10) Қазақстан Республикасының резиденттері - сақтандыру ұйымдарының атынан және тапсырмасы бойынша сақтандыру агенті ретінде сақтандыру шарттарын жасасуды;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық ақша эмитентінің агенті функцияларын іске асыруды;
12) хеджирлеу мақсатында жасалатын туынды қаржы құралдарымен мәмілелерді бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында жасасуды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Микроқаржы ұйымдарына осы Заңда көзделмеген өзге кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.
20-бап. Берiлген микрокредит бойынша құжаттама жүргiзу тәртiбi
1. Микроқаржы ұйымы қарыз алушыларды тiркеу журналында берiлген әрбiр микрокредиттi тiркейдi, оның жүргізілуі электрондық түрде немесе қағаз тасымалдағышта жүзеге асырылады.
2. Микрокредит алу үшiн өтініш беруші (қарыз алушы) осы баптың 3-тармағында көзделген құжаттарды ұсынады.
3. Кредиттік дерекнама аталған микроқаржы ұйымында микрокредит беру туралы алғашқы шартқа қарыз алушы қол қойған күннен бастап қалыптастырылады.
Кредиттiк дерекнамада мыналар:
1) микрокредиттi пайдалану мақсаты туралы (мақсатты микрокредит берiлген жағдайда), қарыз алушының микрокредиттi өтеу және құнын көрсете отырып, сыйақы төлеу жөнiндегi мiндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге ұсынатын мүлкі туралы не қамтамасыз етудiң жоқ екендігі туралы мәлiметтері бар өтiнiш;
2) қарыз алушы - заңды тұлға органының микрокредит алу туралы шешімі;
3) кепіл беруші - заңды тұлға органының қарыз алушы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге кепіл нысанасын беру туралы шешімі;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) қарыз алушының құрылтай құжаттарының көшiрмелерi (заңды тұлғалар үшiн);
5) қарыз алушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi (жеке тұлғалар үшiн);
6) қарыз алушы өкiлiнiң микрокредит беру туралы шартқа қол қою өкiлеттiгiн растайтын құжаттар;
7) микрокредит беру туралы шарт;
8) егер берiлген микрокредит мүлiк кепiлiмен қамтамасыз етiлген жағдайда - кепiл туралы шарт, мүлікке меншік құқығын растайтын құжаттардың көшірмелері, ал мүлік кепілі міндетті тіркелетін жағдайда - мүлік кепілінің тіркелу фактісін растайтын құжаттар қамтылады.
4. Мiндеттемесiнің орындалуы кепiлдiкпен немесе кепілгерлікпен қамтамасыз етiлген микрокредит бойынша кредиттiк дерекнамаға мынадай қосымша құжаттар:
1) кепiлдiк немесе кепілгерлік шарты;
2) өкiлдiң кепілдік беруші атынан кепiлдiк беру шартына немесе кепілгердің атынан кепілгерлік шартқа қол қоюға өкiлеттiгiн растайтын құжаттар;
3) қарыз алушының міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін кепілдік немесе кепілгерлік беру туралы кепілдік беруші немесе кепілгер - заңды тұлға органының шешімі қоса беріледі.
5. Микрокредит бойынша берешектiң толық немесе iшiнара өтелгенiн растайтын құжаттар (немесе олардың көшірмелері) кредиттiк дерекнамаға қоса берiлуге және оларда микрокредиттi өтеу көзi (қарыз алушы аударған не кепiлдегі мүлiктi сатудан түскен ақша) көрсетілуге тиiс.
21-бап. Микрокредит беру құпиясы
1. Микрокредит беру құпиясы қарыз алушылар, микрокредиттердiң мөлшерлерi туралы, микрокредит беру туралы шарттың қарыз алушыға қатысты өзге де талаптары туралы және микроқаржы ұйымының операциялары туралы (микрокредиттер беру қағидаларын қоспағанда) мәлiметтердi қамтиды.
Тарату процесіндегі микроқаржы ұйымының микрокредиттер беру туралы жасасқан шарттары жөнiндегi мәлiметтер микрокредит беру құпиясына жатпайды.
2. Микроқаржы ұйымдары микрокредит беру құпиясына кепiлдiк бередi.
3. Микрокредит беру құпиясы берілген микрокредиттер бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қарыз алушыға, кредиттік бюроға ғана, қарыз алушының жазбаша келiсiмi негiзiнде үшiншi тұлғаға, сондай-ақ осы баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетiлген тұлғаларға ашылуы мүмкiн.
4. Қарыз алушылар, микрокредиттердiң мөлшерлерi туралы, микрокредит беру туралы шарттың қарыз алушыға қатысты өзге де талаптары туралы, микроқаржы ұйымы жүргiзген операциялар туралы мәлiметтер:
1) анықтау және алдын ала тергеу органдарына: олар жүргiзiп жатқан қылмыстық iстер бойынша мөрмен расталған және прокурор санкция берген жазбаша сұрау салу негiзiнде;
2) соттарға: олар жүргiзiп жатқан iстер бойынша соттың ұйғарымы, қаулысы, шешiмi және үкiмi негiзiнде;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) әділет органдарына және жеке сот орындаушыларына: олар жүргізіп жатқан атқарушылық іс жүргізу істері бойынша әділет органдарының мөрімен немесе жеке сот орындаушысының мөрімен расталған, сот орындаушысының сот санкция берген қаулысы негізінде;
4) прокурорға: оның құзыретi шегiнде өзінің қарауында жатқан материал бойынша тексеру ісін жүргізу туралы қаулы негiзiнде;
2014.28.11. № 257-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) салықтық әкімшілендіру мақсатында ғана мемлекеттік кіріс органдарына: тексерiлетiн тұлғаға салық салуға байланысты мәселелер бойынша нұсқама негiзiнде;
2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) қарыз алушының өкiлдерiне: сенiмхат негiзiнде;
2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
7) банкрот деп танылған тұлғаларға қатысты оңалту және банкроттық саласындағы уәкілетті органға, банкроттықты басқарушыға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен беріледі.
5. Қарыз алушы, микрокредит мөлшерi туралы, микрокредит беру туралы шарттың қарыз алушыға қатысты өзге де талаптары жөнiндегi мәлiметтер қарыз алушы қайтыс болған жағдайда, осы баптың 4-тармағында көзделген тұлғалардан басқа, жазбаша сұрау салу негiзiнде, сондай-ақ:
1) қарыз алушы өсиетте көрсеткен тұлғаларға;
2) нотариустарға: өздері жүргiзiп жатқан мұрагерлiк iстер бойынша нотариустың мөрiмен расталған, оның жазбаша сұрау салуы негiзiнде беріледі.
Нотариустың жазбаша сұрау салуына қайтыс болу туралы куәлiктiң көшiрмесi қоса берiлуге тиiс;
3) шетелдiк консулдық мекемелерге: олар жүргiзiп жатқан мұрагерлiк iстер бойынша берiледi.
6. Мыналар:
1) кредиттік бюроларға микроқаржы ұйымдарының теріс ақпарат беруі және күнтізбелік жүз сексен күннен асатын мерзімі өткен берешегі жөнінде кредиттік тарих субъектісі туралы кредиттік бюролардың теріс ақпарат беруі;
2) заңды тұлғаға микрокредит бойынша талап ету құқықтарын беру кезінде күмәнді және үмітсіз деп сыныпталған және ол бойынша теріс ақпараты бар осы микрокредитпен байланысты ақпаратты аталған тұлғаға микроқаржы ұйымдарының беруі микрокредит беру құпиясының ашылуы болып табылмайды.
22-бап. Бухгалтерлiк есепті жүргiзу және қаржылық есептiлiкті жасау
Микроқаржы ұйымының бухгалтерлік есепті жүргізуі және қаржылық есептілікті жасауы, бухгалтерлік есептің жүргізілуін автоматтандыру уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
23-бап. Құжаттарды сақтау
Микроқаржы ұйымының қызметiне байланысты құжаттарды сақтау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
24-бап. Микрокредиттер беру жөнiндегi қызметке және шындыққа сай келмейтiн жарнамаға тыйым салу
1. Микроқаржы ұйымдары ретiнде тiркелмеген заңды тұлғалардың микрокредиттер беру жөнiндегi кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға құқығы жоқ.
2. Микроқаржы ұйымдарына өздерiнiң қызметi туралы оны жариялау күнінде шындыққа сай келмейтiн жарнама жасауға тыйым салынады.
25-бап. Микроқаржы ұйымдарын қайта ұйымдастыру және тарату
Микроқаржы ұйымдарын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
4-тарау. МИКРОҚАРЖЫ ҰЙЫМДАРЫН МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ, ОЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІН БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ
26-бап. Микроқаржы ұйымы үшін белгіленетін пруденциялық нормативтер және сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттер
Пруденциялық нормативтердің және сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердің құрамына:
1) жарғылық капиталдың ең төменгi мөлшерi;
2) меншікті капиталдың ең төменгі мөлшері;
3) меншікті капиталдың жеткiлiктiлiгi;
4) бір қарыз алушыға тәуекелдің ең жоғарғы мөлшері;
5) левередж коэффициенті кіреді.
27-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) есептік тіркеуді жүргізедi;
2) микроқаржы ұйымдарының тізілімін жүргізеді;
3) пруденциялық нормативтердi және микроқаржы ұйымының сақтауы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердi және оларды есептеу әдістемесін, сондай-ақ олардың орындалуы туралы есептілікті табыс етудің нысандары мен мерзімдерін әзірлейді және бекітеді;
4) микроқаржы ұйымының есептілік тiзбесiн, нысандарын, оны табыс ету мерзiмдерi мен тәртiбiн айқындайды;
5) берілген микрокредиттер бойынша активтер мен шартты міндеттемелерді сыныптауды жүзеге асыру және оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру қағидаларын әзірлейді және салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсімін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен келісім бойынша бекітеді;
6) микроқаржы ұйымының қызметіне тексеруді жүзеге асырады;
2014.10.06. № 206-V ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды
6-1) микроқаржы ұйымдарының Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында көзделген талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
7) осы Заңның 15-бабы 2-тармағының бірінші бөлігінде және 16-бабының 5-тармағында көзделген талаптарды орындамаған жағдайда, микроқаржы ұйымдарын қайта ұйымдастыру не тарату туралы сотқа талап арыз береді;
8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
28-бап. Микроқаржы ұйымына қолданылатын ықпал ету шаралары және оларды қолдану негіздері
1. Микроқаржы ұйымы пруденциялық нормативтерді және сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді бұзған, микроқаржы ұйымының лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің құқыққа сыйымсыз іс-әрекеттері немесе әрекетсіздігі анықталған кезде уәкілетті орган осы бапта белгіленген ықпал ету шараларын қолданады. Ықпал ету шаралары деп шектеулі ықпал ету шаралары мен санкциялар түсіндіріледі.
2. Уәкілетті органның шектеулі ықпал ету шаралары ретінде микроқаржы ұйымына мынадай шектеулі шараларды қолдануға:
1) мiндеттеме-хат талап етуге;
2) орындалуы мiндеттi жазбаша нұсқама беруге;
3) жазбаша ескерту шығаруға;
4) жазбаша келісім жасауға құқығы бар.
Микроқаржы ұйымының мiндеттеме-хатында орын алып отырған кемшiлiктердi мойындау фактiсi және микроқаржы ұйымы басшысының жоспарланған шаралар тiзбесiн көрсете отырып, оларды қатаң белгiленген мерзiмде жою жөніндегі кепiлдігi болуға тиiс.
Анықталған кемшiлiктердi белгiленген мерзiмде жоюға бағытталған түзеу шараларын қабылдау туралы микроқаржы ұйымына берілген нұсқау уәкілетті органның жазбаша нұсқамасы болып табылады. Уәкiлеттi органның жазбаша нұсқамасына сотқа шағым жасау оның орындалуын тоқтата тұрмайды.
Қазақстан Республикасының заңнамасын микроқаржы ұйымының бұзғанын (бұзушылықтарын) уәкілетті орган анықтаған жағдайда немесе егер орын алып отырған кемшiлiктер уәкілетті орган белгiлеген мерзiмде жойылмайтын болса, осы баптың 4-тармағында көзделген санкцияларды микроқаржы ұйымына қолдану мүмкiндiгi туралы уәкiлеттi органның хабарламасы жазбаша ескерту болып табылады.
Жазбаша келісім уәкілетті орган мен микроқаржы ұйымы арасында анықталған кемшіліктерді тез арада жою қажеттігі туралы және осыған байланысты бірінші кезектегі шараларды бекіту туралы жасалады. Жазбаша келісім микроқаржы ұйымының қызметінде қаржылық жағдайды жақсарту жөніндегі тиімді үйлестірілген шаралар қолдануды талап ететін қаржылық нашарлау байқалған жағдайларда жасалуы қажет. Жазбаша келісімде микроқаржы ұйымының басқару органы және (немесе) атқарушы органы алдағы уақытта кемшіліктерді жою, қаржылық жағдайды жақсарту жөнінде қолданатын іс-қимылдар мен олардың орындалу мерзімдері көрсетіледі. Жазбаша келісімге қол қоя отырып, микроқаржы ұйымы оның талаптарын орындау жөнінде өзіне міндеттемелер қабылдайды.
3. Микроқаржы ұйымы шектеулі ықпал ету шарасын құжатта көрсетілген мерзімде орындағаны туралы уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
Егер бұзушылықты жою үшін белгіленген мерзім бір айдан асатын болса, микроқаржы ұйымы орын алған кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралардың орындалуы туралы уәкілетті органды ай сайын айдың жиырмасына дейін хабардар етеді.
Бір шектеулі ықпал ету шарасын қолдану Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда басқа шектеулі ықпал ету шараларының қолданылуын жоққа шығармайды, бұдан бұрын қабылданған шаралардың қолданылуын тоқтата тұрмайды және тоқтатпайды.
4. Уәкілетті орган осы Заңның 16-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша санкциялар ретінде микроқаржы ұйымын микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығарады.
5. Уәкiлеттi органның микроқаржы ұйымына осы бапта көзделген ықпал ету шараларын қолдану туралы шешіміне сотқа шағымдануға болады.
29-бап. Микроқаржы ұйымының қызметін тексеру
1. Микроқаржы ұйымының қызметiн тексерудi уәкілетті орган дербес не басқа мемлекеттік органдарды және (немесе) ұйымдарды тарта отырып жүзеге асырады.
2. Микроқаржы ұйымы уәкiлеттi органның тексеруге берген тапсырмасында көрсетiлген мәселелер бойынша тексерушi органға жәрдемдесуге, сондай-ақ кез келген лауазымды адамдар мен қызметкерлерден жауап алу мүмкiндiгiн және тексерудi орындауға қажеттi кез келген ақпарат көзіне қолжетімділікті қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Уәкiлеттi органның қызметкерлерiне микроқаржы ұйымының қызметiн тексеру барысында алынған мәлiметтердi жария етуге не үшiншi тұлғаларға беруге тыйым салынады.
4. Тексерудi жүзеге асыратын адамдар микроқаржы ұйымының қызметiн тексеру барысында алынған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәлiметтердi жария еткенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
30-бап. Қазақстан Республикасының микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
31-бап. Өтпелі ережелер
1. Коммерциялық емес микрокредиттік ұйымдарды қоспағанда, микрокредиттік ұйымдар 2016 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік қайта тіркелуге жатады.
Осы тармақта белгіленген талаптар сақталмаған жағдайда, микрокредиттік ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қайта ұйымдастырылуға не таратылуға жатады.
2. Коммерциялық емес микрокредиттік ұйымдар 2016 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қайта ұйымдастырылуға не таратылуға жатады.
3. Қайта тіркелген не микроқаржы ұйымы болып қайта құрылған микрокредиттік ұйым осы Заңның 14-бабына сәйкес есептік тіркеуден өту үшін берілген микрокредиттер бойынша табыстар мен корпоративтік табыс салығының есептелген сомасы көрсетілген, соңғы үш жылдағы салық декларациясының көшірмесін уәкілетті органға қосымша ұсынады.
4. Микрокредиттік ұйымдар 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін өз қызметінде осы Заңның 1-бабының 2) - 5) және 8) тармақшаларында, 2-бабының 2 және 3-тармақтарында, 3-бабында, 4-бабының 1, 3 және 4-тармақтарында, 5-бабының 1 және 3-тармақтарында, 6-бабында, 7-бабының 1-тармағында, 2-тармағының 1) - 6) және 12) тармақшаларында, 3-тармағында, 8 - 10-баптарында, 11-бабының 2-тармағында, 12-бабының 3-тармағында, 17 және 18-баптарында, 19-бабы 1-тармағының 1) - 9) және 12) тармақшаларында, 20, 21 және 23-баптарында, 24-бабының 2-тармағында, 25, 30 және 31-баптарында көзделген нормаларды басшылыққа алады.
Осы Заңның 12-бабы 3-тармағының күші коммерциялық емес микрокредиттік ұйымдарға қолданылмайды.
5. Микрокредиттік ұйымдар 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсімін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен келісім бойынша уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес берілген микрокредиттер бойынша активтер мен шартты міндеттемелерді сыныптауды жүзеге асыруға және оларға қарсы провизияларды (резервтерді) құруға құқылы.
6. 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін уәкілетті орган осы Заңның 14-бабында және осы баптың 3-тармағында көзделген құжаттардың толық топтамасын ұсынған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде есептік тіркеуден өту үшін өтінішті қарайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімде уәкілетті орган микроқаржы ұйымын микроқаржы ұйымдарының тізіліміне енгізуге және осы шешімі туралы оны хабардар етуге не есептік тіркеуден бас тартудың себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап беруге міндетті.
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен 31-1-баппен толықтырылды
31-1-бап. Микроқаржы ұйымының көрсетілетін қызметтерін келісу
1. Микроқаржы ұйымы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен микроқаржы ұйымының тұтынушыларына микрокредиттерді беру бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін уәкілетті органның келісімін алуға міндетті.
2. Уәкілетті орган микроқаржы ұйымын қабылданған шешім туралы жазбаша хабардар етеді.
3. Уәкілетті орган құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаған не ұсынылған құжаттар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда микроқаржы ұйымына микроқаржы ұйымының тұтынушыларына микрокредиттер беру бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін келісім беруден бас тартады.
4. Уәкілетті орган микроқаржы ұйымдарына микроқаржы ұйымының тұтынушыларына микрокредиттерді ұсыну үшін берілген келісімдерді есепке алуды жүргізеді.
32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы Заңның 14-бабының 3 және 4-тармақтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Микрокредиттік ұйымдар туралы» 2003 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 4, 23-құжат; 2006 ж., № 11, 55-құжат; № 23, 140-құжат; 2010 ж., № 7, 28-құжат; 2011 ж., № 3, 32-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2012 жылғы қарашаның 26-ы.
№ 56-V