Тендерді өткізу туралы хабарламада тендерге қатысушы Қазақстан Республикасының аумағында қайта өңделуін қамтамасыз етуге міндеттенетін минералдық шикізаттың ең төмен мөлшері белгіленген жағдайда конкурстық ұсыныс осындай талапқа сәйкес келуге тиіс.
Жоғарыда көрсетілген, сондай-ақ осы Заңның 47-бабы 2-тармағының 2), 5), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтін конкурстық ұсыныс қабылданбауға тиіс.
4. Конкурстық ұсыныста өтінім беруші ұсынған міндеттемелер мен ниеттер келісімшартқа енгізіледі.
51-бап. Конкурсқа қатысу құқығын беруден бас тарту
Конкурсқа қатысуға өтінім берген тұлғаға мынадай жағдайларда:
1) конкурсқа қатысуға арналған өтінім осы Заңның 48-бабының талаптарына сәйкес келмегенде;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) конкурстық ұсыныс тендер шарттарына сәйкес келмегенде;
3) өтініш беруші дәйексіз мәліметтер ұсынса;
4) егер өтініш берушіге жер қойнауын пайдалану құқығын беру еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі, оның ішінде келісімшарт шеңберінде құқықтарды шоғырландырған және (немесе) жер қойнауын пайдалану саласындағы операцияларды жүргізу құқықтарын шоғырландырған кезде талаптардың сақталмауына әкеп соқтыратын жағдайда конкурсқа қатысу құқығын беруден бас тартылуы мүмкін.
Конкурсқа қатысу құқығын беруден бас тарту осы баптың 4) тармақшасына сәйкес себептері түсіндірілмей ресімделеді.
Конкурсқа қатысу құқығынан бас тартуға сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 52-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
52-бап. Тендер қорытындыларын шығару
1. Тендер жеңiмпазы конкурстық ұсыныстарды қарау қорытындылары:
1) қол қойылатын бонустың мөлшерi;
2) өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстардың мөлшерi бойынша айқындалады.
2. Кең таралғандардан басқа пайдалы қазбаларды барлауға, өндiруге, бiрлескен барлау мен өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығын алуға конкурстық ұсыныстар ұсынған өтiнiм берушiлер арасынан тендер жеңiмпазын Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстарды өткiзу жөнiндегi комиссия айқындайды.
Кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығын алуға конкурстық ұсыныстар ұсынған өтiнiм берушiлер арасынан тендер жеңiмпазын кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөнiндегi конкурстық комиссия айқындайды.
3. Тендер қорытындыларын шығару Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстарды өткiзу жөнiндегi комиссияның (кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөнiндегi конкурстық комиссияның) қатысып отырған барлық мүшелерi қол қоятын хаттамамен ресiмделедi.
Тендер қорытындыларын шығару мерзiмi конкурстық ұсыныстарды беру мерзiмi аяқталған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен аспауға тиiс. Тендер қорытындыларын шығару мерзiмi Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстарды өткiзу жөнiндегi комиссияның (кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөнiндегi конкурстық комиссияның) шешiмi бойынша, бiрақ ол бiр айдан аспайтындай етіп ұзартылуы мүмкiн.
4. Тендер қорытындыларына оған қатысушылар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасауы мүмкiн.
5. Тендер жеңiмпазымен келiсiмшарт осы Заңда белгiленген тәртiппен және шарттарда жасалады.
6. Тендер нәтижелерi тендер қорытындылары шығарылған кезден бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей ресми баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тiлдерiнде жариялануға жіберілуге, сондай-ақ тендер өткiзетiн мемлекеттiк органның ресми интернет-ресурсында орналастырылуға тиiс.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 52-1-баппен толықтырылды
52-1-бап. Аукционды ұйымдастыру және өткізу
1. Аукционды Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстарды өткiзу жөнiндегi комиссия, ал кең таралған пайдалы қазбаларға қатысты - кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөнiндегi өңірлік конкурстық комиссиялар ұйымдастырады және өткізеді.
2. Аукционға оған қатысуға жіберілген және аукцион өткізілетін күнге оған қатысушы ретінде тіркелген кез келген өтінім берушілердің қатысуға құқығы бар.
3. Қол қойылатын бонустың ең көп мөлшерін ұсынған қатысушы, ол үш рет жарияланғаннан кейін аукционға басқа қатысушылардан оны арттыратын ұсыныстар келіп түспесе, аукцион жеңімпазы болады.
4. Аукцион нәтижелері ол өткізілген күні хабарланады және Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстарды өткiзу жөнiндегi комиссияның (кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөнiндегi конкурстық комиссияның) қатысып отырған барлық мүшелерi қол қоятын хаттамамен ресiмделедi.
5. Аукцион қорытындыларына оған қатысушылар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасауы мүмкiн.
6. Аукцион жеңiмпазымен келiсiмшарт осы Заңда белгiленген тәртiппен және шарттарда жасалады.
7. Аукцион нәтижелерi аукцион қорытындылары шығарылған кезден бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей ресми баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тiлдерiнде жариялануға жіберілуге, сондай-ақ аукцион өткiзетiн мемлекеттiк органның ресми интернет-ресурсында орналастырылуға тиiс.
53-бап. Конкурсты өткізілмеді деп танудың тәртібі мен негіздері
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурсты Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстарды өткізу жөніндегі комиссия мынадай жағдайларда:
1) екіден кем өтінім берілгенде;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) егер конкурсқа қатысуға екіден кем қатысушы жіберілгенде өтпеді деп таниды.
3) 2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
Кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурстық комиссия жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурсты қабылданған конкурстық ұсынысы бар, конкурсқа жіберілген жалғыз қатысушы болмаған жағдайда ғана өтпеді деп таниды.
2. Конкурсты өткізілмеді деп тану туралы шешім жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстарды өткізу жөніндегі комиссияның хаттамасымен ресімделеді немесе оны кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурстық комиссия ресімдейді.
Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстарды өткізу жөніндегі комиссияның конкурсты өткізілмеді деп тану туралы шешімі немесе кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурстық комиссияның конкурсты өткізілмеді деп тануы конкурсқа жіберілген барлық қатысушыларға хабарланады.
3. Конкурсты өткізілмеді деп тану туралы хабарландыру ресми баспа басылымында бір мезгілде қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ конкурсты өткізетін мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында жариялануға тиіс.
54-бап. Қайталама конкурс өткізудің тәртібі мен негіздері
1. Жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған конкурс өткізілмеді деп танылған жағдайда құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы:
1) конкурсты қайтадан өткізу туралы;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) конкурс шарттарын өзгерту және конкурсты қайтадан өткiзу туралы шешiмдердiң бiрiн қабылдауы мүмкiн.
2. Қайталама конкурс осы Заңда конкурс өткізу үшін көзделген тәртіппен және мерзімдерде өткізіледі.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Егер конкурс осы Заңның 53-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша өтпедi деп танылған жағдайда, конкурсты қайтадан өткізу кезiнде конкурсқа қатысу үшін жарна және геологиялық ақпарат топтамасы берілгені үшін төлем өтпеген конкурс барысында көрсетілген сомаларды төлеген өтінім берушіден алынбайды.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Егер қайталама тендер бiр ғана жіберілген қатысушының болуы себебінен өтпедi деп танылған жағдайда, құзыреттi орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы осындай конкурстық ұсыныс берген тендерге қатысушымен конкурстық ұсыныста жазылғаннан нашар болмайтын шарттарда тiкелей келiссөздер арқылы келiсiмшарт жасасуға міндетті.
55-бап. Конкурсты жарамсыз деп тану
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы Заңда белгіленген қағидалардың бұзылуымен өткізілген конкурс сот шешімінің негізінде жарамсыз деп танылуы мүмкін.
Мыналар:
1) конкурстың жеңімпазын айқындауға ықпалын тигізген, осы Заңда белгіленген конкурс өткізу қағидаларының бұзылуы;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) құзыреттi органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органына оның конкурсқа қатысуға жіберу немесе конкурс жеңiмпазы туралы шешiмiне әсер еткен көрiнеу жалған ақпарат беру фактiсiнiң анықталуы;
3) конкурстың жеңімпазы болып танылған қатысушылар не заңды тұлға акционерлері құрамының келісімшарт жасасқан күнге дейін өзгеруі;
4) конкурсты өткізуге қатысушы лауазымды тұлғалардың конкурста жеңімпаз болып танылған тұлғаға конкурстың басқа қатысушылары (өтініш берушілері) алдында заңсыз басымдықтар беру және (немесе) талаптарды ырықтандыру фактісінің анықталуы конкурсты жарамсыз деп тануға негіз болып табылады.
2. Келісімшартты жасасқанға дейін конкурс жарамсыз деп танылған жағдайда келісімшарт жасалмайды. Келісімшарт жасалғаннан кейін конкурс жарамсыз деп танылған жағдайда конкурстың жеңімпазымен жасалған келісімшарт сот тәртібімен жарамсыз деп танылады.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша конкурс жарамсыз деп танылған жағдайда осындай конкурстың жеңімпазы деп жарияланған тұлға төленіп, қол қойылған бонусты қайтаруды талап етуге құқылы.
Құзыретті орган салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер түсімдерін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органға конкурстың жеңімпазы болып жарияланған тұлғаның кінәсінсіз конкурсты жарамсыз деп тану фактісі туралы хабарлайды.
4. Мынадай жағдайларда:
1) конкурс жеңімпазы деп танылған заңды тұлғаның ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналыста болатын акцияларын немесе акцияларға меншік құқығын растайтын өзге де бағалы қағаздарын не акцияларда айырбасталатын бағалы қағаздарын иеліктен шығару жөніндегі мәмілелер жасалғанда;
2) осындай заңды тұлғалардың әрқайсысында қатысу үлестерінің (акциялар пакеттерінің) кемінде тоқсан тоғыз пайызы белгілі бір тұлғаға тікелей немесе жанама түрде тиесілі болған жағдайда, сондай-ақ, егер қатысу үлесін (акциялар пакетін) сатып алушы салық салуда жеңілдігі бар мемлекетте тіркелмеген болса, мұндай басқа тұлғаның пайдасына конкурс жеңімпазы деп танылған заңды тұлғадағы қатысу үлесі (акциялар пакеті) берілгенде;
3) конкурс жеңімпазы деп танылған заңды тұлғадағы қатысу үлесі (акциялар пакеті) берілгенде, егер мұндай беру нәтижесінде тұлға тікелей немесе жанама түрде (үшінші тұлғалар арқылы) конкурс жеңімпазы деп танылған заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің (акциялар пакетінің) 0,1-ден аз пайызына билік ету құқығын алатын болса, осы баптың 1-тармағы 3) тармақшасының ережесі қолданылмайды.
5-тарау. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫН ТІКЕЛЕЙ КЕЛІССӨЗДЕР НЕГІЗІНДЕ БЕРУ
56-бап. Тікелей келіссөздер объектілері
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Барлауға арналған келiсiмшарт негiзiнде коммерциялық табумен байланысты өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығын алуға айрықша құқығы бар тұлғамен өндiру жөнiндегi операцияларды жүргiзу үшiн берiлетiн жер қойнауы учаскелерiн қоспағанда, тiкелей келiссөздер негiзiнде, кең таралғандардан басқа, пайдалы қазбаларды барлау, өндiру, бiрлескен барлау мен өндiру жөнiндегi операцияларды жүргiзу үшiн берiлетiн жер қойнауы учаскелерiн және барлау үшін оңайлатылған тәртіппен берілетін учаскелерді құзыреттi орган айқындайды.
Осы Заңның 35-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда келісімшарттар конкурс өткізілмей-ақ, тікелей келіссөздер негізінде жасалады.
2. Тікелей келіссөздер негізінде барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын:
1) автомобильге жанармай құю стансаларын қоспағанда, мұнай мен газды сақтауға арналған жерасты немесе топырақ қабатынан төмен тереңдіктегі құрылыстарды;
2) жер астындағы тереңдігі үш метрден астам тоннельдерді, метрополитендерді, жерасты жолдары мен инженерлік құрылыстарды;
3) қорларды жасанды толтыру үшін жер қойнауына жерасты суларын айдауға арналған құрылыстарды;
4) қатты, сұйық және радиоактивті қалдықтарды, зиянды улы заттарды көму мен жиып қою және сарқынды және өнеркәсіптік суларды жер қойнауына ағызу үшін топырақ қабатынан төмен тереңдіктегі қалдық қоймаларын, қойыртпақ қоймаларын салуға және (немесе) пайдалануға жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған келісімшарттар жасалады.
3. Тікелей келіссөздер негізінде кең таралған пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге берілетін жер қойнауы учаскелерін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы айқындайды.
57-бап. Тікелей келіссөздерді жүргізудің тәртібі мен шарттары
1. Тікелей келіссөздер негізінде жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасасу құқығына осы Заңда айқындалған тұлғалар ие болады.
Тікелей келіссөздер негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін жүгінетін тұлға осы Заңмен жер қойнауын пайдаланушыларға қойылатын талаптарға сай болуға тиіс.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тікелей келіссөздерді құзыретті органның жұмыс тобы жүргізеді. Жұмыс тобы туралы ережені және оның құрамын құзыретті орган бекітеді.
Барлаумен немесе өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша тiкелей келiссөздердi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың тиісінше жергiлiктi атқарушы органының жұмыс тобы жүргiзедi. Жұмыс тобы туралы ереженi және оның құрамын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың тиісінше жергiлiктi атқарушы органы бекiтедi.
3. Келісімшарт жасасуға үміткер тұлға тікелей келіссөздерге қатысу үшін өтінімді осы тарауда белгіленген талаптарға сәйкес құзыретті органға жібереді.
Осы Заңның 35-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жер қойнауын пайдалануға құқық беру жөнінде тікелей келіссөздер жүргізу туралы құзыретті органнан хабарлама алған кезден бастап жер қойнауын пайдалану мақсаты үшін жерді резервтеуді Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізеді.
4. Тікелей келіссөздерге қатысуға өтінім қабылданғаннан кейін жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган өтініш беруші жүгінгеннен кейін бір ай ішінде берілетін жер қойнауы учаскесі бойынша геологиялық ақпарат топтамасын ақылы түрде береді.
5. Құзыретті орган өтініш берушіні тікелей келіссөздерге қатысуға арналған өтінім келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде тікелей келіссөздер жүргізу туралы немесе тікелей келіссөздер жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылдағаны жөнінде хабардар етуге міндетті.
Құзыретті орган өтініш берушіні тікелей келіссөздер жүргізілетін күн туралы хабардар етеді.
6. Тікелей келіссөздер осы Заңның 58-бабының талаптарына сәйкес ресімделген өтінім келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде жүргізіледі. Тікелей келіссөздер жүргізу мерзімі құзыретті органның шешімімен ұзартылуы мүмкін.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Осы баптың ережелерi кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндiруге, барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша тiкелей келiссөздердi жүргiзу кезiнде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергiлiктi атқарушы органдарына қатысты қолданылады.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Барлау үшін оңайлатылған тәртіппен жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша тікелей келіссөздер жүргізудің тәртібі мен шарттары осы Заңның 57-1-бабында айқындалған.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 57-1-баппен толықтырылды
57-1-бап. Барлау үшін оңайлатылған тәртіппен жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша тікелей келіссөздер жүргізудің тәртібі мен шарттары
1. Барлау үшін оңайлатылған тәртіппен жер қойнауын пайдалану құқығы аз зерттелген жер қойнауы учаскелеріне беріледі.
Барлау үшін оңайлатылған тәртіппен берілетін жер қойнауы учаскесі он блоктан аспауға тиіс, олардың әрқайсысы координаттардың географиялық жүйесінде бір минутқа тең.
2. Барлау үшін оңайлатылған тәртіппен жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін өтінім беруші құзыретті органға өтінім жібереді, онда мыналар қамтылуға тиіс:
1) заңды тұлғаның атауы, оның орналасқан жері, мемлекеттік тиесілігі, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі және салық органдарында тіркелуі туралы мәліметтер, жарғылық капиталдағы (жарғылық капиталдың жалпы мөлшеріне шаққанда) үлестерінің мөлшері көрсетіле отырып, өтінім беруші заңды тұлғаның басшылары және қатысушылары немесе акционерлері туралы мәліметтер, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығындағы заңды тұлға бағалы қағаздарының айналысы туралы осындай қағаздардың жалпы саны көрсетілген мәліметтер, өтінім берушінің еншілес ұйымдары туралы мәліметтер;
2) өтінім беруші үміттеніп отырған, блоктар түрінде ұсынылған жер қойнауы учаскесін көрсету;
3) өтінім берушіде үлгілік келісімшарт жасалғаннан кейін алғашқы жылы ішінде сұралып отырған учаске шегінде орындалуы қажет шығындар мен жұмыс түрлерінің ең төмен мөлшері туралы талаптарды орындау үшін жеткілікті ақшаның бар екендігі туралы банк кепілдігі немесе өзге де растау.
Өтінімге салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларымен бір мезгілде құжаттардың көшірмелері не өтінімде көрсетілген мәліметтерді растайтын, нотариат куәландырған көшірмелер, сондай-ақ қол қойылған үлгілік келісімшарт қоса беріледі.
Үлгілік келісімшарт нысанын құзыретті орган бекітеді және онда мынадай негізгі ережелер қамтылуға тиіс:
1) жыл сайын өсіп отыратын төлемдер түрінде ұсынылған, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстар мөлшері;
2) қол қойылатын бонусты төлеу жөніндегі міндеттемелер;
3) үлгілік келісімшарт қолданылатын бүкіл кезеңде бір блок шегінде орындалуы қажет, жылдар бойынша шығындар мен жұмыс түрлерінің ең төмен мөлшері.
3. Құзыретті орган ресми интернет-ресурста:
1) өтінім берушінің атауын;
2) сұралып отырған учаскенің координаттарын;
3) өтінім берілген уақытты көрсете отырып, берілген өтінімдер туралы мәліметтерді орналастырады.
4. Егер құзыретті органның ресми интернет-ресурсында берілген өтінім туралы мәліметтер орналастырылғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде сұралып отырған учаскеге біреуден артық өтінім қосымша берілген жағдайда, онда мұндай учаске бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы осы Заңда аукцион үшін көзделген тәртіппен беріледі.
5. Өтінім құзыретті органға келіп түскен күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
Өтінімді қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган өтінімді қабылдайды немесе оны қабылдамайды.
Өтінім мынадай жағдайларда:
1) егер сұралып отырған учаске көлемі бойынша осы баптың 1-тармағында белгіленген шектеулерден асып кетсе;
2) егер сұралып отырған учаскеде немесе оның бір бөлігінде бұрын өтінім берушімен немесе оның үлестес тұлғасымен осы Заңның 72-бабында көзделген негіздер бойынша құзыретті органның бастамасымен барлауға арналған келісімшарт біржақты тәртіппен бұзылған болса, бұл ретте бұзылған күннен бастап үш жылдан аз уақыт өтсе;
3) осы Заңның 51-бабының 4) тармақшасында және 55-бабының 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген негіздер болса;
4) егер сұралып отырған учаске немесе оның бір бөлігі басқа жер қойнауын пайдаланушының пайдалануында болса, қабылданбауға жатады.
Өтінімді қабылдаудан бас тарту өтінім берушіні қайтадан өтінім беру құқығынан айырмайды.
6. Тікелей келіссөздер өтінім қабылданғаннан кейін он жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
7. Тікелей келіссөздер қорытындылары бойынша өтінім берушімен үлгілік келісімшарт жасалады.
8. Барлау үшін оңайлатылған тәртіппен жер қойнауын пайдалану құқығын алған жер қойнауын пайдаланушы кадрлардағы, тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту жөніндегі міндеттемелерден босатылады.
58-бап. Тікелей келіссөздерге қатысуға өтінім
1. Тікелей келіссөздерге қатысуға өтінім:
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) заңды тұлғалар үшін - өтініш берушінің атауын, оның орналасқан жерін, мемлекеттік тиесілігін, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі және мемлекеттік кіріс органдарында тіркелуі туралы мәліметтерді, жарғылық капиталдағы олардың үлестерінің мөлшері (жарғылық капиталдың жалпы мөлшерінен) көрсетіле отырып, өтініш беруші — заңды тұлғаның басшылары мен қатысушылары немесе акционерлері туралы мәліметтерді, бағалы қағаздардың жалпы саны көрсетіле отырып, заңды тұлғаның осындай қағаздарының ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығындағы айналымы туралы мәліметтерді, өтініш берушінің еншілес ұйымдары туралы мәліметтерді;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) жеке тұлғалар үшін - өтініш берушінің тегін, атын және әкесінің атын (ол болған жағдайда), заңды мекенжайын, азаматтығын, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттары, өтініш берушінің мемлекеттік кіріс органдарында тіркелуі, өтініш берушінің кәсіпкерлік қызмет субъектісі ретінде тіркелуі туралы мәліметтерді;
3) өтініш берушінің мүддесін білдіретін басшылардың немесе өкілдердің өкілеттіктері туралы мәліметтерді қоса алғанда, мұндай тұлғалар туралы деректерді;
4) ұлттық компанияларды қоспағанда, барлық өтініш берушілердің, сондай-ақ барлауға арналған келісімшарт негізінде өздері жүргізген коммерциялық табудың негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін жүгінетін тұлғалардың өтінімінде көрсетілетін өтініш берушінің техникалық, басқарушылық, ұйымдастырушылық және қаржылық мүмкіндіктері туралы деректерді қамтуға тиіс.
Өтініш беруші құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының талабы бойынша тікелей келіссөздер жүргізудің негізіне қарай өзге де ақпаратты қосымша береді.
2012.09.01. № 535-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға келісімшарт жасасу жөніндегі тікелей келіссөздерге қатысуға арналған өтінімге мынадай мәліметтерді:
1) зиянды, улы заттарды, қатты және сұйық қалдықтарды көму объектілерінің, сарқынды және өнеркәсіптік суларды ағызатын жердің, оның ішінде объектінің орналасқан жерін, пайдалану кезеңін, ұстауға арналған шығындарды, жерасты сулары, қоршаған орта мен жер қойнауы мониторингінің қадағалау желісінің болуы мен орналасуының жалпы сипаттамасын;
2) объектілердің физикалық сипаттамасын - оқшаулау сипаттамасын, тау-кен жыныстарының типін, коллектор қаттарының жерасты тереңдігін және тиімді қуатын, оның алаңын, кеуектілік коэффициентін, төселетін және жабылатын су тірегінің сипаттамасын, жерасты суларының табиғи ағысының жылдамдығын, көмудің, жиып қою мен ағызудың сапалық және сандық көрсеткіштерін, тау-кен техникалық, арнаулы инженерлік-геологиялық, гидрогеологиялық және экологиялық шарттарын;