiнiң әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) шағымдарды қарайды;
12) осы Заңның 7-бабында көрсетiлген мән-жайлар кезінде жасалған мәмiлелердi анықтау бойынша шаралар қолданады;
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 13) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
13) әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалардың тізімін уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру, оңалтуды және банкроттықты басқарушыларды тағайындау мен шеттету қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
14) 2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 15) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
15) мемлекеттiк органдардан, заңды тұлғалардан және олардың лауазымды адамдарынан оңалту немесе банкроттық рәсімі қолданылған борышкерлер туралы ақпаратты сұратады және алады;
16) уақытша және банкроттықты басқарушыларға банкрот деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі бар тұлғаның банктік шоттарының бар-жоғы және олардың нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақшаның қалдықтары мен қозғалысы туралы ақпаратты ұсынады;
17) осы Заңды бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшінің шешiмдерi мен әрекеттерiн (әрекетсiздiгiн) сотта даулайды;
18) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелердi қолдана отырып, электрондық қызметтер көрсетедi;
19) заңда белгiленген жағдайларда және тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасайды және олар туралы iстердi қарайды, өз құзыретi шегiнде әкiмшiлiк жазалар қолданады;
20) 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 21) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
21) өз құзыреті шегінде берешекті қайта құрылымдау, оңалту, банкроттық және банкроттық рәсімін қозғамай тарату рәсімдерін енгізу, жүргізу және тоқтату бойынша түсіндірме мен комментарийлер береді;
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 22) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
22) уақытша әкімшінің, уақытша басқарушының және оңалтуды басқарушының борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы, сондай-ақ оңалту жоспарында көзделген іс-шаралардың іске асырылуы ескеріле отырып, банкроттықты басқарушының борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындысының үлгілік нысандарын бекітеді;
23) 2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
23-1) 2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен 23-2) тармақшамен толықтырылды; 2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 23-2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
23-2) біліктілік емтиханын өткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
24) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
16-бап. Уәкілетті органның мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы
1. Уәкілетті орган мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды, өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.
2. Мемлекеттік органдар оңалту және банкроттық саласындағы қызметті жүзеге асыру бойынша міндеттерді орындауда уәкілетті органға жәрдем беруге міндетті.
3. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдармен электрондық тәсілмен өзара іс-қимылды жүзеге асыруға құқылы.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 17-бап жаңа редакцияда
17-бап. Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау
1. Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.
2. Бақылау субъектісіне бару арқылы тексеруді және профилактикалық бақылауды ұйымдастыру мен жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде айқындалады.
Бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 18-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
18-бап. Бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау
1. Бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылаудың мақсаттары бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу, оларға жол бермеу және уәкілетті орган анықтаған бұзушылықтарды бақылау субъектісінің өзі дербес жою құқығын беру болып табылады.
Әкімші бақылау субъектісі болып табылады.
2. Уәкілетті орган алған деректер мен ақпаратты өзара салыстыру бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау жүргізу тәсілі болып табылады, осы деректер мен ақпаратқа мыналар жатады:
1) оңалту рәсімінің немесе банкроттық рәсімінің жүзеге асырылу барысы туралы ағымдағы және сұрау салынатын ақпарат.
Мұндай ақпаратты берудің нысанын, тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті орган белгілейді;
2) уәкілетті мемлекеттік органдардан, сондай-ақ әкімші мен борышкердің қызметі бойынша өзге де көздерден алынған мәліметтер.
Атына уәкілетті органның сұрау салуы келіп түскен мемлекеттік орган, жеке және заңды тұлға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда және тәртіппен кез келген құпия ақпаратты (банктік, салықтық, коммерциялық құпия) ашуға және борышкерге және әкімші жүзеге асыратын оңалту рәсіміне немесе банкроттық рәсіміне қатысты құпия ақпаратты қамтитын кез келген құжаттардың көшірмелерін ұсынуға міндетті.
Уәкілетті органның сұрау салуын орындау мерзімі, орындаудың неғұрлым ұзақ мерзімі сұрау салудың өзінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, сұрау салу келіп түскен күннен бастап он жұмыс күнін құрайды.
3. Бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған кезде, бұзушылық анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша хабарлама жіберіледі.
Хабарлама бақылау субъектісіне қолын қойдыра отырып жеке өзіне немесе жөнелту мен алу фактісін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген хабарлама мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол - хабарламада алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;
2) пошта арқылы - тапсырысты хатпен пошта жөнелтілімі алынғаны туралы хабардар етілген күннен бастап;
3) электрондық тәсілмен - қызметінің басталғаны немесе уәкілетті органда деректердің өзгергені туралы хабарламада көрсетілген әкімшінің электрондық мекенжайына уәкілетті орган жөнелткен күннен бастап табыс етілген болып есептеледі.
4. Бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама табыс етілген күнінен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде орындалуға тиіс.
5. Бақылау субъектісі хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген кезде хабарлама табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде хабарламаны жіберген уәкілетті органға қарсылық жіберуге құқылы.
Хабарлама орындалмаған деп танылған жағдайда, уәкілетті орган жазбаша шешім шығарады және оны осы баптың 3-тармағында көзделген тәсілдердің бірімен бақылау субъектісіне жібереді.
6. Бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны белгіленген мерзімде орындамау бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізіміне енгізу жолымен бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылауды тағайындауға алып келеді.
7. Уәкілетті орган жойылуы мүмкін емес бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, әкімшіге бұзушылық анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша хабарлама жіберіледі.
8. Бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау тоқсан сайын жүзеге асырылады.
19-бап. 2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
20-бап. 2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)