10) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;
11) активтерді қайтару саласындағы нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
12) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, квазимемлекеттік сектор субъектілерінен және лауазымды адамдардан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ақпарат пен материалдарды сұратады және алады;
13) салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен бірлесіп, активтерді ашып көрсету туралы декларацияның нысаны мен оны ұсыну тәртібін бекітеді;
14) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
7-бап 2023 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді
7-бап. Активтерді қайтару саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл
1. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарымен, арнаулы мемлекеттік органдармен, уәкілетті мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен өзара іс-қимылды:
1) активтерді заңсыз иемденуге қарсы іс-қимыл жасау үшін ақпаратты жинау, талдау және мониторингтеу;
2) банк құпиясын, сақтандыру құпиясын, микрокредит беру құпиясын және бағалы қағаздар нарығындағы құпияны қоспағанда, осы Заңға сәйкес тізілімге енгізілген тұлғаларға қатысты активтерді заңсыз иемдену және (немесе) шығару туралы өз қызметі процесінде алынған ақпаратты, сондай-ақ қызметтік, коммерциялық, салықтық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтер мен құжаттарды сұрату арқылы жүзеге асырады.
Банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, сақтандыру ұйымдары, микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдар және бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар тізілімге енгізілген тұлғалар бойынша банк құпиясын, сақтандыру құпиясын, микрокредит беру құпиясын және бағалы қағаздар нарығындағы құпияны құрайтын ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның бірінші басшысы не оның міндетін атқаратын адам қол қойған, осы Заңға сәйкес қалыптастырылған тізілімнен үзінді-көшірме қоса берілген жазбаша сұрау салуы бойынша ұсынады.
3) «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында ұсынылуына тыйым салынған мәліметтерді қоспағанда, қылмыстық іс жүргізу және жедел-іздестіру қызметі барысында алынған, активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға байланысты мәліметтерді сұрату арқылы жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар, уәкілетті мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері:
1) активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға активтерді қайтару жөніндегі шараларды жүзеге асыру, сондай-ақ комиссияның жұмыс органының функцияларын орындау үшін қажетті ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды ұсынады;
2) өзі дербес анықтаған кезде активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға жеке және заңды тұлғалардың деректемелерін көрсете отырып, күдікті операциялар туралы, оның ішінде нарықтық құнынан анық ерекшеленетін бағамен тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) экспорттау (импорттау) жөніндегі мәмілелер туралы хабар береді.
8-бап. Комиссия
1. Заңсыз иемденілген және шығарылған активтерді қайтару мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдау мақсатында комиссия құрылады.
Комиссия тұрақты негізде жұмыс істейді және оны Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі басқарады.
Комиссияның ережесі мен мүшелерінің дербес құрамын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Комиссия мүшелерінің дербес құрамы Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарынан, қоғам қайраткерлерінен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелерінен, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынан және өзге де адамдардан құралады.
2. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган комиссияның жұмыс органы болып табылады.
3. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган және комиссияның мүшелері алынған мәліметтердің сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті.
4. Комиссия қызметінің өзге де мәселелері ол туралы ережеде реттеледі.
9-бап. Комиссияның функциялары
1. Комиссияның негізгі функциялары:
1) активтерді заңсыз иемденудің, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарудың себептері мен жағдайларын жоюға бағытталған жүйелі шаралар бойынша ұсынымдарды тұжырымдау;
2) активтерді мемлекетке қайтару тәсілдері мен тетіктері бойынша ұсынымдарды тұжырымдау және (немесе) оларды Қазақстан Республикасындағы заңды экономикалық айналымға тарту;
3) активтер туралы ақпаратты және декларацияланған активтерді иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын растайтын өзге де мәліметтерді қарау;
4) әлеуметтік-экономикалық тәуекелдерді және өзге де факторларды ескере отырып, тізілімді қалыптастыру болып табылады.
2. Комиссия әлеуметтік, саяси және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттігін назарға ала отырып, активтер - өңірлік даму жөніндегі уәкілетті орган бекіткен қала құраушы заңды тұлғалардың тізбесіне енгізілген заңды тұлғалар бойынша ұсынымдарды тұжырымдайды.
Қазақстан Республикасының Үкіметі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген ұсынымдарды міндетті түрде бекітуге тиіс.
3. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган комиссияның ұсынымдарын қарауға міндетті.
10-бап. Активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ қабылданған жүйелі шаралар жөніндегі жыл сайынғы ақпарат
1. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ қабылданған жүйелі шаралар жөніндегі ақпаратты (бұдан әрі - жыл сайынғы ақпарат) жыл сайын дайындайды, ол өзінің ресми интернет-ресурсында жарияланады.
2. Жыл сайынғы ақпаратта активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ қабылданған жүйелі шаралар жөніндегі қызмет қорытындыларын талдау және бағалау, активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою тұрғысынан Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын қалыптастыру, іске асыру және жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қамтылады.
3. Жыл сайынғы ақпаратты дайындау және оны жариялау тәртібін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры бекітеді.
3-тарау. ЗАҢСЫЗ ИЕМДЕНІЛГЕН ЖӘНЕ ШЫҒАРЫЛҒАН АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ
ЖӨНІНДЕГІ ШАРАЛАР
11-бап. Активтерді заңсыз иемденуге, шығаруға қарсы іс-қимыл жасау және оларды қайтару үшін ақпаратты мониторингтеу мен талдау
1. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган мыналарды:
1) активтерді заңсыз шығару схемасына тартылған тұлғалар тобын, сондай-ақ үлестес және өзге де тұлғалар тобын;
2) тізілімге енгізілуге жататын тұлғалар активтерінің жиынтық мөлшерін;
3) активтерді заңсыз иемдену, оның ішінде оларды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығару белгілері мен мән-жайларын;
4) тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің тиісті нарығында экономикалық ресурстарды шоғырландыру себептерін, жағдайлары мен мән-жайларын;
5) активтерді қайтару стратегияларын дайындауға қажетті өзге де мәліметтерді айқындау мақсатында заңсыз шығарылған активтер туралы ақпаратты іздеуге, жинауға, келіп түскендерін өңдеуге, қорытуға, бағалауға бағытталған, активтерді заңсыз иемденуге, шығаруға қарсы іс-қимыл жасау және оларды қайтару үшін ақпаратты мониторингтеу мен талдауды жүзеге асырады.
Активтерді заңсыз иемденуге, шығаруға қарсы іс-қимыл жасау және оларды қайтару үшін ақпаратқа мониторинг пен талдау жүргізу қағидаларын Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры бекітеді.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кез келген ақпарат көзі тұлғаны тізілімге одан әрі енгізу мақсатында мониторингтеу мен талдау үшін ақпарат көздері болып табылады.
Субъект және (немесе) онымен үлестес тұлғалар активтерінің жиынтық мөлшері активтер тұлғаның (тұлғалар тобының) меншігінде, пайдалануында, иелігінде және (немесе) бақылауында болған не болжам бойынша болған кезең ішінде кез келген қолжетімді ақпарат көздерінің негізінде айқындалады.
3. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган ақпаратқа мониторинг пен талдау жүргізу барысында субъектілерден және (немесе) олардың үлестес тұлғаларынан, мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан және меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдардан қосымша ақпаратты талап етіп алдыруға, активтерді иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруге және өзге де іс-шараларға бастама жасауға құқылы.
4. Ақпаратты талдау нәтижелері мемлекеттік органдардың тексерулер жүргізуі үшін, сондай-ақ тізілімді қалыптастыру үшін негіз бола алады.
12-бап 2023 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді
12-бап. Активтерді қайтару жөніндегі шаралар құрамы
1. Активтерді қайтаруға бағытталған шараларға: активтерді іздеу (ашып көрсету), олардың пайда болуын растау жөніндегі шаралар, алдын ала қамтамасыз ету шаралары, қамтамасыз ету шаралары, активтерді ерікті немесе мәжбүрлі түрде қайтару, тәркіленген немесе мемлекет кірісіне айналдырылған активтерді басқару жөніндегі шаралар және өзге де шаралар жатады.
2. Қайтарылуға жататын активтердің болу фактісін анықтауға, олардың нақты және заңды тұрған жерін айқындауға, активтердің және активтерді иеленетін немесе бақылайтын тұлғалардың арасындағы корпоративтік, нақты және өзгедей байланыс схемаларын анықтауға және активтердің қайтарылуына бағдарланған одан арғы жұмысты жүргізуге қажетті өзгедей ақпаратты анықтауға бағытталған шаралар жиынтығы активтерді іздеу (ашып көрсету) жөніндегі шараларға жатады.
3. Активтерді қалыптастырудың (иемденудің), олардың пайда болуының, ұлғайтылуының заңдылығын растауға, мәліметтер мен дәлелдемелерді талдауға және бағалауға бағытталған шаралар жиынтығы активтердің пайда болуын растау жөніндегі шараларға жатады.
4. Алдын ала қамтамасыз ету шараларына, қамтамасыз ету шараларына Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында, шет мемлекеттердің заңнамасында көзделген шаралар жатады.
5. Активтерді ерікті немесе мәжбүрлі түрде қайтару жөніндегі шараларға осы Заңның 4-тарауының ережелерінде көзделген шаралар жатады.
6. Тәркіленген немесе мемлекет кірісіне айналдырылған активтерді басқару жөніндегі шараларға:
1) активтерді басқаруға қабылдау;
2) активтерді ұстауға және олардың сақталуын қамтамасыз етуге жұмсалатын шығыстарды көтеру;
3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі активтерді өткізгенге не Қазақстан Республикасына қайтарғанға дейін оларды сыртқы (сенімгерлік) басқару шыларды тағайындау;
4) тәркіленген немесе мемлекет кірісіне айналдырылған активтерді өткізуді қоса алғанда, активтерге билік ету шарттарын айқындау;
5) алдын ала қамтамасыз ету шаралары, қамтамасыз ету шаралары қабылданған кәсіпорындардың, сондай-ақ мемлекет кірісіне айналдырылған кәсіпорындардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
6) активтерді басқару және оларға билік ету бойынша өзге де мәселелер жөніндегі шаралар жатады.
7. Осы Заңда көзделген шаралар шет мемлекеттерге құқықтық көмек беру қажет болған кезде де қабылдануы мүмкін.
13-бап. Тізілім
1. Комиссия активтерді қайтару мақсаттары үшін активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның ұсынысы бойынша тізілімді қалыптастырады.
2. Тізілім иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығы расталуға жататын активтер меншігінде, иелігінде немесе бақылауында болатын (болған) немесе болжам бойынша болатын (болған) субъектілер және (немесе) олардың үлестес тұлғалары туралы, сондай-ақ субъектілердің және (немесе) олардың үлестес тұлғаларының мұрагерлері мен құқықтық мирасқорлары туралы мәліметтерді қамтиды.
14-бап. Тізілімді қалыптастыру тәртібі
1. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган ақпаратты мониторингтеу және талдау негізінде субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының, сол сияқты субъектілер және (немесе) олардың үлестес тұлғалары мұрагерлерінің және құқықтық мирасқорларының меншігінде, пайдалануында, иелігінде немесе бақылауында болатын (болған), болжам бойынша болатын (болған), жиынтық мөлшері айлық есептік көрсеткіштің он үш миллион еселенген мөлшеріне тең немесе одан асатын активтерді иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына қисынды түрде күмән келтірген жағдайда, субъектіні және (немесе) оның үлестес тұлғаларын тізілімге енгізу мәселесі комиссияның қарауына шығарылады.
2. Субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының активтерді иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына қисынды түрде күмән келтіруге мынадай белгілердің бірін көрсететін мәліметтер негіз болып табылады:
1) субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының меншігінде, пайдалануында, иелігінде немесе бақылауында болатын (болжам бойынша болатын) активтер құнының заңды кірістер не осындай активтерді иемденуге жұмсалған шығыстарды жабудың өзге де заңды көздері мөлшеріне, оның ішінде бастапқы (тіпті оған дейінгі) активтерге қатысты да және бастапқы (тіпті оған дейінгі) кірістерге (шығыстарды жабу көздеріне) қатысты да сәйкес келмеуі.
Осы Заңның мақсаттары үшін субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының заңды кірістеріне немесе активтерді иемденуге жұмсалған шығыстарын жабудың өзге де заңды көздеріне Қазақстан Республикасы заңнамасының барлық талаптарын сақтай отырып, заңды жолмен иемденілген кірістер, оның ішінде активтерді иемденуге жұмсалған шығыстарды жабудың заңды көздері, тіпті бастапқы активтерге дейінгілері және бастапқы активтерді иемденуге жұмсалған шығыстарды жабу көздеріне дейінгілері жатады;
2) субъектілердің және (немесе) олардың үлестес тұлғаларының жиынтығында осы Заңда белгіленген шекті мәннен асатын активтерді осындай тұлғалардың бірі жауапты мемлекеттік лауазымға немесе мемлекеттік заңды тұлғада немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқару функцияларын орындауды болжайтын лауазымға орналасқаннан кейін (орналасқан кезде) иемденуі;
3) «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижелері бойынша субъектіге және (немесе) оның үлестес тұлғаларына заңсыз жолмен пайда болған активтер тиесілі деп болжауға жеткілікті негіз беретін мәліметтердің анықталуы;
4) субъектілерге және (немесе) оның үлестес тұлғаларына қатысты шетелдік сот шығарған айыптау үкімінің болуы;
5) салықтық және өзге де жеңілдіктер мен преференциялар, мемлекеттік қолдау, мемлекеттік көмек беру және алу шарттарын, мемлекеттік-жекешелік жобаларға қатысу, кредиттік ресурстарға қол жеткізу, мемлекеттік сатып алуға, сол сияқты квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуына не жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуына қол жеткізу шарттарын, мемлекет не квазимемлекеттік сектор субъектілері тарапынан экономикалық және (немесе) заңдық мәні субъект және (немесе) оның үлестес тұлғалары активтерінің қаржылық орнықтылығы мен пайда әкелуін қолдау болатын кез келген өзге де әрекеттер мен шараларды қоса алғанда, субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының кәсіпкерлік қызметті жүргізуі үшін бәсекелестік емес қолайлы заңнамалық (нормативтік, реттеушілік) және өзгедей жағдайлардың болуы;
6) мәмілелердің экономикалық тұрғыдан орынсыздығы белгілерін, мәмілелердің нарықтық емес жағдайларын қоса алғанда, субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының кәсіпкерлік қызметі жағдайларының аномальды белгілерінің болуы;
7) субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғасының екінші деңгейдегі банкке, Қазақстанның Даму Банкіне, оның ішінде мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысқан (кез келген нысанда) және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектілері тарапынан депозиттерге қаражат орналастыру, депозиттік және өзге де шоттар бойынша шарттарды қайта қарау, екінші деңгейдегі банктер шығарған облигацияларды иемдену, екінші деңгейдегі банктердің облигациялық бағдарламаларының шарттарын қайта қарау және экономикалық және (немесе) заңдық мәні екінші деңгейдегі банктің, Қазақстанның Даму Банкінің қаржылық орнықтылығын қолдау болатын өзге де әрекеттер түрінде қолдау алған екінші деңгейдегі банкке, Қазақстанның Даму Банкіне (бұдан әрі - мемлекеттік қолдау алған банктер) көрінеу қайтарылмайтын кредиттер (қарыздар) алу, нарықтық емес жағдайларда не Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын және банктің ішкі құжаттарын бұза отырып, кредиттер (қарыздар) алу арқылы не өзге жолмен залал келтіруі туралы мәліметтердің болуы;
8) субъектілердің және (немесе) олардың үлестес тұлғаларының қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға сәйкес, қылмыстық кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың типологияларына, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар операцияларға тартылу белгілері қамтылатын мәліметтердің болуы;
9) экономикалық ресурстардың тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің тиісті нарығында нақты шоғырлануы, оның ішінде тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие болатын және (немесе) ие болған нарық субъектілерінің акцияларын (жарғылық капиталдарға қатысу үлестерін) иелену жолымен шоғырлануы туралы мәліметтердің болуы.
3. Комиссия отырыста қарау қорытындысы бойынша тізілімді қалыптастырады.
4. Тізілім тұлғаны (тұлғалар тобын) енгізу арқылы және мынадай мәліметтерді:
жеке тұлғалар үшін - тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірін (салық төлеушінің нөмірін, өзге де баламалы ұқсас деректемелерді, бар болса), азаматтығын;
заңды тұлғалар үшін атауын, тіркеу нөмірін, бизнес-сәйкестендіру нөмірін, тұрған (тіркелген) жерін көрсету арқылы қалыптастырылады.
5. Тұлғаның (тұлғалар тобының) тізілімде болуының шекті мерзімі тұлғаны тізілімге енгізген күннен бастап бір жылды құрайды.
Көрсетілген мерзімнің өтуі:
1) сотқа дейінгі іс жүргізуге қатысушылар процестік құқықтарды іске асырған;
2) тізілімге енгізілген тұлғаларға қосымша сұрау салу жіберілген;
3) уәкілетті мемлекеттік, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға сұрау салу жіберілген;
4) аудит, ревизиялар, тексерулер, ақпаратты, құқықтық көмекті сұратуға байланысты талап қоятын және өзге де іс-шаралар жүргізілген әрі шетелдік соттармен және уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі, оның ішінде активтерді қайтаруды қамтамасыз етуге бағытталған өзге де арнаулы іс-шаралар жүргізілген;
5) тізілімге енгізілген субъектіге және (немесе) оның үлестес тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілген;
6) тізілімге енгізілген субъектіге және (немесе) оның үлестес тұлғаларына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізілген;
7) шет мемлекеттердің құзыретті органдары мен ұйымдарына немесе халықаралық ұйымдарға құқықтық көмек туралы сұрау салу, ақпарат беру туралы сұрау салу, активтерге тыйым салу, өзге де алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қабылдау немесе оларды тәркілеу және дәлелдемелер алу туралы сұрау салу жіберілген;
8) шетелдік соттарға және шет мемлекеттердің өзге де құзыретті органдарына азаматтық талап қою ұсынылған;
9) азаматтық немесе қылмыстық іс бойынша, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу және Қазақстан Республикасының атынан ақпарат, мәліметтер немесе құжаттар алу шеңберінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді немесе өзге де әрекеттерді жүзеге асыру үшін шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен бірлескен тергеп-тексерулер шеңберінде шет мемлекеттің аумағында тергеу әрекеттері жүргізілген;
10) активтерді іздеуге (ашып көрсетуге), пайда болуын растауға, алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қолдануға, сақталуын қамтамасыз етуге, басқаруға, өткізуге және қайтаруға қатысты шет мемлекеттер соттарының немесе өзге де құзыретті органдарының шешімдері танылған және орындалған;
11) тұлға (тұлғалар тобы) активтерді қайтару жөніндегі шараларға байланысты Қазақстан Республикасына және (немесе) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына немесе мемлекеттік органдарының лауазымды адамдарына қарсы шет мемлекеттердің соттарына не төреліктерге талап қою берген;
12) активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның сұрау салуы бойынша мемлекеттік органдардың өз өкілеттіктерін іске асыруына байланысты әкімшілік актілеріне немесе әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) қатысты тұлғаның (тұлғалар тобының) талап қоюы бойынша Қазақстан Республикасының соттары әкімшілік істерді қозғаған;
13) активтерді ерікті түрде қайтару шеңберінде келісу рәсімдері мен өзге де рәсімдер жүргізілген жағдайларда үзіледі.
Тұлғаның (тұлғалар тобының) тізілімде болу мерзімі өтуінің үзілуіне негіз болған мән-жайлар белгіленген тәртіппен аяқталғаннан кейін осы мерзімнің өтуі қайта басталады.
Тұлға тізілімде болудың шекті мерзімі өткен соң тізілімнен шығарылған болып есептеледі. Тұлғаны тізілімнен шығару үшін комиссияның шешімі талап етілмейді.
Тұлға тізілімнен шығарылғаннан кейін оған қатысты активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның осындай активтерді пайда болуы түсініксіз активтер ретінде мемлекет кірісіне мәжбүрлеп айналдыру туралы талап қоюы берілмейді.
Тұлғаның (тұлғалар тобының) тізілімде болу мерзімінің тоқтатыла тұруы, қайта басталуы немесе тоқтатылуы туралы тізілімге енгізілген тұлғаларға осы Заңның 15-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен хабарланады.
Тұлға (тұлғалар тобы) бұрын тізілімге енгізілген сол бір негіздер бойынша субъектіні тізілімге қайтадан енгізуге жол берілмейді.
15-бап. Тізілімге енгізілген тұлғаларды хабардар ету
1. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган тізілімге енгізілген тұлғаларды тізілімге енгізілгені туралы, сондай-ақ тізілімге енгізілген тұлғаның өзіне тиесілі активтерді (немесе олардың бір бөлігін) кез келген нысанда өтеулі немесе өтеусіз иеліктен шығару, кез келген нысанда ауыртпалық салу, сенімгерлік басқаруға беру ниеті жөнінде активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға алдын ала (екі ай бұрын) хабарлау қажеттігі туралы хабардар етеді.
Хабарламада тұлғаны тізілімге енгізу негізі көрсетілуге тиіс.
2. Хабардар ету жазбаша түрде не Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, жеткізудің тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де тәсілдермен, оның ішінде:
1) электрондық пошта мекенжайына;
2) ұялы байланыстың абоненттік нөміріне;
3) электрондық үкімет жүйесіндегі жеке кабинетіне;
4) жеткізу фактісінің тіркелуін қамтамасыз ететін басқа да электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып, өзге де тәсілдермен жүргізіледі.
Тұлға хабарламаны қабылдаудан бас тартуына байланысты қайтарған жағдайда, тиісті түрде хабардар етілген болып есептеледі.
16-бап. Алдын ала қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арыз
1. Активті елден шығару немесе түрлендіру, оған ауыртпалық салу тәуекелі туындаған не активтерді мемлекетке қайтаруды қиындататын немесе мүмкін етпейтін өзге де мән-жайлардың туындау тәуекелі болған жағдайда, оның ішінде тізілімге енгізілген тұлғадан (тұлғалар тобынан) өзіне тиесілі активтерді (немесе олардың бір бөлігін) кез келген нысанда өтеулі немесе өтеусіз иеліктен шығару, кез келген нысанда ауыртпалық салу, сенімгерлік басқаруға беру ниеті туралы алынған ақпарат (хабарлама) бойынша активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган алдын ала қамтамасыз ету шараларын қабылдау мақсатында сотқа арыз жолдайды.
2. Алдын ала қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арыз Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне сәйкес көзделген соттылық қағидалары сақтала отырып, сотқа беріледі.
3. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган тізілімге енгізілген тұлғалардың активтеріне тыйым салу және (немесе) активтерді іздеу мен қайтаруды қиындатуды немесе мүмкін етпеуді мақсат ететін әрекеттердің жолын кесуге бағытталған өзге де шаралар қабылдау нысанындағы құқықтық көмек туралы арыздармен, өтінішхаттармен және сұрау салумен шетелдік соттарға және (немесе) шет мемлекеттердің өзге де құзыретті органдарына жүгінеді.
4. Сот бұдан бұрын мемлекеттің мүліктік мүдделерін қамтамасыз ету бойынша алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қабылдаған мүлікті иемденген тұлғалар адал иемденушілер болып табылмайды.