ҚР 16.07.99 ж. № 436-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 35-бап өзгертiлдi; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 35-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 35-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
35-бап. Кредиттердің қайтарымдылығын қамтамасыз ету
1. Кредиттердің қайтарымдылығы тұрақсыздық айыбымен, кепiлмен, кепiлдiкпен, кепiлдемемен және Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта көзделген басқа да әдiстермен қамтамасыз етiлуi мүмкiн.
2-тармақтың қолданысы бұрын жасалған банктік қарыз шарттарынан туындайтын қатынастарға қолданылады. 2011 ж. 10.02. № 406-IV ҚР Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін төленген жеке тұлғалармен жасалған банктік қарыз шарттары бойынша тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) не заңды күшіне енген сот актісіне сәйкес төленуге жататын тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) қайта есептеуге жатпайды
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді және олар қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылады. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін төленген, жеке тұлғалармен жасалған банктік қарыз шарттары бойынша тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) не заңды күшіне енген сот актісіне сәйкес төленуге жататын тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) қайта есептеуге жатпайды) (бұр.ред.қара)
2. Жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты бойынша қарыз сомасын қайтару және (немесе) сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері мерзімін өткізіп алудың тоқсан күні ішінде мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,5 пайызынан аспауға тиіс, мерзімін өткізіп алудың тоқсан күні өткеннен кейін мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,03 пайызынан аспауға, бірақ банктік қарыз шарты қолданылатын әрбір жылға берілген қарыз сомасының он пайызынан артық болмауға тиіс.
3. Клиент кредитті өтеу қабiлеті жоғары және сенiмдi болған жағдайда, банк қамтылымсыз кредит (бланктік кредит) беру туралы шешiм қабылдауға құқылы. Қамтылымсыз кредит (бланкілік кредит) беру критерийлері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
4. Егер кредиттің қайтарымдылығын қамтамасыз ету үшін бірнеше кепіл нысанасы берілсе, онда қарыз алушы банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерін тиісінше орындаған жағдайда және қарыз алушы, кепіл беруші кепілдік қамтамасыз етуді азайту туралы талаппен өтініш жасаған кезде бағалаушы айқындаған кепіл нысаналарының нарықтық құны банктің (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның) кепілдік саясатының талаптарын ескергенде, қарыз алушы міндеттемелерінің орындалмаған бөлігінің сомасынан асып кеткен жағдайда, банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) қарыз алушы, кепіл беруші өтініш жасаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарыз алушы міндеттемелерінің мөлшерінен асып кеткен бөлігінде бір немесе бірнеше кепіл нысанасының кепілі туралы шартты (шарттарды) бұзу (өзгерту) жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
5. Кепiл туралы шартта, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда, банк кепiлдегі мүлiктi сот тәртiбінен тыс сауда-саттық (аукцион) өткізу арқылы мәжбүрлі түрде сот тәртібінен тыс дербес өткізуге құқылы.
6. Осы баптың 1 - 5-тармақтарында белгiленген нормалар банктердiң кепiлдiктер мен кепiлдемелер беру жөніндегі операцияларын қамтамасыз етуге қолданылады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 29.06.98 ж. № 236-1 Заңдарымен 36-бап өзгертiлдi; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 36-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 36-бап өзгертiлдi (бұр. ред. қара); 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 36-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
36-бап. Төлемге қабілетсіз қарыз алушыға қатысты қолданылатын шаралар
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцида (бұр.ред.қара)
1. Банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі болған кезде, бірақ ол басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) банктік қарыз шартында көзделген тәсілмен және мерзімдерде қарыз алушыны:
1) мерзімі өткен берешектің мөлшерін көрсете отырып, банктік қарыз шарты бойынша төлемдерді енгізу қажеттігі;
2) қарыз алушының банктік қарыз шарты бойынша өз міндеттемелерін орындамауының салдарлары туралы хабардар етуге міндетті.
Банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) қарыз алушыны хабардар ету үшін коллекторлық агенттікті тартуға құқылы.
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарыз алушы - жеке тұлға банкке (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) баруға және өзінің банктік қарыз шартының талаптарына, оның ішінде:
1) банктік қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгертуге;
2) шетел валютасымен берілген банктік қарыз бойынша негізгі борыштың қалдық сомасының валютасын ұлттық валютаға өзгертуге;
3) негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруға;
4) берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып өзгертуге;
5) банктік қарыз шартының қолданылу мерзімін өзгертуге;
6) мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіруге, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) күшін жоюға байланысты өзгерістер енгізу туралы өтінішін негіздейтін банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындаудың мерзімі өтуінің туындау себептері, кірістер және басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы жазбаша өтініш ұсынуға құқылы.
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 1-2-тармақпен толықтырылды
1-2. Банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) қарыз алушының жазбаша өтінішін алған күннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде банктік қарыз шартының талаптарына ұсынылған өзгерістерді қарайды және қарыз алушыға:
1) банктік қарыз шартының талаптарына ұсынылған өзгерістермен келісетіні;
2) банктік қарыз шартының талаптарын өзгерту бойынша өзінің ұсыныстары;
3) банктік қарыз шартының талаптарын өзгертуден бас тарту себептерінің уәжді негіздемесін көрсете отырып, осындай бас тарту туралы жазбаша нысанда хабарлайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген хабарламадан туындайтын талаптар қанағаттандырылмаған кезде, банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым):
2016.26.07. № 12-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.12.12. № 114-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1) тармақша өзгертілді
1) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен, қарыз алушының талабы бойынша ашылған банктік шоттардағы, мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрінде қарыз алушы алатын ақшаны, сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тұрғын үй төлемдерін, тұрғын үй төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаны, нотариус депозиті шарттарында енгізілген және «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттардағы ақшаны қоспағанда, қарыз алушының кез келген банктік шоттарындағы ақшаны даусыз (акцептсіз) тәртіппен, оның ішінде төлем талабын қою арқылы өндіріп алуды қолдануға (егер мұндай өндіріп алу банктік қарыз шартында ескертілген болса) құқылы.
1) тармақшаның екінші абзацы 2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
Төлем талабын ұсыну арқылы банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушы жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу оның банк шотындағы ақша сомасының және (немесе) кейіннен қарыз алушының банк шотына түсетін әрбір ақша сомасының елу пайызы шегінде шектеледі және төлем талабын толық орындау үшін қажетті барлық соманың банк шотына түсімдері күтілместен жүзеге асырылады. Көрсетілген шектеу қарыз алушы жеке тұлғаның жинақ шотындағы ақшаға қолданылмайды;
2) қарыз алушыға қатысты шаралар қолдану туралы мәселені қарауға құқылы. Шаралар қолдану туралы шешім қабылдау Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ішкі кредиттік саясаты туралы қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) банктік қарыз шартында көзделген кез келген шараларды қолдануға, оның ішінде банктік қарыз шартының орындалу талаптарын өзгертуге, банктік қарыз шарты бойынша борыш сомасын өндіріп алу туралы сотқа талап қоюмен жүгінуге, сондай-ақ кепілге қойылған мүлікке сот тәртібінен тыс (Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заңнамалық актісінде көзделген жағдайларды қоспағанда) не сот тәртібімен өндіріп алуға құқылы.
Банктік қарыз шартының орындалу талаптарын өзгерту банктік қарыз шартында көзделген тәсілмен жасалады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарыз алушы - дара кәсіпкерді, заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы сотқа талап қоюмен жүгінуге құқылы.
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Қарыз алушы осы баптың 1-1-тармағында көзделген құқықты іске асырмаған, сондай-ақ осы баптың 1-тармағында көрсетілген хабарламадан туындайтын талаптар қанағаттандырылмаған не қарыз алушы мен банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) арасында банктік қарыз шартының талаптарын өзгертуге келісім болмаған жағдайларда, банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) осы баптың 2-тармағында көзделген шаралардан басқа:
1) берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беруге құқылы.
1) тармақшаның екінші бөлігі 2017 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді
Банктік қарыз шартында қарыз алушы банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуіне жол берген жағдайда банктің (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның) коллекторлық агенттікті тартуға құқығы болған кезде, берешекті сотқа дейінгі өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беруге жол беріледі.
Берешек коллекторлық агенттікте сотқа дейін өндіріп алуда және реттеуде болған кезеңде банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым):
сотқа берешекті өндіріп алу туралы талап қойып жүгінуге;
берешек коллекторлық агенттікте жұмыста болған кезеңде есепке жазылған сыйақыны төлеуді талап етуге, сондай-ақ негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін көрсетілген кезеңге тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есепке жазуға құқылы емес;
2) қарыз алушыда банктік қарыз шарты бойынша - қатарынан күнтізбелік тоқсан күннен асатын, жеке тұлғаға берілген ипотекалық қарыз бойынша қатарынан күнтізбелік бір жүз сексен күннен асатын міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі болған кезде, банктік қарыз шарты бойынша құқықты (талап етуді) осы Заңның 36-1-бабының 3 және 4-тармақтарында көрсетілген тұлғаға беруге құқылы емес.
3. Жеке тұлға болып табылатын қарыз алушының берешегінің ұлғаюын болғызбау мақсатында банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты бойынша негізгі борыш және (немесе) сыйақы сомалары бойынша кез келген төлемдерді өтеу жөніндегі міндеттемелерді орындаудың мерзімін өткізіп алудың қатарынан күнтізбелік бір жүз сексен күні өткеннен кейін есептелген сыйақыны, сондай-ақ тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеуді талап етуге құқылы емес.
4. Жеке тұлғаға берілген ипотекалық тұрғын үй қарызы шартын орындау талаптары өзгерген немесе жеке тұлғаның ипотекалық тұрғын үй қарызын өтеу мақсатында жаңа қарыз беру кезінде, мерзімі өткен сыйақыны, тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) негізгі борыш сомасына капиталдандыруға (жинақтауға) жол берілмейді.
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 36-1-баппен толықтырылды
36-1-бап. Берешекті сотқа дейін өндіріп алуға және реттеуге беру немесе құқықты (талап етуді) басқаға беру тәртібі
1. Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның коллекторлық агенттікпен осындай шарт жасасу жағдайларын қоспағанда, оның үшінші тұлғалармен нысанасы берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу, сондай-ақ берешекке байланысты ақпарат жинау жөнінде қызметтер көрсету болып табылатын шарт (бұдан әрі - берешекті өндіріп алу туралы шарт) жасасуына тыйым салынады.
2. Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның коллекторлық агенттікпен берешегі тұрғынжай түріндегі кепілмен қамтамасыз етілген жеке тұлғаға қатысты берешекті өндіріп алу туралы шарт жасасуына жол берілмейді.
3. Мынадай талаптардың бірі сақталған кезде:
құқықтарды (талап етулерді) сатып алу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген осындай ұйым қызметі түрлерінің бірі болып табылғанда;
құқықтарды (талап етулерді) сатып алу жеке тұлғаларды қолдау жөніндегі мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар немесе мемлекеттік органдардың құқықтық актілері шеңберінде жүзеге асырылғанда, құқықты (талап етуді) жарғылық капиталдарына қатысу үлестерінің не орналастырылған акцияларының елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі ұйымдарға беруді қоспағанда, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның жеке тұлғамен жасасылған және тұрғынжай түріндегі кепілмен қамтамасыз етілген банктік қарыз шарты бойынша құқықты (талап етуді) басқаға беруді жүргізуіне тыйым салынады.
4. Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның құқықты (талап етуді) мынадай тұлғаларға:
коллекторлық агенттікке;
банкке;
банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға;
бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын банктің еншілес ұйымына;
екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйымға;
секьюритилендіру мәмілесі кезінде Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнайы қаржы компаниясына беруін қоспағанда, оның банктік қарыз шарты бойынша құқықты (талап етуді) үшінші тұлғаға беруді жүргізуіне тыйым салынады.
Осы тармақтың талаптары осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларға қолданылмайды.
5. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе банктік қарыз шартында өзгеше көзделмесе, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банктік қарыз шарты бойынша құқықты (талап етуді) қарыз алушының келісімінсіз басқаға беруге құқылы емес.
6. Банктік қарыз шарты бойынша бір қарыз алушыға қатысты құқықты (талап етуді) бірнеше тұлғаға беруге жол берілмейді.
7. Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның банктік қарыз шарты бойынша құқығының (талап етуінің) үшінші тұлғаға өтуі талаптары қамтылған шарт (бұдан әрі - талап ету құқығын басқаға беру шарты) жасасылған кезде, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым:
1) талап ету құқығын басқаға беру шарты жасасылғанға дейін қарыз алушыны (немесе оның уәкілетті өкілін) құқықтардың (талап етулердің) үшінші тұлғаға өту мүмкіндігі туралы, сондай-ақ осындай басқаға беруге байланысты қарыз алушының дербес деректерінің өңделетіні туралы банктік қарыз шартында көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен хабардар етуге;
2) талап ету құқығын басқаға беру шарты жасасылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарыз алушыны (немесе оның уәкілетті өкілін) банктік қарызды өтеу жөніндегі бұдан былайғы төлемдердің үшінші тұлғаға (банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап ету) өткен тұлғаның атауы және тұрған жері) тағайындалатынын, берілген құқықтардың (талап етулердің) толық көлемін, сондай-ақ негізгі борыштың, сыйақының, комиссиялардың, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мерзімі өткен және ағымдағы сомаларының және төленуге жататын басқа да сомалардың қалдықтарын көрсете отырып, құқықтың (талап етудің) үшінші тұлғаға өткені туралы банктік қарыз шартында көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен хабардар етуге;
3) банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап ету) өзіне өткен тұлғаға мынадай құжаттардың:
кепіл нысанасына (егер банктік қарыз кепілмен қамтамасыз етілген жағдайда) құқық белгілеуші құжаттардың;
кепілгерлік немесе кепiлдiк шарттарының (егер банктік қарыз бойынша міндеттемелерді орындау кепілгерлікпен немесе кепiлдiкпен қамтамасыз етілген жағдайда);
қарыз алушының құқық (талап ету) басқаға берілген күнгі берешегінің есептеулерінің;
қарыз алушымен наразылық хат алмасудың;
қарыз алушының - заңды тұлғаның құрылтай құжаттарының, қарыз алушының - жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжатының;
қарыз алушының берешекті өтегенін растайтын құжаттардың;
кепілге салынған мүлікті өткізу жөніндегі құжаттардың;
талап ету құқығын басқаға беру шартына сәйкес өзге де құжаттардың түпнұсқаларын және (немесе) көшірмелерін беруге міндетті.
Қарыз алушыға қойылатын барлық құқықтар (талап етулер) басқаға берілген жағдайда, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым өзінде бар барлық құжаттардың түпнұсқаларын банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап ету) берілген тұлғаға береді.
Банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым), банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап ету) берілген тұлға банктік қарыз шарты бойынша қамтамасыз ету болып табылатын мүлікке құқық белгілеуші құжаттардың тұпнұсқаларын жоғалтқаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Қарыз алушыға қойылатын құқықтардың (талап етулердің) бір бөлігі басқаға берілген жағдайда, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым осындай құқықтарды (талап етулерді) куәландыратын құжаттардың түпнұсқаларын сақтауға және көрсетілген құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелерін банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап ету) ішінара берілген тұлғаға беруге құқылы;
4) талап ету құқығын басқаға беру шартын жасасқаннан кейін төлемдердің әрбір қарыз алушы бөлінісінде таратып жазылуын бере отырып, қарыз алушылардан алынған ақшаны банктік қарыз шарты бойынша құқық (талап ету) берілген тұлғаның банктік шотына берешекті өтеу есебіне аударуға міндетті.
8. Сатып алынған құқықты (талап етуді) бастапқы кредиторға кері сатуды (қайтаруды), құқықты (талап етуді) коллекторлық агенттіктерге, секьюритилендіру мәмілесі кезінде Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнайы қаржы компаниясына, сондай-ақ өзге де банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға беруді (қайта беруді) қоспағанда, жеке тұлғамен жасасылған банктік қарыз шарты бойынша банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның құқығы (талап етуі) берілген тұлғаның осындай құқықты (талап етуді) өзге тұлғаларға қайта беруіне тыйым салынады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен; 2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 37-бап жаңа редакцияда; 2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 37-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 37-бап жаңа редакцияда (2017 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
37-бап. Талап қоюдың ескіру мерзімі
Банктердің, бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын банктердің еншілес ұйымдарының, осы Заңның 61-4-бабының 8-тармағында көрсетілген ұйымның, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйымның қарыз алушыларға банктік қарыз шарттарын орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны жөнінде қоятын талабы бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі бес жылды құрайды.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-1 Заңдарымен 38-бап өзгертiлдi
38-бап. Төлемдер және ақшалай қаражаттар аударуды жүзеге асыру
1. Банктер Қазақстан Республикасының аумағында төлемдер мен ақша аударымдарын заңдарда белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады.
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
1-1. Екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы электрондық нысанда қызметтер көрсеткені үшін төлемақыны қабылдауға және жүргізуге байланысты халыққа көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін өздерінің ақпараттық жүйелерін «электрондық үкіметтің» төлем шлюзімен тікелей немесе банкаралық ақша аудару жүйесі операторының ақпараттық жүйесі арқылы интеграциялауды жүзеге асырады.
2. Ақша және төлемдер аудару тиiстi дәрежеде жүзеге асырылған ретте банк Қазақстан Республикасының заңдарына және клиентпен (депозитормен) жасасқан шартқа сәйкес жауапты болады.
3. Ақшаның халықаралық төлемдерін және аударылымдарын банкiлер халықаралық банк тәжiрибесiнде қолданылатын және Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына қайшы келмейтiн түрлерiнде әдiстер мен тәртiп бойынша жүзеге асырады.
4. Банк төлем құжатының қолдан жасалғандығын растайтын құжаттар болған жағдайда, сондай-ақ олардың қате есептелу фактiсi анықталған жағдайда клиенттердiң (депозиторлардың) есепшотынан есептелген ақшаны олардың келісімiнсiз есептен алып қоюға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 39-бап жаңа редакцияда; 2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 39-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2008.23.10. № 72-IV (бұр.ред. қара); 2009.12.02. № 133-IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 39-бап өзгертiлдi; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 39-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
39-бап. Мөлшерлемелер мен тарифтер
1. Сыйақы мөлшерлемелері мен комиссиялар, сондай-ақ банк қызметтерін көрсеткені үшін тарифтерді банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді ескере отырып дербес белгілейді.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Жеке тұлғалармен жасалатын банктік қарыз шарттарында, оның ішінде ипотекалық қарыз шарттарында банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар сыйақының тіркелген не құбылмалы мөлшерлемесін белгілейді және қарыз алушының таңдауы бойынша банктік қарыз шартын жасасқан күнгі банк ұсынған қарызды өтеу әдісін көрсетеді.
2-бөлік 2016 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді және олар қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылады
Уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде көзделген жағдайларда банктік қарыз шартын жасасқанға дейін банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым қарызды өтеу әдісін таңдау үшін түрлі әдістермен есептелген қарызды өтеу кестелерінің жобаларын жеке тұлғаға беруге міндетті. Қарыз алушыға банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жеке тұлғаларға беретін қарыз бойынша тұрақты төлемдерді есептеу әдістемесіне және уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген осындай қарыздар бойынша сыйақыны есептеуге арналған уақытша базаларға сәйкес банктік қарыз шартында белгіленген кезектілікпен есептелген қарызды өтеу кестелерінің жобалары мынадай өтеу әдістерімен міндетті түрде ұсынылуға тиіс:
сараланған төлем әдісі, бұл ретте банктік қарыз бойынша берешектерді өтеу негізгі борыш бойынша төлемдердің тең сомаларын және негізгі борыштың қалдығы кезеңіне есептелген сыйақыны қамтитын азайтылып отыратын төлемдермен жүзеге асырылады;