9. Өндіру жөніндегі операцияларға арналған шығыстарға:
1) жергілікті жерде өндіру учаскесі шекараларының межелік және геодезиялық белгілерін орналастыруға, оның ішінде жерге орналастыру жұмыстарына;
2) жер қойнауын пайдалану құқығын, жер пайдалану құқығын немесе жер учаскесіне меншік құқығын иелену, осындай иеленулерге ілеспе шығыстарды қоса алғанда;
3) өндіру учаскесімен тікелей байланысты емес ғылыми-зерттеу жұмыстарына;
4) жер учаскелерін сатып алуға немесе жер учаскелерінің иелері мен пайдаланушыларына шығындарды өтеуге және жерлерді олардың нысаналы мақсаты бойынша пайдалану үшін жарамды жағдайға келтіруге байланысты өтемақыларға арналған шығыстар жатқызылмайды.
10. Осы бапта көзделген өндіру жөніндегі операцияларға арналған ең төмен шығыстар бойынша міндеттемелер бұзылған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы жетіспейтін шығыстарды жүргізуге және бұл туралы құзыретті органға есепті жылдан кейінгі үш айдан кешіктірілмейтін мерзімде есеп беруге міндетті.
Жер қойнауын пайдаланушы осы тармаққа сәйкес жүргізген шығыстары ағымдағы жылдың шығыстарына есептелмейді.
211-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның мерзімі
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның мерзімі қатарынан жиырма бес жылдан аспайды.
2. Өндіруге арналған лицензияның мерзімі жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша лицензияның бастапқы мерзімінен аспайтын кезеңге ұзартылуы мүмкін.
Өндіруге арналған лицензияның мерзімін ұзарту саны шектелмейді.
3. Ұзарту туралы өтініш құзыретті органға өзі бекітетін нысан бойынша лицензияның мерзімі өткенге дейін төрт жылдан ерте берілмейді.
Егер өтінішті қарау кезеңінде өндіруге арналған лицензияның мерзімі өтіп кетсе, лицензия осындай қарастыру кезеңіне қолданылуын жалғастырады. Өндіруге арналған лицензияны ұзарту мерзімін есептеу аяқталған мерзімнің соңғы күнінен кейінгі күннен басталады.
4. Өндіруге арналған лицензияның мерзімі:
1) егер мәлімделген ұзарту мерзімі осы баптың 2-тармағына сәйкес келмесе;
2) осы баптың 3-тармағында көзделген лицензияның қолданысын ұзарту туралы өтініш беру мерзімі бұзылса;
3) өндіруге арналған лицензияның жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы (жалдау төлемдерін) төлеу және ұзарту туралы өтініш күнінің алдындағы есептік кезеңдер үшін өндіруге арналған ең төмен шығыстар бойынша шарттарды бұзушылықтарды жер қойнауын пайдаланушы жоймаған болса, ұзартылуға жатпайды.
212-бап. Жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қатты қазбаларды өндіру кезіндегі оқыту және ғылым саласындағы міндеттемелері
1. Өндіруге арналған лицензия қолданысының екінші жылынан бастап жер қойнауын пайдаланушы жыл сайын:
1) құзыретті орган білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып айқындаған тәртіппен жер қойнауын пайдаланушы алдыңғы жылы өндіруге арналған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыруды жүзеге асыруға;
2) құзыретті орган ғылым саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып айқындаған тәртіппен жер қойнауын пайдаланушының алдыңғы жылы өндіруге арналған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруды жүзеге асыруға міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылған, белгіленген ең төменгі мөлшерден асатын қаржыландыру көлемі жер қойнауын пайдаланушының келесі жылы тиісті міндеттемелерін орындау есебіне есептеледі.
213-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операциялар үшін тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу, оның ішінде мердігерлердің сатып алуы мынадай тәсілдердің бірімен жүзеге асырылады:
1) ашық конкурс;
2) бір көзден сатып алу;
3) бағаны төмендетуге арналған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық);
4) осы тармақтың нормаларын қолданбай тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
5) тауар биржаларында.
Өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімін міндетті түрде пайдалана отырып немесе жер қойнауын пайдаланушының жұмысы осындай тізілімінің жұмысымен үйлестірілген Интернеттің қазақстандық сегментінде орналасқан электрондық сатып алудың өзге де жүйелерін пайдалануымен, осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тәсілдермен жүргізіледі.
213-баптың 1-тармағының үшінші және төртінші бөліктері 2022 ж. 1 қаңтарға дейін 277-баптың 13-тармағының редакциясында қолданылады
Жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша конкурсты ұйымдастырушы конкурс жеңімпазын айқындау кезінде конкурсқа қатысушылардың - жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық өндірушілерінің конкурстық өтінімінің бағасын шартты түрде жиырма пайызға азайтады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын басшылар, менеджерлер мен мамандар санын есепке алмағанда, жұмыскерлердің жалпы санынан Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде тоқсан бес пайызын тартатын дара кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық өндірушілері деп танылады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдік басшылардың, менеджерлер мен мамандардың саны әрбір тиісті санат бойынша басшылардың, менеджерлер мен мамандардың жалпы санының елу пайызынан көп болмауға тиіс.
Жер қойнауын пайдаланушылар мен олардың мердігерлерінің пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөнінде операциялар жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде өткен конкурс нәтижелері бойынша немесе белгіленген тәртіпті бұза отырып сатып алынған тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі шығыстар құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушының лицензиялық міндеттемелерді орындау ретінде есепке алатын шығыстардан алып тасталады.
2. Пайдалы қатты қазбаларға қатысты электрондық сатып алу жүйесінің жұмысын жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер және оларды өндірушілер тізілімінің жұмысымен үйлестіру тәртібін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
3. Осы баптың мақсаттары үшін:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі деп жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сатып алынуын және оларды өндірушілерді бақылау мен мониторингтеуге, сондай-ақ электрондық сатып алуды және жер қойнауын пайдалану жөнінде операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін қалыптастыруға арналған мемлекеттік ақпараттық жүйе түсініледі;
2) электрондық сатып алу жүйесі деп сатып алуды ұйымдастырушылар (жер қойнауын пайдаланушылар немесе жер қойнауын пайдаланушылар уәкілеттік берген тұлғалар) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган бекітетін, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібіне сәйкес сатып алу үшін пайдаланатын электрондық ақпараттық жүйе түсініледі.
4. Жер қойнауын пайдаланушылар пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға өзі айқындаған тәртіппен тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық (бір қаржы жылына арналған) және орта мерзімді (бес қаржы жылына арналған) бағдарламаларын, сондай-ақ осы Кодекстің 6-тарауына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы операторды тартқан кезде, оператордың өтеулі көрсетілетін қызметтерін жоспарланған сатып алу туралы ақпарат беруге міндетті.
Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың бір жылдық бағдарламасы деп жер қойнауын пайдаланушы жасайтын, жер қойнауын пайдаланушы күнтізбелік бір жылға жоспарлайтын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің номенклатурасы мен көлемдерін, оларды сатып алу тәсілдері мен мерзімдерін айқындайтын құжат түсініледі.
Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың орта мерзімді бағдарламасы деп жер қойнауын пайдаланушы жасайтын, ол бес жылдық кезеңге жоспарлайтын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің номенклатурасы мен көлемдерін, оларды сатып алу тәсілдері мен мерзімдерін айқындайтын құжат түсініледі.
Оператор көрсететін қызметтерді жоспарланған сатып алу туралы ақпарат деп жер қойнауын пайдаланушы жасайтын, оператор өтеулі негізде ұсынатын көрсетілетін қызметтердің көлемі мен мерзімдерін айқындайтын құжат түсініледі.
5. Осы баптың 1-тармағының талаптары:
1) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес сатып алатын жер қойнауын пайдаланушыларға;
2) дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын ұлттық басқарушы холдинг тікелей немесе жанама иеленетін, жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғаларға қолданылмайды.
214-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу тәртібі
1. Жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесінде пайдалы қатты қазбалардың кез келген түрін өндіруге және оған барлау жүргізуге құқылы.
214-баптың 2-тармағы 2024 ж. 1 қаңтарға дейін 277-баптың 6-тармағының редакциясында қолданылады
2. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жер қойнауын пайдаланушы үшін коммерциялық қызығушылық тудыратын пайдалы қатты қазбалардың анықталған ресурстары бар жер қойнауы учаскесінде жүргізіледі.
3. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі барлық жұмыстар құжатталуға жатады. Құжаттама жер қойнауы учаскесін анық зерттеу және кейіннен игеру үшін қажетті жұмыстардың сипаттамасын қамтуға тиіс.
4. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруді жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы:
1) өндіруде қолданылатын техникалық құралдардың оңтайлылығы мен қауіпсіздігін;
2) пайдалы қатты қазбалардың кен орнын оның игерілуін күрделендіруге, кен орны ресурстарының сапасын төмендетуге алып келетін қауіпті техногендік процестер көріністерінен қорғауды;
3) өндірілген пайдалы қатты қазбалардың, өндіру кезінде түзілетін өндіріс қалдықтарының анық есепке алынуын;
4) өндіру кезінде, зертханалық зерттеулер мен талдаулар деректерін қоса алғанда, алынған бірінші және екінші геологиялық ақпараттың анықтығы мен сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
5. Егер бұл экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына қайшы келмесе, пайдалы қатты қазбаларды өндіру барысындағы тау-кен массасының және (немесе) орын ауыстырылатын топырақтың көлемі шектелмейді.
Өндіру барысында алынатын пайдалы қатты қазбалар (пайдалы құрауыштар) жер қойнауын пайдаланушының меншігі болып табылады.
6. Жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде су қорғау іс-шараларын орындауға, сондай-ақ тау-кен қазындыларына ағатын жерасты суларына қатысты су объектілерін қорғау бойынша Қазақстан Республикасының су және экологиялық заңнамасында белгіленген өзге де талаптарды сақтауға міндетті.
Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тау-кен қазындыларына жерасты суларының технологиялық жағынан шарасыз ағуы арнайы рұқсаттар немесе лицензиялар алуды талап етпейді.
Тау-кен қазындыларына ағатын жерасты суларын пайдалану Қазақстан Республикасының су және экологиялық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
215-бап. Жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қатты қазбаларды өндіруді жүргізу кезіндегі есептілігі
1. Жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша мынадай мерзімдік есептерді:
1) лицензиялық міндеттемелердің орындалуы туралы есепті;
2) сатып алынған тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер және олардағы жергілікті қамту үлесі туралы есепті;
3) жер қойнауын пайдаланушыны тікелей немесе жанама бақылайтын тұлғалардың және (немесе) ұйымдардың құрамы туралы есептерді;
4) геологиялық есептерді;
5) өндірілген пайдалы қатты қазбалар туралы есепті ұсынуға міндетті.
2. Мерзімдік есептер жыл сайын алдыңғы күнтізбелік жыл үшін әрбір жылдың отызыншы сәуірінен кешіктірілмей ұсынылады.
Толық емес күнтізбелік жыл үшін есептер жер қойнауын пайдаланудың нақты кезеңі бойынша ұсынылады.
Жер қойнауы учаскесін пайдалану кезеңінің соңғы толық емес күнтізбелік жыл үшін есептері көрсетілген кезең аяқталғаннан кейін екі айдан кешіктірілмей ұсынылады.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген есеп құзыретті органға оның өзі айқындайтын тәртіппен ұсынылады.
Лицензиялық міндеттемелердің орындалуы туралы есепте көрсетілген өндіру учаскесі бойынша шығыстар туралы мәліметтерді «Аудиторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аудитор растауға тиіс.
Егер мұндай мәліметтер аудит жүргізілген қаржылық есептілікте жеке келтірілсе (анықталса) олар аудитормен расталған деп танылады.
Осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген есептер пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға өзі айқындайтын тәртіппен ұсынылады.
Осы баптың 1-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көзделген есептер жер қойнауын зерттеу саласындағы уәкілетті органға өзі айқындайтын тәртіппен ұсынылады.
216-бап. Тау-кен жұмыстарының жоспары
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған жобалау құжаты тау-кен жұмыстарының жоспары болып табылады.
2. Тау-кен жұмыстарының жоспарын жер қойнауын пайдаланушы әзірлейді және бекітеді.
3. Тау-кен жұмыстарының жоспарында пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі жұмыстардың түрлері, әдістері және тәсілдері, жұмыстардың болжамды көлемі және оларды жүргізудің мерзімдері, сондай-ақ пайдаланылатын технологиялық шешімдер сипатталады.
Тау-кен жұмыстарының жоспарын жасау бойынша нұсқаулықты пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
Тау-кен жұмыстары жоспарының мазмұнын жер қойнауын пайдаланушы экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, дербес айқындайды.
4. Тау-кен жұмыстарының жоспары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен келісіледі.
Егер тау-кен жұмыстары жоспарында көзделген пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу жерүсті су объектілерінің су қорғау аймақтары шегінде болжанатын болса, тау-кен жұмыстарының жоспары да су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, суды бұру саласындағы уәкілетті органның өңірлік органдарымен келісіледі.
Жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды осы бапқа сәйкес тау-кен жұмыстарының жоспарын келіскен жағдайда ғана жүргізуге құқылы.
5. Өндіру бойынша жоспарланатын жұмыстардың түрлері, әдістері және (немесе) тәсілдері, сондай-ақ жұмыстарды жүргізу технологиялары, көлемдері мен мерзімдері өзгертілген, өндірістік объектілердің және инфрақұрылым объектілерінің құрамы өзгертілген жағдайда жер қойнауын пайдаланушы тау-кен жұмыстарының жоспарына тиісті өзгерістер енгізуге және оны пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынуға міндетті. Тау-кен жұмыстарының жоспарына өзгерістер:
1) тау-кен жұмыстарының жоспарында көзделген өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу тәуекелдері ұлғайған;
2) бұған дейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органдармен келісілген тау-кен жұмыстарының жоспарында көзделмеген, қосымша тәуекелдерге алып келетін өндіру жөніндегі операцияларға жоспарланған өзгерістер;
3) жүзеге асырылуы тау-кен жұмыстарының жоспарында көрсетілген экологиялық көрсеткіштерге қол жеткізбеуге алып келетін өндіру жөніндегі операцияларға жоспарланған өзгерістер;
4) жер жабынының тұтастығын қосымша бұзуды болжайтын өндіру жөніндегі операцияларда жоспарланған өзгерістер;
5) кеніштің негізгі объектілері параметрлеріндегі жоспарланған өзгерістер;
6) кеніштің негізгі объектілері санындағы жоспарланған өзгерістер болған жағдайларда қоршаған ортаны қорғау және өндірістік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органдармен келісуді талап етеді.
6. Өзгертілген тау-кен жұмыстарының жоспарын пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынылғанға дейін ол бойынша жұмыстар жүргізуге тыйым салынады.
217-бап. Жою жоспары
1. Жою жоспары өндіру учаскесінде орналасқан кенішті және басқа да өндірістік және инфрақұрылымдық объектілерді пайдаланудан шығару, өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде бүлінген жерлерді рекультивациялау бойынша іс-шаралар, жою және рекультивациялау бойынша біртіндеп жұмыстар жүргізу жөніндегі іс-шаралар, өндіру жөніндегі операциялардың салдарын жою жөніндегі өзге де жұмыстар сипаттамасы, сондай-ақ мұндай жою жөніндегі іс-шаралардың болжалды құнының есеептеуді қамтитын құжат болып табылады.
Егер жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия (лицензиялар) бойынша жер қойнауының басқа да учаскесінде (учаскелерінде) орналасқан тау-кен өндіруші немесе тау-кен байыту өндірісінің техногендік минералдық түзілімдерін орналастыру объектілері өндіру учаскесінде орналасқан кенішті пайдалануға тікелей байланысты болса, жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауының осы учаскелерінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою жөніндегі барлық жоспарланған жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында бірыңғай жою жоспарын әзірлеуге құқылы.
Жою жоспарын жер қойнауын пайдаланушы әзірлейді және жоспар пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган жүргізетін кешенді сараптамаға жатады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы өндіру жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша жұмыс құнын болжамды түрде есептеуге өзгерістерді қоса алғанда, жою жоспарына:
1) кешенді сараптаманың соңғы оң қорытындысын алған күннен бастап үш жылдан кешіктірмей;
2) осы Кодекстің 216-бабының 5-тармағына сәйкес тау-кен жұмыстарының жоспарына өзгерістер енгізілген жағдайда өзгерістер енгізуге міндетті.
3. Кешенді сараптаманың оң қорытындысын алған жою жоспарында олардың салдарын жою көзделмеген пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыруға жол берілмейді.
4. Жою жоспарын жасау бойынша нұсқаулықты және пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операциялардың салдарын жоюдың болжамды құнын есептеу әдістемесін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді.
218-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операциялардың салдарын жою
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операциялар салдарын жою жою жоспары негізінде әзірленген жою жобасына сәйкес жүргізіледі.
2. Жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пайдалы қатты қазбаларды өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстар жобасын әзірлеуді және бекітуді лицензия мерзімі өткенге дейін екі жылдан кешіктірмей қамтамасыз етуге міндетті.
Егер пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның қолданылуы өзге негіздер бойынша тоқтатылса, жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға пайдалы қатты қазбаларды өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстар жобасын әзірлеуді және бекітуді лицензияның қолданылуы тоқтатылған күннен бастап сегіз айдан кешіктірмей қамтамасыз етуге міндетті.
Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 220-бабына сәйкес бас тартқан өндіру учаскесінің бір бөлігінде пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операциялар салдарын жою осындай бас тартқанға дейін жүргізіледі. Жою аяқталғаннан кейінгі және өндіруге арналған лицензиядан ол алып тасталған кезге дейінгі кезеңде өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге немесе осындай учаскенің бір бөлігін өзге де пайдалануға жол берілмейді.
3. Өндіру учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға осындай тоқтату күнінен бастап сегіз айдан кешіктірілмейтін мерзімде өндіру жөніндегі операциялар салдарын жоюға кірісуге міндетті. Осы кезең ішінде аталған тұлға жер қойнауы учаскесінің аумағынан өндірілген пайдалы қатты қазбаларды шығаруға құқылы. Лицензияның қолданылуы тоқтатылғаннан кейін сегіз ай өткен соң өндіру учаскесінің аумағынан шығарылмаған пайдалы қатты қазбалар жер қойнауының құрамына енгізілген деп танылады және осы бапқа сәйкес жойылуға жатады.
4. Өндіру учаскесінде (оның бір бөлігінде) операциялар салдарын жою жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға және пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаны қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органдардың және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының өкілдерінен құратын комиссия және егер жою жеке меншіктегі, тұрақты немесе ұзақ мерзімді уақытша өтеулі жер пайдаланудағы жер учаскесінде жүзеге асырылса, жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы жою актісіне қол қойғаннан кейін аяқталды деп есептеледі.
5. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операциялар салдарын жою актісіне қол қою жер қойнауын пайдалану құқығын өзге тұлғаларға кейіннен беру үшін мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына тиісті мәліметтерді енгізуге негіз болып табылады.
6. Осы баптың ережелері салдарын жоюды талап ететін өндіру жөніндегі операциялар жүргізілмеген, өндіру учаскесінде немесе оның бір бөлігінде жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда қолданылмайды. Бұл учаскеде барлау жөніндегі операциялар жүргізілген жағдайда олардың салдарын жою осы Кодекстің 197-бабына сәйкес жүргізіледі.
219-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету
1. Жер қойнауын пайдаланушы өндіру учаскесінде пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларға осындай операциялар салдарын жою бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға берген жағдайда кірісуге құқылы.
2. Өндіру жөніндегі операциялар салдарын жою бойынша жер қойнауын пайдаланушы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету мынадай шарттар сақтала отырып, осы Кодексте көзделген оның кез келген түрлері үйлестіріліп берілуі мүмкін: өндіруге арналған лицензияның үштен бір мерзімі ішінде - банк кепілдігі немесе банктік салым кепілі түрінде қамтамасыз ету жалпы қамтамасыз ету сомасының кемінде қырық пайызын, үштен екі мерзімі ішінде - кемінде алпыс пайызын және қалған кезеңде жүз пайызын құрауға тиіс.
Егер жоюды жүргізу екі және одан көп жер қойнауы учаскесі үшін осы Кодекстің 217-бабы 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес жасалған жою жоспары бойынша жүзеге асыру жоспарланса, жер қойнауын пайдаланушы осы учаскелерде жер қойнауын пайдалану салдарын жою бойынша міндеттемелердің орындалуын ортақ қамтамасыз етуді беруге құқылы.
3. Қамтамасыз ету сомасы жүргізілген өндіру жөніндегі операциялар және жою жоспарына кешенді мемлекеттік сараптаманың соңғы оң қорытындысы алынған күннен бастап алдағы үш жылға жоспарланатын операциялар салдарын жою жөніндегі жұмыстардың жалпы есептік құнын жабуға тиіс.
Қамтамасыз ету сомасы жою жөніндегі жұмыстар жоспарында көзделген сметаға сәйкес түпкілікті қайта есептеуге жатады.
Жою жөніндегі жұмыстардың құнына әкімшілік және басқарушылық шығыстар, сондай-ақ:
учаске (учаскелер) аумағында орналасқан технологиялық жабдықты, ғимараттарды және құрылысжайларды демонтаждауға және әкетуге;
кенішті (шахтаны, ұңғыманы, карьерді және басқаларын), техногендік минералдық түзілімдерді орналастыру объектілерін (олар болған кезде) жабуға;
зиянды заттар мен материалдарды (олар болған кезде) көмуге;
бүлінген жерді рекультивациялауға;
өзендердің, жылғалардың және су ағындарының (олар болған кезде) арналарын қалпына келтіруге;