2017.26.12. № 124-VІ ҚР Заңымен 417-бап жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
417-бап. Тауардың шығарылған жері туралы сертификатты және Еуразиялық экономикалық одақтың тауары немесе шетелдік тауар нысандарының қорытындысын беру тәртібін бұзу
1. Тауардың шығарылған елiн, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау жөнiндегі сарапшы-аудиторлардың тауар туралы деректері бұрмаланған және (немесе) анық емес, тауардың шығарылған жері туралы, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау туралы сараптама актілерін жасауы және оларды сараптама ұйымының беруі -
тауардың шығарылған елiн, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау жөнiндегi сарапшы-аудиторлардың аттестаттарын алты ай мерзімге тоқтата тұрып, тауардың шығарылған елiн, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау жөнiндегi сарапшы-аудиторларға - он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде, қызметті үш айға дейінгі мерзімге тоқтата тұрып, сараптама ұйымдарына отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
2. Тауардың шығарылған жері туралы тиiсінше ресiмделген сараптама актiсi және техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi орган бекiтетін тiзбе бойынша тауардың шығарылған жерін растайтын құжаттар, ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жерін растайтын құжаттар ұсынылған жағдайда, тауардың шығарылған жері туралы сертификатты беруден бас тарту немесе Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау туралы тиісінше ресімделген сараптама актісі және Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін растайтын мәліметтер, құжаттар ұсынылған жағдайда, Еуразиялық экономикалық одақтың тауары немесе шетелдік тауар нысандарының қорытындысын беруден бас тарту -
тауардың шығарылған жері туралы сертификат беруге уәкілеттік берілген ұйымға, ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жері туралы сертификатты, Еуразиялық экономикалық одақтың тауары немесе шетелдік тауар нысандарының қорытындысын беруге уәкілеттік берілген органдарға (ұйымдарға) елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
3. Тауар туралы деректері бұрмаланған және (немесе) анық емес, уәкілетті ұйымның тауардың шығарылған жері туралы сертификатты, ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жері туралы сертификатты, Еуразиялық экономикалық одақтың тауары немесе шетелдік тауар нысандарының қорытындысын беруге уәкілеттік берілген органдардың (ұйымдардың) ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жері туралы сертификатты, Еуразиялық экономикалық одақтың тауары немесе шетелдік тауар нысандарының қорытындысын беруі -
тауардың шығарылған жері туралы сертификатты беруге уәкілеттік берілген ұйымға, ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жері туралы сертификатты, Еуразиялық экономикалық одақтың тауары немесе шетелдік тауар нысандарының қорытындысын беруге уәкілеттік берілген органдарға (ұйымдарға) отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
4. Уәкілетті ұйымның, ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жері туралы сертификатты, Еуразиялық экономикалық одақтың тауары немесе шетелдік тауар нысандарының қорытындысын беруге уәкілеттік берілген органдардың (ұйымдардың) тауардың шығарылған жері туралы сертификатты, ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жері туралы сертификатты, Еуразиялық экономикалық одақтың тауары немесе шетелдіктауар нысандарының қорытындысын, сондай-ақ оларды беруден бас тарту туралы жазбаша уәжді шешiмді беру мерзімін бұзуы -
сертификат беруге уәкілеттік берілген ұйымға, ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жері туралы сертификатты, Еуразиялық экономикалық одақтың тауары немесе шетелдік тауар нысандарының қорытындысын беруге уәкілеттік берілген органдарға (ұйымдарға) отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
5. Бұрмаланған және (немесе) анық емес, тауардың шығарылған жері туралы сертификат алу үшiн техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi орган бекiтетін тiзбе бойынша тауардың шығарылған жерін растайтын құжаттарды, ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жері туралы сертификат алу үшін ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жерін растайтын құжаттарды, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың тауары немесе шетелдік тауар нысандарының қорытындысын алу үшін Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін растайтын мәліметтерді, құжаттарды ұсыну -
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - он екі, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
6. Осы баптың бiрiншi, екiншi, үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) -
тауардың шығарылған елін, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау жөнiндегi сарапшы-аудиторлардың аттестаттарынан айыра отырып, тауардың шығарылған елін, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау жөнiндегi сарапшы-аудиторларға - қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде, қызметті үш айға дейінгі мерзімге тоқтата тұрып, сертификат беруге уәкілеттік берілген ұйымға, ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жері туралы сертификатты, Еуразиялық экономикалық одақтың тауары немесе шетелдік тауар нысандарының қорытындысын беруге уәкілеттік берілген органдарға (ұйымдарға) - бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде, сараптама ұйымдарына - алпыс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 418-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
418-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасына қойылатын ұлттық стандарттарды бұзу
1. Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын дайындау -
жеке тұлғаларға - жиырма бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - жетпіс бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
1-1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандар туралы заңнамасын бұза отырып пайдалану (орнату, орналастыру) -
ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға - бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - жиырма, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) -
жеке тұлғаларға - елу, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
419-бап. Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасын бұзу
1. Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасын:
1) тауарларды өлшеп орау, сату және импорттау кезінде кез келген қаптамадағы өлшеп оралған тауарлар санының қаптамаларда белгіленген шамаға сәйкес келмеуіне жол беру;
2) сауда операцияларын жасау кезінде иеліктен шығарылатын тауарлар санын сипаттайтын салмақты, көлемді, шығысты немесе басқа да шамаларды анықтаудың бақылау (тауар) чегінде немесе тексерілетін тауарлардың сатып алынғанын растайтын өзге де құжатта көрсетілген тауарлар санына сәйкес келмеуіне жол беру;
3) аккредиттеусіз өлшем құралдарын салыстырып тексеру, өлшемдерді орындау әдістемелерін метрологиялық аттестаттау;
4) мемлекеттік метрологиялық бақылауға жататын, түрін бекіту мақсаты үшін сынақтан немесе метрологиялық аттестаттаудан, сондай-ақ салыстырып тексеруден өтпеген және (немесе) өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тізіліміне енгізілмеген өлшем құралдарын және стандарттық үлгілерді айналысқа шығару, қолдану, өткізу және жарнамалау;
5) мемлекеттік метрологиялық бақылауға жататын және метрологиялық аттестаттаудан және өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тізілімінде тіркеуден өтпеген өлшемдерді орындау әдістемелерін қолдану түрінде жасалған бұзушылық -
өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы аккредиттеу аттестатын, техникалық сарапшы сертификатын, салыстырып тексеруші сертификатын алты ай мерзімге тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға - отыз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - алпыс бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) -
өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы аккредиттеу аттестатынан, техникалық сарапшы сертификатынан, салыстырып тексеруші сертификатынан айыра отырып, жеке тұлғаларға - отыз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - тоқсан, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
420-бап. Жабайы сораны жоюға шара қолданбау
Ауыл шаруашылығы дақылдары егiстiктерiнде, бақшаларда, жүзiмдiктерде, питомниктер мен парктерде, егiн алқабының, суландыру және ирригациялық-мелиоративтiк желiлердiң жиегiнде, тас және темiржолдардың оқшау белдеулерiнде, ұйымдардың аумақтарында, қалалар, кенттер мен басқа да елдi мекендер тұрғындарының жер учаскелерiнде, сондай-ақ мемлекеттiк орман және су қорлары, мемлекеттiк запас жерінде және нұсқамадан кейiн ұйымдарға бекiтiлiп берiлген жерде жабайы сораны жоюға шаралар қолданбау -
жеке тұлғаларға - он, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - жетпіс, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
421-бап. Құрамында есiрткi бар егiстiктердi күзетудi қамтамасыз етуге шаралар қолданбау
Сора, көкнәр немесе құрамында есiрткi заттары бар басқа да өсiмдiктер егiстiктерiн, осы дақылдардың өнiмiн сақтау мен өңдеу орындарын күзетудiң белгiленген режимiн қамтамасыз етуге шаралар қолданбау, сол сияқты құрамында есiрткi заттары бар аңыз қалдықтарын және өндiрiс қалдықтарын жоюға шаралар қолданбау -
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - алпыс, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
422-бап. Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды өткізудің және (немесе) медициналық емес тұрғыдан тұтынудың жолын кесуге шаралар қолданбау
1. Ойын-сауық мекемесі, сондай-ақ білім беру ұйымы иесінің есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды өткізудің және (немесе) медициналық емес тұрғыдан тұтынудың жолын кесуге шаралар қолданбауы -
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - бір жүз елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) -
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - екі жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - төрт жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертпе. Осы Кодексте көрсетілген ойын-сауық мекемелеріне ойын мекемелері, түнгі клубтар, дәмхана-барлар, мейрамханалар, интернет-дәмханалар, компьютер, бильярд, боулинг-клубтары мен кинотеатрлар, театр-ойын-сауық мақсатындағы объектілер және көңіл көтеру-демалыс, театр-ойын-сауық, спорт, мәдени-демалыс мақсатында қызметтер көрсетілетін өзге де ғимараттар, үй-жайлар, құрылыстар жатады.
423-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды насихаттау және заңсыз жарнамалау
1. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды насихаттау және заңсыз жарнамалау -
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасында бақылау жасалуға жататын есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар тiзiмiне енгізілген есiрткi мен психотроптық заттарды медицина және фармацевтика жұмыскерлерiне арналған мамандандырылмаған баспасөз басылымдарында жарнамалау, сол сияқты құрамында есiрткi мен психотроптық заттар бар дәрiлiк препараттардың үлгiлерiн жарнамалау мақсатында тарату -
лицензиядан айыра отырып не онсыз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - екі жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - төрт жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жеті жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертпелер.
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Осы бапта есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды насихаттау деп жеке және заңды тұлғалардың есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әзiрлеу, дайындау және пайдалану әдiстерi, тәсiлдерi туралы, сатып алу орындары туралы мәлiметтердi таратуға, сондай-ақ кiтап өнiмдерiн, бұқаралық ақпарат құралдары өнiмдерiн шығаруға және таратуға, көрсетілген мәлiметтердi телекоммуникациялар желілерінде таратуға немесе осы мақсаттарда өзге де әрекеттер жасауға бағытталған қызметiн түсiну керек.
2. Осы бапта есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды заңсыз жарнамалау деп жеке және заңды тұлғалардың адамның қабылдауы мен түйсiгiне өзі сезiне алмайтындай әсер ететiн, оның есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларға қызығушылығын қалыптастыратын немесе қолдайтын кез келген ақпаратты кез келген құралдар көмегiмен кез келген нысанда тарату және орналастыру жөнiндегi қызметiн түсiну керек.
424-бап. Заңсыз медициналық және (немесе) фармацевтикалық қызмет
1. Қызметтiң осы түрiне арналған сертификаты және (немесе) лицензиясы жоқ тұлғаның заңсыз медициналық және (немесе) фармацевтикалық қызметпен айналысуы -
жеке тұлғаларға - бес, лауазымды адамдарға - он бес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жетпіс айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берілген көлемiн көрсететiн денсаулық сақтау ұйымдарында оны ақылы негiзде көрсету -
жеке тұлғаларға - он, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттердi әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасау -
жеке тұлғаларға маман сертификатынан айыра отырып - отыз, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кiрiстер тәркiлене отырып, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - алпыс бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жеті жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Көпшілікпен емшілік сеанстарын (екі және одан да көп адам) өткізу, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану арқылы өткізу -
бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, дәрiлiк заттар тағайындауға уәкiлеттi медицина жұмыскерлерiнiң сыйақы алу мақсатында дәрiлiк заттар жарнамасына қатысуы, медицина жұмыскерлерiнiң дәрiлiк заттарды жұмыс орнында өткізуі, сондай-ақ белгiлi бiр дәрiхана ұйымдарына немесе өзге де ұйым түрлеріне жiберуі және олармен ынтымақтастықтың басқа да нысандары -
жеке тұлғаларға маман сертификатынан айыра отырып - сексен, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
425-бап. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу
1. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi, техникалық регламенттерді абайсызда адамдардың жаппай ауруға шалдығуына немесе улануына әкеп соқпаған бұзушылық -
жеке тұлғаларға - он, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, адамның денсаулығына зиян келтiруге әкеп соққан әрекет (әрекетсіздік), егер бұл әрекетте (әрекетсіздікте) қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, -
қызметін тоқтата тұрып не онсыз, өнім тәркілене отырып немесе онсыз, жеке тұлғаларға - екі жүз, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - үш жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - төрт жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
426-бап. Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласының қағидаларын бұзу
1. Дәрiлiк заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы тiркеу және қайта тiркеу, өндiру, дайындау және сапасын бақылау, сынау (зерттеу), әкелу, сатып алу, тасымалдау, сақтау, таңбалау, өткiзу, қолдану (пайдалану), қамтамасыз ету, жою, жарнамалау қағидаларын бұзу, егер бұл адамның денсаулығына зиян келтiруге әкеп соқпаса, -
жеке тұлғаларға - жетпіс, лауазымды адамдарға - бір жүз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Тiркелмеген, қолдануға рұқсат етiлмеген дәрiлiк заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы өндiру, сатып алу, тасымалдау, сақтау, өткiзу, қолдану (пайдалану), жарнамалау, егер бұлар адамның денсаулығына зиян келтiруге әкеп соқпаса, -
қызметтi тоқтата тұрып, әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың тікелей нысаналары болып табылатын дәрілік және оларға теңестірілген заттар, емдеу-профилактикалық тағам өнімдері мен тағамдық қоспалар, сондай-ақ косметикалық заттар және әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кiрiстер тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға - бір жүз, лауазымды адамдарға - бір жүз елу, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - екі жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - бір мың бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, адамның денсаулығына зиян келтiруге әкеп соққан іс-әрекеттер, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, -
әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың тікелей нысаналары болып табылатын дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника, емдеу-профилактикалық тағам өнімдері мен тағамдық қоспалар, сондай-ақ косметикалық заттар және әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кiрiстер тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға - екі жүз, лауазымды адамдарға - үш жүз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - төрт жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, сондай-ақ олардың қызметіне тыйым салуға әкеп соғады.
427-бап. Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзу
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзу -
заңды тұлғаның қызметін тоқтата тұрып, лауазымды адамдарға - жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) -
заңды тұлға қызметіне тыйым салына отырып, лауазымды адамдарға - бір жүз жетпіс бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
428-бап. Денсаулық сақтау саласындағы анық емес жарнама
Тиісті қызмет түрін жүзеге асыруға лицензиясы жоқ жарнама берушінің медициналық қызметтер көрсету, профилактика, диагностика, емдеу және медициналық оңалту әдістері мен құралдарының жарнамасын, сондай-ақ тағамға биологиялық активті қоспаларды мемлекеттік тіркеусіз олардың жарнамасын таратуы, егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, -
жеке тұлғаларға - он, лауазымды адамдарға - жиырма бес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
429-бап. АИТВ инфекциясын жұқтырғандармен, ЖИТС-пен, соз ауруларымен, туберкулезбен ауыратындармен қатынаста болып жүрген адамдардың, сондай-ақ дәрiгердiң тағайындауынсыз есiрткi немесе психотроптық заттарды тұтынушы адамдардың медициналық тексерілуден және емделуден жалтаруы
1. Денсаулық сақтау мекемесiнiң жазбаша жасаған ескертуiнен кейiн де АИТВ инфекциясын жұқтырғандармен, ЖИТС-пен, соз ауруларымен, туберкулезбен ауыратындармен қатынаста болып жүрген адамдардың медициналық тексерілуден және емделуден одан әрі жалтаруы -
бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауырады деп танылған не дәрiгердiң тағайындауынсыз есiрткi заттарын немесе психотроптық заттарды пайдаланып жүргенi туралы жеткiлiктi деректер бар адамдардың медициналық тексерілуден және емделуден жалтаруы -
он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
430-бап. Айналадағылар үшін қауiп төндiретiн аурулармен ауыратын адамдардың емделуден жалтаруы
1. Тізбесін Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын, айналадағылар үшін қауiп төндiретiн аурулармен ауыратын адамдардың, сондай-ақ денсаулық сақтау мекемесiнiң жазбаша жасаған ескертуiнен кейiн де олармен қатынаста болған және профилактикалық емдеудi қажет ететiн адамдардың дәрiлік заттарды қабылдаудан бас тартуы және емделуден өзге де жалтаруы -
бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын, айналадағылар үшін қауiп төндiретiн аурулармен ауыратын кәмелетке толмаған балаларын емдетуден жалтаруы -
жеке тұлғаларға он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
431-бап. Айналадағылар үшін қауiп төндiретiн аурулармен ауыратын адамдардың жұқтыру көзiн және өздерiмен қатынаста болған адамдарды жасыруы
Айналадағылар үшін қауiп төндiретiн аурулармен ауыратын адамдардың жұқтыру көзiн және осы ауруларды басқа адамдарға жұқтыру қаупiн туғызатын өздерiмен қатынаста болған адамдарды жасыруы -
бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
432-бап. Медициналық, фармацевтикалық қызметпен айналысуға рұқсат беру құжаттарын алу кезiнде көрiнеу жалған мәлiметтер мен ақпарат беру
1. Медициналық, фармацевтикалық қызметпен айналысуға рұқсат беру құжаттарын алу кезiнде көрiнеу жалған мәлiметтер мен ақпарат, оның iшiнде құжаттарды бұрмалау жолымен беру, егер бұл iс-әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, -